Ұлттық байлықтың бірдей бөленбейтіні туралы

Қазіргі кезде өзінің тұсында ұлттық байлық тең бөліне алатын (соған ұмтыла алатын) басқару пошымы жоқ. Дара биліктің езгісіндегі халықтан осындай теңдей бөлуді күтудің өзі есуастық болар еді. Деспоттық мемлекеттерде бүкіл халық байлығы аз ғана әулеттің қолына шоғырланады, және оның себебі қарапайым. Олардың халқы қожайыны бар екенін мойындайды; оларға алым­салықты ол өз қалауынша белгілей алады; оз қалауынша азаматтардың бір табының мал­мүлкі екінші тапқа алып бере алады. Сондықтан мемлекеттің бүкіл байлығы фавориттердің қолына шоғырлануы үшін коп уақыттың қажеті жоқ. Осынау мемлекеттік қасіреттен тақсыр қандай пайда табады? Ол пайда мынадай.

Барлық адамдар сияқты, деспот та өзін өзгелерден жақсы көреді. Ол да бақытты болғысы келеді және, жеке адам секілді, өзін қоршаған ортаның қуаныш­қайғысына өзінің де қатысы бар екендігін түсінеді. Ол өз адамдарының, яғни өзінің төңірегіндегілердің риза болуына мүдделі. Бірақ олардың алтынға ашқарақтығында шек жоқ. Бұл тұрғыдан оларда қанағат болмаса, олар ылғи талап ететін нәрседе ұдайы қалайша «болмайды» дей бересің? Ол өз жақындарын ылғи да ренжітіп, айналасындағылардың бәрінің өкпесін сезініп отырмақ па? Ондай ержүректік ілуде бір ғана ұшырасады. Сондықтан деспот сарай ішіндегілер үшін өз халқын ұдайы тонай береді. Ол өз фавориттерінің арасында бүкіл дерлік мемлекет байлығын бөліп береді. Осындай бөлістен кейін олардың сән­салтанатына қандай шек қоюға болады? Осынау сән­салтанат коп болған сайын мемлекет тап болған сондай жағдайда шек қою солғұрлым пайдалы болар еді. Негізгі жамандық және сән­салтанатты туындататын негізгі себептер ұлттық байлықтың теңдей бөлінбеуінде және тақсырдың шектен тыс құдіретінде жатыр. Өз міндетін нашар білетін, өзінің әлсіздігінен шашуды ғана білетін ол, әділетсіздіктер жасағанда, өзін керемет жомартпын деп ойлайды. Бірақ халықтың мұқтаждықтан шыққан зары оның адасқанын ескерте алмай ма? Солай, бірақ бодандардың шағымы қандай да бір сұлтанның тағына ешқашан жетпейді. Оның үстіне, олардың наразылығы оның қазіргі бақытына ешқандай тікелей әсер етпейтін болса, оның игілігінің оған керегі не?

Читайте также:  РАЗВИТИЕ ЭТНОПЕДАГОГИКИ КАК НАУКИ И УЧЕБНОЙ ДИСЦИПЛИНЫ ЗА ГОДЫ НЕЗАВИСИМОСТИ КАЗАХСТАНА

Сән­салтанат, деп дәлелдеймін мен, елдердің көпшілігінде деспотизмнің шұғыл да қажетті нәтижесі. Олай болса, сән­салтанаттың дұшпандары деспотизмге қарсы шығуы керек. Салдарды жою үшін, оның себебін құрту керек. Бұл салада қолайлы өзгеріс жасаудың бірден­бір тәсілі – заңдар мен мемлекеттік басқаруды елеусіз ғана өзгерте беру. Тақсырдың өзі мен оның ұрпағының игілігі үшін осынау қаһарлы моралисттердің монархтар ешқашан аттап өте алмауға тиіс салықтар табалдырығын орнатқан жөн болар еді. Егер заң тақсырдың жомарттығы үшін алынбас кедергіге айналса, патша сарайындағылар өздерінің парықсыз тілектері мен талаптарын тежеуге мәжбүр болар еді; олар ала алмайтын нәрсесін талап етпейтін болады.

Бұлай етсек тақсырдың бақыты кемиді дейтіндер бар. Әрине, оның жанында сарай ішіндегілер саны, әсіресе ең пасықтарының саны азаяды, бірақ тақсырдың бақыты үшін олардың пасықтығының тіпті де қажеті жоқ қой! Егер қандай да бір корольдің сүйіктілері бостан да шапағатты жандар болса, ол солардың шапағатшылдығын өзі байқамай­ақ үйренеді. Бұдан оған тіпті де жаман болмайды, ал халқының жағдайы анағүрлым жақсарады. Сонымен, дара билік тек ұлттық байлықтың теңдей бөлінбеуіне ғана жәрдемдеседі.

Оставить комментарий