Кене ханның серігі Бұқарбай батыр

ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы, сондай­ақ осы жүз жылдықтың орта тұсы қазақ елі ауыр тарихи кезеңді басынан кешірді. Қазақ даласын темір құрсаудай бекіністер қоршауына алған Ресей мемлекеті ендігі уақытта белсенді әскери әрекетке көшіп, бұл өңірді толықтай өз билігіне қаратып, Ташкентте орнығуға бет алды. Қазақ жерінің батыс және оңтүстік бөліктерін өздеріне қарату әрекетін Хиуа және Қоқан хандықтары да жүргізді. Мұхамед Рахим хан тұсында (1806­1825 ж.ж.) Хиуа хандығы түрікмендер мен қазақтардың (Сырдың төменгі ағысы) бір бөлігін өзіне бағындырды. Хиуа хандығы 1812, 1815 және 1816 жылдары жүргізген басқыншылық шараларынан соң Сырдарияның төменгі ағысынан бірнеше бекіністер салды. Олардың ірісі Жанқат (кейінірек ол Қожанияз, сонан соң Райым аталды). Алайда Хиуа хандығы Қоқан хандығымен бәсекелесе алмады. Одан 3­3,5 есе аз еді. ХІХ ғ. алғашқы жартысында оңтүстік қазақ жерінде билік құрған Қоқан хандығы 1813 ж. Сырдарияның оң және сол жағасында, Қуаңдария өзенінің бас жағына жақын Жанғы бекінісін, 1815 ж. Ол Сырдарияның оң жағынан көшіріліп Ақмешіт атауын алды. 1814 ж – Шолаққорған, 1815­1820 ж.ж. – Сырдарияның оң жағалауында Күмісқорған, Жаңақорған, Жүлек, ал Сарысудың оңтүстік ағысында – Жаманқорған, 1821 ж. – Әулиеата және басқа бекіністерін салды. Омар хан түсінда Қоқан билігі солтүстік­батыста Сырдария, ал солтүстік – шығыста Іле өңірі аралығын қамтыды. Ал қазақ қауымдарының арасында бірлік болмады, әрбір ірі ру тобының өз ханы болды және олар дербес саясат жүргізді. Хиуа және Қоқан хандықтарының жаулап алу және билік жүргізу саясаты адам төзгісіз қаталдығымен ерекшеленді. Олар қазақ ауылдарына нөкерлерін шығарып тонаушылықпен айналысып, жергілікті халықтың малдарын айдап кетіп отырды, қарсылық көрсеткендерді өлтіріп, үйлерін өртеп, әйелдері мен қыздарын зорлап, қорлады. Мәселен, 1847 жылы 5­6 наурыз күндері Уайсния бектің 500 адамдық қолы Атанбаш, Ақирек, Қарабұғаз, Қамысты бас атты мекендерге және Сырдың екі жағасына шығып 1400 қожалықты тонап, 400 адамды өлтіріп, көптеген қыздар мен әйел адамдарды тұтқынға алып кетті [1]. Қазақ жеріне салынған Хиуа және Қоқан бекіністері төңірегіндегі қазақ ауылдары үшін жақындап келген тажалмен тең еді. Мәселен, Қуаңдариядағы Қожанияз бекінісінде (ұзындығы 400 метр, ал көлденеңінен 200 метрден сәл ғана асатын, ішінде 2 зеңбірегі, 25 мылтығы бар) 200 хиуалық нөкерлер орналасты. Бекініске жақын маңдағы 20 жуық «кедей қазақ ауылдары» хиуалық нөкерлерді отын­сумен, пішенмен және басқа қажетті заттармен қамтамасыз етуге тиіс болды [1, 35]. Осы сияқты бекіністерден қазақ ауылдарына шағын әскер қолдары шығып зекет және басқа салық түрлерін жинаумен айналысты. Хиуа бектері қазақ билері мен батырларынан ауылдарымен Сырдарияның сол жақ бетіне өтіп, уақытында хан қазынасына зекет төлеп отыруды талап етті. Ауылдары талауға түскен билер шекаралық әкімшіліктің Сырдариядағы өкілі сұлтан Сүйеугалинге жазған шағымында: «Біздің өңірдегі қазақтарды тонаушылық жыл өткен сайын ұлғая түсуде, байғұстар қазірдің өзінде үш рет тоналды.

