Мемлекет пен діннің өзара ықпал етуінің большевиктік үлгісі

Опубликовано Сентябрь 9, 2016 by Damir

Рубрика История

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

«Зайырлану» ұғымының екі негізгі мағынасы бар. Біріншісі – заңи, ол ертеректе пайда болып, Шіркеу жерлерінің мемлекетендірілуін білдірді. Бұндай секуляризация Батыс Еуропа елдерінде XVI ғасырдағы Реформация барысында және одан кейін жүзеге асты. Ресейде секуляризацияны XVIII ғ. патша үкіметі және ХХ ғасырдың 20-жж. большевиктер жүзеге асырды. Ғылыми әдебиетте секуляризацияның екінші мағынасының пайда болуы зерттеушілердің қазіргі қоғамдардағы діннің орны туралы ойлануы нәтижесінде орын алды. Зайырлану қоғамның әр түрлі салаларының, адам санасы мен мінез-құлқының дін және Шіркеу ықпалынан босауы деп түсіндірілді [143]. Еуропа және басқа шет елдер 39 тарихында діннің мемлекеттен бөлінуі үдерісі XIX ғасырда басталып, кейін XX ғасырда жалғасты. XIX ғасырда ғана ол бірнеше елде іске асырылды. 1874 ж. Мексикада дін мемлекеттен бөлінсе, 1889 ж. – Бразилия мен АҚШ-та, 1905 ж. – Францияда, 1911 ж. – Португалияда, 1912 ж. – Уэльсте (Ұлыбритания), 1907 және 1910 жж. – Швейцарияның жеке кантондары болып саналған Базель мен Женевада іске асырылды [47,с. 13]. Ресей тарихында дін мен мелекеттің өзара әрекеттесуі мәселесі орта ғасырлардан бері орыс қоғамдық ойы мен діни ойдың әр түрлі бағыттары арасында қызу талқылауда болды. Мысалы, патриарх Никон (ХYII ғ.) және оның ізбасарлары теократияны, яғни мемлекеттің шіркеуге бағынуы идеясын жақтады. Иосиф Волоцкий (ХY ғ.соңы – XYI ғ.басы) дін мен мелекет арасындағы одақ идеясын дамытты. Феофан Прокопович (XYIII ғ.) діннің мемлекетке бағындырылып, мемлекеттік мекемеге айналуы идеясын ұсынды.

Нил Сорский жақтастары (ХY ғ.соңы – XYI ғ.басы) мемлекет пен шіркеу қызметінің өзара бөлінуін негіздеді [47,с. 5]. Мемлекет пен дін арасындағы өзара әрекеттесуінің ресейлік үлгісінің бастаулары византиялық үлгіге негізделген. Батыстық үлгіге мемлекет пен дін арасындағы күрес, ағарту мен ой бастандығы, ғылым мен техниканың қарқынды дамуы, діни сананың ғылыми санамен ауыстырылуы, ғылымның адамдардың бір бөлігінің санасынан дінді ығыстыруы, дін рөлінің төмендеуі сынды сипаттар тән болды. Соның нәтижесінде Шіркеу мемлекеттен бөлінеді. Зайырлық билік күшейіп, дін билігі шектеледі. Дін (сенім) адам дүниетанымының негізі болудан қалып, әр адамның жеке ісіне айналады. Табиғат, адам өмірінде орын алатын құбылыстар ғылыми тұрғыдан түсіндіріледі. Осы тұста Ресейде мемлекет пен дін арасындағы өзара әрекеттесу сипаты қандай болды деген заңды сұрақ туады. Ортағасырларда Ресейдегі дін жағдайы Еуропа елдерімен ұқсас, яғни діннің рөлі үстем болды. Жаңа дәуірде Еуропада модернизация үдерісінің маңызды бір бөлігі болып саналған діннің мемлекеттен бөлінуі үдерісі нәтижесінде зайырлы мемлекет қалыптасты. Дін және мемлекет әрқайсысы автономды болып, бір-бірінің ісіне араласпады. Ал, Ресейде I Петр реформалары шіркеуді мемлекетке бағындырды, демек зайырлы мемлекет идеясына қайшы келді. Патша Николай I билігі кезінде қалыптасқан шіркеуді басқару жүйесі 1917 жылға дейін сақталды.

