Латиф Хамиди және қазақ өнері

Қазақ музыкасының тарихында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі, композитор Латиф Абдулхайұлы есімі ерекше орын алады. Көрнекті мәдениет қайраткері, композитор, дирижер, ұстаз өзінің жан­жақты жемісті еңбегімен, өзіндік сипаты бар, көркемділігі биік шығармашылығымен өшпес мұра қалдырды. Л.Хамиди (1906­1983) алғашқы шығармашылық жолын көптеген қаламдастары сияқты ән жанрынан бастады. Бұл халыққа ең түсінікті және тартымды өнер саласында Латекең жүзге жуық туындылар жазды. Заман сұраныстарына сәйкес хорлар, өз кезінде тәрбиелік­рухтық, патриоттық сезімге толы бұл ән­романстар халық арасында кең тарап, қоғами­әлеуметтік міндетін жоғары атқарды. Бұл тұрғыдан Л.Хамидидің 1940 жылы шыққан әйгілі «Қазақ вальсін» (сөзі Сәбит Мұқановтікі) айтуға болады. Қуаныш пен шаттық сезім, жастық үн мен еркіндікті паш ететін бұл вальс, осы күнге дейін өзінің құндылығын, мәні мен сәнін сақтап, тыңдаушыны өмір сүйгіштікке бөлеп, қазақ музыкасының классикалық үлгісі ретінде бағаланады. «Қазақ вальсін» тұңғыш орындаушы есімі аңызға айналған өнер жұлдызы КСРО­ ның халық әртісі Күләш Байсейітова еді. «Қазақ бұлбұлы» атанған Күләш бұл әнді орындауымен халқымыздың, Латекеңнің атын бүкіл әлемге мақтан етуге үлесін қосты. Ал, Күләштан кейін «Қазақ вальсіндей» керемет туындыны жаңа орындаушылық деңгейде атақты әншіміз Бибігүл Төлегенова шырқады. Композитордың шығармашылығының ішінде тағы да бір өзгеше ән ­ «Бұлбұл». Вокалды орындаушылықта асқан шеберлікті талап ететін, көңілді әрі көтеріңкі түрде құйқылжыған әнді көрнекті әншілер өз репертуарына енгізуді арман еткен еді. «Бұлбұлдың» образдық шеңбері тек махаббат құсының әдемілігі туралы ғана емес, ол бақытты жастық шақты, жалынды ой­арманды, табиғат сұлулығын бейнелейді. Осы бейнелер поэтикалық­музыкалық тілде бір­бірімен біртұтас түрде асқан сүйкімділікпен ұштасады. Л.Хамиди сезімтал суреткер ретінде өз заманының жаршысы болды. Оның әндерінде дер кезінде, өзекті тақырыптар мен маңызды идеялар көтерілді. Бұл ойға мысал ретінде композитордың Ұлы Отан соғысы жылдары жазған әндерін атауға болады. Олар ­ қазақ халқының батыр ұл­қыздарына арналған «8­гвардиялық дивизияның әні», «Партизандар әні», «Нұркен», «Рамазан» деген әндер. Отан соғысы жеңіспен аяқталысымен Л.Хамиди, Е.Брусиловский және М.Төлебаевпен бірге Мемлекеттік тапсырма бойынша тұңғыш қазақтың әнұранын жазды (1945 ж.). Өзінің тарихи миссиясын (міндетін) алпыс жыл бойы биік саяси­ қоғами деңгейде орындаған бұл әнұран көптеген ұрпақтардың отаншылдық, намыстық санасын оятып, туған жеріне, еліне деген шексіз сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімдеріне тәрбиеледі.