Читайте также:  Адам философиясы туралы

Ал түйесі барлары сіздер жаққа (Орынбор жаққа) көшіп­қонуда, ал көліксіз кедей­кепшіктері қамыстан баспана салып, балықпен күнелтуде, егер де Сырдарияда балық болмағанда биылғы жылы олар түгелдей қырылып қалмақ еді» [1,37], – деп көрсетті. Қоқан және Хиуа хандықтарының жергілікті халыққа жасаған бұл қиянаты оңтүстік және оңтүстік­шығыс қазақ жерінде жателдік билікке қарсы азаттық қозғалыстың өріс алуына қозғау салды. Жетісу өңірінде бұл қозғалысты Саурық және Сұраншы батырлар, Әулиеата өңірінде Байзақ датқа, ал Сыр бойында Жанқожа және Бұқарбай батырлар басқарды. Басқаша айтқанда, араға 50­60 жыл салып ел өміріне жаңа жаугершілік заман келді. Бір орталыққа бағынған мемлекеттік жүйенің және ел болып тәуелсіздікті қорғауға негіз бола аларлық экономикалық құрылымның жоқ жағдайында сырттан төнген қауіптен тұтас ұлт болып емес, жеке аймақ, ру­тайпа болып қорғануға тура келді. Өкінішке орай, елдің осы ауыр жағдайынан хабар беретін дереккөздері өте тапшы. Осы ретте ел арасындағы тарихи мәліметтерді жинап «Бұқарбай батыр» (1992) атты кітап даярлаған Бердәулетұлы Камал сияқты зерттеушілерге ризашылық білдірген жөн. Журналист Ахат Жанаевтың құрастыруымен 2007 жылы «Бұқарбай батыр» [2] аталатын жинақта да ел арасында сақталған фактілердің кездесетіндігін айтуға болады. Қазақ ру­тайпаларының тарихын бір жүйеге түсіру ісінде кәсіпкер Х. Ғабжалелов құрған «Алаш» тарихи зерттеу орталығы 2006 жылы екі томнан тұратын «Табын» [3] атты монографиялық зерттеуді өмірге әкелді. Бұл орталықта жұмыс жасаған ғалымдардың тындырымды еңбектерінің бірі екендігі даусыз. Сондай­ақ Н.Мыңжасов [4, 125­167], Р.Оразов [4, 168­176] сияқты тарихшы мамандардың мұрағат қорларынан батырдың өмір жолы мен қызметіне қатысты біраз құжаттық материалдар жинап, айналымға тартты. Міне осы аталған және басқа жарық көрген еңбектер Бұқарбай батырдың ғұмыры мен қызметіне қатысты біршама ғылыми түсінік береді. Тарихи дереккөздері, мәселен, Естекбайұлы Бұқарбай батырдың қазақ елінің ірге тасын қалаған тайпалардың бірі – кіші жүздің Табын тайпасынан, оның Теке, Атанша тармақтарынан шыққандығын күәландырады. Атаншадан Құдайсүгір, одан Естекбай, Естекбайдан Бұқарбай батыр. Ел ішіндегі шежіре осылай дейді. Шежіре табынның бірлі­жарым бұтағының Ақтөбе облысының Ор, Жем бойынан Қызылорда облысындағы Жалағаш және Тереңөзекке қоныс аударғанын айтады. Кез­келген тарихи тұлғаның өскен ортасы және үлкен отаны бар. Бұқарбай батыр міне осы екеуінің де амандығы мен бүтіндігі үшін жан алып, жан беріскен тұлға. Батырды өмірге әкелген орта жөнінде жоғарыда айтылғандай Бұқарбай Естекбайұлының елі табын тайпасы. Ұлт тарихында табын жұртының орны жөнінде мәліметтер аз емес, сондай­ақ, табын жұртында батырлық және билік сияқты қасиеттердің терең дәстүрі болғандығын ерекше атап айтқан жөн. Өздеріңізге мәлім, ұлт тарихының ең бір күрделі де ауыр кезеңі «Ақтабан шұбырынды» заманы.

