Мемлекет туралы жалпы ілім

Егемендік ұғымы тарихына жасалған біздің шолуымыз біршама маңызды нәтижелер береді. Ең алдымен ол егемендік ұғымын жұртшылық құқығынан шығарып тастау әрекеттерінің тарихқа қайшы келетіндігін көрсетті. Осы заманғы мемлекеттің орта ғасырлардан бергі бүкіл тарихи даму процесі егемендікті танып­білудің ұдайы жетіліп отыруымен іштей байланысты болды. Бұл дамуды және оның нәтижелерін қандай да болсын конструкцияның мүддесі үшін елемеуге болмайды. Содан кейін, егемендік ұғымының тарихы бізге егемендік туралы ілімнің негізгі қателіктерін: органның егемендігін мемлекет егемендігімен теңестіру және егемендіктің теріс ыңғайдағы ұғымына мемлекеттік өкіметтің оң ыңғайдағы мазмұнын беру секілді қателіктерін ашып берді. Осынау қателіктерді жібермеуге мұқият тырысып, біз сол арқылы мәселені дұрыс шешуге жақындай түсеміз. Ең ақырында, тарих егемендіктің абсолютті категория емес, тарихи категория екендігіне көзімізді жеткізеді ­ бұл егемендік мемлекеттіктің елеулі нышанын құрай ма деген мәселені шешуде төтенше тұжырым. Бұдан былайғы баяндауымызда біз осы нәтижелерге сүйенетін боламыз. а. Егемендіктің пошымдық сипаты Егемендіктің тарихи дамуы, бір мемлекетті өзге өкіметтің бағындыруын немесе шектеуін жоққа шығару деген сөз екендігін көрсетеді. Егеменді мемлекеттік өкімет дегеніміз сондықтан өзінен жоғары ешқандай өкіметті білмейтін өкімет деген сөз; оның өзі сондықтан тәуелсіз де жоғарғы билік болып табылады. Бірінші нышаны (тәуелсіздік) негізінен сырттан егемен мемлекеттің басқа державалармен қарым­қатынасынан, екінші нышан ­ мемлекет құрамына енетін адамдар жөніндегі ішкі қатынастардан көрінеді. Алайда екі нышан да бір­ бірімен тығыз байланысты. Егемендік теориясы, алайда, бұл ұғым табиғатынан оның үшінші нышанын шығарды. Егемендік, сондай­ақ шектелмеген және шектелмеуге тиісті билік дегенді білдіруге тиіс. Бұл абсолютті билік, өйткені ол билікті ешкім ­ соның ішінде оның өзі де ­ кемсіте алмайды. Осы мәселеде көптеген авторларда әлі де басым табиғи­құқықтық теория тұрғысынан алып қарағанда өзін­өзі шектеу егемендіктің табиғатының өзі бойынша оған сәйкес келмейді.

