М. Шоқайдың Түркістан идеясы

Жалпы түбі бір, тілі мен діні, мәдениеті мен тарихы бір түркі халықтарының өзара ынтымақтасып, бір­бірімен тығыз мәдени­экономикалық, саяси байланысқа түсе отырып, халықаралық аренада үлкен бірлескен күш ретінде тізе қоса іс­қимыл жасауға ұмтылысы ­түрікшілдіктің басты мұраты болып табылады.

Түркі тілдес халықтардың басын біріктіруге бағытталған бұл идеялар жиынтығы Ресей және Қытай империялары тарапынан сынға ұшырап, пантюркизм аталып, саяси сөздіктерде біржақты талқыламалар жасалды және халық санасына «Түріктің реакцияшыл буржуазиялық­ помещиктік ортасының өз мақсаты ретінде барлық түркі тілдес халықтарды Түркия билігіне бағындыруды көздейтін шовинистік тұжырымдамасы» ретінде сіңірілді [Большая советская энциклопедия / Под ред. Б.А. Введенского. – М.: Большая советская энциклопедия, 1955. – Т.32. – 13 б.].

Осынау ұлы империялардың қас жауына айналып, қаншалықты жақтаушылары қуғынға ұшырап, насихатталуына қатаң тыйым салынса да қайта­қайта бас көтеріп, өшпей келе жатқан бұл идея шынында да кеңестер жексұрын етіп көрсеткендей сипатта ма, әлде оның біздер үшін құндылығы бар ма деген оймен мәселенің мәніне үңілу үшін Түрікшілдік жаршыларының бірі Х. Атсыздың кейбір тұжырымдамаларына тоқтала кетуді жөн көрдік, «…Түрікшілдік – түркі ұлтшылдығының атауы.

Сөздің соңындағы қосымша жұрнақ (­шілдік) сүйіспеншілікті, жақтастықты білдіреді. Түрікшілдік – бүкіл түркілердің бір мемлекетке бірігіп, барлық жақтан өзге ұлттардан озық және мәртебелі болу мұраты. Мұның өзгермейтін екі алғышарты: нәсіл тазалығы және тұраншылдық. Нәсіл тазалығы – ең алдымен, ұлттық қорғаныс құралы… Нәсіл тазалығы ­ сондай­ақ денсаулықты қорғау мәселесі.

Біздің тұраншылдығымыз – түркінің тарихи отаны болып табылатын және басым бөлігі қазір де түркілерге толы өлкелерді толық тәуелсіздікке жеткізу, Түркиямен біріктіру» [Әли Ф. Түрікшілдік мұраты // Ана тілі. – 1991. ­ 6­10 ақпан. – 2 б.].

Біздер осы қысқа ғана үзіндіден ұлы мұраттар мен ізгі ниеттерден өзге басып алып, бағындыру сипатындағы арам ойларды аңғара алмаймыз, жалпы түркілерді өз ұлттарын ерекше құрмет тұтып, өзгелерден артық көруге шақырудан біз өзге ұлттарды жек көруге немесе оларды менсінбеуге шақыруды көре алмаймыз, ал бодан болған түркілердің бодандықтан құтылып, Түркиямен бірігуі олардың өздерінің Түркияға қатысты ұстанатын саясатына тәуелді болмақ, сондықтан Түркиямен бірігу идеясын нақты бекітілген құжаттарда көрсетілетін жайлардың негіздемесінсіз олардың қайтадан бодандық қамытын киюге ұмтылысы деп қарау жаңсақ пікір болар еді. Жалпы ұлтшылдықты оңбағандық деп таныған кеңестік жүйенің түрікшілдікті тек жағымсыз жағынан сипаттауы орынды да.

19 ғасыр соңына таман дүниеге келген түрікшілдік идеясы Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейін империя құрамында болған түркі тілдес халықтар тарапынан кең қолдауға ие болғаны тарихтан мәлім. Ал Орталық Азияда, түркі дүниесінің орталығы саналатын Түркістан жерінде біртұтас мемлекет құру идеясы алдыңғы қатарға шыққан еді. Түркістан идеясының негізін қалаушылар Орталық Азияда біртұтас күшті мемлекет құру арқылы түркі дүниесінің нығаюына үлес қосуды мақсат етті.

