ӘЛИХАН НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ БӨКЕЙХАН ӨМІРБАЯНЫ

1917 жылы 5­13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен екінші жалпықазақ съезі Алаш автономиясы аталатын мемлекеттік құрылым үшін күресетіндігін мәлімдеп, оның үкіметін сайлады. Әлемнің алтыншы бөлігін алып жатқан Ресей империясы көлемінде бұл аса зор оқиға болмағанымен, отарлық езгідегі қазақ қоғамы үшін оның тарихи маңызы ерекше­тін. Өйткені бұл қабылданған шешімдер қазақ елінің ХVІІІ ғасырдан бері өз бостандығы мен теңдігі үшін патшалық билікке қарсы жүргізген азапты күресінің қорытындысын айғақтайтын оқиға еді. Тарих сахнасына Алашорда — Халық Кеңесі ­ үкіметін алып келген жалпыұлттық қозғалыстың басында ұлт зиялылары тұрды. Олардың ортақ түсінігі бойынша, отарлық езгі мен феодалдық мешеулік жағдайында аяқ асты болған ұлттық мүддені қорғап, қазақ елін өркениетті елдер қатарына алып шыға алатын жалқы жол ұлттық мемлекеттік құрылымның болуы еді. Қазақ ұлт­азаттық қозғалысының басшылары осындай батыл қорытындыға келе отырып, қателесті ме? Кеңестік билік жағдайында жүріп өткен қайшылықты тарихи жолымыз көрсетіп бергендей, қазақ саяси элитасы ұлттық мемлекеттік құру жолын таңдай отырып, қателескен жоқ­тын. Өйткені ұлттық қанау мен ұлттық теңсіздік болған жерде езілген елдердің табиғи талаптары мен мүддесін қорғайтын саяси институттарға сұраныс та қалыптаспақ. Ал осы негізде пайда болған мемлекеттік жүйенің саналы түрде жалпыұлттық мұраттарға қол жеткізуді көздейтін шараларды іске асыруы да толық табиғи нәрсе. Бұл тәуелсіз мемлекеттік даму жолына түскен елдердің бәрінде орын алған жағдай. Осы тұрғыдан алғанда, әрине, Алашорданың өмірге келуі тарихи қажеттіліктен туған құбылыс еді. Бірақ қазақ ұлт азаттық қозғалысы қайраткерлерінің бұл әрекеті ескі Ресейдің тұтастығын көксейтін ақ казактар мен патша генералдарына да, жаңа тоталитарлық жүйені орнатушы большевиктерге де ұнай қойған жоқ. Егер алғашқылары Алаш зиялыларын «тұтас және бөлінбейтін» Ресейді бөлшектеу ұстанымындағы жікшілдер ретінде қараса, соңғылары «буржуазиялық ұлтшылдар», «ұлтшыл­ауытқушылар» ретінде қуғынға алды. Ұлттық саясатта, түптеп келгенде, ұлыдержавалық, империялық мақсатты көздеген Ресейдегі бұл екі саяси жүйе де ұлттық мемлекеттік идеядан қорықты. Сондықтан да кеңестік билік тұсында біз қазақ ұлт азаттық қозғалысы қайраткерлерінің өмір жолымен, олардың артында қалдырған шығармашылық мұрасымен танысу мүмкіндігінен айырылдық. Азаттық қозғалыс тарихында сондай терең із қалдырған тұлғалардың бірі — Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан. Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының жетінші ауылында өмірге келген. Қазіргі әкімшілік­аймақтық бөлініс бойынша бұл елді мекен Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы, «Даратал» совхозына қарайды. Әлиханның әкесі Нұрмұхамед, анасы Бегімханым оқу­білімге жақын, парасатты адамдар болған. Әлиханның үлкен атасы ­ Бөкей ­ атақты Көкжал Барақ сұлтанның ұлы. 1816 жылы бес мейрам — арғын Уәли билігін мойындамай, Орта жүзде екінші хандық құрады. Хан етіп сексеннен асқан қарт Бөкейді сайлайды. Бөкейдің тоғыз ұлының бірі — Батыр сұлтан. Батырдың ұлдары ­ Мырзатай мен Рүстем. Мырзатайдан Нұрмұхамед туады. Бөкейден соң Қарқаралы дуанының билігі немересі Жамантайға ауысқан. Жамантай мен Рүстем, Мырзатайлардың арасында әскер және ел билеу ісіне байланысты басараздық болып, соның нәтижесінде, Рүстем мен Мырзатай Қаратау жаққа ығысқан. Бірақ олар көп ұзамай қайта оралып, Кенесары қозғалысына атсалысады. Әлихан Бөкейханның қайраткер ретінде қалыптасуының екі рухани негіздерін бөліп айту артық емес. Біріншіден, Әлихан еркіндік пен теңдікті жоғары бағалаған ортада өсті. Оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына халықтың бай