Сондықтан мемлекетке әлдеқандай шек қойылған күннің өзінде де, ондай шектеу тіпті де құқықтық сипаттағы емес, іс жүзіндегі этикалық сипаттағы ғана шектеу. Осынау маңызды мәселені анықтау үшін ең алдымен егемендік дегеніміз құқықтық ұғым екендігін және жаратылыстық құқық әдебиетінде де солай ойластырылғанын есте ұстау керек. Мемлекеттік өкіметтің қандай да бір өзге беделден тәуелсіздігі іс жүзіндегі тәуелсіздік емес, әрқашан құқықтық тәуелсіздік ретінде конструкцияланатын, сондықтан да абсолютистер халықтың немесе князьдің ешқандай заңмен шектелмеген абсолюттік билігін құқықтық билік деп негіздеуге ұмтылды. Мәселен, Гоббста мемлекеттің негізі болып табылатын шарт пәрменімен билеушінің ештеңемен шектелмеген құқықтық үстемдігі бой көрсетеді, Руссо индивидті заң жасайтын volonte generale шексіз үстемдігіне бағындырады. Жаратылыстық құқық мемлекеттің нақты өкімет екендігін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ деп санайды, әңгіме тек сол өкіметтің құқықтық негізін сол өкіметтің заңды екендігін дәлелдеу жөнінде ғана жүріп жатты. Сондықтан егемен өкіметті құқықтан жоғары тұрған өкімет ретінде конструкциялау егемендік теориясының тарихи дамуына кереғар. Енді егемендіктің құқықтық ұғымының заңгерлік құрылымы қайта қаралуға тиіс, өйткені жаратылыстық­құқықтық конструкцияның қанағаттандырмайтындығын мойындау, құқыққа біздің осы заманғы көзқарастарымызға сай келетін жаңа негіздеуді қажетті етеді. Жаратылыстық құқық үшін егемендікті заңгерлік жағынан анықтау қиын болған жоқ, өйткені бұл ілім мемлекеттен бұрынғы құқық идеясына негізделді. Ал құқық болмысының өзін оны жүзеге асыратын ұйымның болуынан туындататын біздің осы заманғы көзқарасымыз тұрғысынан құқықты қамтамасыз ететін осынау ұйым құқықтан жоғары түр ма, әлде оған бағынышты ма деген мәселе мемлекет туралы бүкіл ілімнің аса күрделі проблемаларының бірі болып табылады. Үстірт қарағанда егемен мемлекетке қандай да бір құқықтық шек қою, егер біз әзірше, былай қоя тұратын халықаралық­құқықтық шектеулерді санамасақ, ешқандай миға қонбайтын нәрсе сияқты болып көрінеді. Тіпті қазірдің өзінде де мемлекет, ол үшін заңгерлік жағынан мүмкін нәрсенің бәрін ешқашан жүзеге асырмаған күнде де, заңгерлік жағынан оған мүмкін болмайтын ештеңе жоқ деген пікір көбіне айтылып қалады. Алайда, осынау абстракциялық идея ешқашан оның практикалық салдарларына дейін жүргізілген емес.

Читайте также:  Діншілдік теориясы

Егер, заңгерлік жағынан, мемлекет үшін бәрі мүмкін болса, онда ол сондай­ ақ құқықтық тәртіпті де бұза алады, анархия да орната алады, өзін­өзі мүмкін етпейтін ете алады. Бірақ егер мұндай идеяны серпіп тастау қажет болса, онда соның өзімен­ақ мемлекет заңгерлік жағынан тәртіптің болу факстысының өзімен шектеледі. Мемлекет өзіне қандай болсын құрылысты таңдап ала алады, бірақ оның қандай да бір құқықтық құрылысы болуға тиіс. Анархия заңгерлік жағынан мүмкін нәрсе саласына емес, іс жүзіндегі нәрсе саласына жатады. Бірақ іс жүзіндегі анархия да ахуал ретінде ғана мүмкін. Ең жаңа заманның мемлекеттік төңкерістері мен революциялары ешқашан бүкіл құқықтық тәртіпті жойған емес, олар құқықтың сабақтастығын тек кейбір, (маңызды болғанымен) тармақтар бойынша ғана талқандап отырды. Тіпті ең жоғарғы саяси күштердің билік қатынастарын қайта құру жолындағы ашық күресінің өзі құқықтық тәртіпті тек уақытша шектей немесе оның жеке бөліктерін уақытша тоқтата алғанымен, оны мүлдем алып тастай алмайды. Егер, осылайша, мемлекет үшін құқықтық тәртіптің болуы өзекті нәрсе екен, онда осының өзімен­ақ мемлекеттік биліктің шексіздігі жөніндегі теория жоққа шығарылады. Құқық мемлекетке мемлекет өзін құқықтан босата алатындай шамада тәуелді емес. Іс жүзінде де, заң жүзінде де құқық тәртібіне белгілі бір сипат беру соның билігінде, бірақ оның болу­болмауы жөніндегі мәселені шешу оның билігінде емес. Мемлекеттің өзіндегі құқықпен байланыстылығының әлеуметтік­психологиялық мүмкіндігі мен растылығы жоғарыда дәлелденді. Бұл арада бізге әлі осы байланыстылықтың заңгерлік жағын негіздеу керек. Құқық атаулының мұндай болатыны оның бодандарды ғана емес, мемлекеттік өкіметті де міндеттейтіндігінің арқасында. «Құқық дегеніміз өзінің осынау толық мағынасында, осылайша заңның екіжақты ­ міндеттеуші күші, сондықтан мемлекеттік өкіметтің өзінен шығатын заңға өзінің бағынуы деген соз». Заң шығара отырып, мемлекет заңгерлік жағынан тек индивидтерді ғана емес, өзінің қызметін де оның нормаларымен матайды. Ол заңмен өзінің органдары қызметін атқаратын кісілерге де өздерінің ырқын заң әмірімен сәйкестендіруді міндеттейді. Бірақ органның ырқы мемлекеттің ырқы болғандықтан, мемлекет өзінің органдарын міндеттей отырып, өзін өзі де матайды. Мемлекет біртұтас, сондықтан да басқару ісі мен соттың заңға бағыныштылығы сонымен қатар біртұтас мемлекеттік өкіметте де бейнеленеді.

Бұл байланыстылық этикалық емес, құқықтық сипатта болады. Жұртшылық құқығына берілетін барлық кепілдіктердің мақсаты ең алдымен мемлекеттік өкіметтің өзі белгілеген нормалармен байланыстылығын қамтамасыз ету болып табылады. Міне осындай пошымдық байланыстылық құқық түзу қызмет! саласында да мүмкін нәрсе. Бұл әдеттегі және конституциялық заңдар шығаратын әрқилы органдары бар жерде, әсіресе Америка Құрама Штаттарында айдан анық көрінеді. Онда әдеттегі заңдардың конституциялық заң шығару сала¬сына килікпеу кепілдіктері белгіленіп қана қоймаған, тіпті кейбір штаттарда белгілі бір, азды­көпті уақыт ішінде конституцияға қандай да өзгеріс енгізуге тікелей тиым салынған болатын. Сол жағдайда тіпті уақыт барысында конституциялық заңды өзгерту заңгерлік жағынан мүмкін емес болатын. Қазір де көптеген штаттарда конституцияны өзгерту пошымдары мынамен қиындайды: конституцияға енгізу жобаланған заң күшіне ие болу үшін көп жылдар өтуге тиіс. Сол уақыт ішінде заң шығару үшін ешқандай «Leqibus ab­soluta potestac» қалмайтыны күмәнсіз. Мемлекет халықаралық қатынастар мүшесі болып табылатындықтан тек өзінің ішінде ғана емес, сыртта да өзінің халықаралық құқық нормаларымен матаулы екендігін мойындайды, алайда сол арқылы қандай да бір жоғары билікке бағынбайды. Егер құқық дегеніміз кісілердің бір­біріне өзара қатынасының сыртқы құралдарымен кепілдендірілген, сыртқы беделінен туындайтын нормалардың жиынтығы болса, онда мұндай анықтаманы халықаралық құқыққа да толық қолдануға болады. Халықаралық құқықта да мемлекет заңгерлік жағынан тек өзінің ырқына бағынышты болып қала береді. Тек халықаралық құқық кепілдіктері, мемлекеттік құқық кепілдіктері секілді, оның ырқына түгелімен негізделмеген. Бірақ құқық үшін тек оның күшіне кепілдік берілуі қажет, оған кепілдіктің мемлекет ырқынан туындауының қажеті жоқ. Тек осы жолмен ғана халықаралық құқықты заңгерлік жағынан негіздеуге болады. Күмән жоқ, халықаралық­құқықтық нормалар мазмұнын жеке мемлекет жасамайды және жасауға да дәрменсіз. Бұл мазмұн халықаралық айналым талаптары, халықтар мен мемлекет қайраткерлерінің сенімдері мен ұмтылыстары түрінде мемлекеттен тәуелсіз дамып, орын алады.

Читайте также:  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ИСЛАМ ДАМУ БАНКІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Дегенмен халықаралық құқықтың міндеттілігін мемлекеттерден жоғары тұрған әлдене құқықтық қайнар көзден шығару әрекеттері, бұған қаншама қайта оралғанмен, әрқашан сәтсіз болып келді және сәтсіз бола береді. Пошымдық жағынан құқық тек ырықтық қатынастардан: ырықтық актылардың міндеттілігі басқа ырықтық актыларға тәуелді болуынан дедукциялана алады. Мемлекет дегеніміз мемлекеттердің аралас­құраластығының мүшесі. Егер мемлекеттің ырқы құқық жасай алатын болса, онда өзі біртұтас мемлекеттерден жоғары тұрған ырыққа ие аралас­құралас болуға тиіс болар еді; бірақ мұнымыз civitas maxima жөніндегі ескі түсінікті жаңа пошымда мойындау және егемендікті мойындауға алып келген бүкіл тарихи процесті серпіп тастау болар еді. Егемендік ұғымы әзірленіп жатқан дәуірде міндеттілік атаулы жоғарғы өкіметтен бағынышты билікке берілетін әмір пошымында ғана мүмкін болып көрінетін. Сол кезде үстемдік құрған этикалық түсініктер гетерономдық сипатта болатын. Канттан бергі кезеңдегі этиканың бүкіл орасан зор прогресі ­ жеке ойшылдар этикалық принциптерді қаншалық әрқилы тұжырымдағанымен ­ ең жоғарғы этикалық пошым ретінде автономиялы моральдық танып­білуге саяды. Әмірдің мазмұны қайдан шығып жатса да, біз әлдекім белгілеген норма бойынша емес, өзіміздің мәнісіміз бойынша міндетіміз деп түсінетін қарекет қана абсолютті моральдық қарекет болып табылады. Кант дәуіріне дейінгі саяси жазушылар мен жаратылыстық құқық теоретиктері парасаттың автономдығын да, мемлекеттің оз заңдарымен өзін­өзі міндеттейтіні сияқты мүмкін емес нәрсе деп қабылдар еді. Міндеттілік ұғымы біртұтас. Құқықтық міндет пен этикалық міндет, қатаң түрде бір­ бірінен өзгеше болса да, алайда, оларға ортақ нышанда ­ міндеттілікте ұқсас. Сондықтан міндеттілік жөніндегі этикалық ілімнің эволюциясы, оның заңгерлік теориясына да сөзсіз өзгеріс әкелуі керек. Мемлекеттің өзін­өзі міндеттеуі жөніндегі ұғымда да сондықтан этикалық автономия ұғымындағы қайшылық сияқты қайшылық бар. Осынау өзін­өзі шектеуді үстемдік етіп отырған құқықтық сана талап етеді; осы арқылы сондай­ақ ­ мемлекеттің өзін­өзі шектеуінің құқықтық табиғаты да дәлелденеді.

