«Манас» жырын жазып алу тарихы

«Манас» — қадам заманнан бері таулы Азия қыратында ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан қызықты жыр, қырғыз халқының айтулы мұрасы. Бұл жырды алғаш қағаз бетіне түсіріп, әдебиет дүниесінің белгілі бір кеніші еткен жас ғалым Шоқан еді. Бірақ Шоқан жазып алған «Манас» жырының қырғыз тексі көп заман ғылымға белгісіз болып жатты. Бұл нұсқаны жарыққа шығаруды Шығыс әдебиетін зерттеуші ғалымдардың талайы ниет еткен еді, алайда, өкінішке қарай, оның сәті түспеді. Өйткені Шоқан нұсқасы көп заман қою тұман астында жатқандай, ұшты­күйлі жоқ болды. Шоқанның еңбектерін бірінші рет баспаға дайындаған Н.И. Веселовский 1902 жылғы 21 март күні Археология қоғамының шығыс бөлімінің мәжілісінде ғалымдарды Шоқанның «Манас» жырынан аударған үзіндісімен таныстырып, жырдың қырғызша тексінің жоғалып кеткеніне қатты күйзелген болатын. «Көкетай ханның ертегісі» деп аталатын бұл жырды тегінде Шоқан түгел аудармаған және бұл аударманың өзін Г.Н. Потанин болмағанда, табу қиын еді. Аударма Шоқанның ескі досы К. Гутковскийдің үйінен табылады. «Көкетай ханның асы» деп аталатын бұл үзінді аударманы Н.И.Веселовский қысқаша түсініктермен Шығыс бөлімінің журналында жариялады Одан кейін Шоқанның аудармасы баспадан бірнеше рет шығып, Еуропа ғалымдары «Манас» жырымен ең алғаш осы арқылы танысты. Археология қоғамының жиылысында Н.И.Веселовский ең алдымен түркі тілдес елдердің халық әдебиетіне біраз бөгеліп, оның ерекшелігі, мазмұны, көркемдік қасиеті туралы сөз көтереді, содан кейін Шоқанның аудармасы бойынша «Көкетай» жырын оқиды. «Н .И.Веселовский, ­ дейді жиылысқа қатынасқан әдебиетші, ­ қазақ офицері Шоқан Уәлихановтың қырғыз тілінен аударған ғажайып дастанының мазмұнымен таныстырды. Проф. Н.И.Веселовский бұл күнде География қоғамының тапсыруы бойынша Уәлихановтың қағаздарын ретке түсіріп, оларды баспаға дайындап жүр». Айтылған дастан, дұрысы, оның бір тарауы ­ Көкетай ханның өлерінде елімен қоштасуына, оның еліне айтқан соңғы сөзіне, өсиеттеріне арналған. Дастанның түбегейлі сарыны ­ Көкетайға ас берудің суреті. Баяндаушының пікірінше, қырғыз жырларында ерлікті ардақтау, ерлік жыры басымырақ келеді. Сондықтан олардың алыптары өзінің ерлік атын тіпті жас күнінен шығара бастайды. Олардың жырында қадірлі орын алатын ­ердің өзіне серік тұлпары. Жырда ер атының қасиеті бірнеше сала болып суреттеледі Әдебиетші ғалымдар Шоқанның әдемі, тұжырымды аудармасына жылы мерей көрсетумен бірге, «Көкетай» жырында кездесетін тарихи­әлеуметтік сарындарға, этнографиялық суреттерге баса көңіл қойып, оларға зор ғылыми мән береді. Оларға көбірек ұнағаны әсіресе Көкетайдың өсиет сөздері: «Қылышпенен қырдыру, қымызбенен жудыру» сияқты исламнан бұрынғы салт­сананы көрсететін бейнелер не «жаз бойы қайың сауып» дейтін ұғымдар. Бірақ жырдағы «Қайың сауу» ­ мал жоқтықты, жалаңаш кедейлікті көрсететін бейне екенін П.М.