2007-2009 жж. бүкіл əлемді дауылдай соққан қаржылық дағдарыс, бүгінгі таңда Еуроодаққа мүше елдерді оттай шарпыған “қарыз дағдарысы”, олардың қозғаушы күштерін, себептері мен салдарын анықтап, теориялық тұрғыдан түсіндіруді талап етеді. Бұл құбылыстарға ғылыми көзқарастар макроэкономикалық ғылымның негізгі екі мектебі – неоклассикалық жəне неокейнсиандық теориялар арасындағы пікірталастарды үдете түсті. Неоклассикалық мектептің ғалым-экономистері тиімді рыноктық қатынастар жағдайында оған “қара құстар қаптамайды”, сондықтан дағдарыс рыноктық емес, экономикалық саясат- тың кемшіліктері дейді. Белгілі неокейнсиандық Джо Стиглицтің пікірінше: “Қаржы рыноктары құлдырауының басты себебі ақпараттар жетіспеушілігінің кесірі болып табылады. Нəтижесі көз алдыңызда: қаржылық жүйе капиталды тиімді бөлу мен тəуекелді басқару бойынша өзіне жүктелген міндеттерді атқара алмады” /1/. Неокейнсиандықтар ақша-қаржы рыноктары қиыншылық-тарының басты себебін ақпараттар асимметриясынан, яғни қажетті ақпараттар тапшылығынан көреді. Ақпараты жеткіліксіз тұлғалармен салыстырғанда инсайдерлердің (ішкі, өзіндік құрылымдардың) артықшылықтары көзге ұрып тұрды жəне мұның өзі оларға пайда табудың қысқа да оңай жолы болды дейді аталған мектептің өкілдері. Қаржы рыноктарының жоғары тиімділігі көрсеткіштеріне басқа да себептер, атап айтқанда ұйымдастырушылық қиыншылықтар, ынталандыру құралдарының тиімсіздігі, қолайсыз сыртқы факторлар, теңгерімдік тəуекелдер т.с.с. əсер етті. Дегенмен, ақпараттар асимметриялығы белгісіздіктерге байланысты туындайтын дағдарыс механизмін түсіндіре алмайды. Белгілі ғалым Нассим Талебтің айтуы бойынша “қазіргі дағдарыс асимметриялық білімнің кесірінен емес, асимметриялық білімсіздіктің кесірінен пайда болған құбылыс болып табылады” /2/. Неокейнсиандық модельдер ағымдағы дағдарысты экономикалық теория тұрғысынан толыққанды түсіндіре алмағанымен саяси мағыналық тұрғыдан сынаны сынамен соғып шығару ұстанымын қолдайды. Бұның мəнісі, егер рынок тепе-теңдіктен мүлдем айырылған болса биліктің реттеуші құралдары арқылы жағдайды түзетуге болады. Неокейнсиан- дықтардың пікірінше адамдар мұқиятты, бірақ оларға ақпарат жетіспейді. Басқа нұсқада: ҚазҰУ хабаршысы. Экономика сериясы, №5 (87). 2011 9 адамдардың талғамы мұқиятты емес, сондықтан əрқашанда тиімді рыноктардың болуы бос қиял болып табылады. Неоклассиктердің пайымдауынша бүгінгі күйзелістер жүз жылда бір рет басқа түсетін бақытсыздық оқиғасы, кез келген басқа уақытта рыноктардың қызметі ұтымдылық талаптарының үдесінен шығады. Əрине, бұл тұжырымдардың ақылға қонымды тұстары бар. Дегенмен, басты мəселе тұңғиығын тексеріп болмайтын белгісіздік факторында жатқан болуы керек. Қазіргі дағдарыстың басталуына байланысты макроэкономикалық саясаттың жаңа қағидаларын талдап жасау қажеттілігі туралы пікірлер көптеп кездеседі. Инфляцияны нысанаға алып түзетіп отыру экономиканы басқарудың ең жақсы əдісі дегенге сенетіндердің қатары сирексіп-ақ қалды, себебі инфляция деңгейін бақылауда ұстау қаржылық көпіршіктердің пайда болуын тоқтата алмады. А. Гринспеннің (федералды резервтік жүйенің бұрынғы басшысы, АҚШ) көпіршіктердің таралуына кедергі жасамау керек, олардың салдарын жою қажет деген доктринасы да ұмытылды, өйткені олардың салдары өте қауіпті екендігі белгілі болды. Бұған дейінгі макроэкономикалық саясатта басты назар ынталандыру проблемаларына аударылып келді. Мұндағы пікірталастар негізінен қоданыстағы