Материалдық өркениет туралы

Жоғарыда айтылғандардың барлығынан Шығыс адамдарының бөле­жара материалдық өркениет ретіндегі батыстық өркениетке мін тағулары әбден негізді екендігі айқын көрінеді. Бұл өркениет тек материалдық мағынада ғана дамыған еді, содан да, біз оны қандай көзқарас тұрғысынан қарастырмайық, дәйім осындай материализацияның және айрықша материалдық дамудың тікелей нәтижелерімен алдымыздан шығады. Алайда, ілгерідегінің барлығына тағы мынаны қосқан жөн: біріншіден, біз «материализм» сөзіне салынуы мүмкін әр қилы мазмұндарды түсіндіріп өтуге тиіспіз, өйткені, егер қазіргі заманғы дүниені материалистік ретінде айқындар болсақ, өздерін айрықша қазіргі заманның өкілі, бірақ, соның қасында, тіптен, материалист емес санай отырып, міндетті түрде бұндай теңеуге қарсыласып, оны қорлау деп есептеуге бейім адамдар қайткенде де табылады. Сондықтан біз, барлық ықтимал жаңсақтықтар мен екіұштылықтарды жою үшін, осы тұрғыда бірқатар түсініктемелер беруіміз қажет. «Материализм» сөзінің өзі XVIII ғасырдан ерте пайда болмағандығы елерлік жайт. Бұл терминді материяның шын мәнінде барлығын мойындайтын теорияны сипаттау үшін философ Беркли ойлап шығарған. Бұл жерде бізді қызықтыратыны терминнің, тіптен, бұл мағынасы еместігі аян, өйткені, материяның тіршілікте бар­жоғы туралы мәселенің өзін біз қазір қозғамаймыз. Біршама кейінірек «материализм» сөзі мейлінше тар мағынаға ие болып, оны осы кезге шейін сақтап қалды: «материализм» өмірде материя мен оның туындыларынан басқа мүлде ештеңе болмайды деген ұйғарым сай келетін тұжырымдаманы білдіретін болды. Бұндай тұжырымдама мүлде жаңа болып табылатындығын және — тіпті, тұтастай қазіргі заманғы дүниетанымның ең мәнді құрамдас бөліктерінің бірі болғандығынан — айрықша қазіргі заманғы орныққан көзқарас­пікірлердің жемісі ретінде танылатындығын атап өткен жөн 30 . Ал, біз осы сәтте өзгеше, едәуір кеңірек, бірақ, соған қоса, жеткілікті түрде айқын мағынадағы материализм туралы айтпақпыз. Бұл мағынада материализм, қандай да болмасын жекелеген философиялық теориялардан мүлде тәуелсіз және жоғарыда аталып кеткен өзіндік «философиялық материализмнен» тыс, тағы көптеген басқа да тұжырымдамалар мен теориялық құрылымдарды тудырған әлдебір жалпылық, ілкі дүниетанымға барабар. Бұл дүниетанымның мәні — ойша танушылық әлде таза іс­тәжірибелік деңгейде жүзеге асырылатындығынан тәуелсіз — материалдық заттарды және олармен байланысты мәселелерді азды­көпті саналы түрде бірінші шепке қоюшылықта жатыр. Қазіргі заманғы адамдардың басым көпшілігіне дәл осындай дүниетаным тән екендігіне әлдебіреулердің қарсы шыға қоюы екіталай шығар. Соңғы жүзжылдықтар бойына дамыған бүкіл «қарабайырланған» ғылым бөле­жара сезімдік дүниені оқып­зерттеуге негізделген, тек соның аясымен ғана шектелген, содан да, ол пайдаланатын әдістер тек сол бір өріске ғана қолданыла алады. Бірақ, тек осындай әдістер ғана, барша қалғандарына кереғар, «ғылыми» деп танылып, бұл материалдық нәрселермен айналыспайтын ғылымның болуы мүмкіндігінің өзін терістейді. Алайда, осы көзқарасқа ортақтаса, өзін тұтастай осы ғылымдарға арнай отырып, әйтсе де, өздерін материалист санаудан немесе материализм деген атпен белгілі философиялық теорияны мойындаудан бас тартатын көп адамдар табылады. Олардың арасында дінді ашық уағыздайтындар да бар, ал, олардың шыншыл­адалдығына шәк келтіруге тағы негіз жоқ. Бірақ, солай бола тұра, мұндай адамдардың ғылыми ұстаным­бағыттары нағыз материалистердің ұстанымдарынан еш өзгешеленбейтіндігі бар. Жиі таза діни көзқарас тұрғысынан қазіргі заманғы ғылымды атеистік һәм материалистік ғылым ретінде жалпы терістеудің жөнді­жөнсіздігі туралы мәселе көтеріліп жатады. Алайда, дағдыға сайып, мәселе баламалы түрде қойылмайды. Ол ғылымның өзі ашық түрде өзінің атеизмін, я материализмін ресми жарияламайтыны аян. Тек, әншейін, жаңсақтығына сайып, ол белгілі бір нәрселерге соқпай өтіп кетеді, бәзбір философтардың істейтініндей, олардың өмірде барлығын біле тұра терістемейді. Қазіргі заманғы ғылым аясында, осылайша, de facto материализм туралы, өзіндік практикалық материализм туралы айтуға болады. Бірақ, бұдан кесел одан бетер зорая түседі, өйткені, ол әрі кең, әрі терең дендеуде. Философиялық ұстаным қайсыбірде өте­мөте үстіртін болуы мүмкін, тіпті «кәсіби философтар» турасында да