КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫНЫҢ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ БАСҚАРУШЫ ТОБЫНЫҢ БАҒЫТ­БАҒДАРЫ

Қазақстанның Ресей империясының құрамына ену мәселесі қазақ елі үшін тек жағымды құбылыс ретінде ғана бағаланды. Егер алдыңғысы қазақ халқының Ресей империясының құрамына енуі оған экономикалық және мәдени даму алып келді деп қараса, соңғысы бұл «игіліктерге» революциялық, социалистік перспективаны (болашақты) қоса атады. Басқа көзқарас, пікірге тіпті де орын қалған жоқ­тын. Мәселен, 1944 жылы 10 көкекте Москвада Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің хатшылары Маленков пен Андреевтің басшылығымен «Қазақ ССР тарихын» талқылауға арналған тарихшылардың кеңесі қабылдаған тезистері «Кіші халықтарды үлкендерінің жаулап немесе қосып алуының қай­қайсысы болмасын объективті ­ прогресшіл факт (отарлау ­ объективті ­ прогресшіл құбылыс)» 1 , ­ деп көрсетілді. Кеңестік тарихнама отарлау процесінің зорлық­зомбылықсыз жүрмейтіндігін мойындай отырып, сонымен бірге «ұлт­азаттық қозғалыс көсемдерін дәріптеуге» үзілді­кесілді қарсы шықты. Міне, осы көзқарас тұрғысынан жазылған кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының барлық басылымында Қазақстан Ресей құрамына түрлі себептерге байланысты өз еркімен енуге мәжбүр болды, ал бұл оқиға қазақ халқын отарлық тәуелділікке душар еткенімен, түптеп келгенде, феодалдық мешеуліктен прогресс жолына алып шықты деген тұжырым жасалынды. Пікірі бұл тұжырымға қайшы келген тарихшылар (Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, П.Галузо, т.б.) қудаланды. Бұл айтылған тұжырымды Кеңес Одағы ауқымында орнықтыра отырып, кеңес идеологтары орыс отаршылдығына батыстық жаулап алушылықтан өзге мазмұн, яғни оған ағартушылық, өркениеттік сипат беруге тырысты. Ал тарихи шындық Ресей үкіметінің ХVІІІ­ХХ ғасырларда Қазақстанда классикалық үлгідегі отарлау саясатын жүргізгендігін көрсетеді. Оның мынадай белгілері мен ерекшеліктерін бөліп айту орынды: 1. Ресейдің шығысқа, Орталық Азияға жылжуына түрткі болған оның өнеркәсіптік дамуы, соған байланысты өнім өткізетін рынокқа, шикізат көздеріне, т.б. мұқтаждықтары еді. Бірақ Ресей бұл мәселелерді шешу үшін батыс мемлекеттері сияқты алысқа артынған жоқ, іргесіндегі экономикалық дамуда кенже қалған елдерді жаулап алуға кірісті. Сондықтан да Ресей үшін Қазақстан сияқты елдерді отарлау оның континентальдық территориясын одан әрі кеңейтумен бірдей болды. 2. Қазақстан жері империяның құрамына енді, сондай­ақ метрополияның әкімшілік басқару жүйесі оған да тарады. Ал осы Қазақстанға тараған Ресейдегі басқару жүйесі ол кезде (ХІХ ғасырдың 60­жылдары) әскери­ феодалдық мазмұнда болды және ол қазақ губернияларын метрополиядан бөлек, арнайы дайындалған заңдар бойынша (1868, 1881, 1891, т.б.) басқарды. Бұл заңдар қазақтарды ең негізгі құқықтарынан айырды, біртіндеп орыс тіліне, христиан дініне, салт­дәстүріне көшіруді көздеді. Қазақ қоғамындағы барлық сословиелер (сұлтан, қожа, би, т.б.) село тұрғындарына теңгерілді. Қазақ ауылында мешіт салу үшін генерал­губернатордың рұқсаты керек болса, ал шіркеулер тұрғызуға мемлекеттің өзі мүдделілік танытып, қолдау көрсетіп отырды. 3. Қазақ губернияларын билеуге жіберілген генерал­гебернаторларды патшаның өзі бекітті және ол шексіз билікті иемденді. Қазақтар оларды «жарым патша» атады. 1868 жылы енгізілген Ереженің 7­бабы бойынша генерал­ губернатор «саяси тұрғыдан сенімсіз зиянды бұратаналарды Ішкі істер министрінің келісімімен империяның белгіленген жеріне бес жылға шейінгі мерзімге жер аударуға» құқылы болды. 