ауыз әдебиетінің, ұлы Абайдың және басқа ақын­жыраулардың терең ойлы шығармаларының ықпалы болғандығы сөзсіз. Оның 1907 жылы тұңғыш рет орыс оқырмандарын Абайдың шығармашылығымен таныстыруды көздеген материал жариялағанын, ал 1909 жылы ұлы ойшылдың шығармаларының Петерборда жарық көруіне мұрындық болып, өмірінің соңына дейін «Қобыланды», «Ерсайын», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» және басқа көптеген ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеп және насихаттап өтуін, әрине, кездейсоқ жағдай деп айту қиын. Болашақ қайраткердің өмір жолының қалыптасуына отарлық езгіге қарсы Кенесары бастаған жалпыұлттық көтеріліс (1837—1847) туралы ел арасындағы әңгіме, аңыздардың айтарлықтай ерекше әсері болғандығын аңғару қиын емес. Мұны біз Ә.Бөкейханның 1923 жылы Ташкентте жарық көрген кітапшасына алғы сөз орнына жазып, әкесіне арнаған мына екі шумақ өлеңнен де байқаймыз: За годом год хромали годы, Прошло их много с той поры, Как вольный сын степной свободы, Казнен батыр Кенесары Но дух его бунтарской воли,­ Его борьбы кровавый след, Был маяком киргизской голи До дней свободы, дней побед1. Екіншіден, ХХ ғасырдың басында озық ойлы Еуропа мәдениеті мен дәстүрінің ықпалынсыз Ә.Бөкейхан сияқты ірі қайраткердің қалыптасуы, әрине, мүмкін емес­тін. Оның өмір жолын айқындауда, әсіресе, ұлы Француз революциясының және орыс азаттық қозғалысы мен гуманистік әдебиетінің орны ерекше болды. 1917 жылдың жазында Уақытша өкіметтің комиссары қызметінде жүріп жазған мақаласында ол: «Бостандық, теңдік туысқандық ХVIII ғасырдан бері жарыққа шыққан таза пікір. Мұны майданға салған Франция жұртының саяси ерлері. Осы үш түрдің бәрі біздің тарихтан, інжілден, будда оқуынан, Лев Николаевич Толстой философиясынан табылады, көзі ашық талапты ер іздесе. Бұл үш ұраннан бөлек адам баласының бақыт, махаббатына жол жоқ. Бұл жолдан шыға жайылған хайуандыққа қайтқан болады»2— деп жазды. ХІХ ғасырдың соңында Ресей империясында саясаттан тыс қалған түпкірді табу қиын болар еді. Ә. Бөкейхан сол өткен ғасырдың 80 жылдары империяның шығыстағы ірі саяси орталықтарының бірі Омбы қаласында техникалық училищеде оқыды. Бірақ оның шын мәніндегі үлкен саясаттың не екендігін түсінген кезі, әрине, Санкт­Петербургте орман­техникалық институтында оқып жүрген жылдарына тұс келеді. Мұнда ол студенттік қызу айтыстарға қатынасып, ХХ ғасыр босағасынан аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куә болды, өз ойын да шыңдай түсті. Ә.Бөкейханның бұл жылдардағы рухани ізденістерінен хабардар автор: «…В бытность студентом лесного института примыкал к крайней левой. Во время разгара споров о марксизме очень энергично отстаивал тезисы экономического материализма»3,— деп жазды. Ә.Бөкейхан институтты бітірген бетте ішкі Ресейден қоныс аударушылар жағдайын зерттеу үшін ұйымдастырылған Половцев экспедициясына4 қатынасу үшін 1895 жылдың жазында Омбыға келіп, экспедиция жұмысына рұқсат берілмеген соң сонда қалып қояды. Омбыдағы орман шаруашылығы училищесіне математика пәнінен оқытушы болып орналасқан ол, тура осы мезгілде социалисттік бағыттағы «Степной край» газетінің қызметіне белсенді түрде араласа бастайды. «Степной край» газетін бұл кезде шығарушы қызметкерлер негізінен түрлі бағыт ұстанған социалистер болды. Ол басқа Сібір газеттерінен де сонысымен ерекшеленді. Ә.Бөкейхан Севастьянов, Соколов сияқты халықшылдармен, Беляков сияқты марксистпен бірге газеттің редакция алқасы құрамына енді. Оның осы кезеңдегі көзқарасынан жақсы хабардар ескі досы, профессор С.П.Швецов былай деп жазды: «Никакой «радикальной интеллигенции», как представителя особого направления, в составе «Степного края», как думает т. Виноградов, не было. А.Н.