«МҰҒИ­НУЛ- МҮ­РИД» (ХІҮ Ғ.) ШЫ­ҒАР­МАСЫ­НЫҢ ПОЭТИКАСЫ

Опубликовано Июль 29, 2016 by Damir

Рубрика Рефераты

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

Алтын Орда тұсында дүниеге келген шығармалардың бірі – «Мұғинул мүрид» («Мүридке көмекші»). Ислам дінінің негізгі ұстындары мен сопылықтың сырлы әлемі өлең сөзбен өрнектелген бұл шығарма ХІҮ ғасырда Хорезм аймағында дүниеге келген. Ғылымға белгілі жалғыз нұсқа Бұрсадағы Жазба және баспа ескі шығармалар кітапханасында сақталған. Шығарманы әр жылдары З.У. Тоған, Ф. Көпрүлү, Ж. Екман, А. Бодроглети, А. Караманоглы, Н. Халимов, Ч. Гөкленов, Р. Топарлы, М. Аргуншаһ секілді ғалымдар зерттеп, өз пікірлерін білдірген. Десек те әдеби ескерткіштің қазақ әдебиеті тарихында алар орны, кейінгі шығармаларға әсері, көркемдік дәстүр жалғастығы секілді мәселелер қазақ әдебиеттануы тарапынан арнайы қарастырылмаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, хорезмдік жәдігерді түркітанушы ғалымдар зерттеп, өз тұжырымдарын жасағанымен де, шығарманың авторына келгенде пікірлер екіге жарылған. Бірінші топ шығармадағы Ислам деген атқа сілтеме жасаса, келесі топ Әбілғазы Баһадұрхның «Шежере-и Тәрәкимәсындағы» мәліметке арқа сүйеген. «Мұғинул-мүридтің» 1608-жолында мынандай жолдар берілген: Бұ қач сөз айтқан аты Ислам ол, Тілегі ақыр уақыт иман, Ислам ол, Атам-баба Ислам «уәлийул-уәра», Өзі зікрі тілде түмен әслам ол [1, 61]. Осындағы «Бірнеше сөз айтқанның аты Ислам ол» деген алғашқы жолда шығарманы жазған адамның аты Ислам екені ашып айтылған. Алайда бұл оның шын аты ма, әлде бүркеншік лақабы ма, немесе тахаллусі ме ол жағы белгісіз. Және оның қай жылдары өмір сүргендігі, оның басқа қандай еңбектері бар екені де беймәлім. Ал, Әбілғазының «Шәжәрә-и тәрәкимәсіндегі» мәліметке құлақ түріп көрейік: «Хызыр мен Салар елінен Әбул Ханда Арсары бай деген бар еді. Ұзақ өмір бойы тапқан дәулеті мен мұсылманшылыққа ізденетін адам еді. Бұл сөзіміздің айғағы – ол заманда Үргеніште бір әзіз адам бар еді. Шәрәф дейтін. Шайқылық дәрежесінде отырған әрі молда еді. Арсары бай барып, 156 ҚазҰУ Хабаршысы. Шығыстану сериясы. №2 (72) 2015 «Мұғинул-Мүрид» (ХІҮ ғ.) шығармасының поэтикасы шайқының алдына қырық түйе ұсынып тұрып: «Біз түркі халқымыз, араб кітаптарын оқып, мағынасын ұғып, амал ету өте қиын. Егер араб мәселелерін түркиге тәржіма етіп, тарту етсеңіз сауапқа кенелер едіңіз», – деп өтініп еді, шайқы Қожа барлық дін мәселесін тәржіма етіп, бір кітап етіп, оны «Мұғинул-мүрид» деп атап, Арсары байға берді [7, 891]». Әбілғазының «Шәжәрә-е тәрәкимә» мен «Шәжәрә-и турк» атты екі шығармасының түркі халықтар тарихында алар орны ерекше. Ондағы әрбір деректің маңызды екенін ескерсек, «Мұғинул-мүридті» жазушы Шайқы Шәрәф Қожа болып шығады. Алайда «Мұғинул-мүридте» «Бірнеше сөз айтқанның аты Ислам ол» деген жол да бар. Сондықтан да әдеби ескерткішті зертеушілер осы екі «белгісіз жанның» төңірегінде біраз ізденген. Алайда бір тұжырымға келмегендігін соңғы жылдары шығараманың екі автордың атымен жазылып жүргенін айтсақ та жетіп жатыр. Мысалы, түрік ғалымы А. Караманоглы бұл әдеби жәдігердің авторын «Шайқы Шәрәф Қожа» деп көрсетсе, Р.