Стиль автордың біртұтас дүниетануымен бөлінбейтін байланыста болады. Автордың шығармаларының әдеби формаларына зер салмай, оның дүниетануын дұрыс түсіндіріп беру мүмкін емес. Осы орайда зерттеушілер ӘлФараби дүниетанымының бірегейлігін мойындай отырып, оның баяндау стилінің даралығы жайлы ештеңе айтпайды. Араб авторларына тон стиль әсерлілігі, синонимдер мен қайталаулардың молдығы, оның шығармаларына мүлдем жат нәрсе. Оның стилінің даралығы баяндауының ықшамдылығында, сөздер мен сөйлемшелерге сақтықпен қарауында, болымсызды немесе жалпыға мәлімдіні елемей, негізгі ой желісін таңдау шеберлігінде байқалады. ӘлФарабидің қисынды дүниетанымы оның пікірді әр алуан тұрғыдан қарап дамыту шеберлігінде, жанжақты қарастыруында көрінеді. Ақыл құрылымы мен өз әдісінде жинақы ол мағлұматты қорытындылап, ұғымдарды жалпылауға кызмет ететін, толып жатқан жіктеулерді жасап шығарады. Сөйтіп, ұғымдарды жинақтау мен қорытындылау, өткірлік оның шығармаларының ерекше белгісі. ӘлФараби оз шығармаларының үлкен бір бөлігін ықшамды түрде жеткізу дербес ойларды, дәйекті баяндау стилінде жазған. Олар «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері», «Логика өнеріне қажетті нақыл сөздер», «Сұрақтар мәні», «Даналық қазынасы», «Жұлдыздар үкімінде не дұрыс, не дұрыс емес» және т. б. Орта ғасырларда Аристотель мен Платонның беделінің өте зор болғандығы соншама, олардың ықпалы тек ӘлФараби философиясының мазмұнында ғана емес, тіптен оның баяндау стилінде де байқалады. ӘлФараби шығармалары сұхбат түрінде емес, оларда Платон мен оның ұстазы Сократ қолданған сұрақжауап әдісі жоқ. Бірақ оның сөзінде Аристотельдің ділмарлығындай әрдайым аудиторияның бар екендігі байқалады. Оның ойпікірлері көбінесе пікірсайыс түрінде. ӘлФараби айтысатын қарсыластар не болған, не ұйғарылған «мутакаллимдер», «ежелгілер», жеке философтар мен ғалымдар және т.б. Осындай қарамақарсы пікірталасты түрден ӘлФараби өз көзқарастарына дәлелдеме іздейді. Оның қақпақылды түрдегі бірқатар трактаттары бар: «Адамның дене мүшелері хақында», «Аристотельмен екі арадағы алауыздығы жөнінде», «Галенге қарсы айтылған дау туралы», «Ар Равандиді айтыс әдістері сұрағы жөнінде бекерге шығару», «Аристотельмен екі арадағы алауыздығының себебі жөнінде Иоанн Грамматикке қарсы айтылған дау туралы», «Ар Разиді метафизика сұрағы жөнінде бекерге шығару» және тағы басқалары.
