Мәдени сабақтастықтағы тарих даналығы

Қазіргі тарихи және философиялық­мәдениеттану зерттеулерінің дербес тақырыбы ретінде тарихи және мәдени сабақтастық проблемасын қарастырған кезде тура біздің заманымыз үшін — қазақстандық қоғамдағы, кеңес дәуірінен кейінгі тарихтағы ғана емес, сонымен қатар, жеке тарихи­мәдени болмыстың барлық бағыттары бойынша сапалы және түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру қажеттігіне орай өзінің дамуына объективтік түрде келген бүкіл бүгінгі адамзат қоғамындағы бетбұрыс кезеңі үшін — оның ерекше мәні мен маңыздылығына айрықша тоқталу қажет. Қазіргі заманғы дүниенің қарама­қайшылығы күн санап күшейіп, тереңдей түсуі, қазіргі өркениет болмысының этникалық, нәсілдік, әлеуметтік, экономикалық және саяси жағынан «бұзылуы», экологиялық проблемалардың ушыға түсуі әртүрлі елдер мен халықтардың, олардың идеологиялары мен мәдениеттерінің өзара үйлесімді болуы мен дамуының мүмкіндігін күрделілендіре түседі. Бірақта қанша жерден таңданарлық жағдай болса да, олар бірігіп, тізе қосқан күйде сапалы жаңа өркениетті, адамзат индивидтері болмысының, мәдениеттің және бүкіл қазіргі адамзаттың әрекет етуі мен тыныс­тіршілігінің принципті түрдегі жаңа парадигмасы бейнесінде түсіндірілетін өркениетті дүниеге келтіру және оны қалыптастыру үшін қажетті әрі сөзсіз негіз бен күш­мүмкіндік болады. Адамзаттың қазіргі технотрондық ақиқат тығырығынан анып шығуға қабілетті бұл өркениеттің қажетті және жеткілікті ментальдық, психологиялық және басқа негіздерін іздеуге деген талпыныс жан­жақтан күшейе түскен кезде онда оны құрушы мен пайдаланушының өзіне деген орын тарыла түсуде. Міне, осы тұрғыдан алғанда қазіргі күн тәртібіндегі мәселелерге жауапты өткен заманнан, бұрынғы ата­бабаларымыздың және көне заманның даналығы тәжірибесінен табуға болады. Бұл ізденістер бұрынғы ұрпақтың нақты практикалық тәжірибесін тану фактісінен ғана емес, сонымен бірге бұрынғы өткен мен қазіргі арасындағы байланысты нығайту керектігінен айқын сезілуде. Бұл байланыс оларды қажетті негізге, ажырамайтын біртұтастыққа, қандайда бір жеке адамнан жоғары тұрушылық, уақыттан тыс және кеңістіктен тыс қауымдастыққа, олардың ажырамас байланысындағы уақыт және кеңістік аспектілерін қамтитын біртұтастық ретінде адамзат болмысының діңгекті, экзистенциалдық мәндік принципін өзінің табиғаты бойынша көрсететін қауымдастыққа, біріктіреді, органикалық байланыс элементіне айналдырады. Бұл бірлік ұрпақтардың тарихи және мәдени сабақтастығының болуынан, әртүрлі дәуірге жататын адамдардың сабақтастығынан, тарихи феномендер мен мәдениеті сабақтастығынан айқын көрінеді. Сонда «сабақтастық» дегеннің өзі нені білдіреді, оның негізгі мазмұны мен мәні қандай? Осы еңбекте бұл сұрақтарға жауап беріледі. Сонымен бірге ол тарихи тәжірибенің бәрін жинақтауды мақсат етпейді, оны қойылған мәселені шешудегі бір талпыныс ретінде қарастыру керек. Бұл тарихи­мәдени сабақтастыққа тарихи болмыстың айрықша феномені ретінде қарайтын зерттеушілер мен оқырмандардың қызығушылығын туғызатын зерттеу деп үміттенеміз. Оны зерттеу зор практикалық және танымдық маңызға ие. Тарихтың бүгінгі күні кешегі күннің заңды жалғасы болып табылады. Өзіміз қазіргі бола тұрып өткеннің бәрін бірбеткейлікпен әрі шарасыздықпен жоққа шығарамыз. Уақыттың кез келген сәті өзінің тұрақтылығымен және өзгермейтіндігімен ерекшеленеді. Сол арқылы тарихи шындықтың екі ұшты мәні мен объективті мазмұны пайда болады, бір жағынан біздің көз алдымыздағы тотальды процесс ретінде бөлінбейтін және бөліне алмайтын тұтастықта болады, ал екінші жағынан тарихи феномендердің, жеке және ғажайып құбылыстардың, оқиғалар мен фактілердің түрінде көрініс табады. Тарих өзінің мәні жағынан тек ғылым ғана емес, сонымен қатар өткеннің оқиғалары мен фактілері туралы объективті білім болып табылады; ол адамның күнделікті санасындағы жай­ күйге қарағанда анағұрлым маңызды әрі мазмұнды болып келеді. Тарих өзінің алғашқы бастауында, өзінің терең мән­мағынасында алғанда, өмірдің нақ өзі, бұл жекелеген адамның, отбасының, халықтың, бүкіл адамзаттың өмірі, олардың ақыл­ойы мен қолынан шыққан небір ғажайып туындылар; ол — сондай­ақ ғаламның өз болмысы, дүниенің сандаған нысандары. Өкінішке орай, біздің сезу қабілетімізге, дүниені танып­білуге ұмтылған ақыл­ойымызға сүйене отырып, шындық ақиқатты тануға және оның болуының тереңде жатқан иірімдерін айқындауға қанша жерден тырысқанымызбен, тарихи болмыстың толық мазмұнын қамтуға және оның сан алуан көріністерін көрсетуге шамамыз келмейді. Өткен туралы адамзат ақыл­ойының барлық түсінігі өзінің мән­мағынасы жағынан тарихи объективті шындықтың көмескі әрі бұлдыр көшірмесі болып табылады, тарихи шындықтың барлық бояуын, реңктері мен иірімдерін тұтастай суреттеп бейнелеуге қабілетсіз болады. Тарихтың біздің көз алдымызда оның билігінде болатын көне мұраларды мейілінше ұтымды зерттеуде өзінің шындықты тану, көрсету көне бағалауына сүйенетін «позитивтік» білім болып көрінуі сондықтан емес пе екен. Бұл дәстүрлі позитивтік ғылымның адептісі, яғни бір ілімнің, бір идеяның жақтаушысы, мәмілеге келмейтін бұрынғы өткеннің осы зерттеушісі өзінің ақыл­ойы мен қабілет­қарымына сүйеніп, өзінің ұғымында көрініс тапқан тіршілік атаулыны және қайталанбайтын тарихи шындық әлемін «объективті білімнің» аясына «сыналап кіргізіп», сол арқылы оны зерттелетін шындыққа сай келмейтін жағдайға ептілікпен алмастыруға (өкінішке орай тепе­тең дәрежеде емес) жол бергендігінен емес пе екен. Адамның білуге және танымға ұмтылысы экзистенциалды феномендер дүниесі және бейнелер дүниесі болып бөлінетін дүниенің дихотомикалық барлық терең иірімдеріне, неғұрлым объективті түрде қол жеткізуге және барабар түрде көрсетуге деген талпынысын білдіреді. Бұл аталған жолда адамның қандай жаңалық ашатындығын ешкім білмейді, бұл жол дүние шындығының кездесетін екіұдайылығынан арылу жолы болып табылады, бұл сонымен қатар адамзаттың рухани мәдениетінің болу негізін де көрсетеді, тарихи шындықтағы айырықша ипостась ретінде көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда тарихи шындық пен ол туралы адамзат білімі «сәйкес» келетіндігін атап өткен жөн. Адам үшін тарихи шындық болмысының ерекшелігі ол адамзаттың білімінің өзінен тыс бола алмайтын жағдайы болып табылады. Бұрынғы өткеннің оқиғалары мен құбылыстарының көрініс табуын біздің сезу қабілеттеріміз және ақыл­ойларымыз арқылы зерттеу туралы айтқанымызда, қазіргінің бұрынғы өткенде көрініс табатын және елестейтін «құбылыстарға» қарағанда объективті және ырыққа көнбейтіндігі туралы ой­тұжырымды айта кеткен жөн. Тарихи уақыттың болмысына сүйеніп кеше зерттелгеннің өзі кейін «тазалығын», бастапқы қалпын, кешегіні «тірілткен» объективтік жай­күйін жоғалтып алады. Ақыр соңында келіп, бұрын болып еткен тарихтың болмысы туралы «объективті» білімнің орнын миф басады, ол болжамдар мен фантазиялардың кейпін жамылып, өзінше шындық бейнесінде көрінеді. Сонымен қатар белгілі бір немесе өзге де тарихи оқиғаларды саналы және санасыз түрде мазмұны мен нысаны жағынан аңызға айналдырады. Соның нәтижесінде тарихи шындық бұрмаланып, «қолдан жасалу» сипатына ие болып, «тарихты» жасаушылардың жеке бұра тартушылығына ұшырайды. Өткен дәуірдің қандай да болмасын білімі жартылай мифтік сипатқа ие болады, ол бара­ бара бастапқы қалпынан, тарихи шындықты зерттейтін тікелей бұрынғы бейнесінен алшақтайды. Осындай пікір білдіріп отырған біздің ертеңгі күні сынға ұшырайтынымыз да анық. Бұрынғы тарихты зерттеушілер бізді дилентантизм мен қателіктеріміз үшін ашықтан ашық кінәлайтын болады. Болуы әбден мүмкін мұндай кінәлауларға қарсы айтар уәжіміз мынадай, біздің пікірімізше, тарихи шындықты адами білімдер мен абсолютті принципті түрде орын алатын бұрмалаушылықпен көрсету дұрыс емес деп ойлаймыз. Бірақта өткен тарих болмысының жекелеген көріністерін салыстырмалы түрде барабар етіп көрсету шындыққа жанасады. Өткен тарих өзінің сол күйіндегі қалпымен адамға жетпейді, нағыз ақиқат тарих ол туралы адамдардың кез келген түсінігінен әлдеқайда бай келетіндігі сөзсіз. Білім әрқашанда ақиқатқа «жол береді», олар тарихи шындықтың жекелеген сәттерін ғана көрсете алады; оны қараңғы түндегі жекелеген көріністерді ғана көруге мүмкіндік беретін прожектор сәулесімен салыстыруға болады.

Читайте также:  ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАНКТЕРДІҢ НЕСИЕЛІК ПОРТФЕЛЬДЕРІНІҢ САПАСЫН ТАЛДАУ

Оставить комментарий