Мелиоранский түсінбей, оны «қайын сауу» (қайын жұрт) болу керек деп қате болжам айтқан. Жырдың бас алыбы ­ Манастың 12­14 жасында жорыққа аттанып, бірінші рет ерлік көрсеткенін орыс ғалымдары жақсы түсініп, оны тарихи шындықтан туған, ондай жора түркі тайпаларының тіршілігінде заңды болған деп дәлелдейді, мысалға, 15 жаста ел басқарып, жорыққа аттанған Күлтегінді келтіреді. Ғалымдардың терең түсінуі бойынша, түрік елдерінің жорасында 15 жас толық кемелге келген жас болады. Оны халық мақалы да солай дәріптейді. Мәселен, «Ораздының баласы: «15­інде: «Баспын», ­ дейді, есі кеткеннің баласы: 25­інде «Жаспын», ­ дейді». Демек, Шоқан жазып алған «Манас» жырынын көп заман жоғалып жатқандығы оны тіл, әдебиет, тарих, этнография жағынан қарауға үлкен бөгет болып келді. 1931 жылы академик А.Н.Самойлович пен Орта Азия халықтарының әдебиеті туралы әңгімелесіп отырғанда, ол кісі: «Шоқан жазып алған «Манас» жырының қырғыз тексін тауып, жарыққа шығару зор игілікті іс болар еді. Бұл мәселе жалғыз біз үшін емес, шығыс әдебиетін зерттеуші ғалымдардың көбіне жаңалық болар еді», ­ деген еді. Сөз арасында отырып А.Н.Самойлович: – Мен жақын арада Алматыға барып, Орта Азия халықтарының тарихы, әдебиеті, тілі туралы лекция оқымақ ойым бар. Әдейілеп барған соң тыңдаушыға бір жаңалық айту керек қой. Бірақ қиын жері: екі нәрсені қолыма түсіре алмай жүрмін. Бірі ­ сол Шоқан жазып алған «Манас» жыры, екіншісі ­ Шәкәрімнің шежіресі. Бұл екеуі де Ленинград кітапханаларында жоқ. «Манас» жырының табылуы үмітсіз сияқты. Оны табудың соңына қырғыз тілін жетік білетін П.А.Фалев те түскен еді, бірақ ешнәрсе шықпады. Сондықтан қырғыз эпосының құрылысы туралы зерттеулерінде ол тек В.В.Радловтың жазғандарына ғана сүйенді Сіз маған «қазақ ­ қырғыз уа ханлар шежіресінен» тауып берсеңіз, көп алтыс айтар едім. Қазақстанға барудың алдында оларды оқып алмай, болмайды ғой ­ деді. «Манас» жырының бүгінде табылғанын естісе, академик А.Н.Самойлович, әрине, зор қуанышқа батар еді. Бұл қуаныш академик А.Н.Самойловичтің замандасы болған казіргі совет ғалымдарының үлесіне тиді. «Шоқан жазып алған «Манас» жыры табылды» дегенді естісімен, олардың көбінен құттықтау хаттар келе бастады. Оның ішінде В.М.Жирмунский, К.К.Юдахин, Х.Карасаев, тағы көптеген ғалымдар бар. «Манас» жырының қағаз бетіне түскенін біз бұрын бір ғана Шоқанның орысша аудармасынан не қырғыз мәтінін көзімен көрген оның қадірлі досы Г.Н. Потаниннің естеліктерінен білетін едік Жүз жыл бойы мұрағат тозаңында жоғалып жатқан бұл асыл кеніштің ақыры табылғаны «Манас» жырын зерттеуші ғалымдарға жаңадан қайнар бұлақ көзін ашты. Міне, енді сол асыл қазынаны, ол жайлы зерттеу еңбекті оқырман жұртшылықтың алдына тартуға мүмкіндік туып отыр. «Манас» жырының Шоқан жазып алған нұсқасын табуға себепкер болған Шоқанның замандас досы, белгілі татар ғалымы Хұсайын Фаизхановтың Шоқанға жазған хаттары болды. Хұсайын Фаизханов Шоқанның қырғыз­қазақ тіліндегі қолжазба дәптерлерін көзімен көріп, оған зор қуаныш білдірген кісі. Шоқанға жазған бір хатында ол былай дейді: «Тәңірі жарылқасын, мендегі дәптерлеріңізді көшіріп алуға рұқсат беріпсіз. Қазір жазып бітіргенім жоқ. Бітіргеннен кейін Романовскийге берермін. Сіздің дәптерлер арасында «Көкетай хан ертегісі» қазақ ертегілерінен біраз басқарақ көрінеді. Оны сіз қайдан алдыңыз? Ол сіздің жұртларда бек машһур ма? Соның хикаятын жазсаңыз деп өтінемін. Жақсы нәрседен көрінеді» Петербор кітапханаларында сақталып тұрған араб, парсы, түркі тілдеріндегі қолжазбаларды жақсы зерттеген оқымысты ғалым Фаизханов «Манас» жырына үңіле қарап, оның ерекше құнды туынды екендігін жақсы айыра білген. Шоқан мен Радловтан бұрын «Манас» жыры Еуропа әдебиетіне мүлде белгісіз болатын. Оның қысқаша сюжетін ең алғаш қағаз бетіне түсіріп кеткен XVI ғасырдың бас кезінде Ферғанада жасаған Сейфуддин Ахсикенти еді Бірақ Сейфуддиннің жазғандары Орта Азия халықтарының әдебиетіне кеңінен тарамай, сол дәуірдің өзінде белгісіз болып қалып қойған. Сондықтан қырғыз туралы жазған мұсаннафтардың бірде­бірі ­ Мұхаммед Хайдар, Бабыр, Хафиз, Тыныш, Искендір­Муниш, тағы басқалар бұл жазуды еш жерде атамайды. Егер сондай кісілердің біреуі атаған болса, «Манас» жыры, әрине, «Оғыз наме», «Шайбани­наме» сияқты Орта Азия әдебиетінде әлдеқашан белгілі болар еді. Алайда атақты Бабыр өзінің мемуарында Ахсикент қаласын суреттей келіп, онда бір ақын бар екенін есіне түсіреді, «Сайхұн дариясының сол жағасындағы қалалардың бірі Ахси, кітаптарда да оны ылғи Ахсикет деп жазады… Ферғана өлкесінде, Андижан болмаса, бұдан үлкен қала жоқ. Сондықтан оны Омар Шейх өзінің астанасы етіп еді, Ахсикет демекші, бұл қаланың ақыны Асираддинді «Асир­ад­дин Ахсикенти» деп атайды Бабыр айтып отырған Асираддин Ахсикенти ақын Сейфуддин Ахсикентидің өзі ме болмаса онымен замандас басқа ақын ба, ол арасын кейін айырмаса, әзірше болжал айту өте қиын. Қалайда біреу болсын, екеу болсын, бұл ақындар Ахсикент қаласының астана болып, гүлденіп тұрған кезінде жасаған, «Шайбани намені» жазған Бенаи сияқты сарай ақындары болуға тиісті. Көшпелі тайпалардың қарым­қатынасын, шежіресін жақсы білуіне қарағанда, ол мүмкін, иран тілін жүйрік білген сол жердің өз тумасы болуы да ғажап емес. Екінші жағынан, Сейфуддин өз заманында болған саяси­әлеуметтік оқиғаларға белсене қатынасушылардың көбін өз көзімен өткізіп, олардың елесін ерлік оқиға түрінде жазып кеткен кісіге ұқсайды. Сейфуддиннің жазуынша, ол тарихи оқиғаларда ең көрнекті роль атқарған қазақтар мен қырғыздар. Сондықтан Сейфуддин олардың шежіресіне, бұрынғы ерлік дәуіріне ерекше көңіл аударып, оны «Тарих жинағы» деген атпен жазып қалдырады. Тек эпос жырын зерттеу үшін ғана емес, жаңадан табылған Сейфуддиннің бұл жазуларының, әсіресе, қазақ пен қырғыз халқының тарихы, этнографиясы, мәдениеті үшін маңызы өте зор. Ендігі міндет ­ Сейфуддиннің «Тарих жинағын» көпшілік түсінетін тілге аударып, оны халық бұқарасының игілігі ету. Сейфуддин ­ «Манас» жырын бірінші рет қағаз бетіне түсіріп, оның қандай мазмұнда айтылғанын болжап кеткен кісі. Бірақ Сейфуддин дәуірінен XIX ғасырдың ортасына дейін көп заман (үш жарым ғасыр) өтіп, «Манас» жыры мәдениет дүниесінде бүтіндей белгісіз болып келген. Бұл жырды бірінші рет жарыққа шығарып, оны ғылымның игілігі еткен түу баста Шоқан, одан кейін бар әмірін түркі тілдес елдердің әдебиеті мен тілдерін зерттеуге жұмсап, жойқын еңбек қалдырған қадірлі ғалым, академик В.