Шынында да, Аристотель сияқты, ӘлФараби де өз атынан өте сирек сөйлейді. Әдетте ол сөйлемді: «ӘбуНасыр айтты …» немесе «Ол айтты…» сөздерімен бастайды. Бірінші жақтағы жекеше және көпше түрде ол тек маңызды әрі жаңа бір нәрсеге ерекше көңіл аудару қажет кезде, басқа көзқарастарға қарамақарсы «Біз ғой керісінше…», «Ал біз сендіреміз…», «Мен айтамын ғой…» немесе «Солай болғанда» деп жазады. Тек басқа көзқарастарға қарамақарсы, шын мәнінде маңызды әрі жаңа бір нәрсеге ерекше көңіл аудару қажет кезде ол: «Біз ғой керісінше…», «Ал біз сендіреміз…», «Мен айтамын ғой…» немесе «Біз айтамыз» дейді. ӘлФараби әрдайым кесінді түрде сөйлемейді. Оның шығармалары оралымдарға толы: «мүмкін», «сияқты еді», «шамасы». ӘлФараби мәтінінде Аристотельдегідей неологизмдер аз, оның бүкіл шешендігі араб тілі негізінде құрылған. Ойшыл өзінің барлық трактаттарын Шығыс Еуропада көпшілікке танылған ғылыми тіл латын тілі сияқты рөл атқаратын араб тілінде жазған деп есептеледі. ӘлФараби, арабтілді философтардың барлығы сияқты, өз трактаттарында Алланы асыра дәріптейтін сөздерді қосады: «Алланың атымен…», «Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың даңқы арта берсін…», «Игілікке жеткізіп, жалған жолдан сақтандырушыға нұр жаусын…» Орта ғасырларда дін философия, этика, яғни барлық білім салаларына ықпал етті. Тіптен дінге қарамақарсы пікірлер діни түрде қорытындыланып берілді. Бұл орта ғасырлардағы философиялық ой дамуының қалыптасқан сөз үлгісі мен дін технологиясы формасының белгісі. Әл-Фараби шығармаларының үлкен бөлігі түсіндірмелер түрінде жазылған. Ол Аристотельдің негізгі шығармаларының барлығын талдады және түсіндірді. Оларды өз уақытының ғылыми ойының меңгеруіне түсінікті етті. Айқын философиялық терминологияның жоқтығы, антикалық ойшылдар мәтіндерінің көп жерлерінің анық еместігі ортағасырлық арабтілді философтарды антикалық шығармаларға түсіндірмелерді қолдануға, түрлі философиялық ұғымдарға анықтама беруге мәжбүр етті. Әл Киндидің, ибн Сина және ибн Рушдтың бірыңғай ұғымдарға анықтама беруге арналған бірқатар шығармалары бар. Орта ғасырларда түсіндірмелердің үш түрі белгілі болған: а) үлкен түсіндірме, онда мәтіннен үзінділер алынады және оларға түсінік беріледі; б) орташа түсіндірме, мәтіннің тек бірінші сөздері алынады, ал қалғандары түсіндіріледі; в) парафраза, түсіндірмелі талданған шығарманы өз атынан баяндайды. Әл Кинди, Әл-Фараби мен ибн Сина тек парафразды, ибн Рушд сияқты ғана, алғаш рет үлкен және орта түсіндірмелерде қолданды деп саналады. Бірақ та бұл мәселені мұқият зерттеу барысында біз мүлдем күтпеген қорытындыларға келдік. Әл-Фараби барлық негізгі түсіндірмелер берілген шығармаларын парафраза түрінде жазған, бірақ оның парафразасы әл Кинди мен ибн Синаның парафразынан өзгеше. Ойшыл өз замандастарының ортасында біршама сирек әдісті қолданған. Ол жай үзінділерді алып қана қоймай, тиісті антикалық шығармаларға да сілтеме береді. Бұл теңдесі жоқ оқиға, өйткені біз тіпті ибн Синада грек деректеріне берілген сілтемелерді кездестірмейміз, бұл арабтілді әдебиетті зерттеудегі қиындықтардың бір себебі болып табылады.
