Ұлы Отан Соғысының басталу тарихы

«Соғыс» деген сөз қай халықтың тілінде де тым тұрпайы, құлаққа түрпідей тиіп, адамның жан дүниесін түршіктіретіні рас. Біздің ғаламшарымыз адамзат мекені атанғаннан бері адамдар арасындағы алакөздік, әлімжеттік тәрізді әпербақан әрекеттердің әсерінен талай соғысты бастан кешіргені мәлім. Өзінің мемлекеттік тарихында орыс елі де соғыстан кенде қалып көрмеген. Басқаларын айтпағанның өзінде үстіміздегі ғасырда әлемдік екі соғыс та орыс мемлекетінің белсене қатысуымен өткенін еске түсірейік. Ендеше ел күнге осыншама ойран әкелетін соғыс атаулының орыс мемлекетін орап өтпейтіндей неменесі бар, соншалық? деген сұрау еріксіз ойға оралады. Әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан ұлан­ғайыр территорияға ие болу, сырт көздің сұғына ұшырамауы мүмкін емес. Кезінде дүниенің төрт бұрышында отар елдері болған Еуропаның алпауыт мемлекеттері замана ауанына, уақыт тезі алып келген саяси жағдайларға байланысты Ресей сынды біртұтас территорияға иелік жүргізе алмауы XX ғасырда геосаяси алакөздікке себеп болғаны сөзсіз. Европада екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына шығыстағы Ресей елінің қоғам дамуының жаңа сатысына өтуі басты себеп болғанын да осы орайда айта кету керек. Бұрынғы империяның коммунистер қолына көшуін әлемнің басқа құрылымдағы мемлекеттері жақтыра қоймағаны мәлім. Оның үстіне ғасыр басынан бері өндірісі өрге басып, асығы алшысынан түсіп келе жатқан Германия шығыста өз өктемдігін орнатуға, сөйтіп территориясын кеңейтуге араны ашылып­ақ отырған еді. Кеңес Одағындағы социалистік құрылыстың алғашқы қадамдары бұқара халыққа ауыр зардаптар әкелгені, ел ішінде әлі де болса бұрынғы империяны көксеушілердің барлығы Германияның тәбетіне тұз салғандай әсер етіп, өзінің барлық күш ­ қуатын жаңа территориялар иемденіп қалу үшін жұмсауға мүмкіндік ашқан болатын. Германия үкіметінің басына келген фашистер мұндай мүмкіндікті қолдан шығармай пайдаланып қалуға ұмтылды. Орайы келгенде II дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы Германия мен КСРО­дағы геосаяси, экономикалық­әлеуметтік жағдайларға да шолу жасай кетелік. 1914­1919 жылдар аралығында Еуропа мен басқа құрлықтардағы бірқатар елдерді шарпыған I дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшырап, Антанта блогы құрамындағы мемлекеттердің талауына түсіп, экономикасы құрдымға кете құлдырап қалған Германия үкіметінің басына 1933 жылы 30 қаңтарда Адольф Шкильгрубер (Гитлер) келді. Гитлер ел басына келісімен бүкіл неміс қауымын бір орталыққа шоғырландыруды, жаһан соғысында есесі кеткен үлестерін кері қайтаруды басты мақсаты етіп алды. Есесі кетті дегенде, Антанта 1919 жылы Германияның тізе бүккенін айғақтайтын тарихқа «Версаль шарты» деген атпен белгілі қорытынды құжат қабылдап, онда Германияның соғысу қабілетін жою мақсатымен 100 мың полицейден басқа әскери күш жинақтау құқынан айырды. Оның үстіне Франция соғыс шығындарының өтемі ретінде Германияның негізгі өндірістік аймағы саналатын Рейн облысын өз территориясына қосып алды. Гитлер 1936 жылы осы Рейн облысынан француздарды қуып шығып, өз иелігіне алды. Фашистік ұлтшылдардың бұл қарекетіне Антанта елдері тәйт дей қоймады, тіпті бейтараптық танытып, білмегендей үнсіз қалғаны бар. Бұл Гитлердің алдағы арамзалық жоспарларына жол ашқандай болды. Енді жанындағы негізінен неміс тілдес Австрияны, Чехословакияның немістер тұратын Судет облысын, Польшаның Данциг аумағын өзіне қаратудың барлық амал ­ шарғыларын жасап бақты. Германиямен шекаралас аймақтарды мекендейтін неміс жұртшылығы Гитлердің «Майн кампф»(«Менің күресім») атты белгілі кітабы жарық көргеннен кейін кезінде дағдарыс салдарынан, соғыс зардаптарынан паналап барған жерлерінде бас көтере бастады. Немістер Гитлердің желеуімен және тікелей де жанама демеуімен Ұлттар Лигасына (қазіргі Біріккен Ұлттар Ұйымы ол кезде осылай аталатын. Е.