Әрине, Түркістан жайлы сөз болғанда оның рухани көсемі М. Шоқайұлының идеяларына тоқталмау мүмкін емес, Орталық Азияны мекендеген халықтың тек бірлесе отырып қана өзін екі жақтан қысымға алған алып империялар құрсауынан босана алатынына сенген ол өз ойларын жан­жақты дәлелдеп, орнықты пікірлер қалыптастыра білді. «Осознавая полинациональность народов Средней Азии и Казахстана, М. Чокай видел реальные перспективы консолидации этих народов в рамках единого политического образования.

Доказательством этому являлись прочные историко­этнографические, экономические и культурные тенденции к объединению, проявляющиеся в менталитете Востока. Именно на ранних этапах становления личности в представлении М.Чокая сформировался политический идеал государственного устройства Туркестана как федерации тюркских народов» [Сергазинов Б.Р. Государственно­правовые взгляды М. Чокая: автореф… канд. юрид. наук. ­ Алматы, 2005. – 15 б.].

Ол өз жазбаларында «Түркістан – түркілер елі деген сөз. Түркістан ұзақ кезеңдік терең дағдарыс пен құлдырау сатысын бастан кешті. Түркілердің бір бөлігі Кіші Азияға көшті де, Византия империясы құрандылары үстіне, өз туының астына мұсылман әлемінің көп бөлігін біріктірген Осман империясын құрды.

Өз атамекенінде қалған түркілердің бір бөлігі Темір дәуірінен кейін өздерінің дербес өмір сүруін тек қана жеке кеудемсоқтыққа негіздеген бірнеше хандықтарға ұсақталып кетті», дей келе Түркістанның этнографиялық көлемі бойынша үш бірдей мемлекеттің құрамына кіретіндігін, атап айтқанда а) Қытайлар Синь­цзян деп өзгерткен Шығыс (қытайлық) Түркістан; ә) Батыс (орыс, кеңестік) Түркістан; б) «Чахар виалет» (яғни 4 уәлаят) деп аталып, Бадахшан, Үлкен және Кіші Маймен мен Андхой деген уәлаяттарға бөлінетін Ауған Түркістаны екендігін атап көрсетеді.

Ал халқы жөнінде «Түркістанның тұрғылықты халқы саны жағынан тең емес екі жұрттан – түркілер мен тәжіктерден тұрады. Алғашқыларын Европада «қазақ», «қарақалпақ», «қырғыз», «түрікмен», «өзбек» атымен біледі. Олардың бәрі де Мұзды мұхиттан Адриат теңізіне дейінгі барлық түркілерге ортақ түркі тілінде сөйлейді.

Түркілердің шамамен 1/15 бөлігін құрайтын тәжіктерге келсек, бұл халық тілі мен қаны жағынан ирантекті болып саналады. Бірақ та олардың бәрі де өздерін, расында да бір халықпыз деп есептейді – мұны Түркістан мен түркілер тарихын біршама білем дейтіндердің ешқайсысы да жоққа шығара алмайды» деп өз пікірін өзге ғалымдар еңбектеріне сілтеме жасай отырып дәлелдейді [Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры. ­Алматы: Жалын, 1992. – 54­57 бб.].

Кеңестер билік басына келіп, әр халықтың өз тағдырын өзі шешетіні жөнінде насихат жұмыстарын жүргізген кездерінде М. Шоқай бастамасымен 28 қараша 1917 жылы Түркістан автономиясы құрылып, Түркістан автономиясының уақытша үкіметі жасақталған болатын және Бас министр болып М. Тынышбаев бекітіліп, ол отставкаға кеткен соң М. Шоқай осы орынға келген еді.

