Коммунистік Қытай билігі дәуіріндегі ұйғыр әдебиеті

Коммунистік Қытай билігі дәуіріндегі ұйғыр әдебиетін дәуірлеу мәселесі. Ұйғыр әдебиеті тарихын зерттеушілер бұл дәуірдегі ұйғыр әдебиетін «Бүгінгі заман ұйғыр әдебиеті» деп атап, оның уақытын Қытай Халық Республикасы (ҚХР) құрылғандығы жарияланған 1949 жылдың 1 қазанына бүгінгі күнге дейінгі аралықпен шектейді. Біз зерттеу тақырыбымыздың мазмұны мен мақсатын назарда ұстай отырып бұл дәуірді «Коммунистік Қытай билігі дәуіріндегі ұйғыр әдебиеті» деп атауды жөн көрдік. Олай деуімізге мынадай жағдайлар себеп болды. Ең бастысы, Шығыс Түркістан халқы ғасырлар бойы ұлттық­ мемлекеттік тәуелсіздік үшін күресіп келгендіктен оның әдебиеті де ұлт азаттық күресін мазмұн еткен әдебиет болып қалыптасқан еді. Ол туралы бұған дейінгі зертеулерімізде тоқталып өткенбіз. Қытайдағы қоғамдық ғылымдарда қалыптастырылған саяси ұғым бойынша, біз сөз еткелі отырған 1949 жылдан бергі дәуір «Азаттықтан бергі дәуір» деп те аталады. Бүкіл Қытайдың қоғамдық­әлеуметтік тарихы жөнінен алғанда бұлай дәуірлеудің еш бір әбестігі жоқ. Ал, Шығыс Түркістан халқы кімнен, қандай азаттық алып еді? Ұлттық­ мемлекеттік егемендікке қолы жетпей, Гоминдандық Қытай билігін коммунистік Қытай билігіне ауыстырғаннан ұйғыр халқы не ұтты? Оған төрелікті уақыт айтып қойған. Азаттық, бостандық, тәуелсіздік – бұл ұлттың өзін­өзі билеп, өзіне­өзі қожа болғандығын әйгілеп беретін қасиетті сөздер. Коммунистік партия көсемдері билік үшін күрескенде езілген ұлттарды еліктіру үшін не бір жағымды ұраңдарды айғайлап айтудан танбаған болатын. Патшалық Ресей билігін қолға алу үшін Ленин бастаған коммунистердің езілген ұлттар жөніндегі салтанатты мәлімдерінен 1917 жылы билік басына келгеннен қалай жалтарып кеткені жұрттың есінде. Дәл сол сияқты қытай коммунистері де салтанатпен мынадай мәлімдеме жариялағанын бүгінгі коммунист серкелер мүлде ұмыт қалдырғаны жұртқа аян. 1931 жылы советтердің бүкілқытайлық бірінші съезінде «Қытай Советтік республикасы барлық ұлттардың өзін­өзі билеу құқығын біржолата, сөзсіз мойындайды», [233] – деп жариялай отырып, оның мәнісін былайша тәптішей түсіндіріп шыққан болатын. «Бұл деген сөз, тұрғын халқының көпшілігі Хань емес ұлттарға жататын Моңғолия, Тибет, Шыңжаң, Юньнань, Гуижоу және басқа аудандарда, бұл ұлттардың еңбекші бұхарасы өздерінің тілектеріне қарай, Қытай Совет Республикасының құрамынан шығуға және дербес­тәуелсіз мемлекетін құруға құқығы бар.» [234] Коммунистік партия көсемдері билікке қолы жетісімен өздерінің ұлы державалық­неоотаршылдық саясатын бүркемелеу үшін қайдағы бір пролетарлық интернационализм, таптық туысқандық, езілген еңбекшілердің мүддесін қорғау т.