КЕҢЕСТІК БИЛІК: ҰЛТШЫЛДАРМЕН КҮРЕС

Қазақстандағы 32­жылғы қайғылы қасірет өзінің ауқымы жағынан жергілікті халық тарихындағы қаралы кезең ХVІІІ ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманымен салыстырылып жүр. Мәселенің деңгейін түсіну үшін солай еткен де жөн шығар. Бірақ бұл салыстырудың өзі де шартты, шынтуайтқа келгенде, халықтың соңғы кезеңде жоғалтқаны алдыңғысынан сан жағынан да, сапа жағынан да анағұрлым артып түседі. Көп жағдайда өзіміз айтып, түрлі еңбектерде келтіріп жүрген айғақтар, яғни халық санының екі есеге жуық кеміп кетуі, дәстүрлі шаруашылық түрлерінің ауыр дағдарысқа ұшырауы мәселенің көзге көрінер бергі беті де, ал жаңа ғана саяси еркіндікке қадам жасап, мемлекеттік егемендіктен үміттеніп, еңсесін көтере бастаған халықтың қайтадан рухани тоқырауға ұрынуы, ұрпақаралық рухани сабақтастықтардың үзілуі зерттеушілердің назарынан тыс қалып қойған мәселе еді. Ал адамзат қоғамының табиғи болмысы сондай, кез келген халықтың өзін­ өзі тануы, әрбір тарихи кезеңдерде алда тұрған кезекті міндеттерін анықтауы алдымен интеллигенция қызметі арқылы жүретіндігі мәлім. XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі оқиғалардың куәсі болған қазақ интеллигенциясы өз халқының басынан өтіп жатқан түбегейлі өзгерістерді жан­жақты талдап түсінуге, ол өзгерістерге өз мүмкіншілігінше ықпал етуге тырысты. 20­ жылдары Қазақстанның саяси өмірінде белсенді рол атқарған С.Сәдуақасұлы өз оппоненттеріне жауап беріп: «Қырғыз (қазақ ­ М.Қ.) халқының тағдыры үшін тарих алдында ең алдымен қырғыз коммунистері жауап береді», ­ десе, саяси күрестегі оның серіктерінің бірі Ж.Мыңбаев: «…Біз қырғыз елі алдында, тарих алдында әшкере болғымыз келмейді. Біздің мақсатымыз түрлі декреттер мен нұсқауларға қол қоюшылар ғана болу емес, іс бітіріп, болашақ ұрпақ «иә, олар шынымен де тырысып еді дейтіндей дәрежеге жету», ­ деген еді. Өздеріне мұндай жауапкершілік артқан буын кімдер еді? Олардың мемлекеттік және қоғамдық қызметі қандай бағытта жүрді, қандай нәтижемен аяқталды, өз уақытында танылған «ұлтшылдық» таңбасы олардың ұстанған бағытына қаншалықты сай келетін еді? Міне, осы сияқты жеңіл­желпі емес, аса маңызды сауалдарға жауап іздеп көрелік. Өмірдегі барлық құбылыстардай саясаттың да өз тұп төркіні, сабақтастық байланысы бар. Қазақ Өлкелік Комитетін 1925­1933 жылдары басқарған, іс жүзінде осы мезгілде Қазақстанның жеке дара әміршісіне айналған Ф.И.Голощекиннің ұстанған саяси бағытын тура түсіну үшін, оған тарихи тұрғыдан қарау орынды болар еді. Түптеп келгенде, мәселе Қазақстандағы социалистік құрылыстың өзіндік жолдары мен әдістеріне келіп тірелетіндіктен, Голощекиннің бұл тұрғыдан, белгілі дәрежеде, өзінен бұрын басталған саяси бағыттың жалғастырушысы болғанын есепке ала отырып, оған дейін­ақ жаңа қоғамды құрудың әдістері арнайы және принципті сөз болған облыстық ІІІ партия конференциясына тоқталу қажет. 