4. 1891 жылы 25 наурызда қабылданған Ережеде «көшпелілер иемденген жерлер, олардың бар байлығы, оның ішінде орманы мемлекеттің меншігі болып саналады» (119 және 120­баптар) деп көрсетілді. Бұл іс жүзінде қазақ жерлерін компескелеумен тең еді. Аталған бапқа «көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер Мемлекеттік мүлік міністірлігінің қарауына өтеді» деген қосымша енгізілді. Бұл қосымша отаршыл әкімшілікке ең құнарлы қазақ жерлерін артық деп жариялап, оларға ішкі Ресей губернияларынан орыс және басқа славян қоныс аударушыларын әкеліп орналастыруға мүмкіндік берді. 5. Қазақстанды отарлау ісіне әскери казактар, орыс помещиктері мен шаруалары, орыс қоғамының басқа да сословиелері белсенді атсалысты. Отарлаушы әкімшілік жаппай қоныс аудару процесіне, әсіресе ішкі губерниялардағы жерсіз шаруаларды кеңінен тартты, оларға түрлі жеңілдіктер жасады. Тек 1917 жылы қазан революциясы қарсаңында­ақ қазақ жерлерінің 16%­ы (45 млн. га) мұнда келіп орналасқан 1,0 миллионға жуық қоныс аударушыларға өтті. Өз еліндегі жоқшылықтан, помещиктік өктемділіктен, мемлекеттік биліктен қашқан орыс шаруалары Қазақстанға келіп, мұнда енді сол биліктің жергілікті тірегіне айналып, соған байланысты өздерінің аса маңызды мемлекеттік іс атқарып жатқандығын сезіне бастайды. Міне, осы билік пен қоныс аударып келушілер арасындағы өзара үнсіз түсінушілік орыстық отарлаудың өркениеттік, миссиялық (құтқарушы) сипаты жөніндегі доктринаның өмірге келуіне негіз болады. Патша үкіметі өлке халқы құрамында жедел түрде славяндық элементтерді көбейте отырып, түптеп келгенде, сол арқылы мұнда терең тамыр жайып, орыс үстемдігін біржола қамтамасыз етуді көздеді. 6. Ресей үкіметі қазақ еліне қатысты түрлі кемсітушіліктерге жол берді. Мәселен, қазақтардың орыстармен тең әскери білім алу, әскери қызметке шақырылу құқы болған жоқ. 1905 жылы қазақтарға берілген Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқы 1907 жылы 3 маусым заңы бойынша жойылды. 7. Патшалық биліктің (сонан соң кеңестік биліктің) Қазақстанда түрлі мезгілдерде жүргізген реформалары еш уақытта қазақ қоғамының ішкі сұраныстарына сай келген емес, керісінше Ресейдің мүддесіне сай мазмұнда сырттан, жоғарыдан танылды. Реформа жөніндегі идея, оның мазмұны мен іске асыру механизмдері ресейлік орталықтарда дайындалды, бұл іске бірде­бір қазақ тартылған емес. Сондықтан да патшалық биліктің Қазақстандағы реформалары қазақ қоғамы үшін пайдалы болған жоқ, өйткені олар ұлттық негізге сәйкес келген емес. Ресейлік реформаларды іске асыру әдістері бұйрық, зорлық, күштеу болды. Бұл, әсіресе, орыс билігінің тереңдей ену әрекетіне кезекті қарсылықтан соң анық байқалып отырды. Кенесары Қасымұлы бастаған азаттық соғысынан (1837­1847) соң жүргізілген 1867­1868 жылдардағы реформалардың мақсаты кез­келген азаттық үшін ұмтылысқа жол бермеу, оларды бесігінде тұншықтыру болды. Мұндай мемлекеттік саясат сол өзгерістерден кейін де қайталанып отырды. Қазақ басқарушы элитасы мен зиялыларын, қоғамның ауқатты бөлігін күшпен жою, ұлттық өмірдің дәстүрді негіздерін әлсірету — міне, бұл 1917­ 1919 жылдары ұлттық мемлекеттік автономия үшін азаттық қозғалысқа берген саяси биліктің жауап реакциясы. Міне, сондықтан да Ресей империясы құрамында болған кезеңдегі қазақ елінің қол жеткізген жетістіктері оған тым қымбатқа түсті. Экологиялық апат, халықтың бірнеше дүркін қырғын мен