Әлемге әйгілі Мұхтар Әуезов туралы реферат

М.ӘУЕЗОВ — ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ЗЕРДЕЛЕУШІ ТҰҢҒЫШ ҒАЛЫМ

Мұхтар Әуезовтің творчестволық сапарының әр қилы өзгешеліктері бар. Ең алдымен, Мұхтар Әуезов, әдебиет әлемінде ескі дүние күйреп, жаңа заман енді ғана қанатын жайып келе жатқан ең бір қиын-қыстау кезеңде бой көрсетті. Бұл кезеңде қазақ әдебиетінде бұрыннан келе жатқан екі бағыт: керітартпа бағыт пен ағартушы-демократтық бағыт бір сәтке өз араларындағы айырмашылықты ұлт тілегі, мүддесі төңірегінде бірсыдырғы 81 жақындатып алғанына көз жұмуға болмайды. Ол процесті аңғарту үшін қысқаша түрде кейбір обьективтік себептерге шолу жасай кету қажет. Өйткені бұл жағдай Сұлтанмахмұт, Сәбит Дөнентаев сияқты ағартушы- демократтардан болсын, Бейімбет Майлиннің болсын, сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің болсын ұлтшылдық идеологияға ұрынып қалуын түсініп алуға септігін тигізеді. XX ғасыр басында қазақтың жазба әдебиетінің өкілдері, оның ішінде ағартушы- демократтары үлкен өзгеріске дайын еместігін сұсты оқиғалар туа бастаған кезеңде аңғарылған еді. Бірінші империалистік соғыстың ызғарлы «суығына» байланысты халықтар түрмесі болған патшалық Россия өзінің реакцияшыл саясатын бұрынғыдан да дөкір жүргізіп, әрбір жылтырары бар озық пікірді тұншықтырған болатын. Демократиялық пікір айтатын орган жоққа айналды. Міне осындай кезеңде февраль революциясының болуы, самодержавиенің құлауы, қаншама сүреңсіз болғанына қарамастан Россияға буржуазиялық тәртіптің орнауы сөйлеу правосынан айрылған ақын, жазушылардың тілін шығарды. Февраль ала келген шолақ бостандықты олар ағынан жарыла жырлады. Мұның үстіне, Б.Кенжебаевша айтқанда «Ақмола, Әубәкір, Нұржан, Шаһді, Мақыш, Мәшһүр — Жүсіп сияқты ақын, жазушылар діни көзқарастағы, феодалдық – ескілік, буржуазиялық– либералдық және ұлтшылдық идеяға ауытқыңқыраған ақындардың «ескі ғұрып–әдеттерді, жалқаулық, жікшілдік сияқты жаман мінез қылықтарды, би-болыстар мен қожа молдаларды сынап, халықты оянуға, оқуға, өнерге шақырып айтқан бірсыпыра орынды, демократтық- ағартушылық ой-пікірлері» қосылып, шын мәнінде программалық бағыты жоқ, қоғамды революция жолымен өзгерту керек деген түсінік дәрежесіне көтеріле алмаған қазақтың ағартушы-демократтарын болмашы соқпақтың өзінен адастырып жіберген болатын. Бұдан кейінгі уақыт факторын да еске алу шарт. Февраль мен Октябрь революцияларының жасалуы мерзім жағынан тым қысқа,бар болғаны сегіз айдың ішінде болуы әлеуметтік көзқарасы марксизм сияқты революцияшыл ғылымнан емес, таза ағартушылық идеядан нәр алған қазақ демократтарына дүниеде болып жатқандарды айқын түсінуге мүмкіндік болмағандығын жоққа шығаруға болмайды. Маркстік идеологияның игілікті әсері қазақ аулына емін-еркін жете алмай келе жатқан кезде, ал демократтық ақыл-ой тоқырау процесіне кезіккен кезде Мұхтар Әуезовтің пролетарлық идеологияға бірден келе қоюы екіталай нәрсе еді деп өзінің «Қазақ әдебиетінінің қалыптасу дәуіріндегі идеялық – творчестволық мәселелері»деген тақырыптағы кандидаттық диссертация қорғаған Тұрсынбек Кәкішов дәл сол жанып тұрған қалың өртке кездеседі.