Мемлекетте халық санының өсуі және оның салдары туралы

Айталық, басында елсіз аралға мен бірнеше отбасын әкеліп қоныстандырдым; олар бірте­бірте көбейе берді де, аралда адамдар жер өңдеуге жеткілікті болып шықты; диқандардың қажеттерін қамтамасыз ететін қолөнершілер де қанша қажет болса, соншалық. Сол отбасылардың жиынтығы көп ұзамай көп санды халықты құрайды. Айталық, бұл халық көбейе береді; енді жер өңдеу, соған байланысты кәсіпшілік талап ететін мөлшерден адам көп туады. Енді басы артық халықты не істеу керек? Адам саны неғұрлым көбейген сайын, мемлекетке түсетін ауыртпалық та соғұрлым ұлғая түседі. Міне бұл басы артық халықты жұтып жіберетін соғысты сөзсіз туғызады, немесе Қытайдағы сияқты, балаларын біреулердің есігінің алдына тастап кетуге рұқсат ететін заңды дүниеге әкеледі.

Қандай да бір қоғамда меншігі мен жұмысы жоқ адам мынадай үш жолдың бірін таңдай алады: не отанын тастап, басқа жақтан бақыт іздеп кетеді; не аштан өлмеу үшін ұрлық жасай бастайды; не ақыр соңында әлдеқандай жаңа бұйым немесе әшекей зат ойлап табады да, оған айырбас ретінде отандастары оның қажетіне жетерлік азық­ түлікпен қамтамасыз етеді. Мен өз еркімен қаңғып кеткен адам немесе ұры туралы айтып жатпаймын: олар қоғамнан тыс. Менің бірден­бір міндетім жаңа зат немесе сән­ салтанат бұйымын ойлап шығарған өнертапқышпен не болатынын қарастыру. Айталық, сол адам мата бояу құпиясын ашты. Егер осы жаңалық аздаған адамдарға ұнаса, олар өздерінің азық­түлігін әлгінің матасына айырбастай бастайды. Енді, айталық, сол маталар баршаға ұнап, ол коп тапсырыс алса ше? Сол тілектерді қанағаттандыру үшін ол не істейді? Ол өз төңірегіне мен басы артық деп атайтын азды­көпті адамдарды жинайды; мануфактура салады, оны қолайлы да тартымды жерге, әдетте қандай да бір өзеннің жағасына орналастырады, ел ішімен талай жерге дейін жететін оның салалары әлгінің тауарларын жеткізуді оңайлатады. Енді, айталық, тұрғындар саны мың одан әрі өсе түсуі қандай да бір жаңа тауардың, қандай да бір жаңа сән­салтанат бұйымының ойлап табылуына жол ашады да, жаңа мануфактура салынады. Кәсіпкер өз саудасының мүддесі үшін оны сол өзеннің жағасына, демек алғашқы мануфактураға жақын жерге салады. Мұндай бірнеше мануфактура содан кейін айтарлықтай қаланы құрайды. Көп ұзамай бұл қалада ең бай адамдар тұратын болады, өйткені сауда көпестер әлі аз және бәсекелестер аз кезде әрқашан мол пайда береді.

Читайте также:  ЕУРАЗИЯЛЫҚТЫҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ГЕОСАЯСИ НЕГІЗДЕРІ

Сол қаланың байлығы оны көңіл көтеретін орынға айналдырады. Соларды пайдаланып, ләззат алу үшін бай меншік иелері деревняларын тастап, қалаға келе бастайды, сонда айлап тұрады, онда сарайларын салады. Сөйтіп қала күн санап өсе береді; оған адамдар тұс­тұстан ағылады, өйткені кедейлер үшін онда көмек көбірек болады, жаман мінездер үшін – жазалаусыздық көбірек, нәпсіқұмарлар үшін ­ онда тойдың құралы көбірек болады. Түптеп келгенде, бұл қаланы астана деп атайтын болады. Әлгі аралда адамдар санының тым көбейіп кетуінің алғашқы салдары міне осындай болады.

