Әлемдік тарихтың схемасы

Біздің тіршілігіміздің негіздеріне көзімізді жеткізу үшін, глобусқа бір қарап көрейікші. Қолымыздағы глобусқа қарап отырып, біз географтар мен тарихшылардың құрлық пен теңізге бөлінетіні туралы, жер бетіндегі түрлі елдер мен мемлекеттер, алғашқы мәдениеттер қалыптасқан жерлер туралы мәліметтердің негізгі ережелерінде бағыт­бағдар табуға тырысамыз. Қыруар жерлер демде­ақ Еуропа мен Африканың батыс жағалауларынан Американың қиыр шығысындағы шекарасына дейін, дәлірек айтқанда, Атлант мұхитынан Атлант мұхитына дейін созылған. Атлант мұхиты Тынық мұхитына қарағанда, Колумбқа дейін адамзаттың ұлы территориялық шекарасы болып есептелді, ал шығыс пен батысқа әлдеқашан тарихқа дейінгі заманда жаппай саяхаттар жасауға әрекеттер етілді. (Солтүстік Америкада норманидардың пайда болуы — маңызды салдары болмаған өзгешелік). 2. Нәсілдер: ақ, қара, моңғол, америкалық үнділер жаңа дәуірге дейін жер шарының азды­ көпті тұйық аймақтарын мекендеген; алайда, кейбір өтпелі нәсіл типтері де болған. 3. Адам тіршілік етуге аздаған болса да мүмкіншілік бар жерлерге жаппай қоныстанды. Біздің көз алдымызда Оңтүстік Азияның, Африка, Американың орасан зор кеңістіктері ашылады, мұнда адамдар тіршілік еткен, дегенмен рухани мәдениет саласында еш маңызды нәрсе жасалған жоқ. Оңтүстік пен солтүстік аймақтардың ең шегіне тықсырылған халық өзінің тіршілік ету тәсілімен адамдардың қандай ерліктерге қол жеткізе алатындығының куәсі болып келеді. Ландшафтың негізгі типтерінің мәдениет үшін маңыздылығы зор екендігін біз көріп отырмыз: өзендер аңғары, Жерорта теңізі жағалауы, мұхит айлақтары, аралдар әлемі, жазық далалар, далалар, сахаралар. 4. Америка құрлығын үнді деп аталатын бір нәсіл мекендеген. Бұл жерлерде адамның өмір сүруінің ерте сатысынан немесе одан бұрын болған тарихқа дейінгі кезеңнің сүйек қаңқалары табылмаған. Шамасы, Американы кейінірек Азияның оңтүстігінен солтүстігіне қарай орын ауыстырып келген қоныстанушылар мекендеген. 5. Мәдениеттің пайда болуы территория тұрғысынан алғанда жер бетінің тек аз ғана тілімін — Атлант мұхитынан Тынық мұхиты жағалауына дейін, Еуропадан Оңтүстік Америкаға, Алдыңғы Азия арқылы Үндістан мен Қытайға дейін қамтиды. Бұл, ұзындығы бір ширектей, ені — бүкіл жер бетінің он екінші бөлігінен азырақ келетін тілім, сахаралар, далалар мен тау аңғарларының арасында жатқан құнарлы топырақтан тұрады. Жоғары сатыдағы мәдениеттердің негіздері пайда болған аймақтардың барлығы осы тілімнің ішінде жатыр. Олар ең алғашында бір­бірінен тәуелсіз болды; олардың туындылары таралып, бір­ бірімен жалғас тауып, қайтадан сабақтасып отырған шынжырын үзіп отырады. Тұрақты қарым­қатынас осы жерде де кеш пайда болған, бірақ онда да әр уақытта үзіліп отырды; ол өзінің толық көлемінде тек бірнеше ғасыр бойы ғана бар және оны еуропалықтар құрған. Адамдар мекенденген ұшы­қиыры жоқ кеңістіктің ішінде мәдениет пайда бола алатын алаңы тым аз. Оның өмір сүрген уақыты туралы да осыны айтуға болады. Тарихты тар мағынасында схема түріңде мынадай сипатта елестетуге болады. Жүздеген мыңжылдықтарға созылған тарихқа дейінгі кезеңнің қараңғы түпкірінен, біздің дәуірімізге дейін болған, біз тәрізді өмір сүрген адамдар кездерде, он шақты мыңжылдықтар бұрын Месопотамияда, Мысырда, Инд пен Хуанхэ жазықтарында ежелгі ұлы мәдениеттер пайда болады. Бүкіл жер бетінің көлемінде бұл — біздің заманымызға дейін сақталып қалған алғашқы қауымдардың тіршілік еткен, әлемді тегіс қамти алатын шашыраңқы сәулелер. Белдеулік уақытта б.