Тек осы баяндалған принциптер негізінде ғана егемендік ұғымын оның шексіздігі жөніндегі жалған идеядан арылтуға, сөйтіп оны біздің осы заманғы құқықтық сенімімізге сай келетін құқықтық ұғымға айналдыруға болады. Мұның үстіне тек осындай өзгеріс қана егемендікке оң ыңғайдағы мазмұн бере алады, оны оған тар болып қалған теріс ыңғайдағы ұғымдар шеңберінен шығара алады. Егемендік дегеніміз шектің болмауы емес, сыртқы күштермен заң арқылы маталмаған мемлекеттік өкіметтің тек өзін­өзі билеуге, сондықтан құқықтық тәртіп орнату арқылы өзіне­өзі шек қоюға қабілеттілігі, сол құқықтық тәртіп негізінде мемлекеттің қызметі құқықтық баға беруге лайық сипатқа ие болады. Осылайша егемендік дегеніміз, — егер мұны қысқаша тұжырымдар болсақ, ­мемлекеттік өкіметтің құқықтық негізде өзін­өзі билеу және өзін­өзі міндеттеу жөнінде ерекше қабілетке ие болуына пәрмен беретін қасиеті. Осылайша, егемендік осы заманғы мемлекет үшін екі тұрғыдан өзекті. Теріс ыңғайдағы жағынан, ­ бастапқыда оның тек осы жағы ғана анықталған еді, ­ егемендік дегеніміз өзінің ырқына кереғар, қандай болсын басқа бір күштің, мемлекеттік, немесе мемлекеттік емес сипаттағы күштің оны заңгерлік жағынан шектей алуының мүмкін еместігі деген сөз. Рас, егемен мемлекеттік өкіметті іс жүзінде шектеу мүмкін нәрсе, бірақ олар құқықтық шектеу дәрежесіне сол биліктің төл ырқының пәрменімен ғана көтеріле алады. Ал оң ыңғайдағы жағынан алсақ, егемендік мемлекеттік өкіметтің өзінің билік жүргізуші ырқына жан­жақты міндетті мазмұн беру, барлық бағыттарда оның төл құқықтық тәртібін анықтау жөніндегі ерекше қабілетінде. Егемен билік мына мағынада, ешқандай басқа күш оның төл құқықтық тәртібін өзгертуіне заңгерлік жағынан кедергі жасай алмайды деген мағынада ғана шексіз. Егемендік, осылайша мемлекеттің аса құдіреттілігімен тепе­тең емес. Рас, ол абсолютті құқықтық шектеулермен де сыйыспайды. Мемлекет өзіне өзі қойған қандай шектен бол¬сын бас тарта алады, бірақ мұны тек құқық пошымында және жаңа шектер жасап қана істей алады. Жекелеген әлдене шектеулер емес, шектеу фактысының өзі тұрақты бірдеңе. Абсолютті шектелген мемлекеттің болмайтыны сияқты, заңгерлік жағынан абсолютті шектеусіз егемен мемлекет те болмайды. Егемендіктің бұл нышаны, алайда таза нышан.