фискальдық-монетарлық құралдарға банктік реттеудің макропруденциалдық нормаларын қосу төңірегінде өрбіді. Дегенмен, жаңа макроэкономикалық жүйе қызу талқылаулардың нысанасына айналды. Айталық, ақша саясатының тек қана инфляцияны қадағалаудан кеңейе түсіп, іскерлік белсенділік деңгейін есепке алуы; бюджеттік саясаттың мақсаттары мен дағдарыстан кейінгі фискальдық ережелердің ұсқыны; ақша жəне бюджет саясатын үйлестіру немесе бұл түсінік- терді ажырата қарастыру; банктік жүйені реттеуді тəуелсіз органның жауапкершілігіне беру немесе оны реттеуді ұлттық (орталық) банк құзырында қалдыру сияқты мəселелер макроэкономикалық жүйенің бүгінгі таңдағы өзекті проблемалары болып табылады. Дж. М. Кейнстің идеясына жүгінетін болсақ, онда монетарлық жəне бюджеттік саясаттың ортақ мақсаты – жұмыспен толық қамту деңгейін ұстап тұратын жиынтық сұранысты қолдау болып табылады. Бұл тізбекте монетарлық саясат пассивті элемент болып қала береді. Орталық банк пайыздық мөлшерлемені əрдайым төменгі деңгейде ұстап тұруы тиіс. Кейнс монетарлық органдардың рынокта ұзақ мерзім бойына жоғары пайыздық мөлшерлемені күтулері белең алған кезде монетарлық органдардың оларды бұрынғы деңгейіне қайтару мүмкіндіктеріне күмəнмен қарады. Ол капиталға қол жетімді болған сайын пайыздық мөлшерлемені жүйелі түрде төмендету қажет деп санады. Мұның өзі оның айтуынша “өсімқорлардың ерікті өліміне” əкеледі. Оның жазуы бойынша “қазіргі жағдайларда пайыз бен жер рентасы шын мəнінде бастан өткізген қатер үшін сыйақы бола алмайды. Сонымен бірге жердің тапшылығы тек қана жерге тəн қасиеттермен шартталатын болса, капитал тапшылығы үшін мұндай себептер жоқ. Мемлекет “еңбек сіңірілмеген” мұрадан келетін байлыққа жоғары салық саясатын жүргізе отырып қосымша салық салуы тиіс. Бұл екі шара да тұтынуға табиғи бейімділікті арттыра түсіп, инвестицияларға қолайлы жағдай жасайды” /3/. Қазіргі пікірталастарда экономиканы мемлекеттік ынталандыру мəселелері төңірегенде екі мектептің ұстанымдары қасарыса ширығып алды. Аталған теориялардың мемлекеттік экономикалық саясатқа əсері туралы ой-толғамдары тоқырауды тежеу, тоқтату мəселесін шешуге көзқарастарында анық байқалады. Неоклассикалық мектеп экономистерінің артықшылығы олардың өз пайымдауларындағы жүйелілік пен бірізділікті салыстырмалы түрде орнықты ұстануында болса керек. Олардың моделдері бойынша бүгінгі таңда Еуроодақ басынан кешіріп отырған экономикалық сəтсіздіктердің ешқандай теориялық негізі жоқ. Сондықтан, неоклассиктер экономиканы ынталандыру бағдарламаларына шүбə келтіреді. Неокейнсиандықтар болса, көбінесе экономикалық саясатқа қызығушылық танытады. Осы екі мектептің қазіргі экономикалық саясат туралы пікірталасы “Ұлы күйзеліс” (өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басы) жылдарындағы экономистердің өзара дауласуын толықтай тірілтіп отыр десе де болғандай. 10 Вестник КазНУ. Серия экономическая, №5 (87). 2011 Сол кездегі дау-дамайлар туралы Дж. М. Кейнс: “Əріптес-экономистер арасындағы ала ауыздықтар көз жетерлік кезеңге экономикалық теорияның практикалық ықпалын тіптен жоққа шығарды” /4/ деп жазған болатын. Идеялардың экономикалық саясатқа əсері құлдырауды тоқтату бойынша орын алған пікірталастарда айқын байқалады. Неоклассикалық мектептің экономистері рыноктың өзін- өзі үздіксіз реттеуге қабілетті екендігіне сенеді, ал кейнсиандықтар болса рыноктардың қиыншылықтары бейхабардарлық пен мəліметсіздіктен туындайды деп есептейді. Неоклас- сиктер