Гимннің айбынды музыкасы халықтың ұлттық рухын көтеріп, «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп мадақтануға толығымен сәйкес болды. Ал, бұл ән­ұранның көркемдік жағына келсек, мұнда музыкалық фольклордың дәстүрі кәсіби композиторлық тәсілдермен өзара табиғи түрде байланысып, асқан шеберлікпен үндесін тапқан. Гимннің эпикалық мәнердегі бастамасы дами келе, екпінділік пен жігер, намыс пен алға талпындыратын ұрандық интонацияларына ауысады. Музыканың даму өрісі көптүрлі тәсілдермен безендіріліп (сарындық, ырғақтық, секвенциялық, көпдауыстылық арқылы және т.б.), дыбыс аралық қашықтықтары кеңейтіле түсіп, логикалық жолмен өзінің шарықтау шегіне (кульминацияға) жетеді. Қорыта келгенде, әнұранның композициялық, жанрлық және ішкі музыкалық тілі, оның көркемдік сипаты үш тарланның ­ Е.Брусиловскийдің (1905­1981), М.Төлебаев (1913­ 1960) пен Л.Хамидидің (1906­1983) дарынынан туған кезінде теңдесі жоқ музыкалық шығарма. Л.Хамидидің шығармашылық стилі, әуен сұлулығы мен оның мөлдір бұлақтың суындай тазалығы, жарқыраған күннің сәулесіндей жылы және нұрлы, нәзік лирикалық сезімталдылықпен жаңашыл дыбыс құрамдарымен, көрікті ұлттық бояумен сипатталады. Бұл қасиет, әсіресе, өткен ғасырдың ортасында( 1950­жылдары)композитордың әндерінен байқалады. Осы кезеңде жарық көрген вокалдық шығармалар еліміздің өмірінде болған елеулі тарихи уақиға, тың және тыңайтылған жерлерді игеру тақырыбына арналды. Соғыстан кейінгі бейбіт өмір, Жер­Ананың сұлу көріністері, жастардың еңбек етудегі ерлігі, шабыты мен батырлығы «Көтерілген тың», «Әуелей үш, бейбітшілік құсы», «Алтын астық», «Агроном тыңға келді» және т.б. әндерінде суреттеледі. Латиф Хамиди бізбен қандас татар халқының өкілі бола тұрып, қазақтың өнерін, тарихын және тілін жетік білді. Композитор өткен ғасырдың 30­жылдарынан бастап өзінің жартығасырлық өмірі мен шығармашылығын қазақ халқының өнеріне арнады. Ол музыканың сан саласында жемісті еңбек етіп, күрделі және қомақты көркемдігі биік туындылар жазып, ұлт музыкасының дамуына бағасы жетпес үлес қосты. Соның нәтижесінде профессионалды музыканың іргесін қалаушылардың бірі болды. Л.Хамидидің қазақ халқының ауызекі түрде қалыптасқан музыкалық­поэтикалық мұрасын тереңінен қабылдауы, оны маман ретінде игеріп, нағыз қазақи үнді әндер және басқа да шығармалар жазуына композитордың фольклорлық нұсқалармен көп шұғылданғандығы ықпал етті.

Читайте также:  Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастық

Латекең өмір бойы қазақ және татар әндерін күйсандығының сүйемелденуімен айту үшін өңдеумен айналысты, сонымен қатар оларды халық аспаптар оркестріне де, хорға да икемдеп жаңа кәсіби тәсілдермен гүлдендірді. Оның нәтижесінде жалғыз дауысты (монодиялық) қазақ және татар әндері гармониялық (көпдауысты), полифониялық (күрделі) жолдарға түсіп, халық музыкасының көптеген көркемдік сырлары ашылды. Музыка өнерінің тарихында Л Хамиди күй атасы Құрманғазының «Қайран шешем» (1954 ж.) деген шығармасын композитор ретінде алғашқы болып сүйемелдемеусіз (a’capella) хорға бейімдеп, шабыт пен жігерге толы шығарма жазды. Композитордың бұл бастамасын кейінірек көптеген қаламдастары опера және басқа да кәсіби жанрларда дәстүрлі түрде жалғастырды. Олар С.Мұхамеджанов («Жұмбақ қыз»), Б.Байқадамов (хорға арналған шығармаларында), Ғ.Жұбанова («Құрманғазы»), Е.Рахмадиев («Алпамыс»), А.Серкебаев («Ақсақ құлан») және т.б. Л.Хамидидің шығармашылығының жемісті болуына жоғарыда келтірілген себептермен қатар (оның табиғи дарыны, дәстүрлі музыканы игеру, Абай әндерін нотаға түсіру және т.б.) болашақ композитордың әр жылдары Москваның (1927, 1936 жж.) оқу орындарында жан­ жақты білім алып, өзінің мамандығын, ой­өрісін кеңейтуінде болды. Ол есімдері әйгілі профессорлар А.Альшвангтан (музыка теориясы), Б.Яворскийден (композиция), Г.Литиискийден (полифония), Н.Соколов пен М.Душинскийден (дирижерлық дағды) дәріс алып, лекцияларына қатысты. Ал, 1938 жылы кемеңгер жазушы М.Әуезовтің ақыл­кеңесімен Қазақстанға келіп, өмірінің соңына дейін қазақ өнерін дамытуға ат салысты. Л.Хамиди көптеген музыкалық шығармалардың авторы, олар жалпы алғанда кәсіби жанрлардың барлық түрін қамтиды. Бұл тұрғыдан оның жеке дара туындысы бір актілі «Жамбыл мен Айкүміс» операсына тоқталуымыз қажет. Себебі бұл тарихи уақиғамен байланысты операда (либреттосы Қалижан Бекхожиндікі) жыр алыбы, XX ғасырдың жырауы Жамбыл Жабайұлының (1845­1945) 1874 жылы Жетісудың белгілі ақын қызы Айкүміспен айтысы асқан шеберлікпен және қызықты түрде баяндалады.