Топарлы «Ислам» деген атпен жариялаған. Осында ескерер бір нәрсе бар. Әбілғазының «Шәжәрә-и тәрәкимә» деген шығармасында аты аталатын Шайқы Шәрәф Қожаның «Мұғинул-мүридта» да аталатынын айтып өткен жөн. Жәдігердің 1393-1396-жолдарында: Көңіл нәпсі-у рухтан нәтиже ерур, Ғалыб болса бірі ангар йүз ұрар, Білің бұ баян Шейх Шәрәф Хожаның, «Мәбази сүлікте» бітіклік тұрар [6, 53]. Шайқы Шәрәфтің «Мәбәзи сүлік» деп аталатын шығармасында рух пен нәпсінің баяны анық жазылғандығы берілген. Бұдан Шайқы Шәрәф «Мұғинул-мүидтің» авторы емес, қайта жәдігерді жазушы оның «Мәбәзи сүлүк» еңбегіне сілтеме жасап отырғанын көреміз. Онда Әбілғазыдағы деректің шындыққа қаншалықты жанасатындығына келер болсақ, оған жауап ретінде мынаны келтіруге болады. «Мұғинул-мүридпен» бір сарында, бір тақырыпта жазылған «Раунәқул- ислам» (Ислам шырағы) деген тағы бір шығарма бар. Бұл жәдігерде де Исламның негізгі ұстындары мен шариғат шарттары өлең сөзбен берілген. Бұл шығарма 1464 жылы дүниеге келген. Н.П. Остроумов бұл кітапты 1907 жылы Ташкент типографиясында басып шығарады. Осы кітап туралы өз пікірін білдірген А. Самойлович «Раунәқул-исламның» авторы кім деген сұраққа жауап іздеген. Сонда Ашхабад уезінің Дурун өлкесінің бұрынғы мырзасы болған Хожелі молда мынадай мәлімет келтіргенін жазады: «Қадым заманда Хиуада Шайқы Шәрәф деген бір уәли (әулие – Т.Қ.) болыпты. Хиуаның даласын мекендеген ақсақалдар құрметті Шәрәфтың алдына келіп, мұсылманшылықты дұрыс ұғып-түсінулері үшін түркі тілінде бір кітап жазып бер деп өтніш жасапты. Құрметті Шайқы Шәрәф құрастырып, жазып, «Раунәқул-исламды» беріпті. Оның ақысы етінде бай-малшылар Шәрәфқа отыз түйені ботасымен сыйлапты. Шайқы Шәрәф оның бәрін кембағалдарға үлестіріп беріпті» [7, 889]. Егер бұл деректерге сүйенсек, ХІV ғасырдың басында жазылған «Мұғинул-мүрид» пен ХV ғасырдың соңғы жартысында дүниеге келген «Раунәқул-исламның» авторы бір болып шығады. Алайда 1883-жылы Қазан университетінде басылған «Раунәқул-исламда» «Ей, Уафаи, білгеніңді көздеме, Білмейтініңді білемін деп сөйлеме» деп, шығарма авторының Уафаи екені жазылған [8, 42]. Осыларды ескере келіп, «Мұғинул-мүрид» шығармасының авторына түйін жасайтын болсақ, онда «Бірнеше сөз айтқанның аты Ислам ол» деген пікірге тоқтаған орынды секілді. Ал, еңбектің аты – «Мұғинул-мүрид» екені шығармада мына өлең жолдарымен берілген: Бұ әбийәтлар аты – «Мұғинул-мүрид», Есіт, біл, амал қыл, бұ таупық Мәжид [6, 61]. «Мұғинул-мүридтің» қашан жазылғандығы туралы