осыны айтуға болады. Ал бұған қоса, көптеген адамдар белгілі бір нәрселердің формалды түрде терістелуін сенімсіздікпен қабылдайды да, оның қасында оларға қатысты толық немқұрайдылық, әдетте, ешқандай сезік тудырмайды. Міне, ең қатерлі болып табылатыны да дәл осы, өйткені, әлденені терістеу үшін, ең болмағанда, ең шамалы дәрежеде болса да, ол жайында ойлану қажет, бұның қасында толық немқұрайдылық ұстанымы адамдарды бұл қажеттіліктен мүлдем арылтады. Егер бөле­жара материалдық ғылым өзін бірден­бір мүмкін ғылым танытып жатса; егер адамдар бұл ғылымнан тыс ешқандай толыққанды білім болмақ емес деп санауға машықтанып кетсе; егер де адамдар алатын оқу­білім олардың бойына сол ғылымға, ал нақтырақ айтқанда «сциентизмге» тән теріс ұғымдар мен соқыр нанымдарды сіңіріп жатса, — қалайша ол адамдар материалист болмай қала алсын немесе, басқаша айтар болсақ, қалайша олар өз мүдделері мен күш­жігерлерін материя және материалдық дүниеден өзгеше бір бағытқа бағдарлай алмақ? Қазіргі заманғы адамдар үшін көрінетін я сезілетіннің аясынан тыс мүлде ештеңе болмайды. Тіпті, егер тіршілікте тағы әлдене болуы мүмкіндігіне теория жүзінде иліксе де, олар салғаннан ол «әлденені» «танылмаған» ғана емес, әуелі «танылмайтын» деп жариялай қояды, ал бұл ол турасында ойлану қажеттігінен арылтады. Әрине, «бақи дүние» турасындағы кейбір идеяларды меңгеруге әрекеттенетіндері де бар, бірақ, олар бұндай жағдайларда бөле­ жара өз ой­қиялына сүйенеді де, «бақи дүниені» фәни дүниенің көшірмесі ретінде көрсетіп, оған дәл сол жер дүниедегі тіршілік жағдайларын — кеңістікті, уақытты және тіпті, әлдебір «тәнділікті» (тәні бар), дарытып қояды. Басқа бір тұста, спиритуализмдік доктриналар туралы айтқанда, біз осындай тұрпайы материалистік ұғымдардың сорақы мысалдарын келтірген едік. Тіпті, егер бұндай оғаштықтықтар бәрін өрескел дабырайтып жіберген шетін жағдай болып табылса да, тұтастай бұл феноменді тек қана спириттерге немесе азды­көпті солармен байланысты секталарға тели беру дұрыс бола қоймас еді. Тұтастай алғанда, ой­қиялдың, қалыпты жағдайда осы бір адамдық қасиетке жабық, салаларға килігуі, ол салаларда орынсыз әрі жарамсыз болып шыға келетіндігі Батыс адамдарының сезімдер өрісінен биік көтерілуге қабілетсіздігін өте­мөте көрнекті айғақтаса керек. Көпшілігі, тіпті «тану» және «ой­елес» («ой­ қиял») арасындағы айырмашылықты көрмейді, сөйтіп, кейбір философтар, жекелей алғанда, Кант, тым әріге кетіп қалғандықтары соншалық, елестетуге келмейтін және «ой­қиялда көру» мүмкін еместің барлығын «танылмайтын» және «ақылға сыймайтын» деп жариялады. Сонымен, әдетте, спиритуализм немесе идеализм аталатынның барлығы небәрі материализмді материалдық емес деңгейлерге апарушылық, қарапайым материализм транспозициясы болып табылады. Бұл біз «нео­спиритуализм» терминімен атағанға қатысты ғана емес, сонымен бірге, философиялық спиритуализмнің өзіне қатысты да әділ, әйтсе де, оның өзі өзін материализмге қарама­қарсылық ретінде айқындайды. Шын мәнінде, материализм мен спиритуализм бұл сөздердің философиялық мағынасында бірінсіз бірі мүмкін емес, өйткені, олар өз мәнінде бұлардың бастапқы бөлінісінің ізін ала қарама­қарсылықты болған картезиандық дуализмнің екі жартысы еді. Міне, содан бері күллі философия, олардан шығуға қауқарсыз болған соң, осы екі аямен шектелген. Этимологиясына қарамастан, спиритуализмнің руханилықпен ортақ ештеңесі жоқ 31 , содан да, оның материализмге қарсы күресі мейлінше жоғары интеллектуалды ұстанымға табан тірегендерді және бұл екі қарама­ қарсылықтар өз мәнінде мейлінше үйлесетіндігін өте жақсы көретіндерді мүлде ешбір дәрежеде қызықтыра алмайды да, көпшілік жағдайда, олардың арасындағы қарама­ қайшылықтар, ақыр аяғында, ауызша һәм терминологиялық алшақтықтарға баланады. Қазіргі заманғы адам, тұтастай алғанда, өлшеуге, санауға немесе таразылауға болатын нәрселермен, немесе, басқаша айтқанда, материалдық нәрселермен шұғылданатын ғылымнан басқа ешқандай өзге ғылымды елестете алмайды, себебі, тек осындай нәрселерге ғана сандық тәсіл қолданыла алады. Сапаны санға әкеп тіреуге ұмтылушылық қазіргі заманғы ғылымға тән нәрсе болып табылады. Бұл тенденцияның жеткен жері сол, ғылым сөздің шынайы мағынасында тек өлшеуге болатында ғана бар және сандық ара­қатынастарды білдіретін заңдардан басқа ешқандай шын