Әлемдік мәдениеттану ой-санасы

Көне «қалыпты» кері ысырып тастаған жыр әуенінен адамдарды бауырластыққа, өзара түсіністікке шақыру іспетті ізгі тілектердің үні айқын естіліп тұр. Бұрынғы өмір сүру мазмұны тұтасымен топан судың аяусыз аранына жұтылып, пейілі адалдықтан аман қалған адам ретінде құдайлар «қатарына» қабылданған Утнапиштидің өзі іспетті, сөздері де жаңа реңкке, мән мен мағынаға ие. Рас, өз қазанында, яғни, Гілгәмеш туралы эпоста, дәлірек айтқанда, Утнапиштидің монологында, олар біршама дәрменсіздеу, мұңдылау естіледі. Монолог «Сұм ажал ешкімді де аямайды» деп келетін жалпылама ой ауанымен басталады да, адамның қолында тұрған ештеңе жоқ екені, бәрі де құдайлардың маңдайына не жазғанымен анықталатынына тоқталады. Ажал бәріне соңғы нүкте болмақ. Жауыздыққа да, мейірімге де, олардың өзара тартысына да. «Мәңгілік» ештеңе жоқ, өйткені, ештеңе мәңгілік болып жаратылмаған. Біз эпиграфқа таңдап алған сөздер Утнапишти монологының тұтқынында тұрғанда осы ойлардың дәлелі іспетті болып қала бермек. Алдымызда — кітап, бар кітаптардың ішіндегі ең көнесі — «Гілгәмеш туралы эпос» («Бәрін көріп­білген жан туралы») жатыр. Бізге мыңжылдықтар қойнауынан бұл дастанның бірнеше нұсқасы жетті. Ниневиялық нұсқа (б.д.д VII­VI ғ.ғ.) — олардың ең соңғыларының бірі… Талай жүздеген жылдар бойы неше түрлі халықтар бағзы дастан мазмұны бедерленген қыш кестелерге үңіле отырып, одан өз керегін тауып жатты. Эпос ойға өте жомарт, өйткені, көркемдік деңгейі аса жоғары. Сол себепті тереңдігі де шексіз. Поэмадағы «басты тақырыпты» тап басып айтқысы келетін қай­қай жорамалдардың бәрі де сәлден соң түнгі далада адасқан жолаушыдай абдырап қала береді. Өмірден түйгені көп поэма дана да қисынды. Бағзы заман ақынының бойында шабыт оты қайнаулы. Ол поэманың өн­бойын әп­ сәтте бұрқ­сарқ қайнататын көркемдік тәсілдерді табуға келгенде өте шебер. Құдайлардың еркіне қарсы шыққан Гілгәмешті қиындықтардың сүрлеуінен алып өтіп, тағдырына мойынсұнған қалыпқа түсіреді. Бірақ ол өзінің бүкіл ақындық алауын кейіпкерінің сөзсіз Энкидуды Ұрық пен Гілгәмештің құдайлары жазалады. Бұны Гілгәмеш те, эпос та жақсы біледі, бірақ бәрібір «Оны менен зұлым, албасты күш айырды» делінеді. Көкке атылған қасірет наласы жүйелі қисынды да, бейнелі сөздерге сараң эпос қалыбын да быт­шыт қылады. Гілгәмештің өмір мен өлім туралы «пәлсафалық»ойларын құдайларымен қоса бағзы аккадтың қыш сөрелерінде қалдырады да, келер заманның көкжиегінен жарқ етіп шыға келеді. Бәрі біздің поэмадан нені «байқағымыз» келетініне байланысты. Поэманы аударушы һәм оны зерттеуші айтулы мамандардың бірі И.Н.Дьяконовтың пікірінше, поэманың өзегінде «адам өмірінің мәнсіздігі, бәрібір түбі келмей қоймайтын, алмай қоймайтын ажалдың әділетсіздігі» туралы ой жатыр. Зерттеушіге Утнапишти монологының қатты әсер еткені байқалады. Монологтың өн бойындағы күңіреніске толы ащы запыран, күйреуік көңіл­күй әуенінің осындай ой түюге негіз болатындай­ақ жөні бар. Дегенмен поэмада бұдан да қуатты көркемдік бояулармен басқа бір жайт — өзара бауырлас екі стихияның — отырықшылық пен көшпеліліктің бір­бірінен