1923 жылдың 17­22 наурыз аралығында Орынборда өткен Қазақ партия ұйымы III конференциясында РКП(б) Орталық комитетінің өкілі Е.М.Ярославский, РКП(б) Қазақ Бюросының мүшесі А.И.Вайнштейн өздерінің баяндамаларында және сөйлеген сөздерінде сол уақытқа дейін Қазақстандағы партиялық және мемлекеттік жұмыста негізінен ұлттық факторларға көңіл бөлініп, ал тапаралық қатынастардың назардан тыс қалып қойғандығын баса көрсетті. Мәселен, Е.М.Ярославский Қазақстандағы «ұлтшылдықтың» шығу көздеріне тоқталып: «Ұлттық еркіндік үшін күрес аса үлкен рөл атқарған Қырғыз республикасында туып өскен, жұмыс істеп, күрес жүргізген жолдастар таптық күреске тым аз мән беріп, ұлттық мәселелерге өте үлкен көңіл аударатындығын айтып, соның нәтижесінде Қырғызстанда көптеген шараларды жүзеге асыру кешеуілдеп отыр»,­ деді 1 . РКП(б) Қазақ бюросының мүшесі А.И.Вайнштейн «Қазақстандағы партия және кеңес жұмысына әлеуметтік база құрудың әдістері» атты баяндамасында: «Біз осы уақытқа дейін белсенді жүргізген жұмысымызда, әсіресе қазақ тұрғындарының арасында, негізінен ұлттық мәселелерді көздедік. Бұл кезең аяқталғандықтан, енді оны (ұлттық мәселелерді — М.Қ.) екінші кезекке ығыстырып (әрине, біз ұлттық саладағы бірде­бір жұмыстан бас тартпай, қатар жүргіземіз), салмақты жұмысымыздың әлеуметтік базасы жағына аударуымыз керек», ­ деп, ондағы негізгі мақсат «кедейдің әлі оянбаған инстинктін шайқау, көтеру», тіптен «…ең дұрысы кедейді байларға тік қарсы қою, сол арқылы кедейлерге кіріптарлықтан құтылу дегеніміз осы екендігін сездіру» деп баса көрсетті 2 . Баяндамашы бұл істі жүргізуде ұлтшыл интеллигенция «ұлттық бірлікті уағыздап, қоғамдық өмір құбылыстарын түсіндіруде бірінші кезекке ұлтшылдық тұжырымдарды қойып, сол арқылы кедейлердің таптық санасының өсуіне және әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуіне кедергі жасап отыр» деп мәлімдеді. Бұл іс жүзінде мүлдем жаңа кезең, яғни байлар меншігіне «қызылгвардиялық шабуылға» өту еді. Қоғамды социалистік негізде қайта құрудың алғышарттарының бірі есебінде қойылған бұл күрделі және ауыр шараны іске асыру үшін қазақ қоғамы әлеуметтік­экономикалық, саяси және рухани кемелдік тұрғысынан даяр ма еді? Жоқ, даяр емес болатын. Экономикалық мешеулік, таптық жіктелудің, еңбекші бұқараның өзінің таптық мүддесін түйсініп, ол үшін күресуге даярлығының төменгі дәрежеде болуы бұл мәселені шешуде көлденең тұрған негізгі кедергілер еді. Орта Азия мен Қазақстандағы мұндай ерекшеліктерге тоқтала келіп, В.И.Ленин партияның VІІІ съезінде сөйлеген сөзінде былай деген еді: «Біз осы халықтарға барып: «Біз сіздердің қанаушыларыңызды лақтырып тастаймыз», ­ деп айта аламыз ба? Біз мұны істей алмаймыз, өйткені олар бүтіндей өз молдаларына бағынышты. Бұл арада сол халықтың дамып­жетілуін күту керек, пролетариаттың буржуазиялық элементтерден жіктелуін күту керек, ол болмай қалмайды» 3 . 