«Манастағы» көкетай ханның ертегісі

«Манас» жырының қырғыз тексі ­ XIX ғасырдың орта кезінде Ресейде қолданылған қалың ақ қағазға жазылған, қырық жеті беттік жеке дәптер. Шоқанның 1856 жылғы қырғыз халқына арнаған өзге жазулары да осы көлемдес қалың ақ қағазға жазылып отырған. «Манас» жырын Шоқан ғасырлар бойы Орта Азия мен Қазақстан жерінде қолданылған, «түркі» деп аталатын дәстүрлі араб емлесімен жазған. Мыңжылдық тарихы бар, көп ғасырлар ішінде қалыптасқан бұл жазудың тарихи дәуірлерде болған саяси, мәдени тіршіліктегі орны аз болмайтын. X ғасырдан бастап, соңғы дәуірге дейінгі Орта Азия мен Қазақстанда, Орал, Еділ бойында жасаған саңлақ көзі ашық адамдардың барлығы өзінің ойларын қағаз бетіне бір ғана осы жазумен түсірген. Шағатай ақындарының өлеңдері, атақты Бабырдың, Қадырғали Жалайырдың, Абылғазының тарихи жазулары, Бұқар жыраудың, Абайдың жырлары, Сырым Датовтың нақылдары бір ғана осы жазумен сақталған. Бұл жазумен сақталған тарих, шежіре, әдебиет, тіл мұралары аз емес, оның мысалына «Қорқыт» әңгімесін, «Оғуз наме», «Мухаббат наме», «Шайбани наме», «Шыңғыс наме», «Абушка», «Сандақ», тағы басқа қолжазбаларды келтіруге болады. Қазақ, қарақалпақ, ноғайлар айтатын XIII­XVI ғасырлардағы ерлік, махаббат жырларының көбі осы жазумен сақталып келді. Олардың ішінде «Қозы Көрпеш ­ Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Едіге», «Ер Сайын», «Ер Тарғын», тағы басқалар бар. Олардың ертеректе жазылған нұсқалары қолжазба түрінде осы күнге дейін дүниежүзілік атақты кітапханаларда сақталып келеді. Олармен қатар XVI­XIX ғасырлардағы қазақ халқының Орта Азия, Ресей, Қытай мемлекеттерімен елшілік, жұртаралық қатынастары да бір ғана осы жазумен жүргізілген. Шоқан жазып алған «Манас» жыры ­ сондай тарихи жазулардың бірі. Ол тек архивте жоғалып жатқандықтан, әдебиет жүзіне шықпаған. Жарық дүние көргеннен кейін шығыс әдебиетін, тілін зерттеуші ғалымдардың оған үңіле қарауы тиіс. Қолжазбаның жалпы түріне қарағанда, «Манас» жырының қырғыз тексі Шоқанның өз қолымен жазылмаған. Шоқан оны қасына еріп жүрген, арабша бірталай жақсы білетін қазақ жігіттерінің біреуіне жаздырғаны байқалады. Қазақ жазғаны бір сөздің әр алуан жазылуынан және кейбір қырғыз сөздерін қазақшаға жақындатып жазудан ашық көрініп тұр. Бірақ ондай жерлерін Шоқан өз қолымен түзетіп, қазақша жазылғандарын қырғыз фонемасымен өзгертіп отырған (түйе ­ төө, құладын ­ құлаалы, текеге бұты шалысқан ­әкеге бұты шалысқан, жолына ­ йолына, айналған ­ айланған, түрмайма ­ түрбайма). Дегенмен қырғыз тілінің заңынан асып кеткен жерлер соншалық көп емес. Шоқан өзі бірге отырып жазысқан соң, қырғыз тілінің дыбыстарын дұрыс беруге тырысқан. Бірақ ол жыршының айтуына ілесе алмай, асығып тез жазғандықтан, көп сөзден қате жіберіп отырған. Мәселен, тауға туып, тасқа өскен ­ тауда туып, таста өскен, көк ала ат ­ көк ала ат, ырғай бойлу ­ ырғай моюн (жылқыға ырғай бойлу салыстыру келмейді), алчлануп ­алчандап (аяғын алчандап басу), сары башыл ­ сары баш ат, иалқар ­ йарылқар, талбар ­тұлпар, бөксесінің ­ бөксесі оның, жез илек ­ жез білек, Құттыбайдың қуу жігіт ­Құтнайдың қуу жігіт. Асығыс болғандықтан, кейде екі сөзді бірге қосып жазған (Құлай ­құл ай чагыпила ­ чагып ила, қыпқысық ­ қып қызық). Мұндай қатенің барлығы жазушы жыршының дауысын жақсы естімегендіктен болған. Тіпті ести алмаған жерлерін жазып алушы ақ бойынша қалдырған. Бірақ ондай жердің барлығын Шоқан өз қолымен түзетіп, қалып қойған жерлерін толтырып отырған (набазасын тіреген ­ найзасын көкке тіреген, түйедей ет ­ төбедей ет, юзар ­ бұзар, сын жігіт ­ сұм жігіт, рүс сөз ­ арүс (арыз) сөз, арт құлағын, арқа ­ құлағын т.