б. дегенді ойлап тапты. Ресейлік коммунистердің осы «қамқорлығынан» ұлттық республикалар 1991 жылы әрең құтылғанына да ХХ ғасыр куә болды. Ал, қытайлық коммунистер пролетариат диктатурасы астында жаншылған «Аз ұлттарға қамқорлығын» айтып тауыса алмауда. Біз сондықтан да 1949 жылдан бергі ұйғыр әдебиетін «Коммунистік Қытай билігі дәуіріндегі ұйғыр әдебиеті» деп атау өмір шындығына сай келеді деп қараймыз. Аталмыш дәуірдегі ұйғыр әдебиеті, саяси биліктің өзгеруіне және еларалық жаңа қатынастардың жағдайына орай түбірлі өгерістерге ұшырады. Оның басты көріністері мыналар болды: 1. Ғасырлар бойы қалыптасқан классикалық ұйғыр әдеби мектептері мансұқталып, оқулықтар мен баспасөзден ығыстырылды. 2. 1949 жылға дейін ұйғыр әдебиетінің басты мазмұны болған ұлт­ азаттығы, мемлекеттік тәуелсіздікті жырлап, Гоминдандық Қытай отаршылдығын әшкерелеуші шығармалар кітапханалар мен оқулықтардан сыпырылып тасталды. 3. Әдебиеттің партиялығы мен таптық күрес құралы болуы керектігі күштей дәріптеліп, пролетарлық интернационализм әспеттеле бастады. Әдебиет пен көркем өнерге үш қайнатса да сорпасы қосылмайтын «ұр, соқ, жойды ұраңдатқан жойымпаз әдебиет сымақ пайда болды. 4. Осындай жойымпаз науқанның кесірінен гүлденген, бап ұйғыр әдебиеті тоқырауға ұшырап, тақырып аясы мүлде тарылды. 5. Тарихи қалыптасқан әдеби­мәдени байланыстар арнасы үзіп тасталды. Түрікшілдік, ислами құндылықтар мансұқталып, панисламизм мен пантуркизмге қарсы аяусыз күрес басталды.

Читайте также:  Лингвистиканың материалы және міндеті

Шығыс Түркістан рухани, мәдени өміріндегі бостықты Қытайлық социализм идеологиясы мен кеңестік ұлттық республикалар да әспеттелген социалисік реализмның ұраншыл туындылары толтыруы керек болды. Жарты ғасырға таяу қытай әдебиеті, сол қатарда ұйғыр әдебиетінің басты ерекшелігі осы айтылған саяси бағыттың жемісі ретінде туып, қалыптасты. Солай бола тұра Шыңжаңдағы ұйғыр әдебиетінің дамуы бір келкі, бірыңғай сипатта бола алған жоқ. Аса бай, мол қайнарлы, алуан машықта қалыптасқан ұйғыр классикалық әдебиеттің заңды жалғасы болып табылатын бүгінгі заман ұйғыр әдебиеті, талантты, ұлтжанды қалам қайраткерлерінің жанқиярлық жасампаздығы арқасында ұлттық әдебиет қазынасына қосылар көркем шығармалар мен толықты. Ұлттық әдебиет өзінің дәстүрлі ұлттық санасы мен азаткер рухын жоғалтпай халқына қызмет етіп келеді. Аса күрделі, қат­қабат саяси науқандар мен репрессиялық қуғын­ сүргінді бастан өткерген осы заманғы ұйғыр әдебиеті тарихын зерттегенде, бүкіл Қытайдағы және Шыңжаңда болып өткен тарихи, саяси, мәдени оқиғалар тудырған ұлттық­мемлекеттік ұғым­ түсініктердегі қайшылықтар мен өзгешеліктерді назарда ұстап, мынадай кезеңдер бойынша қарастырғымыз келді: Бірінші кезең, 1949­1958 жылдар аралығындағы ұйғыр әдебиеті. Бұл кезеңде ұйғыр поэзиясы бір шама дамып, өрлеу, өркендеу қарқыны сақталды. Прозалық, драмалық шығармалар жанр, түр жағынан кемелдене бастады. Әдебиетке бір топ талантты, екпінді қаламгерлер келіп, баспасөз бен кітап өнімдерінің молайуына қолқабыс етті. Ұйғыр әдебиеті, Қытай әдебиеті мен бұрыңғы КСРО құрамындағы туыстас түрік халықтары әдебиеті арқылы дүние