Букейхан, которого он относит именно сюда, представлял собою марксистское направление в газете и был, несомненно, наиболее ярким его выразителем. Я бы сказал даже — единственно ярким. Не случайно было то обстоятельство, что Якубович — Мельшин и Гоц — Рафаилов; желая вплотную примкнуть к «Степному краю», нашли нужным предварительно вступить в переговоры и соглашения не с кем другим, а именно с ним. Со своими единомышленниками — народниками им не нужно было никаких предварительных переговоров, так как и без переговоров все было ясно. Иное дело — представители другого, чуждого им течения социалистической мысли — марксизма: здесь нужна была ясность и полная договоренность в отношениях»5. 1896 жылы үкімет орындарының шешімімен Ақмола, Семей және Торғай облыстарындағы жер жағдайын зерттеп, қазақ даласына орыс шаруаларының пәрменді түрде қоныс аударуына қажет ғылыми негіз жасап беруге тиіс болған Ф.А.Щербина бастаған экспедиция ұйымдастырылды. Ә.Бөкейхан экспедиция жұмысына қатысуға мүдделілік танытқандардың бірі болды. Оның ойы бойынша бұл жұмыс сол тарихи кезеңде қазақ жұрты үшін ең зәру мәселеге айналған жер қатынастарын тереңірек түсініп, белгілі бір тұжырымдарға келуге жағдай жасауға тиіс еді. Экспедиция алдына мынадай міндеттер қойылды: 1.Көшпелі шаруашылықтың жер пайдалану әдіс­тәсілдерінің заңдылықтарына көз жеткізу; 2. Қазақтарды ауылдық қауымға бөліп, оларды шаруашылық жүйе бойынша жіктеу; 3. Сол жеке шаруашылықтарға қажет төрт түлік малдың көлемін есептеп шығару; 4. Әр түліктің керекті жайылым мөлшерін яки жер нормасын анықтау; 5. Этникалық жағынан, жағрапиялық ерекшелігі мен тарихи даму тұрғысынан зерттеу6. Жұмыс мерзімі 1896 және 1903 жылдар аралығын қамтыған Щербина экспедициясы шын мәнінде қыруар шаруа бітіріп, аталған облыстарда он екі уездерден жиналған материалдардың негізінде 13 томнан тұрған ғылыми зерттеу еңбегін бастырып шығарды. Экспедиция жұмысына қатынасу барысында Ә.Бөкейхан қазақ даласына байланысты Ресей империясының көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді және орталық биліктің таяу жылдары ірі шараларды іске асыруға даярлық жасап жатқанын байқады. ХХ ғасырдың басы, анығырақ айтқанда 1905­1910 жылдар Ресейдің переселен саясатында, сол арқылы Оралдың шығыс бөлігін отарлау саясатында жаңа кезең болды. Оған мынадай фактілер арқылы көз жеткізу қиын емес. Егер 1864­1885 жылдар аралығында Оралдың шығыс жақ бетіне қоныс аударушылардың саны 300 000 адам болса, бұл сан 1885—1910 жылдары 2,5 миллионға өсті7. Қоныс аударушылардың үлкен бөлігі қазақ жерлеріне ұмтылды. Егер 1896­ 1905 жылдары Қазақстанның Ақмола, Торғай, Орал және Семей облыстарына 294 296 адам келіп қоныстанған болса, 1906­1910 жылдары 770 000 адам көшіп келіп, орын тепті8. ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығының орта тұсында империя көлемінде қоныстандыру ісі белгілі бір жүйеге түсті, 1904 жылы Петербургте Қоныс аудару және жерге орналастыру Бас басқармасы құрылды. Ал келесі бір­екі жылдың ішінде бұл басқарманың мекемелері губерния, облыс және уез деңгейінде барлық қазақ жерлерінде құрылды. Мемлекет тарапынан үлкен және нақты қолдау алған бұл мекемелердің құқықтық статусы да жоғары болды және олардың негізгі міндеті «артық» жерлерді анықтап, ол жерлерге ішкі Ресейден орыс шаруаларының көшіп келіп орналасуына жағдай жасау еді. Белгілі бір жүйеге түскен, ұлыдержавалық отарлау саясатының басында патшаның өзі, Мемлекеттік Дума және басқа үкімет орындары тұрды, сондай­ ақ бұл іс қаржыландырылды. Міне, осындай жағдайда патша өкіметінің отарлау саясатымен күрес жүргізу де жеңіл­желпі іс емес­тін. Жалпы саяси деңгейі төмен, оқыған азаматтары саусақпен санарлық қазақ қоғамы үшін бұл ауырдың ауыры еді. Студенттік жылдары және омбылық өмірінің алғашқы кезеңінде марксистік бағытта тұрған Ә.