Айтыстағы Жамбылдың сарынын Хамиди 1934 жылы өткізілген Бүкілқазақстандық халық таланттары байқауына қатысқан Жәкеңнің өзінен нотаға түсіріп алған еді, сол авторлық сарынды соңынан осы операда кәсіби әдістермен безендіріп, орынды пайдаланған. Мұнда ұлт өнерінде алғаш рет ұлы ақынның бейнесі ірі опералық жанрда бейнеленеді. Бұл туынды театр сахнасында түңғыш рет 1946 жылдың 20­ мамырында көрсетілді. Бір актілі опера өзінің әуенді музыкалық тілімен, әсерлі ұлттық көріністерімен (қыз ұзату тойы, дәстүрлі айтыс, жастар ойыны, т.б.) тартымды шыққан. Мұнда Жамбылдың айтыстық мақамынан басқа, ел арасына кең тараған көтеріңкі, көңілді «Угай­ай» әні орынды түрде келтірілген. Ал операға тән ариялар, дуэттер, ансамбльдер мен оркестрлік эпизодтар ақындық сарын мен термелермен табиғи түрде бірлестігін тапқан. Л.Хамидидің шығармашылық жолындағы жетістіктері тағы да кәсіби музыканың басқа да жанрларын кеңінен қамтиды. Мысалы, композитордың, 1945 жылы бүкіл одақтық үлкен экранға шыққан «Абай әндері» атты кинофильмге жазған музыкасын келтіруге болады (режиссер Г.Рошаль және Е.Арон). Ал, драмалық спектакльдерге шығарған композиторлардың музыкасы сюжеттік, тақырыптық және жанрлық жағынан көптеген кәсіби шығармашылық салаларымен ұласады. Олар: М.Әуезовтің «Түнгі сарыны» және «Абырой мен махаббаты», С.Мұқановтың «Екі мейрамы», С.Михалковтың «Күлкі мен көз жасы», Ғ.Мұстафиннің «Миллионері», М.Ахынжановтың «Алтынсарин» атты пьесасы, В.Абызовтың «Ғашықтардың құпиясы» және тағы да басқа драмалық шығармалар. Композитордың музыкалық мұрасында ең биік орынды өзінің өмірде де өнерде де досы Ахмет Жұбановпен бірлесіп жазған музыкалық­сахналық туындылары, М.Әуезовтің либреттосына жазылған «Абай» және «Төлеген Тоқтаров» опералары алады. Латекеңнің қазақ өнеріне сіңірген бағасы жетпес үлесін айтқанда ерекше бір маңызды мәселе ­ ол оның сонау 30­ жылдың ортасынан бастап Мұхтар Әуезовтің ақыл­кеңесімен Абай Құнанбаевтың (1845­1904) музыкалық мұрасымен айналысып, тікелей ұрпақтарымен шығармашылық қарым­ қатынаста болып, ұлы классиктің әндерін жинақтап және нотаға түсіріп, ән нұсқаларын жүйеледі.

