Лингвистиканың материалы және міндеті

Алғашқы қауымның ия мәдениетті ұлттардың тілі, қайсыбір тілдің өрлеу ия құлдырау кезеңіндегі ежелгі дәуір тілі, әр кезеңнің өңделген немесе «әдеби» тілі {қарапайым формасын қосқанда} 3 , жалпы, адамның тілдік қызметінің бүкіл көріністерін жеткізетін барлық деректер — лингвистиканың материалы болып табылады. Бірақ, бұл толық тізім емес: көбінесе тілдік қызметті тікелеу бақылауға мүмкін болмағандықтан, лингвист көне немесе алыс елдердің тілінен мәлімет бере алатын жалғыз қайнар ретінде жазба мәтінді пайдалануға мәжбүр болады. Лингвистиканың міндетіне мыналар кіреді: а) барлық тілдік ұялардың тарихын жасауға және мүмкін болып жатса, олардың ежелгі түрлерін қайта қалпына келтіру үшін, барлық қол жеткізуге болатын тілдердің тарихын зерттеу және оларды сипаттау; ә) барлық тілдерде үнемі әрі әмбебап түрде қызмет атқаратын факторларды анықтау және осы тілдердің тарихындағы жеке құбылыстарды түсіндіре алатын жалпы заңдарды анықтау; б) өзінің нысаны мен шекараларын анықтау.

Лингвистиканың деректерін пайдаланатын және оған өз деректерін ұсынатын басқа да бірқатар ғылымдардың лингвистикамен тығыз байланысы бар. Лингвистиканы осы ғылымдардан ерекшелеп тұратын шекара ешқашан айқын межеленбейді. Мысалы, лингвистиканы тілге тек құжат ретінде қарайтын этнография мен ежелгі дәуірлер тарихынан қатаң түрде шектей білу қажет. Сондай­ақ, лингвистиканы адамды зоологиялық түр ретінде зерттейтін антропологиядан да айыра білу керек, өйткені, тіл әлеуметтік дерек болып саналады. Бәлкім, бұл жағдайда, тілді әлеуметтану аясында зерттеу дұрыс болар? Лингвистика мен әлеуметтік психологияның арақатынасы қандай? Негізінен, материалды және механикалық көріністерді қосқанда, мысалы, дыбыстардың өзгеруін, тілдегі нәрсенің бәрі де психикаға қатысты болады; ал әлеуметтік психологияны осыншама құнды деректермен қамтамасыз етуіне байланысты, лингвистика әлеуметтік психологиямен тұтас бірлік құрамай ма? Біз бұл мәселелерге кейін оралатын болғандықтан, оларды осы тұста шолып шығамыз.

Лингвистиканың физиологияға қатысын айқындау қиындық туғызбайды: бұл қатынас бір жақты, өйткені тілдерді зерттеген кезде дыбыстар физиологиясының деректері қажет болады, ал лингвистика болса, физиологияға мұндай қажетті деректерді ұсына алмайды. Қалай болғанда да осы екі пәнді араластыруға болмайды: тілдің мәні — біз оған әлі көзімізді жеткіземіз — тілдік таңбаның дыбыстық сипатымен байланысты емес. Филологияға келетін болсақ, өзара түйісетін нүктелері мен көрсететін қызметіне қарамастан, оның лингвистикадан айқын айырмашылығы болатыны мәлім.

Читайте также:  Поселения и жилища эпохи бронзы

Лингвистиканың практикалық мәні неде? Ол туралы санаулы адамның ғана айқын түсінігі бар және бұл жерде ол туралы тарата айтудың қажеті шамалы. Қалай болған жағдайда да лингвистикалық мәселелер мәтінмен айналысушыларды, мысалы, тарихшыларды, филологтарды және т.б. қызықтырары анық. Сондай­ақ, лингвистиканың жалпы мәдениет үшін маңыздылығы белгілі: өйткені — жеке адам үшін де, бүкіл қоғам үшін де, тілдік қызмет қай нәрсенің де маңыздысы. Сондықтан да оның зерттелуі аз ғана мамандардың қолында қалуы мүмкін емес жағдай. Дегенмен де онымен іс жүзінде әртүрлі дәрежеде барлығы да айналысады; бірақ тілдік қызметке деген мұндай бұқаралық қызығушылықтың оғаш салдары да болады: басқа салада дәл осындай миға қонбайтын идеяларды, қиялдарды, соқыр нанымдарды және сағымдар мен жалғандықты кездестіру қиын шығар. Мұндай адасушылық белгілі бір тұрғыда психологиялық қызығушылықты туғызады. Сондықтан лингвистің ең басты міндеті ондайларды анықтап, мүмкіндігінше жою болып табылады.

Оставить комментарий