Алайда 1918 жылдың қаңтарында Ташкендегі жұмысшы­солдат депутаттарының үкіметі автономияны құлатып, М. Шоқай шет елге эмиграцияға кетті және өз өмірінің соңына дейін Түркістанның кеңестік кезеңдегі ауыр халін батыс жұртына әшкерелеп, түптің­түбінде кеңестік жүйе жасанды жолмен бөлшектеген Түркістан халқы бірігіп, бір үлкен ту астына жиналатынына сеніп өтті. Бұл турасында «М. Шоқай Орталық Азия кеңістігінде ұлттық­территориялық межелеу негізінде бірнеше кеңестік республикалардың өмірге келгендігін құптаған жоқ.

Читайте также:  Нақысбек шешен

Ол большевиктер бұл өлкеде «бөліп тастап, билей бер!» саясатын ұстанып отыр деп түсінді. Ал пайда болған республикаларды «ұлттық» емес, «ұлыстық» республикалар ретінде қабылдады» деген пікірді алдыға тартуға болады [Шоқай М. Таңдамалы. ­ Алматы: Қайнар, 1998. – Т.1. ­ 21 б.]. Бұл пікірдің ақиқаттылығын нақтылай түсу үшін оның «Большевиктер атамекеніміз Түркістан есімін де өзгертпек болады. Халқымыздың өзінің тарихи аты «түрік» деген атпен аталуына тыйым салып, ұлыстар мен руларға бөлшектеп тастауды көздейді» деген пікірін де келтіре кету артық болмас [Шоқай М. Таңдамалы. ­ Алматы: Қайнар, 1998. – Т.1. ­ 187 б.].

Кеңестік идеология түрікшілдікке де, Түркістан идеясына да қырын қарап, ортақ интернационалдық бағытты алғашқы кезден бастап­ақ насихаттауға тырысты. Алайда коммунистердің ішінде де түрікшілдікті жақтаушылар болды. «Тұтас Түркістан мемлекетін құру жолында күрес жүргізген коммунистік тұғырнамадағы коммунистердің ішінен Т. Рысқұлов пен М.Х. Сұлтан­Ғалиевті бөліп көрсетуге болады.

Мысалы, жергілікті халықтардың құқын қорғау жолында Түркістан Коммунистік партиясы Орталық комитеті жанынан Мұсылман Бюросын құрған Т. Рысқұлов тобы алғашында РКП(б) ОК­нің ұлт саясатына зор сенім білдірген болатын. Олар жергілікті орыс коммунистерінің шовинистік пиғылына қарсы күресе отырып, РКП(б) ОК­нен қолдау табуға тырысты.

Мұсбюро 1919 жылдың күзінде Түркістанда саяси жеңіске жетіп, барлық билік салаларын түрік өкілдері қолға ала бастады. Мұнан қауіптенген РКП(б) ОК 1919 жылы 8­қазанда В.И. Ленин қол қойған қаулыға сәйкес Түріккомиссияны жасақтап, оны Мұсбюроға қарсы аттандырды. Т. Рысқұлов пен Мұсбюроның басқа да жетекшілері алғашында Түріккомиссияға зор сенім білдіре, үміт арта қарады.

Бірақ, көп ұзамай, Түріккомиссияның пиғылын анық сезінген Т. Рысқұлов басқарған Мұсбюро өзінің әрекетін тактикалық жағынан өзгерте бастады. РКП(б) ОК һәм Түріккомиссияның шовинистік пиғылы мен отарлық саясатына қарсы қорғаныстық идеология ретінде түрікшілдік бағыт, яғни тұтас Түркістан идеясы таңдап алынды.

Оны жүзеге асырудың жолы ретінде төмендегідей екі бағыт белгіленді:

  1. Түркістанда өмір сүріп жатқан халықтарды «түрік» идеясына біріктіру арқылы республиканы құқықтық жағынан түрік халықтарының республикасына айналдыру;
  2. Республиканы мекендеуші түрік тілдес халықтардың жеке­жеке ұлттық республикаларын құра отырып, оларды түрік конфедерациясына біріктіру» [Шілдебай С.Қ. 20 ғасырдың 1­ші жартысындағы Қазақстанның ұлт­азаттық қозғалысындағы түрікшілдіктің орны мен маңызы (тарихи талдау): тарих ғыл. канд. … автореф. – Алматы, 2001. – 21 б.].

