ҰЛТ РУХЫНЫҢ АЙҒАҒЫ – «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ ТУРАЛЫ

ХХ ғасырдың басы – қазақ халқының тарихында бүкіл қоғамдық ой-пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, ұлттық сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Осы тұста ұлттық сананың ең өнімді саласы — әдебиеттің, қоғамдық сананың көрсеткіші — баспасөздің күрт алға басуы заңды құбылыс. Халқымыздың саяси-әлеуметтік, әдеби, мәдени ой- пікірін оятып, қалыптастыруға септігін тигізген ұлттық тарихымыздың сырлы шежіресі – «Қазақ» газеті екені дүйім жұртқа мәлім. Осыдан тура 100 жыл бұрын халыққа жол тартқан «Қазақ» газетінің қазақ баспасөз әлемінде және ел тарихында ерекше орын алғаны белгілі. Хандық билігімізден айрылып, қара шаңырағымыз өзгеге қарап, аспанды қара бұлт торлаған заманда барша қазақтың көгіне жарық шашқан, «қараңғылықтың көгіне өрмелеп шығып Күн болған» — «Қазақ» газеті елдік сананың еңсесін түзеп, Алаш рухын оятуға талпынды. Бұл ретте 122 осындай күрделі әрі жауапкершілігі зор міндетті ұлт болашағын ойлаған Алаш арыстары — Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан сынды үш алып кемеңгер ынтымағы жарасып бірге атқарды. Баспасөз қай заманда да дәуір үніне үн қосып, халықты ағарту мақсатында дүниеге келеді. Сол секілді ХХ ғасыр басында жарық көрген «Қазақ» газетінің де ұлы мақсаттары айқын еді. Бұл жөнінде газеттің тұңғыш санында-ақ Ахмет Байтұрсынов мерзімді баспасөздің басты-басты төрт түрлі қызметін атап өтеді: «Әуелі, газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі-дейді. Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатыны жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшінші, газет — халыққа білім таратушы. Төртінші, газет — халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықты арын арлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады» -деп газеттің халыққа пайдасы жөнінде айтып өтеді [1, 10б.]. Осы тұрғыда «Қазақ» газеті жоғарыда аталған қызметтерін мүлтіксіз атқара білді. Алаштың сол дәуірдегі оқыған, тоқыған, саналы азаматтары, ұлт зиялылары баспасөз төңірегіне кеп топтасты. Олар отарланған қазақ жұртының жан айқайын көзбен көре отырып, халықтың басындағы ең өзекті мәселелерге үн қосып, бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестерін ортаға салды. Қазақ халқының саяси дербестігі мен азаттығы жолында «Қазақ» газеті келелі жұмыстар жүргізді. Ұлттық-демократиялық бағыттағы «Қазақ» газетін шығаруға құзырлы патшалық билік тарапынан рұқсат берілгенде, баспасөзде жазылатын арнайы бағдарлама бекітіліп, бұл негізгі он екі бағытты қамтыды. Олар: Үкіметтің бұйрық жарлықтары; Мемлекеттік Дума мен Мемлекеттік Кеңес жұмысы; ішкі және сыртқы хабарлар; қазақтың тарихы мен тұрмыс жайы; этика, тарих, этнография және мәдениет мәселелері; экономика, сауда, кәсіп, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы; халық ағарту, мектеп, медресе, тіл және әдебиет мәселелері; тазалық, денсаулық және мал дәрігерлігі жайы; фельетондар; корреспонденциялар мен жеделхаттар; жергілікті хроника; суреттер; пошталар (хаттар); құлақтандырулар. Әрине, газетті шығарушылар аталған бағдарламаны толық орындаумен қатар, әскери цензураның қатаң бақылауына қарамастан қазақ мүддесі үшін күресуден еш тайсалған жоқ. Қазақ қауымы үшін қызмет көрсеткен «Қазақ» газеті ақпараттарында жоғарыда аталған бағдарламаның барлық тақырыптары түгел дерлік қамтылды. Барлық тақырыптардың, газетте көтерілген күрделі мәселелердің келіп тоғысар тұсы – қазақ жағдайы, ұлт мүддесі болаты. Өйткені, газет шығарушылардың ұстанған жолы, діттеген мақсаттарының өзі қазақ жағдайын жақсарту, көзін ашу, ұлт ретінде қалыптастыру, тәуелсіз мемлекет құру идеясы еді. Ол үшін қазақ зиялылары қандай жұмыстарды атқару керектігін, қазақ даласын қандай жолмен басқару, қай бағытта дамуы қажет екендігі талқыланаған әлеуметтік маңызы зор өзекті мәселелерді көтеріп, қазақ жұртын оятуды ұлы мақсат етті. Ал, газеттегі «Ішкі жағдай», «Сыртқа хабарлар», «Европа соғысы», «Г.