Диссертацияның бірінші оппоненті болған Сәбит Мұқанов өзінің пікірінде: «Мұхтар Әуезовтің советтік тарих алдында кінәсі ауыр, 1932 жылы баспасөз бетінде жарияланған хатына сенсек, аталған жылға дейін ол марксизм-ленинизм жолына саналы түрде қарсы болған ,сол жолдың өркендеуіне бөгет болған кісі. Бұл мәселеге көңіл аудармаса да болар еді, егер тарихи шындықты бұрмалау біз оппонировать етіп отырған диссертанттың ғана қателігі болса. Бұл қателіктің тамыры- 1958 жылы шыққан «Қазақ совет әдебиеті тарихының очерктері» деген кітапта жатыр.Оның 281-бетінде 1932 жылға дейінгі кінәсін «солқылдақтың көзқарасы» деп қана бағалаған. Бұл баға 1932 жылғы хатттарында Мұхтардың өзіне-өзі берген бағасына қарама- қайшы» дейді.Әуезов творчествосының алғашқы кезеңін сөз еткенде Александр Дроздовтың мына пікірін келтірмеске болмайды: Мұхтар Әуезов «1917 жылдан жаза бастады.Оның әңгімелері бірден өзіне назар аудартты:онда өзіне тән жазушылық мәнер, тек оның өзіне ғана біткен әдеби аяқ алыс бірден байқалды, бұл әңгімелерден әдебиеттің болашақ тамаша шебері дүниеге келе жатқанын аңғаруға болатын еді. Ол Европа біліміне жетік адам болды, бірақ оған нәр берген идеялардың аумағы оны тежей берді, оның күшін әлсіретті.Ол халықтың ішіндегі таптық күштердің антогонизмін көрмеді, түсінбеді.Сондықтан болар өз халқының жүрер жолын аңғармады. Ауылдағы патриархалдық-рулық тұрмыстан адамдар қарым-қатынасындағы бұзылмаған тазалықтың етене жаралған берік және адал арнасын көрмек болды.Осының салдарынан оның қолынан «Қилы заман», «Қаралы сұлу», «Сыбанның моласында» әңгімелері туды. Бұл әңгімелерді жансыз, қатып қалған деуге болады, өйткені оларда ғасырлар бойы жемтіктелген өмірдің өзгермейтіндігі суреттеледі,олар жаңа өмірдің гүлденуіне қарсыласа отырып, кейін қарай сүйрейді. Әуезов сол өмірдің ілгері 82 басуына ерік бергісі келмейді.»деп етектен тартқан қарсы пікірдің молдығына қарамастан Зейнолла Қабдолов Мұхтар Әуезовтей ұлы алыптың өнерпаздығын,таланты мен кемеңгерлігін сонау қатал партияның қатал цензурасынан қаймықпай, қажыса да талмай, дәлелдеп алып шыққан ерлігін толық мойындауымызға болады. Мұхтар Әуезовтің ғалымдық жолы көпке белгілі. Оның қаламынан қазақ халқының ауыз әдебиетіне арналған көптеген зерттеулері де жоғарыда айтылғандай көптеген кедергілерге кездесті.Ұлы жазушының 1923 жылы айтқан мәнді де құнды ойы – «қазақтың ауызша әдебиеті бір заманда тәртіпті жазба әдебиетінің қызметін атқарғандығы білініп отыр.Сол міндетін атқарғандықтан ауызша әдебиет өз өрісінің кеңейтіп әкеткеніні көріп отырмыз» деген пікірі.Мұхтар Әуезов қазақ ауыз әдебиетін зерттеу сапасындағы еңбектерінің тізімін келтірсек сала құлаш болар еді. Және де ғұламалық қайраткерлігінің ең бір сүбелі саласы да фольклористикада жатыр. Осы ретте 1927 жылы шыққан «Әдебиет тарихы» атты монументальды еңбегінің түгелдей ауыз әдебиеті үлгілеріне арналғаны, оны іштей саралап классификациялауы әшейінгі бір қызықтаудан әлдеқайда мәні зор дүние болатын.Әрине теріліп басылып, дайын болған зерттеудің практикада қолданылмағанымен, оның өзіндегі кемелді ойлар М.