Кейіннен негізін қалаушылары Сталиндік қуғын­сүргінге ұшырап, халық жадынан өшірілген түрікшілдік және Түркістан идеялары коммунистердің тырысуы арқасында тарих сахнасынан өшірілді.

Әйтсе де Кеңес өкіметінің күні таяп, әлсіреген кезеңдерде түрік идеясы, Түркістан жайлы ой­пікірлер қайта бой көтере бастады. Оның ең алғаш жарыққа шығып, жария түрде насихатталуы ССРО­да мекен ететін шығыс халықтарының құрылтайында орын алған еді. 1990 жылдың 27­30 қыркүйегінде Мәскеу қаласында өткен бұл құрылтайға Хакасияның, Якутияның, Әзірбайжанның, Татарстанның, Қазақстанның, Тәжікстанның, Өзбекстанның, Башқұртстан, Гагауз республикасының, Чечен­Ингушетия, Қырғызстан, Қырым татарларының, ноғайлардың, РСФСР­дың Орынбор, Омбы, Пенза, Горький облыстарының қоғамдық ұйымдары мен саяси партияларының өкілдері қатысты.

Аталмыш басқосуда Шығыс халықтарының Ассамблеясы құрылып оған қосалқы сегіз төраға сайланды және оның бірі ССРО халық депутаты, ақын О. Сүлейменов болды. Ал үйлестіру кеңесіне Азат ұйымының қосалқы төрағасы С. Ақатаев сайланды. Ал Азат қозғалысы осы Ассамблеяға мүше болып кірді [Бабалықов Ж. ССРО­ны мекен ететін шығыс халықтарының құрылтайы // Азат. – 1990. – қараша (№2). – 7 б.].

Бұл басқосуда алғаш рет түркі тілдес халықтар өздеріне жасалған зорлық зомбылықтар жайлы ашық айтып, сол кездегі мемлекет басындағы отырған тұлғаларға шешілуі тиіс мәселелер жөнінде Үндеулер жолдап, өз талаптарын қойған еді. Осылайша кеңестік режимнен ауыр соққы алған түркі жұртшылығы өз жоғын жоқтай бастаған шақта Түркістан идеясының да қайтадан көтерілуі заңды құбылыс болатын.

Түркістан ұлттық мүдденің бір бөлігі болғандықтан, Азат белсенділері өздері құрылған кезден­ақ Түркістан мәселесін алға қоя білді. Дегенмен, нақ сол кезеңдегі қоғамдық пікірдің ұлтшылдарға қарсы бағытталуы, қозғалыс мұраттарына әсіре ұлтшыл деп айып тағылуы Түркістан идеясын ашық түрде батыл алға тартуға кедергі болғаны түсінікті де.

Тіпті алғашқы 1990 жылдың 31 маусым­1шілде аралығында өткен құрылтайда Азаттың экологиялық апат аймағында қалған қарақалпақ бауырларды Қазақстан жеріне уақытша қоныстандыру жайында мәселе көтеруі [Қазақстанның азаматтық Азат қозғалысының низамы. Жоба // Ақатай С. жеке мұрағаты. – Алматы, 1990. ­ 2 б.] сол кездегі Компартия тарапынан үлкен сынға ұшырағаны мәлім. Тіпті Азаттың бұл идеясы сталиндік халықтарды қоныстандыруымен салыстырылған болатын [Горький вкус сладкого слова «свобода» // Вечерняя Алма­Ата. ­1990. ­ 8 сентября. – 2 б.].

Десек те қазақтың дербес мемлекетінің тәуелсіздігінің баянды болуын «Түркістан Одағынан» көрген Азаттықтар өздерінің бағдарламасында «Орта Азия республикалары, сондай­ақ Россия ортақ нарыққа біріктірілсін, басқа мемлекеттермен өзара тиімді байланыс шарттары жасалсын» деген талапты енгізген болатын [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. ­ Алматы: Өркениет, 2001. ­ 85 б.].

