КОРОЛЬДІКТЕР МЕН РЕСПУБЛИКАЛАРДЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫ

Афиналық Фемистоклдың өзі жөніндегі сөзі тәкаппарлық болғанымен, неғұрлым жалпы мағынада алғанда, даналық пікір, дөп басу болып шықты. Мереке кезінде одан лютняда ойнауды өтінгенде, ол «ойнай алмаймын, есесіне кішкене қаладан ұлы қала жасай аламын» деп жауап беріпті. Бұл сөз (егер оларды ауыспалы мағынасында қолдансақ) мемлекет істерін басқаратындардың екі түрлі қабілетін білдіре алады. Кеңесшілер мен министрлердің байқауын өткізіп, біз кішкене мемлекеттен ұлы мемлекет жасай алатындарды (аз да болса), бірақ ойнай алмайтындарды кезіктіре аламыз; ал екінші жағынан – тәп­тәуір сыңғырлата алатын, бірақ кішкене мемлекетті ұлы мемлекет ете алмайтын қасқалар толып жатыр, өйткені оларға қарама­қарсы талант – ұлы да гүлденген елді құлдырау мен жұтауға жеткізу шеберлігі дарыған. Шынында да көптеген кеңесшілер мен министрлер өз қожайынның рахымын да, тобырдың көңілін де өзіне тартатын арамза айла мен құлық сыңғырлатудан жақсы атауға лайық емес, өйткені бір ауық ләззат береді, ал олардың өздерін жағымды жағынан көрсетеді, бірақ бұл олар өздері қызмет ететін мемлекеттің игілігі мен гүлденуіне бағытталмаған. Сөз жоқ, іс атқара алатын (negotiis pares), құздар мен неғұрлым айқын қиындықтарды айналып өте білетін, сөйте тұра елдің қуаты мен байлығын еселей алмайтын кеңесшілер мен министрлер де болады.

Бірақ, қайраткерлер қандай болса да, істің өзіне, яғни корольдіктер мен республикалардың шын ұлылығына және ондайға қол жеткізу әдістеріне бет бұрайық, бұл ұлы да құдіретті тақсырлар назарына лайық пән, неге десеңіз, олар өз күштерін асыра бағалап, оларды орындалмайтын шаруаларға текке жұмсамауы, ал екінші жағынан, оларды жете бағаламай, жасқаншақтар мен жасықтардың кеңестеріне бой алдырмауы керек. Елдің көлемі өлшене, байлығы мен табысы есептеле, адамдарының саны санақ бойынша анықтала, қалалар мен мекендердің саны мен мөлшері ­ карталар мен жоспарлар бойынша анықтала алады. Дегенмен, мемлекеттің күш­құдіреті жөнінде шын баға беру мен дұрыс пікір айтуда қателесіп кету бәрінен оңай. Көк патшалығын Қасиетті кітап қандай да бір ірі дәнге емес, ең ұсақ дәндердің бірі, бірақ тез таралатын қасиеті бар қыша дәніне ұқсастырған. Сол секілді мемлекеттер де байтақ, бірақ кеңеюге немесе билік жүргізуге дәрменсіз болады, яки керісінше, көлемі шағын, бірақ ұлы монархия негізін құрауға қабілетті бола алады. Бекітілген қалалар, қару­жарақтың арсеналдардағы мол қоры, асыл тұқымды аттар, әскери күймелер, пілдер, зеңбіректер және сол сияқтылар ­ осылардың бәрі, егер бүл орайда ержүрек әрі жаугер халық болмаса, арыстан терісін жамылған қой болып шығуы ықтимал. Халыққа ержүректік жетіспейтін жерде, армия санының өзінің де мәні шамалы, өйткені Вергилий айтпақшы, «қасқырға қой санының маңызы бәрібір». Арбела даласында парсылар армиясының көп болғаны сонша, содан секем алған Александрдың әскербасылары оны жауға қарсы түнде шабуылға шығуға үгіттей бастады. Бірақ ол: «Жеңісті ұрлап алғым жоқ» деп жауап берді, жеңіске де оп­оңай жетті. Тигран Армяни төрт жүз мың әскерімен төбеде тұрып, он төрт мыңға әрең жетіп жығылатын Римдіктерді көргенде, шаттанып: «Олар елшілік үшін өте көп, бірақ ұрыс үшін тым аз» деген екен. Алайда күн ұясына батып үлгерместен­ақ, оның армиясын орасан шығынға ұшырата отырып, талқандап шығу үшін олардың жеткілікті екеніне көз жеткізген еді. Санның ержүректікке тіпті де сай келмейтінінің көптеген мысалдарын келтіруге болады; сондықтан мемлекеттің ұлылығы үшін ең алдымен жаугер халық керек, деп кесіп айтуға болады.

