Мәтін лингвистикасының көркемдік-поэтикалық құрылымы

Халық өміріндегі тарихи бел-белестер, ұлы өзгерістер, «ақтаңдақтар» сыры ұрпақтан-ұрпаққа тіл арқылы жетеді. Ұлт мәдениетінің негізгі көрсеткіші – көркем әдебиеттің де шынайы болмысы, шеберлігі оның тілі арқылы көрінеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, алғашқы қазақ көркем қара сөз үлгілері болып табылатын ХХ ғасыр басындағы проза тілі әртүрлі себептермен толыққанды зерттелмей келеді. Бұның үстіне осы кезең қазақ жазушылары шығармаларының аттары аталмай келгендері де болды. Шындығында, әдеби тілдің ілгері дамуына азды-көпті үлес қосқан ірілі-ұсақты кезкелген қаламгердің аты аталып, шығармалары тілі жағынан да ғылыми айналымға енуі тиіс деген филологиядағы пікірлерді (профессор Б.Кенжебаев) ескеріп, алға тартар болсақ, мәселенің өзектілігі сөзсіз. Осындай тілдік-стилистикалық жағынан қарастыруды қажет ететін көркем сөз үлгісі – Мұхамедсәлім Кәшімовтің «Мұңлы Мариям» повесі [1]. Повестің көркемдік- поэтикалық тіл жүйесі оның бейнелілік қасиетінде жатыр деуге болады. Бұл қырынан алып қарағанда, белгілі бір кезеңдегі көркем шығарма тілінің идиоматикалық қорын зерттеу – бір жағынан, сол дәуірдегі жалпыхалықтық тілдің кезеңдік ерекшелігін терең білуге себептессе, екінші жағынан, әр суреткердің тіл шеберлігін жан-жақты ашып, оның әдеби тілімізді дамытудағы тарихи рөлін анықтаудың бірден-бір жолы болып табылады. Сондықтан әдеби тіл дамуы кезеңдерінің көркемдік сипатын танытуда қомақты материалды «тілдің әдебилік сипаттарының біреуі» – идиоматизмдер береді. ХХ ғасыр басындағы көркем проза тілінің өзіне тән сипаты деп онда фольклорлық әуендердің біраз орын алуын айтамыз. Фольклорлық сарында келетін бір ерекшелік — өлең жолдарына ұқсап, сөйлем аяғының ұйқасып келуі. Е.Жанпейісов сөздерді осылай қат-қат қып, өзара бір сырт әуенділікке бейімдей жұмсалу дағдысы, әсіресе, «Қамар сұлу» романында көбірек ұшырайтынын айтады [2, 75]. Сөздердің, тіпті белгілі бір контекст аясының бұлай өлең ұйқасына құрылғанына біз «Мұңлы Мариям» повесін де жатқызар едік. Мысалы, Мариямның маңдайына күн түспей, бетіне жел тимей жазғы тұрқы көркем 164 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы табиғаттың саясында, жер жүзіне нұрын сепкен алтын күздің аясында шешек атқан гүлдерше, жер бетіне әсем түр берген қызылды-жасылды қызғалдақтарша жас балдырған Мариям көзге түсе бастайды (1-б.); Осындай бақыт іздеп, теңін көздеп гүлдей жайнап, талабы алға өршіп өсіп келе жатқан жастардың шамын сөндіріп, гүлін солдырып зар жылатқандай бишаралардың не жазығы бар екен… (10-б.); …қатарынан асып аузымен құс тістеген Ғалымның беделі түсіп белі сынып, айласы таусылып әлі бітіп, көкіректегі барлық арманды өлең ғып, домбыра шертіп, жүрегі талады (17-б), т.б. Мұндай тақпақ ыңғайындағы қара сөз үлгілерінің ерекшелігі өлең әуенімен келетін идиоматизмдерден де көрінеді. Мысалы: Мариямның маңдайына күн түспей, бетіне жел тимей, бақыт іздеп, теңін көздеп гүлдей жайнап, беделі түсіп белі сынып, айласы таусылып әлі бітіп тәрізді. Жалпы, бұл кезеңде көркем прозаның жаңа қалыптаса бастағанын ескерсек, М.Кәшімов тілінде фольклор мен ауызекі сөйлеу стилінің көрінуі сол жазба әдеби тілдің өзі нәр алған қайнар көзімен, арғы тегімен тамырласып жатқандығын танытуы сөзсіз. М.Кәшімовтің «Мұңлы Мариям» шығармасы тілінде, сондай-ақ, мағынасы күңгірттеніп, көмескіленген немесе көпшілікке мүлдем түсініксіз болып кеткен идиоматикалық тіркестер орын алған. Бұл мәселеге арнайы тоқталған зерттеушілер сөздердің әртүрлі себептермен күңгірттенгенін атап өтеді. «Сөздерді мұндай «жағдайға» келтірген объективтік себептердің бірі, — дейді академик Ә.Қайдар, тұрақты тіркес шеңберімен шектелуіне байланысты, олардың тілдегі қолданылу жиілігінің азаюы. Сирек қолданылуының салдарынан сөздердің лексикалық мағынасы күңгірттеніп, бара- бара архаизм категориясына ауысады [3,63]. Идиоматизмдердегі көнерген сөздердің этимологиясын зерттей келе, ғалым бұл ойын былайша түйіндейді: «Бізге беймәлім мағынасы күңгірттенген, қолданылуы шектелген сөздердің бірқатарын ғасырлар бойы қалыптасып, тұрақтанып, біртұтас болып құрылған фразеологизмдер құрамынан іздегеніміз абзал. Біле білсек, бұл тәрізді сөздердің мағыналарының күңгіртенуіне де және сол сөздердің құпия-сырын ашып беруге де себепші болатын фразеологизмдердің өздері болмақшы» [3, 71]. «Мұңлы Мариямнан» мысал келтірейік: Мариям сорлы баяғы таз кебінегіне қайта түсе бастайды (11-б). «Баяғы жағдайына, күйіне түсті» деген мағыналы бұл идиоматизм әдетте таз кебін (кепесін, кепешін) киді, таз қалпына көшті (түсті, келді) тұлғаларында келеді. Жалпы тіркестің мағынасы түсінікті, ал осындағы «кебінегі, кебін, кепесі» сөздерінің негізі қайдан шыққаны беймәлім. Араб тілінде (кафанóí) кебін – ақырет киімі (өлікті орайтын ақ кездеме) [4, 107]. «Кебін» сөзімен қатар айтылып, өзара мағыналас сөз – «кебенек» сөзі. Кебенектің түбірі «кеп» сөзі болар, — деп есептейді Р.Сыздықова [5, 89]. Өйткені «кеп» сөзі сонау көне түркі тілінде түбір ретінде қолданылып, қалып (форма) ұғымын білірген [6, 172]. Қазіргі қырғыз тілінде де «кеп» сөзінің бір мағынасы «қалып, киім, маска» [7, 375]. Тілде, сонымен бірге, «кеп» сөзінің «түр, нұсқа» ұғымында айтылуы да кездеседі. Мәселен, кебі жаман (түрі жаман). Сонда кеп>кепе-кепеш-кебене- кебенек болып шығады. Ал «кебін» мен «кебенек» сөздері семантикасы жағынан бір- біріне жақын болғанымен, екеуі екі түрлі сөз. «Кебін» — өлінікі, «кебенек» — ертеректе болған киіз шапан», яғни тірінің киізден жасалған киімі. Жазушының «таз кебінегіне (кебіне, кепесіне) қайта түсті» идиоматизміндегі «кептің» мағынасы осы «кебенек» сөзіне қатысты. Оның «ертеректе болған киім» мағынасы уақыт өте келе «бұрынғы жағдайына, қалыбына, түріне, күйіне түсті» болып ауыспалы мағынаға ие болуы мүмкін. М.Кәшімовтің «Мұңлы Мариямында» халық аузындағы шыбық тисе шыңқ етер, бақан тисе маңқ етер идиоматизмі қолданыс тапқан. Мысалы, Сіздердің өлімдеріңе өкінуім «шыбық тисе шыңқ етер, бақан тисе маңқ етердің» керімі екен ғой (3-б). Осы мақалдың құрамындағы «бақан» сөзі сөйлеу тілінде қолданылғанымен, мағынасына екінің бірі терең бойлап, жете түсіне бермейді. Оның мағынасы «үлкен үй», жалпы киіз үй екендігі туралы Қ.Өмірәлиевтің түсініктемесінде: «бақан – шаңырақты көтеретін, 165 № 1 (74) 2010 үзікті саумалап уық бойымен көтеріп, жабуға пайдаланатын ұзын, басы ашалы ағаш» [8, 549] делінген. Нақтырақ айтқанда, киіз үй құралының атауы. Бұл атауға байлау деген мағына, көне түркінің bay – бағ//бау түбірі [9, 77] семантикалық жағынан негіз болған деуге болады. Себебі көптеген түркі тілдерінде (қырғыз, қазақ, қ.қалпақ, татар, якут) Э.В.Севортянның көрсетуінше, оны «киіз үйдің алдындағы ат байлайтын ағаш», «киіз үйдің сүйегінің жоғарғы жағы мен киізін көтеріп байлап қоятын ағаш» деп қолданылған [10, 348]. Сонда «бақанның» берер ұғымы – ағаш, ашалы ағаш. Идиоматизмнің көнелену үрдісі шығарма желісіндегі кейіпкерлер тілінде де кездесіп отырады. Автор шығармада әр кейіпкердің тілін оның ой-танымы мен өз ортасына тән етіп береді. Себебі көркем мәтін бедерінде кейіпкер тілінің сөз табиғилығын сақтау тіл нормасының бірі болып саналатыны белгілі. Мысалы, Мариям мұңайып: — Ғалымның да әуселесін көрдім ғой… – дейді (14-б.). Ауызекі сөйлеу тілі идиоматизмін кейіпкердің аузына салу арқылы жазушы олардың қандай әлеуметтік топтың өкілі екендігін, таным дүниесінің қандай дәрежеде екенін эстетикалық түрде көрсеткен. Бұндай қолданыста кейіпкерлердің тілдік мінездемесін ашу сипаты да бар. «Әуселе» сөзі қазақ тілінде жеке қолданылмайды, тек осы идиоматизм құрамында ғана көрінеді. Аймақтық сөздіктерге де тіркелмеген. Л.Рүстемовтің көрсетуінше, әуселе – араб сөзі, (хәусәлә: 1. зоб у птицы; 2. терпение, терпеливость, выдержка) – возможность, потенция [11, 52]. Яғни, әуселе – шама-шарық, әл-дәрмен, мұрша да, әуселесін көрді – қолынан не келетіндігін білдіру ұғымындағы идиоматизм [12, 73]. Автор бұл тұлғаны кейіпкердің сөз машығын таныту үшін стильдік мақмсатта әдейі қолданған. Өзінің қолданылу жиілігін сиреткен, мағынасы көмескі сөздер М.Кәшімовтің тілінде белгілі бір орын иеленіп, идиоматизмдер сыңарлары ретінде мазмұнды күй кешкені анық. Ә.Қайдардың «біле білсек, бұл тәрізді сөздердің мағыналарының күңгіртенуіне де және сол сөздердің құпия-сырын ашып беруге де себепші болатын фразеологизмдердің өздері болмақшы» деуі сондықтан болар. М.Кәшімов өз туындысында ой мен оның мазмұнын, сезімін білдіретін тілдік мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланып, сол дүниетаным фактілерін жинақтап, қорытуда тілдің көркемдегіш құралдарына неше алуан стилистикалық қызмет жүктейді. «Мұңлы Мариям» тіліндегі тұрақты теңеулік конструкциялардың жұмсалысына жүгінейік. Ең алдымен байқалатыны, автор қаламында кезкелген екі құбылыс салыстырылып, өзара теңеле бермеген, әрбір теңеулік құрылым туындының идеялық, соған орай эмоциялық мазмұнына байланысты құрылған. Мысалы, Алтайы қызыл түлкідей бұлаңдаған Мариямның бақыт құсы басынан ұшады (2-б); Ақырында өзінен-өзі мейіздей қатып бүгіліп, Мариямның жолындағы жүрекке орнаған жазылмас жарадан қаза табады (21-б.). Повесте, әсіресе, адам сезімдерін, ішкі психологиялық халын, әсерлері мен ойларын да нақтыландыру амалы ретінде салыстыру әдісі кең қолданыс тапқан. Мысалы, Көрінгенге күлкі боп, сүтке тиген күшіктей боп қалғаным ба? (13-б.); Ауыздан шыққан сөзбен бірге іштегі жалын бетіне-бетін тақағанда ұжмақтың отына жылынғандай әсер етеді (12-б.). «Мұңлы Мариям» тілінде экспрессивті-эмоциялы бояуы анық эпитеттік қолданыстар арқылы сөйлеушінің адамзат не құбылыс турасындағы өз көзқарасы мәлім етіледі. Эпитеттің күші, оның дәлдігі мен орынды үнемділігінде. М.Кәшімов тіліндегі эпитеттік тіркестердің жұмсалым мақсаты мен жасалу жолдары әр қилы. Біріншіден, замана болмысын сипаттауда оны табиғат құбылыстарымен байланыстыра танытқысы келеді. Мысалы, Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Аспанды қалың қара бұлт жапқан. Меңіреу түн… Тілсіз, үнсіз тыныштық (12-б.). Автор кейіпкердің (яғни Мариямның) психологиялық жай-күйін, ситуацияны дәл басып көрсету мақсатында түнді жай түн емес, «меңіреу түн», тыныштықты «тілсіз, үнсіз», үйдің ішін көңілсіз ғана емес, «қара күңгірт, 166 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы кәрлі тұман» сипатында бейнелейді. Сындық тұлғада келген бұл тұрақты эпитеттер оқырманның сезім дүниесіне бірден терең бойлары сөзсіз. Екіншіден, М.Кәшімов тіліндегі тұрақты эпитеттік әдісті қолданудағы ерекшелік – ол семантикалық жағынан бір-бірімен өзара үйлеспейтін сөздер тіркесіп, яғни синкреттік амалмен эмоциялы бояуы күшті соны эпитеттердің берілуі болып табылады. Үзінді келтіріп көрейік: Ғалымның күйігінен отқа түсіп, жалынына шалдыққан, әбден іске жарағысыз болып асқынып ыс басқан жүректің ауруы қаншама емдетсе де жазылмайды (22-б.). Мұндағы ыс басқан жүрек – синкреттік тәсілмен жасалған тұрақты эпитет. Яғни, «жүрек» пен «ыс басу» — семантикалық жағынан өзара үйлеспейтін бірліктер. Ыс, әдетте, күнделікті тұрмыстағы пештің, ошақтың маңайын басатын болса, оның «жүрекпен» тіркес жасауы – бейнелілік танымды күшейте беру амалы екенін көреміз. Бұлардың қай-қайсысы да әдеби тілді айшықтауда ұтымды тәсіл болып шыққаны даусыз. М.Кәшімовтің «Мұңлы Мариям» повесіндегі тілдік-поэтикалық тіл кестесінің көзге түсер бір ерекшелігі – перифраз құбылысының жұмсалымы. Перифраз тура мағынаның ауысып, келтірінді, ауыс мағынада жұмсалуы барысында түрлі көркемдеу тәсілдері арқылы түрленеді екен. Бұл жөнінде орыс тіл білімінде перифраз құбылысын зерттеген Л.Н.Синельникованың мынадай пікірін келтіруге болады: «В перифразе могут быть использованы такие тропы, как метафора: («Ах, увял головы моей куст» Есенин); метонимия («Все флаги в гости будут к нам» Пушкин); синекдоха («Когда для смертного умолкнет шумный день» Пушкин): Разновидности перифраз – эвфемизм и табу» [13, 223]. М.Кәшімов тілінде перифраз тәсілінің метафоралық, эпитеттік бейнелеу құралдарымен мағына жағынан үйлесіп, қолданысқа түскенін айту керек. Мысалы, «надандық» ұғымы «Мұңлы Мариямда» қалың тұман деп астарлап айтылады: Ішінен қалың тұман жол таба алмай, Адасқан ақылынан мен бір ғаріп (4-б.). Мұның перифраз болуына надандықтың сол кезде қалың тұман секілді қаптап, адам адасатындай түрде болуы десе болады. Ал метафоралық перифразды жұмсағанда символдық бейнелердің өзіндік рөліне баса мән береді. Мысалы, Мариям әлде де тыныштық тауып отыра алмайды. Қайда болса да сорлының алдынан қорқыттың көрі қазылғандай болды да тұрды (3-б.). Перифраздың мұндағы мақсаты – Мариямның жағдайын жай сипаттай салу емес, оның басындағы сәтсіздікті, лажсыздықты қорқыттың көрі тіркесімен бейнелеп, тұспалдап, астарлап жеткізу. Жалпы, алғашқы қазақ прозасындағы затты, үдерісті перифраз амалымен бейнелеуде Абай тілінің ізі анық байқалады. Ғалым Р.Сыздықова «Абайдың сөз өрнегі» атты еңбегінде ұлы ақынның фразеология саласындағы бір жаңалығы («жасаған революциясы») – перифраздық тіркестерді мол да ұтымды қолданғандығы екенін терең пайымдаулармен дәлелдей келіп, «Абай бір ғана көз сөзінің қатысуымен ақылдың көзін байлау (еш нәрсені ойлатпау), көзге сынық келу (жағымды көріну), ой көзбен тыңдау (дұрыс түсіну) деген перифраздар ұсынды» дейді [14, 115]. Абай тіліндегі өзіндік ерекшелігімен бой ұрып тұрған, бейнеллі, көркем жаңашыл — өте шебер жасалған перифраздардың үлгісін (моделін) М.Кәшімов өз туындысында белгілі мөлшерде енгізе алған. Бұған автор тілінде «ой», «қайғы», «қасірет» сөздерінің қатысуымен жасалған әртүрлі мағыналы метафоралық перифраздардың түзілуі мысал бола алады: Міне, осы өлім мен өмір мәселесінің арасында Мариям ой мұқитына малтиды (10-б.); Мариям мұңайып ой дариясына шомылады (14- б.); Жүрекке орналасқан берік мұңды қайғының кілтін ашты (7-б.); Түпсіз тұңғиық қайғының кемесіне қалқи бергенше, көңілімді көтерейінші деп, қасына екі-үш қыз ертіп ойынға Мариям да барады (5-б.); Бұл оқиғалар Мариямды ауыр қайғының тұзағына торлайды (2-б.); Қасіреттің көріп жүрмін дәмін татып (12-б.). Бір ескеретін нәрсе: бұл тіркестердегі етістіктер (малтиды, шомылады, ашты, қалқиды, торлайды, татты) алдыңғы 167 № 1 (74) 2010 метафоралы перифразды идиоматизмге айналдырушы элементтер болып табылады. Бұл идиоматизмдер контекстік, бұлардың құрамын өзгертуге болмайды. Мысалы, ой мұқитына батады, қайғының кемесіне жүзеді, қасіреттің дәмін ішті, т.б. деп өзгерте қалсақ, олардың семантикасы мен стильдік реңкі мүлдем басқаша болар еді. М.