Міне осы кезеңдегі тарихи оқиғаларға байланысты жетіру – табынның батыры Бөкенбай Қараұлының есімі жиі айтылады. 1710 жылы Жоңғар басқыншыларына жауап соққы беру мәселесін талқыға салған Қарақұм кеңесінде табын Бөкенбай батыр Қараұлының жиналғандарға қайрат­рух беріп сөйлеген сөзі жазба дерек көздерінде сақталған. Батыр: «Уа, ағайын! Шаңырағы ортамызға түскен үйлеріміз бен жау қолында кеткен жесір­ жетімдеріміздің соңынан телмірген бишара күй кешпей, жаудан кек алуға аттанайық! Ажалымыз жетсе дұшпанның қолынан өлім табармыз! Қыпшақ даласының ерлері қай заманда назары сынып, жер шұқыған еді?! Мына сақал­мұртымды ақ баспай тұрғанда қолымды ата жауымның қанына малуға әзірмін! Заты бөлек кәпірдің құтырған иттей талауына енді көнер жайым жоқ! Құдайға шүкір, мініске жарар атым бар, қорамсақ толы жебем бар!» [5], – дейді. Бөкенбай батыр Бұланты түбіндегі ұрыста басшылық жасағандар қатарында болды. Міне осы батырлық дәстүрі Бөкенбай батырдың елінде үзілген емес. 18 ғасырда оны Сәрке, Бәйтек батырлар, 19 ғасырда Байқадам, Аралбай, Қабан, Асау Барақ, Сейіл, Қайқы батырлар жалғастырды. Ал табын Жоламан Тіленшіұлы мен Бұқарбай Естекбайұлының батырлық жолдары ұлт тарихында алтын әріппен жазылуға лайық. Бұл аталған есімдер ел жадында тарихи әңгіме, аңыз, жыр түрінде жатталып қалды. Тарихи деректермен таныса отырып Бұқарбай батырдың жүріп өткен өмір жолынан үш кезеңді байқауға болады. Олар шамамен: туған жылынан (1812 ж. шартты түрде) бастап батыр ретінде танылған Күмісқорған шайқасына дейінгі аралық; Кенесары хан қозғалысына қосылған 1838 жылдан бастап, көтерілістің жеңіліске ұшыраған 1847 жылға дейінгі уақыт; еліне оралған 1847 жылдан өмірінің соңына дейінгі кезең (шамамен 1898ж, 86 жас). Батырдың өміріндегі алғашқы екі кезеңге байланысты жазба деректер өте тапшы да, оның есесіне осы мезгілге байланысты ел арасында сақталған түрлі фактілік материалдар мол екендігі байқалады. Ал оның елге оралып, ел ішіндегі түрлі істерге араласып, белсенділік танытқандығын куәландыратын құжаттық материалдар орыс әкімшілігіне тиесілі мұрағаттық құжаттарда баршылық. Оған да шүкіршілік айтқан жөн шығар! Міне осы жадта сақталған дереккөздері Бұқарбай батырдың көзге түсіп, ел аузына іліне бастағаны ел ішінде сақталған дереккөзінде мына тұрғыдан баяндалады. Қазіргі Тереңөзек (Сырдария) ауданының жеріндегі әйгілі Күмісқорған бекінісінің орны әлі күнге сақталған. Хиуа билеушілерінің зорлық­зомбылығы табын еліне де қатты батқан.

