Әлеуметтану теорияларын қолдану туралы

Әлеуметтану және саяси экономия бойынша жұмыс атқаратын зерттеушінің, әдетте, өзі бағдар тұтатын және қорғауға бел байлаған кейбір практикалық ұстанымдары болады. Мен мұнан жазғыратын ештеңе көріп тұрған жоқпын, бірақ оқырманға ескертейін дегенім, бүл менің жолым емес. Сондай­ақ баяндаудың мұндай мәнері, автор сөзін көбіне олардың тіндік мағынасынан тыс түсіне бастауға жетелейтінін ескерте кетуді де қажет деп санаймын. Мәселен, егер әлдебір автор А теориялық жүйесіндегі жекелеген қателерді көрсетсе, оны осы жүйенің қарсыластарының қатарына қосады, кейде тіпті А теориялық жүйесіне қарама­қарсы В жүйесінің жақтасы деп ойлайды. Мәселен, айталық, жалпыға бірдей сайлау құқығы жүйесіндегі кемшіліктерді байқаған адамды сайлау құқығын шектеуді жақтайтын адам деп күдіктенеді; демократияның кем­кетігі туралы жазғанды биліктің аристократиялық жүйесінің қолшоқпары деп ойлайды; ал монархияның жекелеген абзал жақтарын атап өтсең, сөз жоқ республиканың жауы деп қабылдауы мүмкін және керісінше. Бұл орайда сипаттағы кез­келген пікірге неғұрлым жалпы мағына беріледі. Осы тұрғыдағы операциялар әрдайым өрескел бола бермейді, кейде, белгілі бір мөлшерде олар орынды болады, өйткені автор көбіне тура пошымда жеткізгенінен көбірек нәрсені меңзейді. Бірақ көркем әдебиет үшін құптайтын бұл сипат, ғылым үшін орынды бола бермейді. Сондықтан да мен бұл жердегі барлық ойлардың тура мағынасынан басқа ешқандай астары жоқ екенін, олар неғұрлым кең мағынада түсінілмеуге тиіс екенін ескерткім келеді. Мен зерттеуде өткен тарих фактыларын қарастырумен иеліктен шектелмей, өз заманымыздың фактыларына жүгінетінімді қысқаша түсіндіре кету керек. Өткеннің фактыларының құндылығы ерекше, тіпті өте зор екені даусыз, өйткені біз оларды неғұрлым байыпты, неғұрлым әділ, бір жақты, өз сезімдерімізге кереғар келе бермей қарастыра аламыз. Бірақ, бұл фактыларды біз жеткілікті білмейтін болсақ оларға жүгіну елеулі қиындықтар туғызып, жаңсақтықтарға жетелейді. Сонда олардың зор құндылығы нақты болудан гөрі көбіне алдамшы болып шығады. Мұның үстіне, біз кейде өткенге қазіргі сезімдерімізді таңуға бейімдеуміз. Мәселен, герман империясының қызу жақтасы болып табылатын фанатик неміс тарихшысын мысалға алсақ, ол біреудің Цезарь немесе Август туралы жаман пікір айтуына қарсы өре түрегеледі, мол сияқты қазіргі біздің демократ Аристофан туралы жаман пікір айтқызбайды.

