Ұлағатты Ұстаз шығарма

Сам өңірінің білім саласында қызмет жасаған ұстаздарды еске алғанда, әрине, алғашқылардың бірі болып Екібаев Жанбоздың еске түсері анық. Ол Маңғыстауда ел есінде қалған ерен еңбегімен болашақ ұрпақ үшін тер төккен, жазда қи, тезек, қоян сүйек тасып, киын кезеңде сонау 1966­67 жылдары орта мектеп ашып, қысқа ғұмырының негізгі бөлігін осы мектепті көркейтуге жұмсаған адам еді. Аудан орталығы Шетпеден 500 шақырымдағы, қиян шеттегі мектепті республикада ең озат, үлгілі мектеп дәрежесіне көтерген, табиғатында еңбек десе ішкен асын жерге қоятын, білім саласының қиын да қызықты ғұмырына шыдай білген, тәрбие мәселесіне жете көңіл бөлген қайталанбас тұлға еді ол. Жанбоз Екібаев орта бойлы, биязы мінезді, жұмысына тиянақты, әрі шебер ұйымдастырушы. Оның өміріне көз жүгіртсек, ол 1932 жылы 19 қаңтарда Маңғыстау ауданының Таушық кентінде кедей жанұяда дүниеге келген. Әкесі Өтеғұлов Екібай 1872 жылы туған. Кеңестік кезеңде колхозшы боп жұмыс жасап, 1953 жылы өмірден озған. Жәкең 1939­40 оқу жылында бірінші сыныпқа келіп, 1949 жылы оныншы сыныпты Шахта орта мектебінен алғашқы 14 түлектің бірі болып бітірген. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Отбасының жағдайына байланысты жоғарғы оқу орнына бара алмаған Жанбозды аудандық оқу бөлімі математика пәнінен ерекше жетістіктерін ескере отырып, Тұщықұдық жетіжылдық мектебіне физика­ математика пәнінен сабақ беруге жұмсаған. Талантты жас жігіт 1950 жылы бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласындағы педагогика институтының физика­математика факультетінің математика бөліміне өзінің ұстазы Шоңқалов Торғаймен бірге оқуға түседі. Еңбектен қол үзбей оқып жүрген Жанбозды әскер қатарына шақырады. Кіші лейтенант атағын алып, елге оралған ол жоғарыдағы институтты 1960 жылы бітіріп шығады. Баласы Байбол былай еске алады: – Әкем айтып еді «Сол жылы ұстазым Шоңқалов Торғай да математика факультетіне сырттай емтихан тапсырды. Емтихан алушы мұғалім тақтаға емтихан есептерін жазып болғаннан кейін, талапкерлердің алды жазба жұмыстарын тапсыра бастады. Соның алғашқысы болып мен де тапсырдым. Сонда Торғай ағайым: – Пәлі, Жанбоз да тапсырып жатыр ма? – деп таңданғанын жасыра алмады. Мен осы әсерлі әңгімеден кейін әкемнен: – Сонда, Шоңқаловтан да мықты математик болдың ба? – деп сұрадым. – Балам, Маңғыстауда Шоңқаловтай математик жоқ қой. Ия, жоқ! – деп жауап берген болатын. Иә, ұлылар бірін­бірі осылай бағаласа керек. Қаму Омарұлы 2005 жылғы «Маңғыстау» газетіндегі мақаласында өзінің сүйікті ұстазы туралы жазады: «Біз Тұщықұдық жетіжылдық мектебінде алтыншы сыныпты бастаған кезде физика және математикадан 1949 жылы Шахта орта мектебін бітірген Екібаев Жанбоз атты бозбала жігіттің математикадан дәріс беретінін естіп, едәуір таңырқасып қалғанымыз бар. Өзі жап­жас, біздерден 4­5 жас үлкен, сабақ басталды. Қоңырау соғылды, сыныпқа қою қара шашын шалқайта қайырған, орта бойлы, қараторы жігіт енді. Ернін жымыра қысып, жымия күліп, жан­жағына байыппен қарайды. Дауыс көтеріп ұрыспайды. Бірақ, сол жігіттің әрбір сөзі, түсінігі біздің көкейімізге шым­ шымдап сіңе берді, ұялай берді. 1954 жылдың март айында біз 10­сыныпта геометрияны қайталап жатқанымызда, шешуі қиын есеп болды. Өте күрделі, бірнеше жолдармен шығатын. Біздің сыныпта Мамбетбаев Жаңағұл деген жолдасымыз нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жасөспірім болатын. Сол жолдасымыздың ұйымдастыруымен жоғарыдағы есепті республика көлеміне белгілі Маңғыстау өңірінің атақты математигі Шоңқалов Торғайға, жоғары білімді Кенжеғалиева деген математик апайға және өте жас ағайымыз Екібаев Жанбозға Шахта орта мектебінің өте кең де ұзын дәлізінде ұсынғанымыз бар. Екі сабақтан кейінгі ұзақ үзілісте, міне, қызық, үшеуі де бір мезгілде шығарып үлгерді. Жауаптары дұрыс, тек шығаруы әртүрлі. Сонда жас ағайымыз Жанбоздың тәжірибесі аз болса да математиканы терең меңгерген маман екенін көріп, таңданғанымыз бар». Жәкең 1955­58 оқу жылдарында Ленин атындағы орта мектепте, содан кейін Сталин атындағы орта мектепте физика­математикадан сабақ берген. Ал, 1960 жылы Үстірттегі Сам мектебіне оқу ісінің меңгерушісі етіп жіберілген. Сам өңіріндегі 1966­67 оқу жылында ашылған орта мектептің алғашқы директоры осы Екібаев болған. Жәкең басқарған педагогикалық ұжым сол кездері қаншама табыстарға қол жеткізген!.. Жәкеңнің үзеңгілес інілері Балов Бақыт, Ережепов Пермебайлардың айтуы бойынша «Маңғыстаудың атақты математиктері Торғай Шоңқалов пен Ж.