қуғын­сүргінді басынан кешіруі, мәдениеттің ұлттық негіздерінің әлсіреуі, ұлттық психологияның жағымсыз өзгерістерге ұшырауы ­ ресейлік реформаларға халықтың берген өтемінің толық емес құны, міне, осылар. * * * ХІХ ғасырдың 30­40 жылдарындағы Кене хан бастаған азаттық қозғалыс «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» соң, араға ғасыр салып елдің елдігін көрсеткен ұлы оқиға болатын. Соған қарамастан ғылымда бұл тақырыптың жолының ауыр болғандығын аңғару қиын емес. Мәселені зерттеу ісін белгілі үш кезеңге, яғни патшалық билік тұсы, кеңестік билік кезеңі, сондай­ақ мемлекеттің тәуелсіздік алған жылдары деп бөліп алып қарар болсақ, онда Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың біршама тиянақты, әрі байсалды зерттеу жолына түсе бастауы патшалық билік заманына тұс келеді екен. 1870 жылы петерборлық «Вестник Европы» журналының бірнеше санында «Бунт киргизского султана Кенесары Касымова (1838­1847)» деген атпен патша шенеунігі Н.Середаның, ал 1888 жылы Ташкенде Е.Т.Смирновтың кіріспе сөзімен және осы кісінің аударуымен Сұлтан Ахмет Кенесариннің «Кенесары и Садык» атты еңбектері жарық көрді. Аталмыш қозғалысқа қатысты құжаттар жинағын жинап, бастыру ісі де осы мезгілде қолға алына бастады. 1908­1915 жылдар аралығында Ташкенде Ресей соғыс істері министрі А.Н.Куропаткиннің тапсыруымен полковник А.Г.Серебренников «Туркестанский край. Сборник материалов для истории его завоевания» деген атпен 14 томдық құжаттар жинағын бастырып шығарды. Осы көптомдықтың алғашқы бес томында Кенесары хан бастаған қозғалысқа қатысты 176 құжат жарық көреді. Егер осы алғашқы кезеңде дайындалған еңбектер болмаса бұл азаттық қозғалыстың шынайы ғылыми бейнесін жасау бізге қиынға соққан болар еді. Ұлт азаттық қозғалысы мәселесіне қырын қараған кеңестік билік тұсында Кенесары хан тақырыбын арқау еткен ғылыми зерттеу еңбектері де, көркем шығармалар да куғынға ұшырады. «Елдігің, бірлігің, игілігің кеткен заманда, етек­жеңін түріп, екіленіп шыққан ерді көксейсің. Қиялай қиқу шыққанда қаңтарыла кететін омыраулы басшыға құштарсың… Ел боламын, сілкінемін десеңдер екі тізгін, бір шылбырды қолына беретін кез келді… Алдыңғының сарқыны осы. Бұдан айырылсаң бойыңды жиғызбайды», ­деп басталатын М. Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы театр сахнасына жіберілмеді. Кезінде, яғни XIX ғасырда хан Кене бастаған қарсылыққа байланысты билеуші топтың арасында көрінген жарылыс кеңестік дәуірде енді шығармашылықтағы зиялылар арасында байқалды. 1934 жылы Казрайкомда өткен «Хан Кене» пьесасын талқылауда сөз алған, сондай­ақ осы пьеса үшін М.Әуезовпен жаға жыртысқан, кейіннен І.Есенберлин романына да байланысты теріс пікір білдірген «классик» жазушымыз: «Хан Кене» идеясы біздің мүддемізге қайшы. Ол қайтадан өңделмесе, пайдасынан зияны басым болмақ», ­ деп көрсетті. Е.Бекмахановтың 1947 жылғы жарық көрген белгілі еңбегі төңірегінде Қазақстанда өткен толассыз айтыс­тартысты былай қойғанда, Москвадағы Орталық Комитетте әлденеше рет және СССР Ғылым академиясы Тарих институтында (1948 жыл, ақпан) өткен талқылаулар бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда тек Кенесары хан жөніндегі тақырыптың ғана емес, жалпы ұлттық рухтың кіріптар жағдайынан хабар беретін ауыр оқиғалар болатын. Кене ханның көксеген арманы орындалып, азаттық алған соңғы 10 жылда бұл тақырыпқа да, қайсар тұлғаның ұлттық тарихымызда алатын орнына да көзқарас түбегейлі өзгеріске ұшырай бастады. Хан Кенеге арналған бұрынғы зерттеулермен қатар академик М.