Манжур­-Қытай отаршылдығы дәуіріндегі ұйғыр әдебиеті

Қоғамдық ғылымдар саласында әр ел ғалымдары әр дәуірде, әр түрлі атпен дәйектеп келген аты шулы патшалықтың бірі Чиң паташалығы болатын. 1644-­1911 – жылдар аралығында бүкіл Қытайға билігін жүргізген бұл патшалықты құрып негізін қалағандар бұған дейінгі Қытайды билеген әулеттік патшалықтар сияқты ешқашан да Қытай нәсілді халықтардан шықан емес. Арғы жағын айтпағанның өзінде әйгілі Тәбғаш хандар билеген «Таң патшалығы» (618­907) ыдырағаннан кейін шаңырақ көтерген Лияу (907­1125) қара қытай немесе Кидан патшалығын құрғандар Тұңғұс текті тобалар мен хұндардың арасынан шыққан кидандар еді. 1032­1227 – жылдар аралығында салтанат құрған «Батыс Шия» мемлекеті негізінен таңғұттардың билігіндегі патшалық болды. 1115­1234 – жылдар аралығында салтанат құрған «Жиң» (Алтын) хандығы да тұңғыс­ таңғұт­тибеттіктер мен қытайлардың билігіндегі патшалық еді. Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары бүкіл әлемнің жартысын билеген дәуірдегі Қытайдың жағдайы біршама түсінікті. Ресми тарих бойынша айтқанда 1279­1368 – жылдар аралығында салтанат құрған «Юан патшалығының» негізін қалап ғасырға жуық билік жүргізгенде Құбылай мен оның тақ мұрагерлері болатын. Құбылай тақ мұрагерлері арасындағы билік таласы мен олардың моңғолдың дәстүрден қол үзіп қытайланып, қытайшыл болып кетуінің салдарынан биліктен айырылып қалды. Билік қытайлар құрған Миң хандығының қолына өткендей болғанымен Қытай бір тұтас империялық қуатынан айрылып бір неше иелікке бөлініп, өз ара қырқысып жатты. Бұл аралықта Халқа моңғолдары мен Жоңғариялық моңғол тайпалары да күшейіп Миң хандығы бақылауынан әлде қашан шығып кеткен болатын. ХҮ ғасырдың бас кезінде ұлы қорғанның Шығыс солтүстігіндегі тұңғұс текті Жұржұттар бас көтеріп, зор күшке айналды. Жұржұттар дегеніміз біздің эрамыздан бұрынғы 200­жылдар шамасында Хұндардың құдіретті билеушісі Мете қаған талқандап, жойып жіберген прото моғол­тұңғыстардың ұрпағы болатын. Олардың аман қалған біраз бөлігі У Хуаң, Шәнби тауларын паналап, өсіп­өніп ол таулардың атымен Ухуаң­Шәнбилер деген атпен Қытай Орда жазбаларына түскен. Біздің заманымыздың басында Хұндардан бақ тайды. Хан патшалығы оңтүстіктен, шығыс солтүстіктен Ухуаң­ Шәнбилер, батыстан Үйсіндердің сұрапыл соққысына тап болып күйрей жеңілген хұндар батысқа үдере қоныс аударған тұста бос қалған ұлы қорғанның сыртындағы бүкіл өңірге Ухуаң сәнбилер келіп орнығып қалды. Қытай жазба деректерінде б.з. ІІІ­Ү ғасырынан бастап бұл халықтардың аты Шидан­Кидан түрінде және Жуан­жуан, Жужан (бауырымен жорғалаушылар, құрттар т.б.) түрінде кемсітілген мағынада қағазға түсе бастады.. Жужан (Жуан жуандар) ҮІ ғасырдың орта шеніне дейін түріктерді темір қорытушы құлдар ретінде бодандықта ұстап келді. Ал түріктің ел қағаны 552­жылы көк түрік қағанатын құрардан бұрын жужандардың 50 мыңдық адамын өзіне қосып алып Жужан патшалығын тізе бүктіргеннен бастап бір бөлім жужандар бағынбай батысқа үдере көшіп Қап тауына дейін шығандады. Жаңа жерде оларды ауарлар (жер ауып келген дегенді білдіреді) деп атады. Ал шығыста өмір сүретін Жужан­Жұржыттардың бір бөлегі ұлы қорған маңына, шығыстағы байырғы ата­мекеніне ығысып кетті. Жылдар өте келе Жужан­Жүржіттердің жан саны көбейіп күшейе бастайды. 