Сондай­ақ, құлақ сарсытқан мақалға сәйкес, жауынгерлердің бұлшық еті іркілдек әрі халық нәуетек жерде ақшаны соғыс бұлшық етімен есептеуге болмайды. Алтынының көптігін айтып мақтанған Крезге Солон: «Тақсырым, сіздікінен тәуір темірмен біреу­міреу келе қалса, бар алтыныңызды сол иемденеді» деп жақсы жауап берген. Міне сондықтан тақсырлар мен мемлекеттер, егер тек олардың жасақтары ержүрек жауынгерлерден құралған болмаса, өз күштерін байыппен бағалайтын болсын. Және екінші жағынан, бодандары жаужүрек тақсырлар өздерінің күш­қуатын сезінетін болсын, әйтпесе олар өздеріне лайық істерді атқара алмайды. Жалдамалыларға (осындай жағдайда үміт артылатындар) келсек, тәжірибе соларға иек артқан тақсырлар мен мемлекеттер, «біраз уақытқа жүні тіріліп, бірақ тез арада түлей бастайтынын» ылғи көрсетіп келеді. Иуда мен Иссахарға арналған тартулар ешқашан тұтас болып бірікпейді; «ешқашан бірде­ бір халық бір мезгілде жас арыстан, жүктің ауырлығынан титықтаған есек бола алмайды»; алым­салықтан титықтаған халық ешқашан жаугер де ержүректі бола алмайды. Рас, халықтың келісімімен алынатын салық оның ержүректігін жасыта қоймайды; Нидерландтағы баждар мен Англиядағы белгілі деңгейге дейінгі субсидиялар осының мысалы бола алады. Ұмытпаңыз, әңгіме әмиян жөнінде емес, жүрек туралы болып отыр. Халықтың келісімімен немесе келісімінсіз алынатын алым­салық әмияндар үшін бірдей болуы мүмкін, бірақ оның халық рухына әсері бірдей емес. Осыдан келіп алым­салықпен жаншылған бірде­бір халық басқаларға билік жүргізуге қабілетті емес деген қорытынды жасайық. Құдіреттілікке ұмтылатын мемлекет шонжарлар мен дворяндардың тым көбейіп кетуіне жол бермесін, өйткені бұл орайда қарапайым халық топас та жасық болып, тек қожайындарына жұмыс істейді.

