Кене хан Нысанбай жырау жырында

Мәңгілікке ұмтылмайтын ел болмайды. Осы жолдағы ұлттың қызметі мыңдаған жеке тұлғалардың күнделікті күйбең (жағымды мағынадағы) тірлігінен, арыстандай айбатты азаматтарының шешуші сәтте көрсеткен қайрат, жігерінен құралады. Қазақ тарихындағы сондай ел тағдыры таразыға түскен кезеңдердің бірі ХІХ ғасырдағы бүкіл қазақ даласын өз құшағына алып, сілкілеп өткен Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт­азаттық қозғалыстың болып өткен жылдары. Қазіргі уақытта бұл тақырып ғылымда біршама шешімін тапты деп айтуға болады, яғни Кене хан бастаған қозғалыс (1837­1847) – қазақ елінің өз жерінің тұтастығы мен саяси тәуелсіздігі үшін жүргізген күресі ретінде қабылданады. Ұлт тарихының сондай күрделі кезеңінде ешқандай да мүдірместен азаттық үшін күрес жолына түсіп, Кене хан сияқты тарихи тұлғаның жалпыұлттық қызметіне қолдау көрсетіп, ханның сенімді серіктері қатарында болып, олардың қуанышы мен қайғысын бірге бөліскен тұлғалардың бірі Нысанбай жырау Жаманқұлұлы (1822­1883 ж.ж.).. [1]. Жыраудың «Кенесары­Наурызбай» дастанының құндылығы оны шығарған автордың, М.Әуезов дәл айтып көрсеткеніндей, «қайғылы оқиғаның қызығы мен қайғысының қалың ортасында» жүріп, «қан майданның ішінен шыққан жортуылшы ақын, қалың қолдың жыршысы» болғандығында еді. Нысанбай Кене хан бастаған қозғалысқа байланысты өз міндетін терең түсініп, жырына қосқан оқиғалар мен жеке тұлғалардың қызметін мүмкін болғанша әділ баяндаған, «қырғыз бен қазаққа тең ақын болып» [2] сөйлеген. Нысанбайдың дастаны мен жоқтауында берілген фактілер мен бағалар жырау өмір сүрген тарихи кезеңдегі қазақ арасында Кенесары қозғалысына байланысты кең тараған пікірлермен үндес, яғни орыс шенеуніктері мен әскер адамдарының қолынан шыққан құжаттық материалдарда берілген тұжырымдар мен көрсетулерден өзгеше. Солай болуы, әрине, толық табиғи нәрсе. Егер орыс шенеуніктерінің қолынан шыққан құжаттар жаңа жерлер мен елдерді отарлау жолында тұрған патшалық әкімшілік орындарының ұстанымын білдірсе, қазақ ақын­ жырауларының туынды, естеліктері керісінше отарлануға ұшыраған ұлт өмірінің ішкі­көңіл күйінен хабар береді. Жырау бір жағынан Ресей патшалығы мен Қоқан хандығы тарапынан төнген қауіпке қарсы Кене хан бастаған әрекеттің жалпыұлттық мәні мен маңызын терең ұғына отырып, оған мүмкін болғанша жігерлі қолдау көрсету қажеттігін түсініп, қоғамды соған шақырса, екінші жағынан ол тура басталған істің ең соңында қайғылы бағыт­бағдар алып (қырғыз еліне жасалған қиянат), халық күткендей нәтижемен аяқталмағандығына өкінеді, шексіз­шетсіз мұңға батып күйінеді. Сондықтан да жырда Кене хан бастаған қозғалысқа байланысты жыраудың көңіл күйі көтеріңкі емес, басыңқы. Көтеріліске байланысты жырау көңіліндегі бұл жағдай жалпы қоғамдағы жағдайдың көрінісі болатын. ХІХ ғасырдың алғашқа және орта тұсындағы батыста Арынғазы, Исатай, Жоламан сияқты тұлғалар, оңтүстік­батыста Жанқожа, Бұқарбай сияқты батырлар, оңүстік шығыста Саурық, Сұраншы, Байзақ сияқты би­батырлар, Кене хан бастаған ел мен жердің тұтастығы мен азаттығы үшін жүргізілген қарулы күрес ұлт үшін күткендей нәтижемен аяқталмады. Кене хан бастаған қозғалыс XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы азаттық қозғалысының шарықтау шегі, соңғы қорытындысы еді.