кетісуі туралы зар­жоқтау жырланған болса ше? Ал бұл екі стихия негізгі екі кейіпкер — Энкиду және Гілгәмештің образдары арқылы бедерленген болса?.. Энкиду… Бұл бейне өте тартымды. Бәлкім, бұл Энкидудың «далада туы», оны «таулардың өсіргенінен» болар. Түркі әдеби дәстүрімен жақсы таныс жанды «дала мен тау» сөз тіркесі әсте бейтарап қалдыруы мүмкін емес… «Далада дүниеге келген» … Бір рет оқып қалған осы қанатты сөздеріміз біздің назарымызды өзіне қайта­қайта аударта береді. «Далада туған» кейіпкердің тағдырына да әлсін­әлсін алаңдай беретініміз, бәлкім, осы сөздердің қуатты әсерінен болар… Энкиду — дала перзенті. Достары — өзі де суатқа бірге баратын даланың тағы жан­ жануарлары. Табиғаттың киелі күштері уранидтер секілді бұл да сұрапыл күшті, сәбидей аңғал және күндей мейірімді… Ол туралы хабарды, оның жойқын күші мен қалалықтарға тосын өмір сүру дағдысы туралы әңгімені Гілгәмешке ең алдымен ау­тұзағын Энкиду бос қалдырып жүрген аңшы жеткізеді… Бұл өзі әрдайым осылай болып келген. Қаладан қалаға, елден елге өтіп сауда жасайтын саудагерлер жергілікті патшаларға дала қарақшылары жайлы адам сенгісіз қиял­ғажайып әңгімелер айтатын. Кентаврлар жайлы аңыздар, міне, осылай туды. Гілгәмеш енді иегінің астында пайда болған дүлей күшті қалай ауыздықтау керектігіне бас қатыра бастады. Эпос, байыпты да салиқалы пошыммен, көрген түстері және анасының жол көрсетуі арқылы оған «Энкидудың досы әрі бауырына айнал» деген кеңес береді. Екі қаһарманның кездесуіне әйел баласының тікелей қатысы бар. Гілгәмеш патшалық ететін Ұрық қаласы Энкидуға жезөкше Шамхатты жұмсайды. Әйел сұлулығына арбалуы оның мына дүниенің қызылды­жасылды көзді алар әлеміш бояуына арбалуына да әкеліп соқтырған. Нан, күлге пісірілген күлше, торсық толы шарап. Ендігі жерде мұның бәрі оған жат емес. Жезөкшемен бірге Энкиду бірінші қала маңындағы бақташыларға жетеді, сосын қаланың өзіне де кіреді. Бұл тұста ол «бұрынғыдай жүгіру» қабілетін жоғалтты. Бірақ, қараңыздаршы, Шамхаттың отты құшағынан әбден сілікпесі шыққан ол Ұрық қаласына кірердің алдында қалай сілкінеді, бейнебір табиғаттың төл баласындай қалай күркірейді: — Ұрықтың қақ ортасында тұрып айқайлармын: Мен қуаттымын, Мен ғана өзгертемін тағдырларды. Кім далада туылған ­ оның күші сұрапыл! Кейіпкердің өзін­өзі бұлай бағалауы көшпелі түркі поэзиясына жақсы таныс. Дала жырларында қаһарман өзін бүкіл ғаламмен біртұтас сезінеді. Көшпелі жер кеңістігінде өзін әрдайым тәуелсіз де шексіз қуатты жан ретінде түйсінеді. XV ғасырдың қазақ жырауы Қазтуған: «Бұлт болған айды ашқан, мұнар болған күнді ашқан… Мен Сүйінішұлы Қазтуған!!!» — деп көсіледі. Жоқ, Энкиду ешқашан тағы адам болмаған. Эпос мұны бәрінен бұрын аңғарады. Уақыт өте келе қала ақсақалдары да оның Гілгәмештен тек қара күш жағынан ғана артық емес екенін мойындауға мәжбүр болады. Өйткені, ол тек күшке емес, «қорғанды Ұрықтың» тұрғындарына беймәлім әлдебір тылсым даналыққа да ие. Хумбаба туралы мәліметтер де мұндағыларға ең алғаш осы Энкиду арқылы белгілі болған. Яғни, дала баласы қалалықтарға қарағанда бұл жайында әлдебір себеппен көп біледі деген