Енді біз зерттеу тақырыбымызға жақындайық. Әуелі фактылардан шығарылған кейбір әлеуметтану теорияларын талқылаймыз: оларды, фактыларға жүгіне отырып, дедукция әдісімен қайта тексереміз. Яғни, біз фактылардан идеяға, одан кейін идеядан фактыға оралатын Клод Бернар ұсынған жолмен жүреміз. Бүл арада оқырман екінші белеспен ғана таныса алады, өйткені бірінші белесті қарастыру тым көп орын алады. Соның бәрі менің «Әлеуметтану туралы трактатымда» баяндалады. Мен оны аяқтап, жариялай аламын ғой деп үміттенемін. Ал әзірше аталмыш заңдар азды­көпті қолдануға болатын гипотезалар ретінде ұсынылады да, біз олардың көмегімен фактыларды түсіндіруге болар­болмасын қараймыз. Адамдардың қарекетінің көпшілігі қисынды ойланудың емес, сезімнің ықпалымен жасалады. Бұл әсіресе экономикалық емес мақсаттар көзделетін қарекеттерге қатысты. Қарама­қарсы картинаны біз экономикалық сипаттағы қарекеттерден, әсіресе, коммерция және ірі өндіріс саласынан байқаймыз. Адамды қарекетке қисынсыз себептер итермелегенімен, ол өз қарекетін қиыстырып түсіндіруді және сол қарекетін ақтау үшін a posteriori ойлап табылған белгілі бір принциптермен байланыстырғанды ұнатады. Осылайша, іс жүзінде В себебінің салдары ретінде көрінетін А әрекеті, сол әрекетті жасаған адамның ойында, көбіне алдамшы С себебі ықпалының нәтижесі болып көрінеді. Осындай жолмен басқа адамдарды алжастыратын адам, әуелі өзі алданған және кейін басқаларды өзі иландыра бастаған нәрсеге кәміл сеніп қалған. Осыдан мынадай қорытынды жасауға болады: кез­келген әлеуметтанушылық құбылыс едәуір өзгешеленетін, кейде тіпті мүлдем ұқсамайтын екі пошымда көрініс береді, олар ­ нақты объектілердің қатынасын анықтайтын объективті пошым және психикалық ахуалдар арасындағы қатынасты айқындайтын субъективті пошым. Алдымызда қисық айна түр деп ойлайық. Ол бұйымдарды бұрмаланған пошымда көрсетеді: іс жүзінде түзу нәрсе қисық, ұсақ нәрсе үлкен және керісінше болып шығады. Бізге тарихтан және олардың замандастарының айғақтарынан белгілі объективті құбылыстар адам санасында шамамен солай көрінеді. Сондықтан, егер біз объективті құбылысты танып­білгіміз келсе, субъективті айғақтардан объективтілікке көшуге талпынуымыз керек.

Тарихи сынның міндеті шындап келгенде осындай, ол деректерді материалдық сынаудан коп ілгерілеп, адам психикасының ерекшеліктерін ескереді. Парсылардың басып кіруінен қауіптеніп, афиналықтар Дельфа көріпкеліне сұрақ қойып, Зевс сыйлаған ағаш қабырғалар ғана сендерді аман алып қалады деген жауап алған соң, олар бүкіл флотын жинап, парсыларды Саламин бұғазындағы шайқаста жеңіп шықты. Сол оқиғалар сол заманның көптеген адамдарына солай көрінді және Геродот та оларды осылай баяндады. Бірақ олардың объективті пошымы мүлдем өзгеше болғаны айдан анық. Бүгін де Аполлонға, Тритогениялық Афинаға немесе тіпті Зевске әлі де сенетіндердің бар екендігі дүдамал, сондықтан да Саламиндегі жеңістің өзге, нақты себептерін іздестіруге тура келеді. Расын айтқанда, оны Фемистокл дайындап, афиналықтарды қала қазынасынан флот мұқтажы үшін ақша бөлуге кендірді. Бірақ, Геродот осы эпизод туралы баяндай отырып, оны нақты себеп ретінде ескермейтініне назар аударайық. Оның ойынша, афиналықтардың оз флотын жауынгерлік дайындыққа келтіріп үлгеру фактысы кездейсоқ жағдайлармен байланысты. Олардың көріпкелдің айтқанын істеуі керек еді, бірақ, Геродоттың айтуынша, Аполлонның жауабының шын мағынасы туралы афиналықтардың пікірі әртүрлі болды. Олардың бірі ағаш қабырғалар дегенді жартастар деп түсіну керек десе, басқалары, керісінше, құдайдың ишарасы флот деген пікірде болды деді, ал Фемистоклдың өзі, Геродоттың айтуынша, көріпкел сөзін тура мағынасында түсіну керек деп отырып алды. Нақты және субъективті құбылыстар арасындағы кереғарлық коп жағдайда осылай көрінеді. Тек осы екі құбылысты және олардың қалай үйлесетінін зерттеу жеткіліксіз. Біздің алдымыздан нақты құбылыс субъективті құбылыстың өзгеруіне қалай ықпал ететінін және керісінше субъективті құбылыстың өзгеруі нақты құбылысқа қалай әсер ететінін танып­ білуден тұратын тағы бір мәселе көлденеңдейді. Дарвинизм бұл сұраққа тым қарадүрсін жауап береді. Ол, өкінішке қарай, ішінара ғана дұрыс. Бұл доктринаға сәйкес, егер сәйкес келмейтін индивидтерді шығарып тастаса, объективті және субъективті құбылыстардың сәйкестігіне қол жеткізуге болады. Бұл екі арада егер біз осы тәрізді шығарып тастауды (элиминацияны) жоғарыда қарастырылған мысалда жасасақ, афиналықтардың көріпкел сөздерін тәпсірлеудің бірін екіншісінен неліктен артық көргендігін және Фемистокл бір тәпсірді табандап жақтағанда сол болжалға шын сенді ме ­ біз мұны ешқашан біле алмаймыз.