І.) мәселе қойып, Судет облысы жөнінде арнайы конференция шақыруға дейін барды. Сөйтіп, 1938 жылы Берлинде өткен конференция Судет облысы Германияға берілсін деген қаулы қабылдады. Гитлердің ендігі көздегені Польшаның Данциг аймағы болатын. Герман империясының тарихын алға тарта отырып Гитлер Данциг аймағы жөніндегі мәселені де Ұлттар Лигасы алдына қойды. Лига мұны қолдаған жоқ. Бұған ерегескен Гитлер Лига құрамынан шығып кетті. Сөйтіп, қолын мүлдем босатып алды да жан­жағындағы елдерді күшпен жаулап алудың ашық жолына біржола бет бұрды. Польшаға қарсы соғыс ашайын десе арғы беттегі алып мемлекет Кеңестер Одағынан қаймығады. Қайтпек керек? Ақыры Гитлердің ақылшылары мұның да амалын тапқандай болды. ЕСБЕРГЕН ІҢІРБАЙҰЛЫ 1939 жылдың тамызында фашистер мемлекетінің сыртқы істер министрі Риббентроп Мәскеуге келіп, КСРО Сыртқы істер министрі В.М.Молотовпен келіссөз жүргізіп, бір­біріне соғыс ашпау туралы шартқа қол қойды. Бұл шарт «Риббентроп­Молотов пакті» деген атпен тарихта қалды. Осы шарт негізінде КСРО жағы I жаһан соғысында Польша жағында қалған Батыс Белоруссия, Батыс Украина, Буковина және Бессарабия (қазіргі Молдова) жерлерін өз территориясына енгізді де, Польшаның қалған бөлегін фашистердің талауына тастағандай болды. Гитлерге керегі де осы болатын. Кешікпей­ақ, 1939 жылдың 1 қыркүйегі күні фашистік Германия Польша жеріне басып кірді. Бұл II дүниежүзілік соғыстың басталған күні деп есептеліп жүр. Сол 1939 жылдың қыркүйегінде КСРО солтүстіктегі көршісі Финляндияның оңтүстік­ шығыс бөлігіндегі біраз аумақты «Маннергейм сызығы» бойынша «түзету» енгізу мақсатымен Карелофин ССР­інің құрамына қосу үшін соғыс ашты. Фин соғысы бас аяғы 4 айға созылып, Кеңес Армиясы финдердің Сортовало қалашығынан Куолярва жеріне дейінгі біраз аумақты өз меншігіне енгізіп алды. Көп жылдар бойы сеніп келген алып көршісінен түңілген Финляндия үкіметі Германия жағына шығып кетті. Гитлерлік Германия 1941 жылдың жазы қарсаңында Австрияны, Польшаны, Чехословакияны, Францияны, Бельгияны, Голландияны, Данияны, Норвегияны, Грецияны басып алды. Гитлерлік вермахта Америка, Англия сияқты алпауыт елдерге, Кіші Азияның бірқатар елдеріне ауыз салу жоспарлары түзіліп жатты. 1940 жылдың желтоқсан айында Гитлер Кеңестер одағына шабуыл жасаудың «Барбаросса» атты жоспарына қол қойды. Бұл жоспарды нақты іске асырудың бастауы 1941 жылдың маусым айына белгіленді. Соғысқа кіріскен неміс солдатының қойын қалтасынан табылған жадынама парақшада былай делінген: «Есте сақта және орында: 1. Сенде жүйке, жүрек, аяныш дегендер жоқ сен немістің шойын темірінен құйылғансың. 2. Сен өзіңдегі аяныш, мүсіркеу сезімдер жойып, кез­келген орыс, совет адамдарын аяусыз қыр, алдыңа келгеннің қария, әйел, сәби екендігіне қарамай өлтір. 3. Біз бүкіл әлемді бағындырамыз. Сен, неміссің, сондықтан өзіңе қарсылық көрсеткендердің барлығын қырып­жоюға құқылысын…» Міне, халқымыз 1941 жылғы 22 маусым күні таңғы сағат 4­те дәл осындай қанқұйлы жаумен бетпе­бет айқасуға шықты. 1941 жылғы 29 маусым күні ВКП(б)Орталық Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі тұтқиылдан тиіскен жаумен күресудің директивасын жасап, бүкіл елге тартты. 