Маңғыстау билері

Ұлы Отан соғысы аяқталып; тыныштық орнаған шақта Маңғыстаудың Таушық поселкесінің тұрғыны Бәшен Есенжанұлының үйіне көрнекті халық ақындары Сәттіғұл мен Түмен түстеніп қайтпақшы болады. «Ол үйге барғасын біз сияқты белгілі ақындарға томпиып үндемей қарап отырғанның ыңғайы болмайды, (соның алдында соғым сойылғанынан ақындардың хабары болған), сондықтан Кенже келінге амандасуды мен өлеңмен бастайын, сен қоштап отыр» дейді Сәтекең Түменге. Түмен «Жарайды» дейді. Сәлем беріп үйге кіріп келсе Бәшен үйде жоқ екен де, әйелі Кенже отыр екен. Келін сәлемін бере, төсегін сала қарсы алады. Сонда Сәттіғұл: Шырағым, аманбысың Кенжекелін, Өзіңді санамаймыз кемге келін. Түмен: Осы сөз айтылуы жөн де келін, Білмейді­ау шалдар жайын өңге келін. Сәттіғұл: Бәшенжан бозбалалық қуат дейді, Егер де сыртқа кетсе сенбе, келін. Түмен: Айтқаны Сәтекеңнің рас болса, Жайыңа қарап жүрме сен де, келін. Сәттіғұл: Шалдардың басы ауырып шөлдеп келді, Шайыңды жылдамдатып демде, келін. Түмен: Шалдардың басы шайға жазылмаса, Қара аттың қазысымен емде, келін… Мұнан кейін Кенже де қалтқысыз шұғыл қимылдап, шайын дайындап, қазанға қара аттың қазысынан, қартасынан мол етіп салып, ақындар ойынан шыққан екен дейді. 2. Маңғыстауда Шоңайұлы Бөгембайдың ұрпағы Сердебай шешендік өнерді құлақтаған деседі. Ол бірде Сыр бойынан көшіп келе жатып Жаппас ағайынға қоңсы қонса керек. Осы ауылда белгілі екі кісінің арасында дау болып, келісуі қиындап тұрған кез екен. Олар ара ағайын деп Сердебай шешенге төрелік айтқызыпты. Шешеннің төрелігіне Кендірбай деген біреу риза болмай әрнемені айта бергенде: — Уа, шырағым, Сен Кендірбай деген бір бисің, Әліңнің келген жеріне қырғисың. Өзіңнен зорлар шықса Алдымен қалыңға зырғисың Сөзіңде пәтуа жоқ, неменеге бір айтқанды қайта айтып бір орында ырғисың,— депті. Сөзден тосылған Кендірбай кісі малын иесіне қайтарған екен дейді. 3. Ел аралап жүріп Нұрым Шыршығұлұлы Орта жүз елінің бір үйіне тап болыпты. Үй сыртынан «Хабарласқандай кім бар?» — деп дыбыс берсе, үйден сес болмапты. — Уа, бұл кімнің үйі, үйде адам бар ма? — деп қайта сұрағанда. — Үйге түскісі келген адам әуелі өзін таныстырсын — деген қыз дауысы шығыпты. — Құдайы қонақпын, атым Нұрым. Кіші жүзбін, деген Нұрымға: — Нұрым болсаң он екі ата Байұлы деген кім, соны өлеңге қосып айтып бер, үйге сонда ғана қонақ бола аласың — депті қыз. Сонда Нұрым: — Алаша, 1) Байбақты мен Масқар, Тана; 2) Қызылғұрт бестің бірі жуас қана. 3) Есентемір, Ысық, Шеркеш, Адай, Беріш; 4) Шырағым, міне осыны он деп сана; 5) Жайлайды Көкөзекті Таз деген ел, 6) біреуі он екінің Жаппас бала — депті. Көңілі біткен Шырын қыз тысқа өзі шығып, Нұрым атын ұстап үйге түсірген екен,— дейді. 4. Бозашыдағы Ақтұмсық жерін жайлаған Құлкеш Беріш Құлжан Бегейұлы деген сайқымазақтау жігіт екен. Бір күні біраз кісілермен теңізден үкі ойып, қармақ салыпты. Алдымен соның қармағына бір ақ балық ілініпті. Ақ балықты қармақтан ажыратып жатып, қасындағы қармағына ештеңе ілікпегендерге қыр қылып: — Ақ балық­ау, ақ балық, Секіресің мақтанып. Мен сені үйге апарып Асып жеймін ол анық— дейді әндетіп. Сонда қасындағы екінші жігіт: «бұйырса» деп сөйле депті. «Бұған бұйырмай не болыпты?»,— деп қармақтан шығарып тастай салған ақ балық шоршып барып үкіге түсіп кетіпті. Бұны көрген жолдасы: «Бұйырса деп айт демеп пе едім» — дейді кекете. Сонда Құлжан: — Әкемнің аты Бөгей­ді Судың құртын жемейді. Суға түссе түсе берсін Мына тұрған Құлжекең Неге түсті демейді,— деп қармағын жинап ауылына қарай жүре берген екен. 5. Байұлының Сұлтансиық ауылы мен Адай елі арасындағы бір дау шешілмей көпке созылыпты. Байбақты Сырым биге арқа сүйеген ауыл дауды бітірмей, орынсыз соза берсе керек. Маңғыстаулықтар амалсыз жасы ұлғайып қалған Доспамбет биге жүгініпті. Сырым ауылына жақындап аттан түсіп, атын жетектеп жаяу келген карт Доспамбет би алдынан шыққан Сырымға: — Уа, Сырым сен қаққан қазық болсаң — басыңнан тоқпақ кетірмеспін; асқар ала тау болсаң—басыңнан соқпақ кетірмеспін; айдын шалқар көл болсаң — төсіңнен тұман кетірмеспін — депті де, атына мініп жүріп кетіпті. Сонда қонақтың Доспамбет би екенін біліп Сырым: — Адай аға қатты ашуланған екен — деп, артынан қуып жетіп Доспамбетті қайтарып, қонақ етіп, дауды бітіріп, еліне сый­сияпатпен қайтарған екен дейді. 6. Бозашыны жайлаған Бектеміс ауылында бір айтар сөздің ұтырын тауып сөйлейтін Қаспай деген кісі болыпты. Ел арасындағы ақсақал Қаспайға сөз бергенде, көпті бұза басы қара қазандай, денесі жуан қабандай, ауыз аумағы апандай болған мына неме көзі қанталап, өзі ентелеп қайда барады деген біреуге, ортаға шыққасын: — Басымды үлкен демеңіз, ой ойлар миы бар, денемді жуан демеңіз, адалдық деген сезім бар, көзімді қызыл демеңіз, қызылшадан қалған желі бар. Орынды сөзге тоқтамағанның сұрарлық қандай тегі бар татулық, достық болмаса өмірдің қандай сәні бар, өтірікші, өсекші ортамызда әлі бар, құлақ салып тыңдаңдар айтатын сөзімнің мәні бар, — деген екен. Менсінбей шулап тұрған топтың үні су сепкендей басылыпты. 7. Сүйіндік (лақап аты Жаманадай) жасынан пысық жігіт болып өсіпті. Он алты жасқа келгесін Байұлының ақсақалдары қосшы бала қылып ертіп жүреді екен. Сондай сапардың бірінде ақсақалдар бір күнде үш қозы қонақасы жеп, кештеме қонуға бір ауылға келіпті. Бұл үй де қозы сойыпты. Ақсақалдар сен ұста, сен ұста деп басты ысыра˗ысыра ақырында Сүйіндіктің алдына келіпті. Келген басты жас бала ойдағыдай үлестіріп берсе керек. Ет желініп болып, бата жасайтын уақытта шалдардың біреуі ыңғайлана бергенде үй иесі: «Бата бас ұстаған кісіден болады­дағы» десе керек. Сонда Сүйіндік кідірместен: «Мылтық аттым оқтамай; оғым кетті тоқтамай, тіл тимесе игі еді, Құдайдың өзі сақтағай. Атам Қосай болғасын, бала да болсам бас тартты, сақалымды жоқтамай. Жолсыз жерде бас ұстап, о дүниеде күнәлі болсам мына шалдар куә болып менің жағымды жақтағай, алаһуакпар» — деген екен. Ұятын сезген ақсақалдар үй иесінен кешірім сұрапты. 8. Бейімбет Абыз аулында Тілеген атты шешен өтіпті. Ел арасындағы бір оқиғаға байланысты Ордада еткен бір жиында Маңғыстаудан Тілеген, Жетірудан Шолақ деген кісі барыпты. Пікір талас қызған кезде Шолақтың сөзі беделге ие бола берсе керек. Шолаққа риза болған Тілеген өз еліне келгесін жиылған көпке: «Құдайтағала Шолақтай абырой мен бақ берсе; бай болу шарт та емес, мақсат та емес»,— десе керек. 9. Маңғыстаудағы Жаңғылда жеріндегі бұлақтың аяғында егін салып отырған екі жігіт су жөнінде сөзге келісіп қалып, жүгінуге Меңдәліге келіпті. Екеуінің айтқанын тыңдап болып: «Шырақтарым, жақсы туған жігітке менің жақыным деп таласар, жаман туған жігітке бөлек болу жағын қарасар. Азамат түзде батыр, үйде құл. Арғымақ ат — сатса жібек, дүние, пұл. Құйрығының атасы — жүн, кессе қыл. Көңіл жетсе бұлақ суы да көбейер, қызғанбай пайдалансаңдар, көңілдерің де кеңейер. Шалдардан қалған тағы бір сөз: «Аузы ала ағайыннан бір ауылдың күйі кетер, ақсақалы ел кезіп, артынан үйі кетер» — деген. Мына қылықтарың, ел құлағы елу, көршілерге жетер, дұшпаның көбейіп, аузында кекесінді сөзі кетер. Мыналарыңды ел естімесін, екінші мен естімейін,— деп татуластырып жіберіпті. 10. Жеменей Ақбота деген ауыл. Жары Тастемір ауылына қыз ұзатады. Қыздың аты Байсұлу екен. Қалыңмалға берілген бір биеден арғымақ құлын туып, сегіз жасқа келгенде бәйге бермепті. Жүйрікке қызыққан Тастемірлер «Торы бие жылқымыздың басы еді, балалар абайламай ұстап беріпті, өзімізге қайтарыңдар»,— деп кісі салады. Аты дауға айналып Жеменей жағы «құрысын бір тайға бола дауласып жүреміз бе, бәйге алмаса кер алсын, қайтіп берсек қайтеді» — дегенде Ақботаның Айжарық деген жай шаруасы: — Серімнен туған Байсұлу бой жетіп ұзатылады, одан Сапардай ұл туады деген Ақбота түгіл Жеменейде ой жоқ еді. Қулықтан туған торы құлын сегіз жасқа келгенде жүйрік атанып бәйгені бермейді деген Тастемір түгіл Жарыда ой жоқ еді. Егер торы ат қайтарылса Байсұлу да екі баласымен төркініне қайтарылсын, болмаса торы ат та қайтарылмайды,— деген екен. Жиналған жұрт орнынан тұрып жүре беріпті. 11. Байболұлы Есенғұл деген кісі жол жүріп шөлдеп келіп бір үйге түссе, төрде жетпіске келген сақалы қудай шал, оң жақта жас тоқалы отыр екен. Шал тоқалын қызғанды ма, түстікке дайындалып жатқан асты қызғанды ма: «Жолаушыға тез қымыз бер, жолынан қалмай жөнеліп кетсін» — дейді. Есенғұл қымызын ішіп болып былай деп бата қылса керек: Қатыны бар — байы жоқ, Қымызы бар — шайы жоқ. Жол ақысы жүру, Сыйсыз қонақтың жайы жоқ,— деп тысқа шыға жөнеліпті. Қап, жаңағы жігіт мені қатырып кетті­ ау, шақыр үйге сыйлап жіберелік деп тоқалын жұмсаса Есенғұл артына қарамай жүріп кеткен екен. 12. Өз тұсында Бәйімбет Мәмбетнияз әрі би, әрі мырза, әрі шешен атағы шығыпты. Әлім мен Адай арасындағы бір дау шешілмей іс көпке созылып кетіпті. Екі ел арасындағы салқындық сызы тереңдеп, ушыға түсіпті. Келесі жиынға белгілі Төлеп батырдың баласы Мәмбетнияз қатысыпты. Сөз басталып тағы да әркім өз жағына тарта бастағанда Мәмбетнияз: «Уа, халайық, мені тыңдасаңдар айтар сөзім бар»,— деген екен. Дау қалжыратқан екі жақ та тына қалыпты. Сонда Әлім жақтың бір қарт биі: «Осы дау екі жаққа да абырой әпермеуге айналды. Мына Адай биі Мәмбетнияз айтарым бар деп отыр ғой, Осының айтқанына тоқталық»,— депті. — Мен айтсам, барлығың да қолым құранда, көңілім құдайда деп есептеңдер. Ал екі бауыр Адай мен Әлім ендігі жерде ұзын өлшенбесін, қысқа теңелмесін. Туыстықтың реңі бұзылмасын, кесепат кетсін, Ел біріксін, Ала жіптен аттаған құдай қарғысына ұшырасын. Туыс атақтарың бар, туыс болып өмір сүріңдер. Дау осымен бітсін, алаһуакбар,— деп бетін сипапты. Жиналған ел дүр сілкініпті. Қабағы қатулы ел аяқ астынан жадырап бір­біріне құшақ жая ұмтылып, мәре­сәре болыпты да қалыпты. Ел аузында, жұрт жадында «Мәмбетнияз бидің сақал сипар бітімі» деген түйін осылай айтылып, сақталып қалған деседі. 13. Монша Күшікбай деген ауылда, Бисен Байбатырұлы деген бір айтар сезге шешен кісі болыпты. Бірде көршіге зорлық жасаған балаларына риза болмай: — Аузың бір болып тату болсаң сендерге ешкім көзін алартпас, көршіге зорлық қылсаңдар досың да есігінен қаратпас. Батыр болсаң жауыңмен жарас, бай болсаң ағайынға қарас. Байлық көшпелі керуен — бүгін бар, ертең жоқ. Өмір өтер, ағайын кетер — сонда жинағаның боқ болар, қызығы жоқ болар,— деген екен. Сөз парқын түсінген балалары көршілерінен кешірім сұрапты. 14. Иса, Досан бастаған Маңғыстаудағы шаруалар көтерілісінен кейін патша үкіметімен келіссөз жүргізу үшін Петерборға Маңғыстаудан елші шақырады. Кетікте жиналған билер: «Бірінші — басшы болып Есен Ермембет барсын, бақыты мен билігі тілінің ұшында еді; екінші — Шоңай Қожық барсын, бақыты мен билігі маңдайында еді; үшінші — Беріш Бердалы барсын, жүректі еді, тар жерде дем беріп отырар; төртінші — Ақбота­Қабыл барсын, жастау еді, ең болмаса үшеуіне атқосшы болар; ал қосшыларын әркім өзі таңдап алсын,— депті. Есен Ермембет бастаған билер патша үкіметімен қырық жылға дейін бір­біріне тимейтін болып, қызыл иттің терісіне мөр бастырып келген екен дейді. 15. Сүйінқара бата ала келген Исаның басынан сипай отырып: «Болайын деп тұр екенсің. Мінгенің тұлпар мен нар болар. Жегенін жал мен жая болар. Халқыңды елдік пен ерлікке бастарсың. Бірақ атағын алты алашқа аспайды екен. Бақытыңды қызыл тіліңнен табады екенсің»,— депті. 16. Бата сұрай барған Досанға: «Көзінде от бар екен, жанып тұр екен, Жау қайдалап жан­жағыңа қарап тұр екенсің,— депті. Досанның қасындағы үлкендерге: «Дер кезінде туған ер екен, атағын ерлігінен табар, бес қаруын сайлап қойың» — деген екен. 17. Жасы ұлғайып Сүйінқара ауырып жатқанда көңілін сұрай келген кісілерге: «Исаның билігін, Досанның ерлігін көрмей өлетін болдым­ау» — деп налыған екен дейді. 18. Қашаған ақынға әруақты сөз біткенмен, мал бітпеген қара табан, жарлы­жақыбайлау кісі екен. Бірде жалғыз бұзауы өрістен келмей қалып, соны іздеп шығады. Бірақ таба алмай, адасып, жаңадан келіп қонған бір бай ауылға кезігеді. Бұл ауыл Қашаған атына қанық болғанмен, жүзбе­жүз танымайды екен. Шет жақтағы үлкен ақбоз үйге келіп кірсе, бір­екі әдемі киінген сырбаз жігіттер табақты ортаға алып, тамақ жегелі жатыр екен. Бірақ шаршап, шалдығып келген, өңі де, киімі де жүдеу ақынға үй иесі бай да, бәйбіше де «жоғары шық» деп айта қоймады. Ол амалсыз төменгі жаққа отыра кетеді. Байдың жаратпай қалғанын сезсе де, сыр білдірмей жоқ қарап жүргенін айтады. Отырғандар: «Сонда бұзауды осы үйдің ішінен қарағалы келдің бе?» — деп келемеж етіп, күліседі. Қашаған табан астында: Бұзауым қайда кеттің құмалақтап, Отырмын міне мен де шығанақтап. Құдағай қолыңды жу демеген соң, Табаққа қол салмадым сұғанақтап. Бәрінен жоқ қараған жаман екен, Көңілін, қарайғанға алаң екен. Қор болды­ау Кіші жүздің Қашағаны Сол бұзау бізді есіне ала ма екен…— деп төкпектете, тағы да тамағын бір кенеп қалып, айтуға оқталады. Сонда үйдегілер үрпиісіп, ұшып­ұшып тұрып: — «Ойбай, Қашеке «танымасын сыйламас деген» білмей жүзіқара болып қалдық,— деп оны зорлап көтеріп апарғандай төрге шығарады. Қонағасы қайтадан басталады.

Читайте также:  Өлім мен азап салтанаты

Оставить комментарий