б.). Жалпы айтқанда, жазылып біткен беттерді Шоқан қолма­қол қадағалап қарап, жыршының айтуына үлгере алмай, қалып қойған сөздерді не қате жазылған жерлерді жыршыға қайтадан айтқызып, қолжазбаның мүлтіксіз болуына ерекше көңіл бөлген. Мұны Шоқанның өз қолымен толықтырып жазған жолдар, жол арасына қосып жазған ұйқастар ашық көрсетеді (1­9 беттер). Мәселен, Айға баққан ақ сарай, ақ сарайлап қойды дейді, Астындағы Мәнекер еш өнерін көрмедім (4­қағаз); Оны ондай қорқытты, Ыстықкөлдей толқытты (4­қағаз). Асымды билеп берсін деді, мүшесін артық жесін деді (5­ қағаз арқасы), тағы басқа түзетулер. Шоқан қазақ пен қырғыз халқының тілін аса жүйрік білген. Оны «кемеге басты қылыпты» дегенді ­ «кемеге басты болыпты» деп түзету, «толып жатқан кұраманы тел қозыдай жайғызып» деп қате жазылған сөзді ­«тел қозыдай жағызып», «құнан мініп қошулуп дегенді ­ «құнан мініп, куш салып», «елді тояқ қалыд» ­ «елді тоят қылды» (тойғызды, бектірді, лашын тоят қылды) деп әдемі түзетулер айқын суреттейді. Болмаса додөгелі биік боз үйді төске жоңлы тігемін ­ төске жолай тігемін, бекіп қалған бейшеттің ­ бейшіннің, Жаңғарұлы Бекерек ­ Белтерек, т.б. Кейбір бүгінде түсінбейтін көне сөздердің мәнісін Шоқан жыршыдан ауызба­ауыз сұрап, олардың орысша түсініктерін жолдың үстінен не астынан беріп отырған. Мәселен, нарын ­тарелка, мамбе ­ привязь, бэрэн ­ скакун, өңі саз ­ холодный (суровый), көзотаға ­коралловый шарик, он­сан ­ десять тысяч, қыйыдү ­ вещий, қоңба бел қабамын ­ угроза, айланғыс туған ­ не показывающий сонму, бұта атым (оқ атым) ­ расстояние полета стрелы, тағы басқалар. Қиын жазылатын сөздер мен кісі аттарын орысша әріппен анықтауға тырысқан. Кейбір өзіне түсініксіз болған қырғыз сөздерін қазақшамен анықтап отырған (айбан ­ хаюан, кемеге ­ жер ошақ, қолтурмаш ­ ашамай, жыртышны қаба берді дейді ­ жыртысты көп берді дейді; жақтыға жай бермес ­ жағы барды сөйлетпес, қыйыдү ­адам тілдес), жазып отырған кісінің жіберген өзге қателерінен ­ «әулиенің басындан» ­батасынан, «құдайдың ырағысы» ­ ыранысы деген түзетулерден көруге болады. Көп жерін Шоқан сиямен, қарындашпен араластырып түзеткен. Өлең ұйқасынан асып кеткен сөздерді жекелеп, жақшаның ішіне алып отырған. Ойдың толық біткен жерлерін сол кездегі баспа әдебиетте қолданған үлкен жұлдыз нүктелермен белгілеп отырған. Бұл нүктені Шоқан «Едіге жырын» жазып алғанда да қолданған. Шоқаннан басқа халық әдебиетін жазып алған өзге кісілердің бұл нүкте белгісін пайдаланғандары бүтіндей белгісіз. Кейбір қиын сөздердің үстінен түсінік берудің белгісін қойып отырған, бірақ түсінік көп жерінде берілмей бос қалған. Ер Төстік туралы (орысша берген түсінікте) былай деген: «Иртустик был в связи с детьми Векторы Мергеня и прижил сына, которого мать бросила в