мәселеге келсек, бұл жәдігерде ашып айтылған: Изи берді тауфық бұ бірқач кәләм, Оруч айы ічре мі болды тамам, Тарих жеті жүз он үш еді жылы, Сәләмүн ´әлейкүм, ´әлейкүм сәләм [6, 61]. Осы төрттағанның екінші һәм үшінші жолдарында шығарманың һижри жыл санағы бойынша 713 жылы Ораза, яғни Рамазан айында жазылғаны берілген. Бұл біздің жыл қайыруымыз бойынша 1313 жылға сәйкес келеді. Сондай-ақ осы хорезмдік ескерткіштер қатарынан табылатын Рабғұзидың «Қиссәсул-әнбиясы» да 1309- 1310 ж. жазылғанын ескерсек, ХІV ғасырдың алғашқы ширегінде ислами көркем шығармаларға деген сұраныстың жоғары болғандығымен байланыстыруға негіз бар. Шығарма бастан-аяқ төрттаған өлең формасымен жазылған. Әр төрттағанның бірінші, екінші һәм төртінші жолдары өзара ұйқасады. Ал үшінші жол бос қалады (яғни ааба). Жәдігердің ұйқасы аруз өлшеміне құрылған. Шығарма авторы Исламның рүкіндері мен шариғаттың негізгі шарттарын өлең сөзбен жеткізуге тырыс­ ISSN 1563-0226 KazNU Bulletin. Oriental series. №2 (72) 2015 157 Т. Қыдыр қандықтан да, оны қарапайым ұйқаспен беруге тырысқан. Сол уақыттарда түркі сөз өнерінде кеңінен қолданылып жүрген аруздың мұтақариб түрін қолданған. Ғылымда Фердауси «Шаһнамасының» ұйқасы ретінде танылған мұтақариб үлгісімен Ж.Баласағұн («Құтты білігі») мен А. Жүйнеки де («Һибәтул-хақаиқ») қалам тербеген болатын. «Мұиғнул-мүрид» та «фә’улун фә’улун фә’улун фә’ул» (v— v— v— v~) яғни «мутәқариб мусәммәни мәқсур» ұйқасының негізінде дүниеге келген. Шығарма 407 төрттағаннан тұрады, яғни 1628 жол. Негізгі төрт бөліктің аясында қарастыруға болады. Алғашқы бөлімде Алла мен елшісіне мадақ айтылған (1-48 жолға дейін), екінші жартысында шариғат шарттары сөз болса (49-1064 жолға дейін), үшінші жартысында сопылықтың сырлы әлемі өлең сөзбен өрнектелген (1065-1508 жолға дейін), соңғы жағында Аллаға шүкіршілік етіліп, кітаптың жазылу тарихы мен себебі ашып айтылған (1509-1628 жолға дейін). Сонымен шығарманың құрылымын былайша таратып беруге болады: 1-жолдан 51-жолға дейін Аллаға сәна, Мұхаммед пайғамбар мен «Хуләфәи рашидин» деген атпен танымал болған Хазірет Әбу Бәкір, Омар, Оспан және Әлиге мадақ; 52-жолдан 108-жолға дейін Иман мәселесі; 109-жолдан 155-жолға дейін Алла мен пайғамбарға иман келтіру; 156-жолдан 260-жолға дейін Уағыз-насихат бөлімі; 261-жолдан 269-жолға дейін Намаздың парыздары; 270-жолдан 278-жолға дейін Ер адамдар үшін әурет мәселесі; 279-жолдан 288-жолға дейін Әйел кісілер үшін әуреттің маңыздылығы; 289-жолдан 300-жолға дейін Дәреттің сүннеттері; 301-жолдан 344-жолға дейін Дәретті бұзу және оның жазасы; 345-жолдан 368-жолға дейін Ғұсыл мәсе- лесі; 369-жолдан 400-жолға дейін Ғұсылдың мұстаһаптары, ғұсыл алудағы негізгі мәселелер, қолданылатын заттар; 401-жолдан 428-жолға дейін Таяммум бөлімі; 429-жолдан 480-жолға дейін Намаздың уәжіптері, сәһу және тіләуат сәжделері; 481-жолдан 648-жолға дейін Намаздағы күмән, намазды дұрыс оқу, намазды имаммен оқу, намаз оқымайтын уақыттар және т.