КЕЙІПКЕР ТІЛІНІҢ ҰЙЫМДАСУЫ МЕН СТИЛИСТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ

Опубликовано Июль 19, 2016 by Damir

Рубрика Рефераты

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

Қазақ тілін зерттеу соның ішінде кейіпкер тілінің көркемдік болмысы, ұғымдық негізі, оны талдаудың ұстанымдары мен әдістері жүйелі түрде зерттелуде. Бүгінгі таңда көркем шығармаға толық тілдік талдау жүргізу өзіндік шешімін табуы қажет. Кейіпкер сомдаудың алғашқы үлгілері қазақтың халық ауыз әдебиетінен бастап, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сынды көрнекті жазушылардың шығармаларында барынша мол көрініс береді. Сонымен қатар, О.Бөкей, Ш.Мұртаза, М.Мағауин, Р.Сейсенбаев, Д.Исабеков шығармаларындағы жазушылардың кейіпкер сомдаудағы қаламгерлік шеберліктері бүгінде ғылыми тұрғыдан талдануда [1,34б]. Осындай жазушылық дарынымен ерекше көзге түсетін қаламгерлердің бірегейі – Қалихан Ысқақ. Қаламгер өмірлік қажетті бай білімдерді бере отырып, кейіпкерді сөйлетіп, оларды әртүрлі оқиғаларға қатыстырып, оқырман санасында автордың өз бейнесі туралы түсінік қалыптастырады. Қ.Ысқақов шығармаларындағы кейіпкер тілі, оның құрылымы мен сипатын және оның шығарма құрылымына, стилистикасына әсерін анықтау, шығармадағы кейіпкер бейнесінің жасалу жолдары берілу ерекшелігін көрсету – көркем шығармаға тілдік талдау жасаудың өзекті мәселесі. Көркем сөз – әдеби шығарманың образды мазмұнын бейнелейтін тілдік түр, шығармадағы деректердің, ойлар мен сезімдердің сыртқы көрінісі. Көркем шығарма тіліне көркем образ жасау құралы ретіндегі мәніне, кейіпкер тілінің түрлі сипаттарына, тілдің лексикалық ерекше қорларына, тілдегі поэтикалық айшықтауларға, қаламгердің поэтикалық синтаксисі сияқты мәселелер тұрғанын ескерген орынды [1,39б]. Сонымен өмірге адамның жан дүниесіндегі өзгерістер, белгілі бір сәттегі көңіл ауаны, білім деңгейі, көзқарасы, қысқасы бүкіл болмысы оның сөзі, әрекеті арқылы танылады. Демек, сөз – адам жанының айнасы. Көркем шығармадағы кейіпкер тілі осындай маңыз иеленеді. Әрине, әр адам даралығын оның әр сөзі немесе сөйлемі анықтай алмайтыны да айқын. Дегенмен, әркімнің өзіндік тілі, жиі қолданатын «сүйікті» сөздері болатыны да шындық [2,162-136бб]. Кейіпкер тілінің лингвистикалық ерекшеліктері олардың көркем шығармадағы мәтін түзушілік және стильдік мәнін ашып талдау кейіпкер портретінің орны мен қызметін көрсетіп белгілеуге қол жеткізеді. Экспрессивті-бағалауыштық кейіпкер атаулары көркем мәтінде жиі қолданылады, алдымен, шығарма кейіпкерлеріне мінездеме беру қызметін атқарады [3,18б]. Сондай-ақ кейіпкердің сөйлеу тіліндегі даралықты неғұрлым айқындай түсу мақсатында қаламгер өз кейіпкерінің бойындағы ең негізгі қасиетін ашатын тілдік ерекшеліктерге баса назар аударады немесе ғалым Б.Шалабай сөзімен айтқанда, «кейіпкер бейнесі автордың сөз түзу салтының жиындығы, кейіпкер тілі жазушының даралық шеберлігін, оның тұтас қаламгерлің ерекшелігін танытудың бір жолы болып табылады» [4,7б]. Расында, кейіпкерлердің сөйлетудің түрлі жолдары бар. Төл сөздер мен ортақ төл сөз, қос үнді сөз, фразеологизм, дисфемизм, диалект сөз, монологтармен сөйлету жазушының көркемдік мақсатымен, шығарманың көркемдік идеясымен астасып жатады. Осылайша кейіпкердің сөзі айрықша көркемдік қызметте келіп, ерекше стилистикалық жүк арқалайды. Сондай-ақ, Ж.Исаеваның еңбегінде «стилистикада төл сөз, автор сөзі, фразеологизмдер, монолог, диалог, эвфемизм, дисфемизм т.