Ұлттық бірегейлікті сақтау үшін күрес

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы ұлт тарихындағы кездейсоқ, тек бір кезеңге ғана тән өткінші тұлғалар емес, көтерген қоғамдық жүгі мен жеке азаматтық үлгісі тұрғысынан ұлт жадында мәңгі сақталатын қайталанбас құбылыстар. Өйткені олар өз ғұмырларын арнап, орнықтыруға күш салған құндылықтар, яғни халықтың өз ішіндегі әлеуметтік теңдігі, сондай­ақ өзге жұрттан тәуелсіздігі ешуақытта маңызын жоғалтқан емес және жоғалтпайды. Әрине Исатай Тайманұлы тұлғасын оның артында тұрған қалың жұртынан, оның соңына ерген елінің сол тарихи мезгілдегі күнделікті ағымдағы өмір сұраныстарынан, сол елдің санғасырлық мәдениетінен бөліп алып қарау мәселенің табиғатына қиянат жасаумен тең болар еді. Міне осы тұрғыдан алғанда Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы 19­ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ азаттық қозғалысының көш бастаушылары ғана емес, сонымен бірге ұлттық мәдениет пен сол тұстағы басқарушы саяси топтың, дәреже­ деңгейін анықтап берген тарихи тұлғалар болып табылады. Осы арада мынадай бір жағдайға көңіл аударуға тура келеді. Көтерілістің басына Исатаймен бірге Махамбет сияқты ірі тұлғаның келуі, әрине, кездейсоқ құбылыс емес­тін. Ол сол тарихи мезгілдегі қазақ қоғамының қоғамдық­саяси өміріндегі өзгерістермен қатар оның рухани әлемінде де терең сілкіністердің жүріп жатқандығының нақты көрінісі еді. Осы ретте біз сол ХІХ ғасырдың 30­40 жылдары, яғни бар болғаны 20 жылға жетер­жетпес мерзімде Жоламан Тіленшіұлы, Жанқожа Нұрмағамбетұлы және Кенесары Қасымұлы сияқты алып саяси тұлғалар бастаған көтерілістердің қазақ даласын өз құшағына алғандығын, ал осы саяси қозғалыстардың мұрат­мақсаты Мұрат Мөңкеұлы, Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы, Нысанбай, Досқожа, Күдері, Шернияз сияқты ойшыл ақын­жыраулардың шығармашылығына арқау болғандығын еске алсақ, онда қазақ елінің тек мал соңында күнін өткізген қараңғы тобыр ғана емес, сондай­ақ өмірдің тауқыметін көре жүріп өзінің ертеңі жөнінде ойлана білген, өзінің ұлттық бірегейлігін сақтау үшін күресе алатын ұлт болғандығын байқаймыз.

Егер біз тек Ресей империясы құрамында болған мезгілді ғана алсақ, онда старшын Исатай бастаған саяси топтың осы тарихи кезеңдегі ұлттық элита тарихындағы шамамен үшінші буын өкілі екендігін, сондай­ақ бұл саяси топ қызметіне тән мынадай жағдайларды бөліп айтуға тиіспіз. 1­ден, Исатай Тайманұлы бастаған қозғалысты 19­ғасырдың алғашқы жартысында бүкіл қазақ елі көлемін қамтыған Ресейлік экспансияға қарсы ондаған қозғалыстар контексінде ғана тура түсініп, бағалау мүмкін. Ол сөзсіз өзінің шығу негізі тұрғысынан Ресейлік экспансияның нәтижесі, соған берілген жауап. Сонымен бірге, 2­ден, Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісті сол тарихи мезгілдегі өзге қарсылықтардан бөліп тұрған ерекшелігі бар. Ол көтерілістің ашық та айқын «қара қазан, сары баланың» қамын жеген бұқаралық сипат алуында еді. Бұдан бұрын қазақ жерінде болып өткен қоғамдық қозғалыстар мұндай айқын әлеуметтік, анығырақ айтқанда таптық сипат алған емес. Бұл ретте біз қазақ қоғамынан 19­ғасырдың алғашқы жартысында­ақ әлеуметтік әділетсіздікке қарсылық көрсетіп, хан мен оның қамқоршысы империялық биліктен ақырып теңдік сұраған Исатай Тайманұлы сияқты ұлы тұлғаның шыққанын мақтаныш тұтқанымыз әбден орынды да негізді. Кез­келген ұлы тұлға, бұл ретте, мәселен, Махамбет сияқты ақынның шығармашылығы мен қызметі өз ұлтының сол тарихи мезгілдегі ең озық ұстанымдары мен рухани ұмтылыстарын айғақтайды. Венгерлер үшін ол Ш.Петефи, поляктар үшін – А.Мицкевич, орыстар үшін – А.