Мұхаммед Бінни Абдолла Харабати шығармалары

Ақын шамамен 1638­1730 – жылдар арасында өмір сүрген. Ата­ анасы оны оқытудан қаражат аямай Ақсу, Қашқар, Бұхара медреселерінен жүйелі білім алуына жағдай жасаған. Болашақ ақын шығыстың бай әдебиеті, философиясы, логика, фықық ілімдерін терең игеріп шығады. Еліне оралғаннан кейін бір жағынан діни­ қоғамдық жұмыстармен, тағы бір жағынан ғылыми шығармашылықпен шұғылданып халық ішінде зор беделге ие болды. Замандастары оны ғұлама ғалым, ұлы адам деп құрметтейді. Ақын қайтыс болғаннан кейін оны пір тұтып құрметтеген адамдар басына «Ажы Харабати» атты салтанатты күмбезбен ханаха тұрғызады. Осынау қасиетті орын алыс­жақыннан келген ғұламалар мен ақындар, ілім­білім қуған талапкер­шәкірттері бас қосып, тауап қылатын, өз ара пікірлесіп ғылыми ой бөлісетін, жаңалықтарын ортаға салып талқыласатын мекенге айналады. Мұхаммед Бінни Харабати Алтышаһардың Ақсу аймағына қарасты Шоқтал деген кентінде дүниеге келген. Болашақ ақын өмір сүрген дәуір аса күрделі шиеленісті оқиғаға толы болды. Ақын өмірінің алғашқы жарымы (1638­1678) Жаркен Сайидия хандығы кезеңінде өтсе, кейінгі жарымы Абақ Қожа бастап келген жоңғар құнтайжысы Ғалданның Жаркент хандығын басып алған зұлмат заманында өткен екен. Ақынның біздің заманымызға аман­сау жеткен шығармасы «Күллиат Меснеуи Харабати» деп аталады, оның мағынасы «харап­ ойран болушының Меснеуи екілік бәйіті үлгісіндегі дастандар жинағы» дегенді білдіреді. «Күллият» 1726­жылы ақынның 88 жасында толық аяқталған болып, 112 әлеуметтік, саяси, моралдық тақырып бойынша жазылған 13000 жолдық үлкен шығарма. Бұл шығарма алғаш рет Ташкенттегі «Арыпжанов баспасынан» басылып оқырмандар қолына тиген. «Күллият Меснеуи Харабатидің» негізгі идеясы – ақын өмір сүрген дәуірдегі адалдық, жақсылық, адамгершілік қасиеттерге негіз болатын әділет пен ғылым­өнерді барынша дәріптей отырып, қоғамды жегідей жеп, аздырып­тоздырып бара жатқан надандық пен зұлымдықты, тойымсыз жемқорлық пен алдамшылықты өлтіре сынайды. Сондай кесапатты туындатып жатқан өзбыр билеушілерді дүниехор байлар мен екіжүзді сопы­имамдарды, атаққұмар мансапқорларды аяусыз әшкерелейді. Ол батылдықпен қоғам мерезін былай таңбалайды: «Ей, ағайын бұл жаһан зындан саған, Болмай­ақ қой дәмегой қуаныштан, ол жоқ саған.» немесе Кейі бай, кейі кедей десек те – бәрі де Кейі шейх, кейі сопы, кейі молда – бәрі де Кейі қазы мүфти, кейі Мүһтесеп Ешбірі іздемес адалдан нәсіп. [24] (еркін аударма)