Православие шіркеуін патша басқарды. Оған обер-прокурор мен Синод пленумы бағынды. Уақытша үкімет кезінде ар-ұждан бостандығы жарияланып, шіркеу басқару құрылымына қатысты бірқатар демократиялық шаралар жүзеге асырылғанмен, шіркеу мемлекеттен бөлінген жоқ. Шіркеу бұрынғыдай мемлекет тарапынан қаржыландырылып, мектеп шіркеуге бағынышты болды. Шіркеу мемлекеттік аппараттың бір бөлігі болып қала берді [47,с. 13]. Дін саясатын жүзеге асыру барысында большевиктер партиясының негізгі мақсаты адам құқықтарының бірі – ұждан бостандығын қамтамасыз ету емес, шіркеуді мемлекеттен бөлу болды. Осыған байланысты РСДЖП бағдарламасының жобасында ар-ождан бостандығы және шіркеудің мемлекеттен бөлінуі мәселелері бағдарламада екі бөлек қарастырылған. Ұждан бостандығы сөз, баспасөз бостандығы, жиналыс, ереуіл, одақтар т.б. 40 бостандықтар қатарында бағдарламаның 4-тармағында айтылса, шіркеудің мемлекеттен бөлінуі бағдарламаның жеке 10-тармағы болып бөлінген [96,с. 418-424; 113,с. 34-35]. Бұл екі мәселенің екі бөлек қарастырылуының себебі бар. Өйткені тарихи тұрғыдан ұждан бостандығы және шіркеудің мемлекеттен бөлінуі идеясы бір-бірінен бөлек әр түрлі уақытта пайда болды. Мемлекет пен дін арасындағы қатынастар жөнінде маман профессор П. Гидуляновтың пікірінше ар-ождан бостандығы қағидасы ұлы француз революциясы кезінде пайда болды. Ал, шіркеудің мемлекеттен бөлінуі қағидасы АҚШ-та пайда болды [144]. Құжат мәтіні 1871 жылы шыққан Париж Коммунасы декретімен үндес болды. Декрет бойынша шіркеу мемлекеттен бөлініп, діни бюджет жойылды. Конгрегацияларға тиесілі жылжымалы-жылжымайтын мүлік мемлекеттің меншігі болып жарияланды [97,с. 44-45].

Большевиктер партиясының негізі ғылыми социализм идеясы, яғни марксизм болды. Дінге қатысты маркстік концепция диалектикалық материализмге негізделіп, дінді таптық көзқарас тұрғысынан қарастырды. Марксизм мәні жағынан материалистік көзқарасқа негізделгендіктен дінге қайшы келді. Кез-келген дін адамның күнделікті өмірінде үстемдік еткен сыртқы күштердің санадағы көрінісі ретінде түсіндіріліп, діни сенімді адам надандығының нәтижесі деп танылды. Бұл тұста таптық күрес жағдайында орын алатын қоғамдық қатынастардың рөлін де төмендетуге болмайды. Себебі, ғылыми коммунизм теориясына сәйкес өндіргіш күштердің өсуі нәтижесінде қоғамдық қатынастар өзгеріп, бір-біріне қарама-қарсы таптар мен күштеу аппараты пайда болады. Әлеуметтік теңсіздікті сақтау мақсатында қанаушы тап дінді идеологиялық құрал ретінде пайдаланады. Ал, маркстік ілімге сәйкес тапсыз қоғамда адамды адам қанау деген болмайды, демек діннің әлеуметтік негізі де жойылуға тиіс. К. Маркстің «дін – бұл апиын» деген тұжырымын Ленин «дінге қатысты марсктік дүниетанымының негізі» деп бағалады.

Маркс пен Энгельс ілімін дамытқан В.И. Лениннің дінге қатысты ұстанымы радикалды сипатымен ерекшеленді. Маркс пен Энгельс қоғам діни көзқарастан бірте-бірте, эволюциялық жолмен, қоғамның қажетті материалдық негізі қалыптасқан жағдайда арылады деп есептеп, дінмен саяси тұрғыдан күресуден аулақ болған жөн деп ескертсе, В.И. Ленин өзінің «Жұмысшы партияның дінге қатынасы туралы» еңбегінде «Біздер дінмен күресуге тиіспіз. Өйткені бұл материализмнің, демек марксизмнің негізі болып табылады» деп атап өтеді. Сонымен бірге дінмен қайтіп күресу қажет дегенге келсек, Ленин «Сенім мен діннің қайнарын материалистік тұрғыдан түсіндіру қажет. Дінмен күрес абстрактілі-идеологиялық уағызбен шектелмеуі тиіс; күрес діннің әлеуметтік негізін жоюға бағытталған тап күресінің нақты тәжірибесімен байланыстырылуы тиіс. Ешбір ағарту еңбегі капиталистік қанауға ұшыраған және капитализмнің жойқын күшіне тәуелді бұқара халықтың бойынан дінді ығыстыра алмайды. Ол үшін бұқара халық бірігіп, ұйымдасып, саналы әрі жоспарлы түрде дінге қарсы, капитал үстемдігіне қарсы күресуі тиіс», – деп жазды [113,с. 84-85]. Дінмен күресті В. Ленин еңбекші халықтың қанауға қарсы, революциялық жолмен социалистік қоғам құру ісімен тікелей 41 байланыста қарады.

Демек, большевиктер партиясы үстем таптың қанау құралы болып табылған діннен тез арада арылуды көздеді. Бұл тұста маркстік- лениндік қағидаттардың маркстік ілімге қайшы сипатын анық байқауға болады. Большевиктер партиясының дінге қатысты негізгі ұстанымдары, соның ішінде шіркеудің мемлекеттен бөлінуі идеясы В.И. Лениннің 1905 жылы жарияланған «Социализм және дін» еңбегінен көрініс тапты. Діннің мемлекеттен бөлінуі идеясын негіздеген В. Ленин діни нанм-сеніммен идеялық қарудың көмегімен күресу қажеттігін атап өтті [112,с. 5; 113,с. 59-60]. Дін мемлекетке қатысты жеке іс болып табылғанымен, партияға қатысты ол жеке іс болып табылмады. Себебі партияның мақсаты еңбекшілерді рухани езгіден құтқару болып саналды. Осыған қатысты Ленин пролетариат партиясының мемлекеттен дінді жеке іс деп жариялауды талап ететінін, алайда халықтың апиынымен күрес, діни наным-сенімдермен күрес мәселесіне «жеке іс» деп қарауға болмайтынын атап өтті. Ленин дінмен идеялық қару, баспасөз, ұғындыру әдістерімен күресу қажеттігін айтса да, шын мәнінде, басқаша болды. Л. Троцкий бұл жөнінде «Ленинизм бастан аяқ жауыққан. Ал қулық, амал- айласыз, опасыздықсыз соғыс мүмкін емес. Бұл лениндік саясаттың да құрамдас бөлігі болып табылады. Бірақ партия және еңбекші табы алдында ленинизм ешбір жалғандығы, өтірігі жоқ жоғарғы революциялық шындық болып көрінеді», – деп жазған [122,с. 192].

Дінге қатысты маркстік-лениндік теорияның негізгі қағидаларын атасақ. Біріншіден, дін надандықтың, табиғаттың танылмаған күштері алдындағы үрейдің жемісі болып табылады. Сондықтан адам баласы табиғатты рационалды тұрғыдан танып, диалектикалық материализм заңдарын меңгеру дәрежесіне қарай діннің гносеологиялық негізі жоғалады. Екіншіден, діннің әлеуметтік негізі таптық қоғамдағы қарама-қайшы таптардың арасындағы қатынастармен байланысты. Қанаушы тап діни идеологияны билік, әлеуметтік теңсіздікті ақтау мақсатында пайдаланады. Сондықтан дінге қарсы күресу қажет. Үшіншіден, ұждан бостандығы ешбір дінді тұтпау бостандығы, атеист болып, дінге қарсы насихат жүргізу еркіндігі болып ұғылады. Төртіншіден, дін азаматтардың жеке ісі болып жарияланғанымен, пролетариат партиясына қатысты ол жеке іс болып табылмайды. Ал, дінмен күрес – партияның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бесіншіден, дінмен күрес тап күресі және социализм құру міндеттеріне бағындырылып, діни идеологияның орнын маркстік-лениндік көзқарас басуы [63,с. 25-26]. Аталған бірқатар қағидалар 1918 жылы 23 қаңтарда қабылданған «Діннің мемлекеттен және мектептің шіркеуден бөлінуі туралы» декретінде көрініс тапты. Декрет, шын мәнінде, кеңес билігінің дінге қатысты идеяларының іс жүзінде іске асуының айқын дәлелі болды. Діннің мемлекеттен бөлінуі қағидасының маңызын 1918 ж. 23 қаңтарда РКФСР ХКК қабылдаған декрет жобасына В.И. Лениннің енгізген түзетулері мен толықтырулары дәлел. Декрет жобасының «Дін Ресей Федерациясының жеке ісі болып табылады» деген 1-тармағын «Дін мемлекеттен бөлінеді» деп түзетті. Бұл түзету құжаттың мәні жағынан сипатын да өзгертті. Сонымен бірге 42 декреттің «Ар-ождан бостандығы, дін және діни қоғамдар туралы» алғашқы атауын «Діннің мемлекеттен және мектептің шіркеуден бөлінуі» деген атаумен өзгертті. Бұл құжаттың саяси мәнін күшейтті.

Патшалық билік пен православие өзара тығыз байланыста болған Ресей үшін бұл көзқарастардың маңызы ерекше болды. Православие шіркеуі патшалық тәртіп тарапынан қорғалып қана қоймай, мемлекеттік аппараттың саяси және құқықтық маңызды қызмет атқарған бөлігі болды. Монархия құлағаннан кейін де бұл қатынастар айтарлықтай өзгерген жоқ. Уақытша үкімет діни және ұлттық ұйымдардың бостандығын жариялап, тиісті нормативті актілерді қабылдағанмен, шіркеудің мемлекеттен бөлінуін жүзеге асырған жоқ. Бұл шіркеудің мемлекеттен бөлінуінің саяси сипатымен ғана емес, сонымен бірге елде билік пен басқару механизмін түпкілікті өзгертуге ниеттің болмауымен байланысты болды. Г. Лупарев большевиктердің дінді мемлекеттен бөлуге қатысты шараларын радикалды деп сипаттайды. Өйткені кеңес үкіметі Декретті қабылдағанға дейін дін басылар институты мен «діни мекемені» таратып, шіркеу мен дін қызметкерлеріне мемлекеттен қаражат бөлуді тоқтатты.

Діни қызметшілер әскер қатарынан шығарылды [144,с.38-39]. Осыған байланысты «32-дін қызметкерінің тобы», «Прогрессивті петроградтық дін басылардың одағы» сияқты діни топтар қозғалыстар келіспеушілік танытты [137,с. 17-18]. Мысалы, 1918 жылы 10 қаңтарда петроградтық митрополит Вениаминнің праволсавие шіркеуінің құқықтық мәртебесін шектеудің қауіпті салдары жөнінде Халық Комиссарлар Кеңесіне жолдаған хатына В.И. Ленин «Әділет комиссариаты қарамағындағы коллегия шіркеудің мемлекеттен бөлінуі туралы декрет дайындығын тездетсін» деп шешімін білдірді [144,с.39]. Шіркеуді жаңарту қозғалысының жетекшісі дін қызметшісі А.И. Веденский христиандық пен социализм бірлігін насихаттады. «Христиандық және әлеуметтік мәселе» атты бағдарламалық мақаласында ол социализм мен христиандықтың бір-біріне қайшы емес, керісінше идеялық мәні жағынан бір деген идеяны негіздеуге тырысты. Оның пікірінше социализмнің де, христиандықтың да түпкі мақсаты ұқсас, яғни жер бетінде қайғы-қасіреті жоқ жалпы адамдық тәртіп орнату болып табылады.

Яғни А.И. Веденский Батыс Еуропада жарты ғасырдан аса уақыт тараған «христиандық социализм» идеясын Ресей жерінде таратуға тырысты. Әрине, жаңашылдар христиандық пен социализм бірлігін саяси тұрғыдан емес, этикалық тұрғыдан қарастырды [134,с. 18]. Осыған қатысты большевиктер партиясының көрнекті өкілі П. Красиков социалистік құрылыста «жаңарған» православие шіркеуін пайдалану туралы М. Лацис ұсынысын сынға алып, коммунизмнің православие дінін де, кез-келген басқа дінді де қабылдамағандықтан Кеңес өкіметінің шіркеуді мемлекеттен бөлгенін атап айтты [144,с.38-39]. Себебі, коммунизмнің, Н. Бердяев айтқандай, кез-келген дінге жау қатынасы кездейсоқ құбылыс емес, ол коммунистік көзқарастың түп мәнінен шығады. Коммунистік құрылыста мемлекет тоталитарлық сипатта болғандықтан, бір идеологияға бағынуды талап етеді. Коммунизм идеясы біртұтас, ол белгілі бір әлеуметтік салаға ғана қатысты болмай, қоғам өмірін толығымен қамтиды. Сол себепті оның басқа 43 діни сенімдермен қайшылыққа келуі заңды [63,с. 27]. Біздің ойымызша, кез- келген тоталитарлық идеология дінді ығыстырып қана қоймай, өзі сенімге айналуға тырысады. Ол қоғамның барлық мүшелеріне міндетті болып табылады.

Нәтижесінде екі идеологияның – большевиктік және діни сенімнің қақтығысы орын алады. Осыған байланысты зерттеуші В.В. Мочалова тоталитарлық идеологияны діннің суррогаты ретінде қарастырып, тоталитарлық кезеңдегі кеңестік идеологияның жүзеге асыруға мүмкін емес мақсат-міндеттермен сипатталатынын атап өтеді [145]. Зерттеуші С. Фирсов пікіріне сәйкес марксизм-ленинизм ақиқатты жариялап, адамды коммунизмді құру мүмкіндігі мен оның ғылыми негізіне сендіру мақсатында коммунистер діншілдіктің ерекше түрі болған «коммунистік діншілдікті» тудырды [146]. Қоғамда діннің рөлін әлсірету мақсатында өкімет билігі шіркеуді ішінен ыдыратуды мақсат етті. «Жаңарту» қозғалысы осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталған. Бір жағында 1917 жылғы Орыс православтық шіркеуінің жергілікті соборында тағайындалған Тихон патриарх басқарған консерваторлар болса, екінші жағында «жаңашылдардың» әр түрлі топтары болды [19,P.138]. 1917 жылы 11 желтоқсанда ХКК отырысының күн тәртібіне «Діннің мемлекеттен бөлінуі туралы Декрет» мәселесін талқылау қарастырылды. Діннің мемлекеттен бөлінуі туралы Декрет мәтінін дайындау жөнінде арнайы комиссия құрылды. Құрамына А.В.Луначарский, П.И.Стучка, П.А.Красиков, М.А.Рейснер және дін қызметшісі кірді [147]. Нәтижесінде «Ар-ождан, шіркеу және діни қоғамдар еркіндігі туралы» деген атпен декрет мәтіні дайындалды. Комиссия ұсынған декрет жобасы мен соңғы декрет жобасын салыстыру нәтижесінде В.И. Лениннің мәтінге бірқатар түзетулер мен қосымшалардың енгізгенін байқауға болады. Мәселен, декрет жобасының 1-тармағында «Дін Ресей Республикасының әр азаматының жеке ісі» деп жазылды. Лениннің түзетулерінен кейін ол өзгертіліп, «Шіркеу мемлекеттен бөлінеді» делінді.