Пушкин. Міне осы қатарда «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім» деп армандаған Махамбеттің биік тұлғасы тұр. Исатай Тайманұлы бастаған қозғалыс бұл ретте қазақ қоғамының осы тарихи мезгілде өз ішінде биік рухани құндылықтарды қадір тұтып, қастерлей білгендігінің, ал осы құндылықтар жүйесінде ең биік тұрғаны да сол «қара қазан, сары бала қамы» екендігін, сондай­ақ бұл мәселеде де Исатай Тайманұлы қозғалысы қазақ жұртын әлемдік өркениет көшіндегі алдыңғы ұлттардың қатарына көтеріп тұрғандығын батыл да сенімді айта аламыз. 3­ден, бұл тақырыпқа қалам тартқан қайсыбір зерттеушілер Жәңгір бастаған биліктегі топ пен Исатай старшын арасындағы егесті билік үшін, халыққа ықпал жасау үшін жүргізілген егес ретінде түсіндіруге бейім. Кезінде бұл пікірді Николай І патшаға жазған хатында (1839 ж. 19 шілде) Жәңгір хан да осы ұстанымды орнықтыруға тырысқан. Бұл тақырыпқа қалам тартқан жазушы және журналистер арасында Жәңгір хан мен Исатай, Баймағамбет сұлтан мен Махамбет арасындағы қайшылыққа өткінші сипат беру әрекеті байқалады. Ал Исатай мен Жәңгір хан арасындағы егес қазақ қоғамында, оның ішінде кіші жүз ауқымында бұрыннан келе жатқан, яғни Есім хан мен Сырым батыр, Жантөре хан мен Қаратай сұлтанның арасындағы өзара текетерістің жалғасы екендігі есепке алына бермейді. Сонымен бірге патшалық билік жағына шыққандарды «реформаторлар» есебінде көрсету әрекеті де байқалады.

Мәселен, 2011 жылы Исатай Тайманұлының қозғалысына арналып Абай атындағы ҚазҰПУ­де өткен ғылыми конференцияда профессор Әзімбай Ғали «Исатай мен Махамбет Жәңгір хан жүргізген реформаға қарсылық көрсетті, яғни олар консервативтік ұстанымда болды. Ал егер қазақ қоғамы Жәңгір хан ұсынған жолмен кеткенде бүгін біз шамамен Чехия сияқты еуропалық мемлекеттің деңгейінде болатын едік» деген тұжырымды білдірді. Жалпы мұндай пікір бұдан бұрын да айтылған. Осы ұстанымға байланысты мынадай жағдайды еске салу парыз. Біріншіден, Исатай Тайманұлы мен Жәңгір ханның өзара арпалысында ханның жеңгені күмән тудырмаса керек. Қазақ жеріне ентелеп еніп келе жатқан «еуропалық» билік біржола орнады. Бұл Жәңгір хан партиясының жеңісі емей не? Олай болса Қазақстан осы билік жағдайында Чехия жеткен дәрежеге неге көтеріле алмады? Екіншіден, Жәңгір ханның ағартушылық қызметі тарих ғылымында жоққа шығарылмайды. Ал бірақ оның саяси және экономикалық қызметін асыра бағалап, бұқара халық мүддесіне жасаған қиянатына көз жұму қаншалықты негізді бола қояр екен? Үшіншіден, Исатай мен Махамбетті еуропалық ұстанымдағы Жәңгір ханның реформаторлық қызметін түсіне алмаушылар ретінде көрсету бұл тарих ғылымында алғаш рет көрініс тауып отырған пікір емес. Осы мазмұндағы ұстаным бұдан бұрын да байқалған. Бұл ретте, мәселен, кезінде большевиктердің Алаш қайраткерлерін табиғи ұлт мүддесін қорғаушылар ретінде емес, ретроград, өткен өмірді аңсаушылар ретінде айыптауын еске алсақ та жеткілікті. Төртіншіден, Жәңгір Бөкейұлы хан атағын иемденгенімен шын мәнінде оның билік құзыры бұл атағына сәйкес келмейтін. Кезінде Жәңгірдің әкесі Бөкей орыс патшасынан өзі басқаратын ордаға хандық статусын сұрағанда патшадан «Мемлекет ішінде мемлекет болуы мүмкін емес!» деген жауап алған. Сондықтан да Жәңгір ханның құзырын асыра бағалап, оны реформатор ретінде көрсету тарихи шындыққа жанаса қоймайды. Осы ретте мынадай бір мәселеге көңіл аударайын. Ол Исатай – Махамбет тұлғаларының бүгінгі бізге де қуатты ықпалы жөнінде. Басқа мезгілді былай қойғанда, тек осы 19 ғасырдың алғашқы жартысында ғана қазақ қоғамында Кенесары хан, Қаратай сұлтан, Арынғазы сұлтан, Жоламан Тіленшіұлы, Есет Көтібарұлы, Жанқожа Нұрмұхаметұлы және басқа да көптеген тарихи тұлғалар галереясын байқауға болады. Мұнша тұлғаларға бай құбылыс ненің көрінісі? Ол бұл мезгілде қоғамда жеке адамның ішкі тұлғалық қасиеттерінің ашылуына қажет алғышарттардың белгілі дәрежеде болғандығының көрінісі. 19 ғасырдың алғашқы жартысында қазақ қоғамы психологиялық­адамгершілік тұрғыдан отарлық үстемдіктің диірменіне әлі де болса түсе қоймаған мезгіл еді.

