Мұқан Төлебаевтың өмірі мен шығармашылық жолы

КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқан Төлебаевтың есімі ұлттық мәдениетіміздің тарихына алтын әріппен жазылған. Аса көрнекті композитор, қазақ жазба музыкасының негізін қалаушылардың бірі М.Төлебаевтың шығармалары өзіне тән мазмұндылығымен, көркемдік құндылығымен, асқан шеберлік тілімен классикалық маңызға ие болып, халқымыздың асыл мұрасына айналды. Оның асқақ туындылары азаматтық үнімен, әдемі лирикалық сарынымен, эпикалық серпінімен, айқын бояуымен күнделікті өміріміздің ажырамас серігіндей қабылданады. Туған халқының өмір салтынан ажырамай, сан ғасырлық өнерінен рухани нәр алған композитордың музыка тілі жалпыға түсінікті бола тұра, жоғары кәсібилік сипатқа ие. Онда отанға деген сүйіспеншілік, туған жерді қорғау мен елінің бақытты өмірін жырлау тақырыбы мен халықтық мейрамдардың сәулелі суреттері сияқты қоғамдық мәселелер көтеріледі. М.Төлебаев шығармашылығындағы кең танымал, қажырлы еңбекті жырлайтын «Коммунизм оттары» кантатасы шабытты поэма іспеттес үнделеді. Ал халықтың талантты ұлдарының бірі, еркіндікті аңсаған, өз бақыты үшін батыл күрескен Біржан сал бейнесі қазақ опера өнерінің маржандарының бірі саналатын «Біржан­Сара» операсында көрініс тапты. Өзінің қысқа творчестволық өмірінде (ол 23 жасында ғана музыка әлеміне келіп, 47 жасында дүние салды) Мұқан Төлебаев жарқ етіп жарқыраған жұлдыздай, сөнбес із қалдырып, туған елінің мақтаныш ететін адал перзенті болып, оның ризашылығына бөленді. Болашақ композитордың өнерге деген сезімталдығы, құштарлығы мен әуесқойлығы ерте қалыптасты. М.Төлебаевтың табиғи қабілетінің сарқылмас бұлағы байырғы халық қазынасынан бастау алды. Өсе келе ел арасында өзінің ерекше талантымен танылып, бертінде көркемөнер үйірмелерін ұйымдастырып, 1936 жылы Алматыда болған халық өнерпаздарының слетіне қатысты. Онда көрнекті мәдениет өкілдері А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Қ.Жандарбековтердің көзіне түсіп, Москва консерваториясы жанында құрылған қазақ студиясына жолдамаға ие болды. Болашақ композитордың профессионалды музыка жолына түсу сапары осылай басталғанды. Алға қойған мақсаттарына жетуіне сұрапыл соғыс бөгет болып, М.Төлебаев Алматыға қайта оралды. 1947 жылы Мұқан бірталай вокальдық оркестрлік шығармалардың, сонымен қатар «Біржан­Сара» және «Аманкелді» (Е.Брусиловскиймен бірігіп жазған) операларының авторы бола тұра, өз творчествосына зор жауапкершілікпен, сын көзбен қарап, қайтадан Москва консерваториясының студенті болды. Оның композиторлық шеберлігінің одан әрі дами түсуіне, шындалып өрбуіне ұстаздары ­ көрнекті совет композиторлары, профессорлар Р.М.Глиэр, Н.Я.Мясковский зор үлес қосты. Мұқан кәсіби білім алу кезеңінде шаршамай­ талмай алға ұмтылып, мәдени және музыкалық мұралармен танысып, классикалық шығармаларды игеріп, өзінің ой­ өрісінің жан­жақты қалыптасуын мақсат етті.

Ашық ұлттық бояумен нақышталған, өзіндік ерекшеліктерге толы стиль композитордың музыкалық мұрасына ортақ қолтаңба болып табылады. Халқымыздың бай музыкалық фольклорының эстетикалық, көркемдік қырларын және стильдік ерекшеліктерін жете зерттеуі композитордың жарқын шығармашылық өрнегінің қалыптасуына әсер етті. Мысалы, олардың бірі ­ музыкалық фразаның өзгеше даму барысы мен музыканың шырқау шыңындағы құрылым сияқты көптеген композициялық тәсілдер. Бұл жөнінде профессор Н.Кетегенова былай дейді: «Қай туындысын алсаңыз да, ол «Біржан­Сара» операсы немесе Е.Брусиловскиймен бірігіп жазған «Амангелді» операсы болсын, «Коммунизм оттары» кантатасы немесе «Қазақстан» симфониялық поэмасы, «Тос, мені тос» немесе «Кестелі орамал» ән­романстары ­ бұлардың бәрі халық өмірінің ұлттық бояуы, оның тұрмысы мен табиғатын суреттеуге толы. Олардың бейнелік жақтары мен көркемдеу әдістері әр тыңдаушыға түсінікті. Сонымен қатар, қарапайым өмірлік құбылыстарға назар аударса да, Мұқан Төлебаев қылқаламынан туған жанрлар қалыпты дағдыдан өзгеше. Оның жігерлі музыкасы өмірдің шаттығы мен сәулелі қуанышына толы. Ол бұл амал­тәсілдерді туған халқының рухына терең үңіліп, әдет­ғұрпы мен психологиясын жете игеруге ұмтыла отырып меңгере білген» [1,56.]. М.Төлебаев шығармашылығындағы халықтық өнер қайнарлары кең көлемде көрінеді: қазақ ән мәдениетінің дәстүрлі жанрына (терме) назар аударса да, лирикалық әуендерді дамытуда да, ақын өнерінің речитативтік сарынын алса да, аспаптық музыканың тамаша үлгілерін жүзеге асырса да композитор жолдарын табады, жоғары көркемдік тұрғыда басқаға ұқсамас сезімдік­бейнелік қолтаңбасымен ерекшелендіреді. М.Төлебаевтың асқан дарындылығы алғашқы вокалдық туындыларында­ақ айқын сезілді. Қырқыншы жылдары жарық көрген «Кешкі көк», «Кестелі орамал», «Ақ мақта», «Тос, мені тос», «Мен сүйем», «Таня туралы ән», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты ән­ романстары сұлу сазды, асқақ әуенді сырлы лирикаға бай шыншыл да романтикаға толы музыка. Композитордың вокалдық жанрға бейімділігі, ондағы таң қаларлық әуен шығару дарындылығы, нәзік лирикалылық қабілеті оны опера жанрына бастады.

Читайте также:  Докапиталистические отношения в Средней Азии

Ол батыс­еуропа, орыс және XX ғасыр операларының әртүрлі үлгілерін талмай зерттеп, олардың композициялық құрылымына, ішкі заңдылықтарына (ариялар, ансамбльдер, речитативтер және т.б. опера формалары), музыкалық және сахналық драматургияның негізіне терең көңіл бөледі. Бұл тұрғыда тәжірибелі опера композиторы Е.Брусиловскиймен бірігіп жазған тарихи­ патриоттық «Амангелді» операсы үлгі аларлық (опера түсаукесері 1946 жылдың 18 қарашасында болды). Драматургиясы әсерлі «Амангелді» операсының музыкасы батырлық­ержүректік сипатта жазылған. Мұндағы бас кейіпкерлердің бейнесі жарқын әрі ұлттық нақышқа толы. М.Төлебаевтың музыкасының ішінде құрметті орын алатын жанр ­ опера. Ол өзінің сүйікті перзенті «Біржан­Сара» арқылы танылды. Бұл туынды қазақ музыкасында шабыт пен шеберліктің құймасындай көркемдік сапасымен ерекше терең ойдан шыққан, шоктығы биік туынды ретінде рухани тарихымыздың төрінен орын алады. Операның либреттосын көрнекті ғалым ­ ақын, әдебиет теоретигі Қажым Жұмалиев жазды. Ол операның мазмұнына халқымыздың аяулы ұлы мен қызы, аттары ел сүйіспеншілігіне бөленген халық композиторы Біржан сал мен ақын Сара арасында болған тарихи айтысты арқау етті. Операның либреттосында екі талант иелерінің шынайы лирикалық сезімін, өткен замандағы өрескел әдет­ғұрыпты, әлеуметтік шиеленісті асқан шеберлікпен көрсетті. Мұнда халқымыздың ғасырлар бойы сұрыпталған ой­арманы, жоғары моральдық­ этикалық мұраттары асқақ үнмен жырланды. «Біржан­Сара» операсының ең бір тамаша қасиетінің негізі ­ сюжеттік ­музыкалық драматургиясының басты тақырыбы ретінде ұлттық мәдениеттің көрнекті өкілдерінің өмірі паш етілді. Сол себептен де шығарманың асқақ сарынында сұлу саз бен кең эпикалық серпін, нәзік лирикалық сезім, романтикалық шаттық жетекші орын алды. Операны тамашалаған көрермен екі таланттың кездесу кезеңдерінде туған творчестволық шабыт пен жарыстың куәгері болғандай, ерекше сезімге бөленеді. «Біржан­Сара» партитурасының беттерінен ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың ақындық, әншілік, орындаушылық дәстүрлері жоғары шеберлікпен көрсетіліп, өзіне тән профессионалдық әдістермен бейнеленген. М.Төлебаевтың «Соқыр Есжан» күйін сахнадағы би және хор көріністеріне аса зергерлікпен ұштастыруы операның ең биік кульминациялық шыңын айқындады, драматургиясының өрісіне нақтылы өзек берді.

Читайте также:  ҚАЗІРГІ ПОСТМОДЕРНИСТІК ПОЭЗИЯ

Мұндағы күрделі опералық формалар колоритті образдармен, гармониялық, полифониялық тәсілдермен нәрленіп, халық әндерінің көне түрлері жаңашыл үнге ұласты. «Беташар», «Жар­жар», «Жоқтау», «Сыңсу» сияқты тұрмыс­салт әндері сюжеттік желілерге сәйкестендіріліп, жетекші драматургиялық міндетін атқарды. Операның басты кейіпкерлері халық ақын­ композиторлары болғандықтан, фольклордың байырғы түрлері ­ терме, желдірмелер дамытылған ария, ариозо, ансамбль, речитативтермен қатар жетекші орынға ие болды. Композитордың музыкасында Біржан салдың асқақ, көтеріңкі, әлеуметтік үнге толы әндері Мұқанның өзіндік дарынымен тұтасып, тамаша синтезге айналды. Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский талантты көркем шығарма өзінің ұлттық ерекшелігімен айқындалатынын ескерткен еді. Бүл тұрғыда М.Төлебаевтың музыкалық мұрасы айқын мысал бола алады. Өз туындыларының үнделуінде ол әуендік, ырғақтық, интонациялық құбылыстарға өзгеше көңіл бөліп, туындыларын әсерлі мәнермен жандандырды. Шығарманың либреттосы әлемдік опера өнеріндегі жетістіктерді қамти отырып, конструктивті ой желісімен, драматургиялық шиеленісімен типтеледі. Онда музыкалық­ сахналық драматургияның барлық заңдылықтары, атап айтсақ, қарама­қарсылық, бейнелердің колориттілігі, қайшылықтар (коллизия) мен жәйттердің аражігі, музыкалық және поэтикалық тілдің дәлдігі мен айқындылығы, сюжеттің өрбу желісі мен операның әр актісіндегі кульминациялық сахналардың сәйкес келуі мен архитектоникасының біртұтастығы асқан шеберлікпен жазылған. Операдағы басты кейіпкерлер Біржан, Сара, Қожағұл, Жанбота, Жиенқұл ­ тарихта болған тұлғалар. Біржан мен Сараның өмір дерегінен либреттист екі ақынның шығармашылық кездесуін (айтысты), «Жанбота» әнінің шығу тарихын ұтымды пайдаланған. Либретто авторының айтуынша, ақынды зынданға қамау тұсы XIX ғасырдағы белгілі ауызша­кәсіби дәстүр өкілі Жаяу Мұса Байжанов өміріндегі оқиғадан алынған (осыған байланысты композитор Біржан аузына айтыс сахнасында Жаяу Мұсаның «Хаулау» әнін салғандығы белгілі). Мұндағы негізгі сюжет бойынша ой ­ ол халқына өнерімен қызмет еткен біртуар тұлғаның өмірін көрсету.

Сюжет бойынша Біржанның феодалдық­патриархалдық ғұрыптармен бас бостандығы үшін күресі жетекші идея ретінде дамып отырады. Операдағы қақтығыс ­ прогрессивті (Біржан, Сара, халық) және реакциялық (Жанбота, Жиенқұл, молдалар) екі әлеуметтік топтың өзара тартысына шоғырланады. «Біржан­Сарадағы» әр төрт бөлімнің драматургиялық рөлін тұтастай алғанда төмендегідей жолмен жүйелеуге болады: 1 бейнелердің экспозициясы; 2 қақтығыстың өршуі; 3 даму шыңы (кульминация); 4 түйіннің шешілімі (қорытынды). Партитураның лирикалық эпизодтары ұлттық бояумен көркемделген сахналардан, романтикалық жігерлілік пен көтеріңкілікте композитордың ерекше дарыны көрінеді. М.Төлебаев әуен­сазының сәнді оралымы, оның сұлу үйлесімі халық шеберінің өрнегіндей әдемі, мелодиялық құрылымымен табиғи түрде астасқан нәзік полифония арқылы, ладтық және гармониялық палитраны құбылтудың нәтижесінде опера авторының талантын айқындата түседі. Операның ерекшеліктері ­ ол басты кейіпкерлердің ақын болуымен байланысты, ал одан: біріншіден, арқа әндері мен Біржан әндері музыкалық негізге алынды; екіншіден, суырыпсалма сайыстың дәстүрлі формасы ­ поэтикалық айтыс, ғұрыптық салттардың пайдаланылуы (дәстүрге сүйену принципі). Операның стильдік анықтаушы сипаты әндік негіз (песенность) болып белгіленеді. М.Төлебаевтың ұлтымыздың көркемдік­эстетикалық талғамына сәйкес, қолтаңбасы поэтикалық музыкалық фольклордың күрделі жанрдың заңдылықтарымен үйлестіруді шебер де ұтымды қолдануында. Сонымен қатар оркестр партиясында, әсем би сахналарында анық байқалады. Композитор операдағы тақырыптық материалға дарынды өнер иесі Біржан салдың әйгілі әндерін қолданды. Осылайша автордың шығармашылық шабыты мен ақын туындылары эстетикасы көркем бейнелердің ғажап үлгісін тудырды. Бұл орайда Гетенің ақын Роберт Берне туралы айтқан пікірі орынды ойға оралады. Гете Берне поэзиясының кемелдігіне назар аударып: «Оны ұлылыққа көтерген нендей күш? Халық аузында жүрген бабаларының әндерін бесікте жатып естіп, ана сүтімен еміп, олардың арасында осы дана бейнелермен біте қайнасып өсіп, олардан рухтанып кемелденген жоқ па?», ­ деген екен. Операда пайдаланған әндер композитор шығармашылығында біртұтас стильде кәсіби әдістерге түсіп, өзінше дамытылып өрбиді. Опера драматургиясындағы лирикалық және әлеуметтік екі желінің қарама­қарсы сәйкестендірілуі оның өзегіндегі күресті күшейтеді. Басты кейіпкерлер Біржан мен Сара бейнелері жеке музыкалық тұрғыдан сипатталып, Біржан образы жарқын әрі жан­жақты бейнеленген. Оның іс­ қимылында бостандығы мен биік рухы идеясы айқындай көрсетіле [2, 127 б.], Біржан бейнесі сомдаған кезеңде оның алдына алдында хор сахналары жүреді, сөйтіп ақынды күту сәті оның сахнаға шығу маңыздылығын арттыра түседі және ақын Естайдың жоғары қаратпа интонациядан басталатын бірінші әнінде де Біржан алдын­ала сыртынан сипатталады.

Читайте также:  «Жеті Жарғы» — қазақ әдет ­ ғұрып құқығының ecкepткiшi

М.Төлебаев Біржанның «Айтпай», «Біржан­сал», «Жанбота», «Адасқақ» әндерін қолданып, оның операдағы музыкалық мінезін оған тән интонациялармен сипаттайды. Диатоникалық лад жүйелеріндегі саз, триольдар, қазақ әндерінде көптеп кездесетін декламациялық мәнер Біржанның арияларында ғана емес, ансамбльдерде де жиі кездеседі. Біржанның ариялары мен ариозаларында халық әндеріне ұқсас виртуозды вокализация тәсілдері де бар. Ал, танымал Сара бейнесі жинақы жасалған. Ол жасөспірім, батыл, асқақ мінезді бола тұра танымал ақын Біржаннан жүрексінбей айтысқа шыққан кезінен бастап, махаббаты үшін, бақыты үшін күреске бел байлап, оның образы опера желісінде бірте­бірте дамыта берілген. Ақын Сара тағдырының ашылуы арқылы тарихи тақырыпқа жазылған XIX ғасырдағы қазақ әйелінің өмірін, таптық езгіні, феодалдық­діни заңдарды сынау сияқты өмірлік мағынасы бар идеяны композитор жүзеге асырады. Сара бейнесі жеңіл, нақты, ырғақты әуендермен көркемделген, еркін, ойнақы «Гүлдер­ай», «Шұбар ағаш, ой жайлау» секілді халық әндерімен берілген. Бұл әсем, әуенді қыз бейнесі бара­бара драмалық өзгеріске түседі. III көріністегі екі шағын ария «Біржан сал» әніне интонациясы жағынан жақын. Оның біріншісі Жаяу Мұсаның «Гауһар қыз» әні негізінде жазылған. Жанбота мен Жиенқұл бейнелері жағымсыз кейіпкерлердің мінезін суреттейтін диссонанстық дыбыс құрамымен, речитативті мәнерде қайталанып келетін дыбыстардан тұратын музыкалық сипатқа ие. Шығармада кертартпа феодалдық­патриархалдық кейіпкерлерге Біржанның әкесі Қожағұл мен молдалар жатады. Бүл II көріністегі әкенің теріс бата беру сахнасында берілген. Осы сәтте оркестрде хроматикалық дыбыс қатары әуенге қарама­қарсы бағытта қозғалады (әке мен бала көзқарастарының ажырауы) 1 , ал молдалар партиясында бір орында «тұрып» қалған әуен жетекші орын алған. Опера драматургиясында басты кейіпкерлердің жан дүниесін ашуға арналған лейтмотивтер маңызды рол атқарады.

Оставить комментарий