Бөкейханның саяси платформасының біртіндеп өзгеріске ұшырау себептерін осы жағдайдан іздеу орынды сияқты. Басқаша айтқанда, қазақ даласын ашықтан­ашық отарлау саясатына білек түрініп кіріскен патшалық жүйемен пәрменді күрес жүргізу үшін, әуелі бүкіл қазақ жұртының басын біріктіруді көздеген әрекеттер жасап, сонымен бірге орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы оппозицияда тұрған саяси күштердің қолдауына сүйену керек еді. Ал мұндай сипаттағы іске, біріншіден, жалпыұлттық мүддені түсінуге көтеріле алмаған қазақ жұртын таптық негізде бөлшектейтін, екіншіден, Ресей жағдайында ашық, ресми саяси күшке айналмаған марксистік партия бағытын ұстану тиімсіз болды. Қалай болғанда да, Ә.Бөкейханның көзқарасының Щербина экспедициясына қатысқанынан кейінгі кезеңде үлкен өзгерістерге ұшырағандығы анық. Дегенмен Бөкейхан сияқты қазақ оқығандарының саяси көзқарасының мүлдем жаңа сапаға көтерілуіне тұңғыш орыс революциясы ерекше ықпал етті. Патшалық отарлау аппараты өзіне қызметке даярлаған түрлі мамандық иелері арасынан шыққан қазақ зиялылары елде жаңа сипат, жаңа өрлеу ала бастаған ұлттық қозғалысқа саналылық, ұйымдасқан сипат беру жолдарын қарастырды. Осы бағытта газет шығару, күреске шақыратын кітаптар бастырып тарату, көкейкесті қоғамдық­саяси талаптар қойған петициялар ұйымдастыру сияқты бұрын қазақ тарихында болмаған саяси күрес құралдарын игере бастады. Сан жағынан аз, әлеуметтік­саяси күресте жинаған тәжірибесі мардымсыз ұлттық интеллигенция үшін бұл жеңіл­желпі емес істерді көтеріп алып кету оңайға түспегендігі анық. Осы тарихи кезеңде ол атқарған жұмыстар арасынан мыналарды бөліп айтуға болар еді. Олар: белгілі Қарқаралы петициясын ұйымдастыру және өлкеде Ресейлік конституциялық демократиялык партияның жергілікті филиалын құру жолында жасалған әрекет. Сол тұста жалпы қазақ қоғамының саяси өмірінде жаңалық есебінде болған бұл оқиғалардың Ә.Бөкейхан қызметіне тікелей қатынасы болғандықтан, олардың тарихи және қоғамдық­әлеуметтік астарына қысқаша тоқталып өтейік. 1905 жылы маусым айында Қоянды жәрмеңкесінде жазылған Қарқаралы петициясында қазақ қоғамының негізгі ұлттық мүддесі есебінде мынадай талаптар қойылды: діни сенімдерді атқаруда, оқу ағарту жүйесін ұйымдастыруда жергілікті халықтың еркіне қайшы келетін шектеулерді жою; ауылдарда сабақ орыс тілімен бірге қазақ тілінде де жүргізілетін мектептер ашу; қазақ халқының мұң­мұқтажын талқылауға қажет құрал ­ цензурасыз газет шығаруға және баспахана ашуға рұқсат беру; жаппай қоныстану қарқынының күшейіп, құнарлы жерлердің қоныстанушыларға өтуіне байланысты қазақтар орналасқан жерлерді олардың заңды меншігі екендігін мойындау; мемлекеттік аппаратта, сот орындарында іс қағаздарын қазақ тілінде де жүргізу, олардың жұмысында қос тілділікті жолға қою, т.с.с9. Патша әкімшілігі алдында петиция түрінде қойылған бұл талаптар қазақ қоғамының сол кезеңдегі әлеуметтік­саяси деңгейінен туындаған жалпы демократиялық сипаттағы талаптар болатын. Егерде оларды тарихи тұрғыдан қарар болсақ, басқа дәрежеден көрінуі тіпті де мүмкін емес еді. Басқаша айтқанда, бұл тарихи кезеңдегі қазақ қоғамындағы азаттық қозғалысы Шығыстағы революциялық өрлеуге байланысты, В.И.Ленин атап көрсеткендей, «адамның ең қарапайым құқықтары жолындағы, демократия жолындағы күрес еді. Қарқаралы петициясының тарихи маңызы сапалы жаңа даму сатысына аяқ басқан қазақ азаттық қозғалысының ең негізгі талап­тілектерін тұңғыш рет тұжырымдап, қалыпқа салып, патшалық биліктің алдына қойып, сол арқылы қазақ елінің өз еркіндігі үшін табиғи күрес жолына түскендігін ашық­анық білдіруінде еді. Бүкіл елдік наразылықтың қазақ қоғамына бұдан бұрын тән емес петиция түрінде көрінуіне түрткі болған тұңғыш россиялық революция да, ал оны жазған азаттық қозғалыстың басына келген жаңа әлеуметтік күш ұлттық зиялылар өкілдері еді. Деректік материалдардағы көрсетулерге қарағанда, петиция авторларының қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы және басқа сол кезеңдегі белсенді қазақ зиялылары болған. Ол турасында М.