Загрузка…

ӨЛІМГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚОЛДАНЫЛАТЫН ТАБУ МЕН ЭВФЕМИЗМДЕР

Сөздерге салынатын тыйымның діни наным-сенімдер мен әдет- ғұрыптардан басқа да әлеуметтік себептерінің бар екені бұдан бұрын да атап өтілген. Адам баласы үшін табиғи құбылыстардың ішіндегі ең қорқыныштысы да, сескендіретін суығы да – өлім. Сондықтан да кез келген халықтың тілінде «өлім», «өлді» деген сөздердің орнына сол ұғымдарды білдіретін, бірақ алдыңғылардан әлдеқайда тігісі жатық эвфемистік синонимдер қолданылады. Мысалы, орыс тілінде «өлу» деген ұғымды білдіретін «умереть» деген сөзден гөрі оның скончаться (біту), угаснуть (өшу), почить (тыныштану, ұйықтап кету), уйти от нас (бізден кету), уйти из жизни (өмірден кету), лечь в землю (жерге жату), уснуть вечным сном (мәңгілік ұйқыға кету),испустить последний вздох (соңғы демін шығару), отправиться на тот свет (о дүниеге аттану), приказать долго жить (көп өмір сүруге әмір етті) т.с.с. эвфемистік баламалары ауызға бірінші ілінеді [1;113]. Кісінің қайтыс болуымен байланысты табу мен эвфемизмдер басқа халықтар сияқты түркі халықтарының да тілдерінен кездеседі. Қазақтың «Өлім жайлы көп айтса, тірінің берекесі кетеді» деген мақалы да сол айтылғанның айғағы секілді. Оны былай қойғанда, түркі тектес халықтардың салт-дәстүрінде өлім туралы суық хабарды туыс-жақындарға астарлап естіртіп, көңіл айту әлмисақтан белгілі әрі ол дәстүр күні бүгінге дейін өзгере қойған жоқ десек, шындықтан алыс кетпейміз. Түркия түріктері суық хабарды естіртіп, көңіл айтқанда «өлді» деген сөздің өзін де, оның баламаларын да қолданбайды. Оның орнына Алла сизлере өмүр версин! деген эвфемистік мағыналы тілекпен ғана шектеледі. Әзербайжандар да әлгі суық сөздің орнына чыраг кими сөндү секілді метафоралық эвфемизмдерді қолданады. Тувалықтар да «өлді» деген суық сөздің орнына астарлы мағыналы аъдының бажы чалданыр (атының басы бұрылды) деген эвфсмистік тіркесті қолданады. Олар сонымен қатар өлүрүп чиир (өлтіріп жер), яғни ұсақ малды сойып жеу деген үғымды білдіретін сөз тіркесінің орнына да дөгөрер (сою) деген эвфемизмді қолданады. «Өлім» деген сөзді де ашық қолданбай оның орнына : мөчүүр қайтыс болу бурган болур (құдай болу) сияқты эвфемизмдерді пайдаланады. Ал суға батып өлген адам жайында сугга дүжіп өлген деудің орнына сугга эндэн (суда қателесіп кетті) деп астарлайды. Найзағай түсіп қаза болған адам жөнінде чаңнык соккан деудің орнына чаңнык эндээн (найзағай қателесіп кетті) немесе кудай ойнаан (құдай ойнады) сияқты эвфемистік тіркестерді қолданады [2;115]. Қазақ арасында қалыптасқан салт бойынша да қайтыс болған адамның жақындарына қазаны бірден естірте салмаған. Суық хабарды мүмкіндігінше астарлап, тұспалдап немесе жұмбақтап сездіруге тырысқан. Әдетте ауырқайғыны эвфемистік мағыналы сөздерден басталып көңіл айту, жұбату сөздермен аяқталып отырған. Қазақ ауыз эдебиетінде сақталған өлімді естірту және көңіл айту үшін қолданылатын эвфемизмдерге негізделген ескі нұсқалардың кейбір үлгілері төмендегідей: Аққу ұшып көлге кетті, Сұңқар ұшып шөлге кетті, Ол адасып кеткен жоқ, Әркім барар жерге кетті. Арғымақтың тұяғы Тасты басса кетілер, Сазды басса жетілер! Жетпесті қума, Келмеске жылама!.. немесе …Ақсұңқар ұшты ұядан, Қол жетпейтін қиядан… Қанаты бүтін сұңқар жоқ, Тұяғы бүтін тұлпар жоқ. Тозбасты ұста соқпайды, Өлместі тәңір жаратпайды. Топырағы торқа болсын! Қалғанға өмір берсін. «Қозы Көрпеш — Баян Сұлудағы» Сары байдың өлімін оның әйеліне Тазшаның естіртуі де эвезфемизмдерге толы. Тазша: Жаратқан бәрімізді тәңір күшті, Бұл дүние ойлап тұрсам, енді екі-ұшты. Мен түсімнен шошимын бүгінгі түн, Менің сәлдем басымнан жерге түсті. …Мен түсімнен шошимын бүгін тағы, Қолымнан жібек баулы