В. Радлов. «Манас» жырын зерттеуші ғалымдар бір ғасыр бойы осы екі саңлақты бетіне ұстап, олардың еңбектеріне сүйеніп келді әлі де сүйенбекші. «Манас» жырын Шоқан Кадет корпусында оқып жүрген кезінен ести бастады. Мұны білуге ол кезде бірнеше баянды жағдайлар болған еді. Оның бірі Кадет корпусының оқытушысы Н.Ф.Костылецкий 1840 жылдардан қазақ пен қырғыз халқының ауыз әдебиетіне терең ойысып, оның кейбір жарқын үлгілерін оқушы балаларға лекция түрінде оқып жүрді. Н.Ф.Костылецкийдіц өз басы ауыз әдебиеті мұраларын жию мақсатымен ешуақытта қырға шыққан емес, оған мүмкіндігі де болмаған. Қазақ пен қырғыз халқының ауыз әдебиеті үлгілерін ол, бірінші, мұрағаттан іздеп тапты, екінші, қырға шыққан тілмаштар, офицерлер не өзінің оқушы ­ шәкірттері арқылы жинайды. 1850 жылдан былай қарай Жетісу қазақтарының ортасында тілмаш болып, халық әдебиет мұраларын жинап, Н.Ф.Костылецкийге жіберушілер қатарында Н.В.Шебалин, А.И.Бардашев, А.Фролов кездеседі. Омбы мектептерінде оқыған қазақ шәкірттерінен Н.Ф.Костылецкийге қазақ әдебиеті үлгілерін көбірек жинап бергендер Шоқан Уәлиханов, Халиолда Өскенбаев, Мұстафа Бүркітбаев, Садуақас Анаев, тағы басқалар. Бірақ олардың жиған мәліметтерін Н.Ф.Костылецкий тек лекцияға пайдаланғаны болмаса, оны ғылыми тәртіпке түсіріп, бастыруды ойламаған. Ол кісінің бар істегені: жиып алған барлық әдеби мұраларын, қырдан келген тарихи бағалы хаттарды орыс тілінде қысқаша мазмұндап, өзінің досы, Петербор университетінің профессоры И.Н.Березинге жіберіп отырады. Ол мәліметтердің ішінде Бұғы елінің билері ­ Шапақ батырдың, Шерәлінің, Ешім батырдың, Качибек Шералі ұлының 1815 жылы генерал Глазенапка жазған хаттары бар Ең тамаша жері сол көп мәліметтің арасында «Манас» жырына кіретін екі сюжет бар, оның бірі ­ осы күнге дейін белгісіз жатқан ерлік жыры «Қоңырбай» («Ер­Нұра»), оның сыртына Н.Ф.Костылецкийдің қолымен «героический эпос» деп жазылып қойған екіншісі ­«Қарабас ұлы Манас» ­ ертегі түрінде жазылған ерлік жыры Міне, бұл мәліметтердің барлығы Н.Ф.Костылецкийдің Кадет корпусында оқыған лекциялары арқылы Шоқанға бұрыннан таныс болатын. Оның үстіне бұл кез Шоқанның өзінің де халық әдебиет мұрасын ерекше сүйіп, оның асқан жарқын түрлерін жиюға белсене кірісіп, оларды өзінің корпустегі ұстазы Н.Ф.Костылецкийге тартуға апарып жүрген шағы. Шоқанның Омбыда оқып жүрген кезі Ұлы жүз қазағы мен Алатау қырғыздарының Ресеймен байланысын күшейте бастаған да тақ еді. Сондықтан бұл елдің елшілері Омбыға жиі келіп, көп уақыт қонақтап жататын. Мұнда келетін адамдар көбінесе халықтың рухани тіршілігін, оның шежіресін, ертегі ­ жырын жүйрік білетін, кілең шешен билер, құйылма ақындар, атақты күйшілер болған. Аға сұлтан, атақты билер оларды әдейі өздерімен бірге ертіп жүретін. Олардың Омбыға келгенін шекаралық әкімдер де ұнатып қарсы алатын. Өйткені халыктың әдет­ғұрпын, рухани тіршілігін әкімдер көбінесе солардың айтуынан жазып алып, кейін Петерборға жіберіп