Дулатұлы кейінірек «1905 жылдан бері біздің қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, олардың ісіне еліктеп ұлт пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрікті іс қылып, жұртқа көсемдік пен жол­жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары сенімсіз болып қалды»10, — деп жазды. Жандарм орындары шамамен петиция авторы деген кісілерді жікшілдік насихат, билікке қарсы әрекет жасады сияқты түрлі айыптармен қуғынға алып, абақтыға жапты. Бұдан былайғы кезеңде қазақ даласындағы патша жандармериясы басқа революциялық күштермен бірге қазақ демократиялық интеллигенциясын да қуғынға ала бастады, сөйтіп, қабырғасы қата қоймаған ұлттық демократиялық интеллигенция халық тарихындағы азаттық күрестің жаңа бетін ашты. Саяси күрес жолына енді түсе бастаған ұлттық интеллигенцияның осы кезеңдегі саяси­әлеуметтік бағдары, белгілі дәрежеде, Ресейдің радикальдық­ буржуазиялық партиясы — кадеттердің ұстанған бағытымен тоғысқандығы да шындық. Өзінің бастапқы саяси күрес кезеңінде самодержавиялық билікті ұтымды сынға алып, оған қарсы оппозицияда болған конституциялық­ демократиялық партияның Қазақстанда бөлімін ашуға ынта білдіргендердің қатарында Ә.Бөкейхан да болды. Ол 1905 жылдың соңында басқа да қазақ зиялыларымен бірге Оралда бес облыстың делегаттық съезін өткізіп, «Қазақ конституциялық­демократиялық партиясын» құру шарасына қатынасады. Ал келесі 1906 жылы маусым айында осындай жиылыс Семейде де болып өтеді. Ол туралы жергілікті газет: «10 маусымда сағат 12­де Семейде қазақ сайлаушыларының бірінші съезі болып өтті. Оған 150­ден астам адам қатынасты… Әңгімені Ә.Н.Бөкейхан бастап, ол жиылысты «Халық еркі» партиясының бағдарламасымен таныстырып, отырғандар оған қосылу турасында қаулы қабылдады» деп, жарыссөзде ол партия туралы Шәкәрім Құдайбердиев және басқалар сөйлегендігін келтірді». Қазақ кадеттерінің бағдарламасымен таныса отырып, оның жалпыұлттық мәселелерді саяси мақсат ретінде күн тәртібіне қойғандығын байқаймыз. Партия бағдарламасы сол кезде Оралда Камиль Тухватуллиннің басқаруымен шығып тұрған «Фикер» (Пікір) газетінде жарияланған. Онда қазақ жерін бүтіндей сол елдің меншігі етіп жариялайтын заң қабылдау, ішкі Ресейден көшіп келіп қоныстану толқынын тежеу, кедей жұмысшыларға еркіндік, теңдік беру, оларға пайдалы заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университеттер ашу, т.с.с. талап­тілектер айтылған12. Бұл мақсаттардың сол кезде іске аса қоймағандығы мәлім, дегенмен 1905 жылдың өзінде алдына осындай міндеттер қойған саяси партия нұсқасы пайда болуының өзі қазақ қоғамы үшін ілгері басумен тең еді. Біз қарап отырған мезгілде империя өмірінде үлкен саяси оқиға болған Мемлекеттік Думаның жұмыс жасай бастауы еді. Қазақ зиялылары алғашқы кезеңде Дума, белгілі дәрежеде, қазақ елінің өзекті мәселелерін шешуге көмегін тигізеді деп түсінді. Ә.Бөкейхан I Мемлекеттік Думаға Семей облысы қазақтары атынан депутат болып сайланды. Осы оқиғаға орай «Семипалатинский листок» газеті: «Редакция қазақ халқын нәтижелі сайлау қорытындысымен құттықтайды. Ә.Бөкейхан Мемлекеттік Думада ұлт мүддесін қорғай алатын, қазақтың жоғын жоқтап, тілегін жеткізетін бірден­бір адам екеніне халқы сенсе керек», ­ деп жазды. Ә.Бөкейхан I Мемлекеттік Дума жұмысына қатынаса алмайды. Өйткені ол Дума өз жұмысын бастаған кезде Омбы генерал­губернаторының негізсіз жарлығымен соттың тергеуінсіз үш ай Павлодар абақтысында отырады. Ал абақтыдан шығып Петербургке жеткенде, Дума патшаның үкімімен таратылып, оның біраз мүшелері наразылық актісін қабылдау үшін Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Ә.