степи. Кукотай хан нашел ребенка и усыновил. Это был Бокмурын. Ир Тустик был красивейший из алыпов». Бүл жоғарыда келтірген мысалдар бойынша, 21 жастағы жас ғалым Шоқан Манас жырынын тарихи, этнографиялық маңызына аса көңіл қойып, оны асықпай отырып ғылыми негізде жазып алуға тырысқан; оның әрбір жыр шумақтарына, сөздеріне, кісі, жер аттарына зор мән беріп, олардың ғылыми дұрыс жазылуына ерекше көңіл бөлген. Шоқан жазып алған қолжазбаның бір ерекшелігі эпикалы қайталап айтылатын жырларды мұнда бір жерде тана беріп, өзге шумақтарда «и прочее» мен қысқартып отырған Мәселен, Көкетайдың өсиет сөзінің қайталауы, сауын айтып асқа шақыра барғанда бәйгеге қандай жүлде тартудың қайталауы, Мәнекердің шабысын қош жолын суреттеудің қайталауы, тағы басқалар. Кейбір шумақтар өте асығыс жазылған, оларда өлең ұйқасы бүтіндей жоқ, көп сөз, бунақтар қалып отырған. Ондай қалып қойған жолдарды, жоғарыда көрсеткендей, Шоқан өз қолымен толтыруға тырысқан, бірақ тегіс толтыруға уақыты болмаған. Толтырмақшы болған шумақтардың соңынан, жиегінен жұлдыз не қанат белгілерін қойып отырған. Тегінде жазушының үлгеруіне не жыршының айтуға көңілі түсуіне байланысты болуы керек, кейбір шумақтар толық жазылмай, аяғы қалып қойып отырған не өте қысқартылып жазылған. Мәселен, қырғыз елінің Ертіске қалай көшкені толық баяндалмаған. Мұнда бар айтқаны: «Жалаңаш жүрген шақырға шапан шешіп берді дейді… көшіп берді дейді». Шоқан шумақтың жеткіліксіз екенін бірден айырып, жолдың үстінен орысша: «откочевал к Иртышу» ­ деп өзі үшін жазып қояды. Ер Қосайдың асқа шақыра барған жас Айдарға айтқан сөзі, Айдардың жауабы және Қосаймен қоштасуы өте шала жазылған. Боқмұрынның алыптарға айтқан арнау сөзі Жайма Кекілдің аузынан тегіс айтылмай, қысқартылып жазылған. Кемегенің басында даңғаза шығарған қалмақтардың бассыздық істерін Шоқан әдейі жазбаған болуы керек. Манастың: «Жолаймен соғысамын», ­ деп, ел елге кісі жіберіп, ат, қару, әскер сұратқан жері де қысқа жазылған. Мүмкін, негізгі ойды мұнда «Көкетай хан» жырына аударғандық болу керек. Бірақ Шоқан бір ғана «Көкетай хан» жырының шеңберінде қалмайды, «Манас» жырының бірнеше уақиғаларын қысқа­қысқа жазып алуға тырысады. Шоқанның көңіл аударған нәрсесінің бірі ­ «Манас» жырының тілі, оның сыртқы құрылысы, өлең өлшемі. «Қырғыз жыршысының айтуынан жазып алған «Манас» жырының тарауы, ­ дейді Шоқан, ­ тегінде қағаз бетіне бірінші рет түскен қырғыз сөзі болуға тиісті. Мен оны орысшаға аударып және бүгінге дейін белгісіз болып келген елдің тілімен шығысты зерттеу ғалымдарын таныстыру мақсатымен бір кішкене сөздік жасамақ ойым бар». Мұны айыру үшін Шоқан жырдың бас жолдарын өлшеу тезінен өткізеді. Мәселен, Ал//тұн Ер/нүн Қа//шы Е//кан А//та юрт/нүн ба//шы Е//кан Қырғыз халқының жыр құрылысына тоқтай келіп, Шоқан былай дейді: «Халық жырының бір түрі ­ тайпалардың соғысы мен батырлардың ерлігін суреттеуге арналған эпикалы әңгімелер. Бұл жырдың өзіне тән өлшеуі мен ұйқасы бар. Жыр шығарудың негізгі амалы мұнда мегзеу, үн ұйқасына сүйенген. Басқа түрде айтқанда, бірінші жыр мен екінші жырдың соңы ұйқасып отыруда»

Читайте также:  ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ТУРАЛЫ РЕФЕРАТ

Оставить комментарий