отыратын. Қырғыз халқының жұртаралық елшісі Омбыда бірінші рет 1852 жылы болды. Бұл ­ Орта жүз қазақтарының тегісімен Ресейге қарап, «Сібір қазақтары туралы ереже» атты бірінші заңның шыққан кезі. Ұлы жүз қазағы мен Ыстықкөл қырғыздарының Омбыға келуінің басты себебі осыған байланысты. Бұл алғаш келген қырғыз елшілерінің құрамында ол кездегі атақты билердің ұрпағынан Әкімбек Олжабаев, Әлімбек Япалаков, Алғазы Качибеков, Мәмбет Үмбетов, Бекбау Айтназаров, Тоқтоғұл Исенбаев, Сербек Исенов болады Бұлар Омбыдан еліне қайтқанда оларды Шубин бастаған қосын Ыстықкөлге дейін шығарып салады. Қосынның қатарында атақты емші Зибберштейн де болды. Мұның бір қызық жері, Зибберштейн Ыстықкөл төңірегіндегі қырғыз ауылдарын бірінші рет емін­еркін аралап, талай жерде күні­түні жыр айтатын жыршылар тобына кездеседі, бірақ қандай жыр айтқанын түсінбейді, тек жырды көп айтатын сауыққой ел екеніне көңіл қояды. Ондай сауық­думанды Зибберштейн, әсіресе Жырғалаң өзенінің бойын жайлап отырған Олжабай ауылынан көреді Сарыбағыш биі Сартай бастаған екінші елшілік Омбыда 1848 жылы болды. Бұл екі елшінің мәжілістеріне Омбының шекаралық әкімдері белсене қатынасып, қырғыз халқының тарихын, шежіресін, тұрмысын білуге ерекше көңіл қойды. Соңғы елшілік мәжілісіне тілмаш ретінде Омбыда оқып жүрген Шоқан да қатынасады, Сартайдың суретін салып алады Омбыда ол кезде қырдан келген билерге, сұлтандарға арналған мейманхана болған. Ол қонақүй болуымен бірге, ойын­сауық құратын, көңіл көтеретін, білікті адамдар, ақындар, әншілер кездесетін мәдениет сарайы сияқты да болған. Ол үйде әрбір аға сұлтан, атақты билердің қасына еріп келген ақындар айтысқа түсіп, Шөже сияқты атақты ақындар ұзақ жыр айтып, Қанғожа, Тәттімбет сияқты күйшілер ой түсіретін толқынды күй тартатын болған. Мұндай атақты адамдардың бас қосқан кезінің ешбірін де Шоқан бос жібермейді. Міне, осындай мәслихат, жиындарда «Манас» жыры жайлы да әңгіме болмауы мүмкін емес. «Манас» атымен байланысты шежіре сөзді Шоқан ең алғаш К.Л. Врангельдің жазбаларынан оқиды Врангельді осы күнгі әдебиетте кейбіреулер Франель деп жазып жүр бірақ біздің соңғы зерттеуіміз бойынша бұл жаңсақ. Ондай билеуші Жетісу өлкесінде 1848­ 1849 жылдары болған емес. Бұл ­ Шоқанның жазуларын бірінші рет баспаға дайындағанда кеткен қателік Архив мәліметтері бойынша, ол кезде (1849) Жетісу өлкесін билеген барон Врангель жоғары білімі бар, осы орынға әдейі арнап қойылған кісі Ол өзінің қарамағындағы түркі тілдерін жақсы білетін тілмаштар (Фролов, Бардашев, Нифантьев) арқылы Ұлы жүз қазақтары мен қырғыз халқының шежіресін, аңыз сөздерін, ертегі жырын жинап, Омбыдағы шекаралық комиссияның қарамағына жіберіп отырады. Тегінде қазақ пен қырғыз халқының ертегі ­ жырын, шежіресін, қария сөзін жинауға түу баста ой түсіріп, із қалдырған сол шекаралық комиссияда жұмыс істеген декабрист И.Штейнгель мен М.В.Ладыженский екені байқалады Олардан басқа XIX ғасырдың 30­40 жылдары қазақтың халық әдебиетімен әуестенген кісілер И. Беленицин мен А.А.