б.; 649-жолдан 696-жолға дейін Ораза мен пітір садақасы; 697-жолдан 740-жолға дейін Мүсәпірдің үкімі; 741-жолдан 788-жолға дейін Зекет бөлімі; 789-жолдан 924-жолға дейін Ғұшыр, түйенің, аттың, қойдың зекеті, зекет берілетін және берілмейтін жандар; 925-жолдан 948-жолға дейін Аң аулау үкімі; 949-жолдан 972-жолға дейін Мал бауыздау туралы; 973-жолдан 1140-жолға дейін Пайыз, сауда- саттық, сыйлықтар бөлімі; 1141-жолдан 1208-жолға дейін Әдеп бөлімі; 1209-жолдан 1252-жолға дейін Ұйқы туралы; 1253-жолдан 1372-жолға дейін Сұхбат бөлімі; 1373-жолдан 1392-жолға дейін Шариғат, тариқат және хақиқат бөлімі; 1393-жолдан 1420-жолға дейін Жүрек пен нәпсі бөлімі; 1421-жолдан 1508-жолға дейін Тариқатқа кіру туралы; 1509-жолдан 1628-жолға дейін Аллаға шүкіршілік ету, Жарандардың сипаты, шығарманың жазылу себебі, Жаратушыдан кешірім сұрау. «Мүридке көмекші» шығармасы негізінен шариғат пен тариқат мәселелерін қамтиды. Бастан-аяқ бір ұйқаспен жазылып шыққан бұл жыр жолдарында Исламның негізгі ұстындары иман, намаз, ораза, зекет мәселелері кеңінен қамтылған, сонымен бірге әрбір мұсылман пенде үшін маңызды болып табылатын аң аулау, сауда-саттық, сыйлық беру, ұйықтау және әдеп мәселелері де жеке-жеке талданған. Шығарманың екінші бөлімі бүтіндей сопылыққа арналып, онда тариқат пен хақиқат мәселелері, кемелдікке жету жолындағы жүрек пен нәпсінің орны, сондай-ақ тариқатта жүру әдебі де көтерілген. Шығарманың аты айтып тұрғандай-ақ, бұл жәдігерді әрбір жеке тұлғаның әдеп кітабы десек те болады. Осы ордайда қазақ әдебиетін тарихын «Діндар дәуір» және «Ділмар дәуір» деп екі үлкен кезеңге бөлген А. Байтұрсынұлының: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған» [9, 316], – деп жазғанындай, бұл шығармада дін рүкіндері мен шариғат шарттары, кемелдікке жету жолдары мен нәпсіні тәрбиелеу 158 ҚазҰУ Хабаршысы. Шығыстану сериясы. №2 (72) 2015 «Мұғинул-Мүрид» (ХІҮ ғ.) шығармасының поэтикасы үкімдері жыр маржанындай тізіліп, рет-ретімен берілген. Исламды жырға қосу ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақындарында жиі кездесетіндігі белгілі. «Кітәби ақындар» аталып жүрген бір топ шайырларымыздың туындыларын айтпағанның өзінде, А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердіұлы, Ы. Алтынсарин секілді арыстарымыздың Ислам рүкіндері мен шариғат шарттары туралы арнайы еңбектер жазғанын айтсақ та жетіп жатыр. Бұл да болса «Раунәқул-исламда» көтерілген Ислам һәм иман мәселелерінің өміршеңдігін көрсетсе керек. Осы жағын ескере келгенде, түркі ислами әдебиетінің арғы арналарынан саналатын бұл жәдігерді зерттеп-зерделеу қазақ әдебиеттануындағы өзекті мәселенің бірі болып шығары анық.

Оставить комментарий

Загрузка...