Читайте также:  В нынешнем году ЕНТ будет проводиться семь дней - МОН РК

Енді осы айтылған мәселелерге Жәңгір хан, Исатай старшын және Махамбет ақын сияқты тарихи тұлғалардың ұстанымы арқылы тағы да бір назар аударып көрейік. Бөкейұлы Жәңгір хан Жәңгір ханның Әбілхайыр әулетіндегі өзінен бұрынғы хандардан білімі, интеллектуалдық деңгейі жағынан ұтымды көрінетіндігі даусыз. Орыс ақсүйектерінің ықпалында болған, тәрбиесін алған, әлпешін көрген,белгілі дәрежеде заманына лайық орыс мәдениетін игерген, хан тұқымы және хан ретінде орыс билік аппаратының ойын тәртібін бойына сіңірген тұлға. Ол бір нәрсені, негізгі нәрсені жақсы түсіне алды: отарлаушы биліктің тапсырмасын орындап және оған адал қызметімен ұнау арқылы ғана хандық билікте отыра алатындығын. Ол үшін бірінші кезекте артында тұрған жүз мыңнан астам орда халқының мүддесі емес, әрине, хан тағы, әулет және төңірегін қоршаған феодалдар мүддесі тұрды. Ол алған білімін, тәрбиесін, қарым­қабылетін алдымен хан тағы мен өзін қоршаған ортаның жағдайын нығайтуға жұмсады. Патшадан түпкі атасы Шыңғыс ханнан бері үзілмей келе жатқан хандық билікке мүрагерлік сипат беруді өтінді. Оның түсінігінше тек хандық билік қана қазақ ордаларындағы тыныштықтың кепілі бола алады. Ал «Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің жалғыз ғана себебі осы Шыңғыс тұқымына тиесілі билік түрін халықтың өз қалауы және сайлауы бойынша анықталатын билік түріне ауыстыру әрекетінен туындап отыр» деп көрсетіп,патша алдында көтерілістің шығу себебіне мүлдем басқа сипат беріп, билікті алдау жолына түсті. ХІХ ғ. 20­40 жылдары тұрғысынан алғанда Жәңгір хан тұлғасына байланысты мынадай бір ерекшелікті аңғармау мүмкін емес. Ол Ресей империясы жүйесіндегі мемлекеттік басқару ісінде Қазақстанның басқа өңірлерінде Жәңгір хан дәрежесіндегі жоғары лауазымды қазақ шенеунігінің болмағандығы. Ауқымы Ресейлік ортаң қол уез дәрежесіндегі Ішкі Ордаға империялық әкімшілік единицасы ретінде қарап, төңірекке көз салсақ онда, әрине, Жәңгір деңгейіне көтерілген ұлты қазақ шенеунікті көре алмаймыз. Бұл ретте Жәңгір хан атасы Әбілқайыр хан заманынан бергі уақытта жоғарғы орыс әкімшілігінің сыны мен қатаң сұрыптауынан өткен сұңғыла шенеунік. Бәлкім басқа «қамырдан» жаратылған болса Жәңгірдің замандасы Кенесары Қасымұлы да орыс тәрбие­тепкісіне көніп генерал дәрежесінде қазақ жерінің басқа бір сүбелі аймағында билік құрып, өмірден озуы әбден мүмкін еді. Басқаша айтқанда, Жәңгір хан Ресей империясы жағдайында енді ғана қалыптаса бастаған «жаңа тұрпаттағы», яғни, ел басқару ісінде отарлаушы мемлекеттік аппаратпен біте қайнасуға ықыласты және оның құйтырқы ойын тәртібін қабылдай отырып, өз ұпайын түгендеуге келгенде пысықай ұлттық басқарушы элитаның ең алғашқы жинақы көрінісі. Ол арғы атасы Әбілқайырдан бастап, бергі аталары Нұралы, Бөкей тіптен қала берді аталас туыстары Қаратай, Арынғазы сұлтандардың орыс патшалығына қатысты түрлі бағыттағы ұстанымдары мен өмір тәжірибесінен жақсы хабардар тұлға.