1921 жылы өткен партияның Х съезінде экономикалық және әлеуметтік дамуда артта қалған аймақтарда «орталық Кеңестік Ресейдің үлгілеріне беталды еліктеуден», «жергілікті халықтың таптық жіктелу саясатымен сөз жүзінде емес, іс жүзінде» есептесіп, «шаруашылық дамудың неғұрлым жоғарырақ сатысы үшін ғана жарамды орталық Ресейдің экономикалық шараларын шығыс шеткері аймақтарға беталды көшіре» салудан аса қатты сақтандырған болатын 4 . 20­жылдардың басында Қазақстанда экономикалық жағдай тым ауыр болатын. Бұл арада үлкен адам шығыны мен арты ашаршылыққа ұласқан 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісті, қазақ қоғамын адам және мал шығынына ұшыратқан Азамат соғысын айтпай өту мүмкін емес. Осы азапты оқиғалардың артын ала келген 1921­1922 жылдардағы ашаршылық қоғамды біржола тұралатып кеткен еді. Демограф М.Тәтімовтың есебі бойынша, 1916­1921 жылдар аарлығында аштықтан қырылған және оққа ұшқан қазақтардың саны 800 мыңға, ал атамекенінен біржола көшіп кеткендердің саны 200 мыңға жеткен 5 . Бұл сол тұстағы қазақ елінің шамамен бестен бірі еді. Конференцияда жасаған баяндамасында партияның Қазобкомының хатшысы Корестелев «1921 және 1922 жылдың алғашқы жартысында облыстық комитет ауыр ашаршылық» жағдайында жұмыс істеді деп мәлімдеді. Конференцияда сөйлеген сөзінде Оралдың губерниялық прокуроры Ы.Мұстамбайұлы сол жылдардағы қазақ ауылдарына ортақ мынадай факті келтірген еді: «…бұдан аз уақыт бұрын Орал губерниясындағы негізгі тұрғындары қазақ Жымпиты уезінде болған едім. 1917­1919 жылғы санақ бойынша мұнда тұрған 90 мың адамнан 1922 жылғы жұттан соң 60 мың адам ғана қалған, демек 30 мың адам апатқа ұшыраған… Осы Жымпиты уезінде 22­ жылы егіншілік жер көлемі 20 мың десятинадан асқан болса, қазір, яғни 23­ жылы уезд жер басқармасының жоспарында бұл жер 12 мың десятинаға дейін кеміп кеткен. Ал Қарқаралы ауданының бірнеше болыстары себуге ұрық алудан бас тартып отыр, өйткені жұмыс малы жоқ 6 . Ауыр шаруашылық дағдарысына ұшырап отырған қазақ шаруасына жедел жәрдем беруге жаңа биліктің де мүмкіншілігі жоғары емес­тін. Өз кезегінде бұл жағдай кедейлердің Кеңес үкіметіне деген сеніміне селкеу түсірді.. Осыған байланысты конференцияда Асылбеков Семей губерниялық партия комитетінің атынан сөйлеген Рубинштейннің тезистерінде қазақтардың арасындағы жұмыс туралы бірауыз сөз айтылмағандығына наразылық білдіріп, «жергілікті жағдаймен есептесу керек еді, өйткені біз Германияда емес Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз ғой», ­ деп көрсетті 7 . Конференцияда сөз алған жұмысшы табы өкілдері Жәнібеков, Толегенов, Жанғалиевтар қазақ жұмысшыларының ауыр тұрмыс жағдайын, олардың да арасында 1921­1922 жылдары ашаршылықтың кең орын алғандығын, оның үлкен адам шығынына да соқтырғандығын нақты фактілермен айтып берді. Ал семейлік жұмысшы Қалаубаев Семей губерниялық партия конференциясында қазақ жұмысшылары арасындағы жұмысқа жете назар аудармаған жергілікті басшылықты сынға алғаны үшін Асылбековтың негізсіз ұлтшыл аталғандығын айтты. Шаруашылық дағдарысы жұмыссыздардың санын күрт өсіріп, кедей­ жатақтардың