Ленин орденді Исатай Сүйеубаев

Маңғыстау Батырларының жұлдызы шоғырларында Сталинград майданының қаһарманы Ленин ордені Исатай Сүйеубаевтың есімі ерекше құрметпен аталады. Исатай 1913 жылы Маңғыстаудың Тиген деген жерінде, 18 ауылда (төл құжатында солай деп жазылған.E.I) туған. Аталары Адайдың Мұңалынан, оның ішінде әйгілі сәулетші­шебер Қара Жүсіп, бергі жағы төңкерістен кейін ревком, полпред сияқты мемлекет қайраткерлері Нұрсұлтан, Сәду Оңғалбаевтар шыққан Жары руының Тоқтамыс тайпасынан. Әкесі Жұмалы, Салман, Сүйеубай деген үш ағайынды адамдар екен. 30­жылдардың бас кезінде ел үшін ұлы дүрмекке ұшырып, қуғын ­ сүргін күшейген тұста Исатай да ауған жұртпен бірге Қарабұғаз асады. Бұл кезде Қарабұғаздағы сульфат өндірісі Одақтық назарға ілігіп, гүрлеп жатқан. Өндіріске Маңғыстау жерінен де жүмысшы күші шақырылып, 700­дей үй көшірілді. Исатай осы өндірісте біраз жыл жұмыс жасайды. Жастайынан еті тірі, тентек соқтау болып өскен Исатай, көз көргендердің айтуына қарағанда, бұл өндірісте жүріп, тіл білмейтін момын қазақтарға әлімжеттік көрсеткен орыс, кавказ ұлтының содырларына білек көрсетіп, қамқор болған. Исатай Қарабұғаз өндірісінің орталығы болған қазіргі Бекдаш қалашығының іргетасын көтеріскендердің бірі. Қара күші мен қайратының үстіне ешнәрседен тайсалмайтын жүректілігі бар жігіт еңбектес жолдастары арасында да, өндіріс басшылары алдында да беделді, қай іске де сайма­ сай белсенділердің бірі болған. Сол жерде түрлі техникалардың тілін меңгеріп, шофёрлық мамандық алады. Соғыс алдында Кетікке келіп, аудандағы жалғыз машинаның рөліне отырады. Ол кезде жақсы ат пен машина басшылардың астында. Исатай сол полуторкамен аупартком хатшысын тасиды. Соғыс басталып, ер­азамат майданға аттанып жатқан шақта Исатай да еріктілер сапында болады, майданға сұранады. Бірақ, қолында билігі бар аудан басшысы машина білетін жалғыз шофёрынан айырғысы жоқ еді. Әскери комиссарға беделін салып, Исатайға бронь алып береді. Соғыс жылдарындағы қаурыт жұмыстарға машина да ауадай қажет еді ол кезде. Исатай соғысқа 1942 жылы жазда аттанады. Оның соғысқа кету тарихы да ел ішінде аңыз боп айтылып жүр. …Тылдағы қауырт шаруамен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Исатайдың машинасымен Таушыққа бармақ болады. Бұл бастыққа Исатай бұрын да ұрда­жық мінезімен ұнамай жүрген. Жолда екеуі әлденеге керілдесіп қалады. Бастық сыйлап, жалпаңдайтын Исекең бе? Оңтайы келгенде машинасын бірінші жылдамдыққа салып жіберіп, жарлауыт жерден төмен қарай қоя береді де, өзі кабинадан секіріп түсіп қалады. Рөлдегі шофері жоқ машина салдыр­күлдір етіп, жыра ­ жықпылға соғып, сайдың жиегіне барып тоқтайды. Абырой болғанда аударылмай қалған. Зәре­құты қашып, пұшайман болған басшы, Исатайға жалынатын жағдайы жоқ, Таушыққа жаяу тартады. Күн ыстық. Шөлден өлер шақта ел қарасына ілігіп, жан сақтайды, әйтеуір. Артынан жаман машинасын айдап Исатай да келеді. Бастықпен жаманаттасқан адамның жағдайы белгілі: соғыс кезіндегі қатаң тәртіппен соттап жібереді, мейірімі түссе соғысқа айдайды. Соңғысы Исатайдың өзі сұранып қолы жетпей жүрген жазасы. Екінші басшы Исатайдың бұл тентектігін көтермейді, әрине. Соғыс тәртібімен сотқа беруге қамданады. Болған