Сол негізде өзі үшін белгілеген позициясы да айқын. Сыртқа, яғни орыс әкімшілігіне сыпайы, мәдениетті, жалпыимпериялық мүддені қадір тұтқан, ал өз ішінде, қазақ арасында зорлықшыл, кекшіл билік иесі. Жәңгір ханның сондай әрекетінің бір көрінісі ел арасында сол уақытқа шейін түрлі әлеуметтік топтар мен жеке тұлғалар арасындағы тепе­теңдікті сақтауда аса маңызды міндет атқарып келген дәстүрлі билер институтын жойып, оның орнына әкімшілік тарапынан тағайындалған билік тәртібін енгізуі еді. Ал осы дәстүрлі билер институның жойылуымен бірге қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі ұлттық демократиялық жөн­жоралғылар да құрдымға кетті. Х. Досмұхамедұлының «билерді хан тағайындай бастаған соң, қара бұқараның күйі тіпті нашарлады», – деген тұжырымы дәл берілген баға еді [2]. Ендігі уақытта би мен билік әкімшілікке толық тәуелді буынға айналды, бидің сөзі мен шешімі бұрынғы бедел, қуатынан айырылды, бұрынғы бидің әділ билігі мен салмақты сөздің орнын пара мен парықсыздық басты. Ия, рас, Жәңгір ханның қызметінен ағартушылық ұстанымдағы билік иесінің әрекеті байқалатыны бар.Ханның Қазан университетінің қолжазба қорына қазақ арасында тараған жазба мұраларды (арасында Қадырғали бидің «Оразмұхамед сұлтан тарихы» да бар) тапсырғанын, сол арқылы университет басшылығы мен ғалымдары арасында жағымды пікір туғызып, университеттің ғылыми кеңесіне мүшелікке алынғандығы, осы және басқа оқу орындарына қазақ жастарының қабылдануына жол салғандығы, сондай­ақ хан ордасында мектеп ашқызып, өз есебінен оның ғимаратын тұрғызуы, түрлі орталықтардан мұғалімдер шақыртуы ханның оқу­ағарту ісіне көңіл аударғандығының айғағы бола алады. Осымен бірге Жәңгір ханның Орда жерінде отырықшы өмір салтын орнықтыруға бет бұрыс жасау әрекеті болғандығы да мәлім.Орда жеріне нарықтық қатынастардың келіп жетуіне байланысты қазақ малының тұқымын асылдандыру ісі де ханның қаперінде болды.Қазақ жеріне орыс билігінің тереңдеп енуі,жердің тарыла тұсуі,соған байланысты әлеуметтік қатынастардың шиеленісіп кетуі көзі ашық,көкірегі ояу ханның ел тағдырына тікелей қатынасы бар осындай қоғамдық мәселелер төңірегінде ойланбасқа шарасы да жоқ­ тын. Сонымен бірге Хан тарапынан жасалған бұл әрекеттер жалпыордалық, жалпыұлттық мәнге ие бола алды ма? Әрине, жоқ. Оның бұл атқарған жағымды қызметі хан әулеті және өзін қоршаған тар ортамен ғана шектелді. Ханның бұл аталған қызметіне жалпыұлттық мағына беру оның қызметін тым асыра бағалағандық болар еді. Отарланушы қазақ қоғамы жағдайында биліктегі тұлға қызметінің жағымды немесе жағымсыз сипатта болғандығының басты өлшемдерінің бірі жер мәселесі.

Кейбір зерттеушілердің еңбегінде Жәңгір хан талантты басшы,ағартушы. Жарайды, солай­ақ болсын делік. Ал бірақ сол зерттеушілер жер мәселесіне келгенде ханның бұл таланты мен ағартушылық қызметінің қайда қалғандығына назар аудара бермейді.Ия,рас,Жәңгір хан Жайықтың шаруашылыққа қолайлы оң жақ жағалауын,тіптен Еділ мен Жайықтың арасын қазақ қожалықтарының күшімен игеруге мүдделілік танытып жоғарыдағы билік орындарына өтініштер жолдады. Бұл ретте ол атасы Нұралы, әкесі Бөкей хандардың саясатын жалғастырды.Орыс билігі алдында ордадағы қазақ қауымдарының ортақ мүддесін білдіруші түлға рөлін атқаруға тырысты.Ал шын мәнінде ол жер мәселесінде өзін қазақ жеріне батыстан ентелеп еніп келе жатқан рыноктық қатынастарды,онымен бірге жерге жеке меншікті енгізуші билік иесі ретінде көрсетті.Оның бұл ұстанымы жерді пайдалану ісіндегі сол уақытқа дейін қалыптасқан тепе­теңдікті бұзды, қазақ қожалықтарының үлкен бөлігін күйзеліске ұшыратты, төзімі таусылған елді Исатай Тайманұлы бастаған халық көтерілісіне шығуға итермеледі. Бұл ретте ханның қызметіне граф В.А. Перовскийдің берген мынадай бағасы орынды болатын: «Беспорядок в землевладении, водворенный корыстолюбием Джангара, беспорядок от которого Орда терпит уже 20 лет, может продлиться еще настолько же времени. Посему самовольные в высшей степени несправедливые действия Джангера по раздачи общественных ордынских земель нельзя, как мне кажется, считать услугою правительству, за которую оно должно быть блогадарно ему и его семейству» [3]. Хан мен отарлаушы биліктің әділетсіз әлеуметтік саясатына қарсы шыққан Исатай Тайманұлы бастаған халық көтерілісін ол патша әскерінің күшіне сүйеніп аяусыз жаншып басты. Ал көтеріліс басшылары Исатай мен Махамбет және басқа ержүрек тұлғалар патша әскерінің оғынан немесе ханның жұмсаған адамдары қолынан қаза тапты, тірі қалғандары қуғын­сүргінде азапты өмір кешті. Міне осы және басқа жағымсыз жағдайларға байланысты қарапайым халық арасында хан мен оның артында тұрған патшалық билік туралы өте жағымсыз пікір қалыптасты. Орынбор өлкесін 1833­1842 жылдары басқарып, өңірдің ең сауатты және мәдениетті басшысы аталған граф Василий Алексеевич Перовский Жәңгір ханнын биліктегі қызметіне мынадай баға берді: «Өзі мен биліктен басқаны сүймейтін оның әрекетінің нәтижесі сондай (мүмкін ол бұны мақсат етіп қоймаған да болар), ол басқарған тұста оның және Ресейдің билігі қазақтарға пайда емес, орасан зор зияндық алып келді, ал бұл зияндықтың зардабын ұзақ мезгіл бойы ешқандай да ең жақсы ниетпен атқарылған шаралар жуып кетіре алмайтын болады» [4]. Ел іші, қазақ арасында жүргізген әділетсіз әлеуметтік ұстанымына қарамастан хан отарлаушы билік үшін өте пайдалы, тіптен таптырмайтын тұлға міндетін атқарды.

Читайте также:  Шәкәрім Құдайбердіұлы поэмалары

Сондықтан да болса керек оның өмірден қайтқанын естіген І Николай патша өз қолымен «Весьма жаль, он был человек весьма преданный», – деп жазды. Дегенмен, империялық орталық билік орындарында хан қызметіне байланысты В.А. Перовскийдің ұстанымы басымдылық алғанын байқау қиынға түспейді. Жәңгір хан өмірден озған соң (1846 жылы) көп ұзамай ақ ордадағы хандық билік «тиімсіз құрылым» ретінде жойылды. Оның артын ала кезінде хан таратқан жерді жеке меншікке иелену актілері де күшін жоғалтты. Басқаша айтқанда, Бөкей Ордасында жерді жеке меншікке иемденуге байланысты енгізілген тәртіп уақытша шара болып шықты. Қорыта айтқанда, Жәңгір ханның шаруашылық жүргізу және қоғамды білім мен мәденитке бастау ісінде жасаған жағымды қадамдары болғандығына назар аудара отырып, сонымен бірге оның отарлаушы билік аппараты шеңберінде ғана қызмет жасаған шенеунік міндетін атқарғандығы, ал орда елінің ішкі өмірінде зорлықшыл, қиянатшыл феодал рөлінде көрінгендігі ешқандай да күмән тудырмайды. Исатай Тайманұлы Табиғатынан туа біткен қайраткер әрі батыр Исатай, Исаекем халықтың қалың ортасындағы орта ауқаты бар Тайманның отбасында өмірге келіп, ел ісіне ерте араласып, бар болғаны жиырма бір жасында немере ағасы Жабал Бегәліұлының орнына старшын болып сайланады. Иса­екем жиырма бір жасында (1824 жылы) хандық таққа отырған Жәңгір ханнан 11­12 жас үлкен. Шамамен 1803 жылы туылған Махамбеттен де осынша жас үлкендігі бар. Ақын «Исатай деген ағам бар, ақ кіреуке жағам бар» [5] дегенде батырдың өзінен мүшел жас үлкендігін де ескергендігі байқалады. Исатай Тайманұлы Ордадағы халық наразылығын білдіріп көтерілісті бастап шыққанда қырық бестегі жігіт ағасы, артында жиырма төрт жыл бойы ел басқарған тәжірибесі бар белсенді де кемел, аз сөйлеп, көп тыңдайтын байсалды, тағы да сол Махамбет ақын айтқандай «теңіздей терең ақылды, тебіренбес ауыр мінезді» кісі болған. Иса­екем көзқарастық ұстанымы тұрғысынан, әрине, Жәңгір хан, Баймағамбет сұлтан және Қарауылқожа сияқты замандастарына кереғар тұлға. Ол Беріш руының Жайық бөлімінде старшын қызметін, яғни басшылық қызмет атқарғанымен әлеуметтік жағдайы жағынан да сондай­ақ басшы ретінде саяси­қоғамдық ұстанымы тұрғысынан да халыққа жақын, халық жағында тұрды. Басқаша айтқанда, Исатай Тайманұлы ішкі мұңы мен сыры жоғарғы биліктің құлағына жете бермейтін, «ауызы буулы» көпшіліктің өкілі, билік алдында қоғамның осы бөлігінің тілегін білдіруші және оны жанын салып, қорғаушы.