Егер бүгіндері осындай бірдеңе бола қалса, болжалға шексіз сенім де, абсолютті сенімсіздік те байқалмас еді; ал егер сонау бір заманда адамдар біздің замандастарымыз сияқты ойласа, онда олар нақты себеп, атап айтқанда, афиналықтардың парсылардан теңіздегі басымдығы Фемистоклға, оның өзі мұны сезінбесе де, өз ықпалын тигізді, сөйтіп алдымен өзін, одан соң басқаларды да Құдай флоттың маңыздылығын меңзейтініне сендіре алды деп ұйғарар еді. Қарастырылған мысал, бәлкім, біреулерге сәтсіздеу және тым айқын болып көрінер. Осылай деп санайтындардың, өзге, неғұрлым жаңа, сипаты жағынан соған ұқсас мысалды көргісі келетіні анық. Біз олардан мынаны сұраймыз: Францияда «1789 жылдың мәңгілік принциптеріне» және «республиканы қорғау» ісіне крест қойылғанда, ал бірқатар елдерде «даңқты монархияны қорғау» ісі ұмытыла бастағанда, сол тарихшылар көріпкел сөзін өзінше тәпсірлеген Фемистокл секілді нақты себептерді байқамай, ойдан шығарылған себептерін ұсына бастамап па еді? Жығылып жатып сүрінгенге күледі деген рас, бағзы соқыр сенімдерге күлетіндер көбіне осы заманғы соқыр сенімдердің қармағына түседі де, осынысымен ежелгі заманда өмір сүргендерден озып кете қоймайды. Енді біз кемірек зерттелген мәселелерді қарастыруға көшеміз де, баяндау барысында бұрын зерттелген мәселелерге қайтып оралып отырамыз. Шынын айтқанда жеке жағдайдан, жалпы қозғалыстың өзгеріп отыруы жөнінде Спенсер ашқан ырғақтылық заңының бір көрінісінен басқа түк те емес экономикалық дағдарыстар біздің заманда, ең алдымен Джевонс пен Клеман Юглардың еңбектерінде ерекше егжей­ тегжейлі талданды. Менің «Cour’s d’Economie politique» атты кітабымда осынау циклдар психологиялық ырғақтың көптеген көріністерінің бірінен басқа түк те емес деген көзқарас айтылған және оның дұрыстығына мені ең жаңа зерттеулер мәліметтері сендіреді. Мұндай ырғақты мен басқа өрістерден де байқаймын: моральда, дінде және саясатта экономикалық тербелістерге абсолютті ұқсас тербелістер байқалады. Бұл ырғақтар тарихшылардың назарынан тыс қалған жоқ, алайда олар болмыстан анық алшақ циклдар теориясын қоспағанда, бұл тербелістерді ырғақты қозғалыстың бір көрінісі ретінде қарастыруға талпынбады, тек кейде ғана олар белгілі бір сәйкестіктерді атап көрсетеді. Рим тарихын жақсы білетіндер білімді таптар санасындағы тербелістерді байқамай тұра алмайды. Республиканың соңы мен жаңа дәуірдің бірінші ғасырында өздерін ерекшелеген сенбеушілік пен скепсистен олар империяның соңғы кезеңінде байқалған жоқтан өзгеге сене беруге көшті.