сөз. Сосын қала ақсақалдары бұлар Хумбабаға қарсы жорыққа шығарда «алда Энкиду жүрсін» деген кеңес береді. Әрине, бұл да жайдан­жай болмаса керек. Бұл жерде қала қарттары «түнде суыт жортып, таң асырған» дала баласының табиғи зеректігін ғана меңзеп отырмаған болар? Көшпелі өзінің кеңістікпен қарым­қатынасын отырықшыға қарағанда басқашалау ұйымдастырады. Үзіліссіз қозғалыс, үздіксіз көшіп­қону жол туралы бөлек түсінік қалыптастырады. Бұл түсінікке экологиялық ортаны тиімді пайдалана білу машықтары ғана емес, этикалық нормалар жүйесі, эстетикалық принциптер мен пәлсафалық пайымдаулар да кіреді. Көшпелінің қоршаған ортамен қатынас туралы түсініктерінің ішінде «жол» ұғымының алатын орны ерекше. Қазақтар, мысалы, сәттілік тілегенде «Жолың болсын!» деп жатады. Назаланғанда «Жол ұрсын!» деп қарғайтыны және бар. Егер құдайлар бір кездері шұрыппақтық Утнапиштиге болашақта болатын топан су туралы хабар бергенде, «қабырға, есінде сақта» деу арқылы аян берсе, далалыққа бұл сөздердің жүрмейтіні белгілі. Егер құдайлар бұл аянды көшпеліге беретін болса, басқаша емес, «жол, есіңде сақта!» деген сипатта берер еді. Ақсақалдар алқасының көңілі де жүрексініп тұрған Гілгәмешті Энкидудың: «Жолдан қорықпа, маған сен… Менімен бірге жүргенге қауіп жоқ!» — деп қанаттандыруынан кейін сабасына түскендей болуы сондықтан. Хумбабаның мекеніне барар жолда Гілгәмеш үш рет қорқынышты түс көреді. Әсіресе үшінші түс («Құлаған таулар әп­сәтте күл­тозаңға айналады») өте үрейлі еді. Бұдан кейін алға жүруге жүрегі дауаламаған Гілгәмеш «қырға шығайық, ойласайық» деген. Энкиду бұл жағдайда да өзін таза көшпелі сипатында танытады. Досының әрбір түсін ол жаманшылық әкелетін емес, керісінше, жақсылыққа бастайтын, жеңіске жеткізетін аяндар ретінде жориды. Түркі ауыз әдебиетінде түс пен түс жорушы туралы сюжет (сәл­пәл өзгертілген вариацияларда) кең тараған. Олардың бір нұсқасында аяғы ауыр әйел өзіне екі қасқырдың шабуылдағанын көреді. Мазасызданған ол көрші ауылға, әйгілі түс жорушыға түсін жорытуға жолға шығады. Бұл келгенде түс жорушы сапарда болып, ол түсін үй иесінің келініне айтады. Келін «түсінде көргенің айта­қатесіз қайталанады» деп жориды. Қатты үрейленген әйел асығыс ауылына қайтуға жолға шығып кетеді. Осы сәт үй иесі шаңырағына оралып, келіні оған болған жайтты айтады. Ашуланған қария: «Олай айтпауың керек еді, қасқырдай қайратты, қасқырдай айбатты екі ұл табады екенсің деуің керек еді, жет артынан» деп, келінін атқа отырғызып, соңынан қудыртып жібереді. Ауылдан шыға берістегі қойнауда келіннің аты осқырынып тоқтайды. Сөйтсе, осы арада екі қасқыр келіншекті жарып, жеп жатыр екен. Көшпелілердің түсінігінде түс ендігі болуы мүмкін қуаныш не қасіреттің белгісі ғана. Еуропалықтардың ұғымындағы «аян түс» түсінігі көшпелілерге жат. Барлығы оны тыңдап жорушының алғашқы әсеріне, қандай белсенділік танытуына тікелей байланысты. Жақсыға жорыса жақсы, жаманға жорыса жаман болмақ. Энкиду Гілгәмештің көрген түстерін әрдайым жақсы сипатта жориды, осылайша қаһармандар ауыр күресте Хумбабаны жеңіп шығады. Осыған ұқсас жағдайда, досының көрген түсін