Әуезовтің фольклористік қайраткерлігінде жарқырап көрінеді. Қазақ эпосы,батырлар жыры, ақындар айтысы, ертегі, жұмбақ, халық өнерпаздығы жайында айтылған мәнді зерттеулернің барлығы өзі басқарып шығарған «қазақ әдебиет тарихының» бірінші томының (1948 және1960) ажарлы да лұғатты беттері ғана емес,қазақ фольклористика ғылымының дамуына қосқан зор үлесі.[1.128] Мұхтардың әдебиет тарихы, оның басталуы мен дамуы жайлы ойлары тым қызғылықты болғанымен, қазақтың қоғамдық өмірінің дамуы жағдайларына сүйеніліп айтылғандықтан бұл ойлар кейін өріс ала алмай, тағы да Мұхтардың ұлтшыл ретінде айыпталуына байланысты тоқталып қалды. Оның алғашқы күрделі еңбегі «Әдебиет тарихы» пайдаланудан алынып, идеялық жағынан зиянды кітаптардың қатарына қосылды. Тек Қазақстан дербес тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана «Ұлтшылдық ағым» ақталып, соған қатысты тыйым салынған әдебиеттер ішінде М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» да толық күйінде қайта басылып шықты. Бұл кітап – қазақ халқының ұлттық әдебиетін тұтас күйінде жүйелеп зерттеуге жасалған алғашқы талап. Автор алғысөзінде оның қазақ әдебиетінің бүкіл тарихын қамту мақсатын қоймағанын айтқан. Онда «ескі күннен бастап, Абай мезгіліне шейін қазақ тілінде шыққан сырлы сөздің түрлерін айырып, жік-жікке бөліп, әрбір дәуірден қадау-қадау белгі қойып, сол белгілер бойынша тарих шаңы басып жатқан ескіліктің желісін созып шығу», «Әдебиет көшінің ұлы сүрлеулерін тауып алу» міндеті қойылады. Мұхтар кезінде абыроймен орындап шыққан осы шағын мақсаттың, сүрлеудің бұл күнде ұлы даңғыл жолға айналғаны қазақ әдебиет тарихы туралы зерттеулерден белгілі.Мұхтардың алғашқы еңбегі осы жолдың сүрлеуін салғаны даусыз. Сонымен қатар Мұхтар кітабы жазба әдебиеттің басталуы, оның ауызша шығарылған әдебиетпен байланысы, айырмашылықтары жайында кең сөз етеді. Алғашқы әдебиет тарихшысы ретінде автордың әдебиет тарихын жасаудың қажеттігі мен міндеттерін айқындайтын пікірлері де орнықты әрі ғылыми дәлелді. Ол ұлттық әдебиеттің өткен жолын зерттеу, түсіну арқылы «Қазақ деген елдің өткендегісі мен бүгінгі пішінін тануға» болатынын ескертеді. Әдебиет дамуын халық бастан кешкен тарихи жағдайлармен байланыстыра қарайды. «Белгілі заманның тарихи шарттары мен кәсіп дағдысынан туған салт-сана, сезім, тілек қандай еді? Елдің өнер туғызған қиялымен үлгілі сөз туғызған ақылшалымы, ішкі дүние байлығы қандай еді? Қазақ тілінде әрбір заманда шыққан сырлы сөздердің үлгісі қандай, мағына-маңызы қандайлық? Бір-бірінің ортасындағы тарихи байлам, тіркестік қайсы, әрбір жұрнақты туғызған себеп пе?» Осының бәрін жүйелеп, саралап зерттеу, оқулық түрінде жас ұрпаққа ұсыну мақсаты Мұхтар еңбегін жазуға себеп болған. Қазақ халқының тарихи өткен жолын шолу мен оған баға беруде, әдебиет туындыларын солармен байланыста қарастыруда Мұхтар сөзі алғашқы ғылыми ойлардың басы десе де боларлық. Ол мұны «Тарихи өлеңдер» мен «Зар заман ақындары» бөлімдерінде толық баяндаған. Оның «Тарихсыз заманда» шыққан кітабындағы бұл ойлар да сонылығымен бағалы. Ол қазақ елінің кең даланы еркін жайлап жүрген заманындағы әдебиет 83 үлгілерінде «Қайда барамын, не тілеймін, кім боламын?» деген сұрауларды өзіне қоймаған ел болғанын айта отырып, отаршылдықтың заманы туған кезде ғана әдебиетте «бағыт, мақсат деген нәрселердің» туғанына, жаңалық іздеп, «бастаймын, түзеймін, қазіргі күйге қанағаттанбаймын» деген күй, бірлік, алғашқы рет тұтасқан ой құралып, әдебиет жүзінде елдің әлеуметтік тіршілігі сөз бола бастағанына, содан бастап жазба әдебиет дәуірі туғанына тоқталады. Осылардан бастап әдебиет «әлеумет халін ұғып, ел қамын жоқтауға кіріседі. Өлең бұрынғыша қызық, сауық сияқты емес, қауым қызметін атқара бастайды. Елдің саяси пікірі мен тілек, мақсат, мұң, зар сияқты сезімдерінің басын қосып, жаңадан ой негізін, салт – санасын құрай бастайды» дейді ол. Қазақтың ұлттық әдебиетінің тарихи жолы қазақ хандарының тұсынан ХV – ХVI ғасырлардан басталып, жыраулар поэзиясы үлгісінде дамығаны, олардың ар жағында жалпы түріктік ортақ мұралардың жазба әдебиетке бастау болғаны кейін зерттеліп дәлелденді. Соның өзінде Мұхтар жобасы әдебиет тарихының алғашқы сүрлеуі есебінде аса бағалы. Абылай заманынан басталатын әдебиетті Мұхтар «Зар заман әдебиеті» деп атайды. Оның пікірінше, зар заман ақындарын сол дәуірдің тарихи жағдайлары туғызған. «Ақтабан шұбырындыдан» басталған қазақ қайғысы кейін орыс патшалығына бағынуға ұласып, «ноқтаға бас иіп, асаудың жуасып, алыптың басылған уақытымен» жалғасады. Отаршылдықтан қысым көрген қалың жұрттың қайғысын ақтарған төлтума дүниелерді Мұхтар Әуезов: «Бұл дәуірдің әдебиеті сол кездегі жұмбақ күнге жеткен елдің алдында тұрған құздан ,алданда тұрған қайғылы күнінен қорқып, қобалжып тұрып, ыңыранып күрсінген күйін көрсетеді. Не болса да артқа қайтар күн жоқ.Өлімге кетсе де алға кететін болған соң артқы бостандық, бірлік күніне қоштасқан мезгілі» деп сипаттама берген екен.[2.240] Зар заман ақындарының шығуын Мұхтар ХIХ ғасырдың орта кезінен бері қарай, Исатай, Махамбет, Кенесарылар қозғалысынан кейінгі кезеңге жатқызады. Бұл кезең мен Абылай заманының арасындағы тарихи байланыстарға лайық әдебиетте де Кенесары жорығының артынан шыққан зар заман ақындары мен Абылай дәуірінде болған ақындардың арасынан сондайлық үзілмейтін жалғастық табады. Ол Абылай дәуіріндегі зар заман ақынын екі топқа бөледі: бірі – келер күннің жұмбағын шешіп беріп, елге өсиет айтатын қария, екіншісі – толғау айтқан жырау. Екеуінің де көпке айтар сөздері өлең күйінде айтылып, тақпақ, толғау болып келеді. Олар – елдің ақылшы кемеңгері, заманның сыншысы, елді меңгерген хан мен бектің ақылшы уәзірі. Қауым тіршілігінде саяси салмағы зор ақындардың аузынан шыққан сөзі де қорғасындай ауыр, оқтай жұмыр, өтімді болған. Мұхтар осы дәуір поэзиясының үлгісі есебінде Асан қайғы мен Бұқар жырау шығармашылығына тоқталады. Асан ел алдына, әдебиет алдына халықтың ендігі күйі «не болады» деген сұрақ қоя білді дейді. Оға мысал ретінде Асанның «мұнан соң қилы – қилы заман болар, заман азып, заң тозып жаман болар. Қарағайдың басына шортан шығып, балалардың дәурені тамам болар» деген жыры мен Жәнібек ханға айтқан сөзін келтіреді. Сол арқылы Асанды «бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің ең шаншулы мәселесін әдебиет жүзінде түсіріп, алғаш рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген ақын ретінде бағалайды. Зар заман ақындарының сары уайымы Асаннан басталады деген қорытынды жасайды. Ал Бұқар шығармашылығынан