Лингвистика тарихына жалпы көзқарас

Тіл ғылымы өзінің нағыз және жалғыз нысаны пайымдалғанға дейін дамудың үш жүйелі кезеңінен өтеді. Бәрі де «грамматикадан» басталады. Алғашқы кезде гректерде пайда болған, ал кейін Францияда дамыған бұл пән логикаға негізделген және тілге деген ғылыми да дәйекті көзқарастан ада еді: оның мақсаты теріс және дұрыс формаларды ажырату үшін, ережелерді жасау болатын. Бұл таза бақылаудан алшақ жатқан нормативті пән: осыған байланысты оның көзқарасы да, әрине, тым тар болатын.

Кейін филология пайда болады. «Филологиялық» мектеп әуелгіде Александрияда пайда болған, бұл терминнің негізін 1777 ж. Фридрих Август Вольф қалаған, ол қазір де бар ғылыми бағытқа қатысты қолданылады. Тіл филологияның жалғыз ғана нысаны емес: ол өзіне мәтіндерді анықтауды, талдауды және түсіндіруді міндет етіп алады. Бұл негізгі міндет, оны әдебиеттің, тұрмыстың, әлеуметтік институттардың және т.б. тарихымен айналысуға жетелейді. Барлық жерде ол өз тәсілін, яғни түпнұсқаны сыннан өткізуді пайдаланады. Егер ол лингвистикалық мәселелермен айналысса, онда негізінен, әртүрлі дәуірдің мәтіндерін салыстыру, белгілі бір автордың тілін анықтау, көне немесе беймәлім тілдегі жазбаларды оқу және түсіндіру үшін қажет. Осындай зерттеулердің тарихи лингвистикаға жол ашып бергені даусыз: Плавт туралы жазған Ричльдің еңбектерін лингвистикалық деп тануға болады. Бірақ бұл саладағы филологиялық сынның елеулі кемшілігі бар: ол тірі тілді ұмытып, жазба тілге құлша берілген: оның айналысатыны тек қана грек және рим көнеліктерінің саласы. Үшінші кезеңнің басталуы тілдерді өзара салыстыру мүмкіндігінің ашылумен байланысты. Осылайша, салыстырмалы филология немесе басқа сөзбен айтсақ, салыстырмалы грамматика пайда болады. 1816 ж. Франц Бопп өзінің «Санскрит тілінің жіктелу жүйесі туралы…» деп аталатын еңбегінде, санскрит тілі мен грек, латын және т.б. тілдердің арасындағы байланысты зерттеген. Бірақ мұндай байланысты алғашқы рет анықтаған және бұл тілдер бір тілдік ұядан тарайды деген болжам айтқан Бопп емес. Бұл туралы ағылшын шығыстанушысы Вильям Джоунз (1746­ 1794) одан бұрын айтып қойған болатын. Дегенмен, 1816 ж. бұл тұжырымның маңыздылығын кім­кім де ұғынды деу үшін, «жеке» пікірлердің болуы жеткіліксіз. Сонымен, Бопптың еңбегі санскрит және кейбір Еуропа және Азия тілдерінің арасындағы туыстықты анықтауда емес, туыс тілдердің өзара қатынастарын зерттейтін дербес ғылымды жасауға болатынын түсінгендігінде. Бір тілді басқа тіл арқылы талдау, бір тілдің формаларын басқа тілдің формалары арқылы түсіндіру — міне, Бопп еңбегінің жаңалығы осында.

Егер ол кезде санскрит әлі ашылмаған болса, Бопптың өз ғылымын жасауы да (осындай қысқа мерзімде) екіталай еді. Бопп ізденістерінің ауқымы кеңейіп, ұлғаюына грек және латын тілдерімен қатар, деректердің үшінші көзінің, яғни санскрит тілінің мәлім болуы да септігін тигізді; санскрит тілінің өзімен салыстырылатын тілдердің қасиеттерін ашуға қолайлылығы, бұл артықшылықты одан әрі күшейте түсті.