Читайте также:  Теогония және генеалогия

Соның арқасында болашақ ұрпаққа рухани қазынамыздың асыл мұрасын сақтап қалуға еңбегін сіңірді. 1942 жылдан бастап композитор Абайдың классикалық туындылары «Айттым сәлем, Қаламқас» (қыз бен жігіттің диалог түрінде орындалатын әні), «Мен көрдім жалғыз қайың құлағанын», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ» және т.б. тұңғыш рет фортепьяноның сүйемелделуімен қалың бұқараның игілігіне жаратып, Абай әндерін насихаттаушы ретінде де өзін көрсетті. Ал кейінде Ахмет Жұбановпен бірге «Абай» операсын жазғанда бүл әндер өте құнды музыкалық материалдарға айналды. Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы Абай операсында сюжеттік және музыкалық драматургияның заңдылықтары шынайы және бейнелі түрде қалыптасып келеді. Партитураның музыкалық негізі либреттоның мазмұнына, көркемділігіне, сипаттылығына сәйкес болып, ұлы перзенттің тағдыры мен халық тағдыры бірлікті түрде баяндалады. Операның негізгі кейіпкерінің музыкалық тілі, оның ариялары, речитативтері, ансамбльге, хорға қосылып айтқан вокалдық номірлері тартымды, сүйкімді және интонациялармен байытылған. Халық жанашырының іс­әрекеттерін, оның ой тереңдігін, сөзінің өткірлігін, тілінің шеберлігін, азамат ретінде беделдігін операның авторлары ерекше шеберлікпен терең және жан­жақты көрсетеді. Бұл жолдағы көркемдік шешімдер, жоғарыда айтып кеткендей, ұлы композитор­классик Абайдың өз әндерімен күшейе түседі. Абайдың әр сахналық және музыкалық көрінісі терең ойлы, философиялық көп мәнді және кейбір лирикалық, романтикалық көріністерде әділетсіз қылмыстарды әшкерелеу мақсатында сазгердің өз әндері жеке, хорлық және оркестрлік эпизодтарда кәсіби тәсілдерімен өңделеді. Аталмыш сахналық шығарманың тарихи маңыздылығы ­ оның авторларының тұңғыш ұлттық музыкадағы кәсіби композиторлар болғандығында. Сол себептен, опера өзінің ерекше өрнегімен, көркемдік құндылығымен, халықтың ауыз­ екі және бай музыкалық дәстүрімен өзектеліп, сусындалып сәтті болып жазылды.

Сондықтан да, Абай операсының өзіндік қасиеттері тыңдаушылардың сүйіспеншілігіне бөленіп, қазіргі заманға дейін өзектілігін жоғалтпай, жаңа дәуірдің рухани сұраныстарына толығымен жауап беруде. I бөлім. Айдар мен Ажардың қашуы. Опера кіріспемен басталады, ондағы күрделенген ырғақ пен диссонанттық аккордтар құрылымдары сюжеттік шиеленісте алдын ала дайындайды. Алыстан жаушы дүбірі естіледі, бұл Айдар мен Ажарды қуғындап жүрген Нарымбет пен оның нөкерлері. Бұл сәтте ғашықтар дуэті ақ жарқын үнде орындалады. Олар өз әндерінде өмір бойы бірін­бірі сүйіп өтуге уәде береді. Драмалық шиеленіс кезінде Абай келеді. Оның үш бөлімді ариясында ашу мен наразылыққа толы кең сарын естіледі. Ол жастарға ара түсіп, Айдар мен Ажарға бостандық алып береді. II көрініс. Абай ауылы ­ мамыражай бейбіт өмір, тыныштық, шығармашылық атмосферасы. Сырттан би Ажарды барлық шындықты айту үшін ант етуге мәжбүрлейді. Біржанның «Ақ тентек» әні негізінде айтылатын Ажардың ариясында ­мал сияқты сатылып кететін әйелдің ауыр тағдыры туралы зарланады. Ал, бірінші актінің соңында Абайдың терең ойға толы қайғылы «Көзімнің қарасы» (екінші нұсқасы) атты әніне негізделген ариясы орындалады. II акті ­ Билер сотының көрінісі ­ сахнада талапкерлер, соттар, Абайдың серіктестері, халық көрінеді. Сырттанның ариозасы «Мен айналадан аласапыран, руластар таласын көріп тұрмын» үнделеді. Жиренше ызаланып речитатив түрде сөйлейді, Әзім сөз сұрайды. Олардың сахнадағы таласы, кең құлашты ұласқан, аракідік дауға Нарымбет те қосылады. Жастардың жақтаушысы болып Абай сөйлейді, өзінің дәлелді, дәйекті пікірі бәрінен басым шығады, оның әділдікке шақырған үні Сырттан биді иландырады. Жиренше мен Нарымбет Абайға өштеседі ­ кек алатындарын білдіреді. «Билер соты» көріністе композиторлар халықтық ән шығармашылығындағы ­терме, желдірме формаларын еркін түрде жүзеге асырған. Бұл актінің кең құлашты дамуы кейбір тұстарында толық термелі әуеннен құрылған, әуездік түрі тақпақтық­термелі сарынмен, жағымсыз кейіпкерлердің интонациясы қатқыл, ебедейсіз, эпизодтық қызмет атқарады.

Читайте также:  Батыс Чжоу кезеңіндегі Қытай

Оставить комментарий