Сотников. Қырғыз шежіресін жаздырып алған Врангель ­ сондай кісілердің бірі. Ол шежіре бойынша, қырғыз халқының арғы атасы Қырғызбай ноғайлының биі Манас пен оның баласы Семетейден бөлініп, екі баласы Адыгене мен Тағайды ертіп, Іле өзені бойынан ауып, оңтүстікке кетеді. Үлкені Адыгене Памир, Алай, Бадахшан тауларының арасын қоныс етіп, кішісі Тағай Ыстықкөлді төңіректеп қалады Taп осы мазмұнды аңызды А.И.Бардашев те жазып алған Бұдан көрінетін шындық: Шоқан қырғыз жеріне бармас бұрын «Манас» жыры туралы көп естіп, оған құлағы әбден қанық болған, қырғыз халқының рухани тіршілігіне байланысты мәліметтерді көп оқыған. Сондықтан да кейін Ыстықкөл сапарына шыққанда Манастың есіміне байланысты жер аттарын, тарихи әңгімелерді қалт жібермей, мұқият жазып алып отырады. Мұның бір тамаша жері: Манас туралы әңгімені Шоқан Жетісу өлкесіне кірісімен Ұлы жүз қазақтарының өзінен ести бастайды. Шоқан 21 май күні (1856) Қарқараға жақын тұратын Құсмұрын тауын аралап жүргенде, «Манастың Бозтөбесі» деген атақты жерге кездесіп, ол туралы «Ыстықкөл дәптеріне» халық аузынан тарихи өте бағалы бір аңыз жазып алады. «Шарын өзенінің бойында», ­ дейді Шоқан, ­ «Құсмұрын Бозтөбесі» деген қамалдың орны бар. Ол анадайдан жеке қара көрініп тұрады. Ежелгі қария сөз бойынша, халыктың эпикалық тамаша жырында айтылатын ер Манас бұрынғы заманда қауғырастар мен (қара қытай) соғысқанда, ордасын осы арада құрған деседі» Бұл аңыз «Манас» жырынын өзінде де осы қалыпта айтылады. Олай болса, жырда жиі айтылатын «Манастың Бозтөбесінің» тарихи орны осы күнге дейін Шарын өзенінің бойында сақталып келген, ол туралы мәліметті бірінші болып Шоқанның жарыққа шығарғаны аса игілікті іс еді. «Манас» жырын жазып алардан бұрын Қарқара, Шарын өзендері бойын аралап жүріп, Шоқанның мұндай бағалы терең пікір айтуы («эпикалы тамаша жыр») оның бұл жырды бұрыннан ­ ақ жақсы білетіндігін көрсетеді. Бұл ­ «Манас» жыры туралы Шоқанның аузынан шыққан алғашқы сөз. Егер Бозтөбеге соқпай, басқа жолмен кетсе, бұл сөз айтылмай да қалған болар еді. Бірақ Шоқан «Манастың Бозтөбесін» көрмей кете алмаған. Қарқара, Бозтөбеден кейін Шоқан «Манас» жырынын. тұнық жатқан соны жеріне кездеседі. Бұл жырды ең алғаш Ыстықкөл төңірегін зерттеуге бара жатып, Түп өзені бойында бір жыршыдан естиді. Ол жыршыға жолықпас бұрын Шоқан 24 май күні (1856) Қарқара жайлауында бас қосқан қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының кеңесіне қатынасып, мәжіліс үстіне Бұғы елінің басшылары Боранбай, Муратали, Шоң Қараш, Қачыбекпен кездеседі Бірінші рет олармен араласып, қырғыз халқының шаруашылығы, мәдениеті, рухани тіршілігі, жора­жосыны, ертегі жырымен танысады. Бұл туралы Шоқан өзінің «Жоңғар барлауында» былай деген: «Менің қырғыз жұртшылығымен таныса бастағаным 1856 жылдан былай қарай. 