Сонымен бірге бұл қозғалыс ортақ мақсатқа қысқа сәтке болса да батыстағы Жоламан Тіленшіұлын, оңтүстік батыстағы Жанқожа Нұрмұхамедұлын,арқадан Ақжолтай Ағыбай Қоңырбайұлын, оңтүстік шығыстағы Саурық Ыстанбекұлын, Сұраншы Ақынбекұлын, Байзақ Мәмбетұлын және басқа тұлғаларды бір ту астына жинай білді, біріктірді. Басқаша айтқанда, Кене хан бастаған қозғалыс бүкіл қазақ елін ортақ мақсатқа біріктіре алатын ұлттық идея бар екендігін көрсетіп берді. Досқожа, Нысанбай және Сүйінбай сияқты сол заманның ойшыл ақын­жыраулары өз шығармаларында осы негізгі ойды бедерлеп яғни елдің еркіндігі және қазақ жерінің тұтастығы үшін күресте қайрат, жігер танытқан ерлерді қолдауға шақырды. Нысанбай жырау Кене хан бастаған қозғалыстың ұлт­азаттық сипатын терең түсініп, ақын ретінде ханның қоғамдық­саяси ұстанымын қабылдап, сондықтан да бұл күрестің ыстығы мен суығын, ащысы мен тұщысын оның бастаушысымен бірге күрестің соңғы сәтіне дейін бөліскен тарихи тұлға. Ел арасында Нысанбай жыраудың Кенесары ханның қолына қосылуына байланысты мынадай бір әңгіме сақталған . Кенесары қолы Сырдың бойындағы Жалағаш өңіріне ат басын бұрады. Жергілікті халық хан мен оның оның қосынын үлкен құрметпен қарсы алып, түрлі шаралар өткізеді. Сол өткізілген шаралардың бірі қонақтардың алдына келіп алпысқа жуық ақын­жыраулардың өз өнерлері арқылы ел тілегін білдіруі еді. Сыр бойы жыраулық өнердің үлкен тамыр жайған өңірі. Бірнеше күн бойы жыраулардың өнерін тамашалаған Кене хан олардың арасынан жырын қобызымен айтқан арқалы Нысанбай жырауды ұнатып, өз қолымен бірге ала кетеді [3]. Біздің түсінігімізше, жырау хан қосынына оның Жетісуға бет алған кезеңінде қосылған болу керек. Өйткені, оның шығармашылығы да басым түрде Кене хан тарихының осы кезеңін ғана баяндайды. Жырау Кенесары мен Наурызбайға байланысты баянын ә дегенде­ақ Абылай хан ұрпағының саяси ұстанымына байланысты өз көзқарасын білдіруден бастайды. Бұл әулетті ол қазақтың жері мен елінің тұтастығы және тәуелсіздігі жолында жан алып, жан беріскен әулет болғандығы үшін құрмет тұтатындығын анық білдіреді. Жыраудың түсінігінде Кенесары сияқты мемлекетшіл тұлға ел қорғаны, ал оның қызметі ұлттық мемлекеттілікке ұмтылыстың көрінісі. Кене хан халыққа ие билеушілер қатарында, сондықтан да қамқоршы болар ханы жоқ елді жырау «шегірткеге таланған қырғауылға» немесе «жапалақтан сескенген жалғыз қазға» теңейді. Абылай, Кенесары сияқты «хандарынан айрылған иесіз жұртта» сынның да болмайтындығын айтады. Басқаша айтқанда, «Кенесары­Наурызбай» жыры бұл мемлекетшіл ұстанымдағы жыраудың шығармашылығынан туған жыр.

