Коммунистік тәкаппарлық құрбаны

Ф.Голощекин С.Сәдуақасұлы мен жоғарғы билік құрамындағы оның серіктеріне шешуші шабуылға 1926 жылдың соңына қарай көшті. Оған қолайлы жағдай мынадай оқиғаға байланысты туған еді. Осы жылдың 12­14 қарашасында Москвада Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің сессиясы кезінде Т.Рысқұлұлының басшылығымен БОАК мүшелері, орталықта және ұлттық республикаларда істеп жүрген ұлт кадрларының кеңесі өтеді. Партияның Орталық Комитетінің және басқа орталық мекемелердің келісімінсіз өткізілген бұл кеңесте БОАҚ жауапты хатшысының орынбасары С.Асфендияров «РСФСР, автономиялық республикалар мен облыстардың құрылымы» деген тақырыпқа жазылған тезистерін баяндайды. Екі күнге созылған бұл кеңестің 130 беттік стенограммасы мен қарары барлық ұлттық республикаларға жөнелтіледі. Кезінде Орталық пен республикаларда көптеген қолайсыздық тудырған бұл ресми емес жиылысқа Қазақстаннан Т.Рысқұлұлы мен С.Асфендияровтан басқа С.Қожанұлы, Ж.Мыңбаев, Ж.Сұлтанбековтер қатысып, сөз сөйлейді. Бізге белгілі құжаттарға қарағанда, жиналыс Орталық Комитеттің, орталықтың ұлттық саясатын жан­жақты сынға алу рухында өткен.

Тезистерімен сөйлеген С.Асфендияров ұлттық республикаларда қалыптасқан жағдайға талдау жасап, революция жеңісі нәтижесінде қалыптасқан ұлттық құрылымдардың әлі де болса саяси еркіндігін өз қолына ала алмағандығына, индустрияландыру процесінің бір жақты жүруі нәтижесінде олардың көбінің әлі де шикізат көзі дәрежесінде қалып қойғандығына, ұлттық жұмысшы табы сандық тұрғыдан өсудің орнына кеміп бара жатқандығына, партиялық және кеңестік аппаратты жергіліктендірудің барысы қанағаттандырғысыз баяу жүріп отырғандығына тоқталды. Қорыта айтқанда, ол ұлттық республикалардың өз саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуде тоқыраушылық кезеңді бастан кешіріп отырғандығын айтты. С.Асфендияровтың тезистерінде берілген негізгі ойларды қолдай сөйлеген қырғызстандық Әбдірахманов, татарстандық Гимранов және басқа шешендер орталық және жергілікті аппарат қызметіндегі ірі кемшіліктерді, соның ішінде, әсіресе, шовинистік әрекеттерді нақты, дәлелді фактілер арқылы сынға алды. Қазақстандық Мыңбаев, Қожанұлы және басқалар бұл келтірілген фактілердің Қазақстан өмірінде де орын алып отырғандығын, ал бұл мәселелерді қысқа мерзім ішінде шешу үшін республикаға кең еркіндік, патшалық билік езгісінен құтылған қазақ халқының ұлттық мүддесін аяқ асты етпейтін мемлекеттік саясат жүргізу қажеттігіне көңіл аударды.

