Мұнара өлеңі Абай Құнанбайұлына

Абай Құнанбайұлына
Төбеден төніп тозақтың кәрі,
Қазаққа құмар азаптың бәрі.
Өтсе де ғасыр өзгермегендей,
Абайдың айтқан қазақтың жаны.
Адамизаттың байламы күйреп,
Сайтани ойлар сананы билеп.
Өсиет етіп өксіген Абай,
Жаннан да тәтті Алланы сүй деп.
Сөйлесе сөздің жүйесін білген,
Абайға Ардың киесі сіңген.
Қазаққа қазақ дос болсын деген,
Даналық сөздің иесі сен ең.
Ұлы деп саған құрмет етемін,
Мүритім мен ем үмбет ететін.
Ұқтырып кеттің жүрегі барға,
Сұлуды сүю сүннет екенін.
Сарғайып сана, қарайып ірең,
Қан құсып өткен талайды білем.
Заманның мынау түсіне қарап,
Абай боп жылап, Абай боп күлем.
Кетпеді кімдер ғұламасынған,
Сөздері өтпей бұла ғасырдан.
Қарайды қазақ ғаламға бүгін,
Абайдың асқақ мұнарасынан.
Қол созған сынды ғарыштан маған,
Мыңменен жалғыз алысқан Адам.
Мұнара соққан Ақылдан аппақ,
Пайғамбар тектес данышпан­данам.
Мұнара тұрар құбылып неше,
Іріден ірі ірілік көрсе.
Пушкин мен Байрон,
Гетёнің өзі Бастарын иер тіріліп келсе.
Адами сана тұрмаса азат,
Алапат ойлар туласа азап.
Адамзат саған ұят болар ед,
Абайды егер тумаса қазақ.

Читайте также:  Қасым дәстүрі туралы

Оставить комментарий