Кәшімовтің «Мұңлы Мариям» шығармасындағы стильдік тәсілдердің бірі – идиоматикалық құбылыстың трансформацияланған (өзгертілген, түрленген) жұмсалысы. Көркем мәтін бойында идиоматизмдердің трансформациялануы олардың сыңарларының лексикалық құрамын жаймалап қолдануымен ерекше іске асады. Бұл — эллипсиске қарама- қарсы құбылыс. Эллипсиске ұшыраған идиоматизмдердің етек-жеңі әбден ықшамдалған күйде келсе, ал жаймалап қолдану тәсілінде жалпытілдік қолданыста идиматизмдермен ілесе жүретін серіктес сөздер сөз арасына қыстырылып отырады да, оның қалыптасқан құрылымын кеңейтіп, етек-жеңі жаймаланып жұмсалады. Мысалы, Қатарынан асып аузымен құс тістеген Ғалымның беделі түсіп, (белі сынып) айласы таусылды (17-б.). Мұндағы жақша ішіне алынғаны – жалпыхалықтық тілдегі нұсқасына үстемеленіп тұрған үстеме компонент. Ол үстеме компонент идиоматизм құрамына қосымша мән- мағына үстеп, еселеп, проза тілінің стильдік мұқтаждығын өтеуге қызмет етіп тұр. «Мұңлы Мариям» повесіндегі келесі бір идиоматикалық трансформацияланудың көрінісі олардың сыңарларының арасынан сыналап сөз ендіру құбылысы деуге болады. Әдетте мәтін лингвистикасы жүйесі бойынша идиоматизмдердің құрылысы жағынан өзгеріске ұшырап, құрамына сөз қосып алу әрекеті өлеңді сөзге тән әрекет болып келеді. Яғни, өлең тілінің әртүрлі қажеттілігін өтеу үшін идиоматизмдердің қолданылу өрісінде қосымша бөтен элементтер қосыла жүреді. М.Кәшімовтің талдауға түсіп отырған шығармасында, оның ішінде өлеңмен келетін тұстарында идиоматизмнің арасына сөз немесе сөз тізбегінің еніп кетуі кездесіп отырады. Мысалы, Есіттім дауысыңды ұйықтап жатып Қасіреттің көріп жүрмін дәмін татып (12-б.). Мұнда сыналап сөз ендіру тәсілі өлең шумағының үйлесімді ұйқасын бұзбау қажеттілігінен туып отыр. Мәтін тілінде сыналанып енген қосымша элементтер жалпы тұрақты тіркестің мағына тұтастығына нұқсан тигізбей, қайта өзара жымдасып, үндестік тауып қиюласады. Ол компоненттер көп жағдайда идиоматизмнің мағынасын нақтылау мақсатында қолданылады. М.Кәшімов мәтін құрастыру техникасында жалпытілдік дағдыда қалыптасып қалған болымсыз мәндегі идиоматизмдерді болымды мәнде немесе керісінше қолдану амалын да ұтымды жұмсайды. Бұл амал-әрекет фразеологиялық нормаға қайшы келгенімен, жазушының сөз саптауының арқасында контекстің жалпы мазмұнымен үйлесім тауып отырған деуге болады. Идиоматизмдердің мазмұнын бұлайша полярлық қарама-қарсы мағынада өзгерту ерекше стильдік құбылыс болып шыққан. Мысалы, Бұл күнде жабы шауып бәйгі алып жүр, Бұрынғы құлаш мойын жау шалмастан (17-б.). Тілдегі болымсыз мәнде қолданылатын «байтал шауып бәйге алмас» деген мәтел М.Кәшімовтің қолданысында «жабы шауып бәйге алып жүр» болып болымды мәнді білдіруге көшкен. Мағына өрісі өзара жуық (бір тақырыптас) «байтал», «жабы» сөздерінің ауыстырылып келуінен мәтел өзгеше контекстік мағынаға ие болған: болымсыз тұлғасы «қыз бала дәріс айтып елге бас болмас» деген ескілік ұғымды білдірсе, ал М.Кәшімов тіліндегі болымды тұлғасы ел ішіндегі топқа ілеспес «жуандардың» дегені жүріп тұрғанын кейіптеп тұр. М.Кәшімовтің трансформацияланған идиоматизмдерді қолданудағы келесі бір стильдік тәсілі – оның сыңарларының бірін басқа лексемамен ауыстырып беруі. Мәтіннен мысал келтірейік: Қаңбақтай жел аударған келдік тойға, 168 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы Көрген соң дерт жайылып тұла бойға (17-б.). Үзіндіде ойда жоқта, ойламаған жерден дегенді білдіретін «жел айдаған қаңбақтай» идиоматизмінің компонентін өзгертіп қолданғаннан тіркес мағынасы бұзылмаған. «Айдаған», «аударған» сөздерінің негізгі мағыналары дәлме-дәл келмегенімен, бұл контексте қосымша семантикалық реңк екеуін синоним етіп шығарған (қаңбақтың жел тұрғанда аударылу арқылы айдалатыны, қуылатыны белгілі). Бұл секілді идиоматизм табиғатының қалыпты орнын өзгертіп, инверсия жасау құбылысы ерекше леппен келеді. Мәселен, шығармада «ақылынан ауысты» қалыпты идиоматизмінің инверсиялану жайын келтіріп көрейік: Мариям қаншама ауысып ақылынан адасса да есінің дұрысында мәңгілік есіне сақтаған Ғалымын аузынан тастамайды (22-б.). Келтірімде нормалы идиоматизмнің құрамы кеңейіп, варианттас екі нұсқасынан (ақылынан ауысты = ақылынан адасты) бір инверсиялық құбылыс шыққан. Бұлайша орын тәртібін ауыстыру амалы, негізінен, өлең контекстінің техникалық мұқтаждығын өтеу мақсатында іске асырылатыны бар. Ал М.Кәшімов тілінде қара сөз тігісіне жатқызылған. Және екі идиоматизмнің қатар қолданысы айтар ойдың әсерлілігін күшейтіп, мәтін тілінің көркемдігін байыта түскен. М.Кәшімов тілінің тағы бір стильдік ерекшелігі – онда риторикалық мәнде келетін идиоматикалық қабаттың мол кездесуі. Соның бір-екі көрінісі мынадай: Өлінің артынан өлмек бар ма, әуелгі кезде жаны ашыған боп қорғаштағанмен, Нұрқан да өзінің көмейі толғанын бөтен көрмейді (3-б.); «Өлінің сөзін тірі ала ма?», ендігісін өзің білесің деп кемсеңдеп… (2-б.); Басы ауырмағанның құдаймен не ісі бар? (2-б.). Автор риторикалық мәнді сұрау арқылы кейіпкерінің хал-дәрменін, сол заман тынысын анық та бейнелі жеткізіп тұр. Тілде «сырты бүтін, іші түтін» деген мәтелдің бары белгілі. Осы мәтел М.Кәшімовің «Мұңлы Мариямында» басқаша нұсқада келтіріледі: Сыртым сау жүрсем-дағы ішім жалын, Жүректі күйдіреді қасірет қалың. Байлаулы қол-аяғым шынжырменен, Қор болдым қорғалауға келмей халім (20-б.). Мәтелдің соңғы сыңарын өрістес, тақырыптас «жалын» лексемасымен ауыстырып қолданудағы жазушының стильдік мақсаты айқын. Біріншіден, автордың қолданысындағы «жалын» нұсқасы мәтелге әсерлі күш-қуат үстемелеп, өлеңді жандандыра түскені байқалады. Екіншіден, мұнда да өлең техникасының қажеттілігін өтеу мүддесі көзделген, дәлірек айтқанда, «жалын» сөзі ұйқастың (бірінші, екінші, төртінші) үйлесімді бірыңғай ырғағын сақтап, әуезді шумақ жасауға қызмет етіп тұр. Бұлайша идиоматизмдердің құрамындағы сыңарын басқа лексемамен ауыстырып қолдану жазушының тіл құдіретін дұрыс таныған сөз жұмсау мүмкіндіктерінің молдығымен түсіндіріледі. Жалпы, алғашқы қазақ көркем прозасы тілінің қай-қайсы үлгілерінде болсын, көзге түсер тағы бір ерекшелік, ол – идиоматикалық құбылыстың сапалық өзгеріске түсіп, солардың ізімен жаңа сөз оралымдарының жасалуы. Ал тілдегі дайын үлгілердің бұзылып, жаңғыртылып, құрамының толығып отыруы суреткер заманына тікелей байланысты болады. Бұл жөнінде Р.Сыздық былай дейді: «Заман сырын ұғуға тырысқан, заманмен ілесе отырған ақындар өз тұсында туған жаңа ұғымдарды атауға, жаңа образдарды сол заман түсінігіне сай түрде жасауға ұмтылады». Ғалым қазақ әдеби тіліндегі заман картинасынан алынған жаңа сөз қисындарын айта келе, ой желісін ары қарай жалғастырады: «Заманға ілесіп отыру – дәстүрлі шарттылықты бұзу деген сөз, қалыпты дүниелерді (стандарт пен штамптарды) ығыстырып, жаңа атауларды, жаңа сөз тіркестерін, жаңа поэтикалық құралдарды туғызуға жол ашу деген сөз. Демек, бұл – тілге, оның әдеби түріне сапалық белгі беретін әрекет. Осы процесс ХІХ ғасырдың орта тұсында батылырақ жүре бастағаны байқалады». «Дулат ақынның: Ел тереңге сүңгіді, Қармайтұғын қалмай тал – дегенде 169 № 1 (74) 2010 заман қайшылығы мен өзен-көлдің тұңғиығын, тереңін шендестіру – астарлап айтудың шебер үлгісі, ол – экспрессивтік бояуы, беретін ассоциациясы жағынан жаңа образ» [15, 189-190]. Қазақ көркем тіл кестесінде Дулат кезеңімен бермен қарай қалыптаса бастаған идиоматикалық жүйені құрылымдық, семантикалық, лексикалық жағынан құбылту (трансформациялау) мен стильдік реңктерін жаңғырта қолдану Абай тілінде өзінің жүйелі сипатын тапты. Міне, ұлы Абайдың осы фразеология саласында «жасаған революциясы (төңкерісі)» қазақтың шын мәніндегі қара сөз үлгілері деп танылған ХХ ғасыр басындағы көркем проза тіліне де өзіндік ізін салып, көркемдіктің өнімді тәсіліне айналды. Әрине, бұл үлгілердің бірі ретінде «Мұңлы Мариям» повесін де ерекше атаймыз. М.Кәшімов Абай тілінің тағылым мектебінен нәр ала отырып, Абайдың поэтикалық сөз кестесінің үлгі-қалыптарын өз шығармасында молынан ұсынып отырады. Алдың – жалын, артын – мұз, Барар едің қай жаққа? – дейді Абай «Әсемпаз болма әрнеге» деп басталатын белгілі өлеңінде. М.Кәшімов ұлы ақынның образды ойының осы мағынасын алып, тіркесті былайша жаңғыртады: Алдым жар, артым дария өте алмастай, Істелген біздің үшін қорған берік (20-б.). Бұл қолданыстан заманның әлеуметтік қайшылығын суреттеуде жазушының ойы Абаймен, Абай тілімен үндесіп, астасып жатқанын аңғарамыз. Стильдік функцияға жүктелген мұндай кестелі сөздер Кәшімов кезеңінің түрлі жағдайынан, тыныс-тіршілігінен түйінделген «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні». Қорыта келгенде, қазақ әдеби тілі тарихында ерекше кезең болып саналытн ХХ ғасырдың басында пайда болған бұл сынды көркем проза қысқа уақыттың ішінде шын мәніндегі жазба көркем прозаның сипатын ала бастады десек, бұның бір ұшы көркем түр тапқан тілдік-стильдік қасиетінде жатыр.

Читайте также:  Стив Джобстың балаларына қалдырған соңғы хатынан.

Оставить комментарий