Бөкейхан да солардың артынан аттанып, Выборг үндеуіне қол қояды. Сонымен бірінші орыс революциясынан кейінгі кезеңде қазақ оқығандарының алғашқы ізденіс нәтижесінде жасаған тұжырымы — қазақ қоғамын ортағасырлық мешеуліктен алып шығатын жол Россия арқылы жеткен дамудың батыстық нұсқасы, басқаша айтқанда, буржуазиялық қатынастарға жол ашу еді. 1910 жылы жарық көрген мақаласында Ә.Бөкейхан ол туралы былай деп жазды: «Таяу болашақта далада қырғыз арасында қалыптасып келе жатқан екі саяси бағытқа сай екі саяси партия құрылуы ықтимал. Олардың бірі ұлттық­діни атанып, мақсаты қазақтарды басқа мұсылмандармен біріктіру болмақ. Екіншісі — батыстық бағытта… Алғашқысы үлгі ретінде мұсылман татар партияларын алса, соңғысы — орыс оппозициялық, мәселен, «Халық еркіндігі» партиясын алуы мүмкін»13. Ә.Бөкейхан қазақ жұртын батыстың озық мәдениетінен үйренуге шақыруын бұдан кейінгі жылдарда да қойған емес. 1933 жылы Марксизм институтының қазақ филиалында өткен пікірсайыста сөйлеген сөзінде С.Асфендияров бұл мәселеге қатысты мынадай естелік айтқан болатын: «…Алашорда лидерлерінің «батысшылдығы», «түрікшілдігі» жөнінде де басын ашатын нәрсе баршылық. Менің есімде, 1912 жылы күзінде Петербургтағы қазақ, татар, өзбек студенттері арасында Балқан соғысына байланысты Түркияны қолдаған үлкен қозғалыс болды. Болгар студенттері бізбен жұдырықтасудың сәл алдында тұрды. Сол кездері болып тұрған басқосулардың бірінде Бөкейханға: «Біз Түркияға барамыз», «нағыз ұлтжандылықтың белгісі осы болмақ», — сияқты ойларымызды айттық. Ол Түркия құлағалы тұр, оған ешқандай да үміт артудың қажеті жоқ дегенді айтып, бізді батысқа бағыттады»14. Әрине, бұл арада ешқандай талдаусыз жалпы Батысты меңзеумен шектелсек, ағаттық болар еді. Егер Бөкейханның «Қазақ» газетінде жарияланған публицистикалық мақалаларына зер салсақ, оның батыстың, Ресейдің, демократиялық дәстүріне жақын болғандығын ажырату қиынға соқпайды. Осы басылымда В.Г.Короленконың алпыс жылдық мерейтойына байланысты қазақ оқушысына жолдаған ашық хатында Бөкейхан былай деп жазды: «Балқан соғысы алғаш басталғанда болгар патшасы бұл соғысты крест пен ай соғысы қылмақ болды, осы ант ұрған сөзді орыстың, болғардың талай газетасы көтеріп алып кетіп, соғыс хайуандығын осылайша паналамақ болды. Сонда Короленко хат жазды, «Крест һәм жарты ай» деп. Бұл хаттың әдемілігі менің жаман қаламыма сыймайды… Қысқа сөз мынау: қай соғыс болса да хайуандық, крестпін деп түрік қаласын алғаның қатын, бала, кемпір, шалды өлтіріп отырған жоқ па? Бұл хайуандық емес пе? Болгарға, түрікке қай патшаның қол астында болса бақытты болғаны керек. Соғысты қылып отырған жұртты бастап жүрген ант ұрғандардың не керегі бар? Түрік те, болгар да ағайын, дос болатын адам баласы емес пе?..»15. Германия жұмысшы қозғалысының көрнекті өкілі А.Бебельдің қаза болуына байланысты жариялаған мақаласында да Бөкейхан қазақ оқушысын қайраткердің бұқара ісі үшін күресімен, неміс жұртының демократиялық дәстүрімен таныстырып, мақаласын қазақ жұртына Бебельді үлгі етумен аяқтайды. Оның түсінігі бойынша халықпен халықты жақындастыратын көпір — демократиялық мәдениет, дәстүр. Белгілі ғалым Г.Н.Потаниннің өмір жолы, ұстанған бағдарымен таныстыруды көздеген мақаласында қазаққа өнер­білім басқа жұртпен бірге теңдікке жету үшін керек екендігін айтып, былай деп жазды: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел ­ Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Корпеш — Баян сұлуды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа білер еді­ау» ­ дейтін Г.Н.16. Қоғамдық күрес жолына түскен жас қазақ интеллигенциясының алдына көлденең тартылған өзекті жайлардың бірі — ел тағдырына қатысты жер мәселесі еді. Бұл мәселе оның азаматтық санасына қозғау салды, үлкен сын болды. ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында қабылданған столыпиндік заңдардың артын ала Қазақстанға ішкі Ресейден жерсіз шаруалардың топ­ тобымен ағылуы өлкеде жер мәселесін асқындырып жіберген еді. Бұл ретте қазақ шаруаларына әсіресе ауыр тиген 1909 жылы 9 маусымда Міністірлер Кеңесі бекіткен Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстарындағы мемлекеттік жер қорын анықтау туралы нұсқау мен Түркістан өлкесін басқару туралы ереженің 270­бабына қосымша заң болды. Басыбайлылық сипатта жазылған бұл екі құжат іс жүзінде қазақ жерін переселен басқармасының еркіне берді. Бұл құжаттер бекітіле салысымен переселен мекемелері қазақ жерлерін тезірек әрі кең көлемде өз қарамағына алу мақсатында қазақ шаруаларына да орыс қоныстанушылары сияқты 15 десятина жер үлесін алып, отырықшылыққа көшу науқанын ашты және бұл процесс қайсыбір аудандарда қорқыту­үркіту шараларымен қатар жүрді. Міне, осындай жағдайда отаршыл аппараттың зорлығын, жасап отырған айласын жан­жақты сынап, әшкерелеп, сол арқылы халықтың көзін ашып, оған бұл көкейкесті мәселені өз дәрежесінде түсінуге көмектесе алатын ғылыми, публицистикалық мақалалар аса қажет болды. Бұл міндетті империяның саяси құрылысымен жақсы таныс, жер қатынастары мәселесін терең меңгерген адам ғана жүзеге асыра алатын еді. «Айқап» және «Қазақ» басылымдары бұл мәселені ұлттық ауқымға көтеріп, пікірсайысқа айналдырды. Халық тарихында баспасөз жүзінде тұңғыш жүрген бұл айтыс барысында авторлар екі баламалы пікірге бөлініп кетті. Бірі (оны жақтаушылар — Б.Қаратаев, М.Сералин, Ж.Сейдалин және басқалар) ішкі Ресейден шаруалардың жаппай көшіп келіп қоныстану жағдайында отырықшы нормамен болса да, егіншілікке қолайлы жерден үлес алып, отырықшылыққа көшуді қолдады. Бұл пікірдегілер жұртқа басшылық жасап, отырықшы өлшеммен жер үлесін алып қоныстанды. Оларға ерген оқыған жастар қазақ отырықшылыққа көшсе, оның арасында өнер­білім тарауға жағдай туады деп түсінді. Екінші пікірдегілер (Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы және басқалар) көшпелі шаруашылыққа үйренген қазақ отырықшы нормамен үлес алып, көндігіп кете алмайды, мұндай норма тек жері құнарлы, бұрыннан егіншілік мәдениетін игерген аудандарға ғана келеді, ал оны шығарған үкімет орындарының түпкі мақсаты еппен, айламен қазақ жерін көбірек алу және қазақтардың өз ризашылығымен алдық деген пікір туғызу деп түсінді. Мәселенің егжей­тегжейін халыққа түсіндіруге көп күш салған «Қазақ» газеті бетінде бұл тақырып бойынша дәлелді, терең ғылыми, публицистикалық мақалалар жариялаған Ә.Бөкейхан болды. Жалпыұлттық пікірсайыстың берер пайдасын айтып, ол: «Сөз айыр шықты деп, әдепсіздік тіл көрсеткен де бауырым бар. Талас дүния — ғұмыр сифаты, талас тартыс жоқ болса, ғұмыр абақты болар еді. Айыр сөзде айып жоқ. Ақылға саңырау да айып», — деп жазды. Ол деректерге негізделген, нанымды мақалаларында халыққа патшалықтың жер туралы заңдарының отарлық, реакциялық мазмұнын түсіндіруді көздеді, переселен басқармасының қаруына айналған 1909 жылғы 9 маусымда Міністірлер Советі бекіткен құжаттың заң емес, нұсқау екенін, демек, оған сүйеніп, патша шенеуніктерінің жергілікті халықты өз жерінен ығыстыруы заңсыз, ал переселен басқармасы айтты деп халықтың ығыса беруі жігерсіздік екендігін айтып: «Қазақ 15­тен надел алмаса, қыстау, егінжай, пішендік арығынан қу, айда деген закон қайда?», «15­тен алсаң жер белгілеймін, қазақ болып отырсаң жерден күнде көшірем деп, қазақты күнде көшіріп отыр. Өстіп жұртты билеген патшалық бар ма екен? Біздің патшалық конституция емес пе, біздің патша қол астындағы адамның бәріне бірдей адал емес пе? Біздің қазақ жерінен күнде көшіретін не жазып еді? Бұл жұрт жұмысын жұрт болып іздемейтін бе? Әр жерде, әрқайсысын аяғын ат басқан балаша шыңғырмай!»17 — деп жазды. Айтыс барысында Ә.