сұңқар қашты!.. … Қай адам Сарекеңдей ниетке жеткен, Көп адам бізден бұрын өтіп кеткен. Айырылдым қапияда сұңқарымнан, Қолымнан абайсызда ұшып кеткен… деп,байдың қайтыс болғанын әйеліне астарлап сездіреді де, сөзінің аяғын төмендегідей көңіл айтып, жұбатумен бітіреді: Алла ісіне шара жоқ-ау, Жетпесті қуып алқынба! Қайырлы ғұмыр бере көр-ау, Қозы жанға артында! Қазақ ауыз әдебиетінде Шыңғыстың Жошы деген ұлының өліміне байланысты көпшілікке белгілі және бір аңыз бар. Ол аңыз бойынша Жошының өлімін былайша астарлап естірткен деседі: Теңіз бастан былғанды, Кім тұндырар, ей ханым? Терек түптен жығылды, Кім тұрғызар ей, ханым? Осы үзіндіде де қайғылы хабар бүркемеленіп, эвфемистік мағыналы сөз тіркестерімен беріліп тұр. Қазақ тілінде «өлді» деген ұғымның басқа да эвфемистік баламалары жеткілікті. Бұған төменгі мысалдар айқын дәлел бола алады. …Келмей түр ауызым айтуға Батырың өтті Бөгембай. …Жалғызыма сәлем де, Алладан бұйрық жеткен соң Асқар тауы құлады, Ағар бұлақ суалды. …Бақшадағы қызыл гүлдерге Бұлбыұлым ұшып кеткен соң, Жарықтан шығып тап болды, Қараңғы тұман түндерге… …Досың опат болган соң Орнын ұстай тұруға Атында тұяқ қалмаған. …Елімнің ақын көсемі Батыр Шеген дер едім, Олай-бұлай боп кетсем, Сансызбайға басшы боп Еліңізге келеді … Не күшті, дүниеде — адам күшті. Көрдіңіз бір ғасырда талай істі. Миуалы Отанның дарағы едің, Жел соғып бір бұтағың жерге түсті Соңғы мысалда Кенен ақын халықтың қалыптасқан көңіл айту дәстүрін бұлжытпай сақтай отырып, астарлы сөздің құдіретімен Жамбылдың қайғысын бөлісіп, оның соғыста қаза тапқан ұлын жел соғып, жерге сынып түскен бұтаққа балап көңіл айтып тұр. Мұны жоғарыда аталған халық дәстүрінің табиғи жалғасының тамаша үлгісі деу лайық [3;117]. Басқа тілдердегі сияқты қазақ тілінде де «өлу» деген ұғымды қайтпас сапарға кету, үзілу, көз жұму, қайту, кету, шетін болу, көз жазып қалу, айырылу, адасу, мәңгі ұйқыға кету, аттану, дүние салу, дүниеден көшу, демі тоқтау, жан тәсілім қылу сияқты астарлы мағыналы эвфемизмдер алмастырып тұрады. «Тіл сүйексіз, ой түпсіз» демекші, мұндай эвфемизмдерді жасауға кез келген зиялы, шешен адам мен тілдің мүмкіншіліктері ұшан теңіз. Осының айқын дәлелі ретінде Мұхтар Әуезовтың ұлы Абайды өлді деуге қимай: «Осылайша айналасы айықпаған сұр тұман, суық заман ішінде ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқтады. Шөл даланы жарып аққан дариядай жалтыр биік басына жалғыз шыққан алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті» Мысалы эвфемистік мағынаның мәнін айқындайтын басқа себептеріне де тоқталады. Басына пұшпақ бөрік киіп, қолына таяқ ұстаған шоқша сақалдысы — жетпісті мол аралап кеткен адам. Шоқша сақалдының құлағы ауыр ести ме, қалай үшеуі гүлзарды басына көтеріп, әлденеге келісе алмай дауласып отыр. О дүниеге аттану кезегі кімге келіп тұр? дегенді жай бір күнделікті шаруадай-ақ сөз етіп отыр. Өліммен байланысты немесе сонымен ұштасып тасып жататын тағы біраз ұғымдар бар. Әңгіме өлік, мола, көр, көму, бейіт, сүйек, дене, жерлеу, зират, қабір сияқты сөздер жайында. Бұл сөздердің бояулары мен адамға етер әсері бірдей емес. Әсіресе алдыңғы төрт сөздің мағыналары өте суық. Сондықтан да олардан гөрі тігісі бір шама жатықтау дене, сүйек, зират, қабір, жерлеу, қою сияқты эвфемистік баламалар жиірек қолданылады. Ал кейде мола, көр деген суық сөздердің орнын орын, жай деген эвфемизмдер басып отырады. Сөз орайы келген соң айта кету керек, Түркіменстан қазақтарының тілінде бейіт, мола деген сөздердің орнын ертеректе діни нанымдардың негізінде қалыптасқан әулие деген эвфемистік синоним алмастырады. Қорыта келгенде қате қолданыстан бұл термин екі түрлі лексикалық мағынаға ие болады: 1) тыйым салынған сөздердің орнына жүретін жасанды сөздер, 2) сөздің ұғымы дөрекілеу, қолайсыздау, көңілге тиетіндей болып келген жағдайда оны жұмсартып, жеңілдетіп жеткізетін сыпайы, жұмсақ сөздер. Егер белгілі бір термин көп мағыналы болса, одан кейде қате түсінік те тууы мүмкін. Екіншіден, табу мен эвфемизмдерді бір бірінен шатастыруға болмайды. Екеуі екі түрлі мақсаттан шыққан. Эвфемизм табу сияқты қорқыныштан, үрейленуден туған сенімге емес, сыпайылық пен әдептілікке негізделеді. Сөз бен тілдің қуатына шексіз сенудің салдарынан ертеректе түркі халықтарында сөз арқылы бәлені айдау, сөз арқылы жақсылық шақыру әдеттері туған. Қазақ ауыз әдебиетінде кездесетін бәдік, бұлт шақыру, күн жайлату өлеңдері, бүйі, жылан, қарақұрт шаққанда айтылатын арбау, байлау өлеңдері сөз құдіретіне сенудің ең мықты айғақтары. Демек, тілдегі синонимдік қатардың өсуіне, сөздік құрамның ұлғаюына сөз магиясынан туындайтын тілдік табулардың үлесі үлкен. Басқа халықтар секілді қазақ халқы да тіл сөз мәдениетін өте қастерлеп, бұған әлимсақтан –ақ зор мән беріп келген.Бұған ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мұра, халық кемеңгерлігінің тобықтай түйіндері-мақал-мәтелдер бұлтартпас дәлел. Мәселен, әрбір сөзді орынды жұмсай немесе дұрыс сөз саптай білудің үлкен өнер,күшті құрал екенін бағалап, халық «Өнер алды қызыл тіл», «Қаһарлы сөз қамал бұзар» десе, адамның көңіл-күйіне, сезіміне қаншалықты әсер ететінін дөп басып айтқан. Бұл сияқты халықтың асыл қазынасы тіл мәдениетінің қалыптасуына, өсуіне үнемі өз себін тигізе бермек. Олар адам көңілін жығатын немесе жігерін құм ететін зәрлі, суық, кесапатты, дөрекі немесе былапыт сөздерден бойды аулақ ұстауға, сол сияқты ізеттілікке, сыпайылыққа, әдептілікке баулиды. Осы тұрғыдан қарағанда, кез келген тіл лексикасының ерекше тобын құрайтын эвфемизмдердің атқаратын қызметі ұшан-теңіз. Діни ұғымдар,дәстүрлі наным-сенімдер, салт-сана, әдет-ғұрыптардың, моральдық-этикалық нормалардың немесе басқа да әлеуметтік себептердің негізінде қалыптасатын табу мен эвфемизмдер қай мәдениетте, қай тілде болмасын сөздік құрамның дамуына, сөз мағынасының кеңеюіне және соның салдарынан кейде күтпеген жерден кез келген сөздің басқа бір ұғымның соны атауына айналып кетуіне тікелей себепші болады.Өйткені белгілі себептермен бұрынғы атауларына тыйым салынған ұғымдардың жаңа атаулары, яғни эвфемизмдер ойдан жасанды түрден шығара салған немесе тілдің сөздік қорында бұрын-соңды кездеспеген сөздер емес. Бөтен тілден енгендері болмаса олардың басым көпшілігі-тілден бұрыннан бар сөздер. Демек, табудың салдарынан туындап отыратын эвфемизмдер-семантикалық аясы кеңейген, яғни соны немесе үстеме мағынаға ие болған, бірақ айналымда бұрыннан жүрген қатардағы сөздер. Табу мен звфемизмдердің сөз мағынасы мен тілдің сөздік құрамын байытудағы қызметі туралы әңгімені осымен аяқтай келе, академик І.Кеңесбаевтың: «Сөз мағынасы өзгереді, дамиды мағына аясы бірде кеңейе түсіп, бірде тарылады; түрлі бейнелі мағыналар үстемелеп, бірде сөз қолдану тәсілі молығып бірде соны мағына туады,заман ағымына қарай, кей реттерде сөз мағынасы да мүлде жаңарады; сөйтіп сөздің семантикасы үздіксіз екшеліп отырады», — деген пікірінің өте орынды және біз сөз етіп отырған тақырыпқа да тікелей қатысы бар екенін айтпақпыз. Пайдаланылған әдебиет 1. Ахметов Ә. Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер. – Алматы: Ғылым, 1995. – 176 б. 2. Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Лексикология. – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 101 б. 3. Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. – Алматы, 1988. 49 б. 4. Болғанбаев Ә. Қазақ тіліндегі синонимдер. – Алматы: Ғылым, 1970. – 232 б.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar