МАҢҒЫШЛАҚ ОБЛЫСЫ

Жаздың аптабы ыстық демімен шарпып, қыстың қақаған аязы сірестірген, сирек өскен тікенекті шөп басқан бұл өлке, бір қарағанда, шегі де, шеті де жоқтай көрінері даусыз. Әу баста тосырқатып, налытқанымен, оған ақ пейілмен асықпай зер салған, тұмса тыныштығы мен жаңару жолындағы жер жаңғыртқан дабысынан өмір жырын ести білген, тұрғылықты жұртымен жақын танысып, қам­қарекетіне ортақтасқан адам бұл өлкенің әдемі ажары мен айтса сенгісіз жомарттығына көп ұзамай­ақ көз жеткізіп, мұнда өмір сүріп, еңбек ететіндердің рухани құдіретіне тәнті болар еді. Маңғыстаудың бір ғажап қасиеті бар — ол адамның жан­жүрегін өзіне магниттей тартады да тұрады. Топырағына аяқ басып, кермек ауасымен тыныстап, теңіздің салқын суына бір шомылсаң мұны ешқашан ұмыта алмайсың. Өлке сені өзіне шақырып, солай қарай аңсарың ауады да тұрады, түсіңе кіреді. Бұл, әрине, түсінікті де. Өйткені, арман мен ақиқат арасындағы айырмашылық, қабыспайтынның қабысуы, қиындықты жеңуге құштарлық әсте ұмытылар ма? Бір қарағанда, оғаштау әрі сенімсіздеу көрінгенімен, бұл өлкеге, әсіресе, жанға жайлы аймақтардан келгендер басқалардан гөрі көбірек бауыр басып, оны бар ықылас­ниетімен ұнатып, сонда тұрақтап тұрып қалады. Маңғыстау жері келгендерді оңайлықпен кейін жібере қоймайды, қиянда жатып мен мұндалап, өзге жердегінің бәрін өзіндегімен салыстыруға мәжбүр етеді. Көне өмір мен жаңа өмір белгілерінің қиюласуы да қызықты. Бәлкім, өлкенің өзіндік қасиеті де дәл осынау өткен өмір мен бүгінгі өмірдің, тіл жеткісіз тамаша пейзаж бен қаптаған құрылыстардың, сырт көзге сұрқай жер бедері мен оның қисапсыз қазына байлығы арасындағы кереғар көріністер шығар. Мұндай кереғар көріністер, қиюласулар мен сабақтасулар Маңғыстаудың төл қасиеті десе де болады. Мұнда шөл мен теңіздің, жаңадан қоныстану мен жайлы тұрмыстың, аптап пен қоңыр салқынның, бағзы заманғы тыныштық пен жаңару дүбірінің шекарасы сықылды шекаралар да көп. Мұнда жаңарудың көзге көрнекті әрі үсті­үстіне көбейіп отырған белгілері де мол. Шынайы қаламгер айқын болжам жасап, болашақты барлай біледі. Константин Паустовский «Қарабұғаз» аталатын повесінде социалистік құрылыс барысында табиғаттың өзгеруі жайлы: «Менің ойымша, теңіздің бүкіл шығыс жағалауы — Ембі, Маңғыстау, сонау Чикишлярға дейінгі өңір — шөл далаға шектес жатқан қуатты индустриялық белдеуге айналуға тиіс»,— деп жазған­ды. Бұл 1932 жылы айтылған болатын. Шөл даламен шектес жатқан қуатты индустриялық белдеу — бүгінгі күннің шындығы.

Читайте также:  Қазақ кинематографиясының пайда болу тарихы

Оставить комментарий