мәнінде ғылыми заңдар бола алмайды дейтін қағида пайда болды. Бұл тенденция Декарттың механизмімен бірге пайда болды және содан бері, тіпті, картезиандық физиканың қабыл алмауына қарамастан, барған сайын айқын көріне бастады, себебі, ол қандай да бір жеке теориямен емес, бірақ, ғылыми білім туралы жалпы ұғыммен байланысты болған еді. Бүгінгі таңда өлшем принципін, тіпті, өз табиғатында мұндай әдісті жоққа шығаратын психология саласына да қолдануға тырысуда. Қазіргі кезеңде өлшем мүмкіндіктері материяның өзіне тән негізгі қасиетінен, яғни, орасан зор бөлінгіштігінен келіп шығатынын ешкім де ендігі жерде түсінуге қабілетсіз. Және бұл қасиет жалпы тіршіліктегі баршасына тән деген тұжырым барлығын бірыңғай материя деңгейіне түсірумен тепе­тең. Біз бұдан бұрынырақ айтып кеткеніміздей, дәл осы материя бөлініс пен көптік атаулының принципі болып табылады. Сондықтан, біз жоғарыда көрсетіп кеткеніміздей, тіпті, әлеуметтік салада да аңдалатын сандық тәсілді қолай көрушілік біз айқындаған мағынасындағы нағыз материализммен үйлеседі. Және де, мұндай тәсіл міндетті түрде философиялық материализммен байланысты емес, өйткені, шын мәніндегі айрықша қазіргі заманғы дүниетанымды құрайтын тенденциялардың дамуында материализмнің өзі материалистік тенденциялардан біршама кейінірек пайда болды. Біз сапаны санға әкеп тіреушілікке ұмтылыстың әу бастағы қателігіне немесе азды­көпті механицизмдік типті барлық түсіндірмелердің заңсыздығына тоқталып жатпаймыз. Ол бұл жерде біздің міндеттерімізге кірмейді, бірақ, бұл тұрғыда бір атап өтеріміз, осы іспеттес тәсілді тәжірибеде қолданатын ғылым, тіпті, сезімдік материалдық Дүние өрісінде осы шындықтан мүлде алшақ жатады және шындықтың көп бөлігі қажеттілікпен оның құзырлық өрісінен тыс қалады. «Шындық» «Шындық өмір. Реалдылық» терминінің еске алынуы біздің назарымызды көпшілікке аңғарыла бермейтін, бірақ соның қасында, біз талқылап отырған орныққан көзқарас­пікірлердің бүкіл жиынтығының аса айқын сипаты болып табылатын өзге бір жайтқа аударады: адамдар, әдетте, «шын» «шындық» сөзін бөле­жара сезімдік деңгейдің болымдылығын сипаттау үшін қолданады. Кез келген тіл әлдебір халыққа немесе мерзімдік кезеңге тән ерекше ой­машық типін жеткізетін болғандықтан, бұдан мұндай адамдар үшін сезімдер көмегімен қабылданыла алмайтынның барлығы «болымсыз», яғни, қияли немесе, тіпті, мүлде тіршілікте жоқ болып табылады деген тұжырым жасаған жөн. Бәлкім, баршасы бұны соңына шейін саналы түрде ұғынбайтын шығар, бірақ, әйткенмен, олардың ішкі сенімдері дәл осындайлық болып табылады. Тіпті, қайсыбіреулері сырттай бұны терістесе де, бұндай терістеушілік олардың менталдылығының неғұрлым үстіртін құрылымдарынан келіп шығады, әрине, олар бұл туралы сезіктенбейді де, ал, кейде бұндай терістеушілік мүлде таза ауызша болып қалады. Егер кімде­кім бізді тым әсірелеп отыр деп ойлайтын болса, оның бар болғаны көптеген қазіргі заманғы адамдардың діни нанымдары нендей күйде екендігіне зер сала үңілгені жөн: машыққа салып, мектептегідей тәсілмен мұқият жатталып алынған, қандай да бір шынайы меңгерушіліктен ада, ешкім ешқашан байыптап зерделеп көрмеген, бірақ, жадыда сақталып, мезгіл­мезгіл шарттылықтарға немесе формалды ұстанымға ізет ырымы ретінде қайталанып тұратын бірнеше идея — міне, бүгінде дін деп түсінілетіннің бар сиқы осы. Біз діннің «минимализациясы» туралы айтып кеткенбіз, осы ретте мұндай вербализм соның соңғы стадияларының бірін танытады. Бұл жекелей алғанда, неліктен, былайша аталатын, «діншілдер» практикалық материализмде, «діншіл еместердей»­ақ соншалық тым әріге кетіп қалатындықтарын түсіндіріп береді. Біз бұл тақырыпқа әлі де ораламыз, бірақ, әзірше қазіргі заманғы ғылымның материалистік сипатын тағы бір баса көрсеткеніміз жөн, өйткені, бұл мәселені әр түрлі көзқарастар тұрғысынан қарастыру қажет. Біз еске салып өткен тезиске қайта оралған жөн: қазіргі заманғы ғылымдар таза білім өрісі болып табылмайды және олардың ойша танушылық сипаты, тіпті, оларға шын­ақ сенетіндер үшін де, таза практикалық мүдделерді жасырған бетперде ғана. Бірақ псевдо­интеллектуалды алдамшы ойды туындататын да дәл осы бетперде. Декарттың өзі, өзінің физикасын жасай отырып, бастапқыда одан механика, медицина және мораль жүйелерін шығаруға мүдделі болған. Бірақ, ағылшын­саксон эмпиризмі таралуымен