қоғамдағы үлес салмағын көбейтіп жібергендігі мәлім. Осыған байланысты Вайнштейн өз баяндамасында мынадай сандық мәліметтер келтірді: «…қазақ қоғамындағы кедей қожалықтарының үлесі 72 пайыз, орта шаруашылықтар — 18 пайыз» 8 . Конференцияда сөйлеген шешендердің арасында бұл цифрлармен келіспеушілер де болды. Мәселен, республиканың Азық­түлік халкомы Саматов негізінен мал өсірумен айналысатын аудандарда 1­ден 5 басқа дейін малы барлар — 17, 5­тен 10­ға дейінгілері ­ 21, 10­нан 20­ға дейінгілері — 13, ал малы 40­тан жоғары саналатындар — 0,5 пайыз деген дәлелдер келтіріп, жалпы қазақ шаруашылығында 1­2­ден 5­ке дейін малы бар шаруашылықтар үстемдік алып отыр деп тұжырымдады 9 . Біздің пікірімізше, шындыққа Саматов берген мәлімет жақын. Өйткені 1928 жылы малы кәмпескеге жатқан ірі қазақ байларының ұзын саны 700­ге де жетпеген­ді. Демек, басым көпшілігі кедей және орта шаруалардан тұрған қазақ ауылында, сондай­ақ саяси билік солардың мүддесін қорғайтын кеңестердің қолында тұрғанда байлармен күресті революциялық төтенше шаралар арқылы емес, экономикалық және саяси әдістер арқылы жүргізуге толық жағдай бар еді. Басқаша айтқанда, сол тарихи кезеңдегі Қазақстан жағдайында байлар мен буржуазиялық элементтерге қарсы күресте революциялық зорлықты жалғыз күрес құралы деп тану жергілікті жағдайда терең түсінбеуден туған ірі саяси қателік болатын. Конференция барысында Е.М.Ярославский, А.И.Вайнштейн және басқалар ұсынған күрес әдісі қызу айтыс тудырып, олар ұстанған бағытқа С.Сәдуақасұлы, Ы.Мұстамбайұлы, Темірәлиев, Х.Нұрмұхамедов сияқты жергілікті кеңес және партия қайраткерлері үзілді­кесілді қарсы шықты. Қазақстанда кеңес және партия жұмысының әлеуметтік базасын нығайту жолдарына арналған Вайнштейннің баяндамасын талқылау барысында Смағұл Сәдуақасұлы баяндама тыңдалғаннан кейінгі кешінде «база» деген сөздің оның ұйқысын қашырғандығын, осы сөзді теріс оқығанда қазақтың «азаб» сөзі болып шығатындығын, сол сияқты «база» деген ұғымды қанша көп қайталағанымен, егер ол қазақ кедейлерінің ауыр халін көтеруге бағытталған нақты шаралармен толықтырылмаса, шынымен де оның қазақ бұқарасы үшін «азабқа» айналуы толық мүмкін екендігіне көңіл аударды. «Қазіргі уақытта, ­ деді С.Сәдуақасұлы, ­ қырғыз кедейлері біреудің қанауынан емес, жұмыссыздықтан азап шегуде. Сондықтан да қырғыз кедейлеріне бірінші кезекте тура осы тұрғыдан қарау қажет… Қырғыздарға ат, шөп, косилка беріңіз, сол арқылы оның қожалығын нығайтыңыз, ал бұл шара барды қарадүрсін бөлуден 100 есе тиімді болмақ. Түптеп келгенде, барды бөліске салу идеясы тұтынушылық пиғыл туғызатын өте қауіпті идея. Бүгін сіз кедейге бір сиыр бердіңіз делік, ертең ол сиырды сойып алады, одан кейінгі күні басқасын сұрауы ықтимал, ал ол сұрағаны жоқ болып шықса ше? Сондықтан да мәселенің басқа да жақтарын ұмытуға болмайды. Осында отырықшылыққа өту туралы да айтылды. Оған өту құмар адамдардың қалауы бойынша бола қоймайды. Бұл арада филантропия (сөзбен жарылқаушылық мағынасында. ­ М.