Читайте также:  Теориялық және терминологиялық симбиоз

Осы ретте Нысанбай жырау шығармашылығына қатысты мынадай бір жағдайды ескерген жөн. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ қоғамында, елдің қоғамдық санасында саясаттану (политизация­авт.) үрдісі жүріп жатты. Оған түрткі болған қазақ елі мен жеріне жан­жақтан төнген қауіптің және ішкі алауыздықтың күшейе түсуі болды. Сондай­ақ сыртқы күштердің араласуы ішкі қайшылықтарды тереңдетіп жіберді. Міне, осы ретте Нысанбай жырау шығармашылығын оның замандасы Махамбет ақынның шығармашылығымен тамырлас, өзара сабақтас етіп тұрған өзек–мазмұн бар. Махамбет сияқты Нысанбай жырау да азаттық жыршысы. Махамбет сияқты Нысанбай жырау да шығармашылықты нақты іс­әрекетпен байланыстырады. Екеуі де қарулы көтерілістің бел ортасында жүрді. Нысанбай ақын да Махамбет сияқты көтерілістің жеңіліс тауып, ал оның қол басшысының қайғылы өлімге ұшырағанын көзімен көріп жеңілістің уын ішіп, құсалы күйде ел аралап жүріп өмірден озды. Екеуінің шығармашылығында да тарихи контекске деген құрмет, дәлдік бар. Сонымен бірге, бұл замандас екі ақынның шығармашылықтарына тән айырмашылықты да байқау қиынға түспейді. Махамбет бұқарашыл, «қара қазан, сары баланың» қамын биік ұстаған әлеуметшіл поэзия өкілі, ал Нысанбай жырау поэзиясында жалпы ұлт мүддесін құндылық тұтқан мемлекетшілдік ұстанымға басымдылық беріледі. Орыс зерттеушісі Н.Середа Кенесары қозғалысына арнаған еңбегінде хан әскеріне және оның жеке тұлғасына байланысты «кез­келген еуропалық әскердің қолбасшысы оның рухтанған жасақтарын көріп таң қалып, қызғанған болар еді. Кенесары сондай тұлға­тын. Ия, рас, ол ерекше қасиетке ие адам, егер ол басқа ортада қалыптаса қалған күнде одан, әрине, жай қатардағы емес мемлекеттік қайраткердің шығуы тіптен де даусыз еді», – деген тұжырымға келеді [6]. Тарихшының бұл пікірі бізге Нысанбай жыраудың Кене хан қолына келіп қосылуын кездейсоқ оқиға емес, ол әскер жасақтау ісінде идеологиялық факторға үлкен көңіл аударған ханның мақсатты әрекетінің көрінісі ретінде бағалауға мүмкіндік береді. Ескерерлік жағдай, отаршыл билікке қарсы үгіт­насихат жұмысын Исатай Тайманұлы сияқты Кенесары Қасымұлы да жүргізген. Екеуі де өздері құрған жасақтардың рухани көңіл­күйіне жете мән берген.

Читайте также:  Діншілдік теориясы

Н.Середа әкесі Қасым сұлтан сияқты Кенесарының да үгіт­насихат ісімен айналысқанына көңіл аударады. [7] Сонымен бірге ХІХ ғасырдағы ақын­жыраулар шығармашылығына тән отаншылдық ұстаным соңғы буын зерттеушілер назарына сирек іліне бастаса оның себебін өткен ғасырдың 40­50­інші жылдары жүргізілген репрессия саясатынан іздеген жөн. Басқаша айтқанда, Нысанбай жырау шығармашылығын еркін талдауға алуға тиым салынуына байланысты тақырыпты тура түсіну және қорыту ісіндегі ұрпақаралық сабақтастық үзіліп қалды. Осы жағдайды куәландыратын 50­нші жылдардың алғашқы жартысында болып өткен сот процестерінің материалдарына көңіл аударайық. Филолог­ғалым Е.Исмайловтың ісінен.Филология ғылымдарының докторы Е.Исмаилов 1950 жылы желтоқсанда Қазақ КСР­сы ҒА­ның тіл және әдебиет институтындағы қызметінен босатылып, келесі жылы 6 қарашада Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігі тарапынан тұтқынға алынады. Ғалымға 19 қарашада таңылған айыптау құжатында «Е.Исмаилов Кеңестік билікке жаулық көзқараста болып біраз жылдар бойы антисоветтік ұлтшылдық мазмұндағы жұмыстар жүргізіп, буржуазиялық­ұлтшылдық идеяларды насихаттады» [8] – деп көрсетілді. Келесі 1952 жылы 25 жылға сотталған Е.Исмаиловтың шығармашылығында тергеу орындары тарапынан сезік тудырған негізгі мәселелердің бірі Кене хан бастаған азаттық қозғалысқа жыр­дастандарын арнаған Нысанбай және Досқожа сияқты ақын­жыраулардың шығармаларын арнайы іргелі зерттеуге алуы еді. Өз ретінде оқырман назарына тергеу материалдарынан үзінділер ұсынар алдында мынадый жағдайды ескертуді жөн деп білеміз. ОГПУ және Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі абақтылары қойнауында өмірге келген тергеу хаттамаларын сол күйінде қабылдау қателікке ұрындырады. Тергеу процесі алдын ала белгіленген белгілі бір ірі идеологиялық мақсатта жүргізілетіндіктен тергеуші тергеу процесін сол негізгі мақсатқа бағындырып жүргізеді, яғни тұтқыннан сол белгіленген мақсатқа сәйкес, соған негіз боларлық жауап алуға бар күшін, мүмкіндігін жұмсайды. Басқаша айтқанда, тергеу протоколы бұл тергеуші мен тергелушінің арасындағы «мамыражай» диалог емес. Көп жағдайда, басым түрде ол тергелушіге жасалған түрлі қысым, қиянат нәтижесінде өмірге келген құжат. Сондықтан да тергушінің жауабында кездесетін, мәселен, Нысанбай, Досқожа сияқты ақын­жырауларға байланысты «реакциялық» көзқарастағы жырау немесе М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов сияқты Алаш қайраткерлеріне байланысты қолданған «контрреволюцияшыл» қайраткер, «буржуазиялық­ұлтшылдар», ал өзіне байланысты «ұлтшыл» сияқты терминдерді ол өз еркінен тыс пайдалануға мәжбүр болғандығын ескерген жөн.