оқиғаны аупарткомның бірінші хатшысы да естіп, Исатайдың жын соққандай ожарлығын жазбай танып, іштей күліп те алады. Исатай Төребай деген ағасының ақылымен соғысқа сұранып, кешікпей аттанып та кетеді. Оларды Астрахань арқылы Сталинград майданына жіберді. Бұл кез Сталинград түбегіндегі шайқастардың қызған шағы еді Неміс басқыншылары ел астанасы Москваны ала алмай, ендігі күш Лининград пен Сталинградка салған кез. Жаудың ойы елді негізгі тылдан бөліп алып, буындырмақ. Міне, Сталинградқа төнген қиын ­ қыстау кезеңде келген Исатайлар көп ырғалып­жырғалып жатпай­ақ қан ­ сорпаға қойып кеткен. Сталинградты қоршауға алған фельдмаршал Паулюстің әскері айлар бойы ашық айқасқа түсіп, ақыры қаланы ала алмай, сырт жағынан біздің әскер қысқан шақта есі кеткен жау шегінетін де жер таппай екі оттың ортасына түскені соғыс тарихында тәптештей жазылған. Осындай бетпе­бет шайқастың бірінде Исатай Сүйеубаев көзсіз ерлік көрсетіп, дүйім жұрттың ауызын ілігеді. …Исатайдың взводы бір шайқаста немістің жаяу әскерімен қоян ­ қолтық араласып, қолма­ қол төбелеске дейін барған. Бастапқыда жалғыз танкінің тасасын пайдаланып жүре соғысқан Исатайлар қызды ­ қыздымен неміс ротасының ортасынан бір шыққанын білмей де қалған. «Ұрыста тұрыс жоқ», енді шегінетін жер қалмағанын сезген Исатайлардың взводы қолма­қол айқасқа түскен. Осы айқаста қазақтың қаһарман ұлы көзсіз ерлік көрсетіп, бір өзі 350 немісті жайратып салып, көзіне түскен жауды оңды­солды жайпай берген. Взводындағы жолдастары да, жау жағы да баудай түсіп өлгені, жаралысы бар, ұрыс даласында бір өзі қалады. Траншея түбіне тығылған жаудың 6­7 офицерін тайсалмай барып тұтқындап, деревня шетіндегі сарайға қамап тастайды. Ұрыс болған жерге батальон, полк командирлері келген сәтте біздің Исатай есі кіресілі­шығасылы халде, неміс офицерлерін қамаған сарай алдында жатса керек. Сол шайқаста тірі қалған 4­5 жолдасы Исатайдың көзсіз ерлігі жайында жаудың бүкіл бір ротасын бір өзі қырып салғанын әңгімелеп береді. Майдан қолбасшысы Чистяковтың өзі мұндай ерлік тек қана «Совет Одағының Батыры» деген ең жоғары наградаға лайық деп бағалайды. Бірақ сол соғыстың сұрапыл жылдарында да бұл жоғары наградаға қимастық жасайтын күйрек пейілдер болғанын бүгінгі тарих жасыра алмайды. Исатай Сүйеубаевқа ұсынылған жоғары награда жанындағы басқа бір қазақ жігітіне бұйырған. Ал оған Ленин ордені беріліпті. Бүкіл 21­армияда Ленин орденін алған жалғыз адам осы Исатай екен. Оны армия қолбасшысы Чистяков та, 293­диыизияның командирі Якшин де мойындайды. Осы ерлік әрекет көп кешікпей майдандық газеттердің басты тақырыбына айналады. Исатайдың ерлігі жайында орыс тілінде журналист Леонид Канцельсонның очеркі арнайы бетше болып бүкіл майданға таратылады. Исатайдың майдан даласындағы ерліктерінің бізге ресми қағазға түскен бір көрінісі ғана. Әйтпесе майдандас жолдастары, ерлік әрекеттерін көзімен көргендер маңғыстаулықтар ер ұланның талай көзсіз батырлыққа барған сәттерін әлі күнге айтып, елге аңыз ғып таратып жүр. МАҢҒЫСТАУ БАТЫРЛАРЫ Сол шайқастан соң араға ай салып Исатай Сүйеубаевқа Ленин ордені тапсырылады. Орденді Сталинград майданының қолбасшысы, армия генералы Чистяковтың өзі тапсырады және осындай