Бұл кеңес билігінің шіркеу және дінге деген қатынасын нақтылады. Жобаның 3- тармағында «Әрбір азамат кез-келген дінді ұстану не ұстанбауға құқылы», – деп анықталған. Бұл пунктке ескерту ретінде Ленин «Барлық ресми актілерден дінге қатысты ақпарат алынып тасталады» деп қосымша енгізді [88,с. 371-372]. Ресейде шіркеу мен діни қоғамдардың барлық мүлкін халық игілігі деп анықтаған 13-тармағының мазмұнына Ленин төмендегідей толықтырулар енгізді: «Құдайға құлшылық етуге арналған ғимараттар мен жабдықтар жергілікті немесе орталық мемлекеттік биліктің арнайы қаулылары бойынша тиісті діни қоғамдардың тегін пайдаланылуына беріледі» [88,с. 373]. Сөйтіп ХКК төрағасы жоба мәтініне бірқатар түзетулер мен қосымшалар енгізіп, құжатқа қол қойды. Комиссия қабылдаған жобаға сәйкес декрет «Ар-ождан, шіркеу және діни қоғамдар еркіндігі туралы» деп аталуы тиіс болды. «Известия» газетінің 1918 ж. 21 қаңтардағы санында ол осы атаумен жарияланды. Ал, бірақ «Газета Рабочего и Крестьянского Правительства» деп аталатын үкіметтік басылымның 1918 жылы 23 қаңтарда шыққан санында құжат «РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Шіркеудің мемлекеттен және мектептің шіркеуден бөлінуі туралы» декреті деп жарияланды [148]. 44 Декрет діннің мемлекеттен бөлінуі үдерісінің жүзеге асырылуына негіз болып, зайырланудың большевиктік үлгісін қалыптастырды. Дін жеткілікті түрде дамымаған экономикалық базис негізінде пайда болатын қондырма ретінде қарастырылып, базистің объективті заңдарға сәйкес жетілуі нәтижесінде қондырма да дамып жетіледі деп тұжырымдалды.

Нәтижесінде жетілген базис пен қондырма пайда болуы тиіс деп түсіндірілді. Базистің діннің пайда болуына себеп болған кемшіліктер жоылған кезде иллюзия ретінде қарастырлған дін де ығыстырылады. Бірақ діннің ығыстырылуы өздігінен емес, адамның белсенді әрекетінің көмегімен жүзеге асуы тиіс болды [149]. Кеңес зерттеушілері модернизация зайырлануға алып келеді деген батыстық үлгінің негізгі тұжырымымен келіседі. Ю.А. Левада «зайырлану» терминінің кең таралғанын, бірақ нақты анықтамсының жоқ екенін атап өтеді [150]. Зайырлануды қоғамның барлық салаларының және тұлғаның дін ықпалынан босап шығып, қоғамдық және жеке санада материалистік дүниетанымның орнауы ретінде ұғынған Р.А. Лопаткин, сомен бірге оның жағымды және жағымсыз жақтарын бөліп қарастырды. Қоғамның діни ықпалдан арылуы жағымсыз, ал материалистік дүниетанымның орнығуы жағымды құбылыс деп түсіндірілді. Және бұл зайырлануды түсіндірудің бастыстық үлгісінен ерекшеленді [151]. Әрине, кеңес әлеуметтанушыларының барлығы бұл тұжырыммен келіспеді. Мысалы, И.Н. Яблоков атеизацияны зайырланудың жағымды жағы ретінде қарастыруға қарсы. Оның тұжырымына сәйкес социализм жағдайында көптеген атеистер ешқашан да дінге сенбеген [149,с. 64]. Толыққанды зайырлану жағдайында діннің құлдырауымен қатар ғылыми атеизм қағидаларының меңгерілуі жүзеге асуы тиіс еді.

Кеңес зерттеушілері батыс концепцияларын зайырланудың екінші жағын мойындамағаны үшін сынға алды. Батыс концепциялары ғана емес, тұтас батыс қоғамы сынға алынды. Себебі батыс теоретиктері қоғамдарының жетілмегеніне байланысты зайырланудың жағымды жағын көруге қабілетсіз, ал зайырланудың жағымды жағы социализм жағдайында ғана жүзеге асады, себебі бұл қоғамда адамның ғылыми дүниетанымды меңгеруіне барлық жағдайлар жасалады деп танылды. Яғни, капитализм жағдайында зайырлану үдерісі кең көлемде аяғына дейін жүзеге аспай, батыстық үлгінің кемшіліктері айтылды. А.А. Лебедев тұжырымына сәйкес «дінді зерттеуші буржуазиялық әлеуметтанушылар зайырлануды тек жағымсыз тұрғыдан қарастырып келеді» [151,с. 134]. Д. Узланер атап өткендей, кеңестік кезеңде зайырланудың батыстық үлгісі «үстірт» өзгерістермен, яғни модернизациямен байланысты болса, кеңестік үлгі қоғамдық-экономикалық формацияның базисін қайта құрумен байланысты болды деп ұғылды. А.Г. Твалтвадзе пікірінше буржуазиялық формация ауыспай толыққанды зайырлану жүзеге аспайды. «Тап күресі зайырланудың шешуші факторларының бірі ретінде мойындалмай зайырланудың бірде-бір толыққанды үлгісі пайда бола алмайды» деп есептелді. Зайырланудың большевиктік үлгісі негізінде социалистік қоғам әлемде алғаш рет діннің құрып бітуі үшін барлық қажетті жағдайларды жасаушы жетілген адамзат қоғамы болып қарастырылды. 45 Зайырлану үлгісі адамзаттың тарихи дамуының жалпы сызбасына сәйкестендірілді. Қоғамның дамуы К. Маркс заңдары бойынша ілгерілеу идеясына негізделген. Дін қоғамның артта қалушылығының бір белгісі болып табылғандықтан, ол объективті себептерге бола әлсіреп, құрып бітетін болады.

Демек, зайырланудың бастауы капитализмге, тіпті социализмге дейінгі уақытта пайда болады [149,с. 67]. Үлгі негізінде объективті және субъективті факторлар бөліп қарастырылған. Біріншісіне матералдық игіліктерді өндіру тәсілі, қоғамдық қатынастар сипаты, әлеуметтік және мәдени даму деңгейі, саяси тәртіп, тарихи- жағрафиялық жағдайлар жатқызылса, субъективті факторға адамның, партияның, мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың қоғам өмірінің барлық салаларын дін ықпалынан босатуға бағытталған саналы және ұйымдасқан іс- әрекеті жатады. Объективті жағдайлар діннің өз-өзінен құрып бітуіне алып келмейді, оған субъективті фактор жәрдемдеседі [151,с. 66; 149,с. 68]. Зайырланудың субъективті жағына мән беру В. Лениннің дінді адамның жеке ісі ретінде қарастыруға болмайды деген тұжырымымен байланысты болды. Капиталистік және социалистік қоғамдарда объективті жағдайлар бірдей емес. Капитализмде формациялардың ауысуы жүзеге аспағандықтан толыққанды зайырланудың жүзеге асуы мүмкін емес, ол алғашқы жағымсыз кезеңде тұрып қалады. Ал, кеңестік қоғамда, барлық объективті жағдайлар жасалғандықтан, социалистік қоғамда зайырлану жағымсыз сатыдан жағымды сатыға өтеді. «Дұрыс» базис жағдайында дінге қарсы күреске негізделген субъективті фактордың рөлі шешуші болады деп саналды.

Батыс әлеуметтанушыларына ерекшелігі – кеңес зерттеушілері субъективті факторға баса мән берді. Өтйкені, олардың пікірінше, базис жасалған жағдайда діннің өз- өзінен құрып бітуін күту қисынсыз. Өйткені, біріншіден, социалистік қоғамда, алыс түпкірлерде діни наным-сенім сақталуы мүмкін. Екіншіден, бір бөлігі дін болып табылатын қондырмада шынайы базистен басқа сарқыншақтар орын алады. Ал оларды ығыстыру күш жұмсауды қажет етеді. Әлеуметтік ортаның жетілуі адамға өз мәнін «объективизациялауға», ал оған идеологиялық, ұйымдастырушылық, атеистік жұмыс арқылы ықпал ету жаңадан ашылған мүмкіндіктерді шындыққа айналдыруға жәрдемдеседі. Субъективті фактор бірнеше бағытта ықпал ете алады. Оның ішінде әлеуметтік ағза ішінде діннің құрып бітуіне алып келетін қажетті жағдайлардың жасалуы, еңбекшілердің революциялық қайта құру іс-әрекетіне тартылуы, халықтың мәдени және білім беру деңгейінің артуы, социалистік демократия қағидаларының орындалуы және кеңейтілуі, еңбекшілердің қоғамды басқару ісіне тартылуы, дінмен күресудің ғылыми негіздерінің жасалуы мен тәжірибеге енгізілуі, кең көлемде ғылыми-атеистік насихат жұмысының таралуы, шіркеудің мемлекеттен және мектептің шіркеуден бөлінуі [151,с. 108-113]. Социалистік қоғамдағы субъективті фактор мен объективті жағдайлар социалистік қоғамда секуляризацияның неғұрлым терең сипат алатыны туралы тұжырым жасауға негіз болды [149,с. 68]. 46 Қондырма базистің өзгеруіне автоматты түрде жауап бермейді. Сондықтан дін өзінің құлдырауына қарсылық танытуы мүмкін. Бұл қарсылық өзгерістерге қарсы реакциялық тәртіптермен жақындасуы не болмаса ішкі реформалау мен жаңа жағдайларға икемделуі түрінде көрініс таба алады.