Мұхтар «әлеумет қамын сөйлеу, мұң – зармен, арманмен сөйлеу» қабілетін көреді. Бұқар Асан қайғының жоғарғы өлеңдеріндегі жұмбағын шешеді, басқа жырларында «қайғы шерін Асан заманының қайғысымен жалғастырады». Мұхтар кітабы ұлттық әдебиеттің даму жолы туралы алғашқы сүрлеу болғандықтан, онда әдебиет тарихына қатысты көптеген деректер, жеке ақындар еңбектері толық бағасын ала қойған жоқ. Оған сол тұста ақындар шығармаларының түгелдей жиналып басылмауы себеп болған. Оны автордың өзі де мойындайды. Оның әдебиет тарихын түгелдей қамтымай, оның сүрлеуін салуды ғана міндетіне алуы осыны байқатады. М. Әуезовтің бүкіл тарихи әдебиетті зар заман сарынына тіреуі де көшпелі өмір кешіп, әрқилы сыртқы күштердің дүмпеуіне ұшыраған елдің мұң – зарын бейнелеуінен туындайды. Алайда отаршылдықтың өзінің әрқилы дәуірді бастан өткізген, әр кезеңдегі халықтық күрес пен езілген елдің арман – үмітінің түрліше ерекшеліктері болғанын ескерсек, бүкіл бір ұлттың әдебиетін тек зар 84 заманға бағындырып қою әдебиеттің өрісін тарылтып жіберетінге ұқсайды деген А.А.Жұмабековаға «Зар заман әдебиеті» атты монографиясында Бауыржан Омарұлы зар заман поэзиясы тек әдебиеттану ғылымының зерттеу обьектісі ретінде ғана емес, әлеуметтік қоғамдық саяси ой ағымы ретінде тарихшылар мен философшыларға да таптырмайтын тақырып екенін көрсеткен. Зар заман құбылысының өте ауқымды екенін және оны пәлсафалық тұрғысынан зерттеу нысанына өзек еткен зерттеушілер Қырғызстанда да, біздің елде де баршылық екенін баса айтқан.[6.7] Осындай қазіргі зерттеушілердің пікірлерінің қарама-қайшылығына қарап-ақ Мұхтар Әуезов туралы зерттеудің енді ғана басталғанын көруге болады. Соған қарамастан, М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы» кітабы қазақ әдебиеті тарихын жүйелеуде, оның тарихи сүрлеуін салуда аса маңызды, тұңғыш еңбек болып табылады. Оның негізгі қағидалары қазақ халқының сыртқы басқыншылық пен отаршылдыққа қарсы күресі тұсында туған әдебиет материалдарына сүйеніп жасалды. Автордың позициясында ел тағдыры, ұлт мүддесі жайында ойлану басым. Бұл айтылғандар М. Әуезовтің қазақ әдебиеттану ғылымының басында тұрып, әдебиет тарихына қатысты алғашқы зерттеулер жасаушы болғанын көрсетеді. Ол еңбектері әлі де өзіндік күшін жойған жоқ. Идеологиялық саясаттың ырқымен кейбір бағалы ойлары көмескі тартқанмен, олар әлі де кейінгі зерттеушілерге ой сала алады. Әдебиет тарихы мәселеріне Мұхтар кейін де айналып соғып отырады. Оның біраз өзекті проблемалары, жеке ақындар шығармашылығын бағалау жайы ғалымның жалпы әдебиеттану туралы ой-пікірлерінде жиі айтылады. Ол қазақ әдебиетінің жасалу ісіне де араласты. Бірақ арнаулы зерттеу жасаған жоқ. Оның зерттеулері, негізінен, ауыз әдебиеті мәселеріне арналды. Содан соң көп уақытын Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеуге жұмсады. Соның өзінде қазақ әдебиеті тарихын жүйелеуде алғашқы еңбектерінің бірі болған. Мұхтардың жоғарыда аталған екі кітабы әдебиет туралы ғылым тарихынан көрнекті орын алады. Сонымен, Мұхтар Әуезовті қазақ әдебиеті тарихын тұңғыш жүйелеп зерделеген — ғалым деп тануымызға әбден болады.

Читайте также:  Коммунизм - қоғамның болашағы

Оставить комментарий