Дума», «Думадағы қазақ мәселесі» т.б. сынды тақырыптар осының дәлелі. Алаштанушы Мәмбет Қойгелдиевтің «Қазақ» газетінің материалдары біріншіден, ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығындағы қазақ қоғамында болып өткен түрлі қоғамдық процестерді зерттеп тану үшін аса бағалы деректер, екіншіден бостандық үшін күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет еткен» — деп пайымдауы біздің айтаройымызды да нақытылай түседі. . Алаш арыстары ұлт тарихының мәселелерін де назардын тыс қалдырмады. Себебі газет бетінде «Қазақтың тарихы» деген айдармен ұлт тарихына қатысты мәселелер қозғалып отырды. Ахмет Байтұрсынов «Түрік баласы» деген бүркеніш атпен «Қазақ тарихы» айдарымен жарияланған мақаласында: «…Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» — деп қазақ халқына ұлттық құндылығын сақтауды, тарихын білуді насихат етеді. Сонымен бірге қазақ туралы мәселелердің ең 123 бастысы — жер, мүфти, билік және білім мәселелері деп осы тақырыптарға ерекше мән берді [1, 19-20б.]. «Газет – халыққа білім таратушы» деген Ахмет өзінің 1913 жылғы жарияланған «Қазақ жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі… Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі» — деп оқудың қоғамды өзгертуші күш екендігін, оқу –білім ғана адамзатты тәрбиелеп, даңғыл жолға салатынын ескертеді. Осы орайда қазақ даласынан Ахмет айтқан идеяны әрі қарай насихаттағандары да болды. Мәселен 1913 жылдың алғашқы санында студент Есенғали Қасаболатовтың «Қазақ жастарына» атты мақаласы жастардың білім мен ғылымды игеріп, ел пайдасына қызмет ету қажет екендігі сөз болған. Осы мақсатта мақала авторы «басқа жұрттардың жастарының бәрі де өнерпаз болып, түрлі-түрлі пайдалы істер істеп, заманның төріне қарай бірінен-бірі қалмай білімін асыруға тырысып жатқандығын» қамшылап, қазақ жастарына рух бере өктем сөйлей жеткізеді. «Жұртта білім болса, байлық, құрмет, барша рахат та табылмақшы, егерде білім, өнер жоқ болса, дүниедегі кеңшіліктің бәрінен де құр қалып, көрінгенге жем болып, шөліркеп, азып-тозып бітпекші»-дейді. Ұлт зиялылары көтерген бұл мәселені жас қазақ «ақсақ қойдай артқа қалған халықты қатарға кіргізетін, заманның амалына түсініп, жол көрсететін жаңа талап, талпынған әр жігіт, жастар болса керек» деп қазақ жастарына ғылым жолына түсіп, елімізге қызмет ететін азамат болайық деген өткір ойын жеткізеді [1,24б.]. Осы мақаламен үндес жазылған М.Дулатовтың 1913 жылғы санында жарық көрген «Қазақ жайы» мақаласы да ерекше атап өтуді қажет етеді. Өйткені озық ойлы азамат сол ХХғасыр басындағы қазақтың хал-жайынан хабардар ете отырып, адамның ғылым мен өнер үшін жаратылмағандығын, ғылым мен өнер адам үшін шыққан, сол нәрсені іздеп, қажетіне жаратуды сөз етеді. Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үйлестіруші. Озғандар ғана бәйге алатыны секілді қазақ азаматтарына ғылым мен білім көшінде озуды өмірлік мұрат ету керектігін айтады. «…Бұрынғыдай кең даланы қазақ жалғыз меншіктеп отырған жоқ, басқалар да келіп тығылды. Басқалармен араласу енді көбейді. Сол себепті бізге өзгелерден кем болмай, тең болу үшін білім мен өнерді игеру керек» деген байлам жасайды [1,31б.]