Діннің объективті жағдайлармен күресін бағалау үшін зайырланудың бағамы ретінде сакрализация алынады. Сакралдық діни байланыстардың таралуы мен нығаюын, материалдық және идеалдық заттарды, сана мен мінез-құлықты, адамдар арасындағы қатынастарды «қасиеттілік» тұрғыдан қарастыруды білдіреді. Яғни әр бір діни оқиға осы бағамға сәйкес қаралып, оның зайырлануға немесе сакрализацияға жәрдемдесетіні анықталады. Кеңес зерттеушілері социалистік қоғамдағы дін жағдайын анықтауға бағытталған теориялық тұжырымдарын эмпирикалық зерттеулер көмегімен дәлелдеуге тырысты. Осыған байланысты Р.А. Лопаткин ұсынысына сәйкес зайырлану жалпы қоғамдағы, қоғамдық өмірдің жеке салаларындағы, әр типті және әр көлемді әлеуметтік топтар және тұлғалық деңгейлерде қарастырылды [151,с. 20-22]. Олардың ішінде бірінші деңгей ең маңызды болып саналады. Бірақ эмпирикалық зерттеулердің басым бөлігі жеке тұлға діншілдігіне байланысты. Діни ұстанымдарына қарай адам тұрпаттамасы бөлінеді. Олардың ішінде өте діншіл немесе асқан атеист болуы мүмкін. Мысалы, Н.П. Алексеев пен А.А. Лебедев те осыған ұқсас тұрпаттаманы ұсынады. Н.П. Алексеев адамның он тұрпаттамасын бөліп қарастырып, бір жағына діни белсенді адамдар мен дінге сенуші адамдарды шығарса, екінші жағына белсенді атеистерді шығарып қарастырады. А.А. Лебедев те өз сыныптауында діни үгіт-насихатты жүргізуші асқан атеистер дінге сенушілер мен асқан атеистерді бөліп қарастырады [152; 151,с. 51]. Бұл тұрпаттамалардың ерекшелігі – олар дәстүрлі дүниетанымға сәйкес келмейтін діншілдіктің жаңа типтерінің пайда болуына мүмкіндік бермейді. Құдайға немесе жаратылыстан тыс құдіретке сену діннің басты белгісі болып табылса [151,с. 163], діншілдіктің басты белгілеріне діни сана және діни мінез-құлық жатады [38,с. 35]. Осы тұрғыдан қарағанда діншіл адам барлық критерийлерге сәйкес болуы тиіс. Егер аз да болса идеалға сәйкес келмеген жағдайда ол діншілдігі ыдырап, атеизмге жақындады деп қарастырылды. Және бұл үдеріс заңдылық ретінде танылды. Өз зерттеулерінде идеалды дінге сенушілерді көптеп кездестірмегендіктен кеңес зерттеушілері қоғамдағы діншілдіктің заңды құлдырап бара жатқаны туралы тұжырым жасады [151,с. 165].

Теориялық деңгейде зайырланудың кеңестік үлгісі діншілдік сипатының өзгеруі ретінде тек құлдырауды мойындады. Адам не идеалды дінге сенуші, не болмаса жас атеист деп қарастырылды [149,с. 68]. Зайырланудың болашағына қатысты кеңес зерттеушілері, батыс зерттеушілеріне қарағанда, зайырлану діннің толық құрып бітуімен аяқталуы тиіс дегенді тұжырымдады. Өйткені секуляризация әлеуметтік ілгерілеудің салдары ретінде тарихи қайтарымсыз үрдіс болып саналды [151,с. 208]. Кеңестік тарихнамада дін дағдарысы адамды рухани қаналуынан арылтатын жағымды құбылыс ретінде қарастырылды. 47 Зайырланудың кеңестік үлгісінің жағымды және жағымсыз жақтарын бөліп қарастыруға болады. Батыс зерттеушілері зайырлануды жағымды тұрғыдан талдауға тырысты [153]. Сонымен бірге модернизация, рационалдану немесе социалистік революция сияқты объективті факторлардың жеткіліксіздігі, бұған қоса зайырлануды жүзеге асыруға мүдделі топтардың белсенді қатысуы, яғни субъективті факторға мән беруге тырысты. Эмпирикалық тұрғыдан кеңестік үлгінің дұрыстығын растайтын дәлелдер табылған сайын оның негізі әлсірей берді. Кеңестік марксизмнің саяси тұрғыдан күйреуі оның логикалық бөлігі саналған кеңестік үлгінің дағдарысына алып келді. Батыс зерттеушілері сияқты ресейлік зерттеушілердің алдында жаңа немесе жаңартылған үлгі жасау мәселесі пайда болды. Алайда, батыста бұл жұмыс бірден басталып кетсе [153,P. 10-11], ресейлік зерттеушілер ішінен Ю.Ю. Синелина зерттеулерін атауға болады [154].

