Ленин орденді Қартбай Бекжанов

Гитлердің «Барбаросса» жоспарындағы басты мақсаты Кеңес Одағының бас қаласы Мәскеуді басып алу болса, бұл үшін солтүстіктегі Ленинградты, оңтүстіктегі Сталинградты бағындырып барып, астананы қоршауға алу болатын. Осы мақсатпен немістің негізгі күші соғыстың алғашқы айларында Ленинград пен Мәскеу бағытына жұмылдырылды. Бұған 1940 жылғы фин соғысында жеңіліс тауып, жерінен айырылған Финляндияны Карел мойнағы арқылы ту сыртынан соққы беруге күштеді. Бұл бетте Кеңестің 11, 54, 42 және 23­ армиялары, Балтық Флоты тұрды. Соғыс басталған алғашқы айларда бұл армиялар мен Балтық теңізшілері Ленинград майданына топтастырылып, қолбасшы болып даңқты маршал К.Е.Ворошилов тағайындалды. Соғыс басталмастан бұрын әскерге алынған Сығынды (бұрынғы Тельман колхозы) ауылының тұрғыны Қартбай Бекжанов осы солтүстіктегі әскери құрама сапында қызметін өтеп жүрген. Қысқа мерзімдік дайындық кезінде зеңбіректен атқылаудың шебері атанып, расчет басқару сеніміне иеленді. Сөйтіп 1940 жылдың аяғында фин соғысына қатысып, қар жамылып, мұз жастанған күндерді бастан кешкендердің қатарында Маңғыстаулық Қартбай да бар еді. Фин соғысында жеңіске жетіп, «Маннергейм сызығын» өз үлесіне біраз кеңейтіп алған Кеңес әскерінің басшылығы фин соғысында ерен қайрат көрсеткен жауынгерлерге бір айлық демалыс жариялады. Осындай үздіктер сапында Қартбай Бекжанов та бар еді. Ауылға келісімен әскерге алынбастан бұрын уәде байласып жүрген сүйікті қызына үйленді. Бірақ соғыс қарсаңындағы қарбаласы мол күндер де, жүректері жаңа табысқан жас жұбайлардың қимас қымбат сәттері де зулап өте шықты. Қартбай демалыс мерзімі аяқталысымен әскери бөліміне, шалғайдағы Ленинградқа қайта аттанды. Ауылдастарымен, ағайын ­ туысқандарымен, жас жарымен қимай қоштасып, Баутин айлағынан Астраханға бет түзеген кеме үстінде кете барады… 1941 жылдың көктемінде ұлы ұрыстың жақындығы Ленинград әскери округінде де айқын сезіліп тұр еді. Қартбайды өз бөлімшесіне келісімен фин соғысында ысылған тәжірибелі жауынгер ретінде зеңбірек расчетының командирі етіп тағайындап, бөлімдегі жас жауынгерлерді соғыс ісіне машықтандыруға жұмсады. Күн­түні жоқ қарбалас күндер. Волхов өзені бойындағы ми батпақ ішімен зеңбіректі сүйрелеп, орнықтырудың өзі үлкен күш. Жастайынан Каспийдің асау толқындарымен алысып, кәнігі балықшылармен бірге өмірдің небір қиыншылықтарын көріп шыныққан Қартбай расчетындағы жас жауынгерлерге ауыр соғыс қаруын қолданудың небір айла ­ тәсілдерін үйретіп, оларға өзінің қажыр ­ қайраты мен табандылығын үлгі ете білді. Жаздың сол бір жайсаң түні бейбіт өмірдің ақырғы сәті боларын білген жоқ. Күні бойғы ауыр жаттығулардан әбден қалжырап келгеніне қарамастан Қартбай ауылда қалған жас жарына хат жазуға отырды. Соңғы келген хатында жары жүкті екенін айтқан. Өз ұрпағының өмірге келетінін ойлап, қиялымен туған ауылын, алыстағы Маңғыстауын шарлап кетті. Шаршап келгені естен шыққан. «Шіркін­ай, біздің Маңғыстаудың ауасы да, тіпті азынап соғар желі де жібектей еді­ау. Каспийін айтсаңшы, ақ жарма толқындары Ақтау беттегі жартасты жағалауға соққанда мың­сан тамшылар күн сәулесімен шағылысып, айналасын алуан түске бояп жіберуші еді­ау. Сол теңіз шығымен араласқан дымқыл леп көкірек сарайыңды ашып, көңіліңді көкке өрлетуші еді. Табаныңды жағалаудағы қиыршық құм мен ұлу қабыршақтарына қытықтатып, жүгірген күндер ­ ай… Қайта айналып келер ме екен…» Осылайша қиялымен туған елін шарлап, уақыттың қалай өткенін білмей қалыпты. «Жатып демалмайсың ба?» ­ деген кезекшінің үнінен селк ете түсті.