Читайте также:  Халық өкілдігі туралы

Бұған бір мысал келтірейік. Егер латынның genus (genus, generis, genere, genera, generum1 , т.б.) және гректің genos (genos, geneos, genei, genea, geneоn, т.б.) жіктелу парадигмаларын зерттегенде, оларды жеке немесе өзара салыстыра қарасақ та, нәтижесіндегі қатарлар ешқандай қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді. Алайда, оларды сәйкес келетін санскрит парадигмасымен салыстырғанда (janas, janasas, janasi, janassu, janasam т.б.), жағдай күрт өзгереді. Осы парадигмаға көз тастап, басқа: грек және латын парадигмалары арасындағы қатынастың бар екенін білуге болады. Janas әуелгі қалып болуы мүмкін деген болжам жасап (түсіндіруге қолайлы болу үшін,), гректің gene(s)os және т.б. формасында, s екі дауыстының ортасында тұрғанда әр кез жойылып отырады деген қорытынды жасауға болады. Сондай­ақ, осындай жағдайда латын тіліндегі s — тың r — ға айналуы байқалады. Бұдан басқа, грамматикалық тұрғыдан келгенде, санскрит парадигмасы үндіеуропалық түбір туралы түсінікті де нақтылап тұрады, өйткені бұл элемент нақты әрі тұрақты бірлік (janas). Санскрит айқындаған жағдайды латын және грек тілдері дамудың бастапқы кезеңдерінде ғана бастан кешірген. Сонымен, бұл жағдайда санскрит барлық үндіеуропалық s­ты сақтап қалуымен ерекшеленеді. Екінші жағынан алғанда, ол ортақ прототипке тән сипаттарды нашар сақтаған: мысалы, оның дауыстылары ғаламат өзгеріске ұшыраған. Дегенмен де, оның бойында сақталып қалған әуелгі элементтер зерттеуге зор көмегін тигізеді және көбінесе осы санскрит қана басқа тілдегі түрлі құбылыстарды түсіндіре алады.

Әуелден бастап Бопптың қасында басқа да әйгілі лингвистер бой көрсете бастайды: германистиканың негізін қалаған Якоб Гримм (оның «Неміс тілінің грамматикасы» 1819­ 1837 жж. жарық көрді); этимологиялық ізденістері лингвистерге бай материал тауып берген Август Фридрих Потт; ғылыми еңбектері салыстырмалы тіл білімі мен салыстырмалы мифологияны қамтыған Адальберт Кун; индологгар Теодор Бенфей мен Теодор Ауфрехт және т.б.

Осы мектептің ең соңғы өкілдерінің арасында Макс Мюллерді, Георг Курциусты және Август Шлейхерді ерекше атап өткен жөн. Олардың әрқайсысы салыстырмалы тіл біліміне елеулі үлес қосқан. Макс Мюллер тіл білімін тамаша дәрістерімен насихаттаса да («Тіл ғылымы туралы дәрістер», 1861, ағылшын тілінде), оның жауапкершілігі тым артып кетті деуге болмас. Көрнекті филолог Курциустың есімі «Грек этимологиясының негіздері» (1858­1862, 1879) арқылы мәлім болады. Ол ең алғашқы рет салыстырмалы грамматика мен классикалық филологияны «татуластырды». Өйткені соңғысының өкілдері жас ғылымға сенімсіздікпен қарағандықтан, ол өзара сәйкестік сипатта бола бастаған еді. Ал Шлейхер болса — барлық жеке салыстырмалы зерттеулердің басын қосуға талпынған бірінші лингвист. Оның «Үндігерман тілдері салыстырмалы грамматикасының компендиумы» (1861) — Бопп негізін қалаған ғылымның белгілі­бір жүйесін танытатын еңбек. Бұл еңбек көптеген жылдар бойы ғалымдарға мол көмегін тигізуімен қатар, индоевропеистиканың бастапқы даму кезеңіндегі салыстырмалы тіл білімі мектебінің бейнесін де жақсы сипаттай алады.

Читайте также:  Хореография өнерінің пайда болуы мен қалыптасуы

Дегенмен де бұл мектептің құнарлы тыңды игерген еңбегіне ешкім дау айта алмаса да, ол шынайы ғылыми лингвистиканы жасай алмады. Ол өзі зерттейтін пәннің табиғатын ашуға талпынған жоқ. Ал осындай алдын­ала талдауы болмаса, ешбір ғылымның өз тәсілін жасай алмайтыны белгілі.

Салыстырмалы грамматиканың негізгі қателігі (оның өзегінде басқа да қателіктер жатыр) — осы бағыт өкілдерінің, тек үндіеуропалық тілдермен шектелген зерттеулеріндегі салыстырулардың неге сай келіп, анықталған қатынастардың мәні қандай деген сұрақтарға ешқашан жауап іздемеуінде. Олардың ғылымы тарихи болудың орнына, таза салыстырмалы ғылым болып қала берді. Әрине, тарихи болмысты қайта қалпына келтіру үшін, салыстыру қажетті шарт болып саналады. Алайда салыстырудың өзін ғана қолданып, дұрыс тұжырымға келе алмаймыз. Ал мұндай тұжырымдардың компаративистер назарына ілікпеуінің себебі, олардың екі тілдің дамуын жаратылыстанушының екі өсімдіктің дамуын зерттегеніндей зерттеуіне байланысты. Мысалы, Шлейхер үнемі үндіеуропалық алғашқы тілден бастауды ұсынып жүрсе де, яғни, нағыз тарихшы ретінде көрінсе де, күмәнданбастан грек тіліндегі е және о ортақ вокализмнің екі «сатысы» (Slufen) деген пікір айтады. Шын мәнінде, санскрит тіліндегі дауыстылардың алмасу жүйесіне қарап, осындай сатылардың болуы мүмкін деген ойға қалуға болады. Әр тілдегі даму, бір текті өсімдіктердің өзара тәуелсіз даму фазасынан өтуі тәрізді, осындай екі саты арқылы дербес және қатар жүруге тиіс дегенді алға тартып, Шлейхер гректің о­сында е­нің, ал санскриттің а­сында а­ның күшейтілген сатысын көреді. ІІІын мәнінде, мәселе грек және санскрит тілінде әртүрлі көрініс табатын дыбыстардың үндіеуропалық алмасуына байланысты, ал оның осы тілдердегі грамматикалық салдары міндетті түрде бірдей болуы шарт емес.

