МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖӘНЕ ТҰТАС ТҮРКІСТАН ИДЕЯСЫ

Отан тарихындағы ұлт­азаттық қозғалыс мәселесіне байланысты тың көзқарас тұрғысынан зерттеуге алатын мәселелердің бірі ­ оның хронологиялық шеңбері. Ал ол, біздің пікірімізше, осы уақытқа дейін кеңестік ресми тарихтануда белгіленген мерзімнен анағұрлым кең. Яғни ұлт азаттық қозғалысы, кеңестік ғылыми әдебиетте баяндалып келгендей, 1916 жылғы бас көтерумен шектелмейді. Белгілі дәрежеде 16­жылғы көтерілістің өзі де жүйелі мақсаттықтан тумаған, төтеннен басталған, осы мезгілдегі ұлт өмірінің көш бастаушысы ұлт зиялыларының еркінен тыс өрбіген тарихи құбылыс болатын. Қазақ жерінде патшалық империяға қарсы шын мәніндегі мақсатты, ұлттық күштерді біріктірген саяси қозғалыс 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде басталды. Осы жылдың ортасында Алаш партиясының, ал соңына қарай Түркістан автономиясының (Қоқанда), ал оның артын ала Алашорда өкіметінің (Орынборда) құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болатын. Аталған құрылымдар 1918­1919 жылдары империялық күштер тарапынан зорлықпен таратылғанымен, азаттық идеясын ұстанушылар саяси күрес сахнасынан бірден кете қойған жоқ. Алаш қайраткерлері ұлт мүддесі үшін күресін мүлдем жаңа саяси жағдайда, яғни өздері тұтқынға алынып, сотталған 20­жылдардың соңына дейінгі кезеңде де жалғастырды. Солай болуы да толық негізді еді. Оған қандай айғақ бар? Бұл күрес, әсіресе жер мәселесінде анық көрінді. Қазақ шаруалары түгелдей жерге орналасып болмайынша Қазақстанға қоныс аударушылықты тоқтату үшін Алаш қайраткерлері бастап берген күрес кеңес үкіметі тұсында да өз жалғасын тапты, сондай­ақ жаңа саяси жағдайда да бұл күреске бағыт, пәрменділік беруші ескі алаштық интеллигенция болды. Мәселен, V Өлкелік партия конференциясы (1925) қарарында «жерге орналастыру саласында ең алдымен байырғы халық, әсіресе олардың отырықшыланып жатқандары жөнінде міндет қойылатын болсын» деп көрсетіп, қазақ шаруаларын жермен қамтамасыз етіп алғанға дейін ішкі Ресейден Қазақстанға өз бетінше қоныс аударушылар легін шектейтін шаралар белгіледі 50 . Бұл іс жүзінде Алаш бағдарламасында айтылған «қазақ жер сыбағасын отырған жерінен алып орналасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеу» 51 деген пікірді қабыл алу еді. VІ Өлкелік партия конференциясы V конференцияның жер мәселесіне байланысты қабылдаған қарарын алаштық интеллигенцияның ықпалы нәтижесінде өмірге келген құжат есебінде бағалады. Алаш зиялылары мен отаршыл күштер арасындағы бітіспес күрестің шырқау шегі қазақ бұқарасына берілмек жер нормасы төңірегінде өрбіді. 20­ жылдардың екінші жартысында жүрген бұл күреске атсалысқандардың қатарында Алаш қозғалысының белсенді мүшелері, сол тұстағы Жер Комиссариатының басшы қызметкерлері Мырзағазы Есболов, Тел Жаманмұрынов, Сәлімгерей Қаратілеуов сияқты қайраткерлер болды. Әлихан Бөкейхан Қазақсандағы отырықшылыққа көшпек қазақ шаруаларына тиесілі жер көлемін анықтау мақсатында КСРО Ғылым академиясы жанынан құрылған экспедицияны (төрағасы профессор С.П.Швецов) ұйымдастыру идеясының авторы болумен бірге, өзі де соның құрамына еніп, зерттеу жұмысына атсалысты. ОГПУ тыңшылары Мәскеуден шығуға тыйым салынған қайраткерді Ақтөбе қаласында тұтқынға алып, жедел түрде кейін қайтарды (1926). Соған қарамастан Ә.Бөкейхан профессор С.П.Швецов экспедициясы ұсынған жер нормасына байланысты пікірді қолдай және кеңес билігінің жер саясатын әшкерелеп РСФСР мемлекеттік жоспарлау комитетінің коллегиясында эксперт есебінде сөз сөйледі (1927). Ал 1929 жылы мамыр айында ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында: «Менің жер саясатына қатысты көзқарасым мынаған саяды: жер үлесіне байланысты орыстар (қоныс аударушы) мен қазақтарды теңгеруге болмайды, өйткені орыстар мәдениеттірек, сондықтан да олар әрқашанда егіншілікте үстемділік көрсетіп, қазақтарды кіріптар етеді. Жер мәселесінде менің «ұлтшылдығым» осы» 52 ,— деп көрсетті. Объективті түрде алаштық интеллигенция күн тәртібіне қойған қоғамдық­ саяси мәселелер, кеңестік партиялық қайраткерлердің (Т.Рысқұлұлы, С.Сәдуақасұлы, С.Қожанұлы, Ж.Мыңбайұлы, т.б.) қызметінде де өз көрінісін тауып жатты. Егер алдымен патшалық билік соңынан кеңестік үкіметке қарсы күрескен алаштық зиялылар «сеператистер», «буржуазиялық ұлтшылдар» атанса, отаршылдықтың жаңа кеңестік түріне қарсы шыққан ұлт зиялыларының келесі, жаңа жас буыны, яғни кеңестік­партиялық қайраткерлер «ұлтшыл уклонистер» деп жарияланды. Өкінішке орай, ол кезде «буржуазиялық ұлтшылдықтың» да, «ұлтшыл­уклонизмнің» де тууына алып келген ортақ себепті түстеп айту, әрине, мүмкін емес­тін. Билеуші партия ондай шындықты тыңдауға ықылассыз еді. Өлкелік партия комитетінің 1926 жылғы қараша пленумында жасаған баяндамасында Ф.Голощекин «алашордалықтардың екі буынын» анықтап, оларға мынадай сипаттама береді: «алашордалықтар туралы айтқанда біз шатысып жүрміз. Алашордалықтардың екі түрі бар — ескі басшылары мен алашордалықтардың жаңа буыны. Бұлардың өзара үлкен айырмашылығы бар. Егер біз ескі тәртіптегі алашордалықтарды алсақ, маған олардың өткенде бірдемесі болғандай көрінеді. Олар өткен уақытта, қазақ жағдайында, қазақ болмысында революционер, буржуазиялық революционерлер болды. Ал жастарда ол жоқ, оларда ашу­ыза басым, олар кеңестік билікпен күресте есейді» 53 . Алашордалықтарды саяси құдалауға алу ісін басқарған Ф.Голощекиннің бұл пікірінде тарихи шындықтың табы бар еді. Оның Азаттық қозғалыстың ауыр жүгін көтерген зиялылардың екі буынын танып, олардың арасында табиғи сабақтастық барлығын көрсетуі соның айғағы еді. Міне, сондықтан да қазіргі уақытта тарих ғылымында «буржуазиялық­ ұлтшылдар» мен «ұлтшыл­уклонистер» арасындағы табиғи сабақтастықтың болғандығын мойындай отырып, бұл сабақтастықтың объективті негіздерін таратып айтатын мезгіл келді.

Читайте также:  Коммунистік тәкаппарлық құрбаны

Оставить комментарий