Қ.) емес жалпымемлекеттік шаралар қажет». Одан ары ол: «Қазіргі кезеңде ел сілкіністерге емес, бейбіт еңбекке мұқтаж. Елді жаңа экспроприациялар емес, еңбек пен ғылым құтқармақ. Экспроприация идеясы ­ билікке қарсы көтеріліс немесе соған жақын нәрсе. Бізге патша өкіметі тұсында мұндай қоздыру туғызу қызық болғанымен, біздің жағдайымызда қазақ даласында ондай жасанды қоздырулар туғызудың қызығы шамалы. Мемлекеттік адамдар мемлекет мүддесі тұрғысынан ойлауға керек 10 , ­ деген. Сол кезеңде ел сілкіністерге емес, бейбіт еңбекке мұқтаж еді. Сол кездегі саяси ахуал жағдайында тым батыл айтылған бұл ой Ярославский, Вайнштейн және басқаларға қазақ қоғамын социалистік негізде қайта құруға көрсетілген қарсылықтай ұғылған. Өйткені олардың ұғымында, Қазақстан міндетті түрде орталықта іске асырылған шараларды өзінде тез және бұлжытпай іске асырып отыруы керек еді. Сондай­ақ кеше ғана революциялық оқиғаларға белсене араласып, ғылыми социализм теориясымен қаруланған олар қазақ бұқарасының мұқтажын жергілікті коммунистерден, ұлттық интеллигенциядан жақсы білетіндігіне сенімдері мол болды. Осы бағытта сөйлеген Харченко былай деді: «Ауылда таптық жіктелу мәселесі әбден пісіліп­жетілді, сондықтан да біз Қазақстанда жоқ дегенде революциядан кейінгі 6­шы жылы бұл іске кірісуіміз керек. Біз, орыс пролетариаты, өз кулактарымызбен баяғыда­ақ есеп айырыспадық па? … ж.Сәдуақасұлы «база» деген сөзді теріс оқығанда «азаб» болып шығатындығын тура айтты, бірақ ол байлар үшін азапты болатындығын айтпай кетті. Біздің бағдарламамызға зер салыңыздаршы, онда бірінші кезекте іс басына таптық принцип қойылуы қажеттігі айтылған, ал біз мұнда таптық принципті көріп отырғанымыз жоқ… ж.Сәдуақасов сияқты қызметкерлерді нағыз жұмысшы орталықтарына жіберіп, олардың жұмысшылардың өмірімен терең таныстырып алса, мүмкін онда олар қызыл сөзден іске көшіп, кедейлердің мүддесін сөз жүзінде емес, іс жүзінде қорғауға көшер ме еді?». Қазақ партия және кеңес қайраткерлері ұстанған бағыттың жергілікті шындыққа негізделуі мүмкін екендігі, сондықтан да олар айтқан пікірден тек таптық шектілікті ғана көрмей, күрделі өмір қайшылықтарын да іздеу керектігі тәжірибелі революционер Ярославский сияқты партия басшыларында да жетіспей жатты. Ол қорытынды сөзінде: «ж.Сәдуақасов біз мемлекеттік адамдармыз, бізде мемлекеттік көзқарас болу керек дейді. Оның ойы бойынша мемлекеттік көзқарас дегеніміз тыныштық пен бейқам, рахат тұрмыс, ешқандай да толқулардың болмауы. Бізді ұйымдық тұрғыдан нығайтып, әлеуметтік базамызды кеңейте түсетін кез келген толқу пайдалы. Сондықтан да мен «база» мен «азаб» туралы толғаныс аса сәтті шықты дей алмаймын. Кез келген тарихи процеске жауапты қарау керек, ж.Сәдуақасов. Қырғыз сияқты езілген халықтың азаттық алуы азапсыз болуы мүмкін емес… Ал сіз ол процесс азапсыз, қиындықсыз өтсін дейсіз. Бұл мемлекеттік емес, бәрі де тыныш және жайбарақат болсын деген мещанның көзқарасы», ­ деп С.