б. кейіпкерді бейнелеуші, шығарманың тақырыптық-мазмұндық компонентін құрайтын көркемдік мәнге ие, композициялық-құрылымдық бөлшек ретінде қарастырылады» [5,14б] деп көрсетілген. Қ.Ысқақовтың шығармаларындағы варваризм мен жаргон, эвфемизмдер, дөрекі сөздер, қарапайым сөздер өзінің шынайылылығымен ерекшеленеді. Шығармада кейіпкерлердің эмоцияға толы сөйлеу үлгілері, монологтары орын алады. Төл сөз – кейіпкерлерді сөйлету арқылы «өзін-өзі» танытуға мүмкіндік беретін, осыған байланысты тілдік дараланған, эмоцияны және көп жағдайда әдеби нормадан ауытқып келетін көркемдік тәсіл. Төлеу сөзде кейіпкердің сөзі дәлме-дәл емес, негізгі ойы алынып, мәнеріне ыңғайланып, өзгеріске ұшырап беріледі [2,124б]. Қ.Ысқақов шығармаларында кейіпкерлердің сан түрлі образы жасалған және жазушы олардың бір-біріне ұқсамайтын қайталанбас тұлғасын, мінез- құлқын, таным түсінігін төл сөздерде аңғартады. Мысалы, «Беу, ақсақ дүние» туындысында Белқарағайдың белсенді Құмархан Жайкөбековтің бастықсымақ бейнесі, түсінігі тар, сауаты төмен адам екені оның диалогтарынан бірден көзге түседі. Оның тіліне қарабайырлық, дөрекілік сөздер тән. Оның қолданған сөздері ауызекі тіліне жақын келіп, кейіпкер тілінің ерекшелігін көрсетеді. – Сорлының өлімі де соқыр тұманға тап келгенің қарашы? Әй, ит-ай, ашық күнді тосса ақыретсіз көмілетіндей асығып?.. [6,7б]. – Немене, құлағыңды піл таптап кетіп пе еді? — Айтпасаң да білем, бүгінде жолдас-молдас деген модыдан қалған, менің іздеп отырғаным господин Жанкөбеков?.. – Ойпырмай, дәрежемді дардай қылдың-ау?.. Рахмет! Тек менің фамилиям Жанкөбеков емес, Байкөбеков!.. – Язви, әбден шатастырып, миымды мырық қылып жібердіңдер-ау… Осы сендердің қаншауың Жанкөбектің, қаншауың Байкөбековтің адамдары боласыңдар? – деп қатты кейіді [6,15б]. Қаламгердің қолданған сөздері ауызекі тіліне жақын келіп, кейіпкер тілінің еркешелігін көрсетеді. Мәселен, сорлы сөзі бақытсыз деген мағына берсе, Талдықорған, Қаратал өңірлерінде сорлығор деп қолданылады [7,589б]. Тосу – синонимдер сөздігінде күту, біреудің алдынан шығып қарайлау [8,532б] деп көрсетілсе, диалектологиялық сөздікте мағынасы мүлдем басқаша (Қызылорда, Арал) теңіздің толқынымен жағаға шығып қалған шөп-шалам [7,644б] деп берілген. Кейіпкер тілін даралау мақсатында жазушы жолдас-молдас, моды, господин секілді сөздерді молынан қолданған. Дардай – тура мағынада үп-үлкен, соқталдай, бақандай, ал ауыспалы мағынада масаттанып, әлдеқандай болу немесе көңілі көтеріліп риза болу дегенді білдіреді [9,188б]. Дөрекі мәнде берілген мырық сөзі (Түрікм., Красн., Небид., ташкент, Орал) ауыспалы мағынада маңқа, боқмұрын [7,525б] деп берілсе, тура мағынасында мұрыннан шығатын сарғыш түсті қоймалжың [8,393б] деп көрсетілген. Қаншауың – Жамбыл, Жуалы өңірлерінде айтылатын [6,411б], бір нәрсенің сан мөлшерін білу үшін қолданылатын сұрау есімдігі [8,473б]. Сонымен қатар, «Беу, ақсақ дүние» повесіндегі Мырзаның шешесі, Қызылкөздің жары Айкүмістің сөзі ерекше эмоционалды, қарапайым, дөрекі, тұрпайы болып келеді: – Әй, арам қатқыр, жау келсе жалғыз сені шаба ма? – деп жұлып тастай жаздады. Тым құрыса жалаңбұт қашпай ылпаңды кие кетпейсің бе? Қашқанда қайда барасың, қай жаудан қашып барасың, миғұла байқұс- ау? – Жанының тәттісі. Сенің елге кісілігі, жерге сідігі сіңбеген қу жаның кімге керек еді? Артынан іздейтін жақыны, ізіне түсетін жауы жоқ албаты қаша беретінде нақұрыс болады екен-ау [6,61б]. – Аты теріс қайным, келін қайда? – деп кәрі жеңгесі отырмай жатып тергеуге алды. – Әй, көзелім-ау, отын қайда? [6,14б]. Кейіпкердің портретін жасауда қаһарманның төл сөзін пайдалану көркем мәтіннің бағалаушылық әсерін күшейте түседі. Сондай-ақ автордың кейіпкер сөзіне сілтемелері кейіпкердің бейнесін оқырманның көз алдына келтіреді, кейіпкердің сөзін тыңдатады. Мәселен, арам қатқыр – қарғыс мәнді сөз, арам өлгір, бұйырмағыр [9,53б] деп берілсе, синонимдер сөздігінде арам, арамза, арамы, жымысқы, жымсыма, ішмезер, яғни, қара ниет, астыртын істейтін қулығы бар [8,65б] деген мағына береді. Ал диалектологиялық сөздікте арамза сөзі (Семей, Аягөз, Жезқазған, Көкшетау, МХР) желтоқсан, қаңтар айларында ерте туған қозы [7,67б] делініп, бастапқы мағынасына мүлдем жуыспайды. Жалаңбұт – тұрпайы мәнді сөз, тура мағынада жалаңаш, лыпасыз, тыржалаңаш. Ауыспалы мағынада тақыр, жадағай, жазық [9,254б] деген мағынаны береді. Сондай-ақ бетінде қылтиғаны жоқ [8,219б], Ресей, Омбы қалаларында жалаңаш ашық қора деп қолданылады. Миғұла – тұрпайы мәндегі ақылсыз, мисыз, су ми деген мағына береді [10,209б]. Байғұс — мүсіркеу мәндегі сорлы, бейшара, мүсәпір деген мағынаны білдіреді [9,98б]. Нақұрыс – тұрпайы мәндегі сөз, ақылынан адасқан, еселаң, жынжы, жарымес [10,313б] деп берілген. Еркелету мәнінде айтылған көзелім сөзі сын тұрғысынан көпті көрген, сұңғыла, сонымен қатар ашылу, айқындау, жадырау, ешкі терісінен істелген жұмсақ былғары мәсі [9,406б] деген мағыналарды береді. Шығармадағы Айкүмістің тіліндігі Қызылкөзге қаратып айтқан – «арам қатқыр», «миғұла байғұс», «нақұрыс» деген сөздерді оны сөгуден гөрі мүсіркеу, аяу сезімін тудырып, Қызылкөздің бейшара бейнесін елестетеді. Сонымен қатар әйелдер тілінде қарғыс мәнді дөрекі сөздермен бірге (арам қатқыр, миғұла, байғұс, ләухи, нақұрыс) еркелету мәнді (көзелім, атытеріс қайным, қотиын, буаз қайнаға, қыпша бел қайнаға, қисықбас қайнаға) қаратпа сөздер жиі қайталанып отырады. Кейіпкердің ой-толғанысын, олардың мінез-құлқын суреттеуде автор қанатты сөздерді, тұрақты тіркестерді, мақал-мәтелдерді де молынан қолданады. «Мақал-мәтелдер – күрделі мәселелерді терең, өте дәл жеткізетін ой шалымы кең, қысқа қайырымды шешен сөз. Ол көр қырлы түйіндерге бай, көркемдік дәрежесі жоғары сападағы қанатты сөз айшығы» [11,5б] демекші, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер арқылы белгілі бір кейіпкердің шешендігін, тапқырлығын айшықтап, даралайды: – Әлгі Абдолдың Қойсарысы бесіктен белі шықпай жатып жаманына қатын әперіп… «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген осы болды да. Арам қатқырдың арыстай азаматты жұтып тыңғанын қарашы…[6,8б]. Бөтеннің аты бөтен-ау. «Өз үйім – өлең төсегім» деген осы… [6,49б]. – Қызылкөз қышынып жүріп-ақ үйреніп кетті. Қазірдің өзінде де қайшы тисе ырысы қашатындай иегіне ұстаса жолатпай келеді, «жанның рахатын сезгің келсе ешкіқотыр бол» демекші, содан қасынып отырып ләззат алатынын және бар… [6,56б]. Жарылқапты! Пышақ ұшынан дәм татқан шығарсың?.. Немене, жылқы егініне түсіп пе? — Қылғынып өлер қылтамақ шөп жоқ дейді [6,70б]. — Әрине, бұл да еңбек. Әлдеқашан сүйегіне қына шығып кеткен бабасының атағын малданғанша жарық дүниеде бас көбейткен де ерлік қой. «Тегін адам таз болмайды» деген осы да [6,82б]. «Бір күн қой баққаннан мың күн ақыл сұрама» деуші еді. Осы мен мал бағуға міндеттімін бе? [6,85б]. Мұнда мақал-мәтелдерде адамға тән сан алуан