Кейіннен христиандыққа айналған діни ағым терең өзгерістерге ұшырап жеңіске жетті, басқалардан қабылдау және бүкіл антик дүниеге таралудан бұрын бәсекелес доктриналардың принциптерінен бірталай нәрсе алып, бойына сіңірді. Мәжуси авторларда христиандық максималар мен христиандық идеялардың жиі кездесетіндігі соншалық, бұл Сенека мен Әулие апостол Павелдің сезімдерінің жақындығын түсіндіретін ықтимал байланыс туралы ойға жетелейді. Ренан христианшылдықтың сол кезде көрінген діни сезімдердің көптеген пошымдарының бірі ғана екендігін коре білді. Сол заман тарихын христиандықтың және өзге діндер мен ілімдердің арасындағы күрес ретінде қарастыруға біздің әдеттеніп кеткеніміз соншалық, олардың бәрін бір­бірінен өзгеше деп санаймыз да, егер христиандықтың орнына Митра культі немесе шығыстың басқа бір культі яки мәжусилік қайта гүлденсе, қазіргі тарих мүлдем басқаша болар еді деп елестетеміз. Алайда мұның бәрі дұрыс емес. Сол кезде жалғыз себеп ­ өсе түскен діни сезім – Х тудырған А, В, С,… культтері мен секталарының арасында шынында да қатты күрес жүріп жатты. Және бүл арада негізгі фактор нақ Х, ал А, В, С,… туынды нәрселер болып шығады. Олардың жалпы ешқандай маңызы жоқ деуге болмайды, өйткені негізгі феноменнің өзгеруіне олардың да біршама ықпалы болды, бірақ алдыңғы орынға екінші орындағы нәрсені шығару қате болар еді. Д’Орбиньи Боливия туралы әңгімелей отырып, былай деп жазады: «Аңғарға кірер барлық жолдардың бойынан және төбелердің үстінен мен әртүрлі өлшемдегі тастардан қаланған төбешіктерді көрдім, олардың үстінде әдетте крест тұрады… Кейінірек мен Боливия республикасының үндістер мекендейтін барлық аймақтарында осындай жерлердің ұшырасатындығын көзіммен көрдім. Олар apachectas еді. Мұндай тас төбешіктер испандықтар келерден көп бұрын пайда болған. Оларды кедейлер тұрғызған. Олар, төбе бөктерімен қинала­қинала өрлегенде, Пахакамакаға ­ барлық заттардың бастауы болып табылатын, көзге көрінбейтін құдайға шыңға көтерілуге қуат бергені үшін алғыс айтпақ болатын.

Олар одан жолды жалғастыру үшін тағы да күш­қуат беруін сұрайтын. Олар онда біраз уақыт кідіріп, өздері үшін ең құнды бірнеше кока жапырағын тас үйіндісінде қалдыратын, ал егер ол болмаса, тас үйіндісінің үстіне қою үшін жақын жерден тас іздейтін. Сол уақыттан бері ештеңе өзгерген жоқ: тек кедейлер енді Пахакамакаға алғыс айтпайтыны болмаса. Оның орнын христиан құдайы басты және оның рәмізі крест». Маури жазғандай, «Сицилияда Церера мен Венераның барлық храмдарына Құдай­ана өз үстемдігін орнатты, сөйтіп мәлсусилік ғұрыптар ішінара соған арналатын болды». Барлық осындай жағдайларда біздің әртүрлі пошымда көрініс беретін бір ортақ сезімді байқайтынымыз, ал бүл пошымдардың өзі сезім жөнінен алғанда туынды сәт ретінде көрінетіні айқын бола түседі. «Жұрт, ­ деп жалғастырады Маури, ­ «әулие бұлаққа, осыған дейін құдайларына тартатын сыйлықтарын тарту ете берді». Демек, бұл жағдайда неғұрлым маңызды фактор адамдардың өздеріне бұлақтың шарапат тигізуін қалайтын сезімі ме яки сол сезімнің белгілі бір әулиеге немесе белгілі бір құдайға жалбарыну пошымындағы көрінісі ме? Мұндай сұраққа жауап беру оңай. Құдай сынды тіршілік иесінің араласуы көзді сауықтыруға көмегі тиеді деген сенім бастапқы фактор болып табылады, ал емдік ықпал кімге тиесілі: Эскулапқа ма, әлде Әулие Лючияға ма – бұл екінші фактор. Христиан Құдайына жалбарыну мәжусилік құрбандықты алмастырды, бірақ басты нәрсе ­ құдайға жалбарынудың киелі күшіне сенім қала береді. Осы культтердің алғашқысын екіншісінен бастау алады деп көрсету әдепсіздік болар еді. Ақиқатқа жақынырағы мынаны атап өту: осы екі сенімнің бір ортақ қайнар көзі ­ адам сезімінде, оз күшінің жетіспеуі адамды тылсым күштерден көмек сұрауға мәжбүр етеді. Енді біз көріп отырғанымыздай, А сектасының В, С, … секталарын жеңуі, көбіне­көп мазмұн бойынша жеңіс емес, пошым бойынша жеңіс болып шығады. Лукиан идеяларының пайғамбар Александрды жақтаушылар көзқарасынан айырмашылығының принципті сипаты болды, егер сол кезде адамдар бұқарасы Лукиан тұжырымдамасының ықпалында кетсе, Еуропа тарихы қазіргіден мүлдем басқаша болар еді.