Қ.Қозыбаевтың (осы конференцияны өткізу идеясының басында тұрған), профессор Ж.Қасымбаевтың зерттеулері, жаңа құжаттық жинақтар жарық көрді. Жас Астанада Есілдің бойында өзгерген рухымыз бен мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жинақы көрінісі іспетті болған Кене ханның ескерткіші бой көтерді. Тарихи танымымызда болып жатқан мұндай өзгерістердің басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзінің тұрғандығын зиялы қауым жақсы түсінеді деп ойлаймын. Сонымен бірге Кене хан сияқты ұлы да біртуар тұлғаға, ол бастаған қозғалысқа арналған зерттеу жұмыстарының деңгейі бүгінгі рухани түлеу жолында тұрған еліміздің өскелең сұранысын қанағаттандыра алмайтындығын мойындауымыз қажет. Неге екені белгісіз, азаттық қозғалыс тарихы мен табиғаты ғылыми талдау ісі басым жағдайда тарих ғылымының ғана үлесі деген түсінік берік қалыптасқан. Бұл ретте, әсіресе, біздің философ, саясаттану, мәдениеттану, психолог және басқа да гуманитарлык бағыт, арнадағы әріптестеріміз құлшыныс көрсете алмай отыр. Әрине, бұл тақырып тым кең. Сондықтан да бізге негізгі мәселелерге тезистік тұрғыдан ғана тоқталып өтуге тура келеді. Кенесары Қасымұлы бастаған қарсылық жөнінде әңгімелегенде алдымен ауызға оралатын мәселе, әрине 1837­1847 жылдар аралығын қамтыған хан әскері мен Ресей әкімшілігі арасындағы қарулы қақтығыстың түп­төркіні, анығырақ айтқанда, құқықтық (заңдық) негізі жөнінде болмақ. Біз де бұл сауалды айналып өте алмаймыз. Мәселе бұл оқиғаның себеп­салдары тек сіз бен біздің хабардар болуымызға ғана саймайды, ол анағұрлым тереңде жатыр, яғни осы және одан кейінгі кезеңдерде де азаттық үшін күрес жолында мерт болған бабаларымыздың төгілген қаны мен көз жасы бізді бұл сауалға неғұрлым дәл де терең жауап беруге міндеттейді. Өйткені «тәуелсіздік» және «азаттық» деген ұғымдар салтанатты жиындар мен ғылыми форумдарда ғана айтылатын әдемі сөздер емес, олар қазақ халқының бүгіні мен болашағын, бітім­болмысын анықтайтын, түрлі замандарда өмір сүрген және сүретін барлық ұрпаққа бірдей ортақ ұғым, адамгершілік категориясы. Бұл сауалға әділ де объективті жауапты біз тек өз тарихи тәжірибемізге ғана емес, сондай­ақ жалпыазаматтық тәжірибеге сүйене отырып бере аламыз. Ал әлемдік тәжірибе нені көрсетеді? Ағылшын тарихшысы Эрик Хобсбаум 1875­1914 жылдар аралығын әлем тарихындағы «империялар ғасыры» атайды. Бұл ретте оның көптеген мәселеге қатысты тұжырымдары В.И.Лениннің пікірлерімен сабақтас келетіндігін айта кеткен абзал. Ал империалистік мемлекеттердің негізгі белгілерінің бірі өздерінің экономикалық және әскери артықшылықтарын пайдалана отырып басқа елдерді жаулап алып, өздеріне бағындыру болатын. Россияның Англия, Германия, Франция сияқты мемлекеттерден ерекшелігі сол, ол бұл процесті олардан ерте, яғни ХV ғасырда­ақ бастап кеткен­тін. Петр І­нің 1721 жылы Ресейді империя, өзін император жариялауы белгілі дәрежеде шындыққа айналған фактіге ресми сипат беруі еді. Міне, осы император Петр І­нің Ресейдің глобальды стратегиясындағы Қазақстанның орнын шығысқа ашылатын «есік және оның кілті» ретінде белгілеген болса, кейінгі XIX және ХХ ғасырларда Қазақстан «Орыс империясы тәжіндегі ең жарық бриллиантқа» айналды. Әсіресе, XIX ғасырдың алғашқы жартысында орыс­ағылшын бақталастығы барысында Россия, Орталық Азия хандықтары мен Қытай ортасында орналасқан Қазақстанның аса зор стратегиялық маңызы айқындала түскен­ді. Зерттеуші мамандар бұл мәселенің Россия экономикасы мен саудасына қатысты қырларын жете талдауға алған. Мен бұл арада назардан тыс қалып келген мәселенің мынандай қырларына тоқталмақпын. Ресей патшасы Николай I мен оның төңірегіндегі жоғары мәртебелі шенеуніктері, сондай­ақ Сібірдегі билік басшылары «жаңа басып алған жерлер неғұрлым көп болса, соғұрлым мемлекет те бай бола түседі, соғұрлым алым­ салық көп жиналады» деген принципті басшылыққа алуымен бірге, жаңа жер мен елдерді өздеріне қарату арқылы саяси беделдерін өсіре түсіру жағын да ұмытқан емес. Император отбасы жаңа қосылған Солтүстік Кавказ және Қазақстан сияқты әсем де бай жерлерден өз үлесін ала отырып, өздерінің табиғи құқығын қорғаған Имам Шәміл және Кенесары хан сияқты қайсар тұлғаларын және олардың ержүрек серіктерінің сағын сындыру арқылы да өз мүмкіндігі мен күшін танытып, ішкі және сыртқы бақталастарының алдында күмәнді бедел жинауға тырысты. Бұған қосымша, империяның ішкі өмірінде беделі төмен мемлекеттік аппарат, әсіресе оның жоғарғы буыны абыройды басқа елдердің еркіндігін басып­жаншу арқылы табудан үміттенді. Ал табиғи байлығы мол жаңа жұмақ өлкені халқымен қоса бағындыру аса үлкен шығынды қажет етпейтін еді. Орталық билікпен жұлдызы жараспай келген казактар (казачество) отарлау ісіне білек түре кірісіп, үкіметтің отарланушы халықтың есебінен жасаған қолдау шараларына сүйеніп, өздерін империялық мемлекет пен ұлттың еркін орындаушы күш есебінде көрсетуге тырысты. Осы арада мынандай бір мәселеге назар аударғым келеді. Россияның Қазақстанға, жалпы Түркістан өңіріне енуі тек экономикалық отарлау бағытында ғана емес, сонымен бірге өркениеттік отарлау сипатында жүрді. Россия өзін барлық жағынан да үстем еуропалық мәдениетті жаңа территория, халықтарға таратушы ретінде сезінді, ал жергілікті халықтың өміріне, әсіресе оның әдет­ғұрпына, қалыптасқан құқық жүйесіне құрметпен қарауға ынталылық танытқан жоқ, тіптен оларға қазақ қоғамының ішіне тереңдеп енуге мүмкіндік бермейтін кедергі есебінде қарады. Орыс зерттеушілерінің пікіріне илансақ, ресейлік басқарушы элита мұндай позицияны тіптен өзінің ішкі өмірін реттеу ісінде де ұстанған. Белгілі орыс философы Н.Я.Данилевский «Россия и Европа» атты еңбегінде орыс өмірі Еуропаға еліктеушілікке толы екендігін айтып: «2. Заимствование разных иностранных учреждений и пересадка их на русскую почву с мыслью, что хорошее в одном месте должно быть и везде хорошо. 3. Взгляд как на внутренние, так и внешние отношение и вопросы русской жизни с иностранной, европейской точки зрения; рассматривания их в европейские очки… причем нередко то, что должно быть нам казаться окруженным лучами самого блистательного света, является совершенным мраком и темнотою, и наоборот», ­ деп жазды2. Қазақ қоғамының өміріне де байланысты шамамен осындай бағыт­бағдар ұстанған орыс билеуші тобы алғашқы реформалық шараларын жүргізе отырып, мынандай түсінікте болды: саяси кіріптарлыққа ұшыраған халықтың дәстүрлі басқару және құқық жүйесін қалай болғанда да ысырып тастап, оның орнына отарлаушыға қолайлы басқару және құқық жүйесін енгізбей, отарлау процесі баянды бола алмақ емес. 1822 жылы Орта жүзде, ал 1824 жылы Кіші жүзде енгізілген Ережелер, олардың артын ала қазақ жерінде ашылған россиялық округтік және шекаралық басқару мекемелері, олармен қатар әскери бекіністердің орнауы — міне, осы шаралардың бәрі қазақ қоғамына еніп келе жатқан түбегейлі өркениеттік өзгерістердің көрінісі болатын.

Читайте также:  Кәсіби сурет өнерінің пайда болуы

Оставить комментарий