Көтеріліс басшысы өзінің бұл ұстанымын Ішкі Орал линиясының бастығы есаул Г.Т. Сумкинге жолдаған жолдаған хатында анық білдіреді: «Қазақ халқы – деп жазды ол, – сонша көрген жәбірінен әбден ашынып, қандай болмасын бір заңға қайшы істерге барып қалмас үшін, мерзімі өтіп кетпей тұрғанда, бастық мырза, менің Сізден әдейі қаперіңізге салып, сұрайтыным: біздің көріп отырған жәбіріміз жөніндегі шағым­тілектерімізді тиісті орындарға жеткізсеңіз екен» [6]. Өз ретінде Сумкин бұл арызды Орал атты­казак әскерінің наказной атаманы полковник Покатиловқа, ал ол Орынбордағы әскери губернатор В.А. Перовскийге жеткізеді. Басқаша айтқанда ол ең төменгі буын басшылықтағы қызметте болса да, өз міндетін адал орындап, қалың көпшіліктің тілегін ресейлік басшылыққа жеткізді. Иса­екем осы құжатта баяндаған пікірін басқа да арыз­тілектерде қайталайды. Ол Ордада Жәңгір хан қолымен орнатылған тәртіптің көпшіліктің мүддесіне мүлдем үйлеспейтінін жеткізе отырып, халыққа бұрыңғы «тыныштық, берекесін» қайтаруды талап етті. И. Тайманұлының бұл арада бұрынғы «тыныштық, береке» деп айтып отырғаны алдымен, әрине, Жәңгір ханға дейін Орда өңірінде қалыптасқан жерді игеру тәртібі еді. Махамбет ақын Жәңгір «реформасына» дейінгі өздерінің Нарын құмындағы өмірін «талма тал түс шағында тай жеген тарлан бөрі едік, … ерте көшіп, кеш қонған санаулы сәнді орданың бірі едік!,» – деп суреттейді. Әсерлі ақын жырының ар жағынан дәулетті елдің жағдайын көргендей боламыз. Орда тағына отырып, өзін осы өңірдегі жердің толық құқылы иесі ретінде сезінген Жәңгір хан бұрынғы жерді рулық­қауымдық негіздіе игеру тәртібін жойып, оның орнына жеке меншіктік негізде пайдалану тәртібін енгізді. Орынбор генерал­губернаторы, граф В.А. Перовскийдің көрсетуіне сүйенсек көлемі 7 000 000 десятина шамасындағы Орда жерінің ең құнарлы деген 400 000 десятинасын хан өз меншігіне алды, ал қалған үштен екісін, яғни 4 000 000 десятина жерді туыстарына, жақындарына сыйлыққа берді, сатты, ал қалған құнарсыз, сондықтан да шаруашылыққа қолайсыз бөлігін 15 рулы Орда халқына қалдырды [7]. Ханның Орда жерін үлестіруде еркінсінгені соншалық 1830­1845 жылдар аралығында туыстары мен жақындарына жерге жеке меншік құқын күәландыратын 1517 грамота таратқан [8]. Белгілі зерттеуші И. Кенжалиев Жәңгір хан өзінен артылған «…жерді ең алдымен сұлтандарға, одан кейін қожалар мен молдаларға, билерге сосын жағынған байларға берді. Мысалы, сұлтан Меңдікерей Бөкеевтің 400 мың десятина, Балқы би Құдайбергеновтың 300 мың десятина жерлері болды.

Ал Шынғали мен Мүшеғали Ормановтарға байбақты руының 700 мың десятина жерін тартып әперді,» [9] – деп жазды. Осындай талан­таражға арасында Исатай мен Махамбет ауылдарда бар Орда халқының басым бөлігі қауымдық негізде иемденіп келген жерлер түсті. Мәселен, Исатай елінің 25 жылға жуық пайдаланып келген Қиғаш, Күйген атты өзендер өңіріндегі құтты мекендері Жәңгір хан «реформасы» нәтижесінде хан адамдарының иелігіне өтті [10]. Көңіл аударуға лайық нәрсе хан бұл жер үлестіру шараларын отарлаушы билік атынан жүргізді. Ал шын мәнінде, хан өмірден қайтқан соң анықталғанындай, орыс билігі ханның бұл жер үлестіру шараларынан мүлдем хабарсыз болып шықты [11]. Батыр мен оның серіктестерінің Жәңгір ханға, Орал казак әскерінің атаманына, Орынбор мен Астрахан губернаторларына халық бұқарасының әлеуметтік ауыр жағдайын баяндап, шектен тыс еркінсіп кеткен би мен сұлтандарға шара қолдануларын талап етіп жазған арыз­ тілектерінен ештеме шықпайды. Соңғы жазған өтініш­хаттарының бірінде Исатай мен оның серіктері тіптен казак­орыс әскері сияқты Россия мемлекетіне қызмет жасауға әзір екендіктерін айтып, ал орда ішіндегі әлеуметтік жағдайдың одан ара шиеленісіп кетуінен өзара өшпенділіктегі екі жақтан да адам шығынына болуы әбден мүмкін екендігін ескертеді. Қорыта айтқанда, ханның қарапайым халық мүддесін аяқ асты етуі, ал оның артында тұрған отарлаушы биліктің орда өмірінде орын алған мұндай сорақылыққа көз жұмып қарауы басым бөлігі шаруа қожалықтарынан тұрған орда халқының шаруашылығын күйзеліске ұшыратты, табиғатында көнбіс, шыдамды, момын халықты қолына қару алып, атқа қонып, хан мен оның сыбайластарының зорлық­зомбылығына қарсылық көрсетуге мәжбүр етті. Исатай Тайманұлы бастаған халықтың көтеріліске шығуына негіз болған ханның әділетсіз әлеуметтік саясаты екендігін жоғарыда аталған жоғарғы лауазымды патша шенеунігі В.А. Перовский де мемлекеттік мүлік министріне жазған хатында мытындауға мәжбүр болды : «Старшын Исатай Тайманұлы – деп жазды ол, – төңірегіне 3000 адамға жуық қол жинап хан Ордасын қоршауға алды», егер «хан және оның билікке бекіткен адамдары істі әділ де таза жүргізсе көтеріліске шыққандар өз жағына мыңдаған халықты тарта алмаған болар еді» [12]. Басқаша айтқанда, Исатай Тайманұлы бастаған халық көтерілісі хан билігіне және оның артында тұрған отарлаушы әкімшіліктің әлеуметтік саясатының, әсіресе жер саясатының тұйыққа тіреліп, қоғамды терең дағдарысқа алып келгендігінің көрінісі еді.

Читайте также:  УНИВЕРСИТЕТТІК БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЭДВАЙЗЕР-КУРАТОРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Исатай Тайманұлының Жәңгір хан және Ресей әкімшілігімен ақтық айқасқа шыққан кезі бұл қазақ даласындағы орыс отаршылдығына қарсы қарулы қарсылықтың соңғы кезеңіне тұс келді. Империялық билік қазақ жерін өзіне біржола қосып алу үшін қарсылық көрсеткен күштерді басып тастау мақсатында арсеналындағы барлық айла­әрекетін, сонымен бірге әскери күш­қуатын іркілместен іске қосып отырды. Ресей экспансиясына қарсы күресте ірі саяси тұлғаға айналған Арынғазы сұлтанды алдап, Петербургке шақырып алды да, өмірден өткенше Калугада саяси тұтқын есебінде ұстады. Хандық билікке заман сұранысына лайық күш­қуат беруді көздеп хан тағына ұмтылыс жасаған Қаратай сұлтанды бұл мақсатына жеткізбей, өмірінің соңына дейін тежеп ұстады. Халықтың жуан ортасынан шығып, орыс отаршылдығына қарсы күресте ерекше күш­ жігер танытқан Көтібар, Сүйінқара батырлар, Сырым батырдың ұлы Жүсіп, Құланұлы Жүсіп старшындар орыс билігімен күресте басымдылықтың екінші жаққа алғандығын түсініп, күрестен шықты. Достан батыр Орынбор түрмесіне жабылды. Күштің тең емес екендігін Исатай Тайманұлы да жақсы түсінді. Бірақ бұл жағдай оны жасыта алған жоқ. Махамбет ақынмен бірге ел аралап үгіт­насихат жүргізіп, халықты хан мен отарлаушы әкімшіліктің әділетсіз саясатына белсенді қарсылық көрсетуге шақырды. Сол арқылы билік орындарын халық бұқарасына байланысты ұстанған әлеуметтік саясатынан бас тартқызудан үміттенді. Осы бағытта тіптен мүлдем басқа көзқарастағы мүдделері үйлеспейтін Есімұлы Қайыпғали сұлтанмен де ымыраға барды. Иса­екем соңына ерген халқының үмітін ақтау үшін жарық дүниенің қызығынан баз кешті. Сұлтандар Қайыпғали Есімұлы және Шыңғали Орманұлы сияқты күрделі сәттерде түлкі бұлтаңға салып, ел мүддесіне сатқындық жасау оның табиғатына жат мінез екендігін танытты. Ол заманы мен қалың қазақ ортасының қайыспас қара нарындай жүгін көтерген дара тұлғалы перзенті еді. Сондықтан да ақтық шайқасқа түсе отырып, орта жолдан қайтпады. Егер батырдың замандасы Айшуақұлы Баймағамбет сұлтан сияқтылар қазақ елін «жуасыту» (усмирение) ісінде «ерекше жігер және Ресейге берілгендік» танытса, Иса­екем, Махамбет және олардың Қабыланбай, Үбі сияқты серіктері сол тарихи кезеңде қазақ даласын құшағына алған Кенесары Қасымұлы мен Жоламан Тіленшіұлы бастаған азаттық қозғалыстарға өз үндерін қосып, халқының жігерін жаныды. Батырдың сол бір күрделі тарихи кезеңде көрсеткен өнегесі кейін де рух көтерер қуатын жоғалтқан емес. Исатай Тайманұлы бастаған Орда бұқарасының көтерілісі (1836­1838 жж) алдына қойған мақсатының айқындылығымен және рухани тазалығымен ерекшеленеді.

Табиғатынан көсем, халықшыл тұлға Иса­екем серіктерімен бірге Жәңгір ханға жолдаған хатында «Дұшпандарымыз қастық сөздер таратса да біздер одан адалмыз,» [13] – деп жазды. Исатай старшын мен оның идеялас серіктері ұлт тарихына ел мүддесіне деген адалдықтың жинақы көрінісі ретінде енді. Батырдың берік күрескерлік ұстанымы оның отбасына жайлы тиген жоқ. Өзі майдан даласында мерт болса, ұлдары Жақия мен Дінбаянды 1837 жылы желтоқсанда Баймағамбет сұлтанның жіберген әскері тұтқынға алып, келесі жылы Орынбор корпусының әскери соты екеуін 3 жылға Латвияға крепостниктік жұмысқа жібереді. Олардың кейінгі тағдыры белгісіз. Сұлтанның тұтқыны болған әйелі Несібәлі мен қызы Ділзаданың да кейінгі өмірі бәймәлім. Иса­екемнің портретін бірге жүрген үзенгілес інісі Махамбеттен артық ешкім жасай алған жоқ. Ол: … Хан ұлымен қас болып, Қара ұлымен дос болып, Төрт­бес жылдай алысып, Мына тұрған Иса­екем Ханның бір тауын қайтарған. Ат туарма шұбардай, Ер туарма бұлардай? – дейді [14] Махамбет ақын ұстанымында Исатай жай көтеріліс басшысы ғана емес, кемел де кемеңгер, қоғам үшін, оны жаңа сапаға көтеру үшін туған күрескер, қайраткер тұлға. Ақынның айтуында ешқандай да асыра бағалау жоқ. Иса­екемнің күресте өткен өміріне байланысты ақынның айтпағы, өкінішке орай, мұнымен аяқталмайды. Оның жасаған тұжырымы тіптен де ауыр, мұңлы да қайғылы. Ол тұжырым мына жолдарда: …Тайманның ұлы Исатай Ағайынның басы еді, Алтын ердің қасы еді, Исатайды өлтіріп Қырсық та шалған біздің ел [15]. Тарихи шындық сондай, Иса­екем сияқты жалпыұлттық тұлғаның өлімі азаттық үшін күрестің кейінгі кезеңдерінде де өз жалғасын тауып жатты. Кенесары Қасымұлы, Бекболат Әшекеев, Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қозғалысының қайраткерлері, Қайрат Рысқұлбеков. Дегенмен, біз бүгін Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының биік рухы алдында басымызды ие отырып, өткенге салауат айтып, олар армандаған заманның енді келгенін, қаншалықты ауыр кезеңдерді басынан кешіргенімен, қазақ елі өзінің негізгі, басты құндылықтарын сақтай білгендігін сеніммен айта аламыз. Исатай мен Махамбеттің іздегенін іздеп, олардың ісін ұлықтап жатсақ бұл әрекет, ұмтылыс дұрыс жолда тұрғандығымыздың көрінісі емес пе!

Оставить комментарий