ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ СЮЖЕТ МӘСЕЛЕСІ

Ұлттық әдебиеттану ғылымында қарастырылатын мәселелердің бірі сюжет пен композиция.Жалпы сюжет ұлттық әдебиеттану ғылымында XX ғасырдың басынан бастап зерттеле бастады. Зерттеу барысында түрлі пікірлер негізінен ой тұжырымдар бірін-бірі толықтырып тұр десек артық айтқандық емес. Атап айтқанда, әдебиеттанушы ғалым Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде осы мәселені қарастырған. Өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде «жазу әдебиеті» бөлімінде оқиға мен уақыт, шиеленістер, төңіректің ықпалын айта келіп, ойын былай тұжырымдайды: «…ұлы әңгімеге жан беретін ұлы, кіші адамдардың ірі – ұсақ істері болғандықтан, ол істері бір-біріне ұласып, бір-біріне оралып, байланысып жатқандықтан, осының бәрін суреттен шығару оңай емес»[1.143].Әдебиеттанушы роман жанрының табиғатын ашып қана қоймай, сюжеттің дұрыс құрылып, бір-бірімен байланысып, шиеленісіп, біртұтас желі болу керектігін айтады. «Әдебиет теориясы» еңбегінде А.М.Горькийдің «сюжет дегеніміз — жалпы алғанда адамдардың өзара қарым-қатынасы, байланысы, қайшылықтары, жек көру, жақсы көру, әр алуан әдеби мінездің өсу, жасалу тарихы» деген әрі қысқа, әрі дәл, ғылыми дұрыс, тұжырымды түрде сюжетке берген осы анықтамасын, барлық әдеби теоретиктері қолданып жүрген классикалық үлгі деуге болады деп айта келе сюжетке мынадай анықтама береді. «Сюжет дегеніміз – шығармадағы адамның бір-бірімен байланысып, қарым-қатынасы, күрес-тартысы шығармадағы оқиғаның дамуы» [2.183]. Әдебиеттанушы өз еңбегінде сюжеттің экспозициясын, байланысын, дәлелдеуін, ситуациясын, шиеленісіп, шарықтау шегін және шешуін тыңғылықты, тұжырымды айта келе, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», А.П. Чеховтың «Чиновниктің өлімі» атты шығармаларды талдай, сюжеттің компонентерін мысалдар арқылы дәлелдейді. Оқиғаның даму жолында оған қатысушы адамдар өзара байланыста, қарым-қатынас, күрес тартыстар да болады. Талас-тартыс үстінде әркімнің мінезі, таным сенімдері, күйініш – сүйініштері айқындалады да және сол адамның қарым-қатынасына жазушының қалай қарайтынын көрсетеді. Осылардың бәрін бір сөзбен айтқанда шығарманың сюжеті деп атайды, — деп Қажым Жұмалиев тұжырымдайды[2.185]. Шынымен де, шығарманың бар байлығы – сюжет.  Айтылатын ой, заман немесе дәуір тұлғасы, автордың идеясы, талас пен тартыс, онда көрінетін қайшылық осы сюжетте бейнеленеді. Алайда сюжетте тек жазушының пікірімен қатар, оқырман пікірі қатар тұрады. Сюжет өрбіген сайын оқырманның да өз ойы мен көзқарасы туады. Автор оқырман баурап алу үшін аса өткір тартыстарды бейнелейді. Оқырман зейінін әуелі кейіпкерлердің тосын әрекеттеріне аударып алып, сол әрекеттердің себептері жайында ойландыра отырып, кейіпкер әрекеттерінің негізгі себептерін ой елегінен өткізіп, қорытынды жасайды. Зерттеуші сюжетте кездесетін композицияның элементінің бірі дәлелдеуге тоқталған. Оқиғаның неге олай болуы, кейіпкерлердің іс-әрекет, амал, айла, күрес, тартыстары, күйініш-сүйініштері, қайғылы хәлдерге ұшырауы – бәрі де көркем шығармада дәлелденіп отырады [2.202]. Бұл оймен келіспеуге болмас. Себебі көркем шығармада дәлелденбейтін іс-әрекет, амал, сөз де болмайды. Барлығын автордың солай сөйлеуге, не іс-әрекет етуге дәлел мол. Сюжет құрылысында қаламгердің көркемдік шеберлігі айрықша маңызды. Сюжет өз міндетіне толық жету үшін іштей тиянақты, яғни суреттелген тартыстың даму сипаттары, себеп-салдарлары толық ашылып, оқырманды өзіне баурап алып, әрбір детальдің, әрбір эпизодтардың мәнін терең түсіндіруі керек. Көркем шығарманың сюжеттері қызықты, тартымды болуының шын сыры оқиғаның шиеленісуінде деп көрсетеді. Оқиғаның шиеленістері әртүрлі. Кейде ол оқырманды қызықтырып, тартумен қатар, шығарманың идеялық мәнін тереңдете түседі, олардың өмір тануын молайта түсуге көмектеседі.