Кеңес өз қарарында ұлттық республикалар мен облыстардағы партия ұйымдарына сенбейтіндігін, ал БКП(б) Орталық Комитеті мен Орталық Бақылау Комиссиясы ұлттық республикалардың федеративтік өкілдігі принципі тұрғысынан құрылуын қалайтындығын білдірді. Қарарда сондай­ақ ұлттық мәселелер бойынша V кеңес шақыру туралы талап қойылды. Т.Рысқұлұлының басшылығымен өткен бұл кеңестің өз уақытында, тіптен соңғы жылдарға дейін «буржуазиялық ұлтшылдықтың» көрінісі ретінде бағаланып келгендігі мәлім. Егер оған бүгінгі күн билігінен қарап, өмірлік себептеріне зер салсақ, онда бұл оқиғадан күні өткен империялық жүйе мен енді ғана ұлттық еркіндікке қадам жасаған республикалар арасындағы күн астындағы өмір үшін тартыстың көрінісін байқаймыз. Ал Т.Рысқұлұлы, С.Асфендияров және басқа ұлт өкілдерінің ұстанған бағыты белгілі дәрежеде осы тарихи кезеңдегі ұлттық республикалардағы интеллигенцияның орталықтың зорлығына, партияның басқа реңк ала бастаған ұлт саясатына қарсы көрсеткен наразылығы болатын. Мұндай оқиғаның Сталин мен оның төңірегіндегілердің назарынан тыс қалуы, әрине, мүмкін емес. Кеңестің артын ала дерлік барлық республикаларда оның материалдары талқыға түсіп, ресми бағасын алды. Қазақ комитетінің бюросы, Өлкелік бақылау комиссиясының президиумы және Халком Кеңесі мен ҚазОАК фракцияларының біріккен мәжілісінде қабылданған қарарда: «Республикалардың пікірі мен мұқтаждығын кездейсоқ бас қосқан «националдар» емес, тек қана парткомдар мен үкімет білдіреді.

Нақтырақ айтқанда, осы кеңесте қазақ қызметкерлері — Қожанов пен Мыңбаевтың, Асфендияровтың тезистерінде айтқан пікірлері Қазақ Өлкелік Комитеті мен ҚКСР үкіметінің пікірі мен бағытынан мүлдем алшақ», — деп көрсетілді 80 . Осы кеңесте жасаған баяндамасында Голощекин Мәскеудегі «националдардың» кеңесіне қатысқан қазақ қайраткерлерінің есімдерін «тозығы жеткен көсемдер», «буржуазиялық интеллигенция», «алашордалық идеологтар», «халықтан тамырын үзген элементтер» сияқты теңеулермен қатар атап, шамасы келгенше қаралап бақты. Бірақ оның үлкен баяндамасында зер сала оқыған кісіге еріксіз ой салатын жайлар басқа еді. Ол сөзінде сол кезеңге дейін жергілікті ұлтшылдықтың орыстық шовинизмге жауап ретінде пайда болған құбылыс есебінде қаралып келгендігін, бұл тұжырымның енді өз күшін жойғандығын, жаңа жағдайда жергілікті ұлтшылдық қорғанушылық сипаттан шабуылға өтуші мазмұн ала бастағанын, ол сонысымен қауіпті екендігін дәлелдеуге тырысты. Бұл «жаңа» тұжырымын жан­жақты негіздеуден кейін ол өзінің ескі әдісіне көшіп былай деді: «Бұлар (Мәскеудегі Кеңеске қатысқандарды айтып отыр. ­ М.Қ.) төменгі бұқараның қысымын, терең өзгерістердің пісіп­жетіліп келе жатқанын сезген, бірақ оларды түсініп, қабылдауға даярлығы жоқ, сондықтан да шенеуініктермен бірігіп бізге шабуылға көшкен өкпелі буржуазиялық интеллигенция.