жоруда, Гілгәмеш тіпті басқаша қимылдайды. Энкиду түсінде құдайлардың мәжіліс құрғанын көргенін, онда мұны өлтірмекке ниеттенгенін айтқанда ол жылап қоя береді. «Бұл түс өте қорқынышты аян түс, — деп күңірене зарлайды ол. — Өте қорқынышты, бірақ аян түс!» Ұрықтың құдайлары былайша жақсы қарым­қатынаста болғанымен, Энкидуға бәрібір сырттан келген, жат жерлік адам ретінде қарауын қоймайды. Энкидудың да оларға емешегі езіліп тұрғаны шамалы, бар болғаны досының табынатын құдайлары ретінде ғана құрмет көрсетеді. Ажал алдында ғана, өзінің неден жазықты болғанын түсіне алмай аласұрып жатқанда, соңғы демі шығып бара жатып, ол: «Досым менің, мені Ұлы Тәңірдің қарғысы атты!» — деп айқайлап жібереді. Бұл «Ұлы Тәңірінің» Ұрықтың құдайларының бірі болуы еш мүмкін емес. Шамаш та, Эллиль де… Бауыр батырлардың қару­жарақтарын жарқылдатып, найзаның ұшына Хумбабаның ұсқынсыз басын қадап, таудан сән­салтанатпен қайтатын сәті қандай! Ұрық жері мен аспанының бірінші әйелі Тәңірия Иштардың өзі Гілгәмешке сүйсіне көз тастап, оны өз тәнінен тояттауға, төсек бөлісуге шақырады… …Бірақ Гілгәмеш Энкиду емес. Иштардың жалаңаш бейнесі іспетті Шамхатты көргенде «қайда туылғанын тарс ұмытып кететін» Энкиду ғана. Гілгәмеш Иштар мен оның абыз әйелдері өздерімен төсектес болған еркекті бойындағы ең басты қасиетінен айыратынын жақсы біледі. Ол мұны түз далада еркін жүрген Энкидуға Шамхатты жіберерде де, ортаға жезөкшені салып, «даланың ұлын» өзінің Ұлы Тәңірінен айырарда да жақсы білген. Энкидудың өзінің Ұлы Тәңірін ажал тырнағына ілініп, аласұрып жатқанда ғана есіне түсіруге шамасы келген. Ашудан булыққан құдай әйелге Гілгәмеш бойындағы күнәларының бәрін тізіп тұрып санап береді… Иә, Гілгәмештің кеудесін көтере шалқып, тасуына себеп боларлық жайттар жетерлік. Хумбабаны жеңді, қасында айрылмас досы Энкиду және бар. Расында да Гілгәмеш мақтанбағанда кім мақтанбақ! Ал мұндай биікте тұрғанда оларға әсем сымбаты анау­мынауды еліктіріп әкетер Иштардың қолы жете қояр ма? Достар Ұрыққа аттанады. Иштар болса Ануға шағымданған: «Әке, Гілгәмешті өлтіретін бұқа жасашы, мені ренжіткені үшін Гілгәмештен қалайда кек алуым керек!». Жеті жұтынғанда Евфраттың суын түгел түгескен кәрлі бұқаны қаһармандар Ұрықтың қабырғасында күтіп алып, шайқаста жеңіп шығады. Иштардың қитұрқы қылығының астарында не жатқанын Энкиду жақсы біледі. Оның Тәңіриямен айырысатын өз есебі бар. Өз жеңісіне масаттанған Гілгәмеш бұқаның мүйізіне зәйтүн майын толтырып, оның өз құдайларына тарту етуге асығып жүргенде, Энкиду қаланың кертешті қабырғасына шығып алып, өлі бұқаны көрсетіп, Иштарды былай қорқытады: «Қолыма түссең, сенің көрген күнің де осы болмақ. Мен сені бұқаның ішек­қабағына шандып байлап тастаймын». Ол ашу үстінде «бұқаның шыбығын» жұлып алып, құдай әйелдің бетіне лақтырады. Міне, осы жерде Энкиду киелі ұғымды қорлаған күнәһар іс жасады: бұқа — жер жыртушы және ұрық себуші болып есептелсе, оның шыбығы қасиетті саналады. Қосөзен әйелдері жомарт жердің белгісі іспетті фаллостың (еркектің жыныс мүшесі) құрметіне арнап сәнді шерулер өткізетін. «Иштар абыз әйелдерді, жезөкшелер