Бұл жерде мән беретін мәселе Азаттың Қазақ мемлекеті үшін ең басты әріптес Орта Азия республикалары содан кейін ғана Ресей бола алатындығын нақтылауы. Бұл өз кезегінде Қазақ мемлекетінің бауырлас Қырғыз, Өзбек, Түрікмен және Тәжік мемлекеттерімен тығыз интерграцияға түсе отырып Ресеймен және өзге мемлекеттермен достық қарым­ қатынас орнатуы қажеттігін алға тарту еді.

Осы мақсатта Азат аталған Орта Азиялық республикалардың демократиялық күштерімен тізе қосып біршама жұмыстар атқарған да болатын. 1991 жылдың наурызында Орта Азиядағы демократиялық бағыттағы саяси қозғалыстар мен партиялар бірігіп Орта Азия демократиялық Конгресін құрды. Оның құрамына Азат, Желтоқсан, Алашпен бірге Өзбекстандық Бірлік қозғалысы, Тәжікстанның Демократиялық партиясы, қырғыздың Асаба партиясы мен Демократиялық қимыл қозғалысы, түрікменнің Ауызбірлік қозғалысы кірді [Дәрімбет Б. Азат қозғалысы. ­ Алматы: Өркениет, 2001. ­ 49 б.].

Читайте также:  Қысым топтарының насихаты

1991 жылдың 25­26 мамыр күндері Бішкекте өткен Демократиялық Конгресс Құрылтайының екінші мәжілісінде оның құрамына Орта Азия мен Қазақстаннан 13 саяси партия, қозғалыстар мен ұйымдар құрылтайшы болып енді. Осы жолы Конгресс арнайы мәлімдеме қабылдап, Орта Азия мен Қазақстан Республикалары Демократиялық Конгресінің жалпы ережелерін бекітті.

Мәлімдемеде конфедерация негізінде егеменді мемлекеттердің ерікті ынтымақтастығын құру. Мемлекеттердің саяси одағының тұғырын нығайту үшін өзара тиімді экономикалық шартқа қол қоюға ықпал ету сияқты келелі міндеттерді құрылтай қатысушылары өз мойындарына алады [Орта Азия мен Қазақстан Республикалары Демократиялық Конгресінің жалпы ережелері // Азат. ­ 1991. – маусым (№8). – 2 б.].

Жалпы түркі тілдес халықтар арасындағы алауыздық пен араздықтың болмауын көздеген Азат қайраткерлері халықтар арасындағы достастықтың дәнекері болуды көздеді, болуы мүмкін қайшылықтардың орын алмауын көкседі. Соның бір мысалы ретінде С. Ақатайдың «Өзбекстандық қазақ­түркі халқына үндеуін» атап өтуге болады.

Аталмыш үндеуде қазақ пен өзбектің түбі бір туыс екендігі еске алынып, қалыптасып отырған саяси ахуал сарапқа салына отырып, олардың арасында қақтығыстың болмауына екі жақтың да атсалысуы қажеттігі көтеріліп, «Қазақ бауырларым! Өзбек достарыңа, көршілеріңе, тамыр­таныстарыңа сырт бермей, жақынырақ түсінісіп, тіл табысыңыздар.

Өзара түсінісу негізінде болашақ «Түркістан Одағының» шаңырағын көтеруге атсалысалық. Егер Өзбекстан мен Қазақстан дербес те тәуелсіз мемлекеттер бола алмаса, Түркістан Одағын да құру мүмкін емес, өзара түсінісу де мүмкін емес» деген ақыл­ парасатқа толы тілектер айтылды [Ақатай С. Өзбекстандық қазақ­түркі халқына үндеуі // Азат. – 1991. ­ мамыр (№7). – 2 б.]. Азаттықтар кішігірім дау­дамай мен өкпе назға мән бермей ұлы мақсаттар жолында халықты жұмыла күресуге шақырды.

С. Ақатайдың жеке мұрағатынан табылған өзінің авторы болып табылатындығын растайтын С. Ақатайдың 1 желтоқсан 1990 жылы қойылған қолтаңбасы бар «Түркістан халық қозғалысының бағдарламасының» жобасы көп жайды аңғартса керек. Осы құжаттың алғы сөзінде автор өзінің Түркістан турасындағы ойын «Пятитысячная история Туркестана – эта общая история братских народов, живущих бок о бок в мире и добрососедстве.