1616­жылы олардың басшысы Нұрқаш (1559­1626) елінің басын қосып, «Соңғы Жин» хандығын құрады. Астанасы Хатуала (Шинйаң) қаласы болады. Ал 1636­жылы оның баласы Хуаңтайжий патшалығының атын «Чиң» (45) деп атап, астанасын Бейжин қаласына көшіреді. Содан бастап, ол бүкіл Қытай жерін өзіне бағындырып, 1644­жылы әйгілі «Чин патшалығын» құрып шығады. Тарихта оның аты бірде «Манжу го», бірде «Манчиң хандығы», бірде Манжур­Қытай патшалығы, кейде Қытай богда хандары деп түрліше аталып келді. Осы арада Чиң патшалығының «Бүкіл Қытайды бірлікке келтіруі» деген тіркеске аздап түсініктеме бере кетудің қажеттілігі туады. Өйткені Қытай тарихшылары әр кезде жазған тарихи, әдеби оқулықтар мен ресми тарихтарында және әр түрлі сөздіктерінде ғылымға да, тарихи шындыққа да үйлесе бермейтін ұлы держауалық пиғылда жазылған анықтамалар мен түсініктемелер жиі беріледі. Басқасын былай қойғанда соңғы 15­20 жылда жазылған тарих оқулықтары мен сөздіктерінде [46] мынадай мазмұндар қайталана беріліп жатады. 1994­жылы құрастырылған «Тарихи білім сөздігінде: «Чиң патшалығының алғашқы кездегі шекарасы батыста Памир тауынан өтіп, терістікте Балқаш көлінің солтүстік жағасына жетіп, солтүстікте Сибирямен тұтасты, шығыс терістікте Хилұңжияң (Уссурий өзені) өзенінің солтүстігіндегі сыртқы Хинган тауы мен Куне (Сахалин) аралына дейін барып жетті…» [47] деп ашық жазады. Баршаға мәлім болғанындай, бұл дәуірде Манжурлар құрған «Чиң патшалығынан» мүлде тәуелсіз әлде неше мемлекеттер өз алдында дербес, терезесі тең мемлекттер ретінде өмір сүріп жатпап па еді? Басқаны айтпағанда 1679­жылға дейін ұйғырлар Жаркент қаласын астана еткен құдіретті «Жаркент­Саиидия хандығын» құрып шығыста Құмұлға дейінгі аумақта бір тұтас мемлекет болып тұрмап па еді. Ал Чиң патшалығының алғашқы кезінде­ақ Қытайдың батыс солтүстігін тұтастай билей бастаған уалалар (кейінгі ойраттар) құрған жоңғар хандығы қалайша Чиң патшалығына бағынышты делінбек? Қытай тарихшыдары мен филологтарының мәселені бұлай қоюында алысты көздеген ұлы держауалық мақсат бар болатын. Атап айтқанда, мәселе біз қарастырып отырған Шығыс Түркістан жерін басып алған 1758­1759 – жылғы отарлық жаулаушылықты ақтап алудың тарихи негізін қолдан жасауға ұрыну әрекетінде жатыр. Чиң патшалығының бұл реткі жаулаушылық жорығы қытайдың ресми тарихында «Чиң патшалығының Шиңжияңды бірлікке келтіруі» немесе «…Чиң династиясының (1616­1911) Тәңіртауының оңтүстігі мен солтүстігін қайтадан бірлікке келтіруі (1759­жылы), деп жазылуын қалай түсінуге болар екен? Бұған қандай тарихи дәлел, нақтылы құжат пен жауап беруге болады? 