Читайте также:  САМАНИЛЕР ӘУЛЕТІ ТУРАЛЫ

Олар кешегі күннің адамдары, бірақ бүгіннің талабын білдіргісі келеді, онысынан ештеме шықпайды. Мен қазір біріне­бірі қарсы тұрған екі полюсты көріп тұрмын: оның бір жағында — Мәскеуде өткен ұлт өкілдері кеңесі, ал екінші жағында — осы залда отырғандар. Осында отырғандардан бүгінгі қызметте жүрген, сол қызметі тыныс­тіршілігіне айналған нағыз ұлт өкілдерінің бет­бейнесін көрсек, ал Мәскеудегілерден олардың айнадағы қисық шағылысын байқағандаймыз… Біз қазір ұлттық республикалардың мүддесі мен мұқтажын қайсымыз білдіре алатындығымызға анық және нақты жауап беруіміз керек. Оларға ұнамайтыны біздің партия ұйымымыз бен олар келіспей отырған үкіметіміз бе, жоқ әлде солар ма?» 81 . Бұл жерде Голощекиннің полюстың екінші жағына, яғни ұлт мүддесіне қарсы қойып отырған кешегі кедей қазақ шаруасы отбасынан шыққан Т.Рысқұлұлы, Ж.Мыңбаев және басқалардың ұлттық буржуазияға қаншалықты қатынасы бар екендігін айтып түсіндіріп жатудың қажеті бола қоймас. Әрине, Голощекин мен оның орталықтағы қамқоршыларына Қазақстан сияқты ұлттық республикалардың сол тарихи кезеңде алдында тұрған өмірлік мәні бар күрделі мәселелерін жанашыр ұлттық интеллигенциямен бірігіп шешу жолдарын іздеуден гөрі, оларға түрлі айыптар тағып, тек қана өздеріне ғана мәлім «даңғыл жолмен жарқын болашаққа» шеру тарту әлдеқайда жеңіл болатын.

Ал енді осы Мәскеуде өткен ұлт өкілдері кеңесі мен Қожанұлы, Сәдуақасұлы және Мыңбаевтың топшылдық әрекеті туралы мәселе қараған БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитеті мен Өлкелік бақылау комиссиясының біріккен пленумының өзара байланысы бар ма? Мәскеудегі кеңес 1926 жылдың 12 және 14 қараша аралығында өтсе, Қызылордадағы пленум осы айдың 25­30 аралығында болды. Демек, ұлт өкілдері кеңесіне байланысты Мәскеудегі басшылықтың пікірін біліп алғаннан соң, Голощекин үшін Қазақстандағы «ұлтшылдармен» есеп айырысуға нағыз қолайлы сәт туған еді. Ортағасырлық ақын айтқандай, қолайлы сәт бұлт сияқты, сәл кідіріп, ұшады да кетеді. Пленумның нәтижесі оқырманға мәлім, біз оған жоғарыда тоқталдық. Бұл арада қысқаша болса да айтпай өтуге болмайтын бір мәселе бар. Ол сол тарихи кезеңдегі қазақ ұлттық интеллигенциясының өзара жікшілдікке бейімділігі, берілгіштігі, оның белгілі бір бөлігінің Голощекин құрған шырмауға түсіп, ұлттық мүддені тәрік еткендігі жөнінде. Әрине, ұлттық интеллигенцияның бұл кемшіліктері, белгілі дәрежеде оның балаңдығына, қоғамдық­саяси күресте тәжірибесіздігіне байланысты екендігі даусыз. Бірақ оның бойындағы аталған кемшіліктерді тек объективті себептермен ғана байланыстырумен шектелсек, онда күрделі мәселенің басқа қырларына көз жұмғандай, яғни тарих тағылымын елемегендей болар едік.

Голощекин жалпы одақ көлемінде және Қазақстанда қалыптасқан өзіне қолайлы жағдайды ұтымды пайдалана отырып, өз қарсыластарымен күрес барысында түрлі әдістерге барды. Солардың бірі ескі (салыстырмалы түрде. ­ М.Қ.) революцияға дейінгі, анығырақ айтқанда, алаштық интеллигенцияға қоғамдық саяси күрестің түрлі құйтырқыларынан хабарсыз жас ұлттық интеллигенцияның келесі буынын қарсы қою болатын. Бұл әдісті 20­ жылдардың басында жоғарғы билікке енді ғана араласа бастаған қазақ интеллигенттері өзара билік үшін күресте қолдана бастаған. Егер деректердің көрсетуіне сенсек, осы мезгілде толып жатқан түрлі топтар (меңдешевшілер, сейфуллиншілдер, сәдуақасовшылдар, т.б.) біріне­бірі алашордалықтармен байланыста болдың деген сияқты айып таққан. Олардың арасында кезінде билікке қарсы әрекеттер жасаған алаштық интеллигенцияны ғайбаттап, жаңа үкіметтің Қазақстандағы өкілдеріне жағынып, қызмет бөлісуді көздегендер де бар еді. Басқаша айтқанда, ескі патшалық тәртіп тұсындағы болыстық үшін талас, енді жаңа жағдайда өзге сипат алды, рулық бөлінудің орнын таптық бөліну басты.