1855 жылы қырғыздың ұлы манабы Боранбай өзіне бағынатын рулармен орыс патшалығына қарады. Қырғыз халқының сұрауы бойынша 1856 жылы полковник Хоментовский бастаған бірінші экспедиция шықты. Оның мақсаты қырғыз халқымен жақынырақ танысып, олардың жерін картаға түсіру еді. Мен осы экспедицияға қатынасып, Боранбайдың ауылында болдым. Қырғыз халқының бірінші қария сөздерін жинап, олар туралы бір барлау жаздым, кейінірек Сарыбатыш, Солты тайпаларының ортасында болдым. Ең соңында осы сапарға бара жатып, олардың Қашғарға дейін қоныстап отырған байтақ мекенімен таныстым» Ыстықкөл саяхаты Шоқанның есінен кетпеген жарқын күндер болған. Өйткені қырғыз халқын зерттеу жолында бұл саяхат жас ғалымның алдынан толып жатқан дүниелер ашып, қырғыз халқының тарихы, жұртшылығы, рухани байлығы туралы байтақ, тұнық деректер жинап алуға мүмкіндік туғызған. Бұл сапарын Шоқан әрқашан ұмытпай, әрбір жазуларында есіне түсіріп отырады. Өзінің «Қырғыз халқы туралы» атты мақаласында бұл сапарын былай деп есіне алады: «Ыстықкөл экспедициясына қатынасқан күндер сондай баянды болды. Екі ай бойы қырғыз халқының ортасында еркін жүріп, көптеген күрделі мәліметтер жинап алдым, әсіресе халықтың ертегі жырын, тілін зерттеуге көбірек ой бөлдім». Тарихи заманнан ертегіге бөленген жыр алыбы Алатау, оның қойнауларын еркін мекендеген қырғыз бен Ұлы жүз қазақтары Шоқанның көңілін ерекше тартып, олардың ертегі жырын, қария сөздерін, аңыз әңгімелерін, шежіресін көбірек жазып алуға қызықтырды. Бұл тұнық жатқан халық қазынасын Шоқаннан бұрын ешкім жазып алмаған еді. Оларды жазып алуды жиырма жастағы Шоқан зор игілікті іс деп таныған. «Тау қырғызын аралап жүрген сапарымда, ­ дейді Шоқан ­ қаншама этнографиялық жазулар, тарихи әңгімелер, санақ мәліметтерін топтадым. Қырғыз бен үйсіндердің халық әдебиет үлгілері менің жазуларымда бірнеше дәптерден құралады». Демек, бұл жазу бойынша, Шоқанның үйсін мен Алатау қырғыздарының халық жырына арналған әлденеше қолжазба дәптерлері болған. Шоқанда ондай дәптерлердің көп болғаны жайды мәлімет бірнеше жерде кездеседі және ол дәптерлердің кейбіреуі осы күнге дейін отанымыздың мұрағаттарында сақталып тұрғаны байқалады. Өз уағында бұл дәптерлерді Шоқанның жақын досы Хұсайын Фаизханов та оқып, қолынан өткерген. Бір өкінішті жері: мұндай қолжазба дәптерлер Шоқан қайтыс болған соң әрбір кісілердің қолына тарап кетіп, оны анықтап ретке түсіру қазір ең қиын мәселеге айналған. Г.Н.Потаниннің айтуынша, Шоқанның Алатау қазақтары мен қырғыздар туралы жазып алған мәліметі өте байтақ болған. «Оның шет жағасын мен өз көзіммен көрген де едім. Шоқан тау қырғыздарының «Манас» туралы айтатын ұлы ертегісін жазып алып, оның бір үзіндісін маған оқып көрсеткен де еді. Осының бәрі қайда қалғаны белгісіз. Оның кейбіреуі Тезектің ауылында жоғалуы анық» Дегенмен «Манас» жырының табылуына қарағанда, Шоқанның Ұлы жүз қазақтары мен қырғыз халқының ауыз әдебиет мұраларына арналған дәптерлері тегісімен жоғалып бітті деуге болмайды. «Манас» жыры сияқты олар да әрбір архивтің түкпірінде жасырынып жатқаны күмәнсіз. Алдын ала зерттеулер осылай деп топшылауға негіз береді. Біздің байқауымызша, Шоқанның жоғарыда айтылған дәптерлері революциядан бұрынғы күншығысты зерттеуші ғалымдардың архивтерінде сақталып келген. Және ол дәптерлердің Шоқанның өз қолымен жазылған түпкі нұсқаларынан басқа тағы да Фаизхановтың қолымен жазылған көшірмелері