Әл-Фараби сілтеме беріп қана қоймайды, кейде тіпті оларды қандай кітаптың соңынан немесе басынан табуға болатындығына нұсқайды. Сөйтіп, ӘлФарабидің парафраздары салыстырмалы түсіндірмелерге жақындайды. Бұдан басқа, бізге ӘлФарабидің тағы бір трактатын тауып алу сәті түсті, атап айтқанда ол үлкен түсіндірме түрінде жазылған «Аристотельдің «Түсіндіру туралы» кітабына Әл Фарабидің түсіндірмесі» деген еңбегі еді. Осыдан бұл трактат Әл Фарабидікі деп қателесіп жазылған немесе ӘлФараби түсіндірмені қолданған алғаш араб философы болып табылады деген қорытынды келіп шығады. Бұл мәселе өз зерттеуін талап етеді. Ойшылдың түсіндірмелік қызметін мүлдем соны емес және еліктеу деп қарастыруға болмайды, өйткені ол басқаның көзқарастарын баяндай келе, түсіндірушінің өзіндік ерекшелігін сөзсіз танытады. Әсіресе, өз мәтінінің талданған пікірлерден айқын ерекшелігі жоқ парафразада Аристотель беделін бүркеніп ортодокстардың тап беруінен қорықпай, өзінің көзқарастарын баяндауы оған жеңіл еді. ӘлФараби шығармашылығын зерттеушілердің бәрі бір ауыздан ойшылдың философия сөздігін зерттеп дайындау кезіндегі еңбегін ескереді, бірақ та осы уақытқа дейін ӘлФараби лексикасына арналған бірдебір ғылыми еңбек жоқ. Мүмкін, бұл Екінші Ұстаз лексикасының басқа арабтілді философтар лексикасына жақындығымен және басқа ойшылдар сияқты философиялық терминологияны зерттеп дайындау барысында Әл-Фарабидің де, сондай түпкі бастамаларға сүйенгенінде болар. Бірақ та ӘлФарабидің арабтілді перипатетизм мектебінің негізін қалаушысы болып табылатындығын да естен шығармаған жон. Әл Кинди шындығында дәрігер әрі математик астроном. Онын философия бойынша зерттеулері үзінді түрінде болған, ал философиялық терминологиясы әлі жеткілікті зерттелмеген. Негізінде, Әл-Фараби өзінің философиялық терминологиясын грек ұғымдарының мағынасын аудару жолымен жасайды (семантикалық калька). Мысалы, гректің әңгіме жүргізу өнерін, қақпайласуды (пікірталасты) білдіретін «диалектика» терминін ӘлФараби «таласты», «жарыссөз, айтыс» деген арабтың «джадал» деген сөзімен береді. Гректің «риторика» терминін ол «хатаба» «шешендік өнер» сөзімен аударады, гректің «поэтика» терминін арабтың «шир» «поэзия» сөзімен береді. Бұл терминология осы күнге дейін сақталған. Араб лексикасы күрделі атауларды білмегенімен, бірақ баламаларды пайдалануға байланысты, ӘлФараби ерекшелік ретінде, кейбір күрделі сөздерді қолданады, ал кейде тіпті грек үлгілері бойынша бірқатар сөйлемшелерді де құрайды. Аристотельдің терминологиясын араб тілінде дайындағанда әл-Фараби өзінің «Алғашқы ұстазы» Аристотельдің әдісін ұстанып, күнделікті сөздерге абстрактылы мән беру жолымен, оларға жаңа философиялық мағына берген, сонымен катар араб тілінің таусылмас мүмкіндіктерін пайдаланып неологизмдерді жасаған. Араб тілінің ерекшелігі шет тілдер сөздерінің оқылуын өте қиындатады әрі кейде түсінуді мүлде дерлік мүмкін емес етеді. Араб тіліндегі кейбір грек дауыссыз дыбыстарының жоқтығымен оларды араб дыбыстарымен ауыстыру, сирек немесе тіптен жазуда көрсетілмеген дауыстыларды басқаша оқуға мүмкіндік береді, әсіресе арабша жазудағы «е» ні, «а» ны «и» ден, «о» ны «у» дан айыру қиын. Сөйтіп, грек аттары мен атаулары негізгі дұрыс транскрипциясынан да басқаша оқылуы мүмкін. Сондықтан Аристотель терминологиясын араб тілінде дайындағанда ӘлФараби араб тілінің лексикалық байлығы мен сөз жасау жүйесінің икемділігін пайдаланды, грек философиялық терминдеріне баламалар тауып және ең болмағанда грек терминдерін арабтандыруды қолданды. Жалқы есімдерді, антикалық философтардың шығармаларын және географиялық мекендерді ӘлФараби араб транскрипциясында береді.