Тек ұлттық тұтастық негізінде ғана шешілуі мүмкін жалпыұлттық міндеттер тағы да кейін шегерілді. Аға буын интеллигенцияның ескі империялық тәртіпке қарсы күресі өзіне тиесілі бағасын алу емес, тіптен оның бұл күресте жиған тәжірибесі де керексіз боп табылды. Билікте жүрген ұлттық интеллигенцияның өзара бақастықта саяси күрестен аласталған алаштық интеллигенциямен байланысты көлденең тартуы, түптен келгенде, оның өзіне бәле боп жабысқанын сезбей де қалды, ал қоғамдық­саяси күресте оның тәжірибелі қарсыластары қазақ зиялыларының бұл кемшілігін үлкен шеберлікпен пайдалана білді, РКП(б) Қазақ обкомының жауапты хатшылары Коростелев пен Нанейшвили түрлі топтар арасында тепе­теңдік сақтау саясатын ұстанды. Дегенмен әр түрлі айлақорлықпен қазақ интеллигенциясын түрлі топтарға бөліп тастап, оларды өзара қырқыстырып қоюда ерекше «табысқа жеткен», әрине, Голощекин еді. Ол қазақ интеллигенттерін ескі, яғни алаштық және жаңа, яғни кеңестік интеллигенция деп бөліп, соңғысын оңшыл және солшыл деп тағы да жіктеді. Халықтың тарихи жолынан хабарсыздық түрлі надандықтарға жол ашатындығы мәлім. Мұндай кемшілік мемлекеттік қызметте бірнеше есе үлкейіп, қоғамдық дамуға аса зор кеселін тигізетіндігі де белгілі.

Читайте также:  Қазақ хандығында патриотизм рухын қалыптастыру

Осы ойдың шындығын Голощекин қызметінен анық байқауға болады. Қазақ халқының тарихынан, ғасыр басындағы отарлық езгідегі ауыр халінен, рухани талап­ тілегінен мақұрым Голощекин Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы бастаған қазақ интеллигенциясының тарихи орнын тура, байсалды түсініп баға беруге өресі жетпеді, тар, қарабайыр таптық, партиялық түсінік деңгейінде қалды. Мәселен, ол VI Өлкелік партия конференциясында ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының қызметіне мынадай баға берді: «Ну, а национализм наших баев, буржуазной интеллигенции, у них он какой, — невинненький? Не наступательный? Посмотрите, как в период до Октября и после Октября этот националистический щенок вырастает в очень большую националистическую собаку! (смех). Есть разные национализмы. «Есть «национализм» в кавычках, т. е.., стремление к равноправию, здоровое и правильное, и мы ему должны помогать, а по националистической верхушке байских идеологов надо бить» 82 . Кешегі тіс технигі, жүрдім­бардым алған білімі бар феодалдық­тоталитарлық жүйенің еркімен бүтін бір халықтың сорына «сеньерлық» таққа отырған Голощекин мемлекеттік қайраткерге де, ұлы ғалымға да, қатардағы азаматқа да ортақ шындық деген ұғым бар екендігін, ал ол шындыққа топырақ шашқанға, халықтың, кәдімгі бұқара еңбекші халықтың қарғысы жаумай қоймайтындығы хақында ойламаса керек. Ал сол шындық тұрғысынан келгенде, өзі ғайбаттап отырған интеллигенцияның патша билігі тұсында да, кеңес билігі тұсында да қымсына­қымсына еркіндік, теңдік, ағайындық сияқты қарапайым, түсінікті және табиғи талаптан өзге қойған ештемесі де жоқ екендігін түсіне алмады. Кешегі Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсындар қойған мәселелер кеңестік билік орнағаннан кейін де сынаптай бұзылып, қардай еріп кеткен жоқ­тын.