жүзі классиктерінің аудармаларымен танысу мүмкіндігіне ие болып, бірыңғай, сұрқай батырақтар әдебиеті мен саяси ұраншыл жұтаң әдебиеттің қара тасқынына тұншығып кетпей жан сақтады деуге болады. Шығармашылықпен тәуелсіз Шығыс Түркістан республикасы тұсында айналысып көзге көрінген Німшеһит, Ахмет Зияйи, Тейіпжан Әлиев, Әлхам Ақтам, Әбілез Назыри, Құрман Емин, Мұхаммед Реһим, Рахметолла Жари, Емин Тұрсұн қатарлы ақындар қоғамдағы жаңа өзгерістерді жатырқамай жаңаша жырлай бастады. Олар әлі де Қытай коммунистерінің әдемі уәделерінен дәмелі еді. Олар Шыңжаңға кең автономия алатынына, тіпті КСРО­дағы сияқты одақтас республика боларына сенімді болатын. Аға буынның көтеріңкі көңіл күйі шабыттандырған кейінгі толқын қаламгерлер – Мұхаметжан Садық, Әбдікерім Қожа, Рахым Қасым, Ошұр Ибраһим, Мәмтілі Зұнұн, Абламет Садық, Әбдікерім Мақсұт, Әбдіресіл Омар қатарлылар коммунистік партия мен социализмді көкке көтере мақтап естері шықты. Жылымық күндер алдамшы болып шықты. Кең автономия қиялы көкке ұшты. Бұрыңғы КСРО­дағы автоном республика деңгейіндегі ШУАР­дың құрылуы, 1957 жылдың соңынан басталған» «оңшыл­ ұлтшылдыққа қарсы күрес» ұлттық зиялыларды, әсіресе аққөңіл ұйғыр ақын­жазушыларының төбесінен жай түскендей есеңгіретіп кетіп еді. Екінші кезең, 1958­1976 жылдар аралығын қамтиды. Кейбір зерттеушілер осы екінші кезеңді 1958 жылдан емес, 1966 жылғы аты шулы «Мәдениет төңкерісінен» бастауды жөн көреді. Бізше болғанда, олай кезеңдеу сол тұстағы өмір шындығына сай келмейді. 1957 жылдың соңғы айларында бүкіл Қытайда «Оңшыл уклонистерге қарсы тұру» дейтін саяси науқан басталды, ал, ол Шыңжаң өлкесінде «жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күрес» ұранымен жүргізіліп, ұйғыр, қазақ зиялылары мен қалам қайраткерлері түгелге жуық қуғын­сүргінге ұшырап, тарым шөліндегі мен басқа да жаза лагеріне айдалып кеткен болатын. Ұйғыр әдебиетінде тек осы саяси қан­қасапта көзге түскен шолақ белсенді қошақшылар мен сарай ақындарының партия мен «Күн көсемге» мадақтары жарық көретін болды. Қазақстандағы 1937­1938» жылдардағы сүркейлі жағдай Шығыс Түркістандағы ұлт қаламгерлері басында 1957­1958 келіп жетіп еді. Ал, 1958 жылдан 1960 жылға дейін Мау Зыдұң бастаған Солшыл асыра сілтеу қара құйынына тап болған Қытай халқы саяси, рухани өмірде ғана емес, экономикалық күн көріс көзінен жұрдай болып ашаршылыққа тап болды. «Зор секіріп ілгерлеу, халықтық комуна және осыларды іске асыратын сара жол» деп аталатын есірік саясаттың мәні – күндіз­түні тынбай еңбек етіп, партия басшылығында «бес жылда – Кеңестер Одағын, он жылда Англияны, он бес жылда Американы куып жетіп, басып озу» дегенді білдірді. Толығымен күйреуге ұшыраған бұл делбе саясаттың зардабы алдымен коммунистік партияның қолшоқпарына айналған әдебиет пен көркем өнерге тиді. Өйткені бұл жылдарда ұлттық әдебиет өзінің тарихи міндеті мен кәсіби ерекшелігінен бүтіндей айрылып қалды.