Читайте также:  Современное состояние аграрного сектора Республики Казахстан

Шыдамдары таусылған Байқадам, Қабан, Бұқарбай батырларға Мысық би басшылық жасап шамамен 1830 жылы Күмісқорған бекінісін алуға аттанады. Бекіністің түбінде өткен Хиуа бегінің інісі Жұбаниязбен болған жекпе­жекте жас жігіт Бұқарбай қарсыласын найзамен шаншып опат қылады. К. Бердәулетов «Бұқарбай батыр» кітабында батырдың ру аралық қақтығыстардың бірінде әлім Бейісбай батырмен жекпе­жекте көзге түскенін жазады. Ел аузынан алынған бұл фактілердің негізінде шындық жатқаны хақ. Қалай болғанда да Бұқарбайдың ел арасында батыр ретінде танылуы оның 18­20 жасқа келген шағында. Батырды дүйім қазақ жұртының біліп, атақ­даңқа бөленуі, әрине, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт­азаттық қозғалысқа қатынасуына байланысты. Ел іші деректері Бұқарбай батыр Кенесары қолына келіп қосылғанда 25 жастағы жігіт еді дейді. Яғни ол Кене хан қолына қосылу туралы шешімді саналы түрде қабылдағаны байқалады. Олай болса батырдың Кене хан қозғалысына қатынасуына түрткі болған жағдайлар туралы не айтуға болады? Бұл арада, бірден назар аударатын жағдай Бұқарбай батырдың қазақ жерін, оның ішінде атамекені Сыр бойы елін Қоқан және Хиуа хандықтарының езгісінен құтқару туралы мақсаты Кенесары бастаған көтерілістің мақсат­мұратымен сәйкес келгендігі. Ал Кенесары қолдарының Ақмола, Созақ, Жүлек, Жаңақорғандағы және басқа жеңістері батырдың көңілінде сенім отын жақты. Бұқарбай және басқа батырлар Кенесары бастаған қозғалысты жалпыұлттық идея ретінде қабылдағаны анық. Бұған қосымша Кенесары хан көтерілісін белгілі бір кезеңде ірі саяси тұлға табын Жоламан Тіленшіұлы да қолдады. Қоқан билігіне қарсы күресте Кенесары хан әскеріне Сыр бойынан Жанқожа Нұрмұхамедұлы да келіп қосылды. Бұл оқиғалардың отаншыл ұстанымдағы Бұқарбайға зор әсері болғандығын сенімді айтуға болады. Е. Бекмаханов өзінің белгілі монографиялық зерттеуінде: «Шөмекей және шөмішті – табындар Қоқан және Хиуаның ауыр езгісін басынан кешірді. Сондықтан да бұл рулар Кенесары қозғалысына қосылып аталған хандықтардың қанауынан құтылуды ойлады» [6, 256­257], – деп көрсетеді. Ал Кенесарыны қолдаған батырлардың әлеуметтік тегі жағынан ала­құла болғанын (мәселен, Бұқарбай батырдың бұқара халықтан, ал Жоламан Тіленшіұлының ауқатты, тіпті бай отбасынан) атап өтеді. Камал Ердәулетов кітабында «Кенесары қозғалысы басталғанда ол Сыр бойы табынындағы көрнекті батыр Сәркенің немересі Байқадам батырды да «қарсылық білдірді» деп жөнсіз айыптап тұтқында ұстауының өзі бір тайпа елдің одан теріс айналуына әкеліп соқтырғанын көруге болады деп көрсетіп, Байқадам «Жалаңаш төбесінің маңындағы қалың табындағы ең абыройлы» адам екендігін айтады. Жалпы Кенесары қозғалысына байланысты бейтарап ұстанымда болған Ақайдарұлы Байқадам би жалғыз емес. Көтеріліске байланысты тура осындай ұстанымды орта жүзде Шеген би Мусин және ұлы жүзде Сары би де танытты. Олар Кенесары қозғалысының ішкі мазмұны мен мақсатын түсінгенімен, бірақ қозғалысқа ашық саяси қолдау жасамады. Неге? Кене ханның Ресеймен айқасқа түскен уақыт бұл қайшылығы мол күрделі заман еді. Мәселе мынада. Егер біз бүкіл қазақ қоғамы қолына қару алып Ресей тарапынан төнген экспансиялық саясатқа қарсы шығуы қажет еді десек, онда мынадай бір қарапайым нәрсені ескере алмаған болып шығамыз. Сол замандағы Ресеймен тең дәрежеде күреске шығып, жеңіп шығу үшін ең алдымен мұндай қарулы қарсылыққа сүйеніш, негіз боларлық экономика керек емес пе? Ал ондай экономика сол тарихи кезеңде бізде болған жоқ. Сонымен бірге, ел болып жігерсіздік танытып, күштінің алдына түсіп, айдауында кету де намысқа сын болар еді. К. Қасымұлының көтерілісі бұл ауыр халге душар болған елдің жігерін жанитын оқиға екендігі де анық.

Читайте также:  ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІ

Оставить комментарий