На этой священной земле обитали общие предки сегодняшних узбеков, казахов, туркменов, киргизов, каракалпаков, уйгуров и др. тюркских народов, а также народов фарси. У этих народов общность исторического развития, государственности, языка, культуры, обычаев, религии, экономическая и территориальная целостность» деп тұжырымдады.

Қозғалыстың мақсатын келесі мәтінде береді: «Народное движение «Туркестан» создается в целях реализации и защиты гражданских, политических, экономических, социальных, духовных и культурных прав и свобод; развития активности и самодеятельности граждан Средней Азии и Казахстана (далее Туркестана), их прямого участия в управлении государственными и общественными делами; удовлетворения профессиональных и любительских интересов; развития научного, технического и художественного творчеств; охраны здоровья населения; участия в благотворительной деятельности; проведения культурно­просветительной, физкультурно­оздоровительной и спортивной работы; охраны природы, памятников истории и культуры; патриотического и гуманистического воспитания; расширения международных связей, укрепления мира и дружбы между народами, а также иной деятельности не запрещенной законом».

Осынау тәуелсіздік алмай жатып жасалған құжат мәтінінен М. Шоқайдың «Үлкен Түркістан» идеясының ғасыр соңында қайта жанданып, сол бастапқы бағытта дамығанын көруге болады. Олай деуге себеп автордың Түркістан Федерациясын құру мақсаты. «Такой структурой могла бы стать «Туркестанская Федерация», основанная на экономической, политической, территорияльной и культурной интеграции этих равноправных республик» [Программа народного движения «Туркестан» // Ақатай С. жеке мұрағаты. – 2­3 б.].

Дегенмен автор көтерген федерация құру идеясы сол кезеңде дербес мемлекет болуды мақсат тұтқан Одақ құрамындағы Орта Азия республикалары мен Қазақстан үшін де ақылға сыйымсыз еді. Сондықтан да азаттықтардың конфедерация құру идеясын ашық қолдауы негізді болатын. «Азат» газетінің 1991 жылғы № 20­21 сандарында Түркістан конфедерациясы туралы декларация жобасы жарық көрді.

Белгілі бір авторы жоқ, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрік, түрікмен, ұйғыр және ағылшын тілдерінде дайындалған осы жобаны жариялай отырып газет редакциясы ол жөнінде оқырманнан пікір сұраған. Қозғалыстың үні болған «Азат» газетінде Түркістан конфедерациясы туралы декларацияның жобасының жариялануы да өз кезегінде Азат қозғалысының Түркістан идеясына қатысты ұстанымдарының қандай деңгейде болғанын көрсетсе керек.

Жалпы осы жоба мәтінінде Түркістан конфедерациясына құқықтық тұрғыдан негіздеме жасалынып, оның шешілуге тиіс мәселелерінің тетіктері қарастырылған. Бұл жобаның басты құндылығы оның әлі де қолымыз жетпей келе жатқан ұлы мақсатқа жетуге жасалған алғашқы қадам болғандығында. Сонымен қатар бұл жоба болашақта қабылдануы тиісті Түркістан конфедерациясы туралы декларацияны жасауға негіз бола алатындығына сенім білдіре аламыз.

Азаттың негізгі түпкі мақсаттарының бірі Түркістан конфедерациясының құрылып, Түркістан халқының бірлесе дамуы болды. Бұл өз кезегінде М. Шоқайдың идеяларының қайта жандануының көрінісі болды. Дегенмен Азат қозғалысы көтерген Түркістан идеясы өзінің мемлекеттер тарапынан қолдауын таба алмады, тағы да идея күйінде қала берді.

Енді М. Шоқай идеялары мен Азат ұстанған идеялардың байланысына тоқтала кетсек, М. Шоқай Түркістанды біртұтас мемлекет ретінде қарастырды және оны мекендейтін халықты да біртұтас түркі ұлты деп білді. Әрине, Кеңестік режим өзара шекара сызығын белгілегенге дейін Түркістан жұрты ұлттарға бөлінгенмен жеке­дара, қалыптасқан мемлекеттік құрылымдарға бөлінген жоқ. Соған орай М. Шоқай олардың біртұтас мемлекет құрып, бір ұлтқа кірігуіне негіз бар деп есептеді.