Екібаев оқытқан шәкірттерді институтқа қиналмай қабылдауға болады» деген әңгіменің өзін қабылдау комиссиясының мүшелерінің айтуы екі талантты математикке берген жоғарғы баға емес пе? Сонау қиян шетте жатқан Сам орта мектебінің көрнекілік құралдарының көбеюіне, техникалық базаның нығаюына, аудандық олимпиадада әртүрлі пәннен жетістіктерге жетуге Жәкеңнің үзеңгілес інілері Рзаев Жеткізген, Есбосынов Жұлдызбай, Ережепов Пермебай, Дәулетбаев Сейілхан, Балов Бақыт, Сәмешова Әсима, т.б. мұғалімдердің еңбектері ерекше (аталмай қалған мұғалімдер болса, кешірім өтінемін). Ұжымның үлкен жемісі – аудан көлемінде алғаш рет Дүйсенбаев Абыланның «Алтын медальға» ие болуы. Бұл азамат қазіргі кезде республикамызға белгілі жоғарғы оқу орнын басқарып отырған Маңғыстау өңірінің беделді азаматы. Ғалым, адамгершілігі мол, зиялы қауымның бел ортасында жүрген халқының сүйікті ұлы десек жаңылыспайтын болармыз. Екібаев Жанбоз алдынан талай жүздеген оқушылар білім алып, қазіргі таңда аудан, облыс, республика көлемінде қызмет етіп жатыр. Мысалы, халық жазушысы, Парламент Сенатының депутаты Әбіш Кекілбаев осы кісінің шәкірті десек артық емес, себебі ұлы жазушының жоғарғы оқу орнына барып, білім алуына түрткі болған екі кісі болса, соның бірі Екібаев Жанбоз, екіншісі өз ағасы Мұқыр болатын. Сол сияқты бірнеше рет Парламент депутаты болған Ережепов Қайролла да осы кісіден білім алған. Сам орта мектебінен екі бірдей физика­математика ғылымдарының докторы шыққан. Олар: Қараев Жауынбай және Дүйсенбаев Баймұханбет. Сам өңірінде алғашқы орта мектепті бітірген түлектерге 2007 жылы 40 жыл болады. Сол түлектер қазіргі таңда аудан, облыс, республика көлемінде қызмет етіп жүр. Олар Шамшадинов Аманғали, Оразбаев Еркінбек, Ережепов Жұмабек, Тұрарбеков Төребек, Әжібаев Айтжан және сол мектептен әр жылдары білім алған аудан әкімінің орынбасары Әбілшеев Қойшығұл, салық комитетінің төрағасы Қосмағанбетов Сәбидолла, «Сүйіндік» ЖШС бастығы Амандықов Бердібек, «Раушан» ЖШС төрайымы Қойтанова Қама, ауданымыздың білім саласында еңбек етіп жүрген Сынабаев Құрмаш, Азанов Әлімбай, Оразаев Жолан, ағайынды Тақабаевтар, Бердіханов Тұралыхан, Маденов Орынбасар, Шығанбаев Өтес, аудандық сот төрағасы Мырзабеков Бердібек, мәслихат хатшысы Қырықұлов Мырза, т.б. ауданның көркеюіне, экономикасының дамуына үлес қосуда. Ғұмырының негізгі бөлігін «Сам» орта мектебін көркейтуге, жан­жақты жетілдіруге жұмсаған Жәкең алыста жатқан мектепті республикадағы ең озат мектеп дәрежесіне көтеріп, тер төкті. Еңбектері бағаланбай қалған жоқ. 1965 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. Жәкеңнің адамгершілігі мол, парасатты адам болғанын қазіргі замандастары мақтанышпен айтады. Ел азаматы үшін одан артық сыйлық, одан артық мақтаныш бар ма?! Екібаев Жанбоз 1984 жылдың 20 маусымында қайтыс болды. Зайыбы Екібаева Сүткенже – технология пәнінен сабақ берген ұстаз. Қазақтың ұлттық қолөнерін дамытуға үлкен үлес қосқан қолөнер шебері. Баласы Байбол, қызы Гүлсім – әке жолын қуған мұғалім. Келіні Ерғалиева Күрең алты бала тәрбиелеп өсірген ана, ұстаз. Қиын­қыстау кезеңде мектепті басқарып, аудан, облыс, республика көлеміндегі белгілі азаматтарды тәрбиелеген, ұрпақ тәрбиесіне білімі мен білігін, қайраты мен жігерін, барлық негізгі ғұмырын білім саласының дамуына үлесін қосқан аяулы азамат Жанбоз Екібаевты есте қалдыруға қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Ұлағатты ұстаздың 75 жылдығы тұсында осындай шаралар ескеріліп жатса, азаматқа деген үлкен құрмет болар еді. Әрине, шағын мақалада ұстаз бейнесін толық ашу мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта да ол туралы мақалалар жазыла жатар.

Читайте также:  Мәдениет туралы ғылымның өмір сүру мәселесі

Оставить комментарий