болған. Фаизхановтың хатындағы: «Сіздің дәптерлерді әзір көшіріп болғаным жоқ, бітірген соң Романовскийге тапсырамын», ­дегені мұны ашық көрсетеді. Анығын айтқанда, Шоқанға тиісті дәптерлердің бірнешеуі қазірдің өзінде табыла бастады. Ол табылған дәптерлердің кейбіреуі «Көкетай хан ертегісімен» бірге топталған. Олардың бірі түгелімен Шоқанның өз қолымен жазылған. Оның мазмұны ­ бір ғана қырғыз халқының мифі, ертегісі, аңыз әңгімелері. Ал екінші дәптер Кенесары қолының Алатау қырғыздарымен соқтығысқаны туралы тарихи оқиғаға арналған Шоқанның өзге дәптерлерінен ғылыми аса бағалылары ­ «Едіге жыры», «Қозы Көрпеш ­ Баян сұлу», «Қоңырбай», «Ер Нұра» («Манас» тобына кіретін ерлік жыры), «Күмісхан» яки «Қарабас ұлы Манас», мақал сөздер, жұмбақтар, тағы басқалар» Шоқан өзінің көп жерде айтқан ойларында қазақ пен қырғыз халықтарының әдебиет мұраларына ерекше мән беріп, оларды жиып зерттеуді зор игілікті іс деп таныған. «Әрбір халықтың, ­ дейді Шоқан, ­ әдеби мұраларын зерттеудің этнография үшін керектігін ғалымдар әлдеқашан ескерткен. Өйткені халықтың тұрмысы, оның қылығы, оның дүниетануы мұнда ашығырақ сипатталған. Өздерінің мәдениет мұраларын ерекше сүю, ертегі, жыр байлығын мақтаныш ету ­ әсіресе Орта Азиядағы көшпелі елдердің айрықша қасиеті. Олардың аңыз­ жырларын, қария сөздерін әрбір тайпаның басынан кешірген тарихы, соларды еске түсіру деуге болады, ондай аңыз әңгімелерді сәуегейдің сөзіндей еске сақтап, оны бірден­бірге жеткізіп отырушылар ­ әрбір ру ішіндегі қариялар. Олар оны заң жосыны ретінде, белгілі ақын­жыраулар тобы ұрпақтан­ұрпаққа жеткізіп отырған, ұзақ дастан түрінде сақтап келген. Бүгінде қолданылмайтын, жырда кездесетін көне сөздер олардың тым ерте дәуірде шыққанын көрсетеді» Шоқан халық аңыздарының үш түрлі саласына ерекше көңіл бөлген: бірінші, қазақ пен қырғыз халқының ерте заманнан келе жатқан мифтері, аңыздары, оның ішінде ескі дәуірдегі көшпелі түрік ­ моңғол тайпаларының түбі «көк бөріден», «көк бұқадан», «ақ маралдан» таралды дейтін мифтер, «Бөрте ­ шене», «көк бері», «көк бұқа», «Төбе көз» не «Жалғыз көзді дәу» туралы айтылатын аңыздар. «Азия көлемінде, ­ дейді Шоқан, ­ бір жерден бір жерге ауысып жүретін аңыз­ертегілер, жырлар өте көп. Соның бірі ­«Одиссей» жырында кездесетін жалғыз кезді дәу, яғни циклоп Полифем. Бұл аңызды қазақ даласы да біледі. Жалғыз­ақ мұнда циклоп адам жейтін дәу түрінде суреттелсе, Одиссейдің ролін Батырхан атқарады» Шоқанның анықтауынша, тарихи аңыздың не қария сөздің ғылыми бағалы түрінің енді бірі ­ әрбір тайпаның қайдан таралғанын көрсететін тарихи шежірелер Шоқан бірінші рет қырғыз халқының тарихи шежіресін толығынан жазып алуға ерекше көңіл бөлген және сол шежіре бойынша халық жырында айтылатын ескі заманның алыбы ер Манастың қай ұлыстан шыққанын анықтауға, оның қай кезде болғанын айыруға көп ой жұмсаған Абылғазы шежіресіндегі: «Қырғыздар оғыздан таралды» деген анықтауға үңіле қарап, қырғыз халқы ортасынан соған орай аңыздар іздейді.

Читайте также:  Саяси қоғамдардың пайда болуы туралы

Оставить комментарий