Читайте также:  БИОТЕХНОЛОГИЯ АСТЫҚ ДАҚЫЛДАРЫНА ПАЙДАСЫ

Ақын қоғамның жағымсыз жақтарын әшкерелеп, әділетсіздік пен қара ниеттікті мінеп­сынаумен ғана шектеліп қалмай, замандастарын ереуіл атқа ер салуға үндеп күреске шақырып, зұлымдық жайлаған қоғам жүзіне тік қарап: Сенің әміріңді орындаймын деп болдым құнікер, Тілім ереуілдеп­еркінсіп болдым күнәкәр. Адамды шайтаннан етпеген жүдә, Күндіз­түн болмайды шатақтан жүдә! [25] деп адамзатты аздырып, ақ жолдан адастыруға дайын тұратын шайтанды жаратқан Аллаһ тағалаға да өкпе­наласын ашық білдіреді. Тарихтан белгілі болғанындай ХҮІІ­ХҮІІІ ғасыр мұсылман­түрік дүниесі үшін ең бір қауіп­қатерге, азып­тозуға, бодандық бұғауда жанталасқа түсірген қилы заман болды. Тәуелсіздіктерінен жаппай айрыла бастаған түрік дүниесін озбырлық пен надандық тұмшалап адамдар кісілік қасиеттен, ұлттық «меннен», тәуелсіздік ұрандарынан алыстап, азып­тоза бастаған уақытта, ұлттың озық ойлы зиялылары халқын бұл апаттан аман сақтап қалудың жолын шарқ ұра іздеуге кірісті. Осының бірі Абдолла Харабати еді. ол қоғамды түзеп, халықты ояту үшін, зұлымдыққа қарсы құрал ретінде халықтың дәстүрлі рухани құндылықтарын, мұсылмандық этикалық­моралдық құндылықтармен ұштастыра отырып ақыл­нақыл, үгіт­нәсихат айтудың маңызына ерекше назар аударғанын көреміз. Ақынның ерекше назар аударып көп жырлаған тақырыбының бірі – оның ғылым­білім арқылы ханды да, қараны да тәрбиелеп, жан­ дүниесін өзгертуге, ынсап, ұят, рахым, әділетке дағдыландыруға болады деп қарағандықтан аталмыш «Күллият»та арнайы түрде «Адамның жан ғимаратындағы гүлзарлық», «Адамның көңіл төріндегі гауһар», «Адамды өлімнен арашалаушы өмір бұлағы» деген тарау арнаған. Әсіресе, «Ғалымдардың қасиеттері жөніндегі баян» тарауында ғылым­білімнің мән­маңызы жөнінде былай тебіренеді: Болмаса әркміде ілім­мағрифат, Не істесе де еш нәрсеге жарамай қалад. Саған айтайын, ей, шәкірт, сөзбен бұйыра, Мағрифатсыз құр сүлде, жансыз, мына тән. Кімед болса мағрифат адам болар, Күллі қиыншылықтар оған оңай болар. Оны әр кімнің таппағы оңай емес, Ішпеген (ілім сусынын Ә.Д.) оны адам емес. Әр тараптың шырағы – ғалымы, Әр қара түннің жарық айы – ғалымы. Әр тараптың бағы – ғалымы, Әр елдің шаһы – ғалымы. [26] (еркін аударма) Біз бұл өлең жолдарын оқып отырып ХҮІІІ­-ХІХ ғасырдағы қазақ даласына білім шырағын жағып, ағартушылықпен айналаысқан қазақ оқығандарының өнер­білімге шақырған азаматтық үндестігін естігендей боламыз.