Читайте также:  Бәрін мәдениет емес, адамдар жасайды

Осыған ұқсас жайлар ағаш көшеттерін отырғызғанда болады: егер көшеттер тым жиі отырғызылса, біз ешқашан таза жас орман өсіре алмаймыз, бар болғаны бұталар аламыз. Елде де осы сияқты: егер дворяндар тым көп болса, қарапайым халық азғындайды; сөйтіп, жүз адамнан әскери қызметке, әсіресе жаяу әскерге жарамды біреу де табылмайтын жағдайға ұшырау оп­оңай, – ал жаяу әскер армияның басты жұлын­жүйкесі ғой; міне, адам көп, күш аз деген (қазақтың «санда бар, санатта жоқ» дейтін мәтеліндей – баспа) осыдан шығады. Бұл Англия мен Францияны салыстыру кезіндегідей еш жерде соншалық айқын байқалған жоқ: жерінің көлемі мен халқының саны жағынан едәуір төмен Англия, алайда, өзінің артықшылығын Көрсетті, бар гәп ағылшын орташа табының дені дұрыс жауынгерлер беруінде, ал француз шаруаларының бере алмауында. Король VII Генрихтің боданға жеткілікті тұрмыс­тіршілігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ететіндей және соқаның соңынан жалдамалы батырақ емес, оның иесінің өзі жүретіндей есеппен фермалар мен жер телімдерінің мөлшерін белгілеген статусты (бұл туралы мен оның өмір тарихында егжей­тегжейлі айтамын) кемеңгер әрі қайран қалуға лайықты шешім болды. Вергилий Италияға мегзеп: «Terra potens armis atque ubere glebae» деп жазғанындай гүлденуге осылай қол жеткізіледі. Менің білуімше, тек Англияда және, әсілі, Польшада ғана бар сословиені де елемеуге болмайды; мен дворяндар мен шонжарлар жанындағы ерікті малайлар сословиесін мегзеп отырмын ­ олар ұрыс даласында йомендерден әсте кем түспейді. Сондықтан шонжарлар мен дворяндардың көл­көсір меймандостық, салтанатты, толып жатқан нөкерлер ұстау ғұрпы, сөз жоқ, әскери қуатқа бірталай жәрдемдеседі.

Керісінше, дворяндардың оңаша да томаға­тұйық өмір салты әскердің жетіспеушілігін туғызады. Монархияның Навуходоносор бәйтерегінің діңі оның бұтақтары мен жапырақтарын ұстап тұруға жеткілікті қуатты болуы үшін ешқандай күш­жігерді аяп қалудың қажеті жоқ, басқаша айтқанда, тәждің немесе республиканың түпкілікті бодандарының саны олар басқаратын жат жұрттықтар санымен тиісінше арақатынаста болуы керек. Сондықтан да жат жұрттықтарды бодандыққа оңай қабылдайтын барлық мемлекеттер қуатты державаларға айналуға қабілетті. Өйткені ат төбеліндей адамдар, олар қаншама ержүрек әрі шебер болса да, ұлан­байтақ иеліктерін ұстап тұра алады деп ойлауға болмайды; бұл белгілі бір уақытқа дейін созылуы мүмкін, бірақ кенеттен қираумен аяқталады. Спарталықтар жат жұрттықтар жөнінде тым шікәмшіл болатын, содан да, өз шекараларынан шықпағанша күшті болды, ал сыртқа да таралып, бұтақтар діңге тым ауыр салмақ түсіре бастағанда, алғашқы қатты желден сынып кетті. Рим сияқты бірде­бір мемлекет жат жұрттықтарды өз аясына соншалық оңай қабылдаған емес. Сондықтан да ол ұлы монархияға айналды. Римдіктердің дос түрінде азаматтық құқықтарды (олар jus civitatis деп аталған), және де толық көлемінде тек jus commercii, jus connubii, jus haereditatis қана емес, jus suffagii мен jus honorum құқықтарын да қамтитын құқықтар тек жеке адамдарға ғана емес, тұтас отбасыларына, қалаларға, ал кейде халықтарға да сыйлау ғұрпы болған. Бұған олардың отарлар құру ғұрпын қосайық, соның арқасында Римдіктер жат жерде де тамырын жайды. Осынау екі ғұрыпты салғастыра келіп, біз Римдіктер әлемге құлаш жайған жоқ, керісінше әлем Римдіктерге құлашын кең жайды дей аламыз; ал мұның өзі ұлылыққа қол жеткізудің сара жолы болатын.