Читайте также:  ЖАПОН ТІЛІНДЕГІ СЫПАЙЫЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАРЫ

«Коммунизмнің қара дауылы соғып өткен жылдар» деп Қытай қоғамтанушылары мен тарихшылары қарғыс таңбасын басқан бұл жылдардан кейін де Шығыс Түркістан халқының басына ауыр қасірет әкелген саяси репрессиялық науқан бір толастаған жоқ, құлжа көшелерін қанға бояған 1962 жылғы «29 май оқиғасынан» кейін (Қытай коммунистік партиясы жүргізіп келген қанды диктатураға наразы Құлжа халқы , облыстық партия комитетіне арыз­шағымдарын жеткізу үшін көшеге шыққанда, Қытай армиясы мен сақшылары пулемет пен автоматтан оқ жаудырып баудай түсірген болатын.) бүкіл Шыңжаң көлемінде антикеңестік саяси науқан басталып, шекара тарс жабылды. Кеңес одағынан әр кезде келген барлық газет­журнал, кітап атаулы жинап алынып, кірпіш заводтарына өртеуге жіберілді. Ұйғыр, қазақтардың кеңестік Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен туысқандық қарым­қатынасына, хат­хабар алысуына тиым салынды. Кеңес Одағында оқып келген зиялылар мен ақын­жазушыларға «Қос жүректер», «Шетке байланған элементтер», «Ревизенстер», «Сары кітап оқып, сары ән айтып буржуазиялық мәдениетті үгіттеушілер» т.б. саяси қалпақ астында қалды. Алды түрмеге, арты ауыл­қыстаққа бақылау астында еңбекпен өзгертуге жіберілді. Бұл науқан аяқталмай жатып, бүкіл Қытайдағы ауыл­қыстақта «төртті анықтау» (таптық құрамды, идеяны, үш әулеттің тарихын және есеп­қисаппен қойманы анықтау) деген нағыз саяси террорлық науқан басталып кетті. Ол науқанда соққы жемеген, саяси айыпқа ұшырамаған ұйғыр­қазақты табу қиын­ақ. Осы саяси­әскери репрессия (өйткені бұл науқанды жүргізудің басшылығы негізінен әскери коммиссиялардың қолымен жүргізілген болатын) шегіне жетіп әбден асқынған тұста, 1966 жылғы аты шулы «Мәдениет төңкерісі» басталып кеткен еді. Қытайдың бес мың жылдық тарихында талай­талай қанды қырғын, мәдениетке, әдебиетке қарсы тазалау, қирату, өртеу оқиғалары болғаны тарихтан белгілі. Бірақ дәл осы реткі нағыз шектен шыққан, мәдениетке қарсы «Мәдениет төңкерісі» болған емес. Он жылға созылған осынау ортағасырлық вандализм тұсында қанша мәдени ескерткіштер қиратылды, қанша әдеби шығармалар өртеліп жайылды, қанша адам репрессияға ұшырап көзі жойылды немесе азап лагерлерінде бұл дүниенің тозақ отына күйіп жатты. Біз сондықтан да коммунистік­фашистік диктатура өмір сүрген бұл жылдарды тұтастай (1958­1976) ұйғыр әдебиетінің, сондай­ақ тұтас Қытай әдебиетінің қаралы, қасіретті тарихы ретінде қарастыру керек деп есептейміз. Ұйғыр әдебиетін де бұл жылдарда ауыз толтырып айтарлықтай әдеби шығармалар туа қоймады. Ақын­жазушылар жасампаз шығармашылықпен айналыспақ түгіл, өлім мен өмір арасында қалтылдақ күн кешті .

Солай бола тұра отаншыл, қайсар қаламгерлердің біразы қараңғы қапаста жатып та қаламын жерге тастамай, қанды диктатураны айыптап, болашақтан күдер үзбеген отты жырлар жазып, аман сақтаған. 20 жылдай айдауда жүрген Ошыр Ибраһим, Мырзаһит Керім, Ажы Ахмет қатарлы ақындар өлмес жырларын түрме қапасында жатқанда жазған. Жалынды күрескер ақын Мырзаһит Керімнің «Қош Үрімжі», «Шөлдегі күз», «Тұтқын ғазалы», «Мен өлмедім» өлеңдері мен Ажы Ахметтің «Тұтқын тілектері», «Высал арзусы», «Һаятқа Мүһеббет», «Һижыран қошақлары» азапта жүріп сынбаған ерік­жігерін болашаққа үмітін білдіретін текті жырлар еді. «Келіп садасы», (жүрек үні) аты өлеңінде Ажы Ахмет өр дауыспен: «Адамдық қасиетіңді жерге ұрып, зорлыққа тізе бүгіп, Құл болып тірі жүруден өткен қорлық