Читайте также:  Парламенттік жиналыстар

Бірақ, кеңестік саясат шеңберінде бес мемлекетке бөлінген, өз алдына дербес мемлекеттік құрылымдары мен шекарасы бар бес мемлекеттің бірігіп бір мемлекет құруы 1990 жылдары тіпті ақылға сыймайтын. Олар тек конфедерация құру арқылы өзара интеграцияланып, біріге қорғаныс шебін құрып, ортақ экономикалық аймақ қалыптастыра алатын еді.

Осыны жете түсінген азаттықтар «Түркістан Одағын» құруды алға тарты. Жалпы Орта Азия мен Қазақстанның мемлекеттік басшылары бұл жөнінде жекелеген келісім шарттарға қол қойғанымен «Түркістан Одағы» күн тәртібіне мемлекеттік тұрғыдан шығарылған жоқ. Бұл өз кезегінде Түркістандық бес мемлекеттің өзара кірігуіне кедергі болды. Түркілердің мемлекет басшыларының арасынан тек жекелеген мемлекет басшылары, атап айтқанда Әзірбайжан Президенті болған Әбілфайыз Елшібек қана жалпы Түрік бірлігі турасында ашық пікір білдірген еді. «Мұратымыз (идеалымыз) – Түрік бірлігі.

Бұл – жаңа экономикалық, мәдени бірлік болады. Мұндай бірлікті болдырмайтын еш себеп жоқ. Бұл үшін ортақ сөздік құрастырылуы қажет, ортақ тарих энциклопедиясы жасалуы керек. Бұл орайда алдымен мәдени байланыстар, ең соңында саяси байланыстар күшеюі тиіс. Бұған ешнәрсе тосқауыл бола алмайды» деп түрік дүниесінің мәдени кірігу арқылы экономикалық жағынан бірлесе даму қажеттігін алға тартқан болатын [Елшібек Ә. Идеалымыз ­ Түрік бірлігі // Түрік бірлігі. – 1992. ­ №1. – 2 б.].

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан үшін екінші бір мемлекеттің үстемдігін мойындау ақылға сыйымсыз жағдай болатын. Бұл турасында Президент Н. Назарбаев өзінің Түркия мемлекетіне қатысты естеліктерінде тоқтала кетеді, «Тұрғыт Озал Қазақстанға бірнеше рет келіп қайтты. Ол менің ойымша, Орталық Азия мемлекеттеріне тек жаңа мемлекеттермен тату­тәтті қарым­қатынас орнату үшін емес, бір кезде Кемал Ататүрік мирас етіп келген арман – түркі мемлекеттернің аса қуатты бірлестігін қалыптастыруды жүзеге асыруды көздеп келіп жүрді.

Ол пиғылын жасырмайтын Т. Озал, Байкалдан Жерорта теңізі мен Дунайға дейін созылып жатқан түркі әлемінің басын қосатын Ұлы Түркия, пантюркизм мұраттарын жақтайтын» дей келе Қазақстанның өз тәуелсіздігі бәрінен де қымбат екендігін баяндап, «Түркі мемлекеттерінің басшыларының Стамбулдағы бірінші жолығысы тұсында, бұл мәселе түрік әріптестеріміз әзірлеген мәлімдемеде ашық айтылды.

Тарихи тамырластығымызға, тіліміз бен мәдениетіміздің ортақтығына, дәстүріміздің бірлігіне орай, Түркиямен ықпалдасуға бағыт аламыз делінді. Маған Т. Озалды ренжітуге тура келді. Мен бұл мәлімдемеге қол қоймайтындығымызды айттым. Біз тек экономикалық, гуманитарлық, саяси байланыстарды жақтаймыз дедім» деп өзінің басқарып отырған мемлекетінің сыртқы саясатта тек бір елдің ғана ықпалында ғана емес барлық елдермен тең қатынаста болатындығын ескерткендігін баяндайды [Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында. ­ Алматы: Өнер, 1996. – 202 б.].