бұдан да зор өзгерістер орын алған. Бұған қоса, дәл сол ғылымнан алынатын практикалық нәтижелер оны қалың жұртшылық алдында осыншалық абыройлы етеді, өйткені, бұнда тағы сол — заттарды көруге және түртуге болады. Біз прагматизмнің қазіргі заманғы философияның логикалық аяқталуы және оның құлдырауының соңғы стадиясын танытатындығын көрсеттік. Бірақ, жүйелендірілмеген прагматизм прагматикалық философия пайда боларға дейін едәуір бұрын таралып қойған еді әрі бұндай прагматизм сол философияға, практикалық материализм теориялық материализмге қандай қатынаста болса, сондай қатынаста болады. Дәл осы прагматизмді, әдетте, «парасатты пайым» деп атайтыны бар. Бұған қоса, инстинктті утилитаризм де, сондай­ақ, материалист: тенденциядан ажырағысыз дерлік, өйткені, «парасатты пайымның» мәні мүдделер өрісін таза тұрмыстық мүдделермен шектеуге, сондай­ақ, тікелей практикалық пайдасы жоқтың барлығын елеусіз қалдыруға саяды. Дәл осы «парасатты пайым» сезімдік дүниені бірден­бір шын дүние ретінде қарастырады және тек қана сезім мүшелерінің көмегімен алынған білімді мойындайды. Бұған қоса, ол бұл тар білім өрісіне не материалдық мұқтаждықтарды, не белгілі бір сентименталды бейім­құштарлықтарды қанағаттандыруға мүмкіндік беретіндей дәрежеде ғана құндылық дарытады, өйткені, сентименттер — қазіргі заманғы моралистерді есеңгірету қаупі бола тұра, біз бұны ашық түрде мойындауға тиіспіз — іс жүзінде материя деңгейіне өте жақын «орналасқан». Осының барлығында интеллекттің өзіне мүлде орын қалмайды немесе, ең тәуір дегенде, оған практикалық мақсаттарға жетуде қызметшілік роль беріледі де, ол адамдық индивидуалдылықтың төменгі және тәндік деңгейлеріне бағындырылған құрал, Бергсонның мейлінше дәл айтқанындай, «аспаптар өндіруге арналған аспап» болып қана қалады. Прагматизм өзінің барлық формаларында ақиқатқа деген абсолютті немқұрайдылықты тудырады. Бұндай жағдайларда өнеркәсіп, тек ғылымның қосымшасы ғана болудан қалып, — бұл ретте ғылым өздігінен одан тәуелсіз — енді ғылымның өзінің тіршілік мәні мен ақтауына айналады; сөйтіп, заттар арасындағы қалыпты арақатынастар асты үстіне келеді. Тіпті, сол ғылымның ізімен келеміз деп, жар салғанда да, қазіргі заманғы дүние жалғыз­ақ мақсатқа — өнеркәсіп және механизацияны дамытуға бар күшін сала ұмтылуда. Міне, осылайша, материяны өздеріне бағындыруға және оны қызметшілікке қоюға ұмтыла отырып, адамдар, ақыр аяғында, біз сөз басында атап өткеніміздей, бар болғаны оның құлдары болып шығады. Олар механизмдерді ойлап шығару және құраумен өздерінің интеллектуалды талап­тілектерін — егер мұндай талап­тілектердің бар екендігі туралы жалпы бүгінгі таңда айтуға болатын болса, — шектеп қана қойған жоқ. Олар ақыры өздері де механизмдерге айналып тынды. Ғалымдар ғана емес, сондай­ақ, техниктер де, тіпті, жұмысшылар да бүгінде кейбір әлеуметтанушылар «еңбек бөлінісі» түрінде соншалық мақтауын асыратын арнайы маманданудан өтеді. Сөйтіп, бұл жұмысшыларды саналы еңбек мүмкіндігінен біржола айырған еді. Өткен заманалардың партизандары мен артельшілеріне кереғар олар механизмдердің қарапайым құлдарына айналып, солармен өздері біртұтас блок құрайды. Таза механикалық түрде олар қашан көрсең сол баяғы, титтей да уақыт жоғалтудан қашып, бұлжымас бірізділікпен орындалатын белгілі бір қимылдарды ұдайы қайталауға мәжбүр. Арыға бармай­ақ, техникалық «ілгерілеудің» ең озық стадиясы ретінде қарастырылатын америкалық әдістер дәл осыны талап етеді. Осының бәрінің мақсаты — мейлінше мол өндіру. Сапаның маңызы шамалы, тек қана сан маңызды. Және бұл біз басқа мәселе тұрғысында жасаған тұжырымымызға қайта сілтейді: қазіргі заманғы өркениет сандық өркениет атана алады, ал бұл бар болғаны оны материалдық өркениет ретінде айқындау үшін басқа қырынан көрсету формасы. Осы ақиқатты бекітетін басқа дәйек тілейтін баршасы бүгінгі уақытта халықтар мен жекелеген адамдардың өмірінде экономикалық факторлардың қандайлық орасан зор маңызға ие екендігіне назар аударуы тиіс. Өнеркәсіп, коммерция, қаржы ­ бүгінгі күнде жалғыз­ақ есепке алынатыны осылар. Және де, бұл, біз атап кеткен жайт — күні бүгінге бірден­бір сақталып қалған әлеуметтік айырма материалдық әл­ауқаттағы айырма болып табылатындығымен әбден қисынды үйлеседі. Саясат толығымен қаржымен бақыланады, содан да, сауда бәсекелестігі халықтар арасындағы қарым­қатынастарға шешушең ықпал етеді. Бәлкім, алайда, бұндай көрініс жағдайдың тек сыртқы жағына сәйкес, іс жүзінде бұл факторлар өз мәнінде іс­әрекеттің нағыз себептерінен гөрі, түрткі­желеулері ғана шығар, бірақ, әйтсе де, бұндай желеулерді таңдаудың өзі олар пайдаланылатын кезеңнің ерекшелігін айқын көрсетіп береді. Бұған қоса, қазіргі заманғы адамдар бүгінгі таңда тек қана экономикалық жағдайлар тарихи оқиғаларды алдын ала айқындайтындығына сенімді, олар, тіпті, дәйім солай болып келген деп қиялдайды. Барлығын бөле­жара экономикалық факторлармен түсіндіретін және — «тарихи материализм» деген — өте­мөте айшықты атауы бар ерекше теория ойлап шығарылған еді. Бұл жерде де, сондай­ақ, біз жоғарыда еске салып кеткен, иландыру әсерін ажыратып көрсетуге болады, ал бұл иландырудың күші өзекті ой­ машықтың жалпыға бірдей тенденцияларына неғұрлым сәйкес болған сайын, соғұрлым зор бола түседі. Сөйтіп, мұндай иландырудың нәтижесінде экономикалық факторлар шынында да әлеуметтік өрісте болып жататынның барлығына қатысты шешуші бола бастайды. Әрине, бұқаралар қашан да қандай да бір әдіс­тәсілмен жетекте болып келген, содан да, олардың тарихтағы ролі де сол өзін жетектеуге ерік беруінде ғана болған деуге болады, себебі олар енжар элемент, сөздің аристотельдік мағынасындағы «материяны» танытады. Бірақ, оларды бүгінде жетекке жүргізу үшін, таза материалдық (бұл жолы сөздің дағдылы мағынасында) қаражатқа ие болу жеткілікті және бұл біздің дәуіріміздің құлдыраудың қандай тереңдеріне батқанын айқын көрсетсе керек. Және сонымен бір мезгілде қалың көпшілік өздерінің, тіптен, жетекте еместігіне, өздерінің қалаған орайда және өз бетінше іс­әрекет ететіндігіне иландырылады, ал олардың бұған сенетіндіктері қалың көпшілікке тән ақымақтық асылында шексіз болып табылатындығын анық дәлелдесе керек. Ақыры экономикалық факторлар жайын қозғаған екенбіз, осы жайтты пайдаланып, коммерциялық байланыстар орнату халықтардың жақындасуына септігін тигізеді және олардың арасында өзара түсіністік қалыптастырады­мыс деген алдамшы ой­қиялды сейілтейік. Іс жүзінде бұл нақ кері нәтижеге әкеп соқтырады. Материя, біз ендігі бірнеше мәрте көрсетіп кеткендей, өз мәнінде көптік және бөлініс, бөлінгіштік, сондықтан да, ол күрес­тартыстар мен дау­жанжалдар себебі болып табылады. Халықтар жағдайында да, жекелеген тұлғалар жағдайында да экономикалық өріс мүдделер бәсекелестігі өрісі болып табылады. Осылай, жекелей қарастырғанда, Батыс Шығыспен өзара түсіністікке негіз ретінде не өнеркәсіпке, не одан ажырағысыз ғылымға сүйене алмайды. Шығыс адамдары өнеркәсіпті жағымсыз әрі уақытша шарасыздық ретінде олар үшін бұл өзі де одан басқа түк те емес — қабылдауға мәжбүр болса да, олар оны тек қана Батыс экспансиясына қарсы тұруға және өз басының тірлігін қорғауға мүмкіндік беретін қару ретінде пайдаланбақ. Бұл дәл осылай болуы тиіс те екендігін ұғынған абзал: Батыспен экономикалық бәсекелестіктің қажеттілігін мойындайтын Шығыс адамдары, өздерінің бұған деген жеккөрінішті сезімдеріне қарамастан, бұған жалғыз­ақ мақсатпен — өнеркәсіптің арқасында ашылатын материалдық мүмкіндіктер мен дөрекі күшке негізделген жат жұрттық үстемдіктен құтқарылу мақсатымен — барады. Зорлық­зомбылық зорлық­зомбылық шақырады, бірақ, бұл майдан шайқасына алғашқы болып ұмтылған, әсте, Шығыс адамдары емес. Бұған қоса, Шығыс және Батыс арасындағы қатынастармен еш байланыссыз, индустриялық даму нәтижелері ішіндегі мейлінше көрнектісі бүгінгі таңда, өзінің жойымпаздық мүмкіндіктерін алаңдатарлық пропорцияларға шейін арттырумен ұдайы жетілу үстіндегі әскери техника өндірісі өрісіндегі жетістіктер болып табылатындығын аңғару оңай. Бір осының өзі кейбір «ілгерілеуге» табынушылардың пацифиста (қандай болмасын соғыс атаулыға қарсылықты) армандарын сейілтуге жетіп жатыр. Бірақ, арманшылдар мен идеалистерге дауа жоқ болған соң, олардың сенгіштігінде, тәйірі, шек болсайшы. Бүгінде соншалық танымал «гуманитаризмді», тіптен, шындап қабылдаудың жөні жоқ. Әйтсе де, қайран қаларлық, адамдар жалпы барлық соғыстардың тоқтатылуы туралы, мәңгі бейбітшілік орнату туралы соншама көп айтып жатады, солай бола тұра, бүгінгі кездегі соғыс әкелетін бүліншіліктерді ешбір ілгерідегі дәуірлермен салғастыруға келмейді және бұған тек қырып­ жою қару­жарақтары көбейгендігі ғана