Араб тілінде жоқ кейбір грек дыбыстарын арабшамен ауыстыру, араб жазуында дауысты дыбыстарды қалдырып кету грек сөздерінің оқылуын өте қиындатады. Мысалы, Брклс сөзінде бір дыбыс дауыссыз жазылады. Оны он және көп баламада оқуға болады: Барклус, Баркулус, Баракулус, Бурукулус және т.б. Афиналық неоплатонизм мектебінің негізін салушы Проклдің аты осылай жазылады. Фусагурус Пифагор, пифагорлықтар мектебінің негізін салушы. Бкрат Гиппократ, антикалық медицина негізін қалаушы. Антикалық ойшылдардың шығармаларының аттарын ӘлФараби кейде араб транскрипциясында келтіреді, бірақ грек сөздерінің мағынасын ашу қиындығын түсініп, ол көбінесе транскрипциядан кейінақ семантикалық калька арқылы жасалған осы атаулардың арабша аудармасын жазады. Антикалық ойшылдардың шығармаларының аттарын транскрипцияда ғана емес, арабша аудармасында да түсіндіру кейде өте қиын. Аристотель мен Платонның түпнұсқа шығармаларымен қатар, ӘлФараби Аристотель мен Платонның түпнұсқа шығармалары аттарының мағынасын ашуды одан әрі қиындататын жалған аристотельдік және жалған платондық шығармалармен кездеседі. Сонымен қатар, ӘлФараби өз шығармаларының беттерінде ескерген Платонның түрлі туындыларының өте үлкен мәні бар. Бұл платон арабтарға болар болмас танымал болды деген пікірді теріске шығарады. ӘлФарабидің «Платон философиясы, оның бөліктері туралы» және «Екі философтың көзқарастарының ортақтығы туралы» трактаттары соның шүбәсіз дәлелі. ӘлФараби бүл трактаттарда Платонның барлық шығармаларының аттарын атап қана коймай, әрқайсысына қысқаша мазмұндама береді, кейде оларды салыстырады, ал «Екі философтың көзқарастарының ортақтығы туралы…» шығармасындағы «Федон», «Тимей», «Мемлекет» және «Саясат» сұхбаттарындағы Аристотель мен Платонның ынтымақтасуын дәлелдейді. Философиялық араб терминологиясын зерттеп дайындаған жалғыз ӘлФараби деп айтуға болмайды. Оның алдында ғасырлар бойы грек тілінен сирия тіліне антикалық философиялық мәтіндерді аударған және өз аудару дәстүрін жасаған, сириялық аудармашылардың саңлақтар тобы болды. Перипатетизмге арабтілді әлемде жол салған әл Кинди терминологияны (әсіресе жаратылыстану ғылымдарында) зерттеп, дайындауда көп қызмет етті. Бірақ та ӘлФарабидің философиялық терминологияны дайындаудағы еңбегі де орасан зор. Ол шет тілдерден алынған кірме сөздерден толық дерлік бас тартты. Аудармашылардың мәтіндерінен үйлесімсіз қолданылған терминдерді алып тастады және әл Киндиде де, аудармашыларда да кездеспейтін, бірақ кейінгі философтар қолданып кеткен көптеген неологизмдерді тудырды. Әл Фарабидің психологияға, метафизикаға және әлеуметтік утопияға енгізген кейбір терминдері осы заманға дейін сақталған. Осы заманғы арабша философиялық сөздіктерден ӘлФарабидің «әл мәдина әл фадила» «қайырымды қала» термині «утопия» мағынасында да қолданылады. Ортағасырлық араб тілді Шығыста араб тілін байыту әрі тазарту үшін жасалған түпкі бастамалар уақыттың сынына төзді. Араб елдеріндегі ғылыми тіл эволюциясы, ортағасырлық араб тілді ғалымдар мен философтар дайындаған негіз бүгінгі күнге дейін өрістеп келеді. ӘлФарабидің философиялық терминологиясын зерттеу бізге перипатетикалық дәстүрлердің сабақтастық үрдісін, Аристотель ілімінің арабтілді перипатетизмінің көрнекті өкілдері ибн Сина, ибн Туфейль, ибн Баджа, ибн Рушд және басқалардың жүйелерінде түсінілуінің үрдісін ашады.
Оставить комментарий