Мал күтімі туралы

КПСС Орталық Комитетінің май (1982) Пленумында СССР­дің 1990 жылға дейінгі кезеңге арналған Азық­түлік программасының мақұлданғаны баршамызға мәлім. Осынау маңызды тарихи документте мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді одан әрі өсіру, малдың өнімділігін арттыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар белгіленген. Онда «Малды өз төлі есебінен көбейту жақсартылсын және малдан алынатын төл көбейтілсін» делінген. Міне, осы мақсаттарды жүзеге асыруда мал күтімін жақсартудың, түрлі мал дәрігерлік шараларды талапқа сай жүргізудің, малды жайып­семіртудің, жайылымдарды тиімді пайдаланудың рөлі ерекше зор. «Мал баққанға бітеді» деген халық қағидасы да сондықтан айтылса керек. «Маңғыстау» совхозы еңбекшілерінің оныншы бесжылдық жылдарында мал басын өсіруде, одан мол өнім алуда табыстан табысқа жетуінің сыры да осы мал күтіміне жете мән берілгенінде, мал мамандарының мал дәрігерлік­аурудың алдын алу шараларын ұдайы жүзеге асыруында, жайылымдарды әр кезеңде ұтымды, тиімді пайдалануында жатыр. Шаруашылықтың жері бар. Оның ішінде мал шаруашылығына пайдалануға жарамды жерлер. Совхоз қойы осы жерлерге 3 бағытта орналастырылған. Мысалы, совхоздағы ең ірі № 1 қой фермасы жаз айларында Терістік Үстірттің Жетіқақ жазығында, № 2 фермасы – Оңтүстік Үстірттегі Бейнеу – Қоңырат темір жолынан төмен қараған Тәңке, Латыпқазған мен Қаратүлейдің темірқазық беті аралығындағы кең аумақты, ал № 3 ферма Оңтүстік Үстірттің шығыс бетін жайлайды. Отарларды мүмкіндігінше жеке­жеке құдықтарға орналастыруға барынша көңіл бөлеміз. Мұның мал күтіміне де көп септігі тиюде. Егер бір суда бірнеше отар отыратын болса, онда құдық басы, оған жақын жайылымдар тез тозады. Оның үстіне тебін суланып, содан малдың ауруға шалдығуы мүмкін. Сонымен бірге бір құдықта бірнеше отардың болуы малдың жата жайланып су ішуіне кедергі келтіреді. Соған байланысты бұл жай жер от болса да қойдың дұрыс қоң жинамауына әкеп соғады. Әуелі совхоз малшыларының қой жаю, жайылымдарды тиімді пайдалану тәсілдеріне тоқталайық. Жайылымды неғұрлым тиімді пайдалану қой өрісін белгілі бір кезеңмен пайдалануға байланысты екендігін көп жылғы тәжірибелер айқын дәлелдеп отыр. Әр жылы ел жайлаудан көшкенде, келесі жылы қой жайылатын жайылым бірнеше өріске бөлінеді. Олардың саны мен көлемі отарлардағы қой санына, жайылым шөбінің қою­сұйықтығына, су көздерінің алыс­жақындығына, ең бастысы – қойды жазғы жайылымда жаю ұзақтығына қарай белгіленеді. Бір маусымда қойды әр жайылымға 4­5 рет қайталап жаюға болады. Біздің жер жағдайымызда әр өрісте қой 10­15 күндей жайылады да одан соң келесі өріске ауыстырылады. Ең соңғы өрісті пайдаланғаннан кейін отар қайтадан бірінші, екінші, содан соң үшінші өріске жайылады. Осы рет маусым қашан аяқталғанша осылай жалғаса береді. Бұл тәсілдің өрістің тозбауына, жайылым шөбінің жаңарып отыруына, әрі қой арасына ішқұрт, тағы басқа аурулардың тарамауына септігі мол. Жерді