емес, сонымен бірге, кәсіпқой сарбаздардан тұратын салыстырмалы түрде үлкен емес әскери топтар қатысқан өткен соғыстардан өзгешелігі, бүгінде жауласушы елдердің адамдары бір­біріне түгелдей, әуелі, бұ тәріздес іске ықыласы шамалылары да қоса кірісіп, жабыла тап беріп, жаппай төне кететіндігі де себеп. Міне, осы жерде қазіргі заманғы былықтың көрнекті үлгісі қайта алдымыздан шығады. Бұл жайында ойлануға ерінбеген жанға «бұқара көтерілісі» немесе «жаппай соғыс жағдайына көшу» біртіндеп мүлде қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандығы және, ілуде біреу болмаса, барша жұрт «қарулы ұлт» идеясын жайбарақат қабылдайтындығы, әсіресе, қатерлі көрінуі тиіс. Бұдан да, сондай­ақ, өзін алғандағы санның күшіне деген сенімнің тиімді нәтижесі көрінеді: қалың бұқараны немесе саны орасан көп соғысушыларды қозғалысқа келтіру қазіргі заманғы өркениеттің сандық сипатына сәйкес келеді. Және осы жерде, тап «міндетті оқу­ білім» немесе «жалпыға бірдей сайлау» жүйесіндегідей, әдепкі эгалитаризм қайта көрініс табады. Бұған қосарымыз, бұл жаппай соғыстар басқа бір ерекше қазіргі заманғы феноменнің арқасында мүмкін болды, ол феномен — феодалдық жүйенің күйреуі және ортағасырлық Христиандықтың жоғары біртұтастығының ыдырауы салдары ретінде болған «ұлттарды» қалыптастырушылық. Бұл жерде осы тақырыпты толығырақ дамыту мүмкіндігі жоқтығынан — бұл бізді тым әріге алып кетуі кәдік, — атап өтеріміз, табиғатына орай, таза саяси деңгейлі күллі тартыстардан биік бола отырып, қалыпты жағдайларда шын мәніндегі әділ қазы ретінде алға шыға алар ешқандай рухани билікті мойындамаушылық есебінен де ахуал қиындай түседі. Рухани билікті терістеу де, сондай­ақ, практикалық материализм болып табылады. Тіпті, бұл рухани билікті теория жүзінде мойындайтын халықтар да, іс­тәжірибеде, оның (рухани биліктің) әлеуметтік өріске қандай да бір әрекетті ықпал етуін немесе араласушылығын болдырмайды, бұл діннің қарапайым «діншілдердің» күнделікті тіршілігі аясынан тыс шығарылып тасталатыны іспетті: сөйтіп, қоғамдық та, жеке бастық өмірде де бір ғана дүниетаным басымдық етеді. Тіпті, материалдық даму, өте­мөте қатыстық болса да, шын мәнінде кейбір артықшылықтарға ие деп ұйғарған күнде де, оның, біз жоғарыда еске салған, салдарларын қарастыру қажеттілікпен заңды күмәнданушылыққа бастайды: бұндай дамудың теріс нәтижелері оның оң нәтижелерінен артып түспейді ме екен? Біз, тегі, дамудың таза материалдық формасына құрбан етілген теңдессіз аса құнды нәрселердің тым көптігі туралы; материализмнің қалауына бола, ұмыт болған жоғары білім туралы, адыра қалған интеллектуалдылық пен із­түссіз жоғалған руханият туралы айтпаймыз. Саны күннен­күнге артып бара жатқан жаңа өнертабыстар шынайы табиғаты пайдаланушы адамдар үшін мүлде белгісіз болып қалатын күштерге шақталатындығы кесірінен барған сайын қауіпті болып барады. Және де, бұндай надандық қазіргі заманғы ғылымның нені болсын түсіндіріп беруге қабілетсіздігін және оның, тіпті, физика сияқты тар салада да, шынайы білім өрісі ретіндегі қауқарсыздығын басы артық дәлелдесе керек. Осындай надандықтың ғылымның практикалық қосымшаларына, тіптен, тосқауыл болмайтындығы тек қана, шынтуайтында, ол ғылымның бөле­жара практикалық мақсаттарға бағдарланғандығын, соның күллі ізденістерінің жалғыз­ ақ шынайы күйттегені өнеркәсіп және оның мәселелері болып табылатындығын айтақтайды. Бұндай өнертабыстарда тұнған қауіп­қатер, тіпті, олардың жаппай қырып­жою қару­ жарақтарына тікелей қатысы болмаса да (дегенмен, бұл олардың қоршаған ортаның экологиялық тепе­тендігін бұзатындығы туралы айтпағанда, көптен­көп апаттардың себепшісі болуына кедергі келтірмейді), шүбәсіз, алдын­ала болжап­білу мейлінше қиын ауқымға шейін ұлғайған үстіне, ұлғая береді. Және де, дәл осы алаңдатарлық өнертабыстардың кесірінен, егер бұл бағыттағы қозғалыс әзір мүмкін болып тұрғанда жуық арада тоқтатылмайтын болса, қазіргі заманғы дүние өз ажалына өзі сеп болады. Алайда, қазіргі заманғы өнертабыстарды бағалауда тек олардың бойында тұнған қауіп­ қатерді ұғынғаннан туатын ұстамдылық жеткіліксіз. Бұнда істің екінші де жағы бар. Былайша аталатын, «ілгерілеу» өзімен әкелер «жарылқаушылықтарды» жер­көкке сыйғызбаған мадақтарды жиі естуге болады және де, осы «ілгерілеу» терминінің өзімен келісуге болар да еді, тек сөз бөле­жара