Читайте также:  Мәдениет "сипатты" ерекшеліктердің жиынтығы ретінде

Түпкілікті испандықтардың соншалық шағын санымен Испанияның соншалықты ұлан­ғайыр иеліктерді ұстап тұрғанына қарап, мен сан рет таң қалдым; бірақ, әрине, испандық дің Рим немесе Спартаға қарағанда әлдеқайда қуатты. Және мұның үстіне, оларда азаматтық құқықтарды кеңінен тарату болмағанымен, оның есесіне соған барынша жақын бірдеңе, атап айтқанда, барлық халықтарды еш бөлмей­ақ өз армиясына қатардағы жауынгер ретінде, ал кейде жоғары лауазымдарға қабылдау дәстүрі бар. Алайда, қазір олар, тегі, таяуда жарияланған Прагматикалық Санкцияда көрінетіндей, түп халықтың жеткіліксіздігін сезінді. Сөз жоқ, отырып өтетін өмір мен нәзік қолөнер (бәрінен бұрын білек күшін емес, саусақтардың ептілігін қажет ететін) өз табиғаты жағынан жауынгерлік рухқа қарама­қарсы. Ал жалпы барлық жаугер халықтар бос жүруге бейім және еңбектен гөрі қауіп­қатерді тәуір көреді. Және де олар, егер олардың күшін сақтау қажет болса, еңбекке шектен тыс мәжбүрленуге тиіс емес. Сондықтан ежелгі мемлекеттердің ­ Спарта, Афина, Рим және басқаларының ­ артықшылығы әдетте осындай кәсіптермен айналысқан құлдар еңбегі болды. Алайда, бұған христиан заңымен барлық жерде дерлік тиым салынған. Мұндай жағдайда бүл кәсіптерді жат жұрттықтарға беру ғана қалады (бүл үшін олар елге мүлдем оңай қабылдануға тиіс), ал қарапайым атағы бар жергілікті тұрғындарға сарбаздықтан басқа, үш шаруаны: егіншілікті, жалданып қызмет етуді және күш­қуат пен ержүректікке баулитын тас қалаушы, ұсталық және балташылық іс секілді және басқа кәсіптерді қалдыру керек.

Бірақ қуатты держава құру үшін бәрінен маңызды нәрсе – әскери іс халық үшін ең басты намыс, негізгі шаруа болуы керек. Өйткені жоғарыда көрсетілгеннің бәрі тек әскери қуатқа қол жеткізуге дайындық қана; ал егер ниеттің өзі мен оны орындау болмаса, дайындық дегеніңіздің кұны қанша? Тарих болар, аңыз болар, Ромул өлерінің алдында Римдіктерге әскери өнерді бәрінен жоғары бағалауды өсиет етіпті­міс, сонда олар әлемнің ең ұлы державасы болады депті­міс. Спартада мемлекеттік құрылыс толығымен (тым қатал болса да) нақ осы мақсатқа бағындырылды. Бұл мақсат парсылар мен македониялықтарда тым аз үстемдік кұрды. Біршама уақыт – талдарда, германдықтарда, готтарда, саксондарда, нормандарда және басқаларда болды. Түріктерде бүл, құлдырай бастағанымен, күні бүгінге дейін бар. Христиандық Еуропада ол, шын мәнінде, тек испандықтарда ғана қалып отыр. Адам не нәрсеге көбірек ынталы болса, сол нәрседе көбірек табысқа жетеді ­ бұл қағиданың даусыздығы соншалық, бұдан әрі оған тоқталудың қажеті жоқ; оны көрсете кету жеткілікті. Бірде­бір халық, егер ол әскери өнермен айналыспаса, ұлылық аспаннан жауады деп күтпеуге тиіс. Ал екінші жағынан, ол өнерге ұзақ жаттыққан ұлттардың (мысалы, Рим немесе Түркия) ғаламаттар жасайтыны айдан анық. Тіпті бүл өнер уақытша гүлденген жерде, әскери өнер құлдырай бастаған кездің өзінде, әдетте ұзақ уақыт сақталған ұлылыққа қол жетіп отырды.

Орайы келгенде айта кетелік, мемлекетте соғысқа әділетті (немесе осылай аталуы мүмкін) ілік беретін заңдар мен ғұрыптар болуға тиіс. Өйткені адамдар, егер оған қаншалықты бір орынды сылтау болмаса, туа бітті әділеттілік сезімі бойынша (көптеген апаттар осыдан болады) соғысқа кіріспейді. Түріктерде соғысқа мұндай ыңғайлы сылтау өздерінің дінін тарату; бұл сылтау оларда әрдайым дайын. Римдіктер, империя шекараларын кеңейтуді өз қолбасшыларының еңбегі деп білсе де (олар мұны жасаған кезде), алайда соғысты бастау үшін тек осы бір ғана сылтауды ешқашан місе тұтқан емес. Ұлылыққа ұмтылатын ұлттар, біріншіден, жәбірге төзе алмайтын болсын, жәбір кімге жасалса да ­ шекара бойындағы тұрғындарға, көпестерге немесе елшілерге жасалса да, кек қайтармай қалдырмайтын болсын. Екіншіден, одақтастарға дереу көмектесуге үнемі әзір болсын; бұл шартты Рим әрқашан сақтап отырды; сондықтан да, оның одақтасымен, басқа мемлекеттермен де шарттары болып, жау баса­көктеп кірген кезде олардың әрқайсысына хабар берсе де, римдіктер қашанда басқалардан шалт қимылдап, бүл абыройды ешкімге берген жоқ. Бір кездерде қандай да бір партияның мүддесі жолында немесе өз құрылысын жаппай күштеп таңу ниетімен жүргізілген соғыстарға келетін болсақ, оларды ақтау қиын. Грекияның бостандығы үшін римдіктердің соғысы; лакедемондықтар мен афиналықтардың демократия мен олигархияны орнату немесе құлату үшін соғыстары; немесе жат жұрттықтар әділетті қорғау немесе сол үшін бөтеннің бодандарын тиранның езгісінен азат ету сылтауымен басқа да сондай сылтаумен жүргізген соғыстар сондай болды. Егер әрбір әділетті ілікпен қарулануға әзір болмаса, бірде­бір мемлекеттің ұлы бола алмайтынын айтсақ та жеткілікті. Жаттығусыз денсаулық жоқ; мұны адам организмі де, саясат организмі де талап етеді.

Читайте также:  Мағжан Жұмабаев "Оқжетпестің қиясында" поэмасы

Ал мемлекет үшін әділетті де құрметті соғыс жақсы жаттығу қызметін атқарады. Ал азаматтық соғыс ­ шын мәнінде безгек секілді; бірақ жат жұрттықтармен соғыс, қаныңды қыздырғанымен, тек денсаулыққа жәрдемдесетін жаттығу секілді. Өйткені бейбіт жалқаулық кезеңдері өзімен бірге ержүректіктің мұқалуы мен мінез­құлықтың бұзылуын ала келеді. Ырыс­береке үшін қалай болғанда да, державаның ұлылығы үшін соғысқа дайын түру даусыз артықшылық. Нақ тұрақты армияның қуаты (бүл аз шығын болмаса да) барлық көршілерді тыңдауға немесе бері салғанда құлақ асуға мәжбүр етеді, мұны біз Испанияның мысалынан көре аламыз, онда тұрақты армия міне көптеген ондаған жылдар бойы бар. Теңіздердегі үстемдіктің корольдіктер үшін бірінші дәрежелі маңызы бар. Цицерон Аттикаға Помпейдің Цезарьге қарсы жоспарлары туралы жазғанда: «Consilium Pompeii plane Themistocleum est, putat enim, qui mari potitur, eum rerum potiri» дейді. Және Помпей, егер өз жоспарынан менмендікпен бас тартпаса, сөз жоқ, Цезарьді, титықтатып барып алған болар еді. Теңіз шайқастарының маңызды салдары болатынын біз білеміз; Акция тұсындағы шайқас әлемді кім билейтінін шешіп берді; Лепант ұрысы Түркия ұлылығын шайқалтты. Соғыс нәтижесін теңіз шайқастарының шешіп бергеніне көптеген мысалдар бар; бірақ бұл тақсыр немесе мемлекет оларға сенім артқанда ғана болады.