пайдалану графигі жазғы маусымда жергілікті жердің ерекшелігіне және шөбінің қою­сұйықтығына байланысты өзгертіліп те отырады. Республикада қой шаруашылығы практикасында пайдаланылып жүргендей жайылым маусымы шартты түрде көктемгі, жазғы, күзгі және қысқы деп үш кезеңге бөлінеді. Қар қалың болған жылдары қыстаудан түскен қой көктемгі балауса жайылымға бірте­бірте үйретіледі. Жер суы әлі кете қоймаған көктемде малды ылғалды, ойпаң жерге жаюдан пайда шамалы. Мұндай жағдайда, біріншіден, қойдың денсаулығына зиян келетін болса, екіншіден, енді қаулап өсе бастаған шөп мал тұяғымен тапталып босқа рәсуа болады. Көктемде таңертеңгі мезгіл едәуір салқын болып келеді. Сол себепті қой таңертеңгі шөп басындағы шық дегдіп, ауа жылына бастағанда өргізіледі. Ал, жаз айларында бұған керісінше қой шөп бойындағы ылғал кеппей тұрғанда, яғни мүмкіндігінше ерте өргізіледі. Себебі одан кеш қалса, күн ыси қой үйездеп жайыла алмайды. Сондықтан жазда қойды таңертеңгі және кешкі салқынмен жаю біздің совхозда тәжірибеге толық енгізілген. Ұлы сәскеде, шамамен сағат 11­лерде отар суарылып, құдық басынан аулақтау тың жерге жусатылады. Қойды әр түрлі ауруларға шалдықтырмау мақсатында оның жусатылатын жері де ауық­ауық ауыстырылып тұрады. Түстен кейінгі күн ыстығы қайтып, зауал ауған шақта отарлар тағы бір рет суарылып, содан қараңғы түскенше, шамамен сағат 10– 11­ге дейін кешкі салқында жайылады. Маңғыстаудың жазы ыстық болатыны белгілі. Шілдеде күн қызуы 40–45 градус, кейде одан да жоғары болады. Күн қызуы кешкі сағат 6– 7 ­ге дейін қайтпайды. Сондықтан бұл кездерде қойды түнде жаю да жүзеге асырылып жүр. Совхоз шопандары қойды тәуліктің әр кезеңінің ерекшелігіне орай еркімен жаюды естен шығармайды. Мысалы, таңертең отарлар көп ретте күншығысқа қарай өргізіледі. Ал сәске түсіп, күн қыза ыстыққа шыдамсыз қаракөл қойы көлеңкесіне қарай қаптап суға құлайды. Түс қайта отарлар көлеңкесіне қарай жайылады. Қаракөл қойларының басқа қазақы қойларға қарағанда желдеп жайылатын да қасиеті бар. Шопандар мұны да ескереді. Совхоз территориясы кең, жазықты, шөп шығымы сирек болатын болғандықтан өpic те ауылдан қашық жатады. Оны жайылымға, сосын ауылға әкелу де мал күйінің жақсаруына кері әсер етеді. Сондықтан шопандар отарларды өрісте түнетіп жаюға баса назар аударады. Мұның қойдың еркін жайылып, жақсы қоң жинауына көп септігі бар. Қой түнету малды түнде өргізіп жаюға да қолайлы. Түнек жұмыстарын шопандар өзара келісілген кезекпен атқарады. Маңғыстаудың өзге жерлеріндегідей совхоздың жазғы қоныстары да көлеңке­саясыз, ағаш өспейді. Соның салдарынан ыстыққа шыдамай мал күйінің төмендеуі де мүмкін. Сондықтан түсте құдық маңына мал көлеңкелейтін шатырлар жасалады. Бұл, әсіресе, өсімге қалдырылған қозыларға өте пайдалы. Етке тапсырылатын қойларды жайып­семірту ісі шаруашылықта осы жаз, күз айларында жүзеге асырылады. Жайып­семіртуге бөлінген қойлар жасы мен жыныс ерекшеліктеріне қарай 750– 800 бастан жеке отар