Сонымен, 1951 жылғы 11 желтоқсандағы Е.Исмаиловты тергеу хаттамасынан: «Сұрау: Сіз 1936 жылы­ақ ұлтшылдық ұстаным тұрғысынан келіп Нысанбай сияқты реакциялық көзқарастағы ақынға, сондай­ақ А.Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев және басқа контрреволюцияшыл қайраткерлерге жағымды баға бердіңіз. Осы ұстанымыңызды растайсыз ба?» Жауап: Ия, растаймын. 1937 жылға дейінгі жазған кейбір мақалаларымды мен шынымен де бірсыпыра реакциялық көзқарастағы ақындардың шығармаларын, сондай­ақ контрреволюцияшыл қайраткерлердің қызметін жағымды тұрғыдан бағалағаным рас. Бұл ұлтшылдық ұстанымда болған менің қателігім». [9] 1951 жылғы 17 желтоқсандағы тергеу хаттамасынан: «Сұрау: Осы 1936 жылы тағы да қандай қазақ жазушылары мен ақындарына жағымды баға бергеніңізді есіңізге түсіре аласыз ба? Жауап: … 1936 жылы Мағжан Жұмабаев, Шәкерім Құдайбердиев сияқты реакциялық буржуазиялық­ұлтшылдық ұстанымдағы ақындардың поэтикалық шеберлігі жөнінде жағымды пікір айтып, А.Байтұрсыновтың Крыловтан аударған мысалдарына оң пікір бергенім есімде. Бұдан бөлек мен Нысанбай, Әубәкір сияқты реакцияшыл ақындар жөнінде прогресшіл қөзқарастағы шығармашылық иелері ретінде мақтау сөз айттым…» [10] Е.Исмаиловтың әдебиеттанушы ретінде зерттеу жұмыстарының өзекті жібі фольклордағы, ақын­жыраулар мен жазушылар шығармашылығындағы отаншылдық тақырыбы еді. Бұл тақырыпты зерттеу ісіне оның ғалымдық талантының жарқырап көрінгені де анық. Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігі тергеушілерінің ғалымның соңына түсуінің астарында жатқан себеп те осы жағдай болатын. 1952 жылы 9­10 мамыр күндері болып өткен жабық сот процесінде ғалым адвокат қызметінен бас тартып, өз ұстанымын қорғап ұзақ сөз сөйлейді. Ол сөзінде өзі зерттеген Кене хан көтерілісі тақырыбына байланысты тұжырымдарын келтірді: «…1940 жылы Кенесары Қасымов жөнінде жұмысымды жаздым, оны мен өте ұзақ жаздым. Тура осы уақытта журналда Якуниннің мақаласы жарық көріп, онда Кенесары реакцияшыл, халықты тұншықтырушы деген пікір айтылды. Бұл мақала тарихшылар мен әдебиетшілер арасында үлкен дау туғызды. Якунин екеуміздің ара қатынасымыз нашар еді. Бір жиналыста мен Кенесары қозғалысын жақтап Якунинге қарсы сөйлегенмін. Міне осы Кенесары тақырыбына байланысты С.Мұқанов және М.Әуезовпен сөйлесуге тура келді. М.Әуезов маған Кенесары жөнінде жазған бірнеше мақалаларды атап, солармен танысып өзімнің белгілі бір тұжырымға келуімді жөн көрді. М.Әуезов Кенесары жөнінде жағымды пікірде еді. С.Мұқанов болса 1940 жылдан бастап Кенесары туралы мақтау пікір айта бастады. Жалпы «1940 жылы Кенесары қозғалысы прогресшіл, жағымды, халықтық қозғалыс ретінде сипатталды. Ал мен Кенесарыға екі жұмыс арнадым, олар ұлтшылдық көзқарас тұрғысынан жазылды. ….Менің пікірімше, кез­келген ұлттық қозғалыс егер ол жер үшін жүрсе прогресшіл қозғалыс. Ал Кенесары жер үшін күресті….» [11]