ерлік әрекеттері үшін бір ай мерзімге еліне барып қайтуға демалыс жариялайды. Жауынгерлік наградалардың ең жоғарғыларының бірі ­ Ленин орденін омырауға таққан Исатай туған жеріне, аулына командармның бұйрығымен арнайы ұшақпен келген. Аудан басшылары, ауыл­аймағы Батырды зор қошеметпен қарсы алады. Батырды қарсы алуға арналған салтанатқа халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов та келіп, «Ер Исатай» деген дастанын ел алдында айтып береді. Исатай елінде бір айдан аунап­қунап анасы Күнжанды қуанышқа кенелтіп, майданға қайта аттанады. Бұл кезде Сталинград жаудан азат етіліп, біздің әскер жауды түре қуып бара жатқан еді. Исатай Сүйеубаев майдан жолын шығыс Пруссия жерінде аяқтап, аман­есен елге оралады. Омырауына тағы да бірнеше ордендер мен медалдар тағынған Батырды ел­жұрты қуанышпен қарсы алады. Елге келген соң соғыс зардаптарынан әбден қалжырап ауылдастарынан көмектесіп, колхоз шаруасына араласады, колхоздағы машина­трактор стансасын жолға қойып, Таушықтағы көмір өндірісінде техникаларды жөндеуші болып қызмет атқарады. Кейін Таушық көмірін Сарытастағы айлаққа тар табанды вагоннеткалар арқылы таситын тепловоз жүргізушісі болады. Қай іске де табанды, қайрат ­ қажыры асып­төгілген алпамсадай жігіт бұл жұмыста да көзге түсіп, ел ­ жұртының ықыласына бөленеді. Көмір өндірісіндегі осындай еңбектерін ескеріп, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Исатайға арнайы Қызыл Ту мен 100 мың сом сыйақы береді. Осыншалық көп ақша алған есіл ер анасы Күнжаннан қалған жадағай үйін түзеп, шаңырақ тіктеуді ойлайды. Осы ойымен Астраханнан ағаш үй сатып әкелуге жиналады. Форт – Шевченко қаласынан күн құрғатпай қатынап тұрған кемелердің біріне мініп, Астраханға келген Исатай жанындағы жолдастарымен бірге Володар ауданынан бес ағаш үй сатып алады. Оларды бері қатынайтын кемеге жүктеп елге қайтар кезде Исатай қапияда қаза табады. Осы кемеге мініп Фортқа келмек болған екі орыс жігітімен әлденеге керілдесіп қалған Исатай олардың ойында жымысқы әрекет барып білмейді. «Батыр аңғал» деген сол. Кеме ашық теңізге шыққан кезде әлгі жігіттер Исатайға қайыра тиісіп, ақыры оны зордың күшімен суға лақтырады. Исатай да жастығын ала өлетін жігіт қой, әлгінің біреуін өзімен қоса ала кетеді. Екеуі ашық теңіз айдынында айқасып, ақыры бірін­бірі суға батырып екеуі де қаза табады. Олардың денесін Астрахандық балықшылар тауып, сол жерге белгісіз адамдар деп жерлейді. Бұл 1947 жылдың 16 қыркүйегі күні болған оқиға еді. Кейін Исатаймен төбелескен орыстың бірі ұсталып, түрмеге отырып шығады. Кемеде болғандардың айтуымен Исатайдың мүрдесін іздеп барған тумаластары қабірін тауып, белгі салып кетеді. Сонымен Маңғыстаулық ер ұланның сүйегі алыстағы Астрахань жерінде жатқан еді. Еліміз тәуелсіздігін алған ереулі тұста, 1993 жылы інілері Нұрбек, Шаншарбек, Тұрар деген азаматтар Исатайдың басына барып, оның мүрдесін туған топырағына алып келіп, Тигендегі анасы Күнжанның қасына қояды. Басына күнбезді там орнатып, атын ел ­ жұрты ескеріп жүрерліктей ескерткіш тақта, құлыптас орнатады. Міне Ұлы Отан соғысында көзсіз ерлік көрсеткен Исатай Сүйеубаевтың талайлы тағдыры осындай.

Читайте также:  Намыс буған ұл

Оставить комментарий