етіп құрылады. Тоқты отарын 900– 1000 бастан асырмауға тырысамыз. Көктем айларында ісектер етке өткізіледі. Ал, жаз ортасынан ауып, қозылар енесінен бөлінгенде келесі жылы тел алынбайтын кәрі саулықтар, марқа қозылар жайып­семіртіліп, етке тапсырылады. Белгілі жүйеге қалыптасқан бұл тәсілді тиімділігі баршылық. Мысалы, оныншы бесжылдықта етке тапсырылған әрбір ірі қой 47, қозы 31 килограмнан айналды. Қойды ойдағыдай жайып­семірту үшін жайылымдық өрісті дұрыс пайдалана білу қажет. Олардың салмақ қосуы тек азықтандыру жағдайына ғана емес, сондай­ақ жұмыс күнінің тәртібін бұлжытпай орындауға да тікелей байланысты. Совхозда отарлардың тәулігіне 10– 16 сағаттай жайылымда болуы қамтамасыз етіледі. Жайған кезде қойды біресе суатқа, біресе өріске, қонысқа айдап, сергелдеңге салуға мүлде болмайды. Уақытымен суарылуы керек. Совхоздағы бұл бағытта атқарылған жүйелі, тиянақты жұмыстардың тәжірибелеріне қарағанда қой екі­үш айда жақсы семіріп, олардың көпшілігі жоғарғы қоңдылыққа жетеді. Бұған совхоз тәжірибесінен көптеген мысалдар келтіруге болады. Мәселен, шаруашылықтың таңдаулы шопаны, коммунист Лесбай Қылишаев өткен жылы соңғы рет қоздаған кәрі саулықты апрель айынан бастап жайып­семіртудің, мал күтімінің барлық тәсілдерін қолдана отырып, июнь айында олардың жартысын әрқайсысын 52,5 килограмдық тірілей салмақпен етке өткізді. Ал, қалған жартысының әрқайсысының тірілей салмағын июль айында, яғни етке тапсырарда 56 килограмға жеткізді. Малдың күзгі жайылымы саулықтарды қолдан ұрықтандыру науқанымен тұспа­тұс келеді. Бұл науқанның ойдағыдай өткізілуі қойдың күз кезіндегі жайылымына да байланысты. Сондықтан бұл уақытта ең соны жайылымдар пайдаланылады. Қой жаздағы сияқты күзде де судан кенде болмауы керек. Бірқатар жерлерде күзгі салқында малды күнара суаруға да болады деп жүр. Бұл мүлдем қате. Шөлі қанбаған отар күн салқын болғанмен жайыла алмайды. Күзде суарудың бір ерекшелігі сол – суға қанған соң отарларды иіріп тастамай, бірден шығару қажет. Қойды қыста күтіп­бағу ауыр да ең жауапты кезең. Әсіресе, Үстірт дөңіндегі біздің совхоз үшін мал қыстатудың өзіндік ерекшеліктері, қиыншылықтары баршылық. Бұл елеулі табиғат жағдайларына: қыс айларының қара суықты, қалың қарлы, боранды, аязды болып келетіндігіне байланысты. Малды қыста күтіп­бағу күйек алу, ерте төл алу науқандарымен тұспа­тұс келетін болғандықтан күрделілене түседі. Сондықтан совхоз отарлары қыс түсе Сам құмының қойнауларында орналасқан қыстауларға түседі. Бұл жерлер ашық даладан гөрі ықтасыны көп, малды қыс бойы қолға қаратпай, ауа райының ашық күндері жайылымға шығаруға өте қолайлы. Оның үстіне жаз бойы мал аяғы тимей тың жатқан құмды өңірдің шөбі де құнарлы, соны. Бұл жерде совхоз отарлары 3–4 айдай қыстатылады. Малды қыста күтіп­бағу және оны қыстан күйлі алып шығудың қамы күні бұрын, тіпті, көктем айларынан бастап ойластырылады. Жаз айларында жақсы семіріп, қыстауға күйлі әкелінген қой қыстың қарлы бораны