материалдық ілгерілеу турасында екендігін нақтылап алған жөн. Бірақ, бүгінгі таңда соншалық мақтан тұтылатын осы «жарылқаушылықтар» таза алдамшы болып табылмайды ма екен? Қазіргі заманғы адамдар «ілгерілеудің» көмегімен өзінің әл­ауқатын едәуір жақсартқандықтарын қадап айтады. Біздің көзқарасымызша, тіпті, олар шынымен­ақ әлденеде өз мақсаттарына жеткен болса да, соған жұмсалған күш­жігерді алынған нәтижелердің ақтай қоюы екіталай. Ол ол ма, сол мақсаттарға қол жеткізілді ме, әуелі сол арасы күмәнді. Біріншіден, адамдардың барлығында бірдей талғамдар және бірдей мұқтаждықтар болмайтындығын ескерген жөн, содан да, әлдебіреу, бәлкім, қазіргі заманғы асығыстық пен үлкен жылдамдықтарға деген құштарлықтан қуана­қуана бас тартар ма еді, десе де, бұл ендігі мүмкін емес сияқты. Мұндай адамдарды өздерінің табиғаттарына мүлде кереғар әлденеге қатысуға мәжбүрлеуді оларға қатысты «жарылқаушылық» деп санауға бола ма екен? Бұған бүгінгі таңда ондай адамдар көп емес, оларға, сондықтан да, елеусіз азшылық ретінде қарауға болады деп қарсы жауап берулері мүмкін. Бұл жағдайда да, тап қазіргі заманғы саясат саласындағыдай, көпшілік өзі де, әуелі, тіршілік сүруге қақысы жоқтай көретін азшылықты озбырлықпен басып­жаншып әкетеді, өйткені, әлгіндей тіршілік униформдікке деген эгалитарлық құштарлыққа кереғар келеді. Бірақ, егер, тек қана батыстық дүниені ғана емес, бүкіл адамзатты назарға алар болсақ, онда мәселе мүлде басқаша болып шығады: онда көпшілік болған азшылық болып қала береді. Сондықтан, бұл жерде басқа дәйекті пайдаланады да, берілген тұжырымның бар қайшылығына қарамастан, «тендікті жақтаушылар» өз ұстанымдарының «артық үстемдігі» мұратымен өз өркениеттерін барша қалған дүниеге таңуға ұмтылады, сонысымен өздері ешқашан бұл туралы өтінбеген халықтар арасына бүлік әкеледі. Және бүкіл осы «үстемдік» таза материалдық үстемдіктерге саятындықтан, оны бекіте түсу үшін де ең тұрпайы әрі материалдық амал­тәсілдер пайдаланылады. Енді, бұған қоса, осы мәселені ақырына шейін аша түсу керек: қалың жұртшылық «өркениетті» тарату қажеттігі туралы сылтауға шын жүрегімен сенсе, көп адамдар үшін бұл бар болғаны таза экономикалық мүдделер мен меймананы бүркеген морализаторлық екіжүзділік формасы ғана. Бөгде күшке толық бағыныштылығы құнымен, өздерінің бүкіл байлығын, яғни, өз өркениетінің бүкіл құндылықтарын талан­таражға салу құнымен, мүлде басқа халықтар мен нәсілдерге арналған үлгі­мәнерлер мен институттарды күштеп егушілік құнымен, өз тіршілік орталарында көңілге қонымды қолданымы жоқ заттарды иеленуге бола жиіркенішті жұмысқа жетілу құнымен бақытты қолға түсіруге болатынына сенуге адамдарды мәжбүр ететін дәуір қаншалықты ерсі көрінеді десеңізші! Бірақ, бүгінде дәл осы болып та жатыр: қазіргі заманғы Батыc біле тұра аз жұмыс істеп, орташа өмір сүруге келісер адамдарды көтермейді және де, барлық істе тек сан ғана есепке алынатындықтан, ал, сезім мүшелерімен қабылданбайтынның баршасы тіршілікте жоқ саналатындықтан, ажитация (жанталасушылық) күйінде болмайтын және материалдық нәрселерді өндірмейтін адам біткен, еш шүбәсіз, «жалқау» я «сандалбай» болып жіктеліп шыға келеді. Осы айтқанды бекемдей түсу үшін (Шығыс адамдарына қатысты қайшылықты пікірлер туралы айтпағанда), таза ой­танымға негізделетін монахтық ордендерге қатысты, тіпті, өздерін діндар санайтын адамдар арасында орын алған баға­пікірлерді еске салса жеткілікті. Қазіргі заманғы дүниеде не интеллект үшін, не қандай да болмасын ішкі табиғат көріністеріне ендігі жерде орын жоқ, себебі сол, оларды не көруге, не түртуге, не өлшеуге, не санауға келмейді. Жұртты тек барлық пішіндегі таза сыртқы әрекеттер ғана қызықтырады, тіпті, олардың кейбірі мән­мағына атаулыдан таза­тақыр жұрдайлығына да қарамайды. Сондықтан, спортқа ағылшын­саксонша әуестіктің күннен­күнге барған сайын кең таралып бара жатқандығына таң қалмаған жөн: қазіргі заманғы дүниедегі хас үлгі — бұл өзінің бұлшық ет күшін шегіне жеткізе дамытқан «адамның жануары». Қазіргі қаһармандар — атлеттер, дөрекі, мағынасыз болсын, мейлі. Дәл осындай кейіпкерлер жұртты жаппай құлшындырып, жетістіктері тобырдың әуес құмарлығын қоздырады. Осы іспеттес нәрселер өркендейтін дүние шынында шексіз құлдырап, өзінің ақырына барынша жақындай түскені бұл. Алайда іс­мәселеге ізгі мұратын шын­ақ материалдық