мен қыздарды жинап алып, бұқаның шыбығын азалап жылауға кірісті». Осы алтыншы кестеде эпикалық поэманың қаһармандық желісі өзінің әбден шырқау шыңына жетеді… Бірақ құдайлар құдай болып қала бермек. Оларға қарсы көне эпос та ештеңе істей алмайды. Аспан бұқасын жеңу құрметіне болған той күні Энкиду Гілгәмештің анықтамасы бойынша «аян» түс көреді. Ұрықтың қамқор құдайлары Гілгәмешке Иштардың өз қалаулыларына істейтінін істейді: оның ең ардақтысын өлтіреді. Гілгәмештен Энкидуды айырады. Үкімді Эллиль шығарады: «Энкиду өлсін, бірақ Гілгәмеш өлмеуге тиіс!». Құдайлардың айтары анық: бұқа мен Хумбабаны өлтіргендері үшін қаһармандар жазаға тартылуы тиіс. Жазаға тартылатын бір Энкиду болмақ. Былай қарағанда бәрі түсінікті. Ажал соңғы тынысын алдыртқанға дейін, он екі күн бойы Энкиду өзінің неден жазықты болғанын білмек болып аласұрған азапты ойдың шырмауына түседі. Кенет есіне есік түскен. Оның байырғы отанында жоқ қыш қабырға мен есік. Алғаш қалаға келгенде ол бұларға таң қала қараған. Бұл оның Гілгәмештің анасы Нинсұнды «қорғанды қаланың ұрғашы буйволына» теңейтін кезі еді. Жармалы есікке тамсана көз қадаған ол кейін балқарағай тоғайына арнайы барып, самырсыннан өз қолымен есік жасап, оны әсемдеп, бетінe өз есімін жазған­ды. Жаңа ортамен тіл табысудың символы осы есік деп түйсінген. Енді табысу емес, кетісу символы болғанын сезініп өкінулі… Сосын Энкиду есік жайлы ұмытып, аңшы мен салдақы Шамхатты, әсіресе Шамхатты қарғауға кіріседі… Аңшы мен Шамхаттың кесірінен Энкиду сайын даламен қош айтысты, құдайлары бөтен Ұрыққа тап болды. Энкиду аңшының көзіне алғаш түскен, суаттың басында салдақыны тұңғыш кездестірген күндерін тілдей бастаған, тек ішінде досы, әріптесі Гілгәмештің есімі бар Шамаштың қатты айқайын естігеннен кейін ғана Шамхатты қайта кешіргендей болады. Бірақ ендігі есік те, Шамхат та, Ұрықтың құдайлары да ол үшін бояуы бір дүние еді. Бұған жат, тасбауыр, суық та дұшпан әлемнің көріністері. Сөніп бара жатқан сана жарыққа ұмтылады, бұрынғы Ұрыққа дейінгі өмірін еске алуға тырысады. Бірақ барлық жерде төсегінің қасында көзінен ащы жас төгіп отырған Гілгәмештің әлеміне тән заттар мен жандарға ұшыраса берген. Тәнін «сырқат қуырып бара жатқан» Энкиду олай аласұрады, былай аласұрады. Кенет бәрін де түсінгендей болады. — Досым менің, мені Ұлы Тәңір қарғады! Екеуміз Ұрықта әңгімелесіп отырғанда, Мен шайқасқа кіруге жүрексіндім, жорыққа шыққым келмеді, Досым менің, кім шайқаста өлсе — сол даңқты, Мен болсам елімнен қорықтым, сол үшін де масқара болып өлемін. Энкидуды қорқақтығы үшін қарғаған Ұлы Тәңір, әрине, Ұрықтың көп құдайларының бірі емес (біз бұл туралы бұрын да сөз қылдық). Адамнан қаһармандықты талап ету Ұрық құдайларының дәстүрінде жоқ. Қаһармандық дамып келе жатқан қалаға қат қажеттілік еді, ал Гілгәмеш болса өзіне «мәңгі есім» жасағысы келген оның алғашқы тұрғындарының бірі болатын. Ұрық тұрғындарын таңдай қақтыра таңдантқан Хумбаба мен аспан бұқасын өлтіру іспетті ерліктерді қала құдайлары Гілгәмеш тарапынан, бар болғаны, тентектік, Энкидудың тарапынан қылмыс деп бағалады. Қаһармандық, ерлік