бар ма адамға, Азаппен қорлап өлтірсе де мейлі, Пида қылуға бұл жанды атап қойғанмын», [235] (еркін аударма) деп азаматтық өр сөзін айта алған болатын. Осы бір қарлы кезеңдегі әдебиеттің мән­жайын терең зерттеген ұйғыр зерттеушісі Азад Сұлтанның: «…Бүгінгі заман әдебиет тарихындағы көпшілік ақындар «мәдениет зор төңкерісі» мезгілінде әр түрлі дәрежеде зиянкестіктерге душар болған еді. Алайда, олар арман мен наным­сенімінен қол үзбеді, адамдықтарынан айрылмады. Ең сүйенерлігі – олар сол кездегі көңіл­күйлерін, жүрегіндегі кекті ызасын қағазға түсіріп сақтап қойды. Бұл өлең жолдары біріншіден сол бір аласапыран жылдардың көркем бейнеленуі ретінде, екіншіден, поэзиямыздың ағынды дариядай тоқтаусыз аға беретіндігін, оны ешқандай бір қара күштің бөгей алмайтынын нақты дәлел арқылы сипаттап берді», [236] деген сөзіне алып­қосарымыз жоқ. Үшінші кезең, 1976 жылы диктатор Мау Зыдұң өлгеннен кейін билік басына реформатор Дың Шаупиң келген 1978 жылдан былай қарайғы қайта жаңғыру, қайта ілгерілеу жылдарын қамтиды. Бұл кезеңде әдебиет саясаттың құлдығынан бір шама азат болып, өзіне тән заңдылықпен дами бастады. Қытай халқының саяси, мәдени өміріне қан жүгіртіп, жан кіргізген үлкен оқиға 1978 жылғы ҚКП ОК­нің ХІ съезінің үшінші жалпы мәжілісінде қабылданған саяси шешімдерінен басталды. Мұнда ҚКП­ның жарты ғасырлық қызметіне әсіресе 1958 жылдан басталған солақай асыра сілтеушілікке, қанқұйлы «Мәдениет зор төңкерісіне» әділ баға беріліп, оны он жылға созылған буржуазиялық фашистік диктатура деп айыптайды. Содан бастап сең қозғалып сала берді. Басқасын айтпағанда ондаған жылдар бойы абақтыда сарғайған, жаза лагерлерінде құлдыққа салынған ақын­жазушылар, өнер ардагерлері жаппай ақталып, шығармашылық пен айналысуға жағдай жасалды. Материалдық шығын өтеліп, рухани азатыққа қол жеткізді. Сол жылдарға дейін есіктері жабылған мәдениет ошақтары қайта ашылып, газет­журналдар жамырай дүниеге келіп жатты. Әйтсе де ондаған жылдар бойы еңсесі түсіп, рухы жаншылған қаламгерлер бірден көсіліп, өз мүмкіндіктерін көрсетуге батыл бара алмай, кібіртіктеп тұрған тұста Дың Шаупиң мынандай тарихи сөз сөйлеп, өнер адамдарын шабыттандырады: «Әдебиет пен көркемөнер саясатқа тәуелді деген сөз бұдан былай айтылмауы керек, өйткені бұл ұран әдебиет пен көркем өнерге қисынсыз килігудің оп­оңай теориялық негізі болып шыға келеді. Бұл тектес ұрандардың әдебиет пен өнерге пайдасынан зияны көп екені өмірдің өзі көрсетіп берген жоқ па?» [237] Сөйтіп ақын­жазушылардың жүрегіне салынған бұғау да алынып тасталды. Саясаттың құлдығынан бостандық алған ұйғыр қаламгерлері «Шектелген райондарға» еркін кіріп, реал өмір шындығын боямасыз көрсетуге, зиялылар өмірі, тарихи тақырыптар мен ұлттық құндылықтарды тақырып еткен жақсы шығармаларды көптеп дүниеге әкеле бастады. Ұйғыр әдебиеті жанрлық жағынан да байып, өлең дастанның алуан түрі, алуан стильде жазыла бастағаннан тыс, ірі роман, дилогия, трилогиялар да арт­артынан дүниге келді. Ұлттық мазмұнымен көркемдігіне сай тарихи шығармалардан Әбдірейім Өткірдің «Із» романы мен «Оянған өлке» трилогиясы, Айшем Ахметтің «Өшпес іздер», Абдолла Талыптың «Қайнам өркеші», Тұрды Самсақтың «Ахиреттен келгендер», Пархад Жыланның «Махмұт Қашқари», Ахат Тұрдының «ұмтылған жандар» т.б. романдар арт­артынан жарық көріп ұйғыр халқының тарихи санасын оятуға қызмет етті.

Читайте также:  ӨЛІМГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚОЛДАНЫЛАТЫН ТАБУ МЕН ЭВФЕМИЗМДЕР

Оставить комментарий