ауқаттылықта деп білетіндердің және, сондықтан да, іс жүзінде өмірге «ілгерілеумен» келген барлық өзгерістерге сүйсінетіндердің ұстанымы тұрғысынан қарайық. Әсілі, олар да алданып жүрген жоқ па екен? Шынтуайтында, жедел хабар құралдарын, басқа да сол тәріздес нәрселерді пайдаланғандық, сондай­ақ, неғұрлым қарбаласқан, күрделендірілген осы заманғы өмір бүгінгі адамдарды олардың ата­бабаларынан гөрі, неғұрлым бақытты етті ме? Қайта, керісінше айтсақ, әділірек болар: байыптылық пен байсалдылықтың жоқтығы шынайы бақыттың шарты бола алмайды. Оның үстіне, адамның мұқтаждық­талаптары неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым оған бірдеңе жетіспей тұратындығы ықтималдығы зор, сондықтан да, ол бақытсыз болады. Қазіргі заманғы өркениет жаңа қажеттіктерді жасанды түрде тудырған үстіне тудыруға ұмтылады және, біз айтып кеткендей, ол қажеттіліктер, соның өзі қанағаттандыра алатынынан гөрі, дәйім көп болады, және де, осы жолға бір түскеннен кейін, тоқтау аса күрделі болмақ, оның үстіне, бұндай тоқталысқа ешқандай салмақты себептер жоқтың қасы. Бұрын адамдар үшін өздері бар­жоғы туралы сезіп­білмеген және ешқашан ұмтылмаған нәрселерсіз өмір сүрудің еш қиындығы болмаушы еді. Бүгінде, керісінше, белгілі бір нәрселердің болмауын көтере алмай ауырлайды, өйткені, олар соларды қажетті деп санауға дағдыланып, ақыр аяғында, әлгілер шынында да олар үшін қажетті болып алды. Сондықтан, адамдар барлық мүмкін­ау деген жолдармен — қазіргі заманғы адамда жалғыз­ақ қалғаны сол — материалдық зәруліктерді қанағаттандырудың амал­тәсілдерді меңгеруге ұмтылады. Жұрттың бәрі тек қана «ақша жасаудың» қамында, өйткені, тек қана ақша оларға барлық осы нәрселерді иеленуге мүмкіндік береді, сөйтіп, ол нәрселер иеліктерінде неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым олар, жаңа қажеттіктер табылған үстіне табылып, одан да көп нәрселерді иелене бергісі келеді. Және осы құштарлық өмірдегі бірден­бір мақсат болып қала береді. Бірталайдан бері қатыгез бәсекелестік кейбір эволюционистердің тұжырымдамаларында «тіршілік үшін күрес» атымен ғылыми заң мәртебесіне көтеріліп, енді тек ең мықты, тегінде, сөздің тар материалдық мағынасындағы мықты ғана тіршілік етуге қақылы деген тұжырым осының қисынды салдары болды. Содан бері аз иеленгендер тарапынан өздерінен артық иеленіп қойғандарға деген қызғаныш, тіпті, өлердей жеккөрініш пайда болды. Енді тендік теориясы үнемі саналарына сіңіріліп келген адамдар айнала жағдайлардың материалдық, яғни, жандарына бәрінен артық тиетін, жағына қатыстының бәрінде толық теңсіздік жайлағанын көре тұрып, қайтып қана көтерілмей қала алсын? Егер де қазіргі заманғы өркениет күндердің­күнінде қалың бұқараның өзі ашып берген бейбастақ әрі тойымсыз аранына жұтылып, жойылып кетер болса, бұл оның өз күнәлары үшін немесе, ғибратнамаға қатысы жоқ басқа сөздермен айтар болсақ, өзі лаңдатқан саладағы іс­әрекеттерінің салдарлары үшін лайықты жазаға ұшырағаны боларын соқыр ғана көрмес. Ізгі хабарда былай делінген: «Семсер алғанның барлығы ажалын содан табады». Кімде­кім тұрпайы материя күштерін оятса, өздері үстемдік жасағысы келген сол күштердің астында тапталып, ажалын табады. Оларды қозғалысқа бір келтірген соң, артынша олардың үстінен бақылау мәңгі жалғасады деп үміттену ақымақшылық. Мейлі, бұл табиғат күштері, әлде адамдар тобыры күші бола ма, әлде бір мезгілде екеуі де бола ма, ол жағы маңызды емес. Кез келген жағдайда бұлар дүниеге енгізіліп қойған материя күштері болмақ және олар, еш шарасыз, оларды басқарғысы келіп, сөйте тұра, бар материалдық деңгейден биік тұра алмаған әркімді жояды. Ізгі хабарда, сондай­ақ, былай делінген: «Егер патшалық өз ішінен бөлінсе, күйреп тынады». Міне, осы айтылған тұтасымен әрі толықтай табиғатына сайып, жер­жерде кесапат, дау­ жанжал және бөлінушілік дәнін сеппей тұра алмайтын қазіргі заманғы өркениетке қатысты. Осының барлығынан, тіпті, басқа дәйектерге жүгінбей­ақ, нық сенімділікпен егер бүгінде табиғи болып кеткен іс­жағдайлар заттар барысына төңкеріс жасайтын батыл өзгеріс, батыл араласушылық болмаса, бұл дүние, шүбәсіз, қайғылы тағдыр құшуы тиіс әр бұл ең жуық арада болуы тиіс деген қисынды қорытынды жасауға болады.

Читайте также:  ИКАРИЯНЫҢ САЯСИ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ПРИНЦИПТЕРІ

Оставить комментарий