Читайте также:  Христиандық және мифология

Бұл дәуірдегі түрік халықтары поэзиясы мен дидактикалық­ педагогикалық ілімдеріндегі ортақ сарынның бірі, алдымен өз халқын танып­білуге ұмтылысы деуге болады. Өз халқын тану арқылы, оның артық­кемін таразылап, қандай жамандықтардан арылу керек, қандай жақсы мінез­құлық пен әдеттерге дағдылану керек екенін ұғындыруға арналған сыншыл­реалистік ой­санаға жетелейтін шығармалар туындады. Ақын Харабати бұл мазмұнда жазылған өлеңдерін өз «Күллиятында» жан­жақтылы зерделей келе «Дер баян адамшонаслық» (адамтану) деген тақырып қойған екен. Ақын былай деп жырлайды: Халқыңның халын біл, ей, адамшонас, Тым болмаса мөлшерлеп біл, шамалас. Кейбіреудің көңілі құстай шалқыр, Кейбіреудің көңілі құрттай жыбыр. Кейбіреудің көңілі алынбас қамалдай, Кейбіреудің көңілі ашық­шашық қорадай. Кейбіреудің көңілі гүлбақшадай, Кейбіреудің көңілі самалалы алаудай. [27] (еркін аударма) Жаратылысынан­ақ адам бір­біріне мүлдем ұқсамайтын жан иесі болғандықтан адамдар бір­бірімен мінез­құлқына, білім­білігіне, иман­ұятына, адамгершілік қасиетінің қаншалық екеніне қарай қатынасқа түседі. Тәлім­тірбие соған қарай берілуі керек деп қарайды. Бұл таным, адамтану ілімі шығыстық, исламдық әрі түріктік рухани қайнарлардан бастау алады. Әл­Фараби, Жүсіп Хас Хаджиб, Ахмет Ясауиден басталатын адамгершілік, иманигүл, толық адам ілімі Харабати ақын заманында барынша кемелденіп дамыса, қазақ жырауларымен зар­заман ақындары тұсында, билердің шешендік сөздерінде барынша дамып ұлы Абай мен Шәкәрім, Ахмет Байтұрсын поэзиясында кемелденіп қазақ әдебиетін ояну, ояту дәуіріне алып кірді. Ұйғыр поэзиясындағы тақырып ұқсастығы мен идеялық, көркемдік өрнектердің үндесіп жатуынан біз отарлық бұғауда бұлқынған туысқан халықтардың ортақ мұң­шерін, ұқсас тағдырластығын тағы бір рет танып білгендей боламыз. Абдолла Харабати поэзиясындағы адамтану ілімінің басты өлшемі тек психологиялық ерекшеліктерді саралаумен ғана бітпейді, ең бастысы адамның өнер­білімді игеруге қаншалық ұмтылысына әрі өзін жетілдіре, кемелдендіре алуына да тікелей байланысты екенінде деп түйеді. Рухы адам ілімнен қуат алар, Ілімсіздің рухы бейқуат болар. Ешкім де бұл жолда өнерсіз емес, Кімде өнер болмаса, ол адам емес. Кімде­кім бұл дүниеде өнерсіз болса, Таңда машһар күнінде ізет­құрметсіз қалар. Кімде өнер­ілім болса Хаһ тағала рахым қылар, Кім өнер­білімсіз болса Хаһ тағала лағнат қылар. [28] (еркін аударма) Ақынның «адамтану» жолындағы ізденістеріне арқау болған нәрсе күллі адамзаттың пенделік тойымсыз нәпсіқұмарлық­індетіне қарсы ем іздеу әрекетінен көрінеді. «Күллият Меснеуи харабати» да бұл мәселеге арнайы тараулар арнаған. Ақын нәпсіні жеті басты айдаһарға теңеп, адамзатты жолдан тайдырып, қоғамды ірітіп­шірітетін, адамды жыртқыш хайуанға айналдырып жіберетін ең сұмдық зиянкес деп қарайды.

Читайте также:  ПРИЧИНЫ ВОЗНИКНОВЕНИЯ ЗАИКАНИЯ КАК ПСИХОЛОГО- ПЕДАГОГИЧЕСКАЯ ПРОБЛЕМА

Ақын сол арқылы жеке бастың абырой­атағымен тақ­билік үшін дінін, Мүһмін мұсылман бауырларын сатып діні де, тілі де бүтіндей жат жоңғар қалмақтарын көмекке шақырып, гүлденген Жаркент­ Сайидия хандығын ойрандаған Абақ Қожа сияқты опасыздарды тұспалдап болса да әшкерелейді. Абдолла Харабати өз заманының көкейкесті мәселесін батылдық пен көтеруде қапы қалмаған. Бұл мәселелерді жалаң үгіт­нәсихат пен ғана емес, діндік­халықтық қағида жосындарды назарда ұстай отырып көркем образдар, бейнелі кейіптеулер мен шешен­өткір сын­ сықақтарды шебер пайдалана білген. Стилдік жағынан қарағанда ақын қайталау, ұқсату, салыстыру, әсірлеу, бейнелеп жандандыру тәсілдерін орынды қолдана білген. Абдолла Харабати өзі өмір сүрген түнек қоғамға симай наразы, ереуілшіл ақын ретінде қалыптасып, бүкіл шығармасында сол көзқарасын ашық та, тұспалдап та білдірген қаламгер. 92 жылдық ұзақ ғұмырының 88­жылында әйгілі «Күллият Меснеуи Харабатиды» толық тамамдап шыққаннан кейін қоғамға, өмірге наразылығын білдірудің соңғы амалы ретінде қолында бар азды­көпті дүние­мүлкін кедей­кембағалдарға үлестіріп беріп болып, сергелдеңмен өмірін ақырластыруға ерік­жігері жеткен қайсар тұлға.

Оставить комментарий