Сәдуақасұлына шүйілді. С.Сәдуақасұлының позициясына берілген бұл баға сырт көзге дәлелді, дұрыс көрінгенімен, шын мәнінде тым жадағай, дәлелсіз еді. Басқаша айтқанда, онда халық өз басынан кешіруге тиіс азап пен қиындықты саяси жауапкершілікпен мейлінше дәл өлшеп­пішуге ұмтылыстан гөрі, революциялық пафос басым болатын. Ал бейбіт өмір жағдайында революциялық пафостың нақтылы ғылыми­экономикалық және әлеуметтік саясатқа орын беруі тиістігін ұмыту сөзсіз қателікке ұрындырмай қоймайтын еді. Оның үстіне бұл тарихи кезеңде орталықтан келген қайраткерлерде тек өздері ұсынған жүйеге шексіз сенушілік үстемдік алып, ал жергілікті интеллигенция өкілдері пікіріне жоғарыдан қараушылық орын алды. Конференцияда С.Сәдуақасұлы бағытын сынға алушылар арасында Вайнштейн ерекше көзге түсті. Ол: «Сәдуақасов жолдас тұжырымдарында міністір Столыпиннің социал­демократиялық фракцияның атына айтқан «Вам нужны великие потрясения, нам нужна великая Россия» дегенін сөзбе сөз қайталап «Вам нужны трясения» дейді. Ал сізге не керегін, Сәдуақасов жолдас, мен айтуға қорқамын, айтқым да келмейді» деп түйді. Басқаша айтқанда, шешеннің бұл сөзі «ж.Сәдуақасов, сіз байлар жағындасыз, демек партияның негізгі бағытына қарсысыз» деген ұғымды беретін еді. Сонымен, партияның Қазақ облыстық ІІІ конференциясында қазақ ауылын социалистік негізде қайта құру жолдары туралы пікір алысу қызу айтысқа ұласқандығын байқау қиын емес. Солай болуы да заңды еді. Өйткені қарсы келген позициялардың арасы тым алшақ­ты, ал олардың өмірде жүзеге асу мүмкіндіктері де әрқилы болатын. Кейінгі уақыт оны анық көрсетіп те берді. Осы арада түрлі себептерге байланысты өз дәрежесінде жетерліктей көңіл бөлінбей келе жатқан бір мәселеге тоқталуға тура келеді. Революция жеңісінен кейінгі кезеңде Қазақстан үшін аса маңызды мәселелердің бірі өлкедегі революциялық өзгерістерді басқаруға лайықты кадрлардың тапшылығы еді. Кеңес билігі орнағаннан кейінгі уақытта орталықтан Қазақстанға біраз кадрлар жіберілген. Олардың арасында революция идеяларына шын ниетімен берілген, соған сай өзгерістерге өз үлесін қосуға дайын большевиктер аз болған жоқ. Сондай­ақ олардың қатарында жергілікті ерекшеліктерімен есептесуге аса құлықты емес, өз міндетін орталықтың нұсқауын бұлжытпай, тіптен реті келсе асыра орындау деп түсінген солақайлар да жеткілікті еді. Өздерін бұрынғы патша шенеуніктерінен кем сезінбеген олар жергілікті халыққа тек бағынуға жаралған бұратаналардай, ал жергілікті ерекшеліктерге назар аударуды талап еткен ұлттық интеллигенция өкілдеріне ұлы революциялық өзгерістерді қабылдауға даяр емес, білімсіз тар өрісті интеллигентсымақ «ұлтшылдар» есебінде қарады. Өз ретінде большевиктердің идеологиялық күрес арсеналында реакциялық «ұлтшылдық» туралы бір жақты пікір қалыптастыруға ерекше еңбек сіңірген де осы топ болатын.

Читайте также:  ІРІ ҚАРА ТУБЕРКУЛЕЗІН АНЫҚТАУДА МОЛЕКУЛЯРЛЫҚ- БИОЛОГИЯЛЫҚ ӘДІСІН ҚОЛДАНУ

Оставить комментарий