д.д. 800 жылдан 200 жылға дейін ежелгі ұлы мәдениеттердің өзінде немесе оның әсер ететін орбитасында бір­біріне тәуелді үш түрлі жерде адамзаттың рухани негізі — Еуропада оның Шығыс пен Батысты бір­біріне қарсы қоюымен, Үндістанда және Қытайда қалыптасты. Еуропада, Батыста орта ғасырлардың соңында қазіргі таман ғылымы пайда болды, ал одан кейін XVIII ғ. техника ғасыры келді; бұл — белдеулік уақыттың соңғы рухани және материалды сипатының шынымен де алғаш рет тамамдалуы. Еуропадан Америкаға қоныс аудару және оның рухани мәдениетінің қалыптасу процесі жүріп жатты, Шығыс өнер тапқыштық және техникалық салада христиандық Ресейге едәуір ықпал ете бастады; ал Ресей, өз кезегінде, солтүстік Азия құрлығынан Тынық мұхитқа дейінгі жерлерге қоныстана бастады. Қазіргі әлем өзінің күшті ірі мемлекеттерімен — Америка және Ресеймен — Еуропа, Үндістан, Қытай, Алдыңғы Азия, Солтүстік Америка және жер шарының басқа аймақтарымен қатынастары XVI ғ. жайлап басталып келе жатқан ұзақ процестің барысында, техниканың дамуының арқасында шындығында бірлескен қатынас алаңы болып шықты. Әлемдік империяның қатал әкімшілігінің шеңберінде болсын, немесе келісім арқылы әлемнің құқықтық ұйымдастырушының шеңберінде болсын, ол өзінің қарама­қайшылықтары мен бытыраңқылығына қарамастан, саяси бірлестікті барынша талап етіп отыр,. Біздің ойымызша, қазіргі күнге дейін әлем тарихы мүлдем болмаған, тек әншейін жергілікті тарихтардың бірлестігі ғана болған деп айтуға болады. Біздің тарих деп атап жүргеніміз — тек тарихқа дейінгі жүзінші мыңжылдықта болып кеткен, осы күні жоғалған жер шары халқының қоныстануы арасындағы небәрі бес мың жылдық аралық қана — өте қысқа мезет — қазіргі кезде біз оны әлем тарихының шынайы негізі ретінде қарастырамыз. Өзіндік өзара байланысын ұғынбаған тарихқа дейінгі кезеңде адамдардың бірлескен топтарында, табиғилыққа жақын тәрізді тіршіліктің тек ұдайы өндірісі қайталанып отырды. Одан соң қазіргі күнімізден бастап, бұрынғы біздің қысқа тарихымыздан әлем тарихын жасау үшін адамдардың түйісуі, бірлесуі сияқты жолға шығу алдында рухани және техникалық тұрғыдан жарақтандыру болды. Біз енді ғана жолға шықтық. * * * Тарихты құрылымдастыруға әрекеттену, оны бірқатар кезеңдерге бөлу әр уақытта жайдақ түрдегі оңайлатуға әкеліп соқтырады, дегенмен, айтып кету керек, бұл оңайлатулар маңызды мәселелерге жол сілтеп отыратын көрсеткіш болып қызмет атқаруы мүмкін. Жалған біркелкіліктің ішінде қатып қалмас үшін әлем тарихының схемасына қайта үңілейік. Адам баласы жаңа негізден бастау алып, төрт рет жолға шықты десек де болады. Ең алдымен, біздің зердемізге болар­болмас түсінікті тарихқа дейінгі прометей дәуірінен (тіл, еңбек құралдарының пайда болуы, отты пайдалану) жолға шығады, бүл дәуірде ол енді ғана адам болып қалыптаса бастаған. Екінші жағдайда ежелгінің ұлы мәдениеттері пайда болған кезден жолға шығады. Үшінші жағдайда — өзінің рухани тұрғыдан дүниеге ашықтығымен нағыз адам қалыптасқан белдеулік уақыттан жолға шығады. Төртінші жағдайда — оның бізге тигізіп отырған өзгерту әсерін сезініп отырғанымыз ғылыми­техникалық дәуірден жолға шығады. Осы схемаға сәйкес тарихты талдау барысында біздің алдымыздан сұрақтардың төрт спецификалық топтары көлденең шығады, олар біздің заманымызда әлем тарихының негізін қалаушы мәселелері ретінде қабылданады : 1. Адамның қалыптасуы үшін тарихқа дейінгі кезеңде не шешуші рол атқарды? 2. Б.д.д. 5000 жылдан бастап ежелгі ұлы мәдениеттер қалай пайда болды? 