Таң азаннан басталатын жаттығулар ойына оралып, төсегіне жатқан бойда ұйқыға кетті. Жанкешті жаттығулардан қалжырап келген жауынгерге ұйқыдан қымбат не бар? Бірақ… Бұл түн таңғы тәтті ұйқысын әскери дабылмен тәрк етіп үйренген жауынгер түгілі, кең­байтақ Кеңес елінің бейбіт тұрғындары үшін де мына бір бақуат тірлік пен бейқұт өмірді ұзақ уақыт бойы үзіп кеткен мазасыз, қым­қуыт қарбаластарға толы кезеңнің басы болатын. Бейбіт елге тұтқиылдан тиіскен неміс басқыншылары Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі алып аймаққа бір мезгілде шабуылдап, соғыстың алғашқы кезеңінде ­ ақ Кеңес Одағының негізгі өндірістік, әкімшілік орталықтарын иемденуге күш салды. Осындай орталықтың бірі Орыс елінің ежелгі астанасы Ленинград болатын. Бұл қала Бірінші Петр патша заманынан бермен қарай елдің негізгі теңіз қақпасы болумен қатар, елдің тарихи тамыры жатқан, өндірісі мен шаруашылығы қатар дамыған өңір саналатын. Мұны мықтап ескерген неміс басқыншылары соғыстың алғашқы сәтінен бастап ­ ақ Мәскеуге солтүстіктен соққы бере отырып қоршауға алуды ойластырды. 1941 жылдың қыркүйегінде немістер Ленинград түбіне жетіп, Нарва ­ Волхов аралығындағы орманды батпақты аймаққа орналаса бастады. Бұл бағыттағы басқыншылардың «Север» атты армиялар тобы, Манштейннің 56­мехкорпусы Луга, Чудовоға дейін келіп, Ленинградтың орталықпен байланыс жолын кесуге тырысты. Бірақ кеңестік 54­ армияның соққыларынан үлкен шығынға ұшырап, Старая Руссо жағына шегінуге мәжбүр болды. Немістердің әу ­ баста жоспарлап, жаз айларында елдің солтүстік бөлегін, осындағы негізгі орталығы Ленинград қаласын басып алу үміті кесілді. Келіп қалған орыс қысы қоңыржай аймақта өмір сүріп үйренген немістер үшін аса тиімсіз еді. Германияның құрғақтағы әскерлері бас штабының бастығы, генерал ­ полковник Ф.Гальдердің күнделігінде Гитлер «Север» армиялар тобының алғашқы екпінмен Ленинград түбіне тұрақтай алмай кейін серпілуіне қатты ашуланып, әскербасыларын мықтап сыбап алғаны, фон Клюгенің орнына Батыс Еуропа елдерін алуда айрықша белсенділік пен қатыгездік көрсеткен фон Лееб деген генералын тағайындағаны айтылады. Маңғыстау түбегінің бір боздағы Қартбай Бекжановтың батареясы соғыстың алғашқы күндерінен ­ ақ алғы шепте жүрді. Маршал Г.И.Куликтің 54­ армиясы құрамындағы артдивизион қаланың оңтүстік ­ шығыс бетіндегі Мәскеуге тартылған негізгі жол торабы бойындағы қорғаныс шебінде немістің танк дивизиясының тасасымен келген жау әскерлерімен ашық айқасқа түсті. Фельдмаршал Манштейннің оқпандарынан ажал шашқан тажал танкілерінің талайы Қартбай расчетының тегеурініне тап келіп, жер жамбастап қалды. Осындай жан алысып, жан беріскен айқастардың бірінде оқтаушысы да, көздеушісі де оққа ұшып, өзі қолынан жарақат алуына қарамастан зеңбіректі жалғыз өзі іске қосуына тура келді. Танкілерін тасалап, құмырсқаша қаптаған жауды Қартбайдың зеңбірегі біздің шепке жеткізбеді. Ет қызуымен жарақатын ұмытып, жанталаса қимылдап, бар ойы зеңбірегінің үнсіз қалмауын қамдаған Қартбай жаудың кейін серпіліп, қашуына, сөйтіп, дивизияның маңызды қорғаныс шебін сақтап қалуына ойдай ықпал еткенін әскер басшылары анық сезді. Жау әскерінің беті қайтқан кезде шеп бойындағы жауынгерлерін түгендеуге шыққан майдан қолбасшыларының бірі Н.