Бөкейхан келтірген дәлелді, ғылыми негізді пікірлердің бірі — егіншілікке өтудің жеңіл емес, бұл кезекте жердің табиғи ерекшеліктері мен халықтың психологиялық даярлығын еске алу қажеттігі туралы пікірі еді. Ол былай деп жазды: «Жердің көп­азына қарамай, жердің һауасына қарай адам баласы мал баққан, ия егін салған. Қазақ жері — мал кіндігі, мұнда бұрын қай жұрт жүрсе мал баққан. Гұсмания түркі тарихынша, біздің қазақтың Жетісудағы қаңлы деген руы һауасы, жері келісті Европаға барып, мал бағуды қойып, өзге шаруаға айналып отыр. Соқырмен оттас болсаң, көзіңді қысып жүр деген, адам баласының ғұмыр үшін қылған шаруасы жерге һәм жердің һауасына байлаулың. Ә.Бөкейхан орманшы­ғалым ретінде шаруалықтың бір түрінен екінші түріне өту жеңіл­желпі нәрсе емес екендігін, ол үшін түрлі әзірліктердің қажет екендігін терең түсінді, мақалаларында халыққа мәселені осы тұрғыдан түсіндіруге күш салды да. «Біздің ақылымызша, адам баласының шаруасы бірте­бірте қиыншылықпен, көп жылдарда аударылды. Мал бағып шаруа қылып келе жатқан жұрт, патша 15­тен (десятина. — М.Қ.) жер берді деп, егінші бола қоймайды. Мал шаруасы тымақ емес, төре келе жатыр деп қолға жұлып алатын. Мал шаруасын тіршілік үшін ұстап жүрген жұрт 15­тен жер алса, үлкен аяққа тар етік киген болады. Біз, қазақ­ау, 15­тен жер алмай тұрып жан­жағыңа қара дейтініміз содан, қазақ 15­ті алып, осы алақандай жерге мал бақпақ, бұған мал бағылмайды». Тарихи әділеттілік үшін атап айту керек, «Қазақ» газетінде Ә. Бөкейхан және оның серіктері қазақ халқының отырықшылыққа көшуіне емес (кезінде солай түсіндірілді), отырықшы норманың отаршыл мазмұнына, аңқау елді алдауды көздеген астарына қарсы шыққан болатын. Қазақтарға отырықшы нормамен жер үлесін берудегі түпкі мақсатын отаршыл аппараттың өзі де жасырған жоқ. Ол туралы 1913 жылғы 11 маусымда Думада сөйлеген сөзінде переселен басқармасының бастығы Глинка: «Қазақ жері қазақтан көп артылып қалу үшін, яғни переселендерге қазақтан жерді көбірек алу үшін, біз әдіс істеп отырмыз. Әдіс қылу жолсыздық емес, ептілік. Біз Міністірлер Советінен ептілік етуге рұқсат алып, қазақты ебімізге түсіруге қайырмалап едік, топ­тобымен топырлап түсіп жатыр. Ол істеген ебіміз мынау еді: қазаққа отырықшы болып жер алуға риза болсаңдар, сендерге де мұжықпен қатар 15 десятинадан еркек басына жер береміз дедік. Айтуымыз мұң­ақ екен, қазақтар отырықшы нормамен жер бер деп жабыла сұрап жатыр. Өткен жылда отырықшы нормамен қазақтарға 700 мың десятина жер бердік»18,— деген еді. Үкімет орындарының 15 десятина үлес нормасын не үшін шығарғандығын жоғары мемлекеттік аппарат чиновнигі осылай түсіндірген болатын. Міне, сондықтан да мәселенің осы қырын түсінуге шақырған «Қазақ» газеті мен Ә.Бөкейханның әрекетін қазақ байлары мен буржуазиясының таптық мүддесін қорғады деп бағалау, әрине, тым біржақтылық болар еді. Қазақстанды отарлау қарқыны мен әдісінің жаңа оң алуы тұсында олар ұлттық мүдде тұрғысынан да сөйлеген болатын. Баспасөз үстінен бақылаудың күшейген жағдайында өзі ішкі Ресейде айдауда жүрген Ә.Бөкейханға патшалық әкімшіліктің отарлау саясатын әшкерелейтін мақалалар жазу оңайға түскен жоқ­тын. Тек айтқан ойларының дәлелді, негізділігінен ғана ол патша жандармдарының жазасынан құтылып отырды. Өз кезегінде жер мәселесі бойынша Ә.Бөкейханның біліктілігін патша чиновниктері де мойындауға мәжбүр болды. Мәселен Орынбор губерниясының жандарм бастығы генерал­ майор Бабич 1914 жылы 24 қарашада «Қазақ» газеті турасында Торғай губернаторына жазған хатында: «… из крупных сотрудников известны: Алихан Букейханов, бывший член І­ой Государственной Думы, специалист по аграрному вопросу Степных областей»19, — деп көрсетті.

Читайте также:  «Жарғы» - Eciм ханның мұрасы

Оставить комментарий