Мәдениет есі туралы

Мәдениетті зерттеу оның тарихын зерттеуден басталды. Атап айтқанда дәуірлер арасындағы айырмашылық алғашқы мәдениет зерттеушілерінің назарын аударды. Эллинизм мен орта ғасырдың, Ренессанс пен романтизмнің төл ерекшеліктері оған дейінгі дәуірлер мен онан кейінгі мәдени тәжірибемен кереғарлықта ұғылды. Аяғына дейін бірізді жүзеге асырылған кезде бұл ұстаным тұйық мәдениет теориясына әкелді. Мәдениеттер арасындағы қарым­қатынас «бөтен жанмен» түйісу мүмкін еместігі ретінде қабылданды (синхронды түрде де, диахронды түрде де). Дегенмен, эволюциялық көзқараспен қарағанда бұған дейінгі дәуірлердің мәтіндер құндылығы жөніндегі сұрақ және оларды тудырған тарихи жағдайлар бұрынғы алыс кезеңдерге кеткен кезде олардың сол кезеңдегі белсенді қызметін ұғу теориялық қиыншылықтар туғызуы айқын. Қарама қарсы полюсте өзінің негізінде оны өзгермейтін құбылыс ретінде және тарих тудырғанның бәрін, оның жоғарғы бет қабатын мәңгілік секілді, уақыт мәнділігінен тыс қарастыратын мәдениеттің тарихқа қарсы тұжырымдары болды. Көрсетілген қарама­қарсылықтан шығатын жол осы шешімдердің бірін таңдаудан іздеу емес, бұл мәселеге тіптен басқа тұрғы табуда. Мәдениет феномені белгілі бір жағдайда тосын көрінуі де мүмкін. Бір жағынан, кез келген алдын ала дайындалмаған байқаушыға мәдениеттің тарихи өзгеруі, оның динамикалық сипаты айқын нәрсе. Екінші жағынан, тарихи динамиканың әртүрлі оны құраушылардың жылдамдығының әр түрлілігі де ақиқат. Тіл де, өнер де, сән де (тағы да көптеген басқалары) біз «мәдениет» деп атайтын күрделі гетерогенді және көп қызметті тұтастыққа кіреді. Дегенмен тілдің өзгеруі бірнеше ғасырларға созылады, ал жаңа заманның сәні өз кодын жыл сайын өзгертеді. Зерттеушілердің бүкіл әрекеті тұжырымдамалық жүйелілік үшін әр түрлі өнер түрлерін бірыңғай хронологиялық шеңберге кіргізу, сұрақты айқындауға көмектескеннен гөрі, оны оңайлатып жібереді. Мәдениет дөңгелегі әр түрлі жылдамдықпен айналады, және біз музыкада романтизм деп атайтын құбылыс, хронологиялық түрде әдеби романтизммен сыйыспайды (немесе сыйысуы мүмкін емес). Басқалардан бөлек, мәдениет құрауыштарының уақыт түсінігіне қатысты ұстанымды түрдегі айырмашылығын айтпай өтуге болмайды. Техника тарихында және жалпы материалды мәдениет тарихында соңғы уақыттық кесінді «жұмыс істейді». Әрбір жаңа өнер табысы оған дейінгіні мұражайға тапсырады. Олар өзінің тікелей қызметінде ешқашан пайдаланылмайды. Осы жағынан алғанда техника тарихы өзінің осы толық мағынасында тарих болып табылады. Мәдениеттің семиотикалық аспектілері (мысалы, өнер тарихы), бәрінен бұрын, ес заңдылығын еске түсіретін заңдылықпен дамиды, бұл жерде өткенді жоймайды және бейболымға кетпейді, сұрыпталуға және күрделі кодтауға түседі, кейін белгілі бір жағдайда өзі жөнінде қайтадан білдіру үшін сақталуға өтеді. Белгілі бір дәуір адамдары мүмкіндігінше өз заманының техникасын, яғни ең жаңа техникасын (егер белгілі бір себептермен ол мүмкін болмаса, олар «артта қалған» жағдайда болады) пайдалануға тырысады. Артта қалмас үшін поэмалар мен романдарды оқушылар немесе мұражайға барушылар бұрынғы өнер жауһарынан теріс айналуға тиіс