В.Городецкий мен жанындағы санитарлар қазақ жауынгерінің қаһармандық ісіне куәгер болды. Расчеттағы үш жауынгердің екеуі оққа ұшқан. Зеңбірек оқпанын құшып, қансырап жатқан Қартбайды дереу медсанбатқа жөнелтеді. Жауынгердің асқан ерлігіне куәгер болған Н.В.Городецкий расчет командирі, сержант Қ.Бекжановты жоғары наградаға ұсынады. Қартбай Бекжанов Ленинград түбіндегі әскери госпитальда біраз күн жарақатын емдетіп, жарамды халге түскеннен кейін артдивизионына қайтып келді. Күзге қарай немістер Ленинградты жан­жақтан қыспаққа алуға көшті. Қыркүйектің бас кезінде жау біздің негізгі әскери­теңіз базамыз орналасқан Шлиссельбургты басып алды. Нева өзенінен Колпин елді мекеніне дейінгі жерлер жау қолында қалды. Қаланың солтүстігіндегі Карел мойнағында тап беруге әзірленіп фин әскерлері тұрды. Ленин қаласының Үлкен жермен байланысы Ладога көлі мен әуе қатынасына қарап қалды. Қала тұрғындары түгелдей қорғаныс жұмыстарына тартылып, бөгесіндер жасауға кірісті. Осылайша Ленинград блокадасы басталды. Осындай қиын кезеңде Жоғары Бас қолбасшы И.В.Сталин Ленинград майданына әйгілі әскер басшы Г.К.Жуковты жұмсайды. Құрамында белгілі кеңес партия басшылары, әскери қолбасшылар Г.К.Жуков, К.Е.Ворошилов, А.А.Жданов, А.А.Кузнецов, И.И.Федюнинский, адмирал И.С.Исақов бар майдан әскери кеңесі құрылып, Ленинградты жау қолына бермеудің барлық қам­қарекеттерін жасады. 42 және 54­армиялар жаумен бетпе­бет айқасқа түсті. Жауынгерлер бұл айқас ұзаққа созылатынын, жау жағы Ленинградты қайткен күнде де алуды мақсат тұтып отырғанын жақсы түсінді. Қыс түсе немістер де басып алған елді мекендеріне мықтап орналасып, әскерін алдағы айқастарға әзірледі. Қаланы енді артеллиреямен, әуеден бомбалау арқылы талқандауға көшті. Бұл кезде Қартбайлардың дивизиясы да жау іргесіндегі алғы шепке мықтап орналасып алған еді. Өліспей беріспеуге бұйрық бар. Қарға адым жерде Ленинград. Осылайша жау шебінде жатқан Қартбайға қарашаның бас кезінде екі бірдей қуанышты хабар келді. Біріншісі ­ туған жерден: сәбилі болғаны туралы. Қыз балалы болыпты. Жаралы болып, госпитальде жатқан кезінде жарына жазған хатында қыз балалы болсақ, атын Зина қоярсың деген. Бұл алғашқы қан ­ қасап айқаста екі бірдей жауынгер жолдасынан айрылып, өзі қансырап жатқан жерінен медсанбатқа арқалап жеткізген Зина есімді мейірбикесіне деген құрметі. Екіншісі ­ елдің ең жоғары наградасы Ленин орденімен наградталуы туралы. Кеңес үкіметі Ленин қаласын қорғауда ерлік көрсеткен жауынгерлерге осы Ленин орденін беруді дұрыс көрген болар. Әйтпесе, Қартбайдың екі майдан да бірдей көрсетіп жүрген ерлік әрекеттері Кеңес Одағының Батыры атағына әбден лайық болатын. Армия қолбасшылары жау шебінде бел шешпей айқасып жатқан жауынгердің рухының сынбауына айрықша көңіл бөлді. Ерлік әрекеттері қандай қиын жағдайда да марапатта лып тұрды. Қартбайға Ленин орденін майданның штаб бастығы генерал­лейтенант М.С. Хозиннің өзі келіп тапсырды. Дивизия командирі генерал Н.В.