экономиканы ынталандыруды Орталық банк ақша басып шығаратын станоктың көмегімен жүзеге асыруы тиіс деп санайды. Неокейнсиандықтар болса бұл шараны Үкімет бюджет тапшылығын облигацияларды шығару негізінде қаржыландыру механизмі арқылы атқаруы жəне де бұл ақша тікелей инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуы қажет деп есептейді. Неоклассикалық мектептің экономистері ағымдағы тоқырауды ақша ұсынысын күйреткен болжанбайтын күйзелістердің əсері дегеннен басқаша түсіндіруге болмайтынын айтады. Кезінде Милтон Фридман Ұлы күйзелістің себебін федералды резервтік жүйенің (АҚШ-тың орталық банкі) ақша массасының кемуін ашық рыноктағы операциялар көмегімен қалпына келтіруге батылы жетпегендігімен түсіндірген еді. М. Фридманның сол кездердегі жағдай туралы пікірін қолдай отырып қазіргі ғалым-экономист Роберт Лукас федералды резервтік жүйенің АҚШ экономикасына қосымша жүздеген миллиард долларды құюы бойынша іс- əрекеттерін жақтайды. 2009 жылдың соңында жарық көрген мақаласында Р. Лукас былайша жазады: “Бен Бернанкенің (федералды резервтік жүйенің қазіргі басшысы. авт.) рецессияға қарсы ақша саясаты ең пайдалы шара болды, жəне менің ойымша жақын айларда өзінің ақиқат артықшылығын көрсететін болады. Бұл саясат өзінің жылдамдығы жəне икемділігімен ерекшеленеді. Қаржылық жүйеге осыншама ірі көлемдегі қаражатты жедел құюдың басқа тəсілі жоқ. Бұл миллиардтаған долларды, қажет болған жағдайда жүйеден тура осы жолмен шығаруға болады. Олар қарыз қаражаты ретінде түседі де мемлекеттік кəсіпорындарды құру, мемлекеттің жеке фирмалардың үлесіне ортақтасуы, бағаларды орнықтыру сияқты əрекеттерді қажетсінбейді. Олар, сондай-ақ компанияларды бақылаудың жаңа əдістерін керексінбейді, шаруашылық салалары арасында капиталды бөлу бойынша үкіметтің өзінде де жаңа функциялар пайда болмайды. Бұл саясаттың артықшылықтары, міне осындай” /5/. Шынайы жағдайға мойынсұну, көріп отырғанымыздай неоклассиктерді өз ұстанымда- рынан айнуға итермелеген. Біздің білетініміз неоклассикалық теория бойынша рыноктық экономика ынталандыруды қажетсінбейді; рынок күйзелістерді сезініп, лайықты жауап қайтарады; онда ақшаға артық сұраныс болмайды; экономикалық агенттер инфляцияны дəлме-дəл болжайтындықтан экономикаға ақша құюдың ынталандырушы əсері жоққа тəн. Ал, ендеше “қарыз дағдарысын” еңсеру барысында Еуроодақтың қазіргі іс-қимылдарына кереғар келетін бұл тұжырымдардан неоклассиктердің теориялық ұтылысы байқалып-ақ тұрған жоқ па? Неокейнсиандық Пол Кругман маемлекеттік шығыстар негізінде экономиканы бюджеттік ынталандыруды тұрақты түрде жақтайды. Кезінде Дж. М.Кейнс жазған “мемлекеттік шығыстардың өсуі “тура дəрігердің қолданатын емі”, сондықтан бюджеттің тапшылығы бойынша алаңдаудың қажеті жоқ” /6/. Федералды үкімет “жұмыссыздарға лайықты жəрдемақы берсін… штаттар мен муниципалитеттерге төтенше көмек берсін… ипотекалық кредиттерді қайыра сатып алсын… жəне отбасылар өз үйлерінде қалуы үшін олардың берешектерін қайта құрылымдасын. Бұдан басқа қандай жағдайларда болмасын елге қажетті инфрақұрылымдық жобалармен байыпты түрде шұғылданатын кез келді” /3/. П. Кругманның пікірі бойынша “Франклин Рузвельттің “Жаңа бағыты” шектеулі, қысқа мерзімді жетістікке жетті, себебі ол өте сақ шаралар жүйесі болатын, ал қазір болса Обаманың төңірегіндегілер экономикаға қаншалықты көмек қажеттігін есептеп алсын да үстіне тағы 50 пайыз қосып берсін. Күйзеліс жағдайына лайықталған экономикалық теорияға сұраныс қайтадан пайда болды. Бұл теорияда “экономикалық саясаттың əдетті ережелерін ҚазҰУ хабаршысы. Экономика сериясы, №5 (87). 