3. Белдеулік уақыттың мәні неде және оның себебі қандай? 4. Ғылым мен техниканың пайда болуын қалай түсіндіруге болады? «Техника дәуірінен не алып келді? Бұл схеманың кемшілігі өзінің мағынасына қарай, дүниежүзі тарихының төрт өте маңызды гетерогенді кезеңдерінен бастау алады: прометей дәуірі, ежелгі ұлы мәдениеттер дәуірі, қазіргі күнге дейін маңыздылығын сақтап қалған біздің адамзат болмысының рухани негізінің дәуірі, техника дамуының дәуірі. Келешекті болжап білетін мынадай етіп белгіленген схеманы көңілге қонымды деп санауға болады: бізге дейін жеткен адамзат тарихының екі тынысы бар десек де болады. Біріншісі прометей дәуірінен бастап, ежелгі ұлы мәдениеттер дәуірінен өтіп, өзінің барлық салдарымен бірге, белдеулік уақытқа дейін алып келеді. Екіншісі ғылым мен техника дәуірінен басталады, адамзат тарихындағы екінші прометей дәуірінен және, мүмкін, ежелгі ұлы мәдениеттердің осындай ұйымдастыруы мен аяқталуына ұқсас құрылымдардан өтіп, жаңа, әлі алыс және көрінбейтін екінші белдеулік уақытқа әкеледі, ол адам баласының нағыз қалыптасу кезеңі. Дегенмен, осы екі тыныстың арасында едәуір өзгешеліктер байқалады. Екінші тыныстың сатысында бола тұрып, оны бастап отырып, біздің біріншісін тануға мүмкіндігіміз бар, басқаша айтқанда, біздің тарихи тәжірибеміз бар. Басқа маңызды айырмашылық: егер бірінші тыныстың сатысы бір мезгілде дамып келе жатқан бірнеше өркениеттерге бөлінсе, ал екіншісі ­ адамзатты түгелдей қамтиды. Бірінші тыныста әр оқиға, тіпті ұлы империя бейнесімен байланысты болғанмен, бір жердің шеңберінен аспай, жалпы даму үшін ешқашан шешуші рол атқарған жоқ. Тап осы себептен де Батыс әлемінің өзгешелігі мен оған байланысты жаңа құрылымдар мүмкін болып шықты. Сол кезде басқа мәдениеттер белдеулік уақыттан бара­бара алыстап, сол сатыда жақын уақытта өзінің эволюциясына қандай да бір жаңа маңызды мүмкіндіктерге қол жеткізетініне ешбір үміт білдірмеді. Керісінше, біздің заманымызда болатын нәрсенің бәрі әмбебап және жан­жақты қамтылған болу керек; даму енді тек Қытай, Еуропа немесе Америкамен шектелмейді. Шешуші оқиғалар, жаппай сипатқа ие бола отырып, өзге, қатерлі сипат алуы тиіс. Егер Батыста ешбір жаңа бастама пайда болмаса, онда бірінші тынысқа жататын жалпы даму өзінің сан алуандылығынан түгелдей апатқа ұшырайтын сияқты болып көрінеді. Енді барлық мәселе мынада: келешек даму өзінің ашықтылығын сақтап қала ма, және қатаң азаптардан, бұрмалаулар мен жан түршігерлік сәтсіздіктерден өтіп, нағыз адамның қалыптасуымен аяқтала ма? Бірақ оның қандай себептермен болатындығын біз әлі күнге дейін мүлдем елестете алмаймыз. Тарихқа дейінгі дәуірдің басындағы адамзаттың бірыңғай қайнар көздері бізге қараңғы боп көрінеді, сол сияқты жер шарында үстемдік құрып отырған қазіргі әлемнің болашағы да белгісіз, ол, мүмкін, заңды тәртіпке келтірілген, шексіздікке рухани және материалды тұрғыдан ұмтылған тіршілігінде өзінің бірлігіне қол жеткізетін де шығар. Біздің тарихи бастаулар мен (біз оны өзімізге елестете де, ойлай да алмаймыз) мақсатымыз (оның нақты бейнесін біз өзімізге ешқандай суреттей алмаймыз) арасында іске асырылады. Бірақ бастаулар мен мақсат бір­бірімен өзара байланысты: мен біріншілерін елестеткенім сияқты, екіншісін де солай елестетемін. Шындықта көңілге қонымды жетілген бейнесі жоқ нәрсе: бастаулар — «адамды жаратуда», мақсат — «жанның мәңгі патшалығында» өзінің символикалық әлпетін табады.

Читайте также:  Қазақ билер сотындағы сөз билігі

Оставить комментарий