Читайте также:  КОМПЬЮТЕРЛІК ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ТІЛ БІЛІМІНДЕ ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Сот үкімінде Е.Исмаилов бұрынғыдай «өзінің КСРО­дағы саяси құрылысқа деген жаулық қатынаста қала отырып, көптеген жылдар бойы өзінің әдебиеттанушы ғалым қызметін пайдаланып кеңестік билікке қарсы ұлтшылдық идеологиясын жүргізді, сөйтіп Ресейге, орыс халқына қарсы күрескен билерді, ақындарды насихаттады, Совет билігіне қарсы күресіп Қазақстанды КСРО­дан бөліп әкетіп, буржуазиялық тәртіп орнатуға тырысқан Алашорда қайраткерлерін дәріптеді» [12] деген тұжырым айтылды. Тарихшы – ғалым Ермұхан Бекмахановтың ісінен. 1952 жылы 5 қыркүйекте белгілі тарихшы­ғалым Ермұхан Бекмаханов Қазақ КСР – Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігі тарапынан тұтқынға алынды. Ғалымды қамауға алуға байланысты қаулыда «Е.Бекмаханов біраз жылдар бойы өзінің ұлтшылдық сенімін негізге ала отырып тарихи фактілерді бұрмалап, буржуазиялық – ұлтшылдық идеологиясын насихаттаумен болды»,­[13] деп көрсетілді. 1952 жылғы 7 қыркүйектегі Е.Бекмахановты тергеу хаттамасынан: «Сұрау: …Сізде қандай себептерге байланысты буржуазиялық­ұлтшылдық көзқарас қалыптасты?» Жауап: Жоғарыда көрсетілгендей мен, Қазақстан тарихының кейбір мәселелері бойынша буржуазиялық­ұлтшылдық көзқараста болдым, анығырақ айтсам Кенесары Қасымов қозғалысы бойынша. …Кенесары бастаған қозғалыс мәселесінде буржуазиялық­ұлтшылдық бұрмалаушылықты шамамен 1942 жылдың орта тұсынан бастап жібере бастадым. Осы мезгілден бастап «Қазақ КСР тарихының» бірінші томын шығаруға даярлық басталып кеткен еді. Осы мақсатта ҚК(б)П ОК ұйымдастыруымен ғылыми қызметкерлердің кеңесі өткізіліп, оған тарихшы ғалымдар мен жазушылар қатысты. Мен ол кезде Орталық Комитеттің лекторлар тобында жұмыс істеп жүргендіктен кеңестерге қатынасып тұрдым. Кеңестер жұмысын М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Исмаилов сияқты қазақ зиялыларының жетекші өкілдері шақырылатын. Кеңес отырысында Қазақстандағы ұлт­азаттық қозғалыстар тарихын көрсету мәселесі сөз болғанда М.Әуезов сөз алды. Ол Кенесары Қасымов қозғалысын ашып көрсету қажеттігі жөнінде айтып, Кенесары қозғалысынсыз тіптен Қазақстан тарихы туралы айтудың өзі артық екендігіне көңіл аударды. Сөйтіп, Кенесары қозғалысына арнап арнайы тарау даярлау жөнінде шешім қабылданды. Бұл тарауды жазу осы кеңес отырысына қатынасып жүрген жалғыз тарихшы­маман қазақ ретінде маған тапсырылды. Бұған дейін мен Кенесары қозғалысы тарихымен айналысқан емеспін. … Тарауды жазуға кірісе отырып мен беделді кісілердің Кенесары Қасымов бастаған қозғалысты прогресшіл, ұлт­азаттық қозғалыс, ал оның басшысын ұлттық қаһарман ретінде қарастыру туралы пікірін басшылыққа алдым. Менің жұмысым редакциялық коллегия отырысында қуатталды… Мені, ғылыми қызметін енді ғана бастаған жас ғалым ретінде еңбегіме байланысты айтылған мақтау сөздердің қанаттандыра түскенін жасырмаймын».

Оставить комментарий