XX ғ. басында революциялар кезеңінен бастап зайырланудың еуропалануы кезеңінде халықтың көпшілігі тартыла бастады. Бұл үдеріс марксизм негізіндегі атеизмнің орнығуымен байланысты болды. Бірақ марксизм идеологиясы оның құрамдас бөлігі саналған ғылыми атеизммен бірге жалған ілім болып танылды. Атеизм мемлекеттік идеология ретінде Ресейде ғана орнықты. Осы себепті зайырланудың дамуы әдеттегіден ерекшеленді. Зайырлану I Петр патша кезеңіндегі сияқты күштеп жүзеге асырылды. Атеизм негізінен жұмысшылар мен жаңадан қалыптасқан интеллигенция өкілдеріне таңылды. Батыс Еуропа мен Ресейде діни дүниетанымның өзгеруі үдерісін салыстыратын болсақ, ортақ тұстары мен айырмашылықтарын бөліп қарастыруға болады. Ортақ тұстарына жататындар: а) Ресей жоғарғы қоғамы еуропалану үдерісіне қосылған соң еуропалық философиялық және қоғамдық ойлардың ықпалында дамыды; ә) Еуропада сияқты Ресейде де рационализм, деизм, атеизм сияқты Ағартушылық идеяларының таралуы қоғамның бір бөлігінің мистицизммен әуестенуіне алып келіп, кейін дәстүрлі мәдениет пен дінге қайта оралуына себеп болды. Әдетте еркін ойлаудың көптеген идеялары мистицизм мен діни синкретизм көріністерімен қатар өмір сүреді. Тарихи діннің сыналуы көп жағдайда христиандыққа дейінгі әр түрлі діни наным- сенімдер мен пұтқа табынушылық доктриналардың қайтып оралуымен сипатталады. Ағартушылардың (кейінгі кезеңдерде социалистер, марксистер, социал-демократтардың) іс-әрекетінен қоғамның бір бөлігі шіркеуге оралатын [154,с. 86-87]. Ал, айырмашылықтары төмендегідей: а) Еуропада діни дүниетанымның өзгеруі, ойлау, философия және ғылымның зайырлануы бірте-бірте бірнеше ғасырлар бойы жүзеге асты. Бұл қоғам дамуының экономикалық, әлеуметтік жағдайларының өзгеруімен байланысты болған саналы, органикалық үрдіс болды.

Ал, XYIII ғ. Ресей болса, ағартушылық идеяларды қабылдауға дайын болмады, өйткені оның мәдени, әлеуметтік және экономикалық даму жолы бөлек болды, зайырлану үрдістері енді ғана көрініс тапты. Діни дүниетанымның өзгеруі үшін қажетті алғышарттар қалыптаспады; ә) Француз ағартушылық философиясы католик шіркеуінің үстемдігіне қарсы бағытталды. 48 Әлемдік үстемдікке таласқан католик шіркеуімен салыстырғанда Ресейдегі православие шіркеуі, әдетте, кеңес билігінің ісіне араласпады, олардың ықпал ету салалары бөлінген. Және де мәскеу патриархтарының беделі қаншалықты зор болғанымен, мемлекеттік билікке таласпады. Қандай да бір қарсылық болған жағдайда ол өнегелік қағидалары шегінен аспады. Католицизм таралған елдерде католик шіркеуінің іс-әрекеті, көп жағдайда, мемлекеттік мүддеге қайшы келді. Ал, орыс православитық шіркеуі мемлекеттік дін болғандықтан, оның іс-әрекеті мемлекет мүддесіне қайшы келмей, кей жағдайда, оның беделін қорғады. XYI-XYII ғғ. католик шіркеуі ғылымға қарсы қатал күрес жүргізіп, қоғамның ойлы бөлігінің наразылығын туғызды. Православтық шіркеу ғылыммен емес, негізінен, дінбұзарлықпен күресті. Өйткені XYII ғ. дейін Ресейде ғылым өздігінен дамыған жоқ; б) XYII-XYIII ғғ. Батыс Еуропада секуляризация үдерісі үшінші сословие – буржуазияның эмансипациясымен, саяси өмірге араласуымен байланысты болды. Ресейде бұл үдеріс «жоғарыдан» басталды; в) Ресей мен Еуропада діни дүниетанымның өзгеруінде ортақ тұстардың болғанына қарамастан, ХХ ғ. басында орыс философиясы Ресейде қоғамдық тенденцияны анықтауға ықпал етті. Оның бір ерекшелігі – ол діни дүниетаныммен тығыз байланысты болды. Сонымен бірге батыстық зайырлық философиядан да рухани нәр алды. Батыс мәдениеті тарихы шіркеуге қарсы және мәдени шығармашылық салалардың тәуелсіздігін шектейтіннің барлығына қарсы күреске негізделген. ХХ ғ. басындағы орыс діни философиясы батыстық зайырлануға жауап іспетті болды [154,с. 87]. Қорыта айтқанда, діннің мемлекеттен бөлінуінің кеңестік үлгісін қарастырғанда мына бір мәселені назардан тыс шығармауға болмайды. Зайырланудың еуропалық үлгісі адамның діни санадан арылуын, яғни зайырлы сананың қалыптасуын білдірді. Соған байланысты адам ойының еркіндігі, ерікті таңдау құқығы (яғни дін тұту не тұтпау, т.с.с.) басты мәселе болды. Ал кеңестік билік зайырлану саясатын адам санасынан дінді ығыстыру үшін емес, керісінше санаға тотальдық коммунистік идеологияны таңу үшін жүзеге асырды.

Оставить комментарий

Загрузка...