адамдарды алыс жолдар мен үлкен кеңістіктерді жаулауға бастайтын көшпелілердің ұлы құдайына ғана керек. Энкидудың » Ұлы Құдайы» көшпелі түркі тайпаларының жоғары құдайы Тәңіріге өте ұқсас. Ол өз төңірегіне ұсақтау құдайлар араша құжынағанда да еш селт етпеді­ау. Тіпті далаға алғаш Алла Тағала келгенде де сабырлы қалпынан бір сәт айнымады. Міне, дәл солай, Энкидудың құдайы да оны Ұрықтың быжынаған құдайларының ортасына ешқандай қызғаныштың белгісін танытпай­ақ жібере салады. Егер Энкиду Ұлы Тәңірінің алдында кінәлі болса, Гілгәмешпен дос болғаны үшін емес, оның әлдебір «қағидаларының» бірін орындамағаны не бұзғаны үшін кінәлі. Энкиду өмірден өтіп еді, бұрынғы Гілгәмеш те жоқ болды. Бұрынғы ақжүректік те, бұрынғы батырлық та жоқ («Жауыздық атаулының бәрін жер бетінен құртамыз!»). Басталған істердің бәрі сәтсіз аяқталады… Ақиқат — тік: оның тереңдігі мен биіктігі бар. Биіктік көз алдында көрініп тұрар болса, тереңдік тасаға жасырулы. Әлемде бардың бәрі де көзге көрінулі әрі құпиялы болған және солай болып қала береді. Көшпеліні айқын әлем қызықтырып, еліктіреді. Отырықшы болса айқынның құпиясына үңілуге, қай нәрсенің де өзегіне көз жүгіртуге құмартулы. Көшпелінің айқынның қадіріне жетіп, бағалай білетін қасиетіне ие бола алғанда ғана оның жолы болмақ. Гілгәмеш «кері шегінді», өйткені оның қасында басты қаруы — «қорғанды Ұрықтың» патшасы мен тұрғындары үшін беймәлім, құпия іспетті жайттар алақанындағыдай айқын досы Энкиду жоқ еді. Энкиду шынымен өлді ме? Жоқ, ол тірі қалды, бірақ аккад поэмасының ауқымынан шығып кетті. Уранидтермен бірге көшпелінің киіз үйіне келіп қоныстанды. Айырылысу сәті өте ауыр болды, бұған Гілгәмештің қоштасу зары куә. Эпосты қайта оқысаңыз, оның ішінде Гілгәмештің азалы жырынан көркемдігі жағынан қуатты және дыбысталу жағынан трагедиялы жолдардың жоқ екеніне көзіңіз анық жетеді. Араға жүздеген жылдар салып, біздің дәуіріміздің екінші мыңжылдығының орта тұсында, көшпелілердің ен жайлауы тарыла бастаған шақта, дәстүрлі көшпелілер әлемінің күні батып бара жатқан сәтте, азалы айырылысу тақырыбы қазақ даласында, ақындар поэзиясында қайта көтеріледі. Оның драмалық лейтмотиві тағы да сол екінің бірін таңдауды қажет ететін «көшпелілік­отырықшылық». Ағайындас ру­тайпалар айырылысты. Біреулері тулақтай жерін әлі айналып көшумен болса, екіншілері отырықшылыққа бет бұрды. Асан Қайғы дала поэзиясына тән емес көріпкелдікпен «қилы заманның» төніп келе жатқанын сездіртті. Қазтуған жырау өзінің бүкіл ақындық қуатын өзі алғаш рет көріп отырған іспетті туған жері — Еділдің жағалауларын төгілте суреттеуге жұмсады. Туған жерін ең соңғы рет көріп отырғанын түйсіне білген жан ғана осылай жырлай алуы мүмкін… Адамзат баласының тарихында екі стихияның бірлігі проблемасы әлмисақтан тұрақты көрініс тауып келеді. Бұл тарапта өрбітілетін ойлар өзінің биігіне, сондай­ақ көркемдік жағынан шырқау шегіне, біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың орта тұсында жеткені байқалады. Оған «Гілгәмеш жайлы эпостың» ниневиялық нұсқасы куә…

Читайте также:  Кәсіби театрдың даму жолдары

Оставить комментарий