деп есептеу аңғырттық болар еді. Былай айтқанда, мысалы, XIX ғасырдың отызыншы жылдарындағы әдебиетті қарастыру арқылы әдебиетті тарихи (бұл сөздің жазық, бірақ кең тараған түсінігінде) зерттеу, атап айтқанда, дәл осы жылдары жазылған әдебиеттермен алмастырылады. Бұл кезеңнің оқырмандары оныншы ­ жиырмасыншы жылдардағы романтиктердің кітаптарын әлі де құмартып оқып жатқанмен, Шекспир мен Сервантес бұл заманның оқырмандары үшін де, жазушылары үшін де тірі тұлға секілді болғанмен, отызыншы жылдардағы Лермонтов шығармашылығы өзінің мәнді бөлімінде оқырмандар игілігіне XIX ғасырдың соңында айналғанмен, — әдеби өмірдің шындығы диахрондық тәсімге құрбан етіледі. Отызыншы жылдар мәдениеті өзі үшін бұрынғы өткен алыс және жақын кезеңдердегі көкейкесті мәтіндерді сұрыптаудан өткізген ес коды, жаңа мәтіндерді сомдауға қатысқан кодтар секілді осы дәуірдің шындығы болып табылады. Бұрынғы өткен дәуірдегі әр түрлі мәтіндерді әруақыт күнделікті қажеттілікке айналдыру, мәдениеттің синхронды қиығында тереңдетіле, кейде өте көне күйінде — саналы және бейсана деңгейде әруақыт қатынасуы, қазіргінің бұрынғыға жататын әp түрлі құрылымдар және мәтіндермен белсенді мәдени сұхбаты, қазып алынған динозаврға теңелетін бұрынғы мәдениет түсінігіндегі жазық эволюционизм және оның дамуының қатаң сызықтығы зерттеудің қолайлы құралы болып табылады. Кейде мәдениеттің «өткенің оның болашақтағы күйі үшін «қазіргісінен» гөрі үлкенірек мәнге ие. Мысалы, Чернышевский 1855 жылғы орыс әдебиеті үшін Гоголь мен Белинский шығармаларын қазіргіге қарағанда «қазіргі» деп есептей отырып: «Осы табыттардың ішінде шынымен өлгендер жатыр ма? деп өзімізден сұрауымыз керек. Оның ішіне тірі адамдар жерленбеген бе екен? Қалай айтқанда да осы өлгендерде тірі аталып жүрген көптеген адамдарға қарағанда өміршеңдік көбірек емес пе?» — деп жазған болатын. 64 Мәдениет ұжымдық ақыл­естің бір түріне жата отырып, өзі уақыт заңдылықтарына бағына отырып, уақытқа және оның қозғалысына қарсы тұра алатын механизмге ие. (Осы жерден бастап әрі қарай, мәдениет жөнінде айтқанда бұл күрделі түсініктің бүкіл көлемін қамтымай, оның семиотикалық аспектісін ескереміз.) Соңғы уақыт қиығы ғана емес, сонымен бірге мәнді тереңдіктегі мәдениет жиынтығы жұмыс істемейді, сонымен бірге уақыт аралығында бұрынғыға жылжыған сайын белсенділік ошақтары мерзімді түрде өзін білдіріп отырады: ғасырларға бөлінген мәтіндер «еске салып», қазіргіге айналады. Мысалы, Гоголь Вальтер Скотт пен Гомерді қазіргі жазушылар үшін екі маңызды тұлға ретінде еш қиналмастан қатар қойды. Сонымен бірге мәдениеттің әр түрлі сатыларындағы ішкі қарым­қатынас тұтас алғанда оның жады бола отырып, ішкі естің жеке құрылымдарына ену мүмкіндігіне байланысты болады. Егер мәдениеттің сыртқы есі — адамзаттың оған дейінгі тәжірибесінің есі десек, онда ішкі ес — оған дейінгі жағдайдағы мәдениет есі. Берілген мақалада кейін біз тек қана осы аспектіге тоқталамыз. Кез келген қатынас жүйесінің қай қызметі болса да ұжымның жалпы есінің болатындығын білдіреді. Жалпы ессіз жалпы тілдің де болуы мүмкін емес. Дегенмен әр түрлі тілдер естің әр түрлі сипатын білдіреді. Сөз оның синхронды ауқымының әр түрлілігінде болып отырған жоқ, сонымен бірге оның диахронды тереңдігінде болып отыр. Жағдайды тұжырымдауға болады: тіл күрделенген сайын, барынша кешенді ақпаратты беруге және өндіруге бейімделген сайын, оның есі үлкенірек тереңдікке ие болуға тиіс. Тереңдетілген ес тіл элементтерінің болуымен қамтамасыз етіледі, ол, біріншіден, өзгеріске бейімделген (толық өзгеріссіздік есті ысырап етеді), екіншіден, өзіндік тұрақтылығымен де, түрленуімен де жүйеде сақталу қабілетіне ие. Нәтижесінде бір ғана элемент жүйенің әр түрлі күйіне өте отырып, оларды өзара біріктіреді. Бұл үшін ол құрылымдық мән мәтіннен бөлінген салыстырмалы автономияға ие болуы керек. Әрбір синхронды мән мәтінде ол «бөтен», оған дейінгі құрылымдық мән мәтіннің жаңару механизмі ретінде қызмет етеді. Дегенмен егер бірқатар құрылымдық мән мәтінді алатын болсақ, онда оның тұрақтылығы ғана айқын болып табылмайды, сонымен бірге белгілі бір динамикалық кодтар арқылы оқудың ықпалында оның әруақыт өзгеріп отыратынын байқаймыз. Мәдениеттің мәңгілік бейнелері деп аталатын түсініктер барынша қарапайым мысал бола алады. Біз «доктор Фауст» деген сөзбен белгілеген мәдениет кешені бір бірін алмастырған бірнеше мәдени дәуірлерден өте отырып, біздің санамызда әруақыт жаңғыртып отыратын тарихи түрде енген мәдени мән мәтіндер белгілі бір тұрақтылығын сақтайды. Әрбір жеке дәуірлер үшін басқа уақыттың дәйексөзі секілді көрінеді. Бір уақытта, егер өз алдымызға мәселе етіп қойсақ: «Фауст әр дәуірдің алмаспайтын бейнесі», онда оның тұрақтылығы күшейе түседі, ол Фаустың неміс халықтық кітаптарымен, Марло, Гете және Т. Маннмен дәл келмейтінін көрсетіп өтеді. Осы көзқараспен қарағанда синхронды мәдени мән мәтіннің үйлесімді бөлімі ретінде ол мәдени белсенділікке ие болады. Шынына келгенде, кез­келген мәнді элементтердің жұмыс істеу заңдылығы осындай — табиғи тілдердің лексикасынан бастап күрделенген көркем мәтіндерге шейінгі. Мәнді элементтің мнемоникалық рөл атқаруына ықпал ететін қызметін біз символикалық деп анықтаймыз және бұдан кейін өзіне дейінгі мән мәтіндер жөніндегі есті өзіне шоғырландыруға, сақтауға және жаңғыртуға қабілеті бар бүкіл белгілерді біз рәміздер деп атаймыз. Мұндай рөлді, нақты айтқанда, кез­келген мәтін атқара алады, оған, мысалы, әлі де тірі адамның атын қосқанда (мысалы, XIX ғасырдың оныншы ­ жиырмасыншы жылдарындағы еуропалық мәдениет үшін Гете), егер ол сол дәуірде өзіне дейінгі жөнінде белгілі бір ес әкелсе және оның есімі рәміздік мәнге ие болса. Жастың мәдени рөлі осыдан шығады: естен бөлектенуге бағдарланған замандарда, белсенді жас кезеңі «жасарады» (XVIII ғасырдағы Француз төңкерісі мен наполеондық соғыс кезеңін, жалпы төңкерістік дәуірлерді салыстырыңыз). О. Мандельштам Баратынскийден дәйексөз келтіреді: «Маған әлі патриарх болуға ертең (Баратынскийдегі «Еще как патриарх не древен я»). Л. Толстойдың тірі кезінде рәмізді бейнеге айналуы мен Достоевскийдің өлгеннен кейінгі осындай дәрежеге жетуіндегі айырмашылық осыған мысал. Мәдени естің шоғырлану дәрежесі тұрғысынан алғанда рәміздерді қарапайым және күрделіге бөлетін В. Тэрнердің сөзін еске түсіру пайдалы болады. Қарапайым рәміздерге Тэрнер барынша көне кеңістіктік ­ геометриялық, дыбыстық, қимыл шарат және басқа да түрлерді, ал күрделіге кешенді ­ діни және мәдени рәміздерді жатқызады. Сонымен бірге ол біріншілері мән мәтінге байланысты мазмұнын өзгертуге қабілетті болып табылатын барынша күрделі және көп планды мазмұнға ие, бұл кезде екіншілері, әдеттегідей, тұрақты және көп планды семантикаға ие. Сонымен, Тэрнер бойынша қарапайым рәміздер күрделіге қарағанда әлдеқайда көбірек мәнді көлемге ие (ал біздің көзқарасымыз бойынша — мәдени есті көбірек сыйдыра алатын): «Күрделі рәмізді формаларда, мысалы, мүсін немесе ғибадатханаларға қарапайым мағына берілгендігінде таң қаларлықтай еш нәрсе жоқ, ал сол кезде қарапайым формалар, мысалы, ақ немесе қызыл сазбен салынған белгілер (Тэрнер африкалық материалда жұмыс істейтінін еске сала кетейік — Ю. Л.) барлық дерлік олар пайдаланатын рәсімдік жағдайларда жоғары дәрежеде көп мағыналы болуы мүмкін. Белгілі бір бояу түсін, кескінді, текстураны немесе кереғарлықты беретін, жай жағдайда біреулердің тәжірибесінде <…> кездесетін қарапайым формула тұп­тура не метафизикалық құбылыстар мен түсініктердің үлкен қатарын байланыстыра алады. Осыған қарама қарсы күрделі форма — сезімдік қабылдаудың деңгейінде — көптеген кереғарлықтар арқылы өткізіліп қойылған, және бұл оның маңызды міндетін тарылтады және шектейді. Мүмкін, сондықтан да ұлы діни рәміздік формалар крест, лотос, жарты ай, Нұх кемесі және т.т. салыстырмалы алсақ қарапайым, сөйте тұра олардың significata бүтін бір теологиялық жүйелерді құрайды». 65 Рәміздердің мәнін орнықты бірдеңе емес және мәдениет есін хабарламалар қатары салынып қойылған, өз мәнінде өзгермейтін және барлық уақытта өз өзіне тең мәнді кейбір қойма секілді елестетуге болмайды. Бұл жағдайда «ақпаратты сақтау» сөзі өзінің метафоризмімен адастыруы мүмкін. Ес ақпарат қоймасы емес, оны қалпына келтіру механизмі. Сонымен бірге, бір жағынан, мәдениетте сақталатын рәміздер мән мәтіндер (resp, тілдер) жөнінде өзімен бірге ақпарат алып жүреді, екінші жағынан, ол ақпарат «оянуы» үшін рәміз қандай да болмасын қазіргі мән мәтінге салынуға тиіс, ол оның мәнін сөзсіз өзгертіп береді. Сөйтіп өзгерген ақпарат әруақыт бұрынғы мен қазіргі тіл арасындағы ойын мән мәтінінде жүзеге асады. Рәміз бұрын (мысалы, аллегория жағдайында) қандай да болмасын бір тілмен мықты байланысты болған сайын семантикалық ойын алаңы кішірейе түседі және естен терең генераторы ретіндегі өнімділігі азая түседі. Барынша қарапайым рәміздер әр түрлі қарапайым мағына айқындағыштармен (бояу түсімен, дыбысымен, геометриялылығымен және т.т.) байланыса алады, ал одан күрделірегі, мысалы, діни, мемлекеттік (ордендермен салыстырыңыз), көркемдік және басқа да рәміздер жиі солардың қиыстыруынан пайда болады. Рәміз бен рәсімнің тығыз байланысы мүсін өнері мен графикада бекіген қарапайым қимыл шарат және тұру қалпы рәмізіне айналдырады. Ғасырлар өте келе бұл рәміздер жоғарыда сипатталған өзгерулерді қарастырады. Қимыл шарат тарихынан қызықты мысалды біз сол Тэрнерден табамыз.

Читайте также:  Ұстаз туралы шығарма 4 сынып

Оставить комментарий