мінез-құлықтар берілген. Бесіктен белі шықпаған – есеймеген, буыны қатпаған [9,128б] мағынасында қолданылған. Жұтудың бірнеше мағынасы бар: а)тамақты жұтып жіберу, қылғу, обу; ә)сіңіру, бойына тарту; б)ауыспалы мағынасында жою, жоқ қылу, жалмау [9,319б]. Бұл сөйлемде айшықтау мақсатында ауыспалы мағынада қолданылған. Қылтанақ – дақылды өсімдіктердің масағы мен селеу басына сорайып біткен жіңішке қылтық немесе балықтың қылқаны, ет арасындағы тікенек сүйегі, ауыспалы мағынада тікірейген қатты, сондай-ақ титтей, құттай, зәредей деген мағына береді [10,71б]. Автор ауыспалы мағынасын пайдаланған. Мақал-мәтелдермен кейіпкерлерді сөйлету арқылы ауызекі сөйлеу тілінің сан алуандығын және кейіпкерлердің сөз тапқыш, эмоционалды сөйлеу мәнерін көрсетуге қол жеткізген. Кейіпкер бейнесін сомдауға жазушы диалект сөздерді де пайдаланған. Дегенмен, шығармалардағы жергілікті тіл ерекшеліктері кейіпкер тілінде ұшырасады: …Жезде шіркін қитығып, тай тулақ пен түйе көрпені там төбесіне лақтырып тастады да: «қырғанда апаңды қайтіп аларсың» деді [6,41б]. Жазушы кейіпкерлердің даралау мақсатында Алтай өңірінің диалектілерін қолданған. Мәселен, там – қолдан құйған кірпіштен салынған үй (Ауғаныстан, Иран, Семей, Жамбыл т.б.). Ал Ақтау, Ырғыз, Орал, Қостанай өңірлерінде мола, зират, бейіт мағынасында қолданылады [7,612б]. Қаламгер ауызекі сөйлеу тіліне тән қарапайым сөздерді қолданады: дөкей (бастық), қарны шұрылдау (қарны ашу), жын ұру (ақыл-есінен айырылу), пошым (түр), түнеме (бөлме), даңғаза (мақтаншақ), бас терісі бырысу (ашулану) т.б. Осындай сөздерді кейіпкер сөзі мен образының әсерлігін арттыру мақсатында қолданылады. Сонымен қатар бадыраю, қалжырау, сумаң ету, үдірейісе қалу, осқырына қарау, ыржалаңдау мысқыл мәнді, атау-кереңді іш, бәтшағар, оттапсың, сандалма тұрпайы, дөрекі мәндегі, алғыс-тілек мәніндегі тілеуің бергірлер, бәле жаласынан аулақ, қарағым т.б. бейвербалды сөздер кейіпкер тіліндегі ауызекі сөйлеу тілінің үлгісін көрсетеді. Шығарма тілінің негізін қолданыстағы, күнделікті тұрмыста айтылатын сөздер құраған. Кейіпкерлер тіліндігі қарапайым сөздер оларды әр жағынан даралап, ерекшелеп көрсете білген. Қ.Ысқақов туындысын талдау барысында синтаксистік құрылымындарға өзгеше стильдік жүк артқанын, яғни, сұраулы, лепті, бұйрықты сөйлемдердің алған орны, атқарған қызметтері ерекшеленгенін аңғардық. Кейіпкер бейнесін даралаудағы қызмет ерекшелігі, олардың қарым- қатынасын көрсетуін сан алуан сөздіктерді пайдалана отырып, шебер жұмсалғанына көз жеткіздік. Қорыта айтқанда, Қ.Ысқақовтың кейіпкер сомдаудағы жазушылық сөз өрнегі оның лексика-грамматикалық бірліктерді, дыбыстарды, көріктеу құралдарын ұйымдастыру шеберлігін, сол арқылы кейіпкер сөзіне психологиялық ерекшелік дарыта алуынан көрінеді. Жазушы кейіпкердің аузына жаргон, былапыт, тұрпайы, қарапайым, диалект, варваризм сияқты әдеби нормадан ауытқыған сөздер арқылы олардың өскен ортасын, тәлім- тәрбиесін, білімін, образын аша түсуді көздейді. Қаламгердің «Беу, ақсақ дүние» повесінің құрылымдық тәртібін сипаттай, зерттей, зерделей отырып, М.Серғалиев сөзімен айтсақ, «Қазақ тілінің лексикасы – сөзге өте бай, грамматикалық амалдары мен тәсілдері тіпті мол, сөздерді бір-бірімен тіркестіруге де, құрастыруға да, сонымен қатар сөйлем жүйелерін орайластыруға да қабілетті, икемді, ішкі мүмкіншіліктері мейлінше қат-қабат тіл» екеніне толық көз жеткіздік.

Оставить комментарий

Загрузка...