Ал Александр мүридтерінің көзқарасы мен басқа пайғамбарлар мүридтерінің көзқарасындағы айырмашылықтарға келсек, олар түгел болмаса да толық дерлік пошым мәселесі болатын, сондықтан пайғамбарлардың қайсысы жеңгеніне қарамастан тарих ешқандай өзгерістерге ұшырамас еді; мұның үстіне жеңімпаз пошым жағынан да жеңілгендерге есе беруге мәжбүр еді. Бұл арада, тарихтың материалистік тәпсірі кесіп айтатындай, қайнар көзі экономикалық жағдай болып табылатын қуатты идеялық қозғалыстардың, сондай­ақ ондай жағдайдан туындамайтын қозғалыстардың қалай туып, күшке ие болатынын, әртүрлі қозғалыстардың өзара қалай күресетінін зерттеп жатуға орын жоқ. Барлық мәселелерді бірден шешу ниеті ­ шындап келгенде, ғылыми әдіс емес. Керісінше, оларды біртіндеп шешу керек. Әзірше барлық осындай ағымдар мен қозғалыстардың бар екендігін біз мойындаймыз да, бірақ басқа уақытта және басқа еңбектерімізде бүл проблемаларды міндетті түрде қарастырамыз. Жұрт бұл қозғалыстарға әдетте байыпсыз тартылады және жоғарыда атап өтілгеніндей, еріксіз жасалған қарекетті саналы акт, қисынсыз қылықты қисынды қылық ретінде көрсетуге тырысады. Олар осы орайда қайдағы бір себептерді іздей бастап, сол арқылы өзінің қарекетінің шын себептері жөнінде өздерін де, өзгелерді де адастырады. А, В, … секталарының арасындағы болмашы ілік бойынша басталып кететін даулар көбіне­көп шатпырақ мылжыңға және мысалға, византиялық кезеңдегі христиан секталары арасындағы дауды зерттеймін деген адам ақыр соңында өзін жындылар үйіне тап болғандай сезінгеніне айналып кетеді. Пошымдар туралы бүл дауларда қандай да бір маңызды мәселе ұшыраса қалған күнде де, Монтескьёнің теологиялық кітаптарға қатысты айтқаны еске түседі: «Талқылау пәні жөнінде де, талқылау мәнері жөнінде де ­қабаттасқан бәдік». Кейбір француз «ұлтшылдарының» сөздерін оқығанда, олардың есі дұрыс екендігіне күмәнмен қарай бастайсың, алайда олардың таптаурын сөздерінің ту сыртында дегенмен принципті маңызы бар елеулі мәселе тығылып жатыр, өйткені Францияда социализмге қарсылық ие болған бірден­бір пошым «ұлтшылдық». Тіпті дау байыпты болғанның өзінде, келтірілген уәждер істің мәнісіне қатысты болатыны сирек кездеседі. Францияда 1789 жылғы революция қарсаңында «адамгершілік» туралы, «сезім» туралы, «бауырластық» туралы бітпейтін пікірталастар орын алды, ал шындығында якобишілдер баскесерлігі мен тонаушылығына дайындық жүріп жатты. Қазір осы ғаламат ойындар қайта басталды да, біздің буржуазия «ынтымақ» туралы сыпайы сөздерімен, өздерін апатқа жетелейтін қасіреттерді дайындауда.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar