МӘДЕНИЕТАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ТІЛДЕГІ КІРМЕ БІРЛІКТЕР

Тіл қоғаммен тікелей байланыста болғандыктан, қоғамның дамуы, қоғамдағы ірілі- ұсақты өзгерістер тілде өз ізін қалдырып отырады. Мысалы, рулар мен тайпалар жөнінде мағлұматтар, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасы, ұлттардың мәдениетаралық байланысы, сауда-саттық, көшіп-қону үдерісі, сондай-ақ саяси мәні бар оқиғалар, халықтардың әртүрлі соғыс тәсілдері арқылы бірін-бірі бағындыруы, бөліп алуы немесе өз елімен біріктіруі тәрізді тарихи мәні зор деректер тілде сақталып қалған және сөздік қордың ауқымды бөлігін құрайды. Әрине олардың тарихи сипатын, түп-төркінін бірденаңғару мүмкін болмас, дегенмен жан-жақты зерттеу нәтижесінде күңгірт тұстар айқындалады. Қоғамдық өзгерістердің, тарихи дамудың нәтижесінде белгілі бір уақыт көлемінде немесе ғасырлар бойы қырғи-қабақ болып келген халықтардың өзара бітімге келуі, қақтығыстардың азайып, ортақ мәселелердің, түйіндердің көбеюі де тілге өз әсерін тигізеді. Мемлекеттердің, халықтардың бітімгершілігінің, өзара бірлігінің нәтижесінде адамзат қоғамының тарихи таңбалары дәлелдеп бергеніндей, мәдени ауыс-түйіс пен рухани түсініктің негізінде құрылған тату көршілік, достық қарым-қатынастар орнамақ. Бұл мақсатқа жету үшін сол елдің тілін, сол арқылы ол елдердің рухани құндылықтарын білуіміз, жете түсінуіміз әбден қажет болмақ. Сонымен біз өз ұлтымыз бен өзге елдің ортақтығы мен ұқсастығын, тілдік ерекшеліктерін және олармен аулымыздың аралас, қойымыздың қораластығының қаншалықты терең тарихы бар екендігін және болашақ беталысын бағамдай аламыз. Қазақ деген ұлт біреу-ақ. Демек оның тілі мен діні, тарихы мен этнографиясы, әдет- ғұрып, салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті де біреу. Олай болса, шетелдегі қазақтардың әдеби мұрасы жалпы қазақ мәдениетінің ажырамас бір бөлігі, сырттан құяр қайнар бұлағының бірі. Бұл күндері тәуелсіз ел болып, шаңырақ көтердік. Қоғамдық өмірде түбегейлі өзгерістер болды, ата жұртын аңсаған ағайындарын бауырына тартты. Олардың өмір тағдырының тарихын зерттеуге мүмкіндік туды. Бұл жөнінде елбасы Н.Ә.Назарбаев : «Ұлттың рухани өмірі оның мәдениетіне байланысты, әлі де болса көпшілік қауымға жетпей жатқан, әдеби асыл мұрағаттарымызды игеру жолында еңбектену, бұрын мән бермей келген халықтану, шығыстану,түркітану ілімдерін барынша дамытуға көңіл қою, ұлттық мәдени ерекшелігімізді сақтау, жинау, зерттеу ісін жетілдіре түсу бүгінгі маңызды міндеттердің қатарына кіреді»деген болатын. Алдағы уақытта осы діттеген мақсат бағытында жұмыстар атқару әрбір ел азаматының міндеті. «Тілдің арқасында біреуді біреу танып, бір халық екінші көрші халықты біледі» деп Расул Ғамзатов айтпақшы, ел мен елді бітістіретін де, достастыратын да, танытатын да, танымал ететін де оның тілі.Сондықтан шетел тілін үйрену арқылы ол елдің мәдениетін танып қоймай, өз елімізді танытуға, дәріптеуге, мәдениетаралық байланысты нығайтуға мүмкіндік туындайды. Қазіргі таңда жер бетінде көптеген ұлттар өмір сүреді, осыған орай олардың тілі де, мәдениеті де әртүрлі болып келеді, бірақ адамзат тарихы тұрғысынан көз жіберсек, барлығы да адамның баласы деген бір ғана ұғымға ие екені баршаға аян. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, адам баласында өзгешеліктен гөрі ортақ қасиет көбірек деген тұжырым жасай аламыз. 14 Қазір қолданылып отырған недәуір кемелденген тілдеріміздің өзі де тарихта мәлім бір диалектінің ыдырауы нәтижесінде пайда болған деуге болады, ΧΙΧ ғасырдан бастап жүргізіліп келе жатқан салыстырмалы зерттеу нәтижелері бұл түйінді дәлелдеп отыр. Қазақ, ұйғыр, өзбек, татар т.б. тілдері ертедегі «түркі» ата тілінің ыдырап бөлінуінен пайда болған. Кейбір тіл мамандары осындай тегі бір туысқан тілдерді біріктіретін көне түркі тілін «негіз тіл» деп, ал қазақ, қарақалпақ, ноғай т.б. сияқты тілдерді «ұрпақ тіл» деп атайды. Туысқан тілдерді салыстыра қарағанда ортақ қайнарлары көптеп кездеседі, ал туыс емес тілдер тұрғысында сәйкестіктердің болуы қиын, әйтседе оларды салғастыра зерттеу нәтижесінде кейбір ұқсастықтарды аңғаруға болады. Мысалы, ханзу, яғни қытай тілінде қазақ тілімен салғастыра алғанда, сәйкестіктен гөрі алшақтық, ерекшеліктер басым. Мысалы, қазақтар «көк шөпті жұлма, көктей соласың» десе, қытай халқы керісінше, «шөп көрсең тамырымен құрт» дейді. Қазақ үшін шөп мал азығы, ал қытайдың ұғымында егін майсасынан басқа шөптің барлығы керексіз, зиянды. Бұл әр халықтың дүниетанымын, айналысатын кәсібін көрсетеді, яғни ұлттық, тілдік ерекшеліктің көрінісі. Тілімізге тиек болып отырған мәселелердің бірі- сөз ауысу, яғни кірме сөздер. Қытай тілінде сақталған мұралардан екі елдің халықаралық қарым-қатынасының тамыры тереңде жатқаны көрінеді, түркі тайпаларының көрші қытай елімен мәдени, сауда-саттық, тағы да басқа мақсаттарға негізделген байланысы көне заманнан қалыптасқаны байқалады. Қытай мен түркі тайпаларының, қазақ елінің тарихи, мәдени байланысы туралы деректер Францияның кітапханалар қоры мен қоймаларында сақталған, парсы, түркі және қытай тілдерінде орасан зор қолжазбалар бар. Гимэ атындағы шығыс халықтарының көркемөнері мұражайындағы XVIII ғасырға қатысты «Қазақ елі қытай императорына ат сыйлауда» деген сурет қазір сол қорда сақталуда екен. Бүгінгі күні 1757 жылғы дипломатиялық сыйлық тапсыру рәсімін бейнелейтін бұл сурет сол кезеңді бейнелейтін жалғыз мұра. Үш қазақ елшісі мен үш ат бейнеленген бұл сурет Қытай императоры Циньлунға достық пен бірлік нышаны ретінде қазақтардың сыйлық тапсыру рәсімін танытады. Қазақ елшілері көрнекті тұлғалы болып көрсетілген. Аттары да керемет, қолға үйретілген асыл тұқымдысәйгүліктер, қарағанда сүйіспеншілік сезімін тудырады. Адам бейнелері де жарқын суреттелген, олар бейне бір тірі адамдар сияқты. Сурет сол уақытта болған киім үлгілерінен де мол мәлімет береді. Салтанатты қабылдаудағы қолданылған ыдыс-аяқ шынайы берілген, сарай өмірінің көріністерін айшықтайды. Суретте бейнеленген оқиғалар қазақ елінде Абылай хан және Қытайда Циньлун императоры билік жүргізген уақытты көрсетеді. Міне, осындай мәдени байланыстың, тарихи дамудың нәтижесінде Қазақстан мен Қытайдың бүгінгі бейбіт саяси, мәдениетаралық байланысы қалыптасты. Осындай байланыстардың негізінде тілдік ауыс-түйістердің де орын алатыны анық. Салғастырмалы зерттеу жұмысымен айналысып жүрген С.К.Сәтенова «…Қытай тілінен енген кірме тілдік бірліктердің зерттелу тарихына шолу жасау барысында бұл мәселенің әлі де болса кешенді түрде жан-жақты зерттеле қоймағандығы анықталды. Зерттеу жұмыстарының басым бөлігі негізінен жалпы түркі тілдеріндегі және ұйғыр тіліндегі қытай сөздерін талдауға арналған. Салыстырмалы түрде алғанда, ұйғыр тіліндегі қытай элементтерін зерттеуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген»,-дейді (1,26). Осы мәселе төңірегінде қытай тілінің маманы Д.Мәсімханұлының: « Жердің беті түптеп келгенде адамзаттың ортақ мекені. Сондықтан қандай ұлы халық, ірі мемлекет болмасын, бәрі де маңайындағы өзге халықтармен, басқа елдермен қарым-қатынас жасамай тұра алмайды. Ал осындай халықтар арасындағы мәдени-рухани, саяси-әлеуметтік барыс- келіс барысында, олардың бір-біріне тілдік ықпалдастығы болатындығы да дау туғызбайды. Мысалы, қытай тілі өзінің грамматикалық ерекшелігі, фонетикалық сипаты жағынан сырттан сөз қабылдауға қанша кертартпа болғанымен, бәрібір сырттан — өзге халықтардан көптеген сөз қабылдағаны құпия емес » деп, қай тілде де сөз ауысудың болып отыратынын ескертеді (2,81). 15 Әрбір тілдің өзіне тиісті құрылым жүйесі және даму заңдылығы болады. Фонетика, лексика, грамматика жақтарынан өзгешеленіп келетіндіктен өзге тілден ауысқан (кірме сөз) өз қалпынша өзгеріссіз сіңіп кете алмайды. Белгілі дәрежеде лайықты өзгерістер жасап сол тілдің фонетика, лексика, грамматика заңдарына бағынады. Мысалы қазақ тіліндегі «шәй» деген сөз қытай тіліндегі «шаие»(茶叶) сөзінен қалыптасқан. Бұл сөзде көптеген фонетикалық өзгерістер бар. Қытай тіліндегі (оқылуындағы) екі буынды сөз бір буынға айналып «ch»дыбысы «ш»дыбысына айналып, кейінгі буындағы»е» дауысты дыбысы түсіп қалған. Сол сияқты «шаң» (шаң-тозаң) деген сөз қытай тіліндегі «шін» (қазіргі ортақ қытай тілінде оқылуы) деген сөзімен төркіндес деп ойлаймыз. Осындай қазіргі қытай тілі мен оның диалектісінде сақталып отырған жүзден астам жеке сөздерге шынжаңдық түрколог-ғалым Ясин Құмарұлы мен Д. Мәсімханұлы түркі тілдері мен қытай тілінің байланысын жан-жақты зерттеп, сараптама жасап келеді. Енді осы Қытай тілінде түркі тілімен грамматикалық, фонетикалық, лексикалық байланысы бар сөздердің бірқатарын салыстырып көрелік.

Читайте также:  Ресми Испания және жанды Испания

Оставить комментарий