Мұндай шешім, әрине демократиялық жолды таңдап, өзгелермен терезесі тең ел ретінде қарым­қатынас орнатуды мақсат еткен Қазақстан үшін тиімді болатын. Бірақ, бұл шешім бауырлас түрік елдерінің арасына салқындық түсірген жоқ, тек біржақты түрікшілдік саясат ұстануды болдырмады.

Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің тәңірі берген несібі ғой, ­ деп М. Жұмабаев жырлаған түркі қауымының ортақ мекені Түркістан жайлы, оның саяси құрылымы жөнінде әлі күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан мәселелердің шешілуінің алғышарттары уақыт өте келе жасала бастады. «Түркістанның» «Түркістан Одағы» идеясы болып жаңарған түрде өмірге қайта келгенінен 15 жыл өткен соң ғана Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің 2005 жылғы Қазақстан халқына кезекті жолдауында Орталық Азияның әлемдік нарықтағы орнына, оған өз ықпалын жүргізуге ұмтылушы державалардың өзара бәсекелестігіне тоқтала келіп, Орталық Азия мемлекеттерінің алдында тұрған екі жолды атап көрсетті, оның бірі: әлемдік экономиканың мәңгілік шикізаттық шылауы болып қалу, келесі бір империяның келуін күту, екіншісі: Орталық Азияның барынша интеграциялануына қарай қадам жасау.

«Бұдан былайғы интерграциялануымыз – біздің өңіріміздің тұрақтылығына, прогресіне, экономикалық және әскери­саяси тәуелсіздікке апаратын жол. Мен Орталық Азия одағын құруды ұсынамын. Біздің экономикалық мүдделеріміз, мәдени­тарихи тамырымыз, тіліміз, дініміз, экологиялық проблемаларымыз, сыртқы қатерлеріміз ортақ» [Назарбаев Н. Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында: Қ.Р. Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. ­ Алматы: Атамұра, 2005. – 42­43 бб.].

Осы Қазақстан Президенті тарапынан жасалған қадамнан біз М. Шоқайдың «Түркістан» идеясының жаңарған сипаттағы Азат қозғалысы ұсынған «Түркістан Одағы» идеясының нақты қолдауға ие болғанын көре аламыз. Осы мақсатта Президент жолдауын іске асыру жолында Қазақстан тарапынан жақсы істер бастау алды, оның бір мысалы, Алматыда 6­8 шілде аралығында «Орталық Азия аймағы: өткені мен бүгіні» атты үш күндік халықаралық ғылыми симпозиум болып өтті.

Оған Түркия, Ресей, Мысыр, Франция, Германия, Қырғызстан, Өзбекстан және оннан астам алыс­жақын шет елдерден ғалымдар, саясаттанушылар, мәдениет, әдебиет, өнер және ғылым қайраткерлері т.б. қатынасты [Сәдірқызы Г. Орталық Азия – түркі дүниесінің кіндігі // Егемен Қазақстан ­ 2006. ­ 7 шілде – 4б.].

Бұл басқосудың негізгі мақсаты Орта Азия халықтарының бірігуінің негізі ортақ мәдениеті мен тарихын, тілі мен діні және басқа да келелі мәселелер жөніндегі ғылыми пікір алмасу болды. Мұндай басқосулардың түркі халықтарының жақындасуына барынша үлес қосатыны айдан анық. «Түркістанда кім билік жүргізсе де, ол бәрібір қайта түлейді.

Өмір барынша алға басуда, сондықтан бұл өлкенің де ілгері басуына еш нәрсе кедергі бола алмайды» [Велиди А.З. Түркістан жайлы… // Жас Алаш. ­ 1998. ­ 31 қаңтар. – 4 б.] деген А.З. Велидидің сөздері орындалып, Түркістан қайта түлеу үстінде, оның халқының санасында қайтадан Түркістан идеясы орын ала бастады, бұл өз кезегінде Түркістандық ортақ мүдденің барлық түркістандықтар тарапынан қолдау табуына әкелері сөзсіз.

Оставить комментарий