1759­жылға дейінгі мыңжылдықта қытайлар немесе Чиң патшалығы қашан, қай жерді иелеп, билігін жүргізген екен? Тәуелсіз көршілес елдер арасындағы барыс­келіс, алыс­беріс, сый­сияпат, тарту­таралғы ұсыну дегендер ежелден қалыптасқан дипломатиялық үрдіс қой. Кейде тіпті қалыптасқан геосаяси жағдайға қарай бір елдің басшыларының екінші бір елден әскери көмек сұрауы да әбден қалыптасқан еларалық қалыпты жағдай. Біз бүгінгі қалыптасқан мемлекеттік шекаралардың дауын қоздырайық деп отырған жоқпыз. Әйтсе де ол шекаралардың қандай әділетсіз, қанды соғыстармен қалыптасқанын жақсы біле тұра күштілердің сызған сызығымен ғана жүріп, солар астамшылықпен жаздырған тарихты малданып отыра алмаймыз. Шығыс Түркістанның арғы­бергі тарихын ұзақ жылдар бойы жүйелі зерттеген профессор Нұржамал Алдабек ол туралы былай дейді: «…ХҮІІІ ғасырдың ортасында циндік Қытай өзіне қолайлы халықаралық оңтайлы жағдайды, Жоңғарияның шиеленіскен ішкі алауыздығын пайдаланып, оны талқандауға қол жеткізді. Қытай әскері 1759­жылы Шығыс Түркістанды тізе бүктіріп, халық наразылығын басып­жаншып, қожалар әулетінің соңғы билігін талқандап, өзіне бағындырады. Жоңғария мен Шығыс Түркістан жері саяси ауыз бірліктің жоқтығынан, ішкі тартыстың құрбаны болып, сырттан төнген қауіпке қарсы тұра алмай, Цин империясының құрамына енеді. Сөйтіп, Цин империясына дейінгі уақытта Си­Юй (Батыс өңір – Шығыс Түркістан мен Орталық Азияны қытайлар солай атаған Ә.Д.) жері Қытайға ешуақытта толық бағынышты бола қоймады. Қытайлықтар Хан дәуірінде бұл жерді Сюннуларға (Хұндарға Ә.Д.) қарсы күресте, Сун әулеті кезінде түркілерге қарсы, ал Таң билігі кезінде тибеттіктерге қарсы күресте өзіне одақтастар іздеу мақсатында пайдалану әрекетін жүргізді. Ал, Жоңғария мен Шығыс Түркістан жерін толық отарлау, өзіне қосып алу мақсатын Қытай тек Манжұр әулетінің билігі орнаған соң, яғни Цин империясының билігі кезінде ғана жүзеге асыруға мүмкіндік алады.» [48] Профессор әділ әрі ғылыми тұжырым жасап отыр. Ал Чиң империясының Орда тарихшыларының бірі Вей Юан «Қасиетті соғыстар» деген кітабында бұл басқыншылық соғыстарды былайша мадақтайды: «…Империяның беделін көрсеткен, варварларға сабақ болған әрекет болды. …Жоңғария мен Қашқарияны күшпен империяның құрамына қосып алу заңды әрекет, өйткені Қытайдың бұл территорияларға ие болуға ерекше тарихи құқы бар.»[49] Мінеки, империяның астам тарихшысы осылай асқақтап сөйлейді. Ал осы империялардың (қытайлық, шетелдік) жер­жебіріне жете жамандап, лағнат айтатын коммунистік Қытай тарихшылары неге әділетті сөз айта алмайды? Олардың «әділетті» сөздері мынадай болып шығады: «… Мемелекетіміз шекарасының маңайын тыныштандыру, мемлекеттің тұтастығы мен тыныштығын бұзуға тырысқан бұзақыларды тәртіпке шақыру мақсатынан туындаған әскери әрекет» [50] Бұған не деуге болады? Қытай жылнамалары мен қоғамдық ғылымдарында сонау ерте заманнан бері еш өзгеріссіз қолданылып келе жатқан, тарихи шындыққа мүлде үйлеспейтін, Қытай империясының көршілеріне жасаған шапқыншылық жорықтарын ақтап, заңдастыру үшін ойлап табылған «жазалау жорығы» және «бүлікшілерді тыныштандыру әрекеті» деген сөз тіркестері бар. Бұл тіркестер 2000 жылдың алдындағы Орда хаттамаларында қалай қолданылса, билік басына келгеніне жарты ғасырдан асқан коммунистік Қытай елінің тарихшылары да дәл солай қолданып келе жатқанына таңдануға болар еді. Бірақ, ұлт мәселесінде, ұлттардың азаттық жолындағы қанды күрес тарихын жазуға келгенде құлдық, феодалдық, капиталистік, социалистік