Мәтжан би туралы

Ертедегі ауыл балаларының бір әдеті ауылға атақты кісілер келсе қонаққа көтерілген қазан түсіріліп, ет тартылатын кезді андып жүріп «бәленшекімнің қолынан ет асаймыз» дәл есік алдына жиналады екен. Балалардың көбірек күтіп қалғанын байқаған біреуі: «Мына сорлыларға ет асатсаңдаршы» — депті. Балалардың біреуі аузын ашып, біреуі қолын жайып, сыбағаларын алып жатады. Кезек Мәтжанға келгенде: — Мен асамаймын,— депті. — Неге? — Сорлы деді. — Оу, өзің пәлесін, ғой, атың кім? — Атым жылқыда. — Кімнің баласысың? — Оны шешемнен сұраңыз — деп жауап беріпті. Сонда төрде отырған ақсақал: — Апырым­ай, мынау болайын деп тұрған бала ғой, байқай көрің, көз сала жүрің,— деген екен. 2. Мәтжанға ең алғаш би атағын алып берген өзінің жақын аталастарына тән жағымсыз қылықтарын дәл танып, сынай айтқан сөзі екен дейді. Бірде қарасақалдар мен ақсақалдардың молырақ жиналған жиынында ас соңында «батаны сіз беріңіз, сіз беріңіз…» деп үлкендер біраз отырып қалса керек. Соны пайдаланған жас бала Мәтжан тізерлеп отыра қалып, қолын жайып жіберіп, даусын қоюлата: — Тастемірдің айналып соқпасынан, Шотанның қасармасынан, Құдайбергеннің сағырынан, Майланның құмарпаздығынан сақта,— деп бетін сипапты. Үй ішіндегілер де «батаң қабыл болсын» деп бет сипап қостаған екен. 3. Мәтжан би ұлдарына риза болмай: өзіме тартып біреуің тумадыңдар, үй күшіксіңдер, жасықсыңдар — деп ұрса беретін болса керек. Сондай бір сөз кезегінде Алуадин деген баласы: Әке, сенің атағыңа бұл өңірдің ер­әйелі бірдей құмар. Жылына өз үйіңе бір түнейсің. Мүмкін: Сіздің жақсы ұлыңыз далада шығар, Біздің жаман әкеміз қорада шығар. Жамансың деп, жасық деп тұқырта берме, Жігіттің аты үйінде емес, далада шығар — деген екен. 4. Мәтжан би бір жақын жиені Тіней Сержан дегенді қарсыласына орынсыздау жығып берсе керек. Сонда Сержан: Сөзің билік емес керіс болды, Төрелігің теріс болды — депті. Мәтжан: Әй, Сержан, тентек деген атың бар, Бірде ұтарсың, бірде ұтыларсың. Ақ ісіңде қисық кетсең, Қара ісіңде құтыларсың — деп жұбатқан екен дейді. Сол түні Сержан әдейі Мәтжан бидің атын сойып алып, ертесіне інісі арқылы Мәтекеңе мынадай хабар жіберіпті: — Мәтекеңнің атқа мінгені маған зиян екен, бұл ісіме айтар билігі осы жолы сияды екен. Сонда Мәтекең: Билік айтсаң ойлап айт, өзіңе тұзақ болмасын. Ойнаған ғой Сержанжан өзі жиен болғасын. Сойылған ат айыпқа мінгізгенім болсын, Өзі барлық істе осындай батыл болсын — деп бата беріпті. 5. Мәтжан Ермембет биді қатты құрметтеп өтіпті. Алқалы жиында келесі сөзді бастарда әуелі: Ермембет би айтқан екен деп, бір­екі ауыз сөзбен беташар жасап алып, содан соң барып өз арнасына ауысады екен. Мәтжан: «Менің көже­қарнымды тойдырған бір жер бар, ол— Бесқаланың ойы, Әмударияның бойы; көңіл қарнымды тойғызған бір адам бар, ол — тіл дарияның көзі, Ермембет бидің өзі» — дейді екен. 6. Бірде старшын болып сайланған біреу Мәтжан биге келіп: мен старшын болып сайландым. Қарауымдағы елге не айтсам дұрыс болады? — деп ақыл сұрапты. Сонда Мәтекең: «Сен аузыңа не келсе соны соға бер, бәрібір сенікі дұрыс болады» — деп жауап беріпті. 7. Бірде бір үлкен жиында Мәтжаннан: «Сізді де сөзден жеңген адам болды ма?» — деп сұрапты. Сонда Мәтекең: «Неге болмасын, сөздің парқын түсінбейтіндер мені күнде жеңеді» — депті. 8. Алғырлығымен жасынан көзге түскен Мәтжан 18 жасында болыс сайланыпты. Бірнеше жыл болыс болған ол, келесі сайлауда ез еркімен болыстықтан босатуын өтініпті. Бұл хабарды естіген замандастары Иса, Тілеген, Ермембет: Бұның не? Өз басыңа қонған бақытты өзің тепкенің қалай?—дегенде Мәтжан: «Еліме пайдам тие ме деп болыс болып едім. Олай болмады. Қарғаменен жолдас болсаң, шұқығаның боқ болар, бүркітпенен жолдас болсаң, тамағың тоқ болар, аққуменен жолдас болсаң, денең пәк болар. Ұлықтардың ортасынан аққу таптырмады» — деген екен. 9. Мәтжан би қасына өнерлі жастарды ертіп ел аралап жүрген бір сапарында інісі Есет палуан: «Осындай қайратың тасып келе жатқанда бір жау да кездеспейді ғой» — деп қайталай беріпті. Інісінің даңғойлығын ұнатпаған Мәтжан онымен қатарласа беріп мойнына қыл шылбырды тұзақтап салып жіберіп, сүйрете жөнеліпті. Көзі аларып, аузынан ақ көбік ағып өліп бара жатқанда жолдастары арашалап алған інісіне: «Өлсе өлсін, жау іздеген кісінің сыбағасы сондай болу керек. Ол жаудың менен осал боларына көзі жетіп іздеп келе ме? — деген екен. 10. Бірде Мәтжан Аманқұл деген болыстың үйіне қонаға келіпті. Малдың күзді күні өрісте болып, бас көрсете алмағанына кешірім сұрағандай болған болыс, етті турап жатып: «Мәтеке, бір мал сыбағаңыз бар еді, бұйырса тағы бірде жерсіз»,— депті. Сонда Мәтекең: «Айтқаның рас болса, мен сыбағамды жемей кететін кісі емеспін. Малдарың өрістен келгенше бұйырғанына риза болып жата беремін­дағы»,— депті. Болыс шұғыл өрістен қой алдырып, тездетіп қонақасы бергізіпті. 11. Ішінде Мәтжан бар, бір топ бала үлкендерден ет асатуды дәметіп, есік алдында көбірек отырып қалса керек. Сонда Үкі бидің көзі Мәтжанға түсіп: «Апырым­ай, мына баланың көзінің жаманын қарашы!» — деген екен. Сонда бала «Екеуіміздің орнымызды ауыстырса, сіздің көзіңіз де келісе қоймас еді» — депті. Үкі: қаршадай болып мына баланың сөзін­ай, ұртын тілер ме еді», — дегенде. — Немене, ұртымды тілетіндей, асатқан етің менің аузыма симай жатыр ма? — депті. 12. Жасы ұлғайған шағында у­шудан қашық, жалғыз үй отырған Мәтжанның үйінен шәй ішіп, шөлін қандырған бір жігіт кетерінде: — Мәтеке, жасыңыз жеткенде жалғыз үй отырғаныңыз не? Құдай бұйрығы келіп қалса арам өлмейсің бе? — депті. Сонда Мәтжан: — Мені қойшы, қасымда кемпірім мен қызым бар, бірдеңе етіп амалдар. Ал сен мына шілдеде түйе соңында жүріп сен өлсең кім хабарлайды. Нағыз арам өлетін сенің өзің, сорлы — деген екен. 13. Бір жолы Мәтжан Ондының алдында қошқар тұмсық, жүн қабақ, жаратылысы ерекше, қой бағып жүрген бір қартқа кездесіп қалып: — Мынау қай жер өзі? — деп әзілдей сұрақ қойса ана кісі жөнін айтыпты. — Е, онда, ештеңе емес, өз жерім екен ғой. Сізді көріп Иранға өтіп кеткен екенмін деп зәремнің ұшқанын­ай—деген екен. 14. Бірде Мәтжанға сараңдау құрдасы кездесіп қалып, үйіне ертіп келіпті. Қонақасыға ешкі соймақ болып бата сұраған құрдасына: — Әй, оның аты ешкі емес пе еді? Тірісінде өз абыройын өзі жаба алмай жүрген байғұс,— өлісінде бізге абырой алып бере алмас. Босатып жібер — деген екен. 15. Бірде Мәтжаннан кеңес құрып отырған бір жақын ағайындары: — Сізді ел сыйлайды. Ел арасында беделіңіздің жобасы қандай деп ойлайсыз? — деп сұрапты. Сонда Мәтеке: — Адайға — Қаратаудың биік шоқысы — Отпандаймын, Жарыға — Қаратаудың өзіндеймін, өзіміздің Құдайбергенге қолдан үйген қосүйіктеймін, ал мына сендерге аяқ астындағы алда төмпектеймін,— деген екен. 16. Бірде билердің жиналған жеріне кешігіп келген Мәтжанға: Сенің жасың кіші болса да орның жоғарыда, төрге шық — депті. — Төменде отырып төрдегілердің сөзін айтсам осы кемдіктің орнын толтырар, орындарыңнан қозғалмаңдар,— деген екен. 17. Бірде Мәтжанның үйіне өзімен бірге кірген құрдастары әйелінің тездетіп төсек сала қоймағанын бетіне шіркеу етіп: Мәтеке, бар адайға Жары Мәтжан атыңыз шығып еді, әйеліңіздің алдындағы беделіңіз одан төмендеу ме, қалай? — деп әзіл тастапты. Сонда Мәтжан: Өзіміздің қазақтар сырмінез кісілерге ренжігенде —көрерміз сенің де к…тіңді — демейтін бе еді. Сол айтқан, біздікін күнде көріп отырған қатын бізді қайдан ойдағыдай сыйлай қойсын деген екен. 18. Тобанияздың ревкомның төрағасынан босатылған кезі болса керек. Мәтжанға кездесіп қалып: Ау, Жарының алжыған шалы, мына алақұйын заманда әлі тірі ме едің — депті. Сонда Мәтекең: Қарадан хан болғанды көрсем бе деп едім — көрдім; оның қаңғып қалғанын көрсем бе деп едім — көрдім, енді сенің айтқан жеріңе барсам да арманым жоқ — депті. Әліби Жангелдин Тобаниязды ревком сайлап кеткенде, оны халық Тобанияз хан деп атап кеткен екен. 19. Бірде түрікмендермен келіссөзге барып, келісе алмай, істің арты жанжалға ұласып еліне қашып келе жатқандардың біреуі араларындағы ең үлкен Мәтжанды әзілдеп: «Мәтеке, біздер қашып келеміз, жаспыз— өмір сүргіміз келеді. Ал сіз шейіт болып кетсеңіз бұл жақтағы барлық күнәңіз кешіріледі ғой, реті келіп тұр екен»,— депті. Сонда Мәтжан: «Әй, шырағым, түрікмен тірі болса, адайдан шейіт кететіндердің алды­арты осы болмас, шейіттікке құмар болсаңдар талай кезектерің келер» — деген екен. 20. Бірде атақты Мәтжан би Қаратау маңындағы Барыс, Шаға дейтін бұлақтарды жайлайтын жұрағаттарына тойға келіпті. Той иесі ақсақалдардың көңілін аулап бір домбырашыға күй тартқызыпты. Тартқаның кімнің күйі? — деп сұраған Мәтекеңе күйші жігіт бұл Шоңай Есірдің «Жалдығарасы» деп жауап қатыпты. Сонда би: «Ой, дүние­ай, Жынғылды мен Ұланақты Есірдің жалы бақайына төгілген «Жалдығарасы», Аусары мен Шетпеге келіп құйрық­жалдан жұрдай болған екенсің­ау, жануар»,— депті. 21. Мәтжанның нағашысы қызыл шегем—Көбен би екен. Көрісуге барып бірнеше күн қонақ болғасын, енді еліне қайтар кезде нағашысы бұйым сұрағанда: — Мал да, бас та өзімде жетерлік, ақыл сұрай келдім,— депті Мәтжан. Сонда Көбен би: — Ақылың да жетерлік екен, тек қана тіліңнің ұшы сүйірлеу екен, соған сақ бола көр,— депті. 22. Бекет атамен рулас Мұрын деген бисымақ Мәтжан сөйлеп отырғанда қосыла сөйлеп, мәжіліс сәнін бұза берсе керек. Сонда Мәтекең: — Әй, Мұрын, атаның ақтығымен деп жолды бір аласың, біреу сөйлесе қосарланып сөзді екі аласың, сонда басқалар нені алады? Отыр жайыңа!—деп қайырып тастаса керек. 23. Мәтжан өз үйінде жатса бір жамағайыны келіп: — Мәтеке, үйде қарап жатырсың ғой, бір жерге барып мал сойдырып бүгін мені етке бір тойғызшы — депті. Мәтекең атын алдыртып, жаңағы адамға:— кәне баста, ауылың қайда еді? — депті. Ауылындағы бір бар үйге келе жатыр екенбіз деп дәметкен ағайынына: «— кәне, сенің үйің қайсы? — депті. Ағайыны бір лағын сойып қонақасы беріп отырып: —Мәтеке, қойымыз жоқ, жалғыз ешкінің лағы еді, аз көрмей құрметімізге риза болыңыз, жеп отырыңыз,— депті. Сонда Мәтекең: — Әуелі өзің тойып ал, маған қалғаны да жетеді,— десе керек. Кетерінде: — Шырағым, мал сақтағанша ар сақта,— деген екен. 24. Бір ауылда қонақта отырғанда табақтас отырған бір жас жігіт елден бұрын қолын етке толтырып алып асайын деп жатқанда Мәтжан: — Қолыңдағыны мына табақтағы етке сатамысың? — депті. 25. Ет тураған бір жас жігіт өз алдына еттің жылы­жұмсағын турап, ет араластырғанда да оны араластырмағанын байқап қалған Мәтекең: — «Әй, бала тұр, атты әкел,— депті қосшы баласына. — Ет жеп болмай неге асықтыңыз,—дегендерге. — Жоқ, асықпаймын, етті ана ет тураған балаға көрші болып жегім келіп отырғаны,— деген екен. 26. Мәтжан бастаған біраз кісі көрші елдердің біріне келіссөзге барады. Бұларды жақсылап сыйламақ болған олар палау пісіріп ортаға қояды да: Мәтеке, мынау ең құрметті адамдарға пісіретін «Жеті әулие» деген дәміміз, алып отырыңыз дейді. Сонда Мәтжан: Ассалаумагалейком жеті әулие, Төбесінде азғана ет әулие Былай етіп біреуін алып кетсем Қалғандарының қарашы несі әулие? — деп екі алақанының астыңғы екі қырымен төбесіне азғана ет салған жерін қиып алып өз алдындағы табағына салып алыпты. 27. Адайдың болыс, билері: Иса, Тілеген, Ермембет, Қожық ішінде Мәтжан да бар Форт­Александровск қаласына келе жатып Маяның қауымы тұсында: — «Беймембетке бет сипай кетелік» — деп, жолдан бұрылыпты. Сонда Мәтжан оларға қосылмай, жолдың құбыла жағына шығып, бұларға теріс қарап тұрыпты. Таң қалған болыстар: Мұның не, Беймембетке не өкпең бар еді? — десе: — Өкпем жоқ, бірақ құдайдан бұйрық болып, Беймембет көрден шыға келіп,— кешегі күні мені орысқа көнелік дегенім үшін өлтіріп едіңдер, енді тымақтарың жалпылдап қайда барасыңдар? — десе не жауап берем деп ойланып тұрмын деген екен. 28. Адайдың Майлан руынан шыққан Аманқұл болыстың нәрестесіне құтты болсын айтуға келе жатқан Мәтжан биге жолда Бектеміс Қосмағамбеттің Бекені кез келіпті. Амандықтан кейін ол: — Мына бара жатқан Аманқұл болысыңыз Құлбай ағамның он еркек қойын соғымға деп айдатып алып, теңдік бермей отыр,— деп арыз айтып, оларға ере жүріпті. Сыйлы кісілер келгеніне риза болған Аманқұл болыс құтты болсын дәметіп біраз отырады да, әйеліне: — Аталарына сәлем бергіз, абыройы мен бақытын, жасы мен даңқын берер ме екен? — депті. Әйелі нәрестені көтеріп:— Ассаламағалейком, аталар! — десе де Мәтекең үндемей отыра бергесін қасындағылар қысылып, Мәтеке, құтты болсын айтпайсыз ба, нәресте ғой дегенде: — Мен кезінде сол нәрестенің әкесі мына Аманқұлға да құтты болсын айтқанмын. Бұл қазір қасқыр болып көршісінің қойына шауып жүрген көрінеді. Ертеңгі күні аулыма шабатын бөрінің бөлтірігіне несіне құтты болсын айтпақпын? — деген екен. Қайтып келе жатқанда қойын айдап бара жатқан жігітке кездесіпті. 29. Адайдың Тіней руының бір адамын өлтірген түрікмендер сұраса құн бермепті. Ханға барып теңдік сұрасақ сөзден жеңіліп құн ала алмай қаламыз ба деген Тіней ақсақалдары Мәтжанға салмақ салыпты. Құн иесі болып сөйлеген Мәтжан: —Қазақта шарафаты бар жақсы мен бай ортақ, төрелігі тура хан мен би ортақ деген мақал бар еді. Ел жақсысы Сізге арыз айта келдім дегенде хан: — Қазағым, кешегі күні «қойныңда боламын, не айтсаң да көнемін» деп, құран ұстап ант беріп едіңдер, бүгін менен құн даулағаның қалай? Берген анттарыңды бұзып, құдайдан қорықпайтын неткен жансыңдар. Құдай қарғап, құран атса қайтесіңдер, ойландыңдар ма? — деген екен

Читайте также:  Елдік пен ерлік жолында немесе жыраулар мұрасына көзқарас

Оставить комментарий