Өлім мен өмір сүру құқығы туралы

Өз өміріне билік жүргізуге құқығы жоқ жеке адамдар нақ өзінде жоқ құқықты егеменге қалайша бере алады? – деген сұрақ қойылады. Бұл сұраққа жауап беру қиын болып көрінетіні, оның дұрыс қойылмағандығынан. Өз өмірін сақтап қалу үшін кез­ келген адам қатерге бас тігуге хақылы. Өрттен аман қалу үшін терезеден секіріп кеткенде, ол өзін­өзі өлтіруге тырысқаны үшін жазықты деп қашан саналып еді? Теңізге шығар кезінде дауылдың жақындап қалғанын білсе де аттанып, сонда ажал құшқан адамды осындай қылмыс жасады деп айыптағанды қашан есітіп едіңіз? Қоғамдық шарт мақсаты – уағдаласушыларды аман­есен сақтау. Кімде­кім мақсатқа жеткісі келсе, соған жетудің амалдарын да қолданады, бірақ ол амалдарда қауіп­қатер де, тіпті кейбір шығын да болады. Өз өмірін басқалардың есебінен сақтағысы келетін адам, қажет кезінде өз өмірін басқалар үшін беруге де дайын болуы керек. Сонымен Заң азаматты қауіп­қатерге тігуге ұйғарса, онда сол қатер жөнінде ойла жатуға мұрсат жоқ және тақсыр оған: «Мемлекетке сенің өлуің қажет» десе, – ол өлуге тиісті, өйткені ол осындай шарт бойынша осы уақытқа дейін қауіпсіз өмір сүріп келді, өйткені өмірі табиғаттың шарапаты ғана емес, белгілі бір шартпен Мемлекеттен алынған сый да. Қылмыскерлерге қолданылатын өлім жазасы да, шамамен. осы тұрғыдан қарастырыла алады: кісі өлтірушінің құрбанына айналмау үшін адам өзі кісі өлтіруші бола алатын болса ғана, өлуге келіседі. Осы шартқа сәйкес, өзінің төл өмірін билеп­ төстеу құқығы болмаса да, адамдар оны қауіпсіз етуге ұмтылады; уағдаласушылардың бірі өзін дарға асуға күнілгері ұйғарды деп санамауға тиіспіз.

Айтпақшы, қоғамдық ахуал заңына қастық жасайтын әрбір қылмыскер, өзінің қылмыстарының себебінен бүлікшіге, отанына опасызға айналады; егер ол оның заңдарын бұзса, оның қоғам мүшесі болудан қалады; тіпті ол оған қарсы соғыс жүргізіп жатқан күнде де. Сонда Мемлекетті сақтап қалу оның өмірін сақтап қалумен сыйыспайды; екеудің бірі ажал құшуы керек, ал жазықтыны өлтірген кезде, оны азамат ретінде емес, жау ретінде өлтіреді. Сот процедурасы, үкім – оның қоғамдық шартты бұзғандығының айғағы және солай деп танылғаны, демек, ол енді Мемлекеттің мүшесі емес. Бірақ ол өзін соның мүшесімін деп танығандықтан, бері салғанда, сондай мүше болғандығымен танығандықтан ол не келісімді бұзушы ретінде аластау, не қоғамның жауы ретінде өлім жазасы жолымен мемлекеттен шығарып тасталуға тиіс. Өйткені мұндай жау – шартты кісі емес, ол – адам болғандықтан соғыс құқығы бойынша жеңілгенді өлтіруге болады.

Читайте также:  Құрбандық механизм және адамдану

Бірақ, дейді маған, қылмыскерді сот арқылы жазалау жеке сипаттағы акт. Келісемін: өйткені соттау құқығы тіпті де егеменнің қолында емес; бұл – өзі жүзеге асыратын ахуалда болғандықтан, басқаға бере алатын құқық. Менің барлық ойларым бір­бірімен байланыста, бірақ мен олардың бәрін бірден баяндап бере алмаймын. Мұның үстіне, жиі өлтіру – қашан да Үкіметтің әлсіздігінің немесе берекесіздігінің белгісі. Әйтеуір бірдеңеге жарайтын етуге болмайтын жауыз жоқ. Біз тек тірі қалдыру қауіпті болатын адамды ғана, өзгелерге сабақ болуы үшін, өлтіруге хақылымыз. Ал кешіру немесе жазықтыны Заң бойынша тиесілі және қазы белгілеген жазадан босату құқығына келсек, ол қазыдан да, Заңнан да жоғары тұрғанның, яғни егеменнің ғана қолында; бірақ оның бұл құқығы әлі жеткілікті анық емес, оны қолдану жағдайлары да тым сирек. Жақсы басқарылатын Мемлекетте өлім жазасының аз болатыны, жиі кешірім жасалатындығынан емес, онда қылмыскерлердің аздығынан; құлдырай бастаған Мемлекетте қылмыстың көптігі оларды жазасыз етеді. Рим Республикасында Сенат та, консулдар да кешірім жасау құқықтарын ешқашан пайдалануға тырыспаған. Мұны халық, кейде өз шешімдерін өзгертіп отырса да, істемеген. Жиі­жиі кешірім жасалу көп ұзамай қылмыскерлер оған мұқтаж болмайтынын, алдын ала аңғартады, ал мұның арты неге апарып соғары кім көрінгенге белгілі. Бірақ мен жүрегім атқақтап, қаламымды тежеп отырғанын сеземін; бұл мәселелерді талқылауды ешқашан қиыс баспай, өзі ешқашан кешірімге мұқтаж болмаған әділ адамға алдырайық.

Оставить комментарий