мен үскірігіне, аязына мойымайды. Сонымен бірге мал қоралары толық жөндеуден өткізіліп жарық, кең, биік, таза болуы жайы да назардан тыс қалмайды. Әр фермада арнаулы бригада ұйымдастырылып, ол жаз бойы жөндеу жұмыстарымен айналысады, қораларды қиынан тазартады. Жөндеуден өткен объектілерді фермалардан жауапты адамдар қабылдап алады. Жөнделгеннен кейін мал қыстауға әкелінер қарсаңда қоралар дезинфекцияланады. Мұның өзі қойдың қыста қотыр, тағы басқа ауруларға шалдықпауына ықпал етеді. Малды қыста қолдан азықтандырғаннан гөрі өріске жаю шаруашылық экономикасы үшін де, мал күйі үшін де пайдалы. Қанша дегенмен жерден өздері үзіп жеген азықтың жұғымы жақсы болады. Сондықтан совхоз шопандары отарларды мүмкіндігінше далада жаюға күш салады. Ал, aуa райы қолайсыз болып, қолға қараған күндері қой ашық шарбақта немесе қораға жақын алаңқайларда азықтандырылады. Мұның өзі қойдың шөпті жақсы жеуіне едәуір әсер етеді, денсаулығын нығайтуға, оның жүндестігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал, жабық қорада бағылған малдың организмі әлсіреп, суыққа шыдамсыз болады. Соның салдарынан түрлі ауруларға шалдығуы мүмкін. Оның үстіне төлі де әлжуаз болып туады. Қой қар жеп, аяқ суын ала жүреді деп қыста суармау фактілері де кездеседі. Мұның дұрыс еместігіне өз тәжірибемізден көз жеткізіп жүрміз. Алғашқы кезде мұндай кемшіліктер бізде де болды. Қойлар су тапшылығына ұшырап, жемшөпті жөнді жемейді. Соның салдарынан қоңы тайып, өнімділігі кемиді. Қазір қой суық күндердің өзінде де суарылады. Шөлі қанық мал жемді жақсы жейді. Оларға суық тигізіп алмау үшін мұз аралас аса салқын су берілмейді. Кәрі саулықтар, күйі төмен қойлар, тоқты отарлар қыс айларында ерекше күтімге алынады. Әрбір отарда арық­тұрық мал жеке бағылып, емделеді, қосымша азықтандырылады. Олардың күйін жақсарту мақсатында белгілі мөлшерде витаминді азықтар, балық майы беріледі. Қолда бар мал азығын, ірі сояулы шөптерді ұсақтап нәрлендіріп беруде совхозда ұнамды тәжірибелер бар. ҚДУ, ИГК, КУАТ агрегаттары ферма отарларына жақын жерде орналастырылып, қыс бойы жұмыс жасайды. Ірі сояулы шөптерді ұнтақтап, нәрлендіріп, ысырапсыз пайдалануда жемшөп цехтарының рөлі ерекше, Жемшөп цехтары фермалар мен совхоз орталығында бар. Әсіресе, Ақжігіттегі жемшөп цехын атап айтар едік. Оның жұмысына көп жылдық тәжірибесі бар маман Дүйсенбай Бітімов басшылық етеді. Қыс айларында фермалар отарларын ұсатылған мал азығымен қамтамасыз етуді негізінен осы цех жүзеге асырады. Онда жыл сайын 10–12 жас жұмысшы еңбек етеді. Жемшөп цехында ұсталған шөп ұны жемге араластырылып, қапталып, сол жерден қора бастарына тасылады. Әр қойға күніне мөлшерінде ұсатылып, нәрлендірілген шөп ұны беріледі. Қыс кезінде жүзеге асырылған бағу, күту жұмыстарының нәтижесінде мал қыстан күйін сақтап, қонды шығады. Бұл қой төлдетуді өткізуге, алынған төлді аман өсіруге игі ықпал етіп келеді.

Читайте также:  Ұлттық элита (озық ойлы кауым)

Оставить комментарий