Читайте также:  КӘСІБИ МАМАН ДАЯРЛАУДАҒЫ КӨРКЕМ МӘДЕНИЕТТІҢ МАҢЫЗЫ

Ол мемлекет өзіне­өзі қоятын шектер мазмұнын да, осы шектерді белгілеу процесінің өзін де анықтамайды. Бұл процесс жөнінде жалғыз заңгерлік пошымдық түсініктер ешқандай нұсқау бермейді. Өзінің практикалық мәні жағынан бұл нышан қосымша заңгерлік түсінік болып табылады, соның арқасында бізге мемлекеттің құқықтық пошымда бой көрсеткен ырқы атаулы құқық күшіне ие болады деген заңгерлік факт түсінікті болады. Бірақ мұнымен мемлекеттік өкіметтің принципінде шектелмеген және шектеулі бола алмайтын құзыры тіпті де орнатылмайды. Құқық дегеніміз әрқашан тек мемлекеттің белсенді құзыры. Мемлекет оз құзыретін ықтимал кеңейту жолымен ала алатын нәрсе оның құқықтық өрісіне жатпайды. Олай болмаса, біз мемлекет құрамына кіретін барлық құқық субъектілерін толық санаған шығарып тастауға келер едік, өйткені мемлекеттік өкіметті кеңейту атаулы тек индивидуалдық бостандық есебінен ғана болатын нәрсе. Егер де егемендік құзыретті барлық ықтимал кеңейту мемлекеттің белсенді өрісіне жатады дегенді білдіретін болса, онда біздің барлығымыз мемлекеттің құлына айналар едік, сөйтіп бізге мемлекет қиналмай­ақ ішінара ғана құқықтық қабілеттілік қалдырар еді. Шындап келгенде абсолютнстердің көзқарасы сондай болды; сондықтан да олар меншік жөнінде индивидке меншік мемлекет беретіндіктен және оған беретін кезге дейін ғана тиесілі дегенді кесіп айтатын, және бұл теорияны Руссо князьдардың абсолютті билігінен халықтың шектеусіз ырқына көшіре салды. Бірақ жоғарғы құқыққа не болудың әлдене абстрактты қарапайым мүмкіндігі мемлекет құрамына кіретін құқық субъектілеріне, олар индивидтер немесе одақтар болсын бәрібір, еш¬қандай нәтиже бермейді. Олардың өздерінің тол құқықтары бар, олар сол құқықтарға егемен мемлекеттің садақасы ретінде емес, ол беріле салғандықтан емес, олар құқықтары бар адамдар деп танылғандықтан ие, оларды осынау қабілеттен айыру мемлекеттің нақты билігі өрісінен тыс жатыр. Егер мемлекет өзінің белсенді құзырына қандай да бір жаңа саланы қосып алса, бұл үшін әрқашан жаңа құқықты негіздейтін акты қажет. Мемлекет өзінің егемендігінің пәрменімен сондықтан «билеп­төстеу құқығының» мүмкін болатын бәріне емес, тек аталмыш дәуірде оз құзырына іс жүзінде жатқызған құқықтарға ғана ие бола алады.

Егемендікті мемлекеттің өз құзырын анықтаудағы шектеусіз құқықтық билігімен теңестіретін анықтамада да тек мемлекеттің оз құзырын кеңейтетін актыларының заңдылығын негіздеуге қызмет ететін қосалқы түсінік бар. Егемендікті мемлекеттің өз құзырын анықтау өрісіндегі шектеусіз құқықтық билігімен ешқандай бұрмасыз теңестіру де бұрыс секілді көрінеді. Қандай жағдайда болсын құзырды кеңейту шегі индивидуал кісіні мойындау болып табылады. Халықаралық құқықты мойындай отырып және осы мойындау негізінде белгілі бір өзін матайтын қарекеттер жасай отырып, мемлекет, өзінің құқықтық билігінің пәрменімен өзін өзі шектейді, және де ол содан кейін сол міндеттерден өзін заңгерлік тұрғыдан өз қалауынша босата алмайды. Мемлекеттің оз ішінде де қолданыстағы құқықтық ережелер тіпті конституцияның өзін өзгерту жолымен де өзгертіле алмайтын жағдайлар болуы мүмкін. 1884 жылғы 14 тамыздағы Француз заңы конституцияны қайта қарау жөніндегі ұсыныстарда республикалық басқару пошымын өзгерту туралы мәселе қоюдың өзіне тиым салады. Бұл қағида заң жолымен емес, күшпен ғана жойыла алады. Ілгерілей түссек мынадай жағдайлар да орын алады: құқықты өзгертудің саяси жағынан мүмкін еместігі күмәнсіз екендігі соншалық, ол жоғарыда айтылған жағдайлар қатарына тікелей жатқызыла алады, өйткені іс жүзінде мүмкін емес нәрсе заңгерлік жағынан мүмкін нәрсе ретінде ешқашан конструкцияланбауға тиіс. Бұған мен, мысалы, Америка Құрама Штаттарының конституциясында bill of attainder’re тыйым салынғанын жатқызар едім. Нақ осындай саяси жағынан мүмкін емес жағдайларда «құзыретке құқықтық билік» тек қосалқы түсінік екені айдан анық аңғарылады.

Оставить комментарий