Ұлттық мемлекет үшін күрес

Голощекин мен оның серіктері С.Сәдуақасұлына әлеуметтік­экономикалық саясатта ұстанған бағыты үшін «байлардың идеологы» деген баға берсе, ал оның республикадағы мемлекеттік және партиялық аппаратты жергіліктендіруге байланысты айтқан пікірлері мен жүргізген күресі үшін «буржуазиялық ұлтшыл» деген атақ берді. Мәселен, жоғарыда аталған (1926, қараша) пленумның қарарында С.Сәдуақасұлы мен Ж.Мыңбаевтың «жергіліктендірудің аппаратты қазақ бұқарасына жақындату мен сол бұқараны кенес құрылысына тарту» міндеттерін тура түсінуге көтеріле алмағандығы айтылып, одан ары былай деп көрсетілді: «Олар өздерінің талаптарында, бір жағынан, партия аппараты мен кеңес аппаратын халықтың ұлттық құрамының пропорциясына қарай қазақтандыруға дейін барды, екінші жағынан, нақты кандидатураларды және партиялық басшылықты қамтамасыз етуді есепке алудың орнына басты назарды партияның жоғарғы буынының басшыларын қазақтандыруға аударды» 47 .

Бұл С.Сәдуақасұлының ұстанған саяси бағытына 1926 жылы берілген баға болатын. Енді бірер жылдан соң, жергілікті интеллигенциямен күрес сырын меңгеріп алған Голощекин «сәдуақасовшылдық», «сәдуақасовшылар» сияқты ұғымдарды оңды­солды қолданып, оларға тіптен анықтама да бере бастайды. Солардың бірін келтірейік: «Что такое Садвакасовщина? Садвакасовщина, это советский аппарат, вырывающийся из под партийного влияния, идущий на поводу у мелкобуржуазных идеологов, садвакасовщина — это «самоопределение» в рамках демократии, это самодовлеющий, отрывающийся от СССР Казахстан» 48 . Голощекин түрлі анықтамалар беріп даурыққанымен, шын мәнінде С.Сәдуақасұлының халық мүддесіне қайшы келетін іс­қимылын көрсете аларлық нақты фактілері жоқ болатын. Ондай фактілердің болуы да мүмкін емес еді. Тіптен мәселеге тереңірек қарар болсақ, Голощекин мен Сәдуақасұлының жергіліктендіру процесіне көзқарастары арасында принциптік айырмашылықтың барлығын байқауға болады және ол айырмашылық олардың халық өмірі мен тарихына, қала берді тағдырына қатынастарынан туындап жатты.

Голощекин үшін жергіліктендіру ісінде барлық партия ұйымдарының назарында болуға тиіс өзекті мәселе ­қазақтарға қазақ тілінде қызмет ету. Ол «сөйлесуде және жазуда тілді білу түптеп келгенде бәрін шешеді», ­ деп түсіндірді. Бұл арада өлкенің бірінші басшысының жергіліктендіру саясатының түпкі мақсатын түсінуде патша генерал­губернаторының деңгейінен аса қоймағандығын байқау қиын емес. Өкінішке орай, осы сияқты пікірді ұстанған жалғыз Голощекин болған жоқ. Оның бағытын түсініп те, түсінбей де қолдаушылар қазақ коммунистерінің арасында да баршылық еді. Солардың бірі О.Исаев пленумда: «Мен енді сәдуақасовшылдықпен принциптік негізде келісу мүмкін емес кейбір мәселелерге өтейін. Біріншіден, жергіліктендіру хақында. Олар оны іс жүзінде неге саяды? Олар жергіліктендіруді басшылықты тартып алу әдісі мен құралына айналдырмақ, сөйтіп Мәскеудің пролетарлық партиялық жетекшілігінен құтылмақ» 49 .

Читайте также:  «ЭКСПО–2017, АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІН ӨТКІЗУДІҢ МАҢЫЗЫ

Сонымен, егер Голощекин мен оның серіктерінің сөзіне илансақ, онда «сәдуақасовшылдық» партия ықпалында болғысы келмейтін, яғни Қазақстан жағдайында алашордашыл буржуазиялық ұлтшылдардың ықпалында қалған орталық ­ мәскеулік билікке бағынудан бас тартатын, тар ұлттық мүдде үшін күресетін билікті орнатуды көздейтін ағым. Қазақстан жағдайында ең жоғары мінбелерде айтылып, ресми құжаттарға енген бұл тұжырымдар қаншалықты дұрыс, шындыққа жақын еді? Қазақ Өлкелік партия комитетінің біз қарап отырған кезеңдегі жергіліктендіру саясатын тура түсіну үшін оның басқа салалардағы, алдымен, әрине, жер дауы саясатымен байланыста қарау қажет. Қазақ шаруалары үшін Қазан революциясы қарсаңында да, одан кейінгі жылдары да егіншілікке жарамды жер тапшылығы үлкен мәселеге айналғандығы белгілі. Соны ескере отырып, сондай­ақ бұл мәселеге байланысты патшалық билік тұсындағы әділетсіздікті біржола жою мақсатында V Өлкелік партия конференциясы жер мәселесін арнайы қарап, қарарында «жерге орналастыру саласында ең алдымен байырғы халық, әсіресе олардың отырықшыланып жатқандары жөнінде міндет қойылатын болсын» деп көрсетіп, қазақ шаруаларын жермен қамтамасыз етіп алғанға дейін ішкі Ресейден Қазақстанға өз бетінше қоныс аударушылар легін шектейтін шаралар белгіледі. Сонымен бірге конференция «отырықшы еңбекші шаруа халықтың, шағын ұлттардың, әсіресе олардың кедей және орташа бөлігінің талап­тілектері назардан тыс» қалмауын тура деп тапты 50 .

Қай тұрғыдан алғанда да, құқықты бұл шешімнің іске асуы жеңілге түскен жоқ. Оған алдымен, әрине, қоныс аударып келушілер қарсылық көрсетті. Мәскеуге олардың өкілдері ағылды. Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінде, Егіншілік Халық Комиссариатында ол өкілдіктердің шағымына «іш тартушылар» жеткілікті еді. Көп ұзамай Орталық Партия комитеті мен Орталық Тексеру комиссиясы жіберген өкілдер Қазақстанға келіп, жергілікті жағдаймен танысты. Ал 1926 жылы 26 ақпанда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Қазақстандағы жергілікті басшылықпен көп кеңесіп жатпай­ақ, V Өлкелік партия конференциясында бекітілген жерге орналастыру шараларын жоққа шығаратын арнайы қаулы қабылдады. Өз ретінде орталықтың қолдауына сүйеніп Голощекин VІ Өлкелік партия конференциясында Қазақстанда жерге орналастыру процесін ұлттық негізде емес, таптық негізде жүргізу туралы қарарға жол ашты. Қарарда өткен V конференция қарарында көрсетілген «жерге орналастыру саласында ең алдымен байырғы халық, әсіресе олардың отырықшыланып жатқандары жөнінде міндет қойылатын болсын» деген анық та түсінікті сөйлемді «жаппай жерге орналастыруда қазақ халқының (батырақтар, кедейлер және әлсіз орташалар) басымдық правосы сақталады» деген солқылдақ және бұлыңғыр сөйлем ауыстырды 51 .

Читайте также:  Мәдениеттің тұрған жері

Бұл іс жүзінде қазақ еңбекшілеріне Қазан революциясы берген заңды артықшылықтарды жоққа шығару болатын. Мұндай рухтағы қарарға республика Халкомдар Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақов, үзілді­кесілді қарсы шықты, ал Егіншілік халкомы Ж.Сұлтанбеков оны переселен шенеуніктерінің қолынан шыққан «отаршылды» сипаттағы құжат есебінде бағалады. С.Сәдуақасұлы «Большевик» (1928, № 1) жұрналындағы мақаласында: «Ескі билікті» переселен шенеуніктері, қазіргі РСФСР Наркомземнің мамандары қайтадан өздерінің отаршылдық бастарын көтеріп отыр. Чермактар мен Чиркиндер, Рудиндер және басқалар «территорияларды анықтау» деген жамылғымен тіптен Смирнов пен Калинин жолдастардың өздерінің де коммунистік жанын лайлайтын түрі бар», ­ деп жазды. Бұл арада көңіл аударуға лайық мынадай жай бар. Ғасырлар бойы өз шешімін таппай келген жер мәселесі Қазақстанда революциядан кейінгі алғашқы кезеңде ұлттық принцип негізінде шешілуі толық құқықты еді. Мәселен, кезінде патша шенеуніктері күштеп тартып алған құнарлы жерлерді өз иелеріне қайтару, ішкі Ресейден жер аударушылар легіне шек қою, т.с.с. Жер мәселесін патша шенеуніктері етігі астында езілген жергілікті халықтың еркі бойынша емес, барлық республикалардағы өзекті мәселелерді өз қалауынша шешіп отыруға тырысқан Мәскеудегі орталық билік орындарының ұсынған жобасы бойынша шешуді мақсат тұтқан Голощекин «таптық принципті» желеу етіп қазақ еңбекшілерінің заңды талабын аяқ асты етті. Ал өзінің бағытына қарсы келгендерді «буржуазиялық ұлтшылдар» есебінде айыптады.

Бұл ретте оның қаһарына бірінші ілігіп, қуғындауына ұшыраған Егіншілік халкомы Жағыпар Сұлтанбеков болды. Голощекин VІ Өлкелік партия конференциясында жасаған баяндамасында Сұлтанбековтың КСРО Ғылым академиясы жанынан құрылған Қазақстандағы жер нормасын анықтау комиссиясының мүшесі Ә.Бөкейханға барып жолығуына мынадай баға берді. «Сұлтанбеков жер нормасын анықтау үшін Мәскеуге барып, нұсқаулар алу үшін Өлкелік Комитеттің жауапты хатшысына жолықпай, Әлихан Бөкейханға жолығады. Бұл масқара емес пе?» 52 . Ал бұл хабарды Өлкелік Комитетке «дер кезінде» жеткізген М.Төлепов болатын. Ол хатында: «Үстіміздегі жылдың шілдесінің соңында Егіншілік халкомы Сұлтанбеков жолдас Қырымға бара жатып Мәскеуге тоқтады. Сұлтанбеков жолдас заттарын қонақ үйінде қалдырып, тура сол күні Әлихан Бөкейханға барып …кешті сонда өткізді. Таңертең олар әңгімелерін тағы да жалғастырады. Бөкейханға жолыққаннан кейін ол Төреғожин және Төлеповпен әңгімелескенде былай дейді: «Әлихан Швецовпен сөйлесіп, ойланғандай етіп бітіруге уәде берді».

Әңгіме орталықтағы мекемелер келіспей отырған Қазақстандағы жер нормасы хақында болатын. Менің ойымша, партияның күрделі ішкі істерін Алашорда басшыларымен талқыға салуға болмайды. Өйткені соның нәтижесінде, партия қарарына, әсіресе Егіншілік халкомы сияқты аса маңызды мекемелерге большевиктер идеологиясына жат өте реакциялы алашордалық идеологияның енуі әбден мүмкін, ал ондай жағдайда біздің жұмысымыз қиындай түспек» 53 . Бұл, әрине, Голощекинге таптырмайтын материал еді. Ол жер мәселесінде қазақ коммунистері ауытқушылық жіберіп отыр, ал ол ауытқушылықтың негізгі көрінісі бірінші кезекке таптық емес, ұлттық факторларды қоюларында, сөйтіп алашордалықтардың жер жоспарын іске асыруға күш салуларында деп көрсетті. Жергіліктендіру саясатында да Голощекин шамамен осындай бағыт ұстанды, әдістерін де көп жаңғырта қойған жоқ. Оған нақты фактілерді талдай отырып жеңіл­ақ көз жеткізуге болады. Сәдуақасұлы өзі қызметте жүрген ортада жергіліктендіру саясатының маңызын терең түсінген қайраткерлердің бірі еді. Ол үшін мемлекеттік және партиялық аппаратты жергіліктендіру мекемелердің басына, Голощекин айтқандай, қазақ қызметкерлерді отырғызу, іс қағазын қазақ тілінде жүргізу емес­тін.

Читайте также:  Сабақ кестесі туралы

С.Сәдуақасұлы үшін Қазақстандағы мемлекеттік және партиялық аппаратты жергіліктендіру ғасырлар бойы отарлық езгі мен кіріптарлықта болып, ұлттық мемлекеттігінен айырылған қазақ еліне, оның аяқасты болған ұлттық мүддесін қорғайтын, яғни жоғын жоқтап, қиюы қашқан шаруашылығы мен қамқоршысы жоқ мәдениетіне сүйеніш, қорған бола алатын мүлдем жаңа сападағы ұлттық мемлекет құру еді. Ал осы жылдары бұл ұлы мақсатқа жету мүмкіншілігі қандай еді? 1920 жылы Қазақ автономиясының құрылуымен төбесін көрсеткен бұл меже осы онжылдықтың ортасынан бері қарай ұзап сала берді. Патшалық тәртіп жағдайында ұлттық егемендік үшін аянбай күрескен ұлттық интеллигенцияның алғашқы буынының, оның артын ала саяси күреске араласып, кеңестік билікпен ымыраға келіп, тағы да сол ұлттық егемендікті көздеген келесі буын өкілдері С.Сәдуақасұлы, С.Қожанұлы, Ж.Мыңбаевтардың саяси өмірден аласталуы соның айғағы болатын. Бұл процестің негізгі себебі жалпы одақ көлемінде барлық өмір саласына бойлап ене бастаған большевиктік идеологияда тар таптық мүдденің үстемдік алып, оның есесіне жалпыадамдық, ұлттық қадір­ қасиеттердің кейін ығыстырылуында. Өз ретінде айта кетелік, жаңа билік саясатындағы бұл бір жақтылықты ұлттық интеллигенцияның алғашқы буыны, яғни ұлт­азаттық күресте қалыптасқан интеллигенция өкілдері өз уағында тура тани алды. А.Байтұрсынұлы «Қызыл Қазақстанда» жарияланған мақаласында: «Бауырмал қазақ қалам қайраткерлері… бейбауырмал үкіметке еріп қазақ елін пісіріп, жегізе алмайды», ­ деп жазды 54 .

Оставить комментарий