2011 11 қолдануға келмейді; жаңа жағдайларда сақтық – тəуекелге, мұқияттық – ақымақтыққа ұшырады. Бізді апатты тасқыннан құтқару үшін Федералды үкіметке қосымша шығындар түріндегі экономикалық ынталандыру жоспары қажет. Қазіргі жағдайда қысқа мерзімді перспективада не жақсы, ұзақ мерзімде не дұрыс дейтін уақыт емес. Банктерді қайта капиталдандыру схемасы жеткіліксіз, қаржылық жүйенің едəуір бөлігін ұлттандыруға жақындай беру керек” /7/. Неокейнсиандықтардың көпшілігі сияқты П. Кругман ынталандыру салықтық жеңілдік- тер түрінде емес, шығындар формасында болуы тиіс, себебі салықтық жеңілдіктердің бір бөлігі (кедейлерден басқалар үшін) шығындарға емес, жинақтарға айналып кетеді. Неоклассиктердің бір тармағы ретіндегі американдық “тұщы су” теоретиктері (Чикаго мектебі) экономикалық ынталандыруға қарсылық білдіреді. Аталған ағымның типтік өкілі Г. Беккердің (Чикаго университеті, Нобель сыйлығының иегері) пайымдауынша үкіметтік бағдарламалардың шынайы құндылығы шамалы ғана болуы мүмкін, себебі олар асығыс жасалады жəне “қазыналық батпан құйрық” төңірегіндегі саяси ойындармен, тағы басқа да тиімсіз көріністермен жалғасуы əбден мүмкін. Беккердің пікірінше мұндай жағдайда мемлекеттік шығыстар пайда əкелместен бұрын зиян шектіреді. Теориялық деңгейде консерваторлардың фискальдық ынталандыруға қарсылығы 1929- 1931ж.ж. Британиялық қазынашылықтың қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға қарсылығын қайталайды. Сол кезде қазынашылық мұндай жұмыстар үшін көбірек ақша басып шығару керек, немесе шығыстың іс-əрекеттегі баптарынан қаражаттың бір бөлігін алу қажет деген болатын. Сонау заманғы дəйектерді, енді 2009 жылы Чикаго университетінің профессоры Джон Кохрейн қайта тірілтті: “Біріншіден, егер ақшаны басып шығару жоспарланбаса, оны қайдан болмасын табу керек. Егер үкімет сенен бір доллар қарызға алса, онда сен бұл долларды өзің жұмсаған жоқсың немесе қайсібір фирмаға оның жаңа инвестициялары бойынша мұқтажын өтеуге бере тұрған жоқсың. Үкіметтік шығындардың əрбір артық доллары жеке меншік шығындардың сонша долларға кемуін көрсетеді. Мемлекеттік ынталандыру шаралары көмегімен ашылған жаңа жұмыс орындары жеке меншік шығындардың кемуінен қысқарған жұмыс орындарын қалпына келтіреді. Біз фабрикалардың орнына жол салуымыз мүмкін, бірақ фискальдық жəрдем олардың қайсыбірін де көбірек салуға көмектеспейді” /8/. Пол Кругман бұл пікірге келесідей жауап береді: “Кохрейн үмітті жинақтар автоматты түрде инвестицияларға аударылады, ал үкіметтің қарыздануы инвестициялық циклға зиянды деп сендіргісі келеді. Дж. М. Кейнстің ғылыми қызметінің ең маңызды аспектілерінің бірі рынокқа ұсынылғанның түгелін жиынтық сұраныс жұта береді дейтін Сэй заңын терістеу болғаны белгілі. Кейнс көрсеткендей шығыстар кірістерге тең, немесе, басқаша айтқанда жинақтар инвестицияларға тең дегеннің өзі экономикалық ресурстарды толығымен пайдалану үшін шығыстар əрдайым жеткілікті дегенді білдірмейді. Сондай-ақ жұмыспен толық қамтылған жағдайдағы экономикада жинақтардың пайдаланылуы инвестициялардың да жеткілікті болғандығын көрсетпейді. Осындай қорытындыға келу үшін орасан зор зияткерлік қуат қажет болды. Сондықтан Д. Кохрейн сияқты ғалымдардың Кейнс қорытындыларымен келіспейтіндігін былай қойғанның өзінде, олардың Кейнс дəйектері мəнінің өзін түсінбеуі