қытайдың саяси көзқарасында еш айырма болмағандығына көзіміз жеткендіктен, ендігі жерде оған таңдана алмаймыз. Коммунистік қытай тарихшылары Чиң империясының қанды қол диктатор патшасы Гау Зұңның (Орда жыл есебі бойынша Чиан Лұң деп аталған, 1736­1795) жария, құпия жарлықтарынан бізден көрі мол хабардар. Чиң империясының тағында 60 жыл бойы мызғымай отырған Гау Зұң патшаның империялық ашкөз саясаты мен қанды жорықтарында басшылыққа алынған мемлекеттік саясаттың қандай болғаны жөнінде жоғарыды тоқталғанбыз. Залым патшаның жарлығымен миллионнан астам жоңғар қалмақтары қылыштан өткізіліп, бүкіл Жоңғар даласы бір­ақ жылдың ішінде қаңырап бос қалды. Ендігі жерде қазақ халқы «Шығыстың сары айдаһары» атанған тойымсыз Манчиң патшалығы мен тікелей шекараласып қалды. Қазақ хандығына да қауіп­қатер төне бастады деген сөз. Бос қалған Жоңғар даласы үшін Чиң патшалығы мен қазақ хандығы арасында іштей теке­тірес басталды. Әзіргі қытайдағы қазақтардың арғы ата­бабсы ХҮІІІ ғасырдың соңына ала өзінің ежелгі ата­мекені болған Алтай­Тарбағатай, Іле өңіріне біртіндеп жылжи қоныстануын бастаған болатын. Гау Зұң патшаға керегі «адамсыз Жоңғария, адамсыз Қашқария» еді. ол сондықтан ішкі Қытай мен қиыр шығыстағы Манжур­Моңғол ру­тайпаларын Жоңғарияға жаппай қоныс аудартуға белсене кірісіп кетті. Іле, Тарбағатай, Алтай тарихында әр дәуірде әр түрлі рөл ойнаған көші­қон жөнінде аздап тоқтала кетудің реті бар сияқты. Чиң патшалығы бүкіл Шығыс Түркістанды басып алғаннан кейін 1762­жылы өзінің ең жоғарғы әскери­әкімшілік билік органы болған «Іле Жияңжүн мекемесін» құрады, ол патшалық ресейдің генерал губернаторлығы сияқты мекеме еді. Ұлан­байтақ территорияны тек тұрақты әскермен ұстап тұру қиындығын сезген Гаузұң патша бала­ шағасымен тұрақтап тұратын әскериленген елді­мекендер құруға жарлық береді. Сөйтіп, 1763­жылы алғашқы Дағұр­Солұн (Евенкілер) қосыны Манжуриядан жолға шығып, 1764­жылы көктемде шамамен 1214 адам Ілеге жеткен. [51] Ал, екінші реткі қоныс аударушылар 1765­жылы жазда Ілеге келіп жетеді. Бұлар Іле Жияңжүн мекемесіне төте қарасты атты батальон болып жасақталып «Батхын Солун­дағұр Йықы» (батальон) деп аталады.[52] Содан бастап Солұн­дағұрлардың Іле­Тарбағатайдағы әскери­жандарымдық өмір тарихы басталады. Бұл өңірде әр кезеңде басталған жергілікті халықтың ұлт­азаттық көтерілістері тұсында Солұн­дағұрлар отаршыл патшалықтың ең сенімді қарулы күші ретінде пайдаланып отырылды. Патшалық Ресей қазақтарды қалай пайдаланған болса, Чиң патшалығы оларды дәл солай пайдаланып жергілікті халықты аяусыз қанады әрі қарулы бақылау орнатып отырды. Бірақ осы бір шағын ғана бақытсыз халық Манжур­Қытай отаршылдарына қол шоқпар бола жүріп, ең ақырында ұлт ретінде жойылып қытайланып кетті. 1911­жылғы әйгілі «Щиңхай төңкерісі» арқылы монархиялық Манчиң хандығы аударылып тасталғаннан кейін билік толығымен қытайлар қолына өтіп Манжұрлар биліктен бір жола шеттетілді. Олар ендігі жерде жалдамалы аудармашы, сақшы, тыншылық жұмысқа жегілетін болды.

Читайте также:  БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ ТУРАЛЫ

Оставить комментарий