30 маусым күні Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті құрылып, оны И.В.Сталин басқарды және ол Жоғарғы Бас қолбасшы болып тағайындалды. 3 шілде күні И.В.Сталин елге радио арқылы үндеу тастады. Фашистік Германияның Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағаны жөніндегі хабар сол бойда ­ ақ ақпарат таратудың барлық арналары арқылы бүкіл елге жарияланды. Маңғыстау өңірінің жұртшылығы да «соғыс» деген суық хабарды естісімен елеңдей үрпиісіп ел басшыларына қарасты. Мәскеуден берілген КСРО мен ВКП (б) Орталық Комитетінің бірлескен мәлімдесі негізінде 1941 жылғы маусымның 29­нан бастап Маңғыстаудың барлық елді мекендерінде халық жиындары өткізілді. Ел басшылары орталықтан жолданған төте нұсқауларды басшылыққа алып, бүкіл халықты бір ғана мақсатқа неміс басқыншыларына соққы беруге жұмылдыру жолында әрекет етті. Соғыс басталар қарсаңында Маңғыстау түбегінде 46.482 халық тұрды. Бұл кезде Маңғыстау (орталығы Таушық кенті) және жаңа ұйымдасқан (1939ж.қазан) Шевченко аудандары Гурьев облысының құрамына кіретін еді. Әскерге адам әзірлеу, оларды аттандыру жұмыстарымен Форт­Шевченко қаласы мен Таушық поселкесіндегі аудандық әскери комиссариаттар және осы екі ауданның партия комитеттерінің әскери бөлімдері тікелей айналысты. Маңғыстау аудандық партия комитеті мүшелерінің 1941 жылғы 19 майдағы мәжілісінде жасалған баяндамада әскери әзірліктен өткен 1080 жас жігіт Қызыл Армия қатарына аттанғаны айтылды. Бұл боздақтар соғыс басталардан аз ғана бұрын аттанғандар. Соғыс… Осы бір сұрқия сөз бей құт отырған жұрттың санасына сумаңдай кіріп, суыртпақтай шыққаны мәлім. Бүкіл әулетті асырып отырған аптал азаматты майданға аттандырудың соңында көкіректерді қаншалық шер мен мұңға толтырып, қаншалықты сарғая күту мен сағыныштар жатқанын сезінбеу қиын. Өйткені, соғысқа аттану Бес қала шығып қайту емес, өлімге, оқтың аузына жұмсау екенін әрбір саналы жан жүрек түпкірінен ұғына білді. Маңғыстау өңірінің тұрғындары бұдан былай барлық шаруаны соғыс жағдайына бейімдеп жүргізуді қолға алды. «Барлығы да майдан үшін!» деген ұранды еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ұғынатын болды. ВКП(б) Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлары кеңесінің 29 маусымдағы қаулысына орай бүкіл елде 16 жастан 50 жасқа дейінгілерді тізімге алып, шұғыл түрде әскери әзірліктен өткізу мәселелері алға тартылды. Әскери бөлімдердің, әскери комиссариаттардың күшімен жер­жерде әскерге жарамды азаматтардан әскери жасақтар құрылды. Маңғыстау ауданында бір батальон, 5 рота, 15 взвод және батальонға тікелей бағынатын байланысшылардың, граната атушылардың, қолма­қол айқасқа түсушілердің және атқыштардың 4 взводы құрылды. Олардың командирлері, комиссарлары, штаб басшылары белгіленді. Міне, осындай әскери құрылымдар негізінде жер­жерде әскери әзірлік, соғыс ісіне машықтану жұмыстары жүргізіле бастады. Бұл жұмыстардың барлығына аудандық партия комитеттерінің бюролары тікелей басшылық жасап, әскери комиссарларды, әскери бөлім меңгерушілерін қатаң жауапкершілікке міндеттеген. Маңғыстау тұрғындары батыстан қаптай шабуылдаған неміс басқыншыларына қарсы күрестен қағыс қалмайтындарын терең ұғынды. Тумысында, жаратылысында бейбітшілікті сүйетін, ғасырлар бойы төрт түлік малының жай­күйімен бақуат тіршілік кешіп келе жатқан Маңғыстау халқы ел шетіне жау тиген осы бір алмағайып сәтте көңілдеріне қорқыныш ұялап, үрей мен күдікке бой берген жоқ, қайта біздің ата­бабаларымыз да талай нәубет кезеңдерді бастан кешкен, бүгінгі ұрпақ пешенесіне жазылғаны осы