Әйтпесе, «Алтын шаттауық» тәрізді сырты жылтыр, іші қуыс болып шығады, — дейді [2.205].Әрине, сырты бүтін, іші түтін нәрсені кім қалайды? Автор шығармасының мазмұнын құрайтын қарама-қайшылық арқылы қаламгердің суреттеп отырған тартысқа дене өз бағасы мен қоғамдық көзқарасы пайымдалады.Сюжет мазмұн мен мәнге тұнып жатса, сонда ғана шығарма тұшымды болмақ. Әдебиеттанушы ғалым Зейнолла Қабдоловтың пікірі Қажым Жұмалиевпен тоғысып жатыр. Фабула – сюжеттік фоны ғана деп көрсетіп, сюжет – көркем шығарманың мазмұнын ашып, мазмұнды пішіндеуге көшірудің негізгі түрі, жолы немесе тәсілі, — деп көрсетеді [3.175]. Сюжет пен фабуланы бөле қарап, сюжетті – әрекет, фабуланы – оқиға деп ұғатыны мәлім. Бірақ әрекетсіз оқиға бола ма? – деп пікір айта келе, фабула мен сюжетті бөлмей, екеуін бір ұғымға сыйғыза Л.Тимофеев пен Л.Щепиловтың толғамдарын дәлелге тартады. Сюжет дегеніміз өнер туындысының мазмұнына айналған өмірлік оқиғалардың өзара байланысы, өрбуі, өрістеуі, — дейді зерттеуші ғалым [3.180].Ол шығармалардың мазмұнында көбіне күрделі қайшылықтар, өмірлік тартыстар желі тартып отырады деп айта келе, тартыс, дәлелдерге тоқтала отырып Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» талдайды. Сюжеттің негізі – өмірлік тартыс, әртүрлі әлеуметтік топтардың ымырасыз күресі. Жаңа мен  ескінің ғұмырлық тартысын,кейіпкерлердің қақтығысын талдап, сюжет маңыздылығын көрсете білді. Сюжет оқиғалы көркем шығармалардағы адамдардың қарым-қатынас, бірімен-бірінің байланысы, оқиғаның дамуы мен образдың өсу тарихы, — М. Атымов өзінің «Қазақ романдарының поэтикасы» атты еңбегінде осындай тұжырымға келеді. Зерттеуші «сюжет эпикалық, драмалық, лиро-эпикалық жанрдағы оқиғалы шығармаларға тән»- деп атап айтады [4.155]. Лирикалық жанрдағы шығармаларда сюжет емес, онда ой ғана екенін айтады. Роман бірнеше эпизодтар мен новеллалар бөліктерінен тұрады. Жеке тұрғанда новелла күйінде ұғынылатын бөліктер романның құрамына енгенде бұрынғы өз бетіндік күйінен айрылып, романның сюжеттік бөліктеріне айналады. Осындай сюжетті бөліктердің романның өз ішінде әртүрлі орналасуына қарай роман композициясы анықталады, — дейді М.Атымов [4.178]. Осы роман композициясын үш бөлікке бөледі: сатылы композициялы романдар, жарыспалы композициялы романдар, қаусырмалы композициялы романдар. Осылайша бөле отырып, сюжетті композицияның бөлігі ретінде қарастырады. С.Мұқановтың «Ботакөз», Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романдарын мысалға ала отырып, байланыс, экспозиция, жағдай ( ситуация ), шарықтау шегі сюжетке емес, композицияға тиесілі деп көрсетеді. Сонымен қатар, «жарыспалы композициялы романдарда топтар тағдырының тарихы роман ішінде өз алдына сюжеттік желі құрайды да, екі сюжеттік желі бірінен кейін екіншісі алма кезек баяндалып отырады» деп толықтырады.Яғни, композиция сюжетке қарағанда кең ұғым деп қарастырады. Бұл оймен З.