. Шынында да, мақала авторының айтпағын бүгінгі тұжырымдармен сабақтастыратын болсақ, «білектің күшімен емес, білімнің күшімен жарысатын заман» дегенге саяды. Алаш арыстарының армандағаны – қазақ жастарынның көзі ашық, көкірегі ояу, саналы азамат атанып, ел игілігіне жарап, қызмет етуі. Олар шамаң жеткенше заманының алды бол, қолыңнан келмесе ортасында бол, ешқашан заманыңнан кейіндеп қалма деген өткір ойларын халыққа газет арқылы жеткізді. Алаш зиялылары айтқан әр сөз халық жүрегіне «Қазақ» арқылы жетіп отырды. «Қазақ» газетінің таралымы жөнінде ғалым Қ.Сақ: «Қазақ» газеті 1913 жылдың 2 ақпанынан 1918 жылдың 16 қыркүйегі аралығында аптасына бір мәрте, ал 1915 жылы жұмасына екі рет жарық көріп, барлығы 265 нөмері басылып шыққан. Ұлттық мерзімді баспасөзіміздің қалыптасу дәуірінде мұндай ұзақ уақыт үзбей жарық көріп тұрған бейресми басылым жоқ. Оның үстіне, шығып тұрған уақытында қазақ даласында болған тарихи оқиғалардың шынайы шежіресіне айналып, ұлттық азат ойдың ұясы қызметін қоса атқаруы газет құндылығын еселеп арттыра түседі. Бұл қырынан келгенде, «Қазақты» ұлттық сананың ұйытқысы бола білген басылым деп бағаласақ, әсіре айтып, ауа жайылғандық болмайды» — деген пікірін келтіреді [2,26б.] Біз бүгінгі мақаламызда «Қазақ» газетінде жарияланған әдеби мақалаларға кеңінен тоқталуды жөн санадық. (Осы орайда Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сақ құрастырған жинақты басшылыққа алдық) 1913-1918 жылдар аралығында газетте біз қарастырған жинақта бас-аяғы 465 мақала берілген. Оның ішінде, 1913 жылы — 59, әдебиетке қатысты — 4 мақала, 1914 жылы – 35, әдебиетке қатысты — 4, 1915 жылы — 122, әдебиетке қатысы бар – 28, 1917 жылы -70, әдебиетке қатысты — 4, 1918 жылы — 26, әдебиет жайы 2 мақалада қарастырылған. Әрине бұл жинақта 265 нөмерінде жарыққа шыққан ақпараттың барлығы 124 қамтылмағаны анық. Біз қолда бар мәліметтерге сәйкес «Қазақ» газетінде қарастырылған әдебиеттану мәселелеріне кеңінен тоқталмақпыз. «Қазақ» газетінің алғашқы санында жарық көрген ұлт көсемі Ахметтің «Қазақтың бас ақыны» деп аталатын зерттеу мақаласы ұлттың ұлы ақынын танытуға алғаш болып қадам жасалған әдеби мұра. Ахмет Байтұрсынов: «Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» — деп ұлы Абайдың қазақ әдебиетіндегі орнын анықтап, Абайдың өлең жазу шеберлігіне де тереңнен үңіледі: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең…Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармап жазады»,-деген бағалы сөзі «Қазақ» газетінде 1913 жылы жарияланған болатын [1,71б.]. Ахметтің бұл ойын әрі қарай өрістеткен М.Дулатов: «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Бәлки мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай… Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз» — деп жазған болатын [1,104б.]. Бұл аталған мақалалар қазақ даласына ұлы Абай сынды данышпанды танытып, оның шығармаларымен кең танысуды насихаттаған. Сонымен «Қазақта» жарияланған Ахметтің, Әлиханның, Міржақыптың Абай туралы ойлары абайтануға зор үлес болды десек, артық айтпаған болар едік. Ендеше, «Қазақ» газеті абайтанудың негізін қалады» деген зерттеуші Х.Айтжановтың сөзі ойымызды нақтылай түскендей. Сонымен қатар М.Дулатовтың Шоқан Уәлиханов хақында жазған ғұмырнамалық очеркі бүгінгі «шоқантану» деп аталатын ғылым саласының бастауында тұрған сүбелі үлес десе де болғандай. Бұл жөнінде 1914 жылғы басылымның 56 санында жарияланған «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов» деген мақаласы жазушы ойының ұшқырлығымен ерекшеленеді. Мақаланы жазу мақсатын Міржақып алдымен: «Шоқанды һәм оның шығарған кітабын жалпы қазақ түгіл, оқығандар арасында білушілер өте сирек болса керек. Соның үшін «Қазақ» арқылы жұртты Шоқанның өзі һәм кітабымен таныстырғым келеді»- деп түсіндіруге тырысады. Одан әрі Шоқанның өмір жолынан, ғылыми шығармаларынан шолу жасайды. «Шоқанның кім екенін көп қазақтың білмеу себебі оның опатына биыл 49 жыл өтті. Қазақ сияқты өнер-білімнің асылын танымаған, қаламмен қызмет етушілердің қадірін білмеген жұртқа 49 жыл ұмытарлық көп заман. Қылышынан қан тамған батыр болмаса, Қарымбайдай ертегі болып қалған бай болмаса, оқушысы жоқ біздің қазақ ғылым жолында еңбек сіңірушілерді тез ұмытқыш келеді. Бірақ заман өткен сайын халықтың көзі ашылып, әдебиеті гүлденіп, матбуғаты жайыла бастаған кезде естен шыққан Шоқандардың артында қалдырған сөзі тіріліп, кім екендігін білдірмей қоймайды. Міне, қазақ үшін сол дәуір 50 жыл дегенде туып отыр» -деп болашаққа үмітпен қарайды және «…Шоқан қазақ халқының данышпан жазушысы, қазақ әдебиетіне бірінші негіз құраушы болмақ еді, бірақ заман һәм тағдыр опа қылмады, Шоқан арманда кетті» -деп іштегі күйінішін де бір білдіріп алады [1,110б.]. Мақала авторы Шоқанның ғылыми еңбектерін қалың жұртшылыққа таныстыруды мақсат еткендігі көрінеді. «Қазақ» газеті абайтанудың, шоқантанудың негізін қалаумен шектеліп қалған жоқ, сонымен бірге әдебиет мәселелерінен халық ауыз әдебиеті үлгілеріне де ерекше назар аударды. «Қазақ» газетіндегі халық мұрасына деген жанашырлық екі бағытта жүргізілді- дейді Х.Айтжанов. «Бірі – ауыз әдебиетін жинаушылар еңбегін бағалау, оларды халыққа таныстырып отыру. Екіншісі – ұлт мұрасын жинаудың жүйелі жолға қойылуын сөз етіп, шыққан жинақтарға пікір айту»- деп көрсетеді [3,17б.]. «Қазақ» газеті қазақ ауыз әдебиетін жинауға еңбек сіңірген адамдарды ерекше дәріптейді. Олардың қатарында Г.Н.Потанинді атасақ болады. Ол жөнінде басылымның 1914 жылғы санында жарияланған М.Саматов «Потанин баяндамасынан» деректер келтіреді. Мысалы Потанин халық ауыз әдебиеті жөнінде: «Қазақ арасында ұлт әдебиетін гүлдендірушілер көбейіп келеді. Қазақтың ертегі, шежірелерін жинау үшін бір комиссия сайларға керек. Бұл комиссияның ішінде қазақтың болуы қажет» деген Потаниннің пікірін 125 жеткізеді [1,96б.]. М.Дулатовтың 1915жылы жарияланған «Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев» және тағы сол жылғы М.Шоқайдың «Әбубәкір Диваев» мақалалары да халық ауыз әдебиеті үлгілерін насихаттаған тұлғаларды халыққа таныстырып, дәріптеуге арналған. Ұлт мұрасын жинаудың жүйелі жолға қойылуы жөнінде жазылған мақалалар қатарына 1915 жылы жарияланған бірнеше мақалаларды жатқызуға болады: Қыр баласы деген бүркеншік атпен жарияланған «Қара қыпшақ Қобыланды» және Ахмет Баржақсиннің «Мақалдар» атты мақаласы. Мәселен, А.Баржақсин «…Мақал – қысқа, тегістеліп айтылған халық аузындағы өсиет. Онда қай жағынан болса да дұрыстық айтылады: «Уайым түбі — теңіз, батасың да кетесің, тәуекел түбі – қайық, мінесің де өтесің». Мақалдар мен мәтелдер халықтың бірнеше ғасырлық данышпандығын көрсетеді. Мәтел – қысқа һәм қай түрмен айтылған халық өсиеті. Оның ішінде бар анықтық, ойды қысқа ғана айтады» — деп оқырман қауымға мақал мен мәтелдің ара-жігін ашуға көмектесіп, қысқа әрі нақты анықтама беруге тырысқан [1,183б.]. «Қазақта» жарияланған әдеби-танымдық мақалалардың ішінде шоқтығы биік құндыларының бірі – Р.Мәрсековтың «Қазақ әдебиеті жайынан» атты мақаласы. Мақала 1915 жылы жарияланған. Р.Мәрсеков қазақ әдебиетінің сол кезде енді алға басып келе жатқанын және қазақ әдебиетінің болашақта кең қанат жаятынына сенім білдіреді: «Қазақтың әдебиеті бүгін кеш жарыққа шығып, жұрттың сынына түсіп тұр. Әдебиет те жас баламен бірдей, сүйеу күтеді. Халық жақсы көзбен қараса, әдебиетке демеу болып, әдебиет өрге басады. Абайдан бері һәм одан үлгі алған кейінгі жастарымыздың ыждақатымен әдебиетіміз түзу жолға түсті» деген ой қорытындысын берген. «Қазақ» газеті сол өткен ғасырдың басында-ақ әдебиеттану мәселелеріне бей-жай қарамағандығын байқауға болады. Себебі «Қазақ» газетінің авторларының көпшілігі – ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің біртума білгірлері, зиялы азаматтары. Олардың көш бастауында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев сынды ақын- жазушыларымыз тұрғанда қалайша ұлтымыздың рухы — әдебиет мәселесі шеттетіліп, кенже қалмақ? «Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытұлының «Абай» журналының 1918 жылғы №5 санында «Екеу» деп қол қойған «Абайдан соңғы ақындар» атты мақаласында: «… оянған ойдың бетін түзеп, жолға салып, ілгерілеуіне қамшы болған «Қазақ» газеті. Бұл газет – халықтың саяси көзі ашылуына, «жұрттық» деген ойдың кіруіне қандай себеп болса, әдебиеттің гүлденіп өркендеуіне де сондай себеп болды» — деуінде шынайы әділ бағалау байқалады. Ал танымал ғалым Ғарифолла Әнестің «Рухты оятқан «Қазақ» атты мақаласында: «қазақтың бағына туған «Қазақ» өз тарихи миссиясын орындап үлгерді. Алаш рухты жұртының намысы жанып, еңсесін биіктетіп, қайратын тасытып, өз ортасынан Ұлт көсемі мен Ұлт ұстаздарын, Алаш қайраткерлерін тәрбиелеп шығарды. Бізден алыстаған сайын сом тұлғалары биіктей беретін Алаш арыстары ұрпағымен мәңгі жасайды. Олардың артында тұтас бір елдің тарихы бар» — деп баға берген. Қорыта айтқанда, «Қазақ» газеті жарық көрген уақыт ішінде өзі көтерген міндетті, алға қойған ұлы мақсатты орындап шыға алды. Ұлттың ақыл-ойының қайнар көзі саналды. Сол кездің өзінде тәуелсіз ел болуға үндеген, ұлт мұратын ұрпаққа аманат еткен алаш баспасөзінің атасы өзінен кейінгі ұлт баспасөзіне үлгі-өнеге болып, даңғыл жол ашты. Сонымен қатар ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, әдеби тілдің бірізденіп, өріс аясының дамуына үлес қосқан ұлт баспасөзі бола білді. Бұл ретте газеттің бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейхановтың, М.Дулатовтың «Қазаққа» және қазақ даласына сіңірген еңбегі зор. Осы мезетте ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялылары мен ХХІ ғасырдың басындағы Ұлт Көшбасшысы, елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары – Алаш көсемдерінің идеяларымен сабақтасып жатыр. Бүгінгі «Мәңгілік ел» идеясы – Алаш идеясының жалғасы іспетті. Белгілі алаштанушы ғалым Т.Жұртбай: «Бізге Алаш идеясын назарға алу қажет. Алаш идеясы қазаққа мәңгілік идея болып қалуға жарайды. Онда ұлттың барлық мүддесі қамтылған»-деп ұлтымыздың идеологиясына Алаш идеясын алу қажет деп айтқан пікірін біз 126 де қолдаймыз («Астана ақшамы» газеті). Асылында, ұлт көшбасшысының төңірегіне шоғырланған азат ойлы азаматтардың арманы – ұлтының баянды болашағы және іргесі мықты мемлекет құру болатын. Бұл алаш зиялыларының елдік идеясы елбасымыздың бүгінгі таңда Қазақстанның бәсекеге қабілетті дамыған 50 елдің қатарына қосылуы, сонымен бірге әлеуеті дамыған 30 елдің қатарынан ойып тұрып орын алу идеясымен де ұштасып жатыр. Олай болса, 100 жыл бұрынғы идеяның жаңғыртылып жақындауы қазіргі заманғы тәуелсіз қазақ елінің алдына қойған мақсаттарымен ұштасып жатуы – Алаш қайраткерлерінің идеяларының мәңгілік екендігін көрсетеді. «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз!».

Оставить комментарий