болса оны да көріп алдық дегендей, болған іске болаттай ширығып, тас түйін әзірлік танытты. Қасиетті Маңғыстау топырағы қай заманда да ат тұяғының дүбірінен, атой салған аласапыран кезеңдерден кенде қалып көрген жоқ. Кезінде жеті жұрт келіп жайлаған бұл өңірдің ұландары тәтті ұйқысын үй сыртынан аттандаған ащы айқаймен ашып, аттың жалы, атанның қомында бел қатайтып, барымта ­ қарымтамен бұғана бекіткені, ел мен жер намысын қорғап есейгені әмбеге мәлім. Қарасай, Қази, Ер Бекет, Атағозы, Бердібек, Есекмерген, Ер Төлеп, Ер Шабай, Сүйінқара, Құлбарақ, Иса, Досан сынды ел намысын қорғауда асқан ерліктің өнегесі болған Маңғыстау батырларының ұрпақтары әлі де бар екенін, Ұлы Отан соғысы дәлелдеп берді. Бұл соғыста Маңғыстаудан аттанған боздақтар халқымыздың ежелден ер, қажет болса шыбын жанын шүберекке түйіп, қас дұшпанға қасқая қарсы тұра алатын жұрт екендігін айдай әлемге тағы паш етті. Соғыс басталған алғашқы сәттен ­ ақ майданға өз еріктерімен сұранушылар қатары көбейе түсті. Маңғыстау тұрғындары Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1941 жылғы 17 қазандағы «КСРО азаматтарының жалпыға бірдей әскери істі оқу міндеттері туралы» қаулысын зор түсінікпен қабыл алды. Жер­жерде әскери машықтану мектептері жұмыс жасады. Бұл соғыс ел намысын қорғайтын ересен сын ғана емес, сонымен қатар, ауыздарынан ажал оғын шашқан сансыз қару­жарақтардың қантөгіс қақтығысы екенін бұқара жұртшылық терең түсінді. Сондықтан ер азаматтар түгіл, әйелдер мен балаларға дейін соғыс қаруларын меңгеру ісінен қалыс қалмады. Соғыс ісін жан­жақты меңгеріп, дайындықтан өткен бірнеше әскери құрамалар Қазақстанның өзінде жасақталып, майданға аттанды. 361 (кейін 8­гвардиялық Панфилов дивизиясы болып аталды), 238, 312­атқыштар дивизиялары Москва түбіндегі шайқаста, 38­(кейін 73­гвардиялық) дивизия Сталинград қорғанысы мен Курск доғасында, Днепр өзенінен өтерде, 310 және 314 дивизиялар Ленинград майданында өшпес ерлік көрсетті. Қазақстаннан майданға аттанған 500­ге жуық боздақ Кеңес Одағының Батыры деген ең жоғарғы атаққа ие болды. Олардың арасында 28 Панфиловшылар, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағанбетов, Леонид Беда, Нүркен Әбдіров, Сұлтан Баймағамбетов, Төлеген Тоқтаров, Сергей Луганский, Мәлік Ғабдуллин, Қарсыбай Сыпатаев, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, т.б. көптеген Батырлардың есімдерін халқымыз зор мақтаныш етеді. Шығыс қыздары арасында алғаш рет Батыр атағын иемденген Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова қазақ халқының ержүрек ел екендігін бүкіл әлемге танытты. Маңғыстаулық ержүрек ұландардың есімдері де Ұлы Отан соғысының тарихынан лайықты орын алып отырғанын айту керек. Кеңес Одағының Батырлары Мәди Бегенов пен Жұмағали Қалдықараевты, ержүрек ұшқыш Біләл Қалиевты, жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегерлері Кемер Оңғалбаев пен Павел Малаевты, Ленин орденімен наградталған Исатай Сүйеубаев пен Қартбай Бекжановты жерлестері ерен мақтаныш етеді. Сонымен қатар соғыс кезінде Маңғыстауды сенімді тылға айналдыруға үлес қосқан, сұрапыл жылдарда ерлік еңбектің өнегесін көрсеткен 9 адамға 1947 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Олардың әрқайсысының жанқиярлық еңбектері, ауыр тағдырлары жөнінде де бүгінгі ұрпақ өте аз біледі. Маңғыстау топырағында туған түлектердің майдан мен тылдағы ерліктері жөнінде әлі де талай толымды туындылар жазылатыны сөзсіз.

Читайте также:  Түркия премьері такси жүргізушісі болып, халықпен тілдесті (видео)

Оставить комментарий