Бұл таза салыстырмалы тәсілден қателіктердің тұтас жүйесі туындайды, оларға шын мәнінде ешнәрсе де сай келмейді және олар адам тілінің өмір сүру жағдайына да қайшы келеді. Тіл — ерекше сала, табиғаттың төртінші әлемі ретінде қарастырылды; мұның бәрі басқа ғылымда таңқалдыруы мүмкін пайымдау әдістерінің пайда болуына негіз болды. Бүгінде сол кезде жазылған он жолды оқи отырып, ой мен терминдердің қиялилығына таң қалмасқа болмайды.

Читайте также:  ЗАМАНАУИ ӘЛЕМДІК САЯСАТЫНЫҢ ДАМУ ІЛІМДЕРІ

Дегенмен де әдістемелік тұрғыдан алғанда осы қателіктерді білудің де пайдасы тиеді: жас ғалым жасаған қателіктер ғылыми ізденіске алғашқы рет қадам басатындардың қателіктеріне ұқсас келеді; мұндай қателіктердің кейбіреулерін біз талдауға мәжбүр боламыз. XIX ғ. 70­жж. ғана тілдердің өмір сүру жағдайы қандай деген мәселе көтеріле бастайды. Оларға тән ортақ сәйкестіктер біз тіл деп атайтын құбылыстың бір ғана аспектісі екеніне назар аударылады, ал салыстыру — деректерді қайта қалпына келтірудің құралы, тәсілі ғана. Салыстырмалы тәсілдің өзіне лайықты орнын анықтап берген шынайы лингвистика роман және герман тілдерін зерттеу негізінде пайда болады. Мысалы, осы романистика (оның негізін қалаушы Фридрих Диц 1836­1838 жж. өзінің «Роман тілдерінің грамматикасын» басып шығарды) лингвистикаға өзінің шынайы нысанына жақындауға көп септігін тигізді. Үндіеуропалық тілдерді зерттеушілерге қарағанда, романистердің жағдайы біршама қолайлы болатын, өйткені олар роман тілдерінің прототипі болып табылатын латын тілін білген және ескерткіштердің мол болуы да жеке роман тілдерінің дамуын нақты зерделеуге мүмкіндік берді. Осы екі жағдай болжалды ілімдер саласын шектеп, романистиканың барлық ізденістеріне өте жоғары дәрежедегі нақтылықты тән етті. Германистер де ұқсас жағдайда болды; тек, әуелгі герман тілі оларға беймәлім болатын, бірақ көптеген ескерткіштер арқылы одан тарайтын тілдердің бірнеше ғасырлық тарихын анықтау мүмкіндігі бар болатын. Сондықтан да болар, нақтылыққа жақындау тұрған германистер, алғашқы үндіеуропеистерге қарағанда, ерекше көзқарастарға жол ашты.

Бұл ретте алғашқы серпінді «Тілдің өмірі мен дамуы» (1875) деген еңбектің авторы Вильям Уитниден көреміз. Біраздан соң, басшылығында неміс ғалымдары Карл Бругман, Герман Осттоф, германистер Вильгельм Брауне, Эдуард Сивере, Герман Пауль, славист Август Лескщн және т.б. тұрған жас грамматиктердің мектебі (Junggrammatiker) пайда болды. Салыстыру нәтижелерін тарихи перспективаға енгізу арқылы деректерді табиғи ретпен орналастыру — олардың басты еңбегі ретінде танылады. Соның арқасында тіл — өзіндік дамуы бар ағза ретінде ғана емес, тілдік топтардың ұжымдық рухының өнімі ретінде таныла бастады. Мұның нәтижесінде салыстырмалы грамматика және филология идеяларының бұрыстығы және жеткіліксіздігі де мойындалды 2 . Дегенмен де бұл мектептің еңбегі зор болғанымен, ол бүкіл мәселені шешіп тастады деп ойлауға болмайды: жалпы лингвистиканың негізі мәселелері өз шешімін қазір де тосып отырған жайы бар.

Оставить комментарий