Олай болса, Т.Рысқұлұлы, С.Қожанұлы, С.Сәдуақасұлы сияқты қайраткерлердің өмірге келіп, ұлттық мүддені жалау етіп, саяси күреске араласуы қоғамдық талаптан туған табиғи құбылыс болатын. Голощекин мен оның серіктері бұл құбылыстың да түп тамырына тереңдей бара қойған жоқ, олай ету көп күшті, төзімділікті, уақытты талап ететіндігі белгілі. Сондықтан да олар «ең төте және жеңіл» жолды таңдап алды, ал ұлттық еркіндік пен теңдік мәселесін тағы да қойған ұлттық интеллигенцияның келесі, жаңа буынын «алашордашылар» деп жариялады. 1926 жылғы қараша пленумында жасаған баяндамасында Голощекин «алашордалықтардың екі буынын» анықтап, оларға мынадай баға берді: «Алашордалықтар туралы айтқанда біз шатысып жүрміз. Алашордалықтардың екі түрі бар — ескі басшылары және алашордалықтардың жаңа буыны. Бұлардың өзара үлкен айырмашылығы бар. Егер біз іскі тәртіптегі алашордалықтарды алсақ, маған олардың өткенде бірдемесі болғандай көрінеді. Олар өткен уақытта, қазақ жағдайында, қазақ болмысында революционер, буржуазиялық революционерлер болды. Ал жастарда ол жоқ, оларда ашу­ыза басым, олар кеңестік билікпен күресте есейді» 83 .

Әңгіменің кім туралы болып отырғанын түсінген С.Сәдуақасұлы осы пленумда сөйлеген сөзінде: «Мен осы мінбеден алашорда идеологиясымен ортақ ештеңем де жоқ екендігін мәлімдеймін, өйткені мен коммунистпін. Біздің сорымызға қарай ондай жағдайлар ісімізден, кейде сөзімізден сезіліп жатса, сол қиындықтарды жеңу үшін өсіп жетілуіміз керек қой», — деп көрсетіп, одан ары Оқу­ағарту халық комиссариаты партияда жоқ интеллигенттер көп шоғырланған мекеме, сондықтан да қызмет бабына қарай ол интеллигенцияны жұмысқа тартуға байланысты бой көрсеткен тар коммунистік тәкаппарлықпен күресуді алашордалық әрекет есебінде бағалау қателік екендігін айтты. «Біз 100% коммунист емес екендігімізді түсінеміз, — деді ол, — өйткені біз патшалық тәртіптің жер аудару, каторга сияқты азабын бастан өткізгеніміз жоқ, кемшіліксіз де емес екендігімізді мойындаймыз, бірақ біз ол қателіктерді жеңу үшін әрекет жасаудамыз» 84 . Бірақ оның бұл жан айқайы Голощекин емес, залда отырған қазақ коммунистерінің де жүрегіне жол тапты деп айту қиын.

Читайте также:  Монетарлық ғадет туралы

Пленум барысындағы пікір алысу соны көрсетіп берді. Голощекин осы пленумда жасаған баяндамасында қазақ коммунист кадрлардың «жаңа қабаты қалыптасып, нығайып келе жатыр», бүкіл Қазақстанның болашағын, партия ұйымының қазақ бөлігін көркейтетін осы кадрлар болады, ал егер «мен, біз бәріміз, бұл мәселеде қателессек, онда Қазақстанның бақытсыздыққа ұрынғаны», ­ деп мәлімдеген. Жауапты хатшының бұл айтқан пікірін толық күйінде жоққа шығару қисынсыз болар еді. Дегенмен, тарихи тәжірибе көрсетіп бергендей Голощекин меңзеп отырған «жаңа қабаттың» кімдер екендігін де шамалауға болады. Пленум барысында «сәдуақасовшылдарды» әшкерелеуде алдымен белсенділік танытқан да осы «жаңа қабаттағылар» еді. Енді солардың сөздерінен алынған мынадай пікірлерге назар аударалық. О.Исаев: «Мен енді біздің сәдуақасовшылдықпен үлкен принциптік айырмашылығымыз бар кейбір мәселелерге өтейін. Бірінші ­ жергіліктендіру мәселесі. Олар жергіліктендіруді іс жүзінде неге айналдырмақшы? Олар жергіліктендіруді басшылықты басып алу құралы мен әдісіне айналдырып, содан кейін мәскеулік пролетарлық партиялық басшылығынан жалт бермек. Олар біздің одақтың орталығы — біздің кеңестік Мәскеуді нағыз метрополия орталығындай түсінеді. Сонысымен де олар қазақ байларының идеологиясы мен талабын білдірушілер. …Одан ары Сырдария ісі. «Жалпықазақтық мәселе» деп даурықты олар. Неге, не үшін? Саудаға айналдырып барлық европалық хатшыларды ығыстырып, олардың орнына «өз» қазақ хатшыларын қойып, ең соңында, Қазақстанды қолына алып, елді «байлардай басқару үшін». X. Жүсіпбеков: «…Редактор болып жүргенде де оның (С.Сәдуақасұлын айтып отыр. — М.Қ.) партияда жоқ интеллигенттердің партияға қарсы жазылған мақалаларын жариялауы кездейсоқ емес.

Ал енді оның кеңестік интеллигенцияға қатынасына көңіл аударайық. Біздің кеңестік интеллигенция — бұл қазақ мұғалімдері. Бесінші конференциядан кейін партиялық орган «Еңбекші қазақта» ол мұғалімдерді — атқамінерлер деп жариялаған материал басты. Сөйтіп, жаңа теория жасамақ болды, мен өз қызметіме байланысты мұғалімдерді мұндай етіп көрсетуге қарсы шықтым. Сәдуақасұлы жолдастың интеллигенцияға қатынасы осыдан көрінсе керек» 85 . Ғ.Тоғжанов: «…ол «Еңбекші қазақта» жарияланған бас мақаласында ХІV съездің шешімдеріне сүйене отырып, біздің Қазақстанда оңшылдық жоқ, керісінше, солшылдық басым, сонымен белсенді күрес жүргізу қажет деп жазды. Мен Орталық Комитетте қызметте жүргенімде Сәдуақасұлы жолдас маған келіп, жалғыз ленинизммен қазақ халқын басқаруға болмайды деп дәлелдеуге тырысты. Біз осы күнге дейін тек ленинизм арқылы ғана халықты басқаруға болады деген көзқараста тұрмыз, ал ол болса болмайды дейді»… 86 Жарыссөзде Ә.Байділдин, Мусин және басқа бір топ қайраткерлер шамамен осы рухта сөйледі. Шешендердің арасында бұрын өзіне тән емес бағытта сөйлегендердің арасында Нұрмақов ерекше көзге түсті. Ол: «Кеше бюрода Сәдуақасұлы Голощекин төңірегіне жағымпаздарды жинап алды деді… Өлкелік Комитеттің бас хатшысына құрметпен қарау, оның жолдастық кеңесін қабыл алу Мыңбаев пен Сәдуақасұлы үшін жағымпаз болу екен!

Республика Халкомы Кеңесінің төрағасы Мыңбаев пен Сәдуақасұлы ұлтшыл интеллигенцияның ықпалында қалып отыр, бұл жолдастардың ойы бойынша жағымпаздық жасап ұлтшылдарға жақса, онда қазақ халқына да жаққаны; олар ойлайды, қазақ жерінің нәрі — партияда жоқ интеллигенция, яғни солар арқылы ел құрметіне ие бола аламыз деп» 87 . Кім білсін, мүмкін бұл Нұрмақовтың Бас хатшының пленумда өз атына айтқан мақтау сөзіне берген жауабы да болар! Әйтеуір, оның осы пленумда бұрынғы Бюро жұмысы бойынша пікірлес, азды­көпті одақтас жолдастарымен біржола ат құйрығын үзіскені анық.

Оставить комментарий