Городецкий батарея жауынгерлері алдында Қартбай Бекжановтың ерлігін баян етіп, өзгелерге үлгі етіп көрсетті. Осындай қуанышты сәттер Қартбайдың жігерін өрлетіп жібергені бар. Қазақтың қайсар ұлы Қартбай Бекжанов Ленинград қорғанысы кезінде бұдан басқа да талай ерліктер жасады. Әсіресе Пулково, Урицк түбіндегі айқастарда кәнігі жауынгердің расчеты жаудың әлденеше шабуылдарын тойтарып, қаланың Үлкен жермен байланысын үзбеуге айрықша септігін тигізді. Көктем туысымен жау жағы қалаға шабуылды одан әрмен үдете түсті. Қартбайлардың артдивизионы күндіз­түні бел шешпестен айқасып, зеңбірек зіркілі мен жарылған снарядтар мен бомбалардан жер тітіреп тұрды. Жауынгерлер оқ жастана отырып тамақтанды, окоп түбінде кезектесе мызғып алуды әдетке айналдырды. Қазақта «Батыр бір оқтық» деген мәтел сөз бар. Осындай қан­қасап айқастардың бірінде Қартбай Бекжанов ауыр жарақат алып, ерлерше қаза табады. Қан көйлек жолдастары Қартбайдың қазасына қатты қапаланып, оның зеңбірегін бір сәт те тоқтатпауға бел буды. Немістің тажал танкілеріне өршелене соққы беріп жатты… Бұл 1942 жылдың 25 сәуірі күні Зенино селосы түбіндегі алғы шепте болған еді. Дивизион командирлері ержүрек жауынгердің денесін Ленинград түбіндегі Любань қаласында орталық алаңға жерлеуге ұйғарым жасады. 900 күнге созылған Ленинград блокадасы Кеңес елінің соғыс жылдарындағы ерлік дастанының жарқын парағы болып тарихта қалды. Қазақтың Гомері атанған Жамбыл қарияның «Ленинградтық өрендерім» атты әйгілі жыры майдан даласын шарлап кетті. Осы өлеңнің орысша нұсқасы арнайы листовкаларға басылып, басқа майдандардың жауынгерлеріне де таратылды. Жүз жасаған қарт ақынның жыр­дастаны жау шебіндегі жауынгерлердің рухын жанып, қатігез жауға қарсы талай қаһармандық әрекеттер жасауға үндегені сөзсіз. Қазақтың қаһарман ұлдарының бірі Қартбай Бекжановтың туыстары жерленген жерін іздеп талай есікті тоздырды, әскери архивтерге хат жолдап жатты. Бұл істі әсіресе Батырдың немере інісі Алпамыс Мұсаұлы құнттап қолға алды. Ақыры 2004 жылы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінен мынадай мазмұнда хат келді: «В карточке учета награжденных значится сержант Бекжанов Картбай, 1918 года рождения, командир орудия 54­й отдельной артдивизии, Указом Верховного Совета СССР от 20.11.1941 года награжден орденом Ленина. Сведений о других наградах нет. Основание: фонд 33, опись 682323,д.20,л.8,44. В книге потерь личного состава 54­й отдельной артдивизии за 1941­1945 гг. значится: Бекжанов Картбай, сержант,1918 г.р., 25.04.1942 г. убит в 2,5 км севернее деревни Зенино Ленинградской области. Сержант К.Бекжанов похоронен в братской могиле г. Любань. Основание: опись 285753, д. 5, л. 5. Заведующий архивным отделом МО РК Костенко» Осы хатты алысымен Алпамыс Мұсаұлы мен Батырдың жалғыз қызы Зинаның балалары Талғат, Манап, Қайрат Батырбаевтар атасының қабірі басына баруға жиналды. Жеңіс мерекесінің 60 жылдығы қарсаңында мұның да сәті түсіп, Мұсекең мен Талғат Санк­Петербор қаласына барып, Любань қаласындағы Қартбай Бекжановтың қабірі басында болып қайтты. «Батыр жалғыз, бақ ортақ» дегендей, жерлестері Қартбай Бекжановтың есімін енді ғана танып­біле бастады. Алдағы уақытта Батырдың туған ауылы Сайын селосында көше атын беру, осындағы мектеп ­ лицейде батырды құрметтейтін мұражай жасақтау ісі қамқор қолдарды күтіп тұр.

Читайте также:  ТЫНЫС ДЕМІКПЕСІМЕН АУРҒАН НАУҚАСТАРДАҒЫ РЕПАРАЦИЯ ГЕНДЕРІНІҢ ПОЛИМОРФИЗМІ

Оставить комментарий