Қалай болғанда да бір нәрсе айқын: құрғақта артықшылықтары барлар, соған қарамастан көбіне­көп апатқа ұшырағанда, теңізде үстемдік етуші мемлекет барынша еркін қимылдай алады және соғысты өз қалауына қарай пайдаланады. Қазіргі Еуропада теңіздегі күш беретін артықшылықтар (біздің британ корольдігіне қалған аса бағалы мұра) шынында да зор, бұлай болатыны Еуропа мемлекеттерінің көпшілігі үшін ішкі шекаралардан гөрі, теңіз шекарасы басты шекара екендігінен, сол сияқты теңіздегі үстемдік екі Үндістан қазынасына да жол ашатындықтан. Ежелгі заман жауынгерлеріне тиген атақпен, абыроймен салыстырғанда, жаңа заман соғыстары бейне бір ымырт қараңғылығында жүргізілетіндей. Жауынгерлік айбынды ынталандыру үшін бізде, рас, әртүрлі дәрежелі ордендер бар, алайда, олармен жауынгерлер де, ұрысты көрмегендер де талғаусыз наградталады. Кейде жеңіс жөніндегі естелік елтаңбада мәңгілік қалдырылады. Сондай­ақ жарақаттан жарымжан болып қалғандар үшін госпитальдар және тағы бірдеңелер бар. Алайда ежелгі дүниеде адамдарды бәрі де: жеңіске қол жеткен жерде орнатылатын ескерткіштер де; қабір басындағы сөздер мен соғыста қаза тапқандарға орнатылатын ескерткіштер де; жеңімпаздарға лавр гүлдестесін кигізу де; кейіннен дүниенің ұлы монархтары өздеріне теліп алған «император» титулы да; жеңіспен оралған қолбасыларды салтанатпен қарсы алу да; үйлеріне қайтарылатын жауынгерлерге жомарт тартулар да; осының бәрінен артық ­ триумф ғұрпы да жігерлендіріп отырды, триумф римдіктерде жай даңғаза болмайтын, ол аса кемеңгер де ізгі ережелердің бірі еді, өйткені үш нәрсені: қолбасыға құрметті, әскери олжадан қазынаға пайданы және әскерлерге наградаларды қамтыды.

Рас, бұл ғұрып, әсілі, монархия үшін жарамсыз, өйткені құрмет монархтың өзіне немесе оның балаларына ғана көрсетіледі. Рим императорларының тұсында дәл солай болды да шықты, соғысты олар өздері жүргізгенде, бодандарға тек айырым белгілері мен иығына салтанатты киім жабу ғана қалды да, триумф құқығын олар өздеріне және балаларына ғана берді. Қорыта келе айтарымыз: егер әңгіме адамның бойы туралы болғанда, ешкім де «өз бойына бір сүйем де қоса алмайды»; корольдіктер немесе республикалар жөнінде ­ әңгіме басқа: онда тақсыр немесе үкімет өз державасын ұлғайта да, асқақтата да алады, өйткені біз жоғарыда айтқан заңдардың, ғұрыптар мен нұсқаулардың көмегімен мирасқорлар мен кейінгі ұрпақтар үшін ұлылық негізі қалана алады. Алайда әдетте бұл жасалмайды, жағдайдың еркіне беріледі.

Оставить комментарий