қынжылтады” /9/. П. Кругманның тұжырымдары бұлтартпастай дəлелді де, даусыз. “Айталық, неоклассиктердің пікірі бойынша мемлекеттің едəуір көлемдегі борышының бар болуы капитал қорлануын кемітеді. Өнімділіктің өсуін баяулатады жəне дамудың ұзақ мерзімді перспективаларын нашарлатады дейтін пайымдаулары егер экономика өз мүмкіндіктерінің шегінде немесе соған жақын тұрған жағдайда ғана ақылға қонымды болмақ. Бұндай жағдайларда мемлекеттік шығыстардың тұрақты жоғары деңгейі табыстылығы жоғары жеке меншік инвестицияларды экономикадан ығыстырады. Бірақ, біздің ағымдағы жағдай басқаша. Өткен кезеңде анықталған экономикалық əлеуеттен қазіргі өндірістің көлемі ең аз дегенде 6 пайызға кем болып тұрған шақта мемлекеттік шығыстар капиталдың қорлануына ешқандай зиян келтірмейді. Мемлекеттік қаражат дағдарыстың кесірінен “сығымдалған” 12 Вестник КазНУ. Серия экономическая, №5 (87). 2011 күрделі салымдардың орнын толтырады. Үкіметтік жұмсаулардың артуы жеке меншік сектор инвестицияларының кеми түскендігі себебінен емес. Мезгілінен бұрын, асығыс “бюджеттерді біріктіру” дамыған елдердің басым бөлігінің экономикасы көздейтін “өмір сүруді қамтамасыз ету” жүйесін зақымдауы əбден мүмкін” /10/. Сондай-ақ монетаристердің де дəлелдері негізсіз. Олардың жеке меншік инвес- тициялардың қайта өрлеуі үшін қосымша ақша басып шығару қажет жəне соның өзі жеткілікті болар еді дейтін пайымдауларын байсалды тұжырым деуге келмейді. Бұл тұжырымның негізінде егер адамдарда қажетті ақшадан екі есе артық ақша пайда болса олар артық қаражатты тауарлар сатып алуға немесе инвестициялауға жұмсаған болар еді, ал мұның өзі бағалардың немесе өндіріс көлемінің артуына қолайлы жағдай жасар еді деген пікір жатыр. Егер адамдардың шынайы қаржылық мүмкіндіктері мен қалауы бірдей болып, бір жерден шығып жатса ғана бұл, əрине солай болар еді. Монетаристер өздерінің дəйектерінде активтерге, əсіресе жылжымайтын мүлікке бағалардың құлдырауынан зардап шеккен жеке меншік сектордың өз балансын қалпына келтіру үрдісі негізінде жеке меншік жинақтардың күрт өсуі мүмкіндіктерін ескерусіз қалдырады. Өткен ғасырдың 1990 жылдарындағы Жапониядағы тоқыраудың сабақтары көрсеткендей, егер жеке меншік сектор кредиттік тетік қуатын кемітсе, яғни борыштарын өтеу үшін жұмсаулардан бас тартуы мүмкін болса, мемлекеттік сектордың жаңа, қосымша қарызданудан, яғни бюджет тапшылығын кемітуден бас тартуы тоқырауды əлсіздендірудің орнына оны тереңдете түседі. Бұл құбылысты Кейнс “сақтық парадоксы” деп атаған болатын. Тоқырауды еңсеру үшін қолда бар ақша саны маңызды емес, оларды жөнімен жұмсау маңызды. Кейнстің сөзінше: “кеседегің біткенше төкпедім деп айтпа”. Кейнстің идеясы қарапайым. Ол ешқашан алдағы қаржылық күйзелістер туралы əулиелік жасамаған болар еді, керісінше ол экономикалық болмысты алдын ала есептеп қоюдан, яғни тəуекелдерді болжау туралы ойдан əрадайым аулақ еді. Кейнстің идеяларымен қаруланған экономикалық мектеп болжанбайтын оқиғаларға төтеп беретін жүйе жасаған болар еді. Соңғы отыз жыл бойына үстемдік құрған неоклассикалық экономикалық мектеп экономикалық апаттарға мүмкіндіктер беретін жүйе жасап, оны үлгі етіп, əсерін үдете түсті. Оның негізінде бүкіл тəуекелдерді дəлме-дəл бағалауға болады, сондықтан рыноктар оңтайлы түрде өзін-өзі реттейді деген жалған сенімділік жатты. Мұндай жағдайда рыноктық фундаменталистер саясатына неокейнсиандықтардың сенімсіздігін əбден түсінуге болады.
Оставить комментарий