Нақ сол себептен туындайтын мұның екінші салдары тұрғындардың басым көпшілігінің қайыршылығы болады. Егер олардың саны өсе беретін болса, егер жұмыстан гөрі жұмысшылар көп болса, онда олардың бәсекесі жалақыны азайтады. Өз еңбегін арзанырақ сататын, жұмысшыға артықшылық беріледі. Сонда мұқтаждық ұлғаяды; кедейлер өз еңбегін сатады, байлар сатып алады; меншік иелерінің саны азаяды; заңдар күннен күнге қатая түседі. Меншік иелерінен құралатын халықты жұмсақ заңдар көмегімен басқаруға болады. Қылмысқа жол бермеу үшін мұнда дүние­мүлікті ішінара немесе толық тәркілеу жеткілікті. Германдықтарда, галлдарда және скандинавтарда әртүрлі құқық бұзушыларға азды­көпті айыппұл төлету бірден­бір жаза болды.

Халықтың көпшілігі меншік иелері болмаса, жағдай басқаша. Оларды тек қатаң заңдар көмегімен басқаруға болады. Егер адам кедей болса, егер оны оның мүлкіне айып салу арқылы жазалауға болмаса, оны кісі ретінде жазалау ғана қалады – төнді жазалау содан шыққан. Әуелі кедейлерге қолданылған бұл жаза келе­келе меншік иелеріне де қолданыла бастады. Содан былай барлық азаматтар қатаң заңдарға бағына бастады. Бәрі де оларды орнатуға итермелейді. Енді мемлекеттегі әрбір азаматтың әлдеқандай меншігі бар деп есептелік. Оны сақтап қалу тілегі, сөз жоқ, ұлттың ортақ тілегі. Бұл мемлекетте ұрлық­қарлық сирек. Бұған керісінше, енді көпшілік меншіктен айрылған делік. Онда ұрлық­қарлық осы ұлттың ортақ тілегіне айналады. Қарақшылар саны көбейеді. Ұрлық рухы кеңінен тараған кезде, ол көбіне зорлық қарекеттерін жиілетеді.

Читайте также:  ҚАЗІРГІ ЖАПОНИЯДАҒЫ НЕОЛИБЕРАЛДЫ ӘКІМШІЛІК-САЯСИ РЕФОРМАЛАР

Сот ісінің баяу жүргізілуінің және меншігі жоқ адамның бір жерден екінші жерге оп­ оңай жылыстап кете алуының арқасында кінәлілер әрқашанда дерлік жазадан оп­оңай құтылып, қылмыс көбейе береді делік. Сонда олардың алдын алу үшін азаматты алғашқы күдік бойынша қамаққа алу мүмкіндігі болуы керек. Бірақ қамақтың өзі жүгенсіздік талап ететін жаза. Көп ұзамай меншік иесіне де таралып, ол бостандықты құлдықпен алмастырады. Мемлекеттің бүл сырқатына қарсы қандай құрал бар? Оны жұмсақ заңдарға оралтуға бола ма? Маған белгілі бірден­бір амал – меншік иелерінің санын көбейту және, демек, жерді қайта болу. Бірақ мұндай қайта болу әрқашан қиын. Ұлттық байлықтың тең бөлінбеуі және меншіктен айырылған азаматтардың тым көбейіп кетуі бір мезгілде мемлекетте мерездерді ұлғайтып, оны қатал заңдарға жетелеу осылай жүреді. Ақыр соңында бұлар деспотизм ұрығының дамуына жәрдемдеседі, мұны жаңағы себептердің тағы бір нәтижесі деп санауға тура келеді.

Қандай да бір саны көп халық гректер мен швейцарлықтар сияқты белгілі бір федерациялық республикалар санына бөлінбеген ағылшындар тәрізді бір текті, бір ғана ұлттан тұрады делік. Онда тым көп және ортақ істі бірлесіп талқылауға бір­бірінен қашық тұратын азаматтар әрбір жер, қаладан, провинциядан және т.б. өздерінің өкілдерін тағайындауға мәжбүр болады. Міне сол өкілдер астанада бас қосады да, осында өздерін жіберген адамдардың мүдделерінен өз мүдделерін бөле бастайды. […]

Оставить комментарий