Қабдолов та келіседі. Алайда экспозиция, шарықтау шегі, дәлел бәрі сюжеттің компоненттері деп қарастырады. Міне, сюжет туралы осындай әртүрлі тұжырымдар кездеседі. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Рымғали Нұрғали сюжет жайлы: «… өмірдегі факт, хабар, дерек жазушы үшін шикі материал ғана, оқиға – фабуланың өзгерген, шығарма өзегінде талданған түрі –сюжет. Сюжетті тек оқиға желісі деп қарау ескірген концепция» деп ой өрбітеді [5.122]. Яғни әдебиеттанушы ғалым сюжетке жаңа талаптар қояды. Бұрынғыдай тар аймақты айналшықтамай,өрісімізді кеңейтіп, айтар ойымыз тұңғиық теңіздей терең болу керектігін айтады. Сюжет үшін басты нәрсе – характер, адам мінезіндегі даралық сипат, оның түрлі сезім иірімі, психологияның көзге шалынбайтын нәзік сәттері деп көрсетеді. Шынымен де, шығармада көрінетін адамдар қатынасы, психологиялық көріністері, жанды характерлер жүрекке ұялап, сезімді қозғап, ой туғызатын осы сюжет. Фабула сюжеттің қаңқасы, жалпы нобайы, схемасы деп қарастырады. Себебі бәрі жазушының биік мұраты, асыл идеалы, жағымды бейнелер мінезін жасаумен сабақтасып жатыр,- деп түсіндіреді. Себебі фабуланы сюжеттің қаңқасы, бет пердесі деп алсақ, бойында жүгірген қан, соққан жүрек сюжет екендігіне көз жеткіземіз. Сюжетте керек жағдайда сюжеттің беташары ретінде аңдату (пролог), соңында суреттемелер (эпилог) беріледі. Оқиға желісі, тартыс болған соң оның қандай да болсын басталуы, өрістеп, шиеленісіп, ширығатын кезі, аяқталу болатыны сөзсіз. Көркем шығармадағы қақтығыстар, жеке суреттер арқылы толысып, оқиға тізбеге логикалық тиянақтылық тауып, негізгі шиеленістердің түйіні шешіліп, бәрі-бәрі бір арнаға құйылып барып тынуы, сол арқылы шығарманың негізгі идеясы әсерлі толық ашылуы керек. «Өмірден алынған құбылыстың әдеби шығармада жаңа бейнеге ауысуы алдыңғы планға оқиғалар қозғалысынан немесе ой-сезім қозғалысынан туындайтын сюжетті шығарады» — деп Кенжебай Ахметов «Әдебиеттануға кіріспе» еңбегінде сюжет жайлы анықтама береді[6.141]. Әр қаламгер өз заманының тартысын, қиыны мен мұңын қисындырып баяндайды. Сюжетте жалпы адам болмысын, алуан түрлі тағдырлар, қарама-қайшылықтар мен қоғамдық тартыстың мәні ашылады. «Сюжет ( француз тілінде «sujet» — «зат») – эпикалық және драмалық, кейде лирикалық шығармада қозғалыс үстінде көрінетін оқиға барысы, әрекет дамуы». Әдебиеттанушылар З.Қабдолов, Қ.Жұмалиев, М.Атымов лирикада сюжет емес, ой ғана бар десе, К.Ахметов лириканы сюжетсіз деуге болмайды, мұнда адамның ішкі жан- дүниесіндегі ой-сезім арпалысы, көңіл күй өзгерісі түрлі сипатта көрсетіледі деген тұжырым жасайды. Әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектерін зерделей отырып, қазіргі XXI ғасыр басындағы прозалық шығармаларды қарастырып отырсақ, бұрынғы шығармаларда сюжет ашық көрінбейді. Сондықтан академик Рымғали Нұрғалидың сюжет туралы айтқан тұжырымдамаларының негізі бар деуімізге болады. Қорыта айтқанда, егер әр зерттеушінің сюжетке байланысты тұжырымдарын салыстырып қарасақ, бір-бірімен тоғысып жатыр. Тек әр әдебиеттанушы ғалым өз ойларын түрліше дәлелдеген. Сюжет туралы біз